• Мақала
  • 02 Мамыр, 2025

МЫҢЖЫЛДЫҚТАРҒА ҰЛАСҚАН ОЙ

«Философия – грек тілінде хақиқатқа, даналыққа құмарлық деген сөз. Бар ғылымның да құмары – хақиқат. Бірақ бұлардың айырылатын жолы іздеген жолында. Өзге ғылымдар мақсұтына жеткізетін басқыштаған дәлелді адамның көз алдындағы дүниеден алады. Және сол көз алдымыздағы дүниенің жеке-жеке өзгеріс сырын іздейді. Философияның құралы – толғаулы терең ой. Іздейтіні – бүткіл дүниенің ең әуелгі сыры, негізгі хақиқаты».  
 

Мұхтар ӘУЕЗОВ
 

Әлімсақтан бастау алған қазақ тарихы, әр кезеңде тарих сахнасының абырой биігінен түспей келді. Баһадүр билеуші Абылай ханның төл ұрпағы, мәшһүр ғалым Шоқан «Қазақ салыстырмалы тұрғыдан жас ұлт» деп айтқан бір ауыз сөзін әркім әрқалай тәпсірлеп жатыр. Ғалымның бұл сөзіне біз философиялық таным көгінен қарауымыз шарт. Қазақ «қазақ» болғалы алып Тұранның бір қабырғасын ұстап тұрған ұлыс болды. Түркістан топырағының төл мұрагері болды десек тарихқа қиянат етпеген боламыз. Ал, сол қазақтар әу бастан-ақ ойға орашолақ болған емес. Әрісі Анарыс, әл-Фараби, Қорқыттар айтып кеткен ұғымдарды бүгінгі таңда күллі ғалам қолданып келеді. Мойындап бас иеді.
Ендеше ұстыны мығым, тарихы танымды қазақтың ой әлемі хақында бірер ауыз сөз қозғасақ дейміз. Идеялардың мыңдаған жылдық құпиясын бойына жиған философия тарихы бүгінде орасан зор мәнге ие болып отыр. Өз ұлтының түп-тамырына, салт-санасына және ерекшелігіне назар аудара бастаған тәуелсіз мемлекетіміз үшін мұның маңызы ерекше зор. Әсіресе, өз ұлтымызға қазақ халқының философиялық тарихы маңызды. Осы төл философия тарихының алдында және де түбегейлі алғашқы зерттелуі барысында көптеген кедергілер тұрды. Егемендігімізді алғанға дейінгі кезеңде қазақ философиясының тарихын зерттеу мүмкін емес еді. Бір жағынан, ғалымдарымыздың көбі біршама уақыт жүзінде қазақ философиясының бар-жоқтығына күмәнді де күдікті көзқараста жүрді. Кейіннен философия ғылымының докторы, профессор М.Әженов, философия ғылымының докторы, профессор, Қазақстан Ұлттық ғылым академиясының академигі F. Есім, сондай-ақ, профессор М.Орынбеков және де бірқатар философ-ғалымдар философия ғылымының антикалық, ортағасырлық батысеуропалық, мұсылман әлемінің, орыс, жаңа заман, т.б. ағымдарын арнайы ғылыми түрде зерттеп жаза бастады. 
Ал, қазақ философиясының тарихын зерттеуде ең алғаш профессорлар А.Қасабек пен Ж.Алтаев 1994 жылы «Қазақ философиясының тарихы» атты еңбек жазып ұсынды. 1995-1996 жылдары да осы аттас екінші бір оқулық дайындалып, «Қазақ халқының рухани мұралары» деген монография жазылды. Жалпы, ең алғаш рет қазақ тілді әрі қазақ халқының ғылыми философиялық ағымын тудыру ісі өте күрделі кезеңді бастан кешірді. Осы уақытқа дейін кеңінен таралып келген өзге ұлттардың философиясы жанында қазақ философиясын жаңа бір биік деңгейге көтеру, оның бар екендігін мойындату, әрі жазылмаған, зерттелмеген тың дүниелерді қозғау алғаш тыңнан түрен салған ғалымдар үшін оңайға түсе қоймасы анық еді. Мұндай қиындықтарға қарамастан олар біршама жетістікке жетті деп ауыз толтырып айтуға болады. Қазақ философиясы қай кезеңнен бастап кәсіби деңгейде қолға алынды дегенде Шәкәрім Құдайбердіұлын айтарымыз сөзсіз. Бұл жерде Абайды да қоса айтуымызға болғанымен де, ол данышпан философ, шыншыл реализмнің биік шыңына жеткен ғұлама ақын болып саналары хақ. Шәкәрімнің бар жоғы отыз беттен тұратын концепциялық шығармасына жиырма сегіз жыл өмірін қиып, кәсіби деңгейде жазып қалдырған «Үш анық» шығармасынан қазақтан шыққан тұңғыш философиялық кәсібилікті танимыз. 
Араб, парсы, төте жазу, батыс тілдерін жақсы меңгерген ол батыс ойшылдарының шығармаларын жетік меңгере талдап, көптеген ойшылдардың тісі батпаған жағдайлардың өзіне сыни көзқарасын білдіріп, қатты сынға алып отырғандығы көпшілікке белгілі. 
Алғашқы бастаулар
Осы арада философия ғылым ба, әлде ғылым емес пе деген сұрақ туындауы мүмкін. Философия – жеке тұлғалардың пайымынан құралған халықтық дүниетаным. Ал ғылым ретінде айналысқан жеке тұлғалардан ғұлама Аристотельден кейінгі Әбу Насыр Мұхаммед ибн Мұхаммед ибн Тархан ибн Узлағ әл-Фараби ат-Түрки есімін біз мақтан тұта аламыз. Түркі отбасынан шыққан философ бүкіл Еуропа еліне түркі мәдениеті мен ойын жеткізіп таныта білді. Дін мен философияның негізін бір-бірінен ажыратуға болмайтындығын, ислам дінінің бізге VIII, IX ғасырларда келгенін ескере отырып, ІХ-Х ғасырларда өмір сүрген әл-Фараби тілді, дінді, ой-толғамдардың бәрін де тұтастай дін арқылы танытты деуге болады. Ал енді әл-Фарабидің шетел кітапханаларында сақталып отырған трактаттарын аударып, зерттеп жүрген ғалымдардың ішінде ұлы ұстазымыз А.Қасымжановтың есімін ұмытпауымыз керек.
Қазақ халқы қалыптастырған рухани құндылықтар арасында ақын-жыраулардың алатын орны ерекше. Асан қайғы, Қазтуған жырау, Доспанбет жырау, Бұқар жырау, Шалкиіз, Ақтамберді, Шал ақын және т.б. ойшылдардың бір шоғыры бар. Бұлардың суырыпсалма шығармашылығының түбінде ақылгөйлік пен даналық жатты. Олардың қатарына ерте түркі әдеби ескерткіштерін, дала тайпаларының әлеуметтік-саяси, адамгершілік философиялық көзқарастарының белгілі дәрежедегі көрінісі іспетті мақал-мәтелдер түріндегі халық ауыз әдебиетін қосар едік. Халық, Отан, оның абыройын қорғау, еркіндігі мен тәуелсіздігін сақтауға қатысты мәселелерде жазба әдебиет ескерткішінің ең ежелгілерінің бірі саналатын Орхон-Енисей жазбаларынан да пәлсафа табылады. 
Өз тәуелсіздігіміздің қарсаңында өмір сүрген ағартушылық философия дәуірінің қыртыстарында діни әрі жаңашылдыққа бет бұру мақсаты көзделген. Қазақстандағы ағартушылық-демократиялық ойдың мәнін теориялық және методикалық қағидаларға сүйене отырып айтқанымызда, оны біржақты қарастырмай, жан-жақты талқылауға тура келеді. Ресейге қосылу, оның мәдениетімен кең танысу және сол арқылы Еуропаның мәдениетімен сусындау – Ресейге бодан кезеңнің нәтижесі болып табылғанымен, қазақ ағартушылығы дүниежүзілік ағар­тушылықтан оқшауланбай, керісінше, онымен ортақтастықта – XIX ғасырдың екінші жартысы мен XX ғасыр басындағы жалпыресейлік қозғалыстың ықпалы тиген дербес құбылыс ретінде дамыды. Кеңес үкіметіне дейін және сол тұстарда өз мәнін жоймаған ағартушылық идеологиясының басында тұрған М.Дулатұлы, М.Жұмабай, А. Байтұрсынұлы, Ә.Бөкейхан, Ш.Құдай­бердіұлы, М.Шоқай, Ж.Аймауытов, т.б. сталиндік репрессия зардабын шеккен азаматтардың хал­қының мұң-мұқтажын жоқтау мен санасын оятуда білімге жүгінуге үндеген еңбектері халық бостандығы мен теңдігі жолындағы күреспен байланысты болды. Осы ретте отарлау саясатының алдында қазақ даласындағы мектеп ісін, дәрігерлік білімді қалпына келтіруді ұсынған демократтық ұлттық мәдениет ағартушысы Шоқан Уәлиханов Ресей үкіметінен нәтижелі істер күтіп, кейіннен үмітін үзген. Генерал Черняевтің жорығына қатысқан ол орыс әскерлерінің отаршыл озбырлығын көріп наразылық білдіріп, қызметтен өз бетінше кетіп, еліне оралған. Ол қоғамдық прогрестің бірінші шарты ағарту мен ғылым-білімді тарату, содан соң реформа жүргізу деп түсінді. «Әділетті басшы» идеясын жақтай отырып, әлеуметтік бақытсыздықты білімсіздіктен деп түсіндіреді. Еркін де, тәуелсіз ел болуды көксеген Шоқан Уәлиханов тікелей философиялық еңбектер жазумен арнайы шұғылданбағанымен, барша шығармаларында философиялық пікірлер мен тұжырымдар жасайды. Сол секілді Абайдың да, Ыбырай Алтынсариннің де арнайы философиялық еңбектері бол­мағанымен, шығармаларында философиялық ой-тұжырымдармен астасып жатқан иірімдер мол. Әсіресе, ағартушы Ыбырай Алтынсарин тіл мен дін тазалығына назар аударды. «Мұсылманшылық тұтқасы» еңбегінде ол Жаратушыны мойындайды және бұл ретте былай дейді: «Бүкіл дүние жалғыз теңдесі жоқ, ұқсасы жоқ бір Құдайдың барлығына, бірлігіне хәм кәміл жаратушы халық қадір екендігіне дәлел болса керек. 
В.Катаринскийге 1888 жылдың 20 ақпанында жазған хатында А. Бессонов деген мұғалімнің оқушы қазақ балаларына Інжіл мен оның парыздарын уағыздағанына қатты ренжіп: «...мұнымен оқушылар мектебінің келешегін ғана емес, сонымен қатар, жалпы орыс-қазақ мектептерінің бәрінің де келешегін мүлде бүлдіріп аламыз ғой!» дейді. Сонымен қатар, дүмше татар молдаларының қазақ тілінің ластануына түрткі болып жүргендігін жазғырып, оны тек бос схоластикалық дүниемен бас қатыру деп таниды. 
Дәл осындай дағдарыс Қазақстанның бүгінгі өмірінде де көрініс тауып отыр. Сол секілді тілдік, діндік аластатушылықтар әлі күнге дейін бой көрсетіп келеді. Тілдік мүдірістерге ұшырап отырған өз ортамызды қалпына келтірудің бірден-бір мақсаты – тілдік құралымызды жалаң да жалқы сипаттағы бос сөзділікке ұрындырмай, арнайы еңбектермен ұлттық ғылыми тілдік деңгейге көтеру. Адамзаттық рухани мұраттардың қатарына ілігуге біздің қазір толықтай мүмкіндігіміз бар. Бұл жерде арнайы қазақ тілді философиялық тұрғыда жазылған ғылыми дәйекті еңбектер аз болса да, дүниеден озып кеткен ірі философ тұлғалардың, ақындардың, ойшылдардың еңбектеріне сүйене отырып жазуымызға тура келеді. Сондай-ақ, біз бүгінде Абайдың, Ы.Алтынсарин, Ш.Уәлиханов, М.Жұмабай, М.Дулатұлы, Ж.Аймауытұлы, С.Сейфуллин, А.Бай­тұрсынұлы шығармаларындағы тың дүниелерді арнайы философиялық зерттеу керектігін астын сыза айтқымыз келеді. 
Бұрынғы әлемдік философия тари­хының көзқарасына сәйкес, Шығыста барлық уақытта пессимизм, иррационализм, идеализм секілді біртүрлі философия өмір сүрген. Бұл тек отаршылдық саясаттың белгісі ғана болатын. Гегель концепциясында көрсетілгендей, Батыс философиясы Шығыс философиясынан әлдеқайда жоғары бағаланады. Отарлау саясатына қарсы күрес барысында «мәдени империализммен» әртүрлі күрес тәсілдерінің нәтижесінде Шығыс ұлтшылдарын жалпыландыруға әкеліп тіреді. Шығыс философиясында ешқашан жалпы болмағандығына үңіле зер салсақ, үнді, қытай, араб, мұсылман болып дамығандығына көзіміз жетеді.
Шығыстық ұғым алғашқы көш­пенділерде ерекше қолданылған. Даланы емін-еркін жайлаған көшпенділер үшін кең даланың философиясы шексіздікпен өлшенді. Және де көшпенділердің шығыстан батысқа қарай дәстүрлі жылжуы ерекше мәнге ие. Жердің басым бөліктері оған тәуелді деңгейде тұрды. Тіпті алғашқы киіз үйдің орналасуынан, оның есігінің шығысқа қарай орнатылуынан-ақ байқауға болады. Иакинф былай деген: «Тұрақты мекен-жайы жоқ, бірақ әркімнің өз жер иелігі бар (жайылым болса керек). Хан әрқашан Дугинь тауын жайлайды. Оның ордасына шығыстан кіреді, елге күн нұрының шапағы төгілетін жақтан» (Бичурин Н.Я. Собрание сведений... Т. 1. 230-б.). 
Өзіндік рухани құндылықтарына бай Шығыстық мұраттарды тарихымыздан бұдан да мол кездестіреміз. Ал Батыс философиясындағы сарыуайымға салынушылық, өмірден түңілу, өлімге асығу сияқты үрдістер Шығыс философиясында мүлде керісінше. Қорқыт ата, Асан қайғылардың түйген философиясы өлімнен қашу, мәңгілік өмір жұмағын іздеу болып табылады. Қорқыт ата өлімнен қашты. «Дүниеде өлмейтін нәрсе не?» деген сұраққа жауап іздей келе ол қобызды тандайды. Қобызды тынбай кілем үстінде тартып отыратын Қорқыт бабаны күндердің күнінде жылан шағып өлтірді. Бұдан шығатын түйін – мәңгілік өмір сүретін өнер ғана деп айта аламыз. Мұндай ой ешбір Батыс философиясында айтылмаған. Бұл сөзді жазушы Мұхтар Әуезов те өз еңбегінде көрсетеді. 
Шығыс-түркі дүниетанымының кереметтігінің өзі осында жатыр. Мысалы, грек дүниетанымында Зевс аспан құдайларына жалбарынып, қиналған сәттерде жәрдем береді деп сенген. Ал Шығыстық философияға келсек, адамның күші, ерік-жігері өз бойынан табылады. Асан қайғының желмаясына мініп алып, жер жұмағын іздеуге шығуының өзі өмір сүруге деген құштарлық сезімін білдіреді және онда келер ұрпақпен үндесу ұғымы жатыр. Жалпы Шығыстық ұғым бойынша өмір мен өлімге түсіністікпен қарайды. «Әр кездің өз өлшемі бар» дейді. Дегенмен, әлемдегі дәлелденген философия кілтінің Шығыста жатқандығын батыс ойшылдары дәлелмен келтірсе де бізге әлем философиясын өзімізден бөле-жара қарауымызға да болмайды. Бірақ әр нәрсенің өзіндік қолтаңбасы мен ерекшеліктері болады дегенге мән беруіміз керек. Батыс философиясы рационалды философия болса, Шығыс философиясы этикалық, моральдық тәрбие сусынынан нәр алған. Үлкенді сыйлауға, кішіні құрметтеуге мән беріліп отырған. Шығыста қол беріп амандасудың өзінде үлкен мән жатыр. Ал бүгінгі таңда батыс үгіт-насихаты салдарынан осындай ізгі дәстүрімізден біртіндеп қол үзе бастаған сияқтымыз. 
Батыстық философия мен Шығыс философиясының басын біріктіріп, бір қазанға қайнатуға болмайды. Өйткені, екі жақтың бірін-бірі түсінісіп ұғынуы екіталай мәселе. Қырық жетінші олимпиада кезінде Анахарсис Солон сияқты гректердің философтарымен танысып, дос болады. Сосын ол жақтың философиясын үйреніп, біздің елге келген. Ол кейін өз туыстарының қолынан қаза тапқан. Өлім алдында айтқан бір сөзі бар: «Мен Эллада жерінде жүргенде ақылым өлімнен құтқарып еді. Бұл жерде қызғаныштың құрбаны болып отырмын». 
Таңертеңнен кешке дейін шарап ішіп, олимпиада кезінде тас лақтырып ойнап жатқан жігіттерді көрген Анахарсис Солонға «Әжептәуір есі бар жігіттердің тас лақтырып ойнаудан басқа жұмыстары жоқ па? Дұрыс жұмыстармен айналыспағандары ұят емес пе?» деген екен. Сонда Солон Анахарсиске: «Біз сендерге күлмейміз ғой. Сендер де таңертеңнен кешке дейін аттың үстінде жүріп, ағарған ішесіңдер...» дейді. Қазіргі кезде Шығыс пен Батыстың тығыз араласып, кімнің шығыстан, кімнің батыстан екенін ажырата алмай қалғанымыз ауық-ауық байқалып жатады. Себебі, Батыс елі өзінің компьютері мен теледидары, яғни механикалық ғылымы арқылы Шығыстық менталитетті жаулап, Батыстық менталитетті санаға сіңдірді. Ал олардың ғылымын үйренбесек, әлемдік білім сатысынан артта қалып қоямыз. Сондықтан үйрену бар жерде жиренуді де естен шығармау керек. Түптеп келгенде, «Бөлтірікті қанша асырап бақсаң да өз тауына қарай ұлиды» философиясын ұмытпау. Өз тілін, дінін, тарихын, атамекенін ұмытпау деген сөз. Телеарналардан көрсетіліп жатқан сапасыз киноларды Шығыстық елдерге жолдағанмен, өз балаларын классикалық үлгіде тәрбиелеп жатқанын біз білуіміз керек. Философия ғылымы әр елде алма-кезек алмасып отырды десек, бұл да осындай жемістің бір түрі. Егер де Батыс пен Шығысты екі жаққа айырып бөле берсек, міндетті түрде жау адамдарды жанымызға жинаудан құтылмаймыз. Бұл бізге қажет емес. 
Сан ғасырлар бойы жалғасын тауып келе жатқан мәдениетіміз, сенім-наным мен әдет-ғұрпымыздың тірегі ұмытылып кетуі енді мүмкін емес. Кеңес дәуірінде бәрімізді «Құдай жоқ» деп қорқытып-үркітіп, жаппай өндіріске қарай ұмтылдыру салдарынан қазақтардың рухани әлемін құлдырату басты мақсат болғаны рас. Әрине, екі ұғымның астарында жатқан байланыс шегі болғанымен де, ғылым дінге, дін ғылымға кедергі емес. 
Індеттің емін тапқан Әбу-Әли ибн Сина, әл-Фараби де өз заманында дін адамдары болды. Мысалы, әл-Фараби діни философияны тарату арқылы түркі мәдениетін бүкіл әлемге танытты десек, тіпті орыстың ұлы жазушыларының өздері, мысалы, Толстой, Пушкиннің мұсылман дінін мойындауының өзінде бір құпия жатыр. Ал бұл жайында көп ретте айтыла бермейді. Жалпы, философия әуел баста Үндістанда, Мысырда, Қытайда пайда болса, одан кейін Еуропадағы гректерге алмасып, орта ғасырларда қайтадан мұсылман дініне ауысты. Ал, XV-XVI ғасырлардан бастап қайтадан Еуропаға келді. Қазіргі көп ғалымдар ХХІ ғасыр мұсылман дінінің ғасыры болады деп пайымдайды. 
Ислам діні адамгершілік пен жақсылыққа, тазалыққа, әділетке үндейтіні мәлім. Алайда бүгінгі күнде елімізде түрлі діни ағымдар көбейіп кеткенін де жоққа шығара алмаймыз. Бұның бәрі Ислам дінін терроризм ретінде құбыжық көруден, дәстүрлі дінге қол сұғушылықтан байқалады. 
Тарих сахнасында қалған әрбір дін өз болмысын сақтап отырса ғана, бір-біріне көз аларта қарауды тоқтатқан жағдайда ғана өз жалғасын таба бермек. Ислам дінінде адамды бір дінге зорлықпен енгізуге болмайды делінген. Біздің елді бұл тұрғыда алып қарасақ, бұрыннан бейбітсүйгіш ел болып саналады. Эпостарда, батырлар жырларында бейнеленгендей, өзге елдерге көз аларту емес, керісінше өз елін, жерін, атамекенін қорғау мақсатында, намыс жолында батырлық көрсетіп күш жұмсаған. 
Ой орманынан әсте адаспаған данышпан халқымыз кәсіби философияда да кенже қалмағанына жоғарыда біраз мысал келтірдік. Түркілік кезең мен Ислам өркениеті иірімін де сөз етуіміздің басты мақсаты қазақ филофиясының даму баспалдақтарын нақтылау болатын. Мыңжылдықтарға ұласқан қазақы ой, қазақы болмыс философиясын дәріптеуде кәсіби ғалымдардан бастап, қатардағы ұғымпаз оқырманның да үлесі ерекше екенін айтқымыз келеді. 
Қазақ философиясы ешбір әлемдік философиядан кем емес, оған тарих тақтасы куә. 

Жақыпбек АЛТАЕВ, 
философия ғылымдарының докторы,
әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті философия кафедрасының профессоры 

Қанат АЛТЫНБЕК,
әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті философия кафедрасының
магистранты 

 

 

 

300 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

AQIQAT №1

30 Қаңтар, 2025

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Дәуіржан ТӨЛЕБАЕВ

«Ақиқат» ұлттық қоғамдық-саяси журналының Бас редакторы