- Мақала
- 31 Наурыз, 2025
ЖАСЫЛ ЭКОНОМИКА: ЭКОЛОГИЯЛЫҚ ТҰРАҚТЫЛЫҚҚА ҰМТЫЛЫС

Әлем елдерінде экономиканың қарыштап өсуі қоршаған ортаға елеулі ықпал етіп, экология мәселелерінің ушығуына алып келді. Табиғи ресурстарды оңды-солды қолдану биосфера мен климат арасындағы тепе-теңдікті бұзды. Сол себепті адамзаттың келешегі саясаткерлерді де, қарапайым халықты да толғандыратын тақырыпқа айналды. Қоршаған орта проблемаларының өзектіленуі «жасыл экономика» бағытын қалыптастырып, күн тәртібінен өз орнын алды. Әлем елдерінің тұрақты дамуы «жасыл экономиканы» кеңінен енгізуге тікелей байланысты, яғни ол шаруашылық жүргізудің бір тәсілі болуға тиіс. БҰҰ-ның қоршаған ортаны қорғау жөніндегі сарапшылары бұл жаңа сала адамдардың өмір сапасы мен әл-ауқатын жақсартып, әлеуметтік әділеттілік орнатуға септігін тигізеді және табиғатқа келетін зарарды едәуір төмендетеді деп санайды.
Жүздеген жылдар бойы мемлекеттер мұнай, газ, қазба байлықтардың есебінен дамыды. Оларды алу, өңдеу және пайдалану табиғатқа орасан зиян келтірумен қатар жүрді. Біріккен Ұлттар Ұйымы сарапшыларының болжамына қарағанда, өндірістік әдіс-тәсілдер мен тұтынудың қазіргі деңгейі сақталса, 2050-жылға қарай планетамыздағы флора мен фаунаның 61-72 пайызынан айырыламыз, 7,5 миллион шаршы метр табиғи аумақ орны толмастай бүлінеді. Зерттеушілер соңғы 500 жылда биологиялық түрлердің жойылуы қатты қарқын алғанын келтіреді. Мысалы, климаттың, табиғи ортаның өзгеруі салдарынан құстардың жүздеген түрі жойылып кеткен. Планетаның жылынуы, адамдардың тұрмыс-тіршілігінің өзгеруі табиғатқа осылай әсер етеді. Жыл сайын табиғи ресурстар қарқынды пайдаланылып жатыр. Бұлай кете берсе адамзаттың тіршілігі қиындай береді.
Сондықтан да экономика ғылымында «Жасыл экономика» бағыты енгізілді, яғни экономика – табиғи ортаға тәуелді, ол соның бөлінбес бір бөлшегі, ал «жасыл экономика» табиғи ресурстарды тиімді пайдалануға, өндіріс қалдықтарын өңдеуге, қоғамның әл-ауқатын сақтауға көмектеседі. Осылайша «Жасыл экономика» шаруашылықты жүргізудің бір тәсіліне айналуға тиіс. Сонда ғана қоршаған ортаға төнетін қауіп азаяды, оның сарқылуының алдын алуға болады.
«Жасыл экономика» адам қажеттіліктерін қоршаған ортаның жағдайын есепке ала отырып қамтамасыз етуге мән береді. Басты мақсат – болашақ ұрпақты ойлау, олардың несібесіне қол сұқпау. Басқаша айтқанда, «Жасыл экономика» – өндіріс, тауарлар мен мен қызметтерді дұрыс бөлу, айырбастау, тұтынуға байланысты экономикалық қызмет түрлерінің жүйесі. Ол экологиялық қауіп-қатер тудырмай-ақ әрекет етуді білдіреді. Планетамызда ресурстар шектеулі, табиғатта бәрі бір-бірімен тығыз байланысты екенін естен шығармаған жөн. «Жасыл экономиканың» табиғи қорларды тиімді пайдалану, экологиялық жағынан таза өнімдер шығару, ресурстарды үнемдеп, тиімді тұтыну секілді бірнеше басты бағыты бар. Ал толығырақ алғанда:
1.Жаңғыртылатын энергия көздерін енгізу. Экологтардың пайымдауынша, жанар-жағар май алынатын пайдалы қазба қорының жартысынан астамы жер астында қалуға тиіс. Бұл шара климаттың шектен тыс өзгеруіне жол бермеу үшін қажет.
2.Қалдықтарды басқару жүйесін жетілдіру. Қазір әлемнің дамыған елдерінде жан басына шаққанда күн сайын 1-3 килограмм қатты тұрмыстық қалдық (ҚТҚ) шығарылады. Ол көрсеткіш барған сайын ұлғайып жатыр. Статистика бойынша, елімізде жылына 5 млн тоннадан астам қатты қалдық шығарылады, оның тек 15%-ы өңделеді. ҚТҚ тастайтын 3005 полигон бар, оның тек 635-і санитарлық нормаға сай келеді (жыл сайын осы полигондардан ауаға 5,4 млн тонна көмірқышқыл газы тарайды).
3.Су ресурстарын басқару жүйесін жетілдіру. Қазір көптеген елді мекенде ауыз су жетіспейді. Керісінше, су тасқыны сияқты табиғи апаттар да жиіледі.
4.«Таза», «жасыл» көлік түрлерін дамыту. Қазір ірі қалалардағы көліктер атмосфераны ластауға орасан зор «үлес қосып» жатыр. Мәселен, Алматы 2024 жылы әлемдегі ең лас қала деп танылды.
5.Ауыл шаруашылығында органикалық егістікті енгізу. Бұл шара гербицид, пестицид, улы химикаттарды қолданудан бас тартуды білдіреді. Органикалық өнімдердің құрамында ГМО жоқ, Е-қоспалар пайдаланылмайды. Адам денсаулығына зиян емес.
6.Тұрғын-үй коммуналдық шаруашылығындағы энергия тиімділігі. Тұрғын үйлерді жылу сақтайтын конструкциялармен жабдықтау, т.б. Елімізде кеңестік кезеңнен қалған жылу-электр станциялары тозды, енді оларды жөндеу және жаңа станциялар салу қажет.
7. Адамдардың іс-әрекеті. Әр адам неғұрлым табиғатқа зиян келтірмеуге ұмтылғаны дұрыс.
«Жасыл экономика», ең бастысы, «жасыл технологиялар» негізінде қалыптасады. Жасыл технологиялар экологиялық проблемалардың алдын алу үшін маңызды, ол тұтынушылық мінез-құлықты түбегейлі өзгертіп, салдармен емес, себептермен айналысады. Жасыл технологияларға мыналар кіреді: энергия тиімділігі және балама энергетика; электр энергиясын басқару жүйесі; экологиялық транспорт; ауадағы және судағы қалдықтарды басқару.
Жалпы қазіргі уақытта әлем елдерінің алдында үлкен міндеттер тұр, оларды шешпейінше тұрақты дамуға қол жеткізу күрделі болмақ. Атап айтқанда:
1.Қоршаған ортаны ластауды азайту, құрылыста, өндірісте, ауыл шаруашылығында, түрлі инфрақұрылымда ресурстарды тиімді пайдалану.
2.«Жасыл», таза энергетикаға көшу арқылы климат өзгерісінің зиянын азайту (жел, күн, бу энергиясы, мұхит ағыны, гидро және биоэнергетика, сутегі, т.б.). Көлік саласында электрлі және гибридті қозғалтқыштарды көбейту.
3.Температура аномалиясына, климат өзгерісіне төзімді технологияларды енгізу; табиғат ресурстарын, орманды, биоалуантүрлілікті тиімді басқару. Фармацевтика, косметика саласында табиғатқа зиянды азайту.
Бұның бәрі «жасыл экономиканың» ерекшелігін білдіреді. Яғни, Жердегі биологиялық байлықтан айырылып қалмау үшін адамдардың қоршаған ортаға салатын салмағын азайтуды көздейді. Ал қазіргі экономика табиғатты ескеру жағынан көңіл көншітпейді. Талдауларға қарағанда, қазіргі уақытта адамдардың табиғатқа әсері («экологиялық із») Жердің физикалық мүмкіндігінен 20 пайызға асып кетеді екен. «Жасыл экономика» «Тұрақты даму» ұғымымен тікелей байланысты. «Тұрақты даму» деген терминді 1983 жылы Қоршаған орта және даму жөніндегі бүкіләлемдік комиссия енгізді. Комиссия мүшелері сол кезде алғаш рет жаһандық проблемаларды шешудің жолын ұсынып, адамзат болашағы туралы баяндама жариялады. Міне, осы баяндамада тұрақты даму – sustainable development бағыты мәлім етілді. Негізінде, «Тұрақты даму» тұжырымдамасын 1962 жылы Рэйчел Карсон «Үнсіз көктем» кітабында жеткізген болатын. Бұл кітапта ауыл шаруашылығында пестицидтерді аяусыз қолданудың ауқымы туралы зерттеулер келтірілген.
Егер де тұрақты даму экономикалық, әлеуметтік және экологиялық компоненттердің тиімді әрекеттестігін білдірсе, «жасыл экономика» осы салалардың үйлесімін қамтамасыз етеді. Тұрақты дамудың маңызды мән-мағынасы – биосфераны да, өркениетті де сақтап қалу.
«Жасыл экономиканың» басты мақсаты – тұрақты дамуды қамтамасыз ету, табиғатқа кері әсерді азайта отырып адамдардың тұрмыс сапасын жақсарту, өндірісті экологияландыруды ынталандыру. Тұрақтылыққа тек экономиканы «жасылдандыру» арқылы қол жетеді дейді сарапшылар. Ол үшін мемлекеттер түрлі құралдарды пайдаланады, мысалы: «жасыл» өнеркәсіп орындарын субсидиялау, төмен салық мөлшерлемесі арқылы қолдау; маңызы басым салаларды материалдық қолдау; кәсіпорындардағы ескірген құрал-жабдықтарды ауыстыру; қалдықтарды қайта өңдеу және жою бағдарламаларын әзірлеу; экологиялық таза технологиялар саласында білім беру гранттарын көбейту және т.б.
«Жасыл экономиканы» стратегиялық бағыт ретінде енгізудің өзіндік ерекшелігі, тәуекелдері де бар. Бұл бағыт билік орындары мен азаматтық қоғамның бірлесе әрекет етуін талап етеді. Мысалы, Еуропа елдері бұл тарапта жақсы нәтижелерге жетті, Германия, Швеция, Норвегия елдері мұнайдан, көмірден бас тартып, балама энергия көздеріне көшті. Жапонияның да Төмен көміртегі қоғамы бағдарламасы бар.
Дамыған елдермен салыстырғанда, Қазақстан «жасыл экономиканың» бастапқы кезеңінде тұр, әйтсе де бұл бағытта нақты қадамдар жасалып жатыр. Атап айтқанда, 2013 жылы «жасыл экономиканы» дамыту бойынша арнайы тұжырымдама қабылданды. Бұл құжат бірнеше кезеңді қамтиды. 2024 жылы Президент Қ.Тоқаевтың жарлығымен еліміздің жасыл экономикаға көшу тұжырымдамасына өзгерістер енгізілді. Қазақстан үкіметі экономиканың барлық саласында жасыл технологияларды енгізу арқылы нақты нәтижеге қол жеткізуді жоспарлап отыр. Ең алдымен су ресурстарын дұрыс пайдалану, ауыл шаруашылығының тұрақты дамуы үшін органикалық өнімнің үлесін арттыру маңызды.
«Жасыл экономика» тұжырымдамасы қоршаған орта мен адамға зиян тигізбестен дамуды көздейді. Тұжырымдамаға сәйкес, әрбір адамға білім, ақпарат, қауіпсіз жұмыс орны және лайықты тұрмыс-тіршілік қолжетімді болуға тиіс. Адамдар таза ортада өмір сүруге тиіс. Жасына, жынысына, әлеуметтік мәртебесіне қарамастан, табиғи ресурстар баршаға қолжетімді болуы керек.
Тұжырымдама бойынша, еліміздің электр энергетикасы жаңартылған энергия көздерінің үлесін арттыру арқылы дамытылады. Бұл көмір тұтынуды біртіндеп азайтып, көміртекті шығарындыларды қысқартуға мүмкіндік береді. Париж конвециясының талаптарына сәйкес, Қазақстан 2060-жылға қарай көміртекті бейтараптыққа қол жеткізуге ниетті. Ол үшін жасыл энергияны дамыту қажет.
Сонымен қатар, Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының талаптарына сәйкес, ауаның ластануын азайту ірі өнеркәсіптерде озық технологияларды енгізу, шығарындыларды азайтып, қалдықтарды тиімді басқаруды талап етеді. Қоршаған ортаның ластануын азайту үшін халықты қалдықтарды сұрыптап жинауға ынталандыру іс-шаралары жүргізіледі. Сондай-ақ еліміздің әр өңірінде қоқысты сұрыптап жинау жүйелері енгізіліп, коммуналдық және өнеркәсіптік қалдықтарды қайта өңдеу үлесі артады.
Тұжырымдамада көзделген тағы бір маңызды бағыт – халық пен бизнестің экологиялық мәдениеті мен жауапкершілігі. Ол үшін экологиялық тақырыпты насихаттау, экологиялық білім беруді арттыру қажет. Жасыл экономикаға көшу тұжырымдамасындағы негізгі бағыттарды іске асыру үшін жасыл қаржыландыру көлемі артады. «Жасыл несие», «жасыл облигацияларды» және басқа да қаржы құралдарын енгізу есебінен қоршаған ортаны жақсартуға назар аударылады. Мемлекет қорғауындағы табиғи аумақтар, орман алқаптары ұлғаяды.
«Жасыл экономиканы» енгізу жаңа жұмыс орындарының ашылуына да ықпал етеді, «жасыл» жұмыс орындары, жаңа мамандықтар пайда болады.
Өкінішке қарай, Еуроодақ пен басқа елдерде климаттың ахуалын қадағалайтын рейтинг – Климаттың өзгеруі саласындағы тиімділік индексінде (CCPI) Қазақстан төменгі орында қалып келеді. Бұл индекс төрт санат бойынша бағаланады: парник газдары шығарындылары, жаңғыртылатын энергия, энергия пайдалану, климаттық саясат. Қазақстанның рейтингі төрт санат бойынша да төмен: 2024 жылы еліміз 61-орын алды (33,43 балл), 2022 жылы 64-ші орында болған (20 балл).
Климатты қорғау саласында төмен баға алудың көптеген себебі бар, мысалы: экономиканың экспорт пен шикізатқа бағдарлануы, қоршаған ортаға зиянды, энергияны шамадан тыс жұмсайтын салалардың көп болуы, заңнаманың жетілдірілмеуі немесе дұрыс орындалмауы, инфрақұрылымның тозуы, ғылыми қолдаудың төмендігі, т.б.
Осы орайда, Қазақстанда «жасыл экономиканы» енгізудің маңызы мен ерекшелігі жөнінде ғалымдардың пікірін сұраған едік.
Асанәлі Сұлтанов, «Қазақ-Британ технология университеті» АҚ Балама энергетика зертханасының басшысы:
«Жасыл экономика» қоршаған ортаға зиянды азайту арқылы тұрақты дамуды көздейтіні белгілі. Сондықтан «жасыл экономиканы» енгізу жаңартылатын энергия көздеріне (ЖЭК) көшуді де қамтиды.
Дегенмен, Қазақстанда жаңартылатын энергия көздерін енгізудің өзіндік ерекшелігі бар. Бір жағынан, біздің еліміздің географиялық орналасуы мен климат жағдайының арқасында күн, жел және су электр энергиясы сияқты жаңартылатын энергия көздерін пайдаланудың орасан зор әлеуеті бар. Екінші жағынан, Қазақстанда көмір мен газ сияқты өте арзан дәстүрлі энергия көздері кеңінен қолданыста, бұл жаңартылатын энергия көздерін енгізу процесін қиындатады, өйткені дәстүрлі қуат көздерінің экономикалық тартымдылығы жоғары.
Сонымен қоса, ЖЭК-ті пайдалану электр желілеріне қосымша жүктеме тудырады, өйткені ол энергияның дұрыс қосылуы мен берілуін қамтамасыз ету үшін инфрақұрылымды жаңартуды талап етеді. Менің жеке пікірім: «жасыл экономикаға» табыспен көшу үшін заңнамалық базаны дамыту жеткіліксіз, өйткені бұл экономикамыздың дамуын тежеуі мүмкін. Одан гөрі дәстүрлі энергия көздеріне қарағанда ЖЭК тартымды болуы үшін технологияларды дамытудан бастаған дұрыс. Мысалы, жаңартылатын энергия көздері саласында немесе энергия сақтау жүйесін дамытуда анағұрлым арзандау тұратын шешімдерді әзірлеу қажет. Энергия сақтау жүйелері жасыл энергияны пайдалану тиімділігін бірнеше есе арттырып, электр желілеріне жүктемені азайта алады. Бұған қоса, шетел инвестициясын тартып, қолайлы жағдай жасау қажет. Сонда жаңартылатын энергия көздерін дамыту қарқынын сақтай отырып, бюджетімізге түсетін салмақты азайтуға болады.
– Асанәлі Талғатбекұлы, біздің еліміз үшін ЖЭК-нің қандай түрлері тиімді?
– Климаттық алғышарттар мен ландшафтының алуантүрлілігі арқасында, біздің еліміз жаңартылатын энергия көздерінің барлық дерлік түрін дамытуға қолайлы болып есептеледі. Мысалы, кең-байтақ оңтүстік өңірге күн сәулесі аса мол түседі, демек күн панельдерін орнату жасыл энергияны тиімді өндірудің перспективалы бағытына айналады. Ал солтүстік және батыс аймақтарға келсек, мұнда желдің орташа жылдамдығы айтарлықтай жоғары болғандықтан, жел парктерін дамытуға мүмкіндік бар. Сонымен қатар, биомасса мен гидроэнергетика да Қазақстанның энергетика саласын әртараптандыруда елеулі рөл атқара алады.
Сондықтан, біздің еліміздің ұлан-асыр аумағы және соған сәйкес алуан түрлі жаңартылатын энергия көздерін дамыту мүмкіндігі – біздің артықшылығымыз. Бұл ерекшелік жасыл экономикаға көшу және елдің энергетикалық қауіпсіздігін арттыру үшін теңдесі жоқ мүмкіндік береді. Бұл ресурстарды пайдалану қазба отындарына тәуелділікті азайтып қана қоймай, жаңа жұмыс орындарын ашуға және тұрақты экономиканы дамытуға ықпал етеді.
– Адамның іс-әрекеті биосфераға тікелей ықпал ететіні мәлім. Осы орайда тұрғындар арасында экологиялық сауат пен экомәдениетті жақсарту үшін не істеу керек деп есептейсіз?
– Біздің елімізде ғана емес, жалпы әлемде экологиялық мәдениетті жетілдірудің ең тиімді әдісі білім беру болып саналады. Баланың бойында жастайынан қоршаған ортаға деген саналы көзқарасты қалыптастыру үшін мектеп пен университеттің оқу бағдарламаларына экологиялық білім беруді енгізу керек.
Сонымен қатар, жергілікті жерлерде, қалада, ауыл-аймақта азаматтардың, кәсіпкерлердің «жасыл» бастамаларына қолдау көрсетілуі тиіс. Кішкентай баладан ересектерге дейін экологиялық жобалар мен іс-шараларға қатысуын ынталандыру қажет. Әсіресе, халыққа табиғатты қорғау, экологияның маңыздылығы туралы ақпаратты жеткізуге жіті мән беріп, түрлі бағдарламалар, көпшілікке арналған іс-шаралар мен науқандар жүргізу қажет деп санаймын.
Дина ИМАМБАЙ

1115 рет
көрсетілді0
пікір