- Мақала
- 31 Наурыз, 2025
ҰЛТТЫҚ ҚҰРЫЛТАЙ: УАҚЫТТЫҢ МЕЖЕЛІ СӨЗІ

«Біз үшін ешкім елімізді дамытып, көркейтіп бермейді. Қазақстан өз азаматтарымызға, яғни бізге ғана керек. Біз өз мүмкіндігіміз бен күш-қуатымызға арқа сүйеуіміз қажет. Сондықтан ұлт ретінде алға басуға не кедергі болса, соның бәрінен арылып, сапалы ұлт болуға тиіспіз.
Елімізді жаһанға жайылып келе жатқан өзгерістерге дайындап, Қазақстанды кез келген сын-қатерге төтеп бере алатын қуатты мемлекет етуіміз керек. Бұл – менің Президент ретіндегі басты миссиям. Бұл – тұтас ұлтымызға ортақ маңызды міндет».
Қасым-Жомарт ТОҚАЕВ
Сұлу Көкше жерінде, еңселі Бурабай төрінде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың қатысуымен кезекті Ұлттық құрылтай өтті. Басқосуда Президент заңдық-құқықтық тұрғыдан шешімін табуы тиіс бірқатар түйткілдерге тоқталды. Бұл орайда біз Ұлттық құрылтайда айтылған бірқатар мәселелер жөнінде зиялы қауымның пікірін білген едік.
Жұлдыз СҮЛЕЙМЕНОВА, Парламент Мәжілісінің депутаты:
Тиімді шешімдер қабылдайтын кез
Бурабайда өткен Ұлттық құрылтайдың IV отырысында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев білім мен ғылым саласындағы өзекті мәселелерге кеңінен тоқталып, бұл саланың ел болашағы үшін маңыздылығын ерекше атап өтті. Президент еліміздің дамуында адами капиталдың негізгі рөл атқаратынын айқындап, білім мен инновацияға негізделген жоғары технологиялық экономиканы құру – мемлекеттің стратегиялық мақсаты екенін жеткізді. «Біз еліміздің әлеуетін нығайта түсуіміз керек, яғни азаматтардың мұң-мұқтажына құлақ асатын және ең бастысы, мәселені тиімді шеше алатын әлеуеті мықты ел болуымыз қажет. Сондықтан білім мен инновацияға негізделген дамыған әрі жоғары технологиялық экономика құруға тиіспіз. Мұның бәрі азаматтар үшін жасалады. Себебі адам – біздің мемлекетіміз үшін ең басты құндылық», – деді Мемлекет басшысы.
Бұл ой білімді ұрпақ тәрбиелеу мен инновациялық экономиканы дамыту – Қазақстанның жаһандық бәсекеге қабілеттілігін арттырудағы басты факторлар екенін тағы да дәлелдейді. Президент өз сөзінде Қазақстан жастарының сапалы білім алуы үшін мемлекет тарапынан ауқымды жұмыстар атқарылып жатқанын атап өтті. Соның ішінде:«Ұлттық қор – балаларға» бағдарламасы – әрбір жас қазақстандықтың қаржылық тұрақтылығын қамтамасыз етуге бағытталған стратегиялық бастама. Бұл бағдарлама өскелең ұрпақтың ертеңгі күнге деген сенімін нығайтып, олардың сапалы білім алып, өз әлеуетін толық іске асыруына мүмкіндік береді.
«Келешек» бағдарламасы – білім алуға мүмкіндік. Тегін орта білім – мемлекет жастардың білім алуына барынша қолдау көрсетіп, олардың дағдыларын жетілдіруге жағдай жасап жатыр. Жоғары білім саласындағы мемлекеттік гранттар мен стипендиялардың көтерілуі – жастарға сапалы білім алуға, сұранысқа ие мамандықтарды игеруге, олардың еңбек нарығындағы бәсекеге қабілеттілігін арттыруға ықпал етеді.
Жас ұрпақ – ел болашағы. Президент атап өткен бастамалар – Қазақстанның жас буынға жасап отырған жан-жақты қолдауының айқын көрінісі. Мемлекет тек білім берумен шектелмей, жастардың кәсіби дамуына, экономикалық тұрғыдан өз әлеуетін толық іске асыруына, табысты болашағын қалыптастыруға жағдай жасап келеді.
Білім – мемлекеттің ең маңызды капиталы. Білікті мамандардың, заманауи технологияларды меңгерген жастардың, озық идеялар негізінде дамыған экономиканың болуы – Қазақстанның әлемдік аренадағы бәсекеге қабілеттілігін арттыратын басты фактор. Елдің ертеңі – білімді, ең бастысы тәрбиелі ұрпақтың қолында!
Асқар Исмаилов, мұнай-газ саласының сарапшысы:
Ядролық энергетика агенттігін құру – уақыт талабы
Мемлекет басшысы Ұлттық құрылтайда «Біз үшін ел экономикасының ондаған жыл бойы қарқынды дамуына берік негіз болатын жаңа энергетика саласын қалыптастырудың стратегиялық маңызы бар. Мен, дәл сол себепті, Қазақстанға бір емес, үш атом электр стансасын салып, ақырында толыққанды ядролық кластер қалыптастыру қажет деп есептеймін. Осы міндеттің айрықша маңызды екенін ескеріп, мен Президент жанындағы Ядролық энергетика агенттігін құру туралы шешім қабылдадым» деді.
Президент энергетика саласын кешенді түрде, жан-жақты ойластырып дамыту қажеттігін атап көрсетті. Елімізде электр энергиясына тапшылық бар екені белгілі, сондықтан да былтыр атом электр стансасын салу жөнінде шешім қабылданды, референдум өткізілді. Мәселен, Қазақстанда дәлелденген мұнай қоры 2060 жылға дейін жетеді. Алайда осы уақытқа қарай мұнайдың бар көлемі ішкі сұранысты қанағаттандыруға ғана жұмсалады. Сондықтан да еліміз өзінің стратегиясын жан-жақты ойластыруы, жаңа жағдайға бейімдеуі керек. Бұл жаңартылатын энергия көздерін дамытуды, сутегі энергетикасын, электр энергиясын экспортқа шығару қажеттігін білдіреді. Бұл үшін еліміздің энергетика стратегиясында ауқымды құрылымдық реформалар жүргізу қажет. Энергетика саласын басқаруды модернизациялау Қазақстанға ағымдағы жағдайға бейімделіп, әлемдік энергобаланстан өз орнын табуға көмектеседі.
Президент Қазақстанда бір емес, үш атом электр стансасы салынатынын айтты. Саланың қызметін үйлестіру және белсенді ету үшін Ядролық энергетика агенттігі құрылатынын, ол тікелей Президентке бағынышты болатынын мәлімдеді. Біз бұл жөнінде көптен бері айтып келеміз. Агенттік атом өнеркәсібін жаңа стратегиялық сала ретінде түрлі бюрократиялық кедергілерсіз дамытуға мүмкіндік береді. Өйткені атом өнеркәсібі дамыған елдерде ядролық энергетика саласы елдің жоғары басшылығына тікелей қарайтын жеке орган арқылы басқарылады.
Бұл атом энергетикасының стратегиялық маңыздылығына, ядролық қауіпсіздікке қатыстылығына, озық технология екеніне байланысты. Халықаралық міндеттемелерді де естен шығаруға болмайды. Мысалы, Францияда Атом энергиясы жөніндегі комиссариат (СЕА) жұмыс істейді, ол ядролық зерттеулер мен атом технологияларын әзірлеуде жетекші рөл атқарады. АҚШ-тың Ядролық қауіпсіздік жөніндегі ұлттық әкімшілігі (NNSA) ядролық материалдарды әзірлеуге, оның қауіпсіздігін қамтамасыз етуге және таратпауға жауап береді. Қытайдағы Атом энергиясы жөніндегі ұлттық агенттік (САЕА) тікелей ҚХР-дың Мемлекеттік кеңесіне бағынады және атом саласының қызметін үйлестіреді. Президент Қ.Тоқаевтың Ұлттық құрылтайда Ядролық энергетика агенттігін құру туралы шешімін жариялауы біз күткен жаңалық болды. Ең бастысы – елді электр энергетикасымен үздіксіз, тұрақты қамту, инфрақұрылымдық коллапсқа жол бермеу қажет.
Халық саны өсіп келеді, жаңа өндірістік қуаттар пайда болып жатыр, олардың барлығы электр энергиясын талап етеді. Жаңа агенттік атом энергетикасы саласының қызметін жандандыратын және ядролық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге ықпал жасайтын орган болады деп санаймыз.
Жанарбек ӘШІМЖАН, Парламент Мәжілісінің депутаты:
Дипломы бар, жұмысы жоқ жастар азаяды деп ойлаймын
Көкшетау алабында өткен Ұлттық Құрылтайда Президент Қасым-Жомарт Кемелұлы қоғамдағы негізгі өзекті мәселелерге арнайы тоқталып өтті.
Сапалы салық жүйесі болашақ ұрпақтың жақсы өмір сүруіне тікелей әсер ететін экономикалық фактор. Қазір елімізде мемлекеттен қаржылай қолдау тауып, кәсібін дөңгелетіп отырған ірі бизнес өкілдері салықтан жалтару үшін бизнестерін боршалап жатқаны бар. Президент өз баяндамасында Салық кодексіне жедел түрде тиісті түзетулер енгізу арқылы осы олқылықтардың орнын толтыруды тапсырды.
Кинотеатрда көрсетілетін фильмдердің ішінде зорлық-зомбылықты, қатыгездік пен қылмысты насихаттайтын туындылардың көбейе бастағанына алаңдаушылық білдірген мемлекет басшысы отандық фильмдерді кинопракатқа шығармас бұрын алдын ала сүзгіден өткізу жолдарын қарастырған жөн, – деді.
Шынында соңғы жылдары фильмдердің еш сүзгісіз үлкен экранға шығарылып, қалың халыққа жол тартуы көрермендердің талғамын төмендетіп, этика-эстетиканың қадірін кетірді.
Мәжіліс отырысында біз де Президент назар аударған осы мәселені депутаттық сауал ретінде Үкімет басшысына жолдаған болатынбыз.
Бұл бағыттағы Президент тапсырмасын салалық министрліктермен бірлесіп, сапалы орындауға бар күшімізді салуға дайынбыз.
Құрылтай барысында Қасым-Жомарт Кемелұлы «Тәрбиесіз берілген білім – адамзаттың қас жауы». Сондықтан біліммен қатар тәрбиеге айрықша назар аудару өте маңызды деді.
Соңғы уақытта айналамызда болып жатқан қатігездіктер, трагедиялық жағдайлар өскелең ұрпаққа біліммен қатар тәрбиенің де маңызы жоғары екендігіне көз жеткізді.
Былтыр мектептерде «Біртұтас тәрбие» бағдарламасы қолға алынды. Бағдарламаны қабылдау – істің басы ғана. Енді жаңарған құжатты еліміздегі барлық мемлекеттік білім ошағына енгізу керек. Бағдарлама атауын «Адал азамат» ретінде қалдыруды жөн санайтындығын жеткізді. Кәсіби техникалық колледждер жаңа мамандықтарға сұранысты және еңбек нарығындағы жағдайды ескеруге тиіс. Үкімет осы мәселемен мұқият айналысуы керек. Қостанайдағы колледждің тәжірибесін солтүстік аймақтарда кеңінен қолдану қажет. Бұл аймақтардың еңбек нарығында теңсіздік одан әрі ушыға түсуге тосқауыл болады, дейді мемлекет басшысы.
Барлығымызға белгілі ЖОО мен колледждер маман даярлауда еңбек нарығын ескере бермейді. Бұл олқылықтың орнын толтыру үшін кейінгі жылдары академиялық еркіндік алған оқу орындары жұмыс берушілердің сұранысына сай маман даярлау тәжірибесін қолға алғаны белгілі. Ендігі жерде Президент тапсырмасына сай еңбек нарығын мұқият ескерсе, дипломы бар жұмысы жоқ жастар азаяр деп ойлаймын. Мемлекет басшысы Абай Құнанбайұлының 180 жылдығына орай Абай институтының жұмысын жүйелеуді жүктеді. Осыдан бес жыл бұрын Семейдегі абайтанушы ғалымдармен кездесуде берген тапсырмасының негізінде цифрлық платформа форматында іске қосылған бірегей жоба толыққанды мәдени-ағарту мекемелеріне айналса, аталған құрылым Конфуций, Сервантес, Гете институттары сияқты жұмыс істемек.
Құрылтайда бұдан өзге білім беру, туризм, экология, бұқаралық спорт, шалғай ауылдардағы шекаралық аймақтарды дамыту, т.б. көптеген мәселелер сөз болды. Оның жүзеге асуы тиісті ведмстволардың басшылары мен қызметкерлеріне тікелей байланысты.
Бердібек Бияров, С.Аманжолов атындағы ШҚУ-дың қауымдастырылған профессоры, филология ғылымдарының кандидаты:
ОЙҒА КЕЛГЕН АТАУДЫ ОЙЛАНБАСТАН ҚОЯ САЛУ – ҮЛКЕН КЕМШІЛІК
Бүгінде топонимдер еліміздің тыныс-тіршілігіне қажетті бағыт-бағдар беретін таңбалық қызметінен басқа үлкен қоғамдық-саяси маңызға ие болып отыр. Өйткені жер-су аттары адамзат қоғамында ғана пайда болып, өмір сүріп, қызмет ететіндіктен, сол қоғамда болып жататын өзгерістерден тыс қала алмайды. Президенттің ономастикалық мәселелерді Құрылтайда сөз етуі осының айғағы. Жер-су аттарының ұлттық рәміздерге тең маңызы бар. Қазақстанның физика-географиялық, саяси карталарында мемлекеттік тілдегі атаулардың тұруы рәміз емей немене?
Ономастикамызға ұлттық сипат, келбет беру үшін, ең алдымен кірме атауларды, екінші идеологиялық тұрғыдан ескірген топонимдерді ауыстыруды жалғастыру керек.
Қазақ халқы ежелден көшпелі өмір сүргендіктен, жер-су аттары ерекше маңызды факторға айналған. Әр атауда ұлттық дүниетаным, психология, салт-дәстүрдің кумулятивті түрде жинақталып жатуы өз алдына, әр атау жер бедерін өте жоғарғы дәлдікпен белгілеуді мақсат еткен. Сондықтан тарихи атаулар өте бағалы құндылықтар қатарына жатады. Тарихи атауды қандай атақты адамның атына болсын, қандай әдемі сөзге болсын айырбастауға болмайды. Біздің міндетіміз – ең алдымен, осындай тарихи топонимдерді іздеу. Тарихи атты тауып, заңды орнына қайтару топонимдерді реттеудің ең оңай да жеңіл жолы болып табылады. Қасым-Жомарт Кемелұлының «тарихи әділдік болсын» деп айтып отырғаны осы.
Адам есімдері жалқы есімдердің антропонимика деген саласына жатады, ал жер-су аттары топонимика деген саланы құрайды. Заман өткен сайын атақты адамдар пайда болады, ал жер енді өспейді. Ондай кісі аттарын жер-суға, елді мекенге бере берсек, антропонимдер көп ұзамай-ақ топонимдерді ығыстырып шығарады. Біздің картамыз қаптаған кісі аттарынан ғана тұратын болады.
Ол дұрыс бола ма? Оның үстіне, адам есімінен жасалған ойконимдер эстетикалық жағынан да, қолдануға ыңғайсыздық жағынан да көптеген қиындықтар туғызады.
Мысалы, «Пәленбай батыр атындағы ауыл» деген ойконим географиялық, саяси карталарда, пошта жүйесінде жақсы көрініс бере ала ма?
Адам есімдері тәрбиелік мақсатта көшелерге, мектептерге, мекемелерге ғана жарасады, алайда Президент, соның өзінде, адам есімдерін мұқият тексеріп барып беруді орынды ұсынып отыр. Ал адам есімін жер-суға, елді мекенге ұсынуды үзілді-кесілді тоқтату керек.
Қорыта келгенде, топонимиканың заңдылығын білмегендіктен, ойға келген атауды ойланбастан қоя салу барлық облыстарға тән «ауру» болып отыр. Мұндай кемшіліктерді болдырмау үшін, бәріне ортақ ономастикалық заңды қайта қарап, оның орындалуын талап ету керек.
Баубек НӨГЕРБЕК, кинотанушы:
Қазақ киносы халықаралық деңгейде танылуы керек
Президент 14 наурыздағы Ұлттық құрылтайда отандық кино туралы айтты. Бұл орайда кинотанушы маман ретінде келесі тақырыптарға басымдық беру керек деп есептеймін:
– тарихи мұра және ұлттық сана бірегейлігін бейнелейтін фильмдер, атап айтқанда Көне түркі қағанаты, Алтын Орда дәуірі, Тәуелсіздік жолындағы күрес, ХХ ғасырдағы саяси қуғын-сүргін мен ашаршылық тақырыптары, Тәуелсіздік кезеңіндегі тарихи оқиғалар (Желтоқсан көтерілісі, Семей полигонының жабылуы, т. б.).
– Қазақ мифологиясында қорқынышты фильмдерге, мистикалық триллерлерге негіз бола алатын көптеген материал бар (кейіпкерлер, аңыздар). Бұл жанр қазір жастар арасында сұранысқа ие.
– қазақ комедиясы көбінесе жеңіл әзілдерге негізделген. Бірақ терең әлеуметтік сатира, тек күлкі ғана емес ой салатын интеллектуалды комедиялар көрерменді тарта алады.
– қазақ киносы ғылыми-фантастика жанрында айтарлықтай дамыған жоқ. Алайда бұл жанрдың әлеуеті зор (Болашақ Қазақстан туралы, жасанды интеллект туралы фильмдер).
– сондай-ақ қазақ спортшыларының жетістіктерін насихаттайтын фильмдер аз. Бұл тақырып та кино саласында кеңінен дамуы керек (спорттық драмалар, шынайы оқиғаларға негізделген фильмдер)
– қазақ киносында балаларға арналған сапалы анимация мен көркемсуретті фильмдер өте аз.
Балаларға ұлттық құндылықтарды қызықты әрі заманауи форматта ұсыну маңызды. Қорытындылай келе, қазақ киносы тек тарихи тақырыптармен не болмаса заманауи комедия жанрымен шектелмей, әлеуметтік проблемаларға назар аударып, жанрлық әртүрлілікті дамытуы қажет. Бұл қазақ киносының халықаралық деңгейде танылуына және отандық көрерменнің қызығушылығын одан ары арттыруға септігін тигізетіні сөзсіз.
Дайындаған: Дина Имамбай, Назым ДҮТБАЕВА

1255 рет
көрсетілді0
пікір