• Заманхат
  • 31 Наурыз, 2025

ЖАСАНДЫ ИНТЕЛЛЕКТ – ҚАЗАҚ ТІЛІНДЕ

Жасанды интеллект адамзат өмірінің бір бөлігіне айналды: ол барлық салада қолданылады, ақпаратты талдайды, өндірісті автоматтандырады, болжам жасайды. Медицинада, құрылыста, зауыт-фабрикада роботтар жұмыс істейді. Адамдардың ендігі тұрмыс-тіршілігі осы машина әлемімен тығыз байланысты болмақ. Ендеше жасанды интеллект деген не, ол қалай жұмыс істейді, қалай қолдануға болады деген сауалдар мамандарды ғана емес, қарапайым көпшілікті де қызықтырады. Журналист әрі ІТ маман Мейіржан Әуелханұлының «Жасанды интеллект әліппесі» атты жаңа кітабы осы сұрақтарға жауап береді. 

Жасанды интеллект өнімдері кеңінен таралуда, айналамызда ЖИ технологияларына негізделген қосымшалар көп және оны барлығы пай­даланады. Түрлі виртуал кө­мек­шілер де бар. Әйтсе де оны қолданудың қыр-сырын жұрттың бәрі біле бермейді. Сондықтан да жаңа технологияның не екенін, оның қалай жұмыс істейтінін білу, одан хабардар болу әркімге қажет әрі маңызды. Мейіржан Әуелханұлының «Жасанды интеллект әліппесі» атты кітабының таныстырылымына жиналған жұрттың қарасы қалың болуы да осыдан. Автордың айтуынша, кітапта XXI ғасырдың технологиялық революциясы аясында жасанды интеллектінің дамуы, оның қоғам мен экономика салаларына тигізетін әсері және болашағы жан-жақты талданады. Танымдық әрі қолданбалы сипатта жазылған кітаптың көмегімен оқырман ЖИ негіздерін үйренеді. Басылымда ChatGPT сияқты ЖИ құралдарын күнделікті өмірде, білім беруде, бизнесте және шығармашылықта қалай тиімді қолдануға болатыны туралы нақты мысалдар мен нұсқаулықтар берілген. «Жасанды интеллект әліппесі (Қазақша 1000 + промпт)» атты кітап 1000 дана таралыммен, «Балауса» баспасынан шыққан. Сұранысқа орай таралымы 25-30 мың данаға дейін артуы мүмкін. 
«Бұл еңбекті шығарудағы басты мақсатымыз – қазақ тілді оқырманға жасанды интеллект ұғымын ғылым тілінде, ІТ саласының тілінде емес, қарапайым тілде түсіндіру, – деді кітап таныстырылымында Мейіржан Әуелханұлы.

– Бастапқы 100 бетте жасанды интеллект ұғымы, ЖИ этикасы сияқты түрлі мәселелер қамтылған. Мұнда жалған ақпаратты ажырату және ЖИ-дің болашағы қандай, жасанды интеллект туралы заңдар қалай қабылдануы керек деген сияқты тақырыптар да қарастырылады. Кейінгі екі жүз бетінде жиырма жеті салаға арналған промп­тар берілді. Сол арқылы оқырмандар өз саласында ЖИ-ді қолдану әдісін меңгереді». 
Кітаптың редакторы – көрнекті журналист Қайнар Олжай кітапты редакциялау барысында сүйсіне оқығанын айтты. «Бұл кітап жасанды интеллект әлемінде қазақ тілін қатесіз қолдануға үлкен септігін тигізеді. Екінші бөлімде жасанды интеллектіге берілетін мың тапсырма бар. ЖИ-ді мыңдаған адам қолданса, ол қазақ тілін өзі ғана терең меңгеріп қоймай, пайдаланушысының да тілді жүйелі қолдануына әсер етеді. Әйтсе де ЖИ-ге де оңай емес, өйткені қазақта бір сөздің бірнеше мағынасы бар. Ондай кезде жасанды интеллект мағынаны айырмай қалады. Сондықтан тілге жіті мән берген жөн», – деді Қ.Олжай. 
Жиында ақын, Түркі дүниесі жазушылар одағының төрағасы Ұлықбек Есдәулет, белгілі медиаменеджер Нұржан Жалауқызы, Алматы қаласы әкімінің кеңесшісі Мамай Ахет, ардагер журналист Қайнар Олжай, журналист Серік Абас-Шах, Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінің ректоры Гүлмира Қанай кітаптың тұсаукесер рәсімін жасады. 

«Бұл кітаптың жарық көруі – ұжымдық еңбектің жемісі. Бас­та­мамызға Ержанар Әшейхан, Нұрболат Нышанбай және басқа дос­тарымыз зор үлес қосты. Жалпы қазақ тілінде бұл тақырып өте аз зерттелген. Ол туралы бүкіл ақпарат ағылшын немесе орыс тілінде. Демек, қазақша сөйлейтін оқырмандарға қолжетімді, түсінікті, нақты ақпарат қажет. Бұл кітап ЖИ-ді түсінгісі келетін, оны өз жұмысында қолдануды үйренгісі келетін; технологияны қазақ тілінде зерттеп, дамытуға үлес қосқысы келетін адамдарға арналған. Жасанды интеллект – тек теориялық нәрсе емес. Егер біз технологияны меңгермесек, оны біз үшін басқалар меңгереді. Сондықтан, бұл кітап – қазақтілді оқырман үшін жасалған алғашқы қадам және ол жалғасады», – деді Мейіржан Әуелханұлы. 

Жаңа технологиялар саласындағы маңызды бір мәселенің бірі – терминология. Автор ағылшын тіліндегі техникалық терминдерді түпнұсқа күйінде қалдырып, қазақ тіліндегі түсіндірмесін бергенін айтты. Сондай-ақ, таныстырылымды ұйымдастырушы топ алдағы уақытта қазақ тілінде Ai-Hub платформасы қолданысқа ұсынылатынын жеткізді. 

Осылайша, жаңа кітап заманауи технологиялар саласы бойынша қазақ тіліндегі ғылыми және танымдық әдебиеттің дамуына негіз бастап берді. 

Дина Халық

909 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

AQIQAT №1

30 Қаңтар, 2025

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Дәуіржан ТӨЛЕБАЕВ

«Ақиқат» ұлттық қоғамдық-саяси журналының Бас редакторы