• Мақала
  • 02 Мамыр, 2025

Ұлтына қалтқысыз қызмет еткен ер Смағұл

Ертай БІЛӘЛ,
ҚР Ұлттық кітапханасы 
Сирек кітаптар мен қолжазбалар
бөлімінің қызметкері

 

 

«Жас Смағұл үздік туған бала екен,
                                                                         Байтақ елге асқар таудай пана екен.
                                                                         Сол баладан, сол панадан айырылған,
  Қайран қазақ, орны толмас жара екен!»
Мағжан Жұмабай

XX ғасыр басындағы Алаш кезеңінде қазақ елінің қоғамдық-саяси, мәдени-тарихи өміріне белсене араласып, ұлтына қалтқысыз қызмет еткен, аз ғұмырында өлшеусіз мұра қалдырып, халқының сүйіспеншілігіне бөленген қайраткер Смағұл Сәдуақасұлының ерен тұлғасы азаттықпен бірге қайта жаңғырып, тәуелсіз ұрпағымен қайта қауышты. Саяси тұлғаның қабілет-дарыны еліне деген сүйіспеншілігімен ұштасып, қарымды қаламгер, ғұлама ғалым, көшелі көсемсөзші, дарынды аудармашы, кемеңгер тұлға деңгейіне көтерілді. Тұтас дәуірдің ұлтшылы ретінде өз қатарластарымен бірге ізашар буынға да ықпал етті. Бодандағы халықтың рухын көтеріп, санасын сілкінткен ер Смағұл қазақ елін отаршылдық зәузатынан құтқарар жол – өнер-білімге ұмтылу екендігін анық түйсініп, халық арасындағы ағартушылықты насихаттау жұмысына парасат-пайымын, білім-білігін сарқа жұмсады. Қазақ әдебиеті мен мәдениетінің, ғылымының дамуына сүбелі үлес қосты. Сол себептен де ағартушының мұрасы бүгінгі таңдағы тәуелсіздіктің қажетіне жарауда, келешекте де маңызын жоймақ емес. 
Ал тұлға мұратына дербестік алқымында көз тастап, жан езгісіне тереңдей бойлау, шығармашылық мұрасын жан-жақты танып, насихаттау – тәуелсіз ұрпақтың асыл парызы, алдыңғы міндеті болса керек. Өйткені Смағұлтану саласының басында тұрған ғалымдар мен алаштанушы зерттеушілердің, тарихшы, әдебиетші мамандардың қажырлы еңбектері, тағылымды талдауларымен бірге қайраткер мұрасын көзінің қарашығындай сақтап, қал-қадерінше жас ұрпаққа насихаттаушы – тарихы терең Қазақстан Ұлттық кітапханасындағы Сирек кітаптар мен қолжазбалар бөлімінің еңбеккер кітапханашыларының қажыры ерен, қызметі кемел деп білеміз. Шынында қорға түскен асыл мұраны шаң-тозаңнан тазарту, сынын кетірмей сақтап, оқырманға ұсыну – кітапханашының міндеті болғанымен де, арзу еңбектің жарқын үлгісінен саналады. Қазіргі таңда бұл дәстүр сабақтаса жалғасып келеді. 
* * *
Алаш қайраткері Смағұл Сәдуақасұлы жастайынан қоғам ісіне, әдеби-мәдени қызметке белсене араласты. Әсіресе Смағұл Сәдуақасұлы «Сібір төңкеріс комитетіндегі (1920), Кеңестік Күншығыс ұлттары жастарының орталық бюросындағы (1920), Қазақ автономиялы республикасының Жастар одағындағы (1920), Қазақ ОАК-і президиумындағы (1920-1921), Бүкілресей ОАК-індегі (1920-1921), Семей губернелік төңкеріс комитетіндегі (1921),  Қазақ ОАК-нің Түркістан автономиялы республикасы өкілдігіндегі (1922), Қазақ автономиялы республикасы Жоспарлау комиссиясындағы (1923-1924), Халық ағарту комиссиясындағы (1920-1921) қоғамдық қызметімен бірге, «Жас азамат» (1918-1919), «Ұшқын» (1920), «Өртең» (1922), «Жас қазақ» (1923) газеттерін шығаруға атсалысты. «Еңбекшіл жастар», «Кедей сөзі», «Еңбек туы», «Еңбекші қазақ» (1921 жыл қаңтар-ақпан, 1925 жыл қаңтар – 1926 жыл сәуір), «Қызыл Қазақстан» (1924–1925 жыл) басылымдарында редакторлық еткен уақыты қайраткер болмысының шындалған кезі деп санаймыз [1.9].
Смағұл Сәдуақасұлы 1900 жылы Ақмола облысы, Шарлақ үйезі, Қараой болысы, Жарқын ауылында дүниеге келгені; әкесі Сәдуақастың хақ жолын ұстаған молда болып, кейінен репрессия құрбаны болғаны; 1916-1918 жылдары Омбы ауыл шаруашылығы училищесінде, 1918 жылы Омбы политехникалық институты жанындағы кооперация курсында білім алғаны; 1928-1932 жылдары Мәскеу теміржол құрылысы инженерлер институтын оқығандығы; 1918 жылы Ақмола облыстық жергілікті Жер басқармасы жанындағы 2 айлық қазақ оқытушыларын даярлайтын курста кооперация қисыны, табиғаттанудан, 2 жылдық қазақ курсында жаратылыстану һәм физикадан сабақ бергені және алаш қайраткерлерімен байланысы, қоғамдық-саяси қызметі, отбасы жөніндегі архивтік мәліметтерге кеңінен тоқталып, талдауды емес, тек қана көзіқарақты оқырман үшін тұлға ғұмырынан деректер бере отырып, қайраткердің ҚР Ұлттық кітапханасы Сирек кітаптар мен қолжазбалар бөліміндегі тарихи-танымдық мұрасының сипатына, сол сипаты арқылы еңбектерінің тарихи маңыздылығын талдауды ғана мақсат етеміз. 
* * *
Алаш қайраткері Смағұл Сәдуақасұлы мұрасын алғаш зерттеп, мұрасын жинақтаған академик Дихан Қамзабекұлы қайраткердің көзі тірісінде жарық көрген алты кітапшасы белгілі екендігін айтады. Олар: 
1. «Жастарға жаңа жол» (Орынбор, 1921);
2. «Кооперация һәм қазақ шаруасы» (Орынбор, 1924);
3. «Жастармен әңгіме» (Орынбор, 1925); 
4. «Салмақбайдың ауылында қалайша кооперация ашылды?»  (Орынбор, 1925);
5. «Ұлт театры туралы» (Қызылорда, 1926); 
6. «Қазақстандағы халық ағарту мәселелері» (Қызылорда, 1927) [1.10]. 
Ұлттық кітапхананың Сирек кітаптар мен қолжазбалар бөлімінде Смағұл Сәдуақасұлының жоғарыдағы еңбектерінің ішінде «Жастарға жаңа жол», «Ұлт театры туралы», «Қазақстандағы халық ағарту мәселелері» атты еңбектері мен «Жаңа мектеп», «Әйел теңдігі», «Жас қайрат», «Тілші», «Лениншіл жас», «Жас қазақ», «Жас азамат», «Жаршы», «Еңбек туы» басылымдарында жарияланған қоғамдық-саяси, мәдени-тарихи, әдеби бағыттағы мақалалары сақталған.
Мақаладағы кестеде Смағұл Сәдуақасұлы еңбектерінің сипаты берілген.  
Енді бұл еңбектердің әрқайсысына мазмұндық талдау жасасақ: 
«Ұлт театры туралы» – Смағұл Сәдуақасұлының 1926 жылы «Еңбекші қазақ» газетінде жарияланған театр мәселелері турасындағы мақалаларынан құралған кітапша.
«Ұлт театры туралы» – қазақ театртану саласының бастауында тұрған еңбек болуымен бірге, сол уақыттағы қазақ өнерінің беталысын аңдайтын көлемді толғам, таңдаулы еңбек. 
Алғашқы «Театр» бөлімінде автор: 
«Театр» дегенді елдің көбі білмейді. Театр – еуропа тілі, біздіңше айтқанда театр «ойын» деген сөз. Бірақ театр осы күнгі қазақтың алтыбақан тебетін ойыны сықылды емес. Театр – қазақтың қыз ойыны емес. Шілдеханасына да ұқсамайды. Театр деп қазақтың тойын, балуан күресін де айтуға болмайды. 
«Олай болғанда театр өмірде жоқ бірдеме шығар?» – дер біреу. 
Жоқ, олай да емес. Театр – өмірдің ойыны. Театр – тұрмыстың ойыны. Театрдың ішінде тойды да, шілдехананы да, қызық ойынды да көруге болады. Бірақ театр ойынының тәртібі өзгеше», – деп театр өнерінің айрықша сипатын қазақы таныммен салғастырады [2.5].
«Пьеса» бөлімінде автор: «Жүсіпбек Аймауытұлы, Сәкен Сейфоллаұлы, Қошмұхамбет Кемеңгерұлы, Мұхтар Әуез, Жұмат Шанин сынды драматургтерді «кәдуілгідей төселген» деп бағалап, Жүсіпбек Аймауытұлының «Сылаң қыз», Қошмұхамбет Кемеңгердің «Алтын сақина», Мұхтар Әуездің «Еңлік-Кебек», Сәкен Сейфоллаұлының «Қызыл сұңқарлар» атты пьесаларының артықшылығы мен кемшілігін сын таразысынан өткізеді [2. 5-6]. 
Сонымен қатар, Смағұл Сәдуақасұлы аталмыш еңбегінде театр әртістерінің шеберлігі мәселесінде: 
«Бірақ біздің ойнаушыларымыз әлі төселген жоқ. Жалпы көптің ішінен әлі шыққан жоқ. Біздің әртістеріміз әлі өздерінің жолын да нықтаған жоқ. Біздің әртіс әрі өлеңші (әнші) әрі ақын, әрі палуан, орысшалап айтқанда біздің әртіс операда қандай ойнаса, циркте де сондай ойнауға шамасы келеді. Кейде әртістеріміз пьеса жазушы да болып шығады», – деп кәсіби театр әртістері буынының қалыптаспай жатқандығына тоқталып өтеді [2. 13-14].
Автор қорытынды бөлімде «Ұлт театры қандай болуы керек?» деген сұрауға өзіндік ой үстейді:
– «Қазақстанның ұлт театры қазақ ұлтының бел баласы болу керек. Жалпы адамшылық мәдениеттің базарына біреуден ұрланды емес, өз өнерімізбен өз еңбегімізбен тапқан бұйымымызды апаралық»;
– «Бұл жерде орысқа еліктемеу керек. Орыс театры жасағалы жүз жылдан асты. Олардың тәжірибесімен біздікі бір емес. Театрымыз ашылмай жатып «орысшыласақ», біз көпке бармаймыз. Алғашқы кезде қазақшыламай іс өнбейді»;
– «Татар жазушыларының жаман әдетінің бірі – перевод. Соңғы жылдарда біз де тым переводтатып жібердік. Бірақ бұқара халық онымызды бірдей жылдам переводтай алмай қалды. 
– Сол секілді театрда да переводтай салудан сақтану керек. Біз бұл жерде жалғыз кітап көшіруді ғана айтпаймыз. Театрдың ішкі рухын көшіруді де айтамыз» [2. 21-22]. 
* * *
Смағұл Сәдуақасұлы аударма саласында да өнімді еңбек еткен. Мұның айқын дәлелі – 1932 жылы жарық көрген биология ғылымдарының докторы, профессор А.А. Целищевтен аударған «Ала өкпе» атты ветеринария саласына арналған кітабы. Еңбекте аталмыш аурудың пайда болуы, тарауы, белгілері мен күресу шаралары жайынан құнды мәліметтер берілген. Мәселен, ала өкпе дерті, жұғу реті турасында автор: 
 «Ала өкпе – жұқпалы ауру. Ала өкпемен ірі қара мал ауырады. Кейде түйе мен ешкі де ауырады. Адам мен басқа хайуандар ала өкпемен ауырмайды» [3.4].
«Ала өкпені жұқтыратын – ала өкпенің микробы. Малдың денесіндегі ала өкпе микробы әуелі өкпеден жабысып, өкпені улатады. Кеуде қабырғалардың ішкі көк еттерін суландырып, шалқайақтандырып жібереді. Ақырында малды әбден улатып, әлсіретіп өлтіреді», – деп тұжырымдайды  [3. 7-8].
* * *
«Жастарға жаңа жол» – Смағұл Сәдуақасұлының 1921 жылы Орынбор қаласында жарық көрген қазақ жастарына арналған еңбегі. Кітапта қазақ жастарының құқы, азаматтық ұйымдарға мүше болуы, іскерлік мәселесі көтерілген. Автор еңбектің жазылуына: «Соңғы уақыттарда жастардың оянғандығы біліне бастады. Ауылдарда жастардың ұйымдары ашылып жатыр. Бірақ жергілікті жолдастардан алған хаттарға қарағанда ашылған ұйымдар тек қағаз жүзінде ғана қалып жатқан түрі бар. Қолданарлық, мағлұмат аларлық әдебиеттің жоқтығы үлкен қиыншылық жасайтын көрінеді. Осы айтылған мұқтаждықты жою жолында азда болса себеп болар ма екен деген ниетпен бұл кітапшаны жолдастарымыздың алдына ұсынып отырмыз», – деп негізгі себебін көрсетеді [4.4]. 
«Қазақстандағы халық ағарту мәселелері» – Смағұл Сәдуақасұлының Халық ағарту комиссары ретінде қызмет атқарып жүрген уақытындағы (1927) баяндамаларынан құралған саяси еңбегі. Аталмыш еңбекте ағарту жұмыстарындағы оқулық мәселесінен балалар әдебиеті, бастауыш мектеп, тіл, оқулық, қаріп мәселелеріне дейін көтерілген. Мәселен, «Мектепке әйел балалар көбірек алынсын» атты тақырыппен жазылған баяндамада қазақ мектептердегі әйел оқытушылардың үлесі 100/11-ақ пайыз деп көрсетіп, негізгі мәселені: «Әлі күнгі ісімізде бұрын ел оқытушы мен молданы бір санайтын. Жабайы қазақтар әйелдердің, «қатындардың» бала оқытуын мүмкін деп ойламайтын. Осындай көзқарасты таза бітіру керек. Әсіресе, бұған оқытушылар күш салу керек. Қазақ оқытушыларының арасында әйелден оқытушы жоқ, оқытушы болуға әйелдік құдыретінен келмейді емес, қайта ауырлығы жоқ, оқытушылық әйелдерге сай қызмет», – деп дамыған Америка еліндегі мұғалім әйелдердің үлесі 100/90 % екендігін көрсете келе, қазақ мектептерінде де әйел мұғалімдердің үлесін көбейтуіміз керек деген тұжырым жасайды [5.14]. 
Смағұл Сәдуақасұлы Халық ағарту министрі болған уақытында оқу-ағарту, тіл, мектеп, оқулықтар мәселелерімен бірге сол уақыттағы надандық қамытындағы әдет-ғұрыптармен де күресті. Мәселен, 1925 жылы жарық көрген «5 лет Казахстана (1920-1925) юбилейный сборник» атты жинақта Смағұл Сәдуақасұлы «Декрет об отмене калыма у киргиз» атты қаулы қабылдауға қатысады. 
Қаулыға қол қойғандар: 
«Зам Председателя КЦИК С.Садвакасов, Зам.Пред.КСНК Мурзагалиев, Народный Комиссар Юстиции КССР Алибеков, Секретарь КЦИК Букейханов», – деп көрсетілген [6.67]. 
Қаулыда: 
1. «Калым» (выкуп за невесту), вносимый по обычаям киргизского народа женихом, его родителями, родственниками и свойственниками – родителям, родс­твенникам невесты – скотом, деньгами и всяким другим имуществом и устанавливающий обязательство выхода невесты замуж за этого жениха, – отменить. 
2. Сделки, договоры и соглашения о «калыме» признаются недействительными во всем их обьеме и никаких прав и обязательств ни для кого не порождают и не пользуются правом судебной защиты. 
3. «Калым» уплаченный до издания настоящего декрета независимо от того состоялся брак или нет, возврату не подлежит» деген өкімдер берілген [6.67-68]. 
Ал қаулының шығуы төмендегі мәселемен байланысты: 
«К числу таких пережитков относится «калым», унижающий честь и достоинство киргизской женщины и преврающий ее в рабыню. «Калым» способствует закреплению власти богатеев, ставя вопрос о браке в зависимость от материального положения человека» [6.67]. 
Әлбетте, аталмыш қаулының сыртқы мазмұны «қатқыл» үгіт болғанымен, ішкі мазмұны – қазақ әйелінің тағдырымен, азаттығымен байланысты екенін ескеруіміз қажет. Өйткені «әдет» деп, «ғұрып» деп надандық көзқараспен «тоғытылған» кейбір дәстүрлер қазақ әйелінің бостандығын шектегені рас. Тіпті, қараңғы халық мәпелеп өсірген аяулысын «қалың малға» өткізу үшін өсіретін болғаны да өтірік емес. Мұның шегі әдебиет пен мәдениеттегі қазақ оқығандарының жанкешті күресіне жалғасқаны баршамызға белгілі. Сондықтан да мұндай қаулыға терең байып пен сарабдал көзқараспен қарағанымыз абзал. 
1928 жылы жарық көрген «Год работы Казахского Высшего педагогического института» жинағында Смағұл Сәдуақасұлының «О значении ВУЗ-а для Казахстана» атты баяндамасы жарық көрген. Аталмыш баяндама ғасырға жуық тарихы бар қазіргі Абай атындағы ҚазҰПУ-дың тарихымен де желілес. Өйткені қазақ педагогикасының қарашаңырағына айналған университеттің бастауы Ташкент қаласында құрылған ПедВУЗ-бен тығыз байланысты. Сирек қорда аталмыш жинақтың түпнұсқасы сақталған. 
Аталмыш баяндамада Смағұл Сәдуақасұлы Қазақстандағы алғашқы университеттің ашылуы турасында төмендегідей пікір білдіреді: 
«Наконец, сегодня мы присутствуем на большом празднике для нас на торжественном открытии первого ВУЗ-а в Казахстане. Этот факт представляется мне делом настолько исторически важным, что я его, как событие, склонен сравнить только с фактом организации нашей автономии. Я убежден, что будущии историк Казахстана, безусловно, посвятит особую главу в своей книге – открытию первого Казахского ВУЗ-а» [7.23]. 
Сонымен бірге, автор: «Почему мы открываем в первую очередь ПедВУЗ?», – деп көпшілікке сауал тастап, баяндамада: «...Нам нужны вообще всякие работники. Нам нужны и агрономы и врачи и инженеры и т.д. Но в первую очередь в настоящее время казахские трудящиеся, массы нуждаются в педагогах. Хороший учитель – это альфа и омега нашего народного просвещения», – деп жоғарыдағы сауалға қатысты себепке тоқталады [7.26].
***
Қорытындылай келе, ҚР Ұлттық кітапханасының қызметкерлері Сирек кітаптар мен қолжазбалар бөліміндегі қазақ тілді кітаптарды ғылыми ортада  насихаттау мақсатында каталогтар дайындап, баспадан шығарды. Төмендегі дереккөздер мен kazneb.kz сайты арқылы сирек қордағы Смағұл Сәдуақасұлының баспа кітаптарын іздеп табуыңызға болады. 
1. Қазақ кітаптары: жиынтық каталог (1806-1917) / Құрастырған Ж.Н. Кәриева. – Алматы, 1998. – 177 б;
2. Араб графикасымен басылған қазақ кітаптарының каталогы (1841-1932) / Құраст: Н.М. Асқарбекова, Т.А. Замзаева. – Алматы, 2006. – 176 б;
3. Латын графикасымен басылған қазақ кітаптарының каталогы. 2 томдық / Құраст.: Н.М. Асқарбекова, Т.А. Замзаева. 1-т. (1928-1941). – Алматы, 2007; 2-т. (1928-1942). – Алматы, 2011. 
Сонымен қатар, алаш қайраткері Смағұл Сәдуақасұлының туғанына 125 жыл толуына орай Ұлттық кітапхананың Сирек кітаптар мен қолжазбалар бөлімі қызметкерлері «Ұлтының ұлы перзенті» атты тарихи-танымдық көрме ұйымдастырды. Көрменің мақсаты – сирек қор мұрасын насихаттау арқылы көзіқарақты оқырмандарды Смағұл Сәдуақасұлының қоғамдық-саяси өмірімен, тарихи-танымдық еңбектерімен таныстыру. Аталмыш көрмеде тұлғаның сирек кітаптар мен қолжазбалар қорындағы төте қаріппен жазылған еңбектері мен баспасөз беттерінде жарияланған мақалаларының түпнұсқалары қойылды. 
Бар болғаны 33 жыл ғұмыр кешкен алаш қайраткері Смағұл Сәдуақасұлының ескі басылымдарда жарияланған публицистикалық мақалалары мен кітаптарын түпнұсқада оқып, қоғамдық-саяси қызметі, шығармашылығымен етене таныс боламын деген оқырман бұл мұраны парасат ордасы – Ұлттық кітапханадан таба алады.  


Пайдаланылған әдебиеттер: 
1.Сәдуақасұлы С. Екі томдық шығармалар жинағы. 1-том. – Алматы: «Алаш», 2003. – 352 б. 
2.Сәдуақасұлы С. Ұлт театры туралы / Еңбекші қазақ. – Қызылорда, 1926. – 30 б. 
3.Сәдуақасұлы С. Ала өкпе. – Қызылорда, 1932. – 14 б.
4.Сәдуақасұлы С. Жастарға жаңа жол. – Орынбор: «Киргосиздат», 1921. – 76 б. 
5.Сәдуақасұлы С. Қазақстандағы халық ағарту мәселелері. Қызылорда: «Казгосиздат», 1927. – 29 б. 
6.5 лет Казахстана (1920-1925) юбилейный сборник. Кызылорда: «Казгосиздат», 1925. – 72 стр.
7.Год работы Казахского Высшего педагогического института. Ташкент: «Казпедвуз», 1928. – 106 стр. 

366 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

AQIQAT №1

30 Қаңтар, 2025

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Дәуіржан ТӨЛЕБАЕВ

«Ақиқат» ұлттық қоғамдық-саяси журналының Бас редакторы