• Мақала
  • 18 Наурыз, 2025

АЗАМАТТЫҚ ҚОҒАМ МЕН МЕМЛЕКЕТ МҮДДЕСІ ОРТАҚ

Қазақстан Президенті өз Жолдауында айтқан «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын іске асырудың бір бағыты – мемлекеттік органдар мен қоғам арасындағы өзара қарым-қатынас тетіктерін қалыптастыру және шешім қабылдау үдерісіне халықтың еш кедергісіз қатысу мүмкіндігін қамтамасыз ету екендігі белгілі. Алматыда Еуропалық Одақ пен Біріккен Ұлттар Ұйымының Жобалық қызметтер жөніндегі бюросының (UNOPS) демеушілігімен өткен V «Еуропалық Одақ – Орталық Азия азаматтық қоғам форумында» талқыланған тақырыптар демократиялық үдерістердің даму келешегін қамтыды. 
Орталық Азияның бес елінен, Еуропалық Одақтың түрлі институттарынан, БҰҰ агенттіктерінен және азаматтық қоғам ұйымдарынан (ХҚО) келген 150 өкіл, сондай-ақ ғалымдар мен сарапшылар ЕО-ның Орталық Азияға арналған стратегиясын және аймақтағы Global Gateway бастамасын іске асыруды қолдау мақсатында бас қосты. Форум азаматтық қоғам мен үкіметтер және халықаралық ұйымдар бірлесіп, осы бағытта елеулі нәтижеге жете алатынын көрсетті. 
БҰҰ-ның Жобалық қызметтер жөніндегі бюросы (UNOPS) – БҰҰ-ның Тұрақты даму мақсаттарына қол жеткізуді қолдайтын ұйым. UNOPS бүкіл әлемде бейбітшілік пен қауіпсіздік, гуманитарлық көмек пен даму жөніндегі жобаларды басқару, инфрақұрылымды қамтамасыз ету бойынша қызметтер көрсетеді. 
Биылғы V «ЕО – Орталық Азия» азаматтық қоғам форумында: цифрлы трансформация, климат өзгерісімен күрес, жастардың мемлекет өміріне қатысуы және әйелдердің құқықтары мен мүмкіндіктерін кеңейту тақырыптары талқыланды. Қазіргі заманғы сын-қатерлерге төтеп беруде Қазақстан мен Орталық Азия елдерінің азаматтық қоғам өкілдері белсенді іс-әрекет арқылы күш біріктіре алады. Кезекті форумға Орталық Азия аймағындағы көпжақты байланыстардың бастамашысы ретінде Қазақстан ортақ алаң ұсынды. Еліміз өңірлік ынтымақтастықты дамытуға және инклюзивтілікті қамтамасыз етуге ұмтылысымен де танымал. 
Еуропалық Одақтың Қазақстандағы Елшісі Алешка Симкич өз сөзінде демократиялық институттардың азаматтық қоғамды дамытудағы маңызды рөлін атап өтті. ЕО елшісі Қазақстанда оң реформаларды жүзеге асыруда зор ілгерілеушілік бар екенін атап өтті. Бейүкіметтік ұйымдар барлық салада басқару үдерісіне кеңінен тартылған. 
Алешка Симкич ЕО-ның аймақтық тұрақтылықты, әлеуметтік инклюзия­ны және тұрақты дамуды нығайтуға бағытталған ынтымақтастық бағ­дарламаларына сәйкес, Орталық Азияда күшті, белсенді және тұрақты азаматтық қоғамды ілгерілету жөніндегі ұзақ мерзімді міндеттемені еске салды. Елші ханым цифрлы трансформация және климаттың өзгеруі, жастар мен әйелдердің құқықтарын кеңейту саласындағы проблемаларды шешудің маңызын атап өтті. «Қазақстан мен осы өңірдегі бес мемлекет үкіметтер арасындағы ынтымақ, халықаралық тараптармен байланыс тұрақты және инклюзивті дамуға қол жеткізетін тетік екеніне баса мән береді» деді Алешка Симкич. 
ҚР Сыртқы істер министрінің орынбасары Роман Василенко Қазақстан Үкіметі азаматтық қоғам институттарын дамытуға мүдделі екенін айтты. Билік пен қоғам арасындағы тұрақты диалог Президент Қ.Тоқаев ұсынған «Естуші мемлекет» тұжырымдамасының негізгі қағидасы деді ол. 
Мәдениет және ақпарат вице-министрі Айзада Құрманова өз сөзінде еліміздің дамуындағы азаматтық қоғамның рөліне тоқталды. Мемлекеттік органдар тиімді жұмыс істеуі үшін бейүкіметтік ұйымдар белсенді болуға тиіс деді вице-министр. А.Құрманова азаматтарды мемлекетті басқару ісіне кеңінен тартуға бағытталған жаңа әдіс-тәсілдерді атай келе, елімізде Ұлттық құрылтайдың құрылғанын, петиция институты енгізілгенін, қоғамдық бірлестіктер құру еркін екендігін тілге тиек етті. «Ұлттық құрылтай халықтың мемлекетке деген сенімін арттырды. Құрылтай отырыстарында көтерілген мәселелер мен ұсыныстар біртіндеп шешімін тауып келеді. Қоғамда болып жатқан оқиғаларға бей-жай қарай алмайтын еріктілер қозғалысы қарқын алды. Бұл елдегі бірлікті, ынтымақты нығайтады» деді А.Құрманова. Бүгінде екі жарым мыңнан аса ҮЕҰ мемлекет қолдауына ие болып, жұмыс істеп жатыр. Жыл сайын әлеуметтік мәселелерді шешуге бағытталған үш мыуға жуық жоба іске асырылады. ҮЕҰ-мен жұмыс өңірлерде де тұрақты сипат алған. 
Жиында UNOPS-тың австриялық кеңсесінің директоры Гюрель Гюркан қатысушыларды ұйым жұмысымен таныс­тырды. Директор мырзаның айтуынша, Жобалық қызметтер жөніндегі бюро – БҰҰ-ның төтенше агенттігі, халықаралық ауқымдағы инфрақұрылымдық жобаларды бастан-аяқ орындаушы болып саналады. Сондай-ақ, UNOPS – БҰҰ жүйесінде қызметтерді жеткізуші. Бюро азаматтық қоғам қолдайтын жобаларды іске асыруға қажетті құралдарды ұсынуға бағдарланған. Көмек қомақты: ЕО осы мақсаттарға 4,5 миллион еуро бөлуді қарастырады. Мына бағыттар басымдыққа ие: ірі инфрақұрылымдық жобалар және экологиялық тәуекелдер. 
UNOPS-тың австриялық кеңсесінің директоры Гюрель Гюрканның айтуынша, жобалар негізінен нақты азаматтық қоғам өкілдеріне арналған, дегенмен, ғылыми-зерттеу ұйымдары да қатыса алады. «Бізде инфрақұрылым бойынша академиялық ортамен де ынтымақтастық болды. Мысалы, Окс­форд университетінде атмосферадағы зиянды шығарындыларғаа қатысты инфрақұрылым жөнінде зерттеулер жасалды. Бұл Қазақстанда да іске асырылуы мүмкін» деді Гюркан мырза. 
Қазіргі таңда Каспий теңізінің экологиялық ахуалы алаңдатарлық деңгейде екені белгілі, теңіздегі жан-жануарлар мұнай өндірісінен зардап шегіп жатыр. Осы жөніндегі сұрағымызға Г.Гюркан: «Жобалар арасында Каспий теңізі де қарастырылған, ол жұмыс Қазақстан, Әзербайжан мен Түркменстанды қамтиды. Жоба қазір даярлық сатысында, жыл аяғына дейін іске қосылады. Оны Жаһандық экология қоры қаржыландырады. Каспий экологиясы қоршаған орта үшін де, адамдар денсаулығы үшін де маңызды» деп жауап берді. 
«ЕО – Орталық Азия азаматтық қоғам форумы» аясында қатысушылар жұмыс топтарына бөлініп, пленарлық отырыстар мен пікірталастар өткізді, ұсыныстар берді. Белгілі болғандай, азаматтық қоғамды дамыту жөніндегі ЕО қоры өңірдегі үкіметтік емес ұйымдарға техникалық және қаржылық қолдау көрсетеді. Бұл аймақтық проблемаларды тиімді шешудің жолы дейді ЕО өкілі. Форумға қатысушылар ұзақ мерзімдік әріптестік орнату әлеуметтік, экономика және экология салаларында тиімді нәтижелерге жеткізетініне сенімді. 

Дина Тазабекқызы, 
«Aqiqat»

842 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

AQIQAT №1

30 Қаңтар, 2025

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Дәуіржан ТӨЛЕБАЕВ

«Ақиқат» ұлттық қоғамдық-саяси журналының Бас редакторы