- Заманхат
- 14 Сәуір, 2025
СӘТБАЕВ САКУРАСЫН ҚАЙТА ОТЫРҒЫЗУ – ҒЫЛЫМ МЕН ТАРИХҚА ҚҰРМЕТ

12 сәуір – Ғылым қызметкерлері күніне орай ҚР Президенті жанындағы Ұлттық ғылым академиясының ішкі ауласында «Сәтбаев сакурасы» қайта жаңғыртылып, екі сакура ағашы (Kanzan, Kiku-Shidare) отырғызылды.
Салтанатты рәсімге белгілі академиктер, депутаттар, жапон елінің делегация мүшелері, ғылыми қоғамдастық өкілдері мен демеуші кәсіпкерлер қатысты. Бұл ағаштар жапон азаматтары атынан қазақ ғалымы Қаныш Сәтбаевқа деген құрмет пен разылық үшін жіберілген.
«Сәтбаев сакурасының» тарихы жөнінде «Ақиқат» журналының 2024 жылғы сәуірдегі санында Аспандияр Өмірбековтің мақаласы шыққан болатын. Онда былай делінген: «Кеңес үкіметі мен Қазақстан басшыларынан осы сакура ағаштарын Қазақстанның Ғылым академиясы жанына отырғызуды сұрап, өтініш жазылған хат қоса тіркелді. Сәтбаевтың құрметіне академияның жанына тігілген үш сакураның екеуі жайқалып өсті. Алайда 30 жылдан кейін бұл екі ағаштың тарихынан хабарсыз басшылар қос сакураны кесіп тастауға шешім шығарды».
Елімізде ғылым саласының жандануы және Ұлттық ғылым академиясының мемлекеттік мәртебеге ие болуы арқасында ғылым мен ғалымдарға құрмет қалпына келтірілуде.
Ұлттық ғылым академиясының ішкі ауласында ерекше символдық мәнге ие «Сәтбаев сакураларын» жаңғырту рәсімі – қоршаған ортаны қорғауға үлес қосу ғана емес, сонымен қатар еліміздің ғылым тарихына құрмет пен тағзым белгісі.
Дина Тазабекқызы

652 рет
көрсетілді0
пікір