- Мақала
- 28 Сәуір, 2025
ӨТКЕННІҢ ҒАНА ЕМЕС, БҮГІННІҢ ДЕ, БОЛАШАҚТЫҢ ДА ШАМШЫРАҒЫ

Аңдатпа: Бұл мақалада Ұлы Отан соғысының қаһарманы, әскери қолбасшы әрі жазушы Бауыржан Момышұлының өмірі мен қызметі тарихи және әдеби деректер негізінде сараланады. Мақаланың мақсаты – батырдың тұлғалық болмысын, әскери стратегиясын және рухани мұрасын бағалап, бүгінгі ұрпаққа тигізер тәрбиелік ықпалын көрсету. Авторлар архивтік деректер мен газет материалдарына сүйене отырып, қазіргі қоғам үшін тарихи жады мен отансүйгіштік тәрбиенің маңыздылығын негіздейді.
Қазақ халқының тарихында ел үшін ерен еңбек еткен, жанын қиған батырлар аз емес. Бірақ солардың арасынан өз дәуірінде ғана емес, уақыт шеңберінен шығып, ұлттың рухани темірқазығына айналған санаулы тұлғалар бар. Солардың бірі – Ұлы Отан соғысының қаһарманы, әскери стратег, жазушы, қоғам қайраткері Бауыржан Момышұлы. Ол — жай ғана әскери батыр емес, ұлттың ішкі қуатын, менталитетін, намысын, жігерін бойына тоғыстырған рух иесі. Оның өмірі – тек соғыс шежіресі емес, ұлттық рухты қалыптастырудың, отансүйгіштікті оятудың, тәртіп пен парасатты ұштастырудың жарқын үлгісі.
Елден Әлімханның «Егемен Қазақстан» газетінде жарық көрген мақаласында Бауыржан Момышұлы «Алаш идеясының алтын көпірі» деп аталып, оның рухани биігі мен азаматтық болмысы терең сипатталады. Бұл — бейнелі теңеу ғана емес, тарихи шындықтың дәл өзі. Өйткені Бауыржан тұлғасы Алаш зиялыларының рухын XX ғасырдағы күрескерлікпен жалғастырған, ұлттық идеяны майдан даласында да, бейбіт өмірде де қорғаған ерекше болмыс. Бүгінгі жаһандану дәуірінде, жас ұрпақтың көзқарасы технологияға, ал көңілі тез өзгеретін трендтерге байланған сәтте, Бауыржан Момышұлындай тұлғаны үлгі ету — аса маңызды. Оның «тәртіпке бас иген құл болмайды» деген сөзі – заманауи өмірдің әр саласына, әсіресе жастар тәрбиесіне тікелей қатысты. Ол айтқан ұстанымдар – әскери доктрина ғана емес, ұлттық тәрбие жүйесінің алтын қазығы. Өз қолжазбасының бір тарауында «Жігіттің жауынгерлік қасиеттерін тәрбиелейтін қазақ халқының ардақты дәстүрлері» деп атаған екен. Оның пікірінше тәрбиелік, әдеп, ана сүтімен бірге сана-сезімге сіңіп дағдыға айналуы қажет. Өнегелі тәрбие алған адам адамгершілік, отанға деген сүйіспеншілік, әділдік сынды адамдық қасиеттерді бойына сіңіреді. Оның да көздегені сол еді. Бауыржан Момышұлы артында қалған ұрпақтың әр қадамы ізеттілікке, әрбір сөзі парасаттылыққа толы болса екен деп тіледі.
Бауыржан Момышұлы 1910 жылы Жамбыл облысы, Жуалы ауданында дүниеге келген. Ол еңбекке ерте араласып, мұғалімдік және әскери салада қызмет етті. Ұлы Отан соғысы басталған тұста ол 316-атқыштар дивизиясының құрамында Мәскеуді қорғауға аттанды. 1941 жылғы Волоколамск түбіндегі шайқаста ол басқарған батальон үш тәулік бойы жаумен соғысып, ерлік танытты. Соғыстан кейін Бауыржан Момышұлы «Соғыс психологиясы» атты еңбегін жазып, адамзат тарихында сирек кездесетін әскери-психологиялық тұжырымдаманы ұсынды. Бұл туынды соғыстың тек физикалық емес, рухани, моральдық майдан екенін дәлелдеді. Ұлт тарихына, мәдениетіне құрметпен қарауды пір тұтты. Сондықтан сонау соғыс жылдарының өзінде халқы үшін күресті және жауынгерлердің ерлігін есте қалдыруды да мақсат етті. Ер ерлігін ұмыт қалдырмауды міндет тұтқан ол өз ойларын қағаз бетіне түсіріп жүруді парыз санады. Осындай биік мақсаттан туған - «Ұшқан ұя», «Артымызда Москва», «Жауынгердің тұлғасы» атты шығармалары тәрбиелік мәнге ие құнды мұралар. Бұл еңбектер жас буынға рухани тәрбие берудің ерекше тәсілі ретінде бағаланады. 2020 жылы «Қазақ әдебиеті» газетінде жарық көрген мақаласында оның педагогикалық қыры кеңірек талданады. Онда: «Бауыржан Момышұлы – тәрбиеші, идеолог, жазушы ретінде де жастардыжігерлендірді» деп жазылған. 1944 жылы академия залында 6 күн бойы үзіліссіз 5 сағаттан ғылым мен өнер саңылақтарының таңдаулы, іріктеліп, екшеленген тобына әңгіме дәріс сабағын өткізуі оның педагог ретінде мәртебесінің биіктігін айқындайды. Дәріс барысында Б.Момышұлы:«Бүгінгі әңгімеміздің мақсаты да сол – із қалдыру. Менің айтқандарымның ішінен біреулерге бір жері, екіншілеріне – екінші жері ұнауы мүмкін, сондықтан мен тыңдаушылардың ыңғайына қарай бейімделгім келмейді. Егер бұл жерде айтқандарымның бір проценті болса да біздің ісіміз үшін пайдаға асса мен дән разымын». Бұл – қайсарлақтың ғана емес, шындыққа деген адалдықтың айғағы. Ол сөздің адам санасына әсер ету қуатын тереңінен түсінген. Сәйкесінше, сөзіне сән емес, мән дарытқан.
Қазақ тарихында шындық пен ерліктің шекарасын батырлар сөзімен емес, ісімен сызып кеткен тұлғалар санаулы. Солардың бірі – Бауыржан Момышұлы. Оның батырлығы – ресми марапатқа емес, ел жадындағы ұрпақ шежіресіне сүйеніп өсіп келе жатқан рухани мұра. Мәскеу үшін шайқас кезінде көрсеткен табандылығы, сарбаздарына деген әкелік қамқорлығы – бүгінгі офицерге де, ұстазға да үлгі. Ол ешқашан жалған пафоспен сөйлемеген. Сөзінің салмағы – оқтың дауысынан күшті еді.Момышұлын көзі тірісінде шеттеткен кеңестік шенеуніктер оның әділеттілігі мен туралығынан сескенген-ді. Бірақ уақыт ақиқаттың бетін ашты. Қазір Бауыржан Момышұлы жайлы жазылған шығармалар мен түсірілген деректі фильмдердің саны артты. Бірақ солардың көбі батырдыңшынайы болмысын емес, сыртқы бейнесін сипаттаумен шектеліп жатады. Ол – батыр ғана емес, терең ойлы ұстаз, жауынгер психолог, шындықтыңүнін жеткізген жазушы. «Момышұлы мұрасы – жас офицерлердің тәрбиеқұралы» атты мақалада автор былай дейді: «Бүгінде академияда әскерикурсанттарға Бауыржанның батальон басқару әдісі жеке пән ретіндеоқытылуы – оның стратегиясының өміршеңдігін дәлелдейді». Бұл – тарихи тұлғаға деген құрметтің белгісі ғана емес, ұлттық қауіпсіздік пен рухани тәуелсіздіктің дауысы іспетті.
Рухы биік ел – тарихына иек артқанел. Бүгінгі таңда Бауыржан Момышұлының өнегесін тек ескерткішке қарап емес, оның сөзі мен еңбегін оқу арқылы ұғынатын уақыт жетті.
Ұлттың жадында мәңгі өмір сүретін тұлғалар бар – Момышұлы солардың алдыңғы шебінде. Біз оны ұлықтап қана қоймай, оның ішкі рухына үңілебілсек, ұлт болып жаңғырамыз.
Жаңа идея ретінде қазіргі білім беру жүйесіне Момышұлының шығармаларын арнайы курс ретінде енгізу қажет деп санаймын. Себебі жастарға ұлттық тәрбие мен жеке жауапкершілік мәселесінде маңызды бағыт береді.Зерттеу сұрағы бойынша, Бауыржан Момышұлының өмірлік жолы – бүгінгі қоғамда моральдық құндылықтар мен тәртіп дағдарысына қарсы тұратын идеал. Ол тек майдан даласында емес, бейбіт өмірде де ұлтқа қызмет етудің үлгісін көрсетті. Оның шығармаларындағы тәрбиеге, жауапкершілікке, әділдікке құрылған ойлар – қазіргі жастардың бойына сенім мен адалдықты сіңіруге көмектеседі.Бүгінде қоғамда рухани бағдар жетіспей тұрған кезеңде, Момышұлының сөзі мен ісі ұлттық құндылықтарымызды сақтауда бағдаршам іспетті. Оның «Тәртіпке бас иген құл болмайды» деген сөзі бүгінгі жастар үшін өте маңызды.
Қарыштап дамып келе жатқан заманда ұлттық болмысты сақтау — ұлт тағдырының алтын арқауы. Осы тұста Бауыржан Момышұлы — тек бір дәуірдің ғана емес, тұтас ұлттың рухани тұғырына айналған дара тұлға. Оның өмір жолы — тәртіп пен табандылықтың, парасат пен пайымның, ерлік пен елжандылықтың нақты көрінісі. Бүгінгі ұрпақ батырдың сөзі мен ісінен үлгі алса, елдік пен егемендік баянды болары сөзсіз.Бауыржан Момышұлы — ерлік пен адалдықтың, рух пен тәртіптің, ұлтқа деген сүйіспеншіліктің мәңгілік символы. Ол — шынайы тұлғаның өлшемі. Оның өнегесі — ұрпаққа бағыт, ұлтқа темірқазық. Осындай ұлы бейнелерге қарап бой түзеу — ұлттық иммунитетті күшейтудің, елдің іргесін нығайтудың ең сенімді жолы.
Бүгінде әлемдік ақпарат ағынында адаспау үшін жастардың санасына ұлттық рухтың сәулесін құю — тарихи міндет. Бұл ретте, Бауыржан Момышұлы сынды тұлғалар — тірі шежіре, тірі идеал. Оның батырлығы — қолындағы қарумен емес, жүрегіндегі армен жасалған. Ал ар-ожданын ұлт алдындағы парызға айналдырған мұндай тұлғалар ғасырда бір туады.Сондықтан біз Бауыржан Момышұлын жаттап қана қоймай, жүрекпен ұғынып, күнделікті өмірімізге енгізуіміз керек. Себебі ол — өткеннің ғана емес, бүгіннің де, болашақтың да шамшырағы. Батырдың сөзі мен өнегесі — тек тарих сабағы емес, ұлттың өзін-өзі тану кітабы. Оны оқи алған ұрпақ ешқашан рухани жұтамайды.
Әл – Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің
1 курс студенттері: Советбек А.Т, Бейсенбай Н.Д
Ғылыми жетекші: Қозыбақова Ф.А.

221 рет
көрсетілді0
пікір