- Мақала
- 02 Мамыр, 2025
Қазақ мемуарлық прозасындағы тұлға бейнесі

Халықтың құрмет тұтқан перзенттерінің ғибратты ғұмыры жайлы шығармалар жазу – мәдениеті озық елдердің ежелгі дәстүріне айналған. Қазақ әдебиетінде де мемуарлық прозалар бірсыпыра уақыттан бері жазылып, ел назарына ұсынылып келеді. Кез келген мемуарлық шығарманың идеялық негізі реалистік шынайы өмірге негізделген. Мұндай шығармаларды жазу кезінде авторға жүктелетін жауапкершіліктің де маңызы зор. Әсіресе, халықтың, ұлттың, мемлекеттің тарихы жайлы оқиғаларды жазғанда ең алдымен қаламгерге маңыздысы – шыншылдық.
Біз қарастырып отырған З.Қабдоловтың «Менің Әуезовім», Д.Қонаевтың «Ақиқаттан аттауға болмайды», Ө.Жәнібековтің «Тағдыр тағылымы» атты үш мемуарлық прозаға ортақ ерекшелік те осы. Мұндағы тұлғалар бейнесі қоғамдық-әлеуметтік, саяси-тарихи әділеттілік жолындағы қайраткерлік, ұстаздық іс-әрекеттері арқылы ашылып, сипатталған.
Жазушы З.Қабдоловтың «Менің Әуезовім» роман-эссенің (1997) қазақ әдебиетінде ерекше орын алатындығы сол, үздік туынды ретінде Мемлекеттік сыйлыққа ие болған еді. Мемуардың негізгі тәсілінің бірі нақты материалға, ақпараттарға, көрген-білген жағдаяттарға сүйене отырып жазу болса, З.Қабдоловтың бұл роман-эссені М.Әуезовтің өмірі мен шығармашылығын тұтастай қамтуды нысана етпегендігіне көз жеткіземіз. Автордың негізгі мақсаты – М.Әуезов туралы қолдағы бар материалдарды өз дүниетанымы тұрғысынан саралап, көркем бейне арқылы беріп, өмір суреттерін жан-жақты талдап, жинақтап, қорытындылау арқылы тұлға бейнесін жасап шығару. Туындының алғашқы тарауынан-ақ тұлға образы ашыла түседі. Автордың ұстазы М.Әуезовті алғаш көрген сәттегі оны суреттеуі оқырманға ерекше қызығушылық тудырады: «...Көрген жерден көзді арбап, көңілді қоса баурап әкететін ғажайып сурет – тағы да айтайын, – Әуезовтің өлшеусіз кең, керіле жарқыраған әжімсіз жазық маңдайы мен жалтыр төбеден тайғанай сусып барып самайға ұйлығып қалған – оң шекеде бір уыс, сол шекеде бір уыс – шөкім-шөкім көкала бұлт тәрізді көк мамық шашы. Сократ маңдай деген маңдай болады деуші еді, сол осы екен ғой деп сүйсіндім ішімнен, кеудемдегі күллі діріліммен түйсініп...» [1.14 б.]. З.Қабдолов роман-эссенің әрі кейіпкері, әрі баяншысы. Мемуарлық романда ұлы жазушының басынан өткен өмір өткелдері оның туындыларымен үндесе өріліп, тек образы ғана емес, суреткерлік, адами болмысы, тұлғалық бейнесі қатар жарасым тапқан. Мәселен, автор Әуезовтің бүкіл ғұмырлық еңбегін мына сөйлемдермен-ақ айшықтап берді: «Әуезов жиырмаға жетпей, отыздан өтпей әуезовтігін танытты. Бас-аяғы он жылда, өзгелерін өз алдына қойғанда, сөз өнерінің інжу-маржаны секілді үш көркем туынды берді. Алайда, амал қанша, сол үш туындының үшеуі де еңбектің зейнеті емес, бейнеті болып шықты: «Еңлік–Кебектен кейін ескішіл Әуезов, «Қарагөзден» кейін ұлтшыл Әуезов, «Қилы заманнан» кейін алашордашыл Әуезов сыннан сынға ұшырап, соққыдан соққыға жығылып, ақыр аяғында қасқа маңдайына «халық жауы» деген қара таңба басылды да, қамауға алынды...» [1. 212 б.]. Рас. Өз заманында Әуезов «халық жауы» болғанымен, уақыт өз шындығын мойындады. Бүгінде Әуезов – көрнекті қазақ жазушысы, ғұлама ғалым. Осы деталь арқылы мемуар авторы жазушы еңбектерінің қазақ әдебиетіндегі орнының маңызды екендігін көрсеткен. Автор туындыда ішкі монологқа беріліп, бас кейіпкер Әуезовтің өмірдерегіне, пьесаларына, әңгімелеріне, шоқтығы биік туындысы «Абай жолы» эпопеясына талдау жасап, сол арқылы жазушы сөздерінің ғибратын ашқан. Эпопеядағы Тоғжан, Шүкіман, Әйгерім бейнелеріне қайта айналып соғып отыру арқылы Әуезовтің жазу шеберлігінің жоғары екендігін айқындайды. Қорытындылай келе, З.Қабдоловтың «Менің Әуезовім» мемуар романында М.Әуезовтің жазушылығы, ұстаздығымен ерекше дараланған саналы ғұмыры шәкірт көзімен бейнеленген. Ғалым Г.Пірәлиева: «Адам өзінің жеке басының эстетикалық талғамына, дүниетану дәрежесіне, мінез-құлқына қарай адам таниды, қоршаған ортаға, табиғатқа, заттарға деген өзіндік көзқарасы, сүйіспеншілігі оянады. Міне, осының бәрі жазушының суреткерлік талғам-таразысынан өтіп, көркемдік жүйесінде талданады. Көркем шығармадағы өмір шындығы жазушы жанын әбден толқытып, тебіренткен, күйзелткен күйініш-сүйініші, бір сөзбен айтқанда, автордың шығармашылық тұғырнамасы әуелден белгілі», –дейді. [2. 270 б.]. Демек, ұлт үшін, халық үшін, қоғам үшін осынша ізгілікті ұғымдарды күллі өміріне серік ете білген ұлағатты тұлғаның дара жолы өскелең ұрпақ үшін аса қымбат қазына екендігі анық.
1992 жылы мемлекет қайраткері, қазақ халқының аяулы перзенті Д.Қонаевтың «Өтті дәурен осылай» деген атпен жарық көріп, кейіннен өзгертіліп, толықтырылған «Ақиқаттан аттауға болмайды» (1994 ж.) атты естелік-эссесіндегі сипатталған ірі тұлғалар бейнесінің тарихта маңызы зор. Бұл мемуар шығармада автор өз өмірінің беймәлім тұстарын ғана емес, Сталин, Маленков, Булганин, Хрущев, Косыгин, Андропов, Брежнев, Горбачев сынды ірі қайраткерлердің де көпшілікке белгісіз, жұмбақ сырларын ашып, елдің әлеуметтік, мәдени, экономикалық тыныс-тіршілігін жан-жақты баяндаған. Ғалым Н.Ақыш қазақ мемуарлық романдары туралы алғашқы монографияда мемуарлық туындылардың негізгі маңызын былай атап көрсетеді: «Мемуарлық туындылардың тарихи бағасын арттыратын елеулі факторлардың бірі – әңгіме болып отырған кезеңдегі тарихи тұлғалардың, белгілі адамдардың қандай деңгейде және қалай көрініс тапқандығы. Өйткені, бұл жанрдағы шығарма кейіпкері тек өзі туралы ғана айтумен шектеліп қалса, айтар ойдың әлеуметтік салмағы да күрт кеміп кетері даусыз», – дей келіп, мемуарлық шығармаға тән ерекшеліктің бірі де сол – автор өзінің көзі көріп, куә болған, күнделікті қоғамдағы тіршілік барысында ұшырасқан түрлі әңгіме, тосын оқиғаларды шынайы бейнелей білуде екендігін негіз етіп көрсетеді [3. 278 б.].
Д.Қонаев шығармасының мазмұны автордың қайраткерлік өмір жолындағы оқиғаларды әңгімелегенімен, өз заманындағы тарихи оқиғалардың куәсіне айналған адамдар туралы, соның ішінде мемлекет саясатына қатысы бар, белгілі бір із қалдырған жекелеген көрнекті тұлғалар турасында да бейнелеп, олардың образын аша түскен. Сол тарихи оқиғалар арқылы мемлекет ісінде түрлі маңызды шешімдер қабылдаған тұлғаның өз бейнесі де айқындалған. Мәселен, Д.Қонаевтың: «Бір ұртыңмен май шайнап, бір ұртыңмен қан жұтуға болмайды. Ақиқатын айтам деп, адалдықтан аттау келіспейді. Атқа мінген әкімнің үзеңгісін тең баспағанын бетіңе бассаң бас, бірақ тарихқа, тарихымен тағдырлас халыққа қиянат жасама», –деген пікірі арқылы тұлға образындағы ұлтқа деген құрмет, өз еліне деген сүйіспеншілік, асқан жауапкершілік сезімін бірден байқаймыз. [4. 217 б. ]. Естелік-эсседегі қарт коммунист, жан дүниені шымырлатып, асқақтар болса сабасына түсіріп, торыққан сәтте тоқтау айтып, жігерін қайрап, қайраттандыра білетін, тәжірибесі мен білімі қатар жүрген, сол кезде-ақ аты аңызға айналған құрылыс бастығы В.И.Иванов, тарихи туындылар «Алмас қылыш», «Алтын құс», «Жанталас», «Мұхиттан өткен қайық» сынды романдардың авторы, шығармашылықпен айналыса жүріп опера театрының, кейіннен Жамбыл атындағы филармонияның директоры болған, жазушы І.Есенберлин, 1966 жылдың сәуір айынан бастап КОКП Орталық Комитетінің жанындағы партиялық бақылау комитетінің төрағасы, адалдық, принциптілік, білімділік, кісілік сынды қасиеттерді бойына жинаған Арвид Янович Пельше сынды тұлғалар бейнесі арқылы да автордың өз портреті қалыптасып, оқырман санасында мемлекет қайраткерінің образы жақсы жағынан айқындала түскен. Автордың мемлекет ісіне қатысты түрлі тарихи оқиғалардағы іс-әрекеттері, оған қатысы бар адамдардың диалогтары, ұлт жанашыры ретінде образын аша түсетін штрихтар мемуарлық туындының салмағын көрсете білген.
Шығармада автордың тұлғалық бейнесі ашыла сипатталмаса да, әр тұсында жекелей өз алдына туынды етіп жазуға лайықты көптеген оқиғалар, талқыға түскен әлеуметтік-қоғамдық тартыстар кезіндегі маңызды шешімдерді қабылдауы, өзіндік тарихи орны бар замандастары алдындағы соны пікірлері арқылы айқындала түскен. Тарихи оқиғалардың куәгері ғана емес, белсенді, басты кейіпкері болған автордың бұл туындысы қазақ мемуар шығармаларының ішінде ерекше орын алатындығы анық. Басты кейіпкердің жеке тұлғалық бейнесін айқындауға қызмет ететін адамгершілік факторлар да әртүрлі сипатта көрінеді. Мемуарлық прозаның бас кейіпкері сөзсіз, негізінен, автордың өзі. Осы сипаттағы қай шығарманы алып қарасақ та, естелікті бірінші жақтан жазып отырған автор-кейіпкер түрлі оқиғалар мен тартыс арасында жүреді де, шешіміне байланысты жайларда өз жеке көзқарасымен бірге болмыс-бітімі де еріксіз ашылып, оқырманға сезіліп отырады. Яғни, автор – алдыңғы қатарда жүретін бас кейіпкер. Осындай туындының бірі – көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері, өнер зерттеуші ғалым, тарихшы-этнограф Өзбекәлі Жәнібектің «Тағдыр тағылымы» туындысы.
Ұрпақ, бала тәрбиесін жақсартуда, ұлттық мәдениетті дамытуда, қазақ халқының дәстүрлі өнерін әлемге танытуға зор үлесін қосқан қайраткердің бұл туындысында мемлекет жастарын игі істерге бастаған тағылымды жұмыстар, тарихи және мәдени ескерткіштерді есепке алу кезіндегі оқиғалар, әділет пен келешек қамы үшін жасаған істер автордың өз қаламынан шыққан ізгі шежіредей, әр сөзі тағылымға толы. Естелікте Ө.Жәнібековтің журналистке берген сұхбатынан оның қаншалықты мемлекет ісіне адал болғандығын, тұлға ретінде өз орнын қалыптастыра білгенін аңғарамыз: «...Халқым мен Отаным алдында арым таза. Жасым алпыстан асқанда бұрынғы идеалдарын өзгертіп, қайта түлеп шыға келетін адам емеспін. Өз басым шамам келгенше енді ғана қанатын қомдай бастаған Қазақстанның игілігіне қызмет еткенім хақ», – дейді. [5.204 б.] Бұл еңбекте автор Торғай, Арқалық, Алматы, Шымкент өңірлеріндегі оқиғалар, «Әзірет Сұлтан» қорығы, Шәкәрім Құдайбердіұлы, Ахмет Байтұрсынұлы, Мағжан Жұмабаев, Жүсіпбек Аймауытұлы, Міржақып Дулатұлының (Бес арыс) «ісіне» қатысты, Наурыз мерекесіне байланысты маңызды шешімдер кезеңіндегі тұлғалар образын сипаттай отырып, өзіндік портретін де айшықтай түскен. Автор бұл естелігі арқылы тарихқа жан беріп, кешегі күн туралы, ондағы тұлғалар бейнесі арқылы бүгінгі ұрпақ санасына тектілікті, қоғамға, халыққа, мемлекетке қызмет етудің адал жолын көрсеткен. Кез келген мемуарлық туындыдағы ұлт жазушылары айналып өте алмайтын халықтың салт-санасы, салт-дәстүрі, этнографиясы, ұлттық психологиясы тақырыбы да бұл туындыда кеңінен қозғалған. Яғни, Ө.Жәнібеков тарих белестерінде таңбаланып қалған, қалам ұшымен ешқандай өзгертуге келмейтін шындықтарды кестелей білген естелігінің мәдениетте де, тарихта да, әдебиет пен өнерде де алатын орны маңызды екендігі сөзсіз.
Қорытындылай келе, аталған үш туындының мемуарлық прозаға қаншалықты үлесі барын анықтау үшін алдымен екі негізгі факторға назар аударғанымыз жөн. Оның бірі – шығарма авторы өзі өмір сүрген қоғамда, кезеңде қоғамдық деңгейге дейін көтерілген тұлға болды ма, қай тұрғыдан, қаншалықты деңгейде халыққа еңбегін сіңіре алды деген мәселе. Яғни, шығарма авторы көпшілікке жақсы танылған тұлға болса, оның қаламынан туған туынды да оқырман санасын оята алатыны анық.
Екіншіден, бұл шығармалардағы қандай тарихи-қоғамдық, әлеуметтік-мәдени мәселелер көтерілген деген сауалдың да маңызы бар. Егер автор тек өзінің туып-өскен ортасы, тұрмыстық қана жағдайларды таныстырумен шектеліп, мемлекет, ұлт, халық, қоғам тарихына қатысты фактілер мен деректер келтірмесе, онда мемуарлық прозаның да салмағы болмайды. Мемуарлық туындыларда тұлғаларды бейнелеу, олардың тұлғалық қасиетінің ашылуы да үлкен жауапкершілікті қажет етеді. Біз алып отырған үш туындыдағы тұлғалар бейнесі қоғамда маңызды рөл атқарады. Яғни, аттары тарихи фактілер арқылы таныс адамдар туралы мемуардың беретін мәліметтері қалай болғанда да оқырман назарын аударатын деңгейге дейін жетіп, одан ары көтерілсе, шығарманың бағасы да, салмағы да арта түседі.
Аружан Ибатолла,
М.Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан университетінің магистранты
Рита Сұлтанғалиева,
жетекшісі, филология ғылымдарының кандидаты, М.Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан университетінің қауымдастырылған профессоры
Пайдаланылған әдебиеттер:
1.Қабдолов З. Шығармалары. – Алматы: «Қазақ энциклопедиясы», 2014. Т.6. «Менің Әуезовім» роман-эссе, «Мұхтар–аға» киносценарий. «Сөз сарасы» сыр мен жыр. – 320 б.
2.Пірәлиева Г. Көркем прозадағы психологизмнің кейбір мәселелері. – Алматы: Алаш, 2003 ж.
3.Ақыш Н. Қазақ мемуарлық романы. –Алматы: «Арда». – 2010. 416 б.
4.Қонаев Д. Ақиқаттан аттауға болмайды. Естелік -эссе. Ауд. С.Әбдірайымұлы. – Алматы: «Marfu Press», 2022. – 400 б.
5. Жәнібеков Ө. Тағдыр тағылымы. – Алматы, «Ozbekali Janibek» ҚҚ, 2024. – 472

295 рет
көрсетілді0
пікір