• Ел мұраты
  • 24 Ақпан, 2025

Қаламның көркем жемісі

 

Қазіргі аға буын қаламгерлерде екі ғасырды өзара сабақтастыра алатын ғаламат қасиет бар. Олар тарихқа айналған ХХ ғасырдың соңы мен жаңа ғасыр әдебиетін егіздестіре, үзеңгілестіре қалам тербеп келеді. Сондай әдеби сабақтастықтың тамырын тереңге жайған қаламгер, белгілі жазушы, халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының иегері – Нағашыбек Қапалбекұлы. Жазушы өткен ғасырдың сексенінші жылдары қолына қалам алып,  бүгінгі күнге дейін талмай тағылымы мол дүниелерімен қазақ рухын суарып келеді. Жетпіс бесінші көктемін жадырай қарсы алған жасампаз жазушының қаламы несімен құдіретті, көркемдік әлемі несімен сиқырлы?

Әдебиетте ең басты киелі тетік – көркем тіл. Оқиға, тартыс, сюжеттік күтпеген бұрылыстар көркем туындының тек қаңқасы ғана. Тілсіз шығарма мақау адам сияқты. Ішіндегісін ақтарып айтуға қауқарсыз күйде құр күбірлейді. Осы ретте ақын Олжас Сүлейменовтің мына пікірі тіл ұшына оралады: «Әдеби шығарманың мазмұны қоғамдық санадан нәр алып, тіл арқылы жүзеге асады». Нағашыбек жазушының прозасында өмір шындығынан негізін алып, әдеби тіл арқылы айшықты көрініс тапқан айрықша қасиет бар. Жазушы Жүсіпбек Аймауытовтың «Әдебиет – ұлттың жаны» деген ұлағат сөзі баршаға аян. Ұлттың жанына айналатын әдебиет терең сырлы, көркемдік тұрғыдан алуан қырлы болуы шарт. Міне, қаламгер әлемінде бүтін ұлттың жаны болуға лайық биік көркемдік қуат бар. Жазушы өзінің шұрайлы да кестелі тілімен қандай тақырыпқа барса да, кеңінен көсіліп, қазақтың дарқан даласындай айтпағын емін-еркін аңдатады. Сұлу тіл шебер қиюласқан оқиғаларды барынша безендіріп, оқырманның көңіліне алуан түрлі ой тастайды, ізгі қасиетке бастайды. Суреткер кейіпкер портретін бейнелеуде ерекше толымдылық танытады. «Беторамал» әңгімесіндегі Бектасов кейіпкердің портреті мінезімен астаса берілген: «Сұңғақ бойлы сымбатты жігіт еді, уақыт қоя ма, кішірейіп, еңкіш тартыпты. Толқын-толқын қап-қара шашын артқа сілкіп тастап, сөйлеп бір кеткенде бүкіл аудитория тым-тырыс, ұшқан шыбынның ызыңы естілмейтін. Міне, қазір сол бұйра шаштан жұлым да жоқ, түгел ағарып кеткен басына қарап, «кәрілік бұл кісіге де жеткен екен-ау» деп ойладым». Кейіпкер портретінің образды ашуға тікелей ықпалы барын ескерсек, мұндай толық портрет арқылы кейіпкерін оқырманның көз алдына тұтастай ұсыну – Нағашыбек қаламының бір көркем қыры. Ол кейіпкер образын жетілдіруде авторлық баяндаулармен кейіпкердің жан әлемін ашып, көп сөзділікке ұрынбайды. Сөз саптасы мығым, сөздері әбден екшелген, мағыналық дәлдікте қолданылған. Аталған әңгімедегі Бектасовтың мына сөзі оның бүкіл ішкі болмысын, күйзелі мен дағдарысын мейлінше ашқан: «Өрттей едім, өзімнің теріме өзім сыймай, бықсып жанып, мүлде сөніп, суық күлге айналып бара жаттым ғой». О бас­та жалын атқан адамның күлге айналған кейпі, кейіпкердің тұлғалық өшуі сенімді берілген. «Қара шаңырақ» әңгімесіндегі басты кейіпкер Мақсаттың портреті өзге кейіпкер аузымен былай айшықталған: «Мақсат аға қандай керім, көркем: мойылдай толқын-толқын шашы қандай, жарқыраған кең маңдайлы, сымбатты, ірі тұлғалы, нағыз нарқасқа, жігіттің сұлтаны ғой». Жеті атасын жаттамай өсіп, білместікпен немере қарындасы Жанарға үйленген Мақсатты автор осылай әдемі портретте ұсынып отыр. Сұлу тәннің ішкі болмысын тексіздік құрты мүжігенін шебер қаламгер осылай тереңнен аңдатады. Бір ғажабы – табиғат көріністері кейіпкердің жан-дүниесімен ұштасып, араласып кеткен. «Беторамал» әңгімесіндегі өмірден торыққан Бектасовтың қыз-күйеуінің үйіне бара жатқан сәтіндегі ауа райы былайша бедерленген: «Қара қатқақ, қақылдаған әзірейілдей қара күз, бұлыңғыр дала, қара бураша қабат-қабат түнерген бұлттар да толғақ қысқан әйелдей теңселеді». Рухы сөнген Бектасов пен түнерген күзгі дала образдық сипатта өзара сарындасып жатыр. Жазушы суреттеген табиғат келбеті кейіпкердің ішкі әлемін аша түсуге орынды жұмсалған.

Нағашыбек қаламының көркемдігінің тағы бір қыры – прозаны поэтикалық үйлесімділікте әдемі өре білетіндігі. Құрмалас сөйлемдерінің етістіктері өзара ұйқасып келіп, үндестік сипат табады. «Қара шаңырақ» әңгімесіндегі Жауынбай кейіпкердің сөзі: «Ар-ұяттан өртеніп торығып тұрмын, зорығып тұрмын». Осы әңгімедегі немере ағасына «байқамай» тұрмысқа шыққан Жанардың лебізі: «Махаббат – тағдыр, махаббат – өрт, махаббат – кейде айықпас дерт». «Сакура гүлдегенде» хикаятындағы басты кейіпкер Бектастың сөзі: «Өрттей шалқыған алақұйын сезімімді түгел жаулап алған тәтті де сәтті шұғылалы сәттерім қандай еді, шіркін!» Бектастың ғашығы Вераны сипаттаған тұсы: «Маған ай аялап, күн шуағына шомылдырып берген ол басыма қонған бақыт құсы еді ғой!» Шешен сөйлеп, шешіле тіл қатқан кейіпкерлер – Нағашыбек қаламының көркем жемісі.

Жазушы тілінің аса көркемдігінің тағы бір көрінісі – сөзді талғап қолданып, аз сөзге көп мағына сыйғызып, құрылымы айқын, тілге, ойға бірден сіңіп кетерліктей мәйектілігінде. Осы қасиеті үшін де Нағашыбек қаламгердің мақал-мәтел, нақыл сөз етіп алуға сұранып тұрған бір топ сөздерін екшеп алдым. Әр алуан шығармасынан іріктеп алған мақал табиғатына жақын сөйлемдер мыналар: «Тәтті өмірдің сұрауы қатты», «Зұлымдық – сұрқияның досы», «Ақшалы еркек қартаймайды», «Мейірімін жоғалтқан жан кісілігінен де тұттай айырылады», «Махаббат – тағдыр, махаббат – өрт, махаббат – кейде айықпас дерт», «Жара бет жазылар, қарғыстанған қарабет ешқашан жазылмайды». Бұл мысалдардан жазушы тілінен халық мақал-мәтелдеріне тән ықшамдылық, терең астарлы ой, лексикалық бай табиғаты көзге ұрады.

Көрікті ойдың ажарын ашар кестелі тіл қандай көркемдік тәсілдермен құлпырып тұр? Жазушының кітаптарын оқи отырып, қаламына баяндау мен суреттеу әдістерін жұптап қолданатынын аңғардым. Жазушының жиі пайдаланатын көркемдік әдісі – әңгіме ішіндегі әңгіме. «Қара шаңырақ», «Беторамал», «Сакура гүлдегенде», «Жер жүрегі» туындыларында басты кейіпкердің аузына салынған әңгіме негізгі оқиға діңін құрайды. Автор көріктеу мен ажарлаудың, құбылтудың сан түрін ұтымды қолданып, сөз кестесін арттыра түседі. «Үрей» әңгімесі «Қабағы қалың суық күз» деп суреттей баяндаудан басталса, «Жер жүрегі» хикаяты «Сіздің үш ай ғана өміріңіз қалды. Тіпті сұрап қоймадыңыз ғой. Ғалымжан Жартыбаев мұны естігенде, жүрегі тас төбесіне шығып, қураған шөптей қуарып, сылқ ете түсті», – деп тұтқиыл оқиғадан, кейіпкер сөзінен басталады. Суреткердің көркемдік тұрғыда шеберлігінің тағы бір қыры – ол бір ғана көркемдік тәсіл шеңберінде шырмалып қалмайды, әр шығармасында түрліше көркемдік құралдарды жүйелі қолданып, бір туындысынан келесісіне шығармашылық сипатта тыңнан түрен салады.

Көркемдіктің үш қырында сәулетті сарайдай көрінген Нағашыбек тілі нені бейнелеуге жұмсалған? Әрине, ұлттық құндылықтардың қадірін білуге, тіл мен тек, дін мен діл, ата дәстүр мен жеті ата негіздерін үйренуге шақырады. «Сакура гүлдегенде» хикаятындағы өзге ұлтпен неке құрмау туралы идея «Жер жүрегі» хикаятында жүйесін тапқан. Демек, жазушы өзінің қазағына бар даусымен айтпақ болған ақиқатын бір шығармасында ғана шырайландырып қоймай, сол кесек идеяны ары қарай жаңа туындысында жасандыра түседі.

Нағашыбек әлемі – көркемдігімен көңілді баурап алатын, терең тағылымымен жүректі жаулап алатын, шынайы әрі сұлу әлем. Мінсіз сұлулығымен көздің жауын алады, ірі пайымдарымен толғандырады, өйткені ол – ұлттық әдебиеттің жаны, адамдықтың мәңгі үзілмес әні

Айзат РАҚЫШ,

          ҚР Мәдениет

 саласының үздігі

14 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

AQIQAT №1

30 Қаңтар, 2025

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Дәуіржан ТӨЛЕБАЕВ

«Ақиқат» ұлттық қоғамдық-саяси журналының Бас редакторы