- Мақала
- 31 Наурыз, 2025
НАУРЫЗ – ЖЫЛ БАСЫ, ҰЛТ МЕЙРАМЫ

Наурыз қазақтың шын мағынасындағы ұлт мейрамы. Наурызды қазақтан басқа Күншығыс жұрттарының көбі, мәселен, Үндістан, Иран, Ауған, Бұхар, Кавказ, Түркістандықтар да мейрам етеді. Бірақ бұлардың бәрін салыстырғанда Наурызды біздің қазақтың мейрам етуі айрықша сыйымды, артықша дәлелді. Неге десеңіз, марттың ескіше 9-ында, жаңаша 22-сінде күн мен түн теңеледі, қыс өтіп жаз жетіп, шаруа кенеледі.
Міржақып Дулатов
Ұлттық бірегейлік өте маңызды мәселе. Ұлттық бірегейлік тек қана ұлтты емес, күллі адамзатты дамытатын күш. Мереке, мейрамның ұлттық бірегейлікті дамытудағы рөлі өте жоғары.
Қазір Наурыз мейрамына қатысты алуан түрлі түсініктер де қалыптасқан. Ал, қазіргі жаһанданудың қайнаған қазанында өмір сүріп жатқан ұрпақ наурыз мерекесі туралы ғаламторды шарлаған ақпараттармен сусындауда. Ұлттық тағамымыз ет «бешбармақ» аталып кеткен заманда өмір сүрген ұрпақ, наурызды тек қана қазақша киім киіп, өлең айтып, би билеп, салт-дәстүрлер қойылымы ретінде елестетуі әбден ықтимал. Олар кейінгі ұрпағына наурызды өзі қалай түсінді, солай түсіндіріп кететіндігі де заңдылық. Сонда 100 жылдан кейінгі ұрпақ санасына наурыз мейрамы сахналық қойылым ретінде сіңіп, тарихқа еніп кетуі де мүмкін. Наурыз концерттік мереке емес. Сондықтан да, балабақша, мектеп қабырғаларында наурыз мерекесінің түпкі мағынасы (наурыз көже, салдама, амал түсініктері мен көрісу ғұрыптарының мәні) ұғындырылуы тиіс.
Наурыз – қазақша жыл басы, жаңа жылымыз. Наурыздың мағынасы қасиетті. Осыған орай, деректерге сүйене отырып, наурыз мейрамының мәні мен мазмұнын, халық санасында алатын орнын талдауға ұмтыламыз. Тарихи және археологиялық-этнографиялық материалдарға жүгіне отырып, наурыз мейрамының діни мереке еместігіне көз жеткіземіз.
Шәкәрім Құдайбердіұлының баласы Ахатқа жазған хатында 14 наурыз – қазақша Жаңа жыл, Ұлыстың ұлы күні деп айтылғаны да қалың жұртшылыққа белгілі. Ал, қазақтың ғұлама ғалымы Мәшһүр Жүсіп Көпейұлы өзінің жазбасында 8 күндік наурызнама өтетінін, оның «ескіше 1-8 наурыз, қазіргі күнтізбеде 14-21 наурыз аралығы» екендігін де жазып кеткен еді. Сондықтан да, жыл басы, жаңа жыл 14 наурыз күні кіреді.
Белгілі этнограф Серік Ерғали 14 наурыз – қазақтың шынайы Жаңа жылы екенін айтып, қазіргі Наурыз мейрамы туралы түсініктің дұрыс емес екені туралы БАҚ беттерінде айтып жүр. Этнограф қазақ халқы наурыз айын «Амал» деп атағандығы, «Амал келді – жыл келді» деген сөз осыдан келіп шыққандығын; 14 наурыздан бастап көрісу дәстүрі арқылы халық жаңа жылды қарсы алғандығы; көрісу барлық қазаққа ортақ дәстүр екендігін; «көрісу күні» деген мереке жоқ екендігін, тек көрісу ғұрпы қана бар екендігін деректер негізінде дәйектеген. Ғалым «4 наурыз – ескіше шығыс күнтізбесі бойынша наурыздың 1–жұлдызы. Айдың туған күні яғни, жаңа көктемнің алғашқы күні. Ай есебі бойынша ай 14 күнде толады, 14 күнде кетіліп таусылады. «Толған айдай» деген осы. 4 наурыз – ескіше шығыс күнтізбесі бойынша наурыздың 1-жұлдызы. Айдың туған күні яғни, жаңа көктемнің алғашқы күні. Ай есебі бойынша ай 14 күнде толады, 14 күнде кетіліп таусылады. «Толған айдай» деген осы. Шоқан Уәлихановтың қазақы күнтізбе туралы жазып, астрономиялық кескінін келтіріп салған суретінде үш тілдегі күнтізбе сипаттамасы наурыз айынан басталады. Суретте Шоқан Амал жұлдызына Күн жүйесінің жолығуын бейнелеген. Суретте «Наурыз» – февраль, келесі айды отамалы – март деп көрсетілген.
Сөйтіп, наурыз айы туғанда, яғни, қазіргі – 14 наурыз (ескіше – 1 наурыз) Күн Тоқты шоқжұлдызындағы қозғалмайтын Амал (үркер шоқжұлдызы болуы мүмкін) жұлдызына беттеп, «көріседі» де, соның әсері жерге беріліп, жыл маусымы алмасады. Тоқсан күн – қыс 13 наурызбен бітіп, жылдың да, көктемнің де басы 14 наурыз болып есептеледі. 14 (1 – ескіше) наурыз – түркілік жыл шеңберінің жігі, көктемнің, желтоқсанның әрі мүшелдік жылдың басы», деп түсіндірген», – деп жазады [1].
Шындығында да, көрісу ғұрпы жайдан жай шықпайды. Көшпелі өмірдің балалары табиғатпен етене араласатындықтан, табиғат сырын да, табиғат тілін де жастайынан ұғынып өседі. Обал, сауап, ұят ұғымдарының мағынасын тереңнен түсінуге қабілетті болады. Мейрім мен әділет туғаннан бала бойында қалыптасады. Табиғаттың сырын білген, тілін ұққан адам баласы ғұрып, салтты ойдан шығармайды. Барлық ғұрып табиғат әмірімен өмірге келеді деген пікірдеміз.
Наурыз мейрамы – адам – әлем қатынасының бір көрінісі. Адамның ғарыштық түсінігі мен макро, микро әлем арасындағы қарым-қатынас үлгісі. Адамның табиғатты түсінуге, табиғат құбылыстарын өз тіршілігіне қарай бейімдеуге деген ұмтылысы.
Деректерді талдағанда көктемгі мейрам күннің астрономиялық қозғалысына орай туындағанын байқаймыз. Ғалымдардың пікірінше 22 наурыз жыл мезгілдерінің астрономия заңдылығымен дәл келеді екен. Наурыз күні күн мен түннің теңелуі, күннің ұзаруы, түннің қысқаруы ғылыми тұрғыдан дәлелденген. Оны адам баласы ғылыми тұрғыдан зерттеймін дегенше, наурыздың сырын табиғат өзі адам баласына көрсетіп те берді. Мәшһүр Жүсіп Көпейұлы: «...жандыда балық біледі, жансызда Самарқанның көк тасы біледі. ...Наурызнама той қылатын жұрттың патшалары тірі балықты көп қылып ұстатып алып, бір керсен суға салып, көптің алқасына қойдырады. Отырған көп әлеумет сол балықтарға көз тігіп қарап отырады. Бір мезгілде балық біткен бірі қалмай, шалқасынан жата қалады. Қарындары жарқырап, лезде балықтар аунаған жағынан екінші жағына қарай аунап түседі. Сонан соң патшалар барабан соқтырады: «Ескі жыл шықты, жаңа жыл келді!» деп [2, 243 б.] жазған еді.
Шығыстың данышпандары Махмут Қашқари, Әбу Райхан Бируни, Әбунәсір Фирдоуси, Әлішер Науай, Омар Хайям, сонымен қатар Абай, Әлихан, Ахмет, Міржақып сынды ғұламалар Наурыз мейрамы туралы құнды еңбектер жазса, Мағжан, Мұқағали сынды ақындар жырларын арнады.
Жалпы, наурыз мейрамының қалыптасу себебін әлемдік деңгейде алып қарастыру да өте күрделі мәселе. Себебі, наурыз категориясын талдағанда адамның әлемді түсінуге, әрі табиғат құпиясын білуге деген ұмтылысы да байқалады. Деректер мазмұнында жаңа өмірдің бастауы, тіршіліктің бастауы деген сипаттағы аңыздар көптеп кездеседі. Енді солардың бірсыпырасына тоқталсақ. Мәселен, әл-Бируни: «...науруз стал указанием начала и створения Мира. Говорят, что в этот день Аллах – слава ему! – заставил вращаться сферы. После того как они были неподвижны, привел в движение светила после того, как они стояли на месте. Создал Солнце, так что стали, благодаря ему известны части времени в годах, месяцах и днях, после Того как они были сокрыты, и пало на них начало счета...»[3] – деп, наурыз мейрамының жаратылыстың бастауы екенін ұғындырады. Жалпы, наурыз категориясын талдауда күн ұғымы төңірегінде көптеген идеялардың өрбитіндігін де аңғарамыз. Күннің тіршілік белгісі екендігін ескерсек, осы бір ұғым астарында жаңару, тіршілік, өмір сүру нышаны жатыр.
Омар Хайямның «Наурыз наме» еңбегінде наурыз мейрамының шығу төркіні мен халықтар өмірінде алатын маңызы жан-жақты зерделенген. Осы тұста ескеретін бір жайт, Омар Хайям пехлевий тілін білгендіктен де, деректерді өз орнымен талдай білген. Омар Хайям трактатында Наурыз тойлау дәстүрінің шығу себебін былайша түсіндіреді: «... как известно, у Солнца имеется два оборота, один из которых таков, что каждые триста шестьдесят пять дней и четверть суток оно возвращается в первые минуты созвездия Овна, в то же самое время дня, когда оно вышло, и каждый год этот период уменьшается».[3, 151 б.]
Парсы аңызы бойынша, адам бұдан сегіз мыңдай жыл бұрын, фарфардин айының бірі күні жаралған. Фарфардин айы пехлевий сөзінен алынған. Бұл ай өсімдіктердің өсіп-өнуімен сәйкес келеді. Ол кезде күн жазғытұрғы күн мен түннің нүктесінде болған. Осы аңызға сүйеніп, парсы фарфардиннің бірін жыл басы етіп есептейді де, оны жаңа жыл күні наурыз деп атайды (Нау-жаңа, Руз-күн деген). Қазақтың наурыз сөзі осыдан шыққан. Күн мен түннің күзгі теңелуін парсылар - «Меүрен» деп атаған, ал бұдан Қазақтың «Мейрам» сөзі қалыптасқан деген де пікірлер бар. Наурыз бен «Мейрам» парсылардың негізгі мейрамдары еді. Патшаларда жыл басын қуанышты шаралармен қарсы алу дәстүрі болған. Наурыз күнін шаттықпен қарсы алғандар жыл бойы шат-шадыман өмір сүреді деген де ырым қалыптасқан. Бұл тәжірибені патшалар үшін ғалымдардың қалыптастырғандығы да белгілі.
Наурыз мерекесі туралы аңыздардың төркініне мән берсек, жақсылық пен жамандықтың күресі, күн жарық белгісі болғандықтан қараңғылықтың қас жауы, адамдарға нұр себуші қызметін атқарады деген түсінікті зерделейміз. Сонымен аңыздар, наурыз мейрамын өмірге енгізген аңыздардағы патшалар Жамшид немесе Каюмарс (Арабтар Манушалх деп те атаған) есімдерімен байланыстырады. Мәселен, мына бір дерекке көз жүгіртсек: «Джамшид устроил праздник в упомянутый нами день, дал ему название Науруз и приказал людям праздновать каждый год появления нового фарфардина и считать этот день новым годом до тех пор, пока не прозойдет большой оборот Солнца. В этом и состоит истина Науруза» – деп одан әрі Джамшид өз патшалық дәуренінің басында әділ, қайырымды болып, халық оны жасы көріп, құрметтегені, ал уақыт өте келе атаққұмарлық секілді жаман қасиеттер бойын жайлап, жауыздық билеп, халыққа жамандық жасағандықтан, құдайдың шапағатынан айрылып, істері қателікке толы болғандығы да жазылған.[3, 50 б.] Ал, әл-Бируни «Памятники минувших поколений» еңбегінде Жамшидтің сапар шеккенді қатты ұнататындығы, бір сапары барысында Әзербайжанда жүргенде алтын таққа отырып, адамдар оны көтергенде, күн сәулесі оның бетіне түсіп, адамдар қатты шат-шадыман болып, ол күнді мейрам деп белгілегендіктерін жазады. ...»[1, 153 б.]. Көріп отырғанымыздай, тіршілікке нәр берген күн нұрына табыну ғұрпы қалыптаса бастаған. Сондықтан да, наурызға қатысты деректерде алтын күннің эликсирі, ал күміс айдың эликсирі ретінде айтылады. Аңыз бойынша кеннен алтын мен күміс өндірген алғашқы адам ретінде Джамшид есімі аталады. Ол алтыннан күн тәріздес диск жасатқан. Себебі, күн аспан патшасы деген түсінік болған еді. ...».[3, 59-90 б.]
Орталық Азия, Әзербайжан, Иран халықтары арасында тамырын ежелден тартқан наурыз тойлау дәстүрі шаруашылық өмірге байланысты туындаған деген де пікірлер бар. 1909 жылы орыс ориенталисті К.А. Иностранцев «Сасанидские этюды» атты еңбегін жариялады. Онда Кисрави, Масуди ежелгі араб авторларының деректеріне сүйене отырып, Наурыз мейрамының тойлану дәстүрінің мән-жайын талдауға талпыныс жасаған. Сонымен қатар ерте орта ғасырлық мұсылман ойшылдары, әсіресе әл-Бируни мен Омар Хайямның наурыз мейрамына қатысты жазбалары сәтті талданған.
И.С.Брагинскийдің пікірінше наурызды тойлау дәстүрі екі мәрте өткізілген: бірі жаз айының ортасы яғни, егін жинау уақыты, екіншісі күн мен түннің теңелу мезгілі. Автор аталған дәстүрдің табиғатты құрметтеу сезімінен туындағандығын, табиғаттың түлеуі мен жаңаруын бейнелегендігін де жазады. ...».[3, 151 б.]
Ұлы ғұламалар Әбу Райхан Бируни, Омар Хайям еңбектерінде Шығыс халықтарының Наурыз мейрамын бірнеше күн тойлағаны жазылады. Наурыз күндерінде төмендегідей салт-дәстүр, ырымдар жасалған:
1.Әр жерде үлкен от жағып, отқа май құйған.
2.Жаңа өнген жеті дәнге қарап болашақты болжаған.
3.Жеті ақ кесемен дәстүрлі ұлттық көже «сумалық» ұсынған.
4.Ескі киімдерін тастаған.
5.Ескірген шыны аяқты сындырған.
6.Бір-біріне гүл сыйлаған.
7.Үйлерінің қабырғасына дөңгелек ою – «күн белгісін» салған.
8.Үйлеріндегі тіреу ағашқа гүл ілген.
9.Жамбы ату тәрізді түрлі жарыстар өткізген.
10.Бұл күні кәрі-жас мәз болып, бір-біріне жақсы тілектер айтқан, араздаспаған.
Ал, енді қазақ халқының мәдени тарихында наурызды тойлау дәстүрі қай заманнан бастап қалыптасты, қандай өзгерістерге ұшырады, наурыз мейрамын тойлайтын халықтар дәстүрінде сабақтастық бар ма? – деген сауалдарға ғылыми тұрғыдан толықтай жауап беру де қиын. Өйткені, наурыз мерекесін тойлауға 1926 жылдан бастап тыйым салынып, бір жақты қасаң идеология қысымымен жан-жақты зерттелмей, білетін қариялардан толықтай тарихи-этнографиялық ақпарат алынбай, қазақтың мәдени өмірінің бір қыры жабулы күйінде қалған еді. Алайда, қазақтың данышпан ойшылдары заманның ағымын болжап, халық жадында мәңгілік қалсын деген мақсатпен халқымыздың тарихы, дәстүрі, этнографиялық өмірі туралы мол мәліметтерді мүмкіндігінше қалдырып кетті. Бұлай дейтін себебіміз, ХХ ғасырдың бірінші ширегіне дейін жарық көрген басылымдарда наурыз мейрамына қатысты деректер баршылық.
Абай Құнанбайұлы өзінің «Біраз сөзі қазақтың қайдан шыққаны туралы» жазбасында наурызды тойлау тарихы туралы жазған еді. Наурыз тарихын көшпелі халықтардың «хибиғи», «хұзағи» деп аталатын көне заманымен байланыстырады. Парсының «нау» сөзі әртүрлі өзгерістерге ұшырағанымен, сол мағынада көп халықтың тілінде сақталып қалған. Қазақтың көне шежіресінде де Наурыз, Алаш деген де сөздер кездеседі.
Өткен ғасыр басында қазақ тарихы арқылы ұлт санасын биіктетуге ұмтылған Алаш зиялылары наурыз тақырыбы төңірегінде қалам тербеп, наурыз қазақша жыл басы екендігін, бұрынғы кезде наурыз туғанда мейрам болып, қазан-қазан көже ішіліп, ауылдан-ауылға, үйден-үйге жүріп бірін-бірі құттықтаған мереке болғандығын жазды. Дәлел келтірсек: «Бұл кезде ол ғұрып қазақ арасында қалып бара жатқан секілді, наурыздың қай айда, қай күні болуы хақында әртүрлі сөйленеді. Біреулер наурыз марттың бірінде, екіншілер тоғызында келеді деседі, һәр жұрттың белгісі күнде жаңа жыл туады, ескі жыл бітіп, жаңа жыл басталғанда: «іс жаңа жыл қайырлы болсын, жаңа бақыт кәсіп болсын» – деп құттықтасады, ол күнді мейрам қылып шаттықпен өткізеді. Рустың жаңа жылы қыс ортасында, нағыз сақылдап тұрған суықта келеді, біздің Жаңа жылымыз – Наурыз марттың басында болсын, ортасында болсын, әйтеуір мартта келетін болса, шын мағынасымен Жаңа жыл деп айтуға лайық. Күн жылынып, қар еріп, жан-жануар жаздың жақындағанын сезіп көңілденген кез. Шаруа адамдарының бейнеттен қолы шешіліп, алты ай баққан арықтарын үмітті күнге жеткізіп демалып отырған кез. Ағаш, шөптер қар астынан сілкініп шығып, гүлденіп жасаруға даярланып, күн де қыстай бір бүйірлеп жүруін қойып жоғары көтеріліп, бүтін ғаламға нұрын шашып үйсізді үйлімен теңгеріп, бай мен жарлыға бірдей сәуле беруге тұрған кез. Міне, табиғаттың осындай көңілді өзгерістерінің кезеңінде біздің Жаңа жылымыз Наурыз туып, ата ғұрпымызды ұмытпай, белгілі бір күнді басы қылып алсақ ұнамды іс болар еді.
Осы туралы білетін адамдар «Қазаққа» жазса екен, біздің Жаңа жыл — Наурыз анық жылдың қай айында һәм қай күнінде басталады. Біз оқушыларымызды Жаңа жылмен құттықтауға Наурыздың анық қай күні туатынын біле алмадық, ғафу өтінеміз» [4, 25 б.].
Мәшһүр Жүсіп Көпейұлының «Нұх, Наурыз тарихы» мақаласында наурыз мейрамының қазақ өмірінде алатын орны, тарихы туралы талданып, «Орысқа қарамай тұрған күнінде қазақтың наурыздамасында болған той, мереке қызығы Бұқар мен Қоқанда да болмаған!» деп жазылған. Сонымен қатар үйсін Төле билер заманында наурыздаманың қадір-құны астан, тойдан да ілгері болғандығы, наурыз күні берілген батаның қабыл болатындығы, «Салдама» туралы да зерделенеді. Мәселен, «Қазақтың қазақ болғанда, өзіне арналған, сыбағасына тиген жалғыз мейрамы – наурыздама. Ол күні қожаларға оқытатұғын, наурызға арналған кітап болады. Наурыз жайын ұқтыратын ол кітаптың атын «Салдама» дейді. Ол күнде тілі орамды, сөзге шешен шалдардың батасы болады. Қожа кітап оқығанда, шалдар бата қылғанда жұрт жылап, шулап «Амин!» деп отырады. Сонан соң олардың айтқаны айтқандай келіп халық, жұрт ілгері басып, малы да өсіп, басы да өсіп берекелі болады»[2, 245 б.] – деген жолдарды талдағанда, батамен ел көгерер концепциясының мәнін, наурыз мерекесінің ислам дінімен сабақтаса байланысу себебінің түп-төркінін ұғынамыз. Осы тұста айта кету керек наурыз көженің де, наурыздаманың да қасиетті екендігін өз деңгейінде сезіну керек. Ел арасынан мол деректер жинаған өлкетанушылар наурыз көжеге жамбас сүйек салатындығын да айтады. Этнографтар әрбір сүйек атауының мағынасы бар екендігі, ал жамбастың сыйлы қонаққа тартылатындығын еске түсірсек, көптеген жайттың мәнін ұғынамыз. Әрине, бұл өз алдына зерделенетін тақырып.
Жоғарыда жазылған деректерден қазақ даласында тұрмыстың ауыртпалығынан наурыз мерекесін тойлау дәстүрі аясының тарылғандығын, ал қазақ зиялыларының төл мерекені жандандыруға деген ұмылысын зерделейміз. Наурызды халық тойы деңгейінде мерекелеу ісін Алаш зиялылары өзекті, мемлекеттік мәселе етіп көтерген.
1919 жылы 26 наурызда (№74) «Сарыарқа» газетінде жарияланған мақала орыс тіліне аударылып арнайы архивтерде сақталған. Сол мақаладан үзінді келтірсек: «Науруз» являющийся началом нового года казахского народа, так же является первым месяцем начинающегося года всех тюркских народов. Провожая старый, вступая в новый год, традиция всех газет вкратце дать обзор о том, в каком положении был народ в истекшем году, какие события он пережил, какие были у него радости и огорчения, в каком положении встречает наступающий год - и известить об этом своих читателей.
Русские и татарские газеты считая январь месяц началом года, в соответствие писали свои обзоры, мы ожидая начало нашего нового года промолчали, но когда наступил месяц Науруз - начало нашего года, мы сочли своим долгом, хотя и не подробно, но вкратце подвести итоги о том: какие события мы пережили, в каком положении мы находились, что мы сделали для возрождения нашей национальности.
В прошлом Наурузе веки казахского народа были хмуры. Дело нашего национализма и общественности находились в руках беснующихся большевиков, азаматы были в гонении /преследовались/, говорить - язык, бороться завязаны. руки, спорить возможности были - были завязаны.
... Если новый науруз окажется счастливым, наш народ благополучно - мы встречаем новый год в надежде на завершение построения нашей Алаш-Орды.
Да будет счастливым Науруз, Алаш.
Да здравствует Алаш-Орда. Да здравствует казах!» [5].
Ал, «Еңбекші қазақ» газетінің 1925 жылғы 24 нөмерінде Сұлтанбек Қожановтың «Наурыз туралы» мақаласы жарияланды. Онда, «… Наурыз мұсылмандықтан бұрын шыққан мейрам. Наурыз ел шаруасымен күн көріп, табиғат шарттарына тұрмысы көбірек байланысқан елдің тұрмысы тудырып отырған мейрам. Жұрт қысқы қысымшылықтан құтылып, малы жұт қаупінен құтылып, оның қалған малы балалап, қарасы көбейіп жатқан, өздері егін шаруасына қам қылып, қасиетті жаз маусымында байлығын молайтудың, табиғаттың иіп тұрған кезінде қолынан келгенінше көп өндіріп қалудың шарасын істеп, абыр-сабыр болып жатқан ел шаруаларының талабы қозған ең көңілді уақыты – көктем. Сол көктемнің басы – Наурыз…» – деп наурызды ел тұрмысынан туындаған мейрам екендігін дәйектеген.
Міржақып Дулатов «Қош келдің наурыз!» атты мақаласында Жер жүзіндегі жұрттардың бәрінің де дін мейрамы, ұлт мейрамы, мемлекет мейрамы секілді түрлі-түрлі мейрамдары болатындығын, ал қазақтың «Орыста мейрам көп, қазақта айран көп» – деген мақалын келтіре отырып, біздің халықтың мейрамға жарлы екендігін жазған еді. Ғалым «жалпы мұсылман жұрттарына ортақ жылына екі рет келетін ораза, құрбан айттарын есепке алмағанда, бізде жалғыз-ақ мейрам бар, ол – Наурыз.
Наурыз қазақтың шын мағынасындағы ұлт мейрамы. Наурызды қазақтан басқа Күншығыс жұрттарының көбі, мәселен, Үндістан, Иран, Ауған, Бұхар, Кавказ, Түркістандықтар да мейрам етеді. Бірақ бұлардың бәрін салыстырғанда Наурызды біздің қазақтың мейрам етуі айрықша сыйымды, артықша дәлелді. Неге десеңіз, марттың ескіше 9-ында, жаңаша 22-сінде күн мен түн теңеледі, қыс өтіп жаз жетіп, шаруа кенеледі. Қыс бойы ақ кебінін жамылып өлім төсегінде жатқан табиғаттың, жанды-жансыздың тірілуі кімнің болса да көңіліне шаттық беретіні анық болса, тіршілік жағынан қыстың өтуіне, жаздың жетуіне қазақтан артық тілектес, қазақтан артық қуанатын ел жоқ деуге саяды» [4, 334 б.] – деп тұжырымдаған еді.
Сонымен қатар, Міржақып Дулатовтың «Сарыарқа» газетінің 1918 жылғы 9 наурызда жарияланған (№33-ші нөмер) мақаласынан үзінді келтірсек:
«Жаңа жыл құтты болсын!
Бүгін 9-шы мартта қазақша жыл басы – наурыз туды. Наурыз жалғыз қазақ-қырғыздың ғана мейрамы емес, бүкіл түрік жұртының жаңа жылы, ұлт мейрамы. Жер жүзіндегі ұлылы-кішілі, өнерлі-өнерсіз, дінді-дінсіз жұрттардың бәрі де өздерінше жаңа жылын, ұлт мейрамын мейрамдайды. «Санасызға күнде мейрам, күнде той» деген секілді. Жұрт болған соң күнде сауық, күнде мейрам қыла бермейді. Әр жұрттың мерзімді уақытта келетін мейрамдары болады. Өткен өмір, келер үмітті еске түсіріп қуана білмеген жұрт да, қайғыра білмеген жұрт та жұрт емес.
Бұрынғы ата-бабаларымыз наурыз туғанда бастарын қосып, құшақтасып көрісіп, қуанысып, бірін-бірі наурыз көжеге шақырып жүріседі екен. Жастар бір келкі ойын ойнап, ат шаптырып, сауық-сайран қылады екен. Заман ауырлап өзгерген сайын халықтың көңілі де жабыңқы тартып, бұрынғыдай ойын-сауық азайуға айналды. Сондықтан наурызды жұрт тегіс майрам қылудан қалыңқырап бара жатыр еді. Соңғы жылдарда біздің қазақ-қырғыз һәм өзге түрік қауымдары да наурызды тірілтіп, бұрынғыдай мейрам қыла бастады.
Наурыздың мейрамдығы адам, хайуан, жанды-жансызға бірдей секілді. 9-шы мартта күн мен түн теңеледі. Қабағы қатыңқы ызғарлы қыстың жүйесі босап, жан-жануар жайланып, арқасына шуақ, бауырына қара жер тиіп, дүниенің тұмары алынғандай болады. Қар еріп, жер жұмсап, егін-шөп, орман-тоғай тірілуге қамданғандай болады. «Наурызда Самарқанның көк тасына шейін ериді» деген сөз осыған ... болса керек.
Наурыз біздің жаңа жылымыз, ұлт мейрамымыз еді. Бүгінгі күнді қызық пен ойын-сауық, айт пен тойдай қылып өткізетін жөніміз бар еді. Бірақ бұл наурыз біздің қуанышты күнімізге емес, қайғылы күнімізге қарсы келіп отыр. Төрт жылдан бері жердің жүзін қанға бояған сұрапыл соғыс анау! Бұл соғыстың әлегінен Жетісу, Сырдария облысындағы бауырларымыз ашаршылыққа, қырғынға ұшырап отырғаны мынау! Бостандық туып, әр жұрт бұрынғы құлдықтан, қорлықтан, зорлықтан құтылдық, енді өз тізгінімізді өзіміз алып, автономиялы халық боламыз деп отырғанда наурызды мейрамдайтын түрік руларынан Түркістан, Башқұрт, Қырым, Еділ ноғайларының һәм біздің Алаштың қандай күйде отырғанын көріп тұрмыз. Сондықтан бұл наурызды қуаныш пен қарсы алмай, қара тұтып өткізгелі отырмыз.
Тек Алладан тілейміз: өткен жыл өзімен кетсін. Жаңа жыл құтты болсын. Жаңа тілегіміз қабыл болсын. Алашқа құт-береке, бақ-абырой бірлік орнап, келер наурызды қуанышпен көруге жазсын.
Наурыз құтты болсын, Алаш!».
Қазақ халқының наурызды айрықша күтуі көшпелі өмірмен де байланыстырылады. Міржақып Дулатов болмашы боранға, жауын-шашынға, топтанған бұлтқа, ауысқан желге, керек десе, жаңа айдың қалай туғанына шейін қазақтың зор мағына беруі әшейін еріккеннен тапқан ермегі емес, қыстың ауыр, я жеңіл өтуінен тіршілігі өзгеретін, жеңіл болса – құт, ауыр болса – жұт болатындығын байқаған тәжірибеден шыққан нәрсе екендігін жазды. Сондай-ақ, «Соңғы жылдар қазақтың шаруасын күйзелтіп, байтақ елі ашаршылыққа ұшырап, ойын ойнап, тойын тойламақ түгіл, барар жер, басар тау таба алмай дағдарған еді. Енді, шүкір, аздап заман түзеліп, шаруасы оңалуға айналғаннан кейін, жұрт алдырмай-шалдырмай аман-есен жазға жетіп отыр. Сондықтан бұл Наурыз ел-елде қуанышпен қарсы алынып, шаруаның бір малы екеу болып, көңілі өсіп, жасы үлкендер құшақтасып көрісіп, жаңа өспірім жас буын қуанысып күлісіп, жанның бәрі дүнияға жаңа келгендей мәз-мейрам болса керек.
...малын аман сақтау үшін қысқы аязда, ызғырық боранда бейнет шегіп, еңбек сіңіріп, малымен бірге жатып, бірге тұрып, бірге жүріп, бірге ығып, қыс қандай қысылса, жаз сондай жазылатын, жадырайтын шаруашыл, еңбекшіл қазақ қыстың өткеніне, жаздың жеткеніне қалайша өзгелерден артық қуанбасын, жаздың басы жаңа күн – Наурызды, қалайша мейрам етпесін», [6, 334 б.] – деп жазған еді..
Біздің халық арасында наурыз тойында «Самарқанның көк тасы жібиді»-деген де түсінік бар. Мәшһүр Жүсіп Көпейұлы қыста ірімшік пен майдан жасап, қарын-қарын жент жасалатындығын, ал ол қатып тұрған женттің Самарқанның көк тасы жібігенде өзінен-өзі балқып босайтындығын, өзі сол дәстүрді көріп, наурызды бастаған кісі екендігін де жазған еді. [2, 245 б.]
Наурыз келер түнi Қызыр баба әр үйді аралайды деген де сенім болған. Үй иелерi бар ыдысты аққа, суға, «ырыс толсын» деп дәнге, «жауын-шашын көп болсын» деп бұлақ суына толтырып, наурыздың бірінші күнiнде қар жауса «ақша қар», жаңбыр жауса «нұр жауды» деп ырымдаған. Наурыз күнi көзi ашылған бұлақтың суы сарқылмайды, ал егiлген тал жемiсi мол болады деген, айта берсек жақсылыққа толы жақсы сенімдер болған.
Зиялылардың наурыз туралы жазбаларында жаңа жылды жыл сайын қуанышпен қарсы алу қажеттігі, еңбек етіп, келер жылдың қамын ойлау керектігі айтылып, сонымен қатар наурыздың шаруашылық өмір түйткілдеріне орай қалыптасқан мейрам екендігі де дәлелденеді.
Қазақ даналығы әрбір атқан таң шапағын қуанышты көңіл-күймен қарсы алу формуласымен баласын тәрбиелеген. Адам баласына жақсылық жасап, шапағаты тисе қуанған. Сөзімізге ел арасынан шыққан мақал-мәтелдер, даналық сөздер дәлел болады. Сондықтан да, бұрынғы заманның адамдары рухы биік, ерік-жігері жоғары, кез келген ситуацияда шешім табуға бейім болғандығы да рас. Қазіргі кезеңдегі жастар арасындағы суицид және өзге де жаман қылықтардың көбеюінің бір себебі ұлттық мінездің өзгеріске ұшырауынан да болуы ықтимал. Қит етсе психолог іздеу, отбасы кикілжіңі, бірін-бірі еш аяусыз ұрып соғу, жаман, жауыз істерді қуаныш ретінде телефондарына түсіріп, жұртқа тарату және т.б. тексіз қылықтар адам рухының әлсіздігінен, адам мінезінің тайғақ, құбылмалы болу себебінен туындайды. Оның басты себебі, баланың уызынан мейірімге қанбауы және т.б. Әрине, бұл тақырып та жеке зерттелінетін мәселе.
Сонымен, наурыз ұлттық мейрам. Жаңа жыл. Жақсылықтың, ізгіліктің, қайырымдылықтың, бір сөзбен айтқанда адамның әлемді, табиғатты түсінуге деген, адамның өз болмысынан ажырамауға деген ұмтылысының символы. Наурыз мерекесінде наурыз көже пісіріп, бір-біріне қонаққа бару ғана емес, рухани, жан тазалығына ерекше мән берілген. Мәселен, наурыз күні қателік жасаған адамдар өз кінәсі үшін кешірім сұрап, қатесін түсініп, өкінгендерге кешірім беретін күн де болғандығы ел арасында айтылады.
Наурыз мейрамы адам болмысын паш етеді. Адам болмысы қоршаған ортамен, табиғатпен өзара үйлесімділікте, бір-бірімен ізгілік қарым-қатынаста өмір сүруімен айқындалады.
Наурыз мейрамы табиғаттың адамға деген мейірімділігін, адамның табиғатты құрметтеуін, адам баласының бір-бірін қадірлеуін көрсетеді.
Құралай СӘРСЕМБИНА,
тарих ғылымдарының кандидаты,
Ш.Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтының Астана қаласындағы филиалы
Пайдаланылған әдебиеттер:
1.https://informburo.kz /Наурыз. Шәкәрім мен Мәшһүр Жүсіп қай күнді мерекелеген? 2019.- 22 наурыз /қаралған мерзімі: 10.03.25
2.Көпейұлы М.Ж. Ит дүние. Таңдамалылары. Алматы: Халықаралық Абай клубы, 2008.-416 б.
3.Магия навруза. /Сост.: Абдулло С., Алматы, 2007.-312 с.\
4.Қазақ/Құраст.: Субханбердина Ү. және т.б. Алматы: «Қазақ энциклопедиясы», 1998.-560 б.
5.ҚР ҰҚК АМА. Қ. 9. Т.1. Іс 305.81-87 пп.
6.Дулатов М. Шығармалары. Алматы: Ана тілі, 2010.-400 б.

1199 рет
көрсетілді0
пікір