• Мақала
  • 02 Мамыр, 2025

ЖЕТІСУДАҒЫ АЛҒАШҚЫ ОРЫС МЕКТЕПТЕРІ

Патшалық Ресей билігі кезінде орыстандыру саясатының ең маңызды бағыттарының бірі білім беру жүйесі болды. Білім саласын орыстандыру «ағартушылық» ұранымен жүзеге асырылып, православие шіркеуі мен орыс мектептері арқылы кеңінен жүргізілді. Бұл саясаттың түпкі мақсаты қазақ халқын рухани және мәдени жағынан Ресей империясына жақындастыру, түптеп келгенде, оларды орыстандыру еді. Жергілікті халықтың ұлттық және діни бірегейлігін әлсіретіп, оларды империяға толықтай бейімдеу үшін мұсылмандық білім беру жүйесін шектеу және араб графикасын қолданыстан шығару шаралары жүргізілді. 
Орыстандырудың білім сала­сындағы негізгі бағыттары: православие шіркеуі мен миссионерлік мектептер арқылы ықпал ету. Православие шіркеуі қазақ даласында миссионерлік қызметін күшейтіп, арнайы мектептер ашты. Бұл мектептерде қазақ балаларына орыс тілінде білім беріліп, православиелік діни ілімдер оқытылды. Сонымен қатар, шоқындыру саясаты жүргізіліп, оны қабылдағандарға түрлі әлеуметтік жеңілдіктер берілді. 
Орыс-қазақ мектептерін ашу және қазақ тілін шектеу. Патшалық Ресей билігі қазақ жастарын империя мүддесіне бейімдеу үшін ХІХ ғасырдың екінші жартысында орыс-қазақ мектептерін ашты. Бұл мектептерде орыс тілі негізгі пән ретінде оқытылды, ал қазақ тілі мен әдебиеті шеттетілді. Ресей әкімшілігі болашақта қазақтарды толықтай орыс тіліне көшіріп, оларды өздерінің мемлекеттік және әкімшілік жүйесіне сіңіруді көздеді.
Дәстүрлі медреселер мен қазақы оқу орындарын шектеу. Қазақ даласында бұрыннан қалыптасқан діни медреселер мен жекелеген молдалар жүргізетін дәстүрлі оқу жүйесі патша үкіметінің қысымына ұшырады. Медреселер мен мешіттер бақылауға алынып, олардың қызметі шектелді. Қазақ балаларын діннен алыстату және орыс мәдениетіне жақындату мақсатында патша үкіметі медреселердің орнына орыс мектептерінің санын көбейтуге тырысты. 
Білім беру арқылы ассимиляция саясатын жүргізу. Орысша білім алған қазақ жастарының басым бөлігі патша үкіметінің әкімшілік құрылымына қызметке алынып, отарлық басқару жүйесінде жұмыс істеді. Олар көбінесе өз халқының мүддесін қорғауға емес, Ресей билігінің саясатын жүргізуге мәжбүр болды. Алайда, орысша білім алған қазақ зиялыларының бір бөлігі (Ахмет Байтұрсынұлы, Міржақып Дулатов, Әлихан Бөкейханов және басқалар) ұлттық сананы ояту жолында күресіп, халықты ағартуға күш салды. Білім беру жүйесін орыстандыру – Ресей империясының қазақ халқын рухани отарлау саясатының негізгі тетіктерінің бірі болды. Бұл саясаттың мақсаты қазақтарды өз тілінен, дінінен, мәдениетінен алыстатып, оларды Ресейдің ықпалына толықтай енгізу еді. Алайда, білім алу арқылы ұлттың санасы оянып, қазақ зиялылары ұлттық тәуелсіздік жолында күрес жүргізе бастады.
Жетісудағы ең алғашқы орыс мектебі 1850 жылы Қапал қаласында ашылды. Бұл мектеп Ресей империясының отарлау саясатының бір бөлігі ретінде ұйымдастырылды және оның басты мақсаты қазақ балаларын орыс тіліне, мәдениетіне және дініне бейімдеу болды. Қапалда ашылған алғашқы орыс мектебінен кейін өлкеде орыс тілі мен дінін насихаттау қарқынды түрде жүргізілді. Білім беру жүйесі арқылы жергілікті халықтың санасын өзгертуге, оларды патша үкіметінің әкімшілік басқару жүйесіне бейімдеуге тырысты.
Жетісу облысы ресми түрде құрылмай тұрып-ақ, өңірде 12 училище жұмыс істеген. Оның 10-ы ұлдарға, ал 2-і қыз балаларға арналған болатын. Бұл оқу орындарында қазақ балалары орыс тілін меңгеріп, отарлық билікке қызмет етуге даярланды. Осылайша, Жетісу өңіріндегі білім беру жүйесі де патша үкіметінің орыстандыру саясатының бір бөлігіне айналды.
Жетісу облысы құрылғаннан кейін орыс қоныстанушылары шоғырланған аймақ­тарда мектеп ашу үдерісі бұрын­ғыдан да қарқынды түрде жүргізіле бас­тады. Ресей империясының отарлау сая­сатының маңызды бөлігі ретінде білім беру жүйесі кеңейтіліп, жаңа оқу орындары ашылды. 1867 жылы Лепсіде екі мектеп жұмыс істей бастады: оның біреуі тек ер балаларға арналса, екіншісі ер және қыз балаларға арналған аралас мектеп болды. Сондай-ақ, Көксу, Надеждинск, Любовинск селоларының әрқайсысында бір-бірден мектеп ашылды.
1868 жылы Қапалда бір мектеп ашылса, Сарқанда екі мектеп жұмыс істей бастады: біреуі ер және қыз балаларға арналған, ал екіншісі қытай эмигранттарының балаларына білім беру мақсатында құрылды. Сонымен қатар, Арасанда бір мектеп іске қосылды. 1869 жылы Сергиопольде қыз балаларға арналған мектеп ашылды. 
Небәрі екі жылдың ішінде (1867-1869 жж.) Жетісу өңірінде жаңадан 10 мектеп ашылып, орыстандыру саясатының білім беру саласындағы ықпалы айтарлықтай күшейді. Бұл мектептерде орыс тілі мен мәдениеті кеңінен насихатталып, қазақ және басқа да жергілікті халық өкілдері патша үкіметінің әкімшілік жүйесіне бейімделуге бағытталды.
1868-1869 жылдары Жетісу облысындағы училищелердің көп­шілігінде оқу үдерісі христиандық бағытта жүргізілді. Білім беру жүйесінде православиелік дінді насихаттауға ерекше мән беріліп, оқушыларға христиандық діни тәрбие беру басымдыққа ие болды. 
Бұл саясаттың негізгі мақсаты – жергілікті халықты рухани тұрғыда орыс­тандыру және православие дініне тарту болды. Оқу бағдарламаларына діни пәндер енгізіліп, оқушыларға христиандық қағидалар үйретілді. Сонымен қатар, діни әдет-ғұрыптарды орындауға ерекше көңіл бөлініп, олар оқу тәртібінің ажырамас бөлігіне айналды. 
Православие шіркеуінің ықпалымен жүргізілген бұл оқу жүйесі қазақ халқының дәстүрлі діни сенімдеріне қайшы келіп, жергілікті халықтың қарсылығын туғызды. Соған қарамастан, патша үкіметі білім беру жүйесі арқылы орыстандыру және шоқындыру саясатын жалғастыра берді. Орыс-түзем мектептерінде оқу-тәрбие үдерісі христиандық негізде жүргізілгендіктен, жергілікті халық бұл мектептерге балаларын беруден бас тартты. Қазақтар мен қырғыздар ислам дінін өздерінің ұлттық тәрбиесінің, салт-дәстүрінің өзегі санай отырып, мұндай оқу орындарына күдікпен қарады.
XIX ғасырдың екінші жартысында қазақтар мен қырғыздардың балаларын орыс мектептеріне оқуға беруден бас тартуы патша әкімшілігін алаңдата бастады. Ресей билігі жергілікті халықтың ұлттық және діни бірегейлігін әлсіретіп, оларды империяға толықтай бейімдеу үшін жаңа шараларды қолға алды. Соның бірі – мұсылмандық білім беру жүйесін шектеу және араб графикасын қолданыстан шығару болды.
Патша үкіметі араб жазуын мұсылмандық руханияттың маңызды белгісі ретінде қарастырып, оны жою арқылы халықтың исламға деген ықыласын әлсіретуді көздеді. Болашақта кириллицаны енгізу мақсатында 1870 жылдан бас­тап мұсылмандық оқу орындарында орыс тілін оқытуды міндеттеді. Егер мектепте орыс тілі пәні енгізілмесе немесе арнайы орыс тілі мұғалімі болмаса, мұндай оқу орындарының қызметіне тыйым салынды.
Сонымен қатар, исламдық білім алуға қатысты қатаң шектеулер енгізілді:
1.Түркия, Бұхара және басқа шығыс елдерінен діни білім алған ұстаздарға бала оқытуға тыйым салынды.
2.Балаларын медреселерде оқытқысы келген ата-аналар 50 тиын көлемінде арнайы рұқсат куәлігін сатып алуға мәжбүр болды.
3.Мұсылманша білім беруді рұқсатсыз жүргізгендерге қатаң жаза қолданылды: алғаш рет ұсталса 10 сом айыппұл салынды. Екінші рет қайталанса – 30 сом айыппұл салынды. Үшінші рет қайталанса – 5-тен 15 тәулікке дейін қамауға алынды, әрі олардың балаларының мұсылмандық білім алуына толықтай тыйым салынды. 
Бұл шаралар Ресей империясының қазақтарды рухани және мәдени тұрғыдан отарлауға бағытталған жүйелі саясатының бір бөлігі болды. Дегенмен, патша үкіметінің осындай қысымына қарамастан, жергілікті халық өз діни және ұлттық құндылықтарын сақтап қалуға барынша күш салды.
Орысша білім алған жергілікті қазақ балалары арасында өз халқының салт-дәстүрі мен тұрмысын менсінбей, өзін орыстық мәдениетке жақын санайтын жаңа буын өкілдері қалыптасты. Олар үшін орысша оқу мен қала өміріне бейімделу белгілі бір артықшылықтың көрінісі болып, өз ұлтының мүддесінен алшақтатты. Мұндай адамдар өздерінің жоғары білімі мен әлеуметтік жағдайын туған халқына қарсы қолданды. Кейбіреулері тіпті өзін саналы түрде империяның шенеунігі ретінде сезініп, отаршылдық билікке қызмет етті.
Алайда патша өкіметінің оқу орындарынан білім алғандардың барлығы ұлтынан алыстап кеткен жоқ. Олардың арасында өз халқының болашағына алаңдап, алған білімін туған елінің игілігіне жұмсаған азаматтар бар еді. Мәселен, Жетісу өңірінде білім алған Барлыбек Сыртанов, Мұхаметжан Тынышбаев, Тоқаш Бокин, Ораз Жандосов, Садық Аманжолов, Жұбаныш Бәрібаев, Ибрагим Жайнақұлы, Төлембай Дүйсебайұлы секілді зиялылар өз халқының мүддесін қорғауға белсене атсалысты. 
Жалпы алғанда, XIX ғасырдың екінші жартысы мен XX ғасырдың басында Жетісу облысында жүргізілген ағартушылық саясат негізінен Ресей империясының мүддесін көздеді. Білім беру мекемелері негізінен қалалар мен селоларда ашылып, орыс ұлты өкілдерінің мәдени және рухани деңгейін көтеруге бағытталды. Ал жергілікті халық үшін білім беру мекемелерінің басты мақсаты – оларды өз дінінен, тілінен және дәстүрінен ажыратып, санасын өзгерту болды. Патша үкіметі үшін сауаттылық тек орысша оқумен өлшенді, ал қазақ халқының ғасырлар бойы қалыптасқан мәдениеті мен рухани құндылықтары ескерусіз қалды. Бұл саясаттың отаршылдық мәні осындай әрекеттерден айқын көрініс тапты. 
                       

 Ләззат Бисембаева,
Қазақ ұлттық мемлекеттік қыздар педагогикалық университетінің 
аға оқытушысы

292 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

AQIQAT №1

30 Қаңтар, 2025

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Дәуіржан ТӨЛЕБАЕВ

«Ақиқат» ұлттық қоғамдық-саяси журналының Бас редакторы