• Ел мұраты
  • 31 Наурыз, 2025

АТЫРАУДА ҒЫЛЫМДЫ ҚОЛДАУ ҚОРЫ ҚҰРЫЛДЫ

Ғылыми зерттеулердің заманауи жүйесі ғылымды экономикалық ресурсқа айналдыруды және оның әлеуетін арттыруды көздейді. Бұл ретте экономика мен ғылымның арасындағы байланысты нығайту және инновацияларды ілгерілету үшін өңірлерде де ғылымды дамыту қажет. Мемлекет басшысы Қ.Тоқаев әр облыстың әкімдігі жанынан ғылыми және технология кеңесін құруды тапсырғаны белгілі. ҚР Президенті жанындағы Ұлттық ғылым академиясы төралқасының Атырау қаласында өткен «Қуатты өңірлік ғылым – қуатты өңір» атты көшпелі отырысында өңірлерде ғылымды дамытудың өзекті мәселелері және оның ел дамуындағы рөлі талқыланды және нақты шешімдер қабылданды. 

Көшпелі отырысқа ҚР Президенті жанындағы Ұлттық ғылым академиясының президенті Ақылбек Күрішбаев, ҰҒА-ның төралқа мүшелері, академиктері мен қызметкерлері, Атырау облысының әкімі Серік Шәпкенов, өңірлік жоғары оқу орындарының, ғылыми ұйымдардың, өндірістік және сервистік компаниялардың өкілдері қатысты. Жиында мұнай-газ өнеркәсібі үшін нақты технологиялық мәселелерді шеше отырып, ғылымды қалай тиімдірек етуге болатыны баса айтылды. Сондай-ақ озық технологиялар мен әзірлемелерді енгізу, табиғи ресурстарды тиімді пайдалану және қоршаған ортаны қорғау мәселелері қозғалды. 

Академия президенті Ақылбек Күрішбаев өңірлік ғылымды дамыту экономика дамуының, инновацияларды енгізудің кепілі екенін, бірақ елімізде бұған тиісінше назар аударылмай отырғанын тілге тиек етті. Президенттің тапсырмасы бойынша жергілікті атқарушы органдар ғылым және техника жөніндегі өңірлік кеңестерді құруға тиіс, бірақ әзірге жергілікті жерлерде бұл тапсырманың орындалуы көңіл көншіте қоймайды. Тек Шығыс Қазақстан облысы, Павлодар облысы мен Шымкентте ғана ғылыми көрсеткіштер өңірдің даму жоспарына енгізілген. 

«Бұл кеңестерді құрудың маңызы зор. Бұл әлемдік тәжірибе. Егер де кеңестер құрылып, дұрыстап жұмыс істейтін болса, ол өңірлік ғылымның үлкен қозғаушы күші болады. Әкімдер соған назар аударуы керек», – деді Академия президенті Ақылбек Күрішбаев.
Көптеген жылдар бойы ғылым саласында орын алған олқылықтар өңірлерге де тән. Облыстардың көпшілігінде ғылымға жауапты басқармалар, инвестиция тарту шаралары, жергілікті бюджеттен ғылымды қаржыландыру бағдарламалары жоқ. Ғылымға бөлінетін шығын жалпы шығындардың 1 пайызынан аспайды.

– Атырау облысы өзінің бай ресурсы мен әлеуетінің арқасында ғылымды қолдауға көшудің нағыз үлгісі бола алады. Ұлттық академия облыстық ғылыми кеңеске әдістемелік және практикалық көмек көрсетуге дайын. Облыста агроөнеркәсіп, мұнай-газ, тау-кен-металлургия, су ресурстары, өмір сапасы және адами капитал басым бағыттар болып есептеледі, сондықтан да Атырау облысының ғылыми жобалары ерекше қолдау табады, – деді Академия президенті. 

Облыс әкімі Серік Шәпкенов ғылыми-техникалық кеңестің маңызына тоқтала келе ҒЗИ-ларды, зерттеу орталықтарын тарта отырып, өңірдің дамуы үшін қажетті ғылыми ұсыныстар әзірлеу, бұған дейін басталған жобаларды сараптамадан өткізу керектігін айтты. «Кеңес Ұлттық ғылым академиясымен тікелей және жүйелі жұмыс істейді. Біз үшін ақпараттық технологиялар мен жасанды интеллект, экологиялық зерттеулер және қоршаған ортаны тұрақты мониторинг жасау саласындағы қолданбалы шешімдер өте маңызды. Соның ішінде суды тиімді пайдалану, өнеркәсіп қалдықтарын терең тазалау және қайта өңдеу, полимерлер негізінде жаңа материалдар мен композиттерді зерттеу, пластик қалдықтарын қайта өңдеу әдістері, мұнаймен ластанған грунтты жол құрылысына және құрылыс материалдарына пайдалану жөніндегі зерттеулер қажет. Бұның бәрін Академия әзірлейтін мемлекеттік жаңа ғылыми бағыттар негізінде қолдау және көтермелеу қажет», – деді С. Шапкенов. Сондай-ақ өңір басшысы облыстық ғылыми қорды тиімді пайдалану, сұранысқа ие мамандарды даярлау, олардың жобаларын жан-жақты қолдау өте маңызды екенін атап өтті.

Жаңадан құрылатын Өңірлік кеңес зерттеу және инновациялық қызметті үйлестіру орталығы ретінде ғылыми шешімдерді талап ететін аймақтық проблемаларды кеңінен талқылайтын ашық алаңға айналады. Ғылыми зерттеулердің тақырыптары өндіріс пен бизнес-қоғамдастықтың ұсынысына сәйкес анықталады. 
Атырау мұнай және газ университетінің ректоры Гүлзада Шакуликова университеттің ғылымды дамытудағы қызметі және мұнай-газ саласымен қарым-қатынасы табысты дамып отырғанына тоқталды. Сонымен қатар университеттің, әсіресе, мұнай-газ химиясы саласы кадрларын даярлау жөніндегі ерекшелігі жөнінде айтып өтті. 

Қазақстан мұнай-газ кеңесінің төрағасы Асылбек Жакиев негізгі проблемалардың бірі ретінде ғылыми әзірлемелерді коммерцияландыру деңгейінің төмендігі және ғылым мен бизнестің өзара әрекеттестігі әлсіз екеніне назар аударды. Ғылыми жобалар аясында ғылымиқамтымды 140 сала іске қосылғанымен, оның 90 пайызы алға қойған мақсатына жете алмаған. Бизнес пен ғылымның ынтымақтастығы көп жағдайда мектептер мен университеттер үшін қажетті құрал-жабдықтар немесе инвентарь сатып алуға қолдау көрсетумен шектеледі, мұны ғылымды коммерцияландыру деп атауға болмайды, деді А.Жакиев. 
Сондай-ақ ғылыми-зерттеу және тәжірибелік-конструкторлық жұмыстардың (ҒЗТКЖ) қаражатын тиімсіз пайдалану мәселесі бар. Жер қойнауын пайдаланушылар жылдық жиынтық табысының 1 пайызын ғылымға салуға міндетті. Алайда, бұл процестің ашық болмауы себепті көбінесе бизнестің нақты қажеттіліктері ескерілмейді. 

Ірі мұнай-газ жобалары аяқталған соң мұнай-химия өнеркәсібіндегі жаңа жобалар өзекті болмақ. Бұл зәкірлік жобаларға инвестицияның жалпы көлемі 10 миллиард доллардан асады. Осыған байланысты Ә.Жакиев мұнай-газ химиясының өңірлік ғылыми-өндірістік кластерін құруды ұсынды, ол бизнес пен ғылымның әлеуетін біріктіруге мүмкіндік беретін және инвестицияны мақсатты пайдаланудың тиімді алаңына айналуға тиіс. ҚР Президенті жанындағы Ұлттық ғылым академиясы төралқасының Атырау мұнай және газ университетінде өткен көшпелі отырысы жұмысының нәтижесінде республикамызда тұңғыш рет Атырау облысы әкімдігі жанындағы Ғылымды қолдау қорының құрылғаны жөнінде шешім қабылданды. 

Іс-шара өңірлік ғылымның басым бағыттарын анықтайтын форсайт-сессия жұмысымен жалғасты. Қатысушылар ғылыми қауымдастық пен бизнестің ынтымақтастығын егжей-тегжейлі талқылады. Көшпелі отырыс осылайша өңірлердегі ғылым мен технологиялық дамуды нығайту, ғылыми зерттеулер мен өндіріс арасында тиімді байланыс орнату, өңірлік ғылымның әлеуетін арттыру жолдарын қарастырудың маңызды алаңына айналды. 

Дина Тазабекқызы

881 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

AQIQAT №1

30 Қаңтар, 2025

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Дәуіржан ТӨЛЕБАЕВ

«Ақиқат» ұлттық қоғамдық-саяси журналының Бас редакторы