• Мақала
  • 23 Сәуір, 2025

ӘКЕ МЕН БАЛА: ҰРПАҚТАР САБАҚТАСТЫҒЫ

Биыл тұңғыш рет аталып өтіп жатқан 23 сәуір – Ұлттық кітап күніне орай және Абайдың туғанына 180 жыл, Тұрағұл Абайұлының туғанына 150 жыл толуына орай ҚР Ұлттық кітапханасы Сирек кітаптар мен қолжазбалар қызметі «Әке мен бала: ұрпақтар сабақтастығы» атты абайтанушы ғалымдармен ғылыми-танымдық жүздесу өткізді.   

Жүздесуге Халықаралық ТҮРКСОЙ ұйымының сарапшысы, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, профессор Серікқазы Қорабай, филология ғылымдарының кандидаты, «Almaty» телерадиокомпаниясы бас директорының бірінші орынбасары Базарбек Атығай және Абай атындағы ҚазҰПУ, әл-Фараби атындағы ҚазҰУ студенттері мен кітапхана оқырмандары қатысты.

Ғылыми-танымдық шара  алғаш рет аталып өтілетін «Ұлттық кітап күні» күні аясында кітап оқу мəдениетін қалыптастыру, оқырманның оқу белсенділігін арттыру, кітапқа жəне кітап оқуға деген қызығушылықты қолдау, өскелең ұрпақтың мəдени жəне рухани білімін арттыру, сонымен қатар, қазақ әдебиеті мен мәдениетінің ұлы тұлғасы Абай мен қайраткер Тұрағұлдың өмірі мен шығармашылық мұрасын жас ұрпаққа таныту және көзқарақты оқырманды оның даналығы мен гуманизмінен үлгі алуға шақыру мақсатында ұйымдастырылды.

Профессор Серікқазы Қорабай «Абай оқыған кітаптар» жөнінде айта келіп, ұлы ойшылдың дүниетанымына ықпал еткен басылымдарға кеңінен тоқталды.  

«Абай мен  Тұрағұл мерейтойы – жай ғана күнтізбелік дата емес. Бұл – ұлттық ой-сананың, сөз өнерінің, ізгілік пен парасаттың ұрпақтан ұрпаққа жалғасу үлгісі. Әке мен бала арасындағы рухани жалғастықтың символы – Абай мен Тұрағұл. Абай – қазақ халқының мәңгілік ұстазы, дана ойшылы, адамзаттық деңгейдегі гуманист. Ол артына өлмес мұра қалдырды. Ал сол мұраны алғаш жинақтап, ұлтқа қайта алып келген, терең түсіндірген тұлға – оның ұлы Тұрағұл Абайұлы. Тұрағұл Абайұлы тек Абайдың баласы ғана емес, оның шығармашылық мұрасының алғашқы насихатшысы, әдебиетші, аудармашы, мемуаршы және ұлт зиялысы. Оның «Әкем Абай туралы» естелігі – ұлы Абайды бізге жақындата түскен алтын көпір», – деді С.Қорабай.

 Тұрағұлтанушы ғалым Базарбек Атығай Тұрағұл Абайұлының өмірі мен шығармашылығын тілге тиек етті.

 – «Әке – асқар тау» деген ұғым қазақ үшін терең мағынаға ие. Абай мен Тұрағұл – осы ұғымның жарқын үлгісі. Бірі – дана, бірі – дара. Бірі – ілім нұрын жаққан, бірі – сол нұрды жалғаған. Абай мен Тұрағұлдың өмірі – рухани сабақтастықтың айқын көрінісі. Әкенің сөзі – баланың ұранына, әкенің ізі – баланың жолына айналған тағылымды тағдыр, – дей келе, Абай       ұрпақтарының ХХ ғасыр басындағы қуғын-сүргін кезінде көп зардап шеккенін айтты.

Ұлы ақын мұрасының бүгінгі заманға жетуінде Тұрағұлдың орны ерекше. Алайда ақынның ұлы қысталаң заман қиындығын бір кісідей бастан кешкен. Оның сүйегі жатқан қорым кейін сүріліп, орнына өндірістік мекеме салынған. Базарбек Атығай тұлға өмірінің осындай ауыр тұстарына да тоқталды.

Іс-шараға қатысушы студенттер ғалымдарға сұрақ қойып, Абай Құнанбайұлы мен Тұрағұл Абайұлының өмірі мен шығармашылығы туралы құнды ақпарат алды. Жиынды жүргізген Сирек кітаптар мен қолжазбалар бөлімінің қызметкері Ертай Біләл викториналық сұрақтар қойылып, жеңімпаз қатысушыларға кітап сыйлады. Абай әндері әуелеп, Тұрағұл өлеңдері оқылды.

Мерекелік іс-шараны ҚР Ұлттық кітапханасы Сирек кітаптар мен қолжазбалар қызметінің жетекшісі Гүлшат Мәсәлімқызы қорытындылады.

«Мұндай тағылымға толы кездесу хакім Абай мен Тұрағұл Абайұлының мұрасын тереңірек зерттеу, оның шығармашылығын насихаттау және жастарды оның гуманистік идеяларымен таныстыру жолындағы маңызды қадам. Себебі, Абайдың даналығы мен Тұрағұл шығармашылығындағы құндылықтарды заманауи қоғамға жеткізудің мән-маңызы жоғары. Бұл оқырманның зердесін оятып, таным көкжиегін кеңейтеді. Өйткені мыңмен жалғыз алысқан Абай өмірі, оның өшпес мұрасы кейінгі ұрпақ үшін асқақ рух пен кемел парасаттылықты үздіксіз дәріптеудің жарқын үлгісі болары сөзсіз», – деді Г. Абикова.

Жүздесу барысында оқырмандарға қос тұлғаның сирек қорда сақталған еңбектерінен құнды мәлімет беретін танымдық көрме таныстырылды.

 

Дина Имамбай

 

 

 

347 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

AQIQAT №1

30 Қаңтар, 2025

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Дәуіржан ТӨЛЕБАЕВ

«Ақиқат» ұлттық қоғамдық-саяси журналының Бас редакторы