- Мақала
- 02 Мамыр, 2025
ОРТА АЗИЯ МЕН ҚАЗАҚСТАНДАҒЫ ҰЛТТЫҚ-МЕМЛЕКЕТТІК МЕЖЕЛЕУ КЕЗЕҢІ

Биыл Орта Азия мен Қазақстандағы ұлттық-мемлекеттік межелеу тарихына 100 жыл толады. Бұл мемлекетіміздің қалыптасу шежіресіндегі маңызды кезең. Осы орайда қазақ тарихын зерттеуге мол үлес қосып, соңында өшпестей құнды еңбектер қалдырған белгілі ғалым, тарих ғылымының кандидаты, құқықтану доценті Ғаппар Маймақовтың Орта Азия мен Қазақстандағы межелеудің тарихы жөніндегі сүбелі еңбегін ғалымның 2005 жылы жарық көрген «Қазақ жері тұтастығының қалыптасуы» атты монографиясынан Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, баспагер, публицист Мұхтар Қазыбек ағамыз ұсынды. Қанша уақыт өтсе де, құндылығын жоғалтпайтын мақаланың жалғасын ұлттық-мемлекеттік межелеу тарихының 100 жылдығы аясында ұсынып отырмыз.
Орта Азия федерациясын құру туралы бастаманы алғашында Қазақ комиссиясының өкілдері көтерді және олар бұл федерацияға Қазақ АКСР-ын қосуды талап етті.54 Орта Азия федерациясының авторларының бірі Сұлтанбек Қожанов болды. Жалпы бұл идеяның негізінде Тұрар Рысқұловтың «Түрік республикасын» құру және Мұстафа Шоқай мен Мұхамеджан Тынышпаевтың «Қоқан автономиясын» құру туралы әрекеттері мен «Түбі бір түрік» идеясы жатса керек.
Орта Азия федерациясы идеясына И.Варейкис те кеңінен тоқталды. Оның кітабының бір тарауы «Қазақ республикасының Орта Азия республикаларымен өзара байланысы» деп аталды. И.Варейкис біздің межелеу жөніндегі жобаларымыздың даулы мәселелерінің бірі Қазреспубликаның Орта Азия республикаларымен өзара байланысы туралы дей келе, бұл жөнінде екі түрлі пікір бар деп көрсетеді. Біріншісі, кейбіреулер Қазреспубликаның Орта Азия республикаларымен тез арада экономикалық және саяси, партиялық байланыстар құруын жақтайды, басқалары болса, біршама себептерге байланысты мұндай байланыстарды орнату мүмкін емес дейді. Менің пайымдауымша, – деп жазады И.Варейкис, – Қазреспубликаның Орта Азия бірлестігіне кіруін мына себепті уақытша тоқтата тұру керек. Бірінші ой қорыту бойынша, Қазреспублика экономикасының қай орталыққа тартылуы әлі нақты анықталмаған (оны Қазреспубликасының өзі де дәл білмейді), тіпті бүкіл Қазақстан үшін тартылыс орталығы болатын сондай орталық бар ма екен? Бұл нәрсе әлі анықталмаған. Екінші ой қорыту, Қазақстан орасан үлкен аумақты алып жатыр, ол автономиялы республикаларын қоспағанда РКФСР аумағына тең. Қазақстанның бір шеті Амударияға тіреліп, Өзбекстан шекарасына жетеді, екінші бөлігі Алтай, Томскіге созылып жатыр, тағы бір бөлігі Самараға сәл жетпейді. Осы себептерге байланысты И.Варейкис Қазақстанның Орта Азия бірлестігіне кіруіне қарсы болды.55
Бірақ И.Варейкис Орта Азия федерациясын толық жақтайды. Бұл жерде оның ойынша екі түрлі пікір болуы мүмкін емес. Ұлтаралық қатынастардың ең дұрыс тәсілі федерация құру, – деп жазады И.Варейкис.56 Бұл мәселеде РКФСР және ЗКФСР тәжірибесі біз үшін таптырмайтын құрал болып табылады дей келе, ол Орта Азия федерациясы тек болашақтың ісі деп көрсетеді.
Бүгін Орта Азия федерациясын құру тек практикалық себептен ғана емес формальды себептен де мүмкін емес. Федерация жеке мемлекеттердің одағы, біз қалай ол одақты құрамыз, егер де әлі одақтастардың өзі, не болмаса, әлі жаңа мемлекеттер калыптаспаса.
Олар алдымен құрылсын, нығайсын, аяғынан тұрсын, тарихи кезең, уақыт өтсін деп пайымдай келе И.Варейкис Орта Азия федерациясын болашақтың ісі деп көрсетеді. И.Варейкистің ойынша Орта Азия федерациясы болғанымен оған Қазақстанның жоғарыда айтылған себептер бойынша қосылмауы тиіс.
Межелеуді жүргізуші И.Варейкистің тоқ етер түпкі ойы шектеулі және большевиктер партиясының ұлт саясатының түпкі мәнін дәл білдіреді.
«Бүкіл ұлттық межелеу түптің түбінде» үлкен бір «Кеңес пәтерінің» жеке «қабырғасы» (перегородок) ғана болады деп санаймын. Бізде КСРО деп аталатын үлкен «Кеңес пәтері» бар, ал ұлттық, мемлекеттік бірліктер, жеке республикалар және автономиялы облыстар болса тек сол үлкен бір пәтердің жеке бөлмелері ғана»57, – деп ойын қорытындылайды И.Варейкис. Бұл бағыт, бұл ой большевиктер партиясының көсемі В.И.Лениннің ұлттардың өзін-өзі билеуі деген теориясынан туындайды. Бұл теорияның түпкі мәні ұлттарды жеке мемлекет, республика деп жариялай отырып, оларды үлкен бір орталықтанған одақтық, федеральдық мемлекетке біріктіріп ұстап, олардың өзін-өзі билеу құқығын формальды дәрежеге жеткізу, сол арқылы басқа ұлттардың сол орталықтан толық бөлініп кетпеуіне негіз қалау, сөйтіп көп ұлтты социалистік мемлекетті сақтап қалу болды. Осыны И.Варейкис жақсы түсінді және Орта Азияда ойдағыдай жүзеге асырды.
Мәскеудегі орталық Түркістан, Бұқар, Хорезм республикаларының басшы партия, кеңес органдары арқылы басты көңілді қалың бұқара арасында ұлттық-мемлекеттік межелеуді түсіндіру, сөйтіп олардың бұл саяси науқанды қолдауына қол жеткізу үшін жұмыстар жүргізді. Бұл жұмыстардың түпкі мәні ұлттық-мемлекеттік межелеу бұқара халықтың, ұлттардың бастамасымен, өз еркімен және ниетімен жүргізіліп отыр деп көрсету болды. Сол үшін де ұлттар мен халықтар өкілдерінің, түрлі әлеуметтік топтардың жиындары, митингілері жиі өткізілді. Оларда ұлттық-мемлекеттік межелеуді қолдау туралы қарарлар қабылданып жатты. Бұл жұмыстың бәрі де жоғарыдан жоспарланып, алдынала дайындалып жүргізіліп отырды. Сондай-ақ, көпшілік бұқараның да ұлттық-мемлекеттік межелеуді қолдап, негізінен оны халық, ұлттар мүддесі үшін жүргізілген шара деп санағанын да айта кеткен жөн. Жер-жерлерде үгіт-насихат жұмысын жүргізу үшін республикалардың басшы қайраткерлері, РК(б)П ОК-нің, Ортаазбюро мүшелері, лекторлар мен белсенді үгітшілер, насихатшылар жіберілді. Оларға ұлттық-мемлекеттік межелеу туралы Ортаазбюроның тезистері, республикалар мен облыстардың басшы органдарының құжаттары, газет, журнал материалдары кітапшалар таратылып берілді. Әсіресе республикалық және облыстық баспасөз белсенділік танытты. Оларда жүйелі түрде насихат жұмысы жүргізілді.
Ұлттық республикалар мен автономиялы облыстарды құру жөніндегі хабарды көпшілік қуанышпен қарсы алып қолдау көрсетті. Ош уезінің Түйемойын руднигінің жұмысшылары мен қызметкерлері ұлттық межелеу туралы жиналыс өткізіп, бұл науқанды толық қолдады.58
Ферғана облысының Гүлші уезінде екі митингіге үш мындай адам қатысты. Ош қаласындағы үш жиынға алты мындай адам қатысты.59 Осындай үлкен жиындар, митингілер Сырдария және Жетісу облыстарының қалалары мен ірі елді мекендерінде де өтті.
1924 жылы тамыз айының соңында Ташкентте жұмысшылар, қызыл әскерлер және партияда жоқтардың жалпы қалалық конферециясы өтті. Онда РК(б)П ОК Ортаазбюросы төрағасының орынбасары О.Карклин ұлттықмемлекеттік межелеу жөнінде баяндама жасады. Баяндамада және жарыссөзде ұлттық межелеудің бағыты мен мазмұны кеңінен ашып көрсетілді. Конференция ұлттық межелеуді қолдау туралы арнайы қарар қабылдады.60
Жетісу облысында ұлттық межелеуді қолдау барысындағы жұмыстар жөнінде Жетісу обкомының жауапты хатшысы Ж.Бәрібаев баспасөз бетінде кеңінен әңгімелеп берді.61
Кәсіподақтар өз жиындарында ұлттық межелеуді толық қолдады. Бірақ осы кезде ТАКСР-дегі кәсіподақтардың 80%-тен астамы европалықтар, тек 18% жергілікті ұлт өкілдері еді.62 Ташкенттегі мемлекеттік диірмендер жұмысшылары тағы да осындай үлкен науқанды қолдайтындықтарын білдіріп, отаршылық пен шовинизм қалдықтарын жоюға шақырды.63
Бұл жұмысқа «Қосшы» одағы, комсомолдар да өз үлесін қосты. Науқан байлар мен манаптарға, басмашыларға, пантүркішілдер мен панисламистерге, отаршылдарға қарсы күресті одан әрі жүргізу ұрандарымен өрістеді.64
Қоқан қаласының жалпы қалалық жиналысының қарарында: «Орта Азияны межелеу В.И.Лениннің ұлт мәселесіндегі өсиеттеріне толығымен жауап береді. Жиналыс осы мәселені еңбекшілер бұқарасы арасында түсіндіруді екпінді міндет деп санайды», – деп көрсетілді.65
Наманган қаласында өткен жалпы кәсіподақ жиыны өз қарарында: «Орта Азияны межелеу шығыс елдеріне ұлттардың азат болуы және дербес дамуы тек Коммунистік партия туы астында болуы мүмкін екендігін тағы да көрсетті», – деп жазды.66 Осылай ұлттық-мемлекеттік межелеуді түсіндіру және насихаттау жөніндегі саяси процестің негізгі өзегі Компартияның ұлт саясатын мадақтау, барлық табыстарды партияның атымен байланыстыру, пролетарлық интернационализмді дәріптеу, тап күресін күшейту бағытында жүргізілді. Әрине, мұның солай болғаны түсінікті де. Компартия әрбір мәселеде өз мүддесін ешқашан ұмытқан емес.
Ұлттық-мемлекеттік межелеуді насихаттау жұмысының барысын үнемі партия, кеңес органдары бақылап отырды. Осыңдай үлкен мәселеде қарама-қайшы пікірлер, дау-дамайлар да көп болды. Шекара бөлу, экономика саласындағы межелеудің даусыз өтуі мүмкін емес еді. Осыған байланысты РК(б)П Ортаазбюросы 1924 жылғы 31 тамызда межелеуге байланысты бұқаралық түсіндіру науқаны туралы мәселе қарап, арнайы қаулы қабылдады. Қаулыда кейбір партия комитеттері, кеңес және кәсіподақ органдары бұқара арасындағы түсіндіру жұмыстары барысында ұлттық межелеудің мәні мен мақсатын емес, әлі де межелеу жөніндегі шешімін таба алмай жатқан республикалар мен облыстар арасында аумақтық және шекара мәселелерін сыртқа шығарып жіберуде. Мұндай жағдайларды ұлтшылдар мен межелеуге қарсылар іліп әкетіп, мәселелерді одан әрі қоздыруда, тіпті Орта Азия халықтары арасында от тастауға әрекет етуде, партияның ұлт саясатының мәнін бұрмалауда деп көрсетті.67
Бұл саладағы кемшіліктерді жою үшін, ұлтаралық қақтығыстарға жол бермеу үшін РК(б)П ОК-нің Ортаазбюросы партия комитеттерін ұлтаралық қатынастарды шиеленістіретін көпшілік арасындағы пікірталастарға бармауға міндеттеді.68
Ортаазбюроның бұл қаулысы кейбір даулы мәселелерді көтеруге тиым салған қаулы да болды. Осы қаулы негізінде даулы мәселелерді дұрыс шешу туралы талаптар аяқ асты етілді немесе оларға түрлі айыптар тағылды. Сондай айыптардың бірі С.Қожанов бастаған қазақ қайраткерлеріне таңылды. Ол туралы кейінгі тарауларда көбірек тоқталамыз.
1924 жылғы 16 тамызда Аумақтық комиссияның бірінші мәжілісі болды. Қосалқы комиссиялар отырысында жаңадан құрылатын республикалардың, облыстардың шекараларының жобалары кеңінен талқыланды. Даулы мәселелер арнайы комиссия арқылы шешілді. Осы комиссияда алғаш рет Қарақалпақ автономиялы облысы туралы мәселе көтерілді.69
1924 жылғы 5 қыркүйекте Амудария обкомының пленумы болып, онда қарақалпақ халқының еркін білдіре отырып, обком мынадай қаулы қабылдады: 1.Біздің партия ОК-нің Орта Азиялық республикаларды ұлттық жағынан межелеу туралы бағыты дұрыс деп танылсын.
2.Қарақалпақ автономиялы облысын құру қолдау тапсын және бұл қажетті шара деп саналсын.
3.Болашақ Қарақалпақ автономиялы облысының осы облыс бойынша арнайы комиссия құрылып, оның Орталық комиссияға ұсынған аумағы мен шекарасының жобасы толық мақұлдансын.
4.Қарақалпақ автономиялы облысының қай ұлттық республика құрамына кіруі мәселесі ОК-тің Ортаазбюросының Орталық комиссиясының және Түркістан Компартиясы ОК-нің қарауына берілсін.70
Хорезм республикасының партия, кеңес органдары да қарақалпақ халқының мүддесін ескере отырып, Хорезм республикасындағы қарақалпақтар мекеңдеген жерлерді Қарақалпақ автономиялы облысына қосу туралы шешім қабылдады.71
1924 жылғы 6 қыркүйекте Орта Азия республикаларын межелеу туралы Аумақтық комиссия қарақалпақ халқының ниетін қолдай отырып, Қарақалпақ автономиялы облысын құру туралы шешім қабылдады.72 Бұл шешімді РК(б)П ОК-нің Ортаазбюросы қолдап, РК(б)П ОК-не жолдады.
1924 жылы қыркүйектің ортасына қарай бұқара арасындағы үгітнасихат, түсіндіру және пікірталас жұмыстары негізінен аяқталды. Бұл жұмыстар арқылы ұлтаралық межелеуді жүргізіп, Орта Азияда ұлттық республикаларды құру қажеттілігі қалың халық бұқарасының қолдауына қол жеткізілді.
Бұдан кейін ұлттық-мемлекеттік межелеу өзінің соңғы шешуші кезеңі Түркістан, Бұқар және Хорезм республикаларының жоғарғы мемлекеттік органдарының қарауына өтіп, бұл республикалар өздерін өздері таратып, жаңа ұлттық республикалар мен автономиялы облыстардың құрылу кезеңі басталды. Орта Азияның бұрынғы көп ұлтты республикалары бірыңғай ұлттық белгіге негізделген жаңа республикаларға жол ашты.
Бұрынғы Орта Азия республикаларының жоғарғы органдарының шешімдері және оларда ұлттық межелеуді қолдаған көпшілік халық өкілдерінің еркінің білдірілуі бұл науқанға заңдылық сипат берді.
1924 жылғы 14 қыркүйекте Түркістан Компартиясы Орталық Комитетінің пленумы болып өтті. Пленум Аумақтық комиссияның шешімдерін мақұлдады және ұлттық межелеудің практикалық шараларының жоспарын бекітті.73
Оның ертеңіне 1924 жылғы 15 қыркүйекте Түркістан Автономиялы Кеңестік Социалистік Республикасы ОАК-нің төтенше 3-ші сессиясы ашылды. Сессияның негізгі мәселесі ұлттық-мемлекеттік межелеу болды. ТАКСР ОАК-нің 3-ші сессиясы ұлттық-мемлекеттік межелеу туралы заңды бірауыздан қабылдады. Бұл занда мынадай жолдар болды:
«Ұлттық азаттыққа қол жеткізген, жұмысшы-дихан өкіметінің негізін қатаң бекіткен, мәдени және экономикалық құрылысты одан әрі дамытушы және кеңейтуші Түркістан халықтары Түркістан Автономиялы Социалистік Республикасын ұлттық – бірыңғай мемлекеттерге қайта құруға мүмкіндік беретін шарттарға қол жеткізді».74
Сессияда қабылданған ТАКСР ОАК-нің «Түркістан және Орта Азияның барлық халықтарына» арналған үндеуінде: «Түркістан ОАК-нің сессиясы ТАКСР-ды ұлттық-мемлекеттік межелеу туралы шешім қабылдады. Осы шешіммен Орта Азия халықтары ұлы ұлттық құрылыстың үлкен кезеңін аяқтап отыр. Түркістанды ұлттық-мемлекеттік межелеу Орта Азия халықтары арасында ұлтаралық қатынастарды және тыңғылықты ұлтаралық келісімді қалыптастыру жолындағы тарихта теңдесі жоқ қадам» болды деп көрсетті.75 Үндеуге ТүркОАК төрағасы Н.Айтақов, ТүркОАК төралқасының мүшелері С.Қожанов, О.Карклин, Ш.Исламов, А.Рақымбаев қол қойды. Сессияның қаулысында: «Қазақ халқының жұмысшы және дихан бұқарасының жалпы еркін орындау үшін, қазақ халқына ТАКСР құрамынан шығып, ТАКСР құрамындағы қазақ облыстарына Қазақ Кеңестік Социалистік Республикасы құрамына кіру құқығы берілсін»76, – деп жазылды.
Сондай-ақ ТүркОАК-нің төтенше 3-і сессиясында Ш.Исламовтың жасаған баяндамасында мынандай деректер келтірілді. Өзбекстан тәуелсіз одақтас республика болып құрылады және оның аумағы 380 мың кв.км., халқы 4.8 млн. Бұл Хорезм өзбектерін қоспаған кездегі дерек, Хорезмді межелеу мәселесі әлі толық шешілмеген болатын.
Қарақырғыз автономиялы облысына 600-800 мың халық кетеді.
Тәжік автономиялы облысына 76 мың кв.верст аумақ және 650-700 мың адам кетеді.77
Осында қарақалпақ мәселесі сөз болды. Қарақалпақ халқы өз автономиялы облысын құрғысы келеді. Шамамен 300 мыңдай халық, аумағы 10 мың.кв.верст шамасы.
Сессияда экономикалық межелеудің алғышарттары жасалды.
Түркімен КСР-на 112 мың ауыл шаруашылығы қожалығы, 129 мың десятина егін алқабы, 1.290 мың мал басы кетуі жоспарлануда.
Қарақырғыз автономиялы облысына 128 мың ауыл шаруашылығы қожалығы, 255 мың десятина егіс алқабы, 2.500 мың мал басы бөлінбек болды. Өзбек КСР-не 269 мың ауыл шаруашылығы қожалығы, 1.635 мың десятина егіс алқабы, 3.364 мың мал басы.
Қазақ республикасына 269 мың ауыл шаруашылық қожалығы, 486 мың десятина егіс алқабы, 4.200 мың бас мал бөліну жоспарланды.78
ТүркОАК-нің төтенше 3-і сессиясы осылай Түркістан АКСР-ін ұлттық жағынан жаңа республикаларға межелеуді заңдық тұрғыдан шешіп берді және болашақ республикалар арасындағы экономикалық бөлістің де негіздерін заңдық тұрғыдан қалады. Сессияда қабылданған заңда болашақ республикалардың аумағы, шекарасы, халқының саны, оларға бөлінетін материалдық байлықтардың жалпы негіздері жасалды. Әрине, оларды дәл және нақты ету Аумақтық комиссияның және қосалқы комиссиялардың жұмысына байланысты болды.
Түркістан Республикасынан соң Бұқар Халықтық Кеңестік Республикасы өзін таратуы қажет болды.
1924 жылғы 19 қыркүйекте Ескі Бұқарада кеңестердің V құрылтайы шақырылды. Құрылтайды Бұқар республикасы Орталық Атқару Комитетінің төрағасы Парсаходжаев ашты. Бұқар республикасының жалпы аумағы 217 мың.кв.верст. болса, онда 2 млн. 6 мың адам тұрды. Олардың 85.1% отырықшы, 5.9% көшпелі өмір сүрді. 9% халық қалаларда тұрды. Бұқар республикасы 5 округке бөлінді. Олар Заравшан, Қашқадария, Сурхандария, Ленинск-Турмен және Шығыс Бұқар округтері. Осы бес округте барлығы 48 түмен және 195 кенттер болды.79
Кеңестердің Бүкілбұқарлық V құрылтайы Бұқар Халықтық Кеңестік Республикасын (БХКР) Бұқар Кеңестік Социалистік Республикасы деп өзгертті және оның КСРО-ның құрамына кіруі туралы шешім қабылдады.80
Кеңестердің Бүкілбұқарлық V құрылтайы ұлттық-мемлекеттік межелеу туралы қаулы қабылдады. Бұқар халқының жоғары еркін білдіре отырып, Түркістан және Хорезм өзбектерімен Өзбек Кеңестік Социалистік Республикасын және Тәжік автономиялы облысын құруға келісім береміз. Сондай-ақ Бұқардың түркімен халқын Түркімен Кеңестік Социалистік
Республикасына біріктіруге туысқандық келісім бере отырып, құрылтай Өзбекстан мен Түркіменстанның КСРО-ға кіруін табанды түрде жақтайды.81
1924 жылғы 29 қыркүйекте Кеңестердің Бүкілхорезмдік V құрылтайы Хорезм Кеңестік Социалистік Республикасын ұлттық-мемлекеттік межелеу туралы қаулы қабылдады. Осы жерде 1924 жылы Хорезм ОАК-нің шешімімен Хорезм республикасы құрамында автономиялы Түркімен, Қырғыз және
Қарақалпақ облыстары құрылғанын айта кеткен жөн.82 Хорезм республикасы басшылары Хорезмді ұлттық межелеуге қоспай сақтап қалуды ойлағанда елдегі ұлт мәселесін осылай шешуді жоспарлаған еді. Бірақ жоғарыдан және төменнен болған қысымға шыдай алмаған республика басшылары межелеуден бөлініп кете алмады. Осы оқиғаға баға бере келе Бүкілхорезмдік V құрылтай оны: «ұлттық мәселені дұрыс шешудің бірінші қадамы болды» дегенмен бұл шиеленістер ұлт мәселесін шешпеді. Тек Түркістан мен Бұқар халықтары ұлттық республикалар құрудың дұрыс жолын анықтап берді», – деп көрсетті.83 Кеңестердің Бүкілхорезмдік V құрылтайы еңбекшілер бұқарасының жоғарғы еркін білдіре отырып қаулы етті:
1.Өзбек халқының жұмысшы және дихан бұқарасының еркін орындай отырып, өзбек халқына Хорезм Социалистік Кеңестік Республикасынан шығып жаңадан құрылатын Өзбек Социалистік Кеңестік Республикасы құрамына кіруге құқық берілсін.
Осындай құқық түркімен халқына да беріліп, олардың Хорезм Республикасынан шығып, құрылып жатқан Түркімен КСР-на кіруіне рұқсат етілді.
Қырғыз, Қазақ және Қарақалпақ халықтарына да Хорезм республикасынан бөлініп Қырғыз, Қазақ Автономиялы Социалистік Кеңестік Республикасы құрамына кіруге құқық берілді.84
5.Хорезм Социалистік Кеңестік Республикасы осы кезеңнен жойылды деп саналсын.85
Осы қаулыны жүзеге асыру құрылатын уақытша үкіметке тапсырылды.
Кеңестердің Бүкілхорезмдік V құрылтайының қаулысын орындай отырып, Хорезм ОАК 1924 жылғы 23 қарашада мынадай қаулы қабылдады: Ходжейлі облысы, Қыпшақ және Қытай жаңадан құрылған Қарақалпақ облысына берілсін; Ташауыз облысы, Дарған-ата және Садувар Түркімен КСР-на берілсін; Хорезмнің барлық өзге аумағы Өзбек КСР-не беріледі.
Кеңестердің Орталық Атқару Комитеті және Халық Нәзірлер Кеңесі алғашқысы 23 қарашада, соңғысы 30 қарашада өз қызметтерін тоқтатады.86
Өзбек КСР-не өтетін аумақтарды басқару үшін арнайы Ревком құрылды.
Осыдан соң мәселе тағы да Мәскеуге, РК(б)П Орталық Комитеті мен
Бүкілресейлік Орталық Атқару Комитетіне (БОАК) және КСРО Орталық Атқару Комитетіне (ОАК) көшті. Орта Азия республикалық органдарының шешімдерін орталық мемлекеттік органдардың бекітуі арқылы зандастыру қажет болды.
1924 жылғы 11 қазанда РК(б)П ОК Саяси бюросы Түркістан, Бұқар және Хорезм республикаларының партия және кеңес органдарының, РК(б)П ОК Орта Азия бюросының баяндамалары мен ұсыныстарын талқылады. Талқылауға Орта Азия халықтарының өкілдерінің бәрі де қатысты. Солардың ішінде Ю.Абдрахманов, Н.Айтақов, С.Қожанов, С.Меңдешев, Ф.Хожаев, ҚАтабаев, И.Варейкис, С.И.Гусев, А.Досназаров, Ш.Исламов, О.Карклин, В.Куйбышев, Я.Рудзутак, Сұлтан-Қары, Г.Чичерин, И.Межлаух және тағы басқалар болды.87
Саяси бюродағы талқылаудың қызу болғаны оған қатысушылардың ұлттық құрамынан-ақ байқалып тұр. Саяси бюро Орта Азияны ұлттық межелеу жөнінде түпкілікті шешім қабылдады, экономикалық межелеудің жоспарын бекітті, мемлекеттік қорлар мен капиталдардың жаңа ұлттық республикалар мен облыстардың арасында бөлінуі туралы нұсқау берді.
Сондай-ақ Саяси бюро ұлттық межелеуде шешімін таппай жатқан мәселелерге көңіл аударып, олар туралы мынадай шешім қабылдады:
а) Куйбышев, Рудзутак және Чичерин құрамындағы комиссияға Памир мәселесін шешу тапсырылсын.
б) Тәжіктердің автономиялы республикасы (автономиялы облыстың орнына) Өзбек Республикасы құрамында құрылсын.88
Осыған орай 1924 жылғы 23 қазандағы Саяси бюроның шешімі бойынша Памир Тәжік АКСР-ы құрамына ерекше облыс мәртебесімен кірді.
Саяси бюроның осы шешімінде Ташкент қаласы туралы да тармақ болды. Ташкентті Өзбек республикасына беру туралы Саяси бюроның 1924 жылғы 11 маусымдағы шешімі күшінде қалдырылды.
1924 жылғы 14 қазанда Бүкілресейлік Орталық Атқару Комитетінің 2-ші сессиясы Түркістан ОАК-нің қаулысын бекітіп, Түркістан автономиялы республикасын РКФСР құрамынан шығарып, өзбек, қазақ, тәжік, қырғыз, түркімен және қарақалпақ халықтарына өздерінің бірыңғай ұлттық мемлекеттеріне бірігуге рұқсат берді. БОАК-тің сессиясы Орта Азия республикаларының қаулыларына біршама өзгерістер енгізді. Сессия Тәжік автономиялы облысын Өзбек КСР-ы құрамындағы Тәжік Автономиялы Кеңестік Социалистік Республикасы етіп құрды. Қырғыз автономиялы облысы РКФСР-ның құрамына ендірілді. Қарақалпақ автономиялы облысы Қазақ АКСР-ы құрамына кіргізілді.89
РКФСР ОАК-нің 2-ші сессиясы Орта Азиядағы ұлттық межелеудің маңызын тағы бір сатыға көтерді. Тәжік халқы автономиялы облыстан автономиялы республика мәртебесіне қол жеткізді. Түркістан республикасының Сырдария және Жетісу облыстарының қазақтар мекендейтін аумақтары Қарақалпақ автономиялы облысымен бірге Қазақ АКСР-на өтті. Тәжік АКСР-на келер болсақ, Түркістан республикасының және Бұқар республикасының басшы мемлекеттік органдары Тәжікстанды ылғи Өзбек республикасы құрамындағы автономиялы облыс ретінде қалдырып отырды. Шынында тәжіктер Орта Азиядағы ең ежелгі ұлттардың бірі. Бірақ олар өзбектермен етене араласып жатты, экономикалық жағынан Өзбекстанға тартылып тұрды, тәжіктердің жалпы әлеуметтік-экономикалық жағдайы төмен еді. Түркістан мен Бұқар республикалары басшылығында Тәжік қайраткерлері де аз еді. Бірақ РК(б)П ОК-ті тәжік ұлтын автономиялы республикаға лайық деп тауып, оларға АКСР құқығын берді.
1924 жылы қазан айының ортасында Хорезм республикасын да межелеу пісіп жетілген еді. РК(б)П ОК Саяси бюросының 15-ші қазандағы шешімімен ұлттық-мемлекеттік межелеу Хорезм Кеңестік Социалистік Республикасына да таратылды. Саяси бюроның осы шешімімен Хорезм республикасының бір бөлігінен Қарақалпақ автономиялы облысы құрылып, ол Қазақ АКСР-ы құрамына кіретін болып шешілді.90
Орта Азиядағы ұлттық-мемлекеттік межелеу енді КСРО-дағы жоғарғы саяси орган РК(б)П ОК-нің пленумына шығарылды. РК(б)П ОК-нің 1924 жылғы 26 қазандағы пленумы Орта Азиядағы ұлттық-мемлекеттік межелеуге арналды. Пленумда осы мәселе бойынша баяндама жасау РК(б)П ОК Саяси бюросының мүшелігіне кандидат, РК(б)П ОК-нің хатшысы, бір кезде Орта Азия бюросының төрағасы болған, Орта Азиядағы ұлттық-аумақтық межелеуге басшылық жасаушылардың бірі Я.Э.Рудзутакқа тапсырылды. Ол өз баяндамасында Түркістан, Бұқар мен Хорезм республикаларын ұлттық белгісіне қарай межелеудің тарихи жағынан қажеттігіне және маңызына тоқталып, бұл оқиғаның ұлттардың теңсіздігін жоюға, өлкеде кеңестік құрылысты нығайтуға бағытталғанын және тап күресін өршітуге ұмтылып отырған жергілікті діндарлар мен ұлтшылдарға, әсіресе, өсімқор сауда буржуазиясына соққы болып табылатынын атап өтті.
«Осы тұрғыдан алғанда, – деді Я.Рудзутак, – кеңестік және партиялық жұмысты тазарту үшін ұлттық межелеу мен өзін-өзі басқару мәселесін тереңнен және нақтылап қою үшін, Түркістан атмосферасын, Орта Азия халықтарының таптық және ұлттық мүддесін адастыратын және тұмшалайтын барлық артық элементтерден тазарту қажет болды».91
Я.Рудзутактың ойынша межелеу арқылы Түркістан өлкесін мүлде жаңаша құрып, партиялық кеңестік басқарудың жаңа үлгісін ендіру қажеттілігі болғандығы көрініп тұр. Большевиктер ұлттық межелеуді тап күресімен және партиялық басшылықты нығайтумен тығыз байланыстырды. РК(б)П ОК пленумы Орта Азияны ұлттық жағынан межелеу туралы қаулы қабылдады.
Енді ұлттық-мемлекеттік межелеуді заңдастырудың ең соңғы сатысы қалды. Бұл саты мәселені КСРО Орталық Атқару Комитетінде қарап заңдастыру еді.
1924 жылы қазанның соңында КСРО ОАК-нің II сессиясы шақырылып, онда Орта Азияны ұлттық-аумақтық жағынан межелеу мәселесі талқыланды. КСРО ОАК II сессиясы Орта Азия халықтарының нақты білдірілген еркінен шыға отырып, Түркістан Орталық Атқару Комитетінің, Кеңестердің Бүкілхорезмдік V құрылтайының және Кеңестердің Бүкілбұқарлық V құрылтайының ұлттық-мемлекеттік межелеуді жүргізу және жаңа кеңестік социалистік республикалар мен облыстар құру туралы ұсынысы қанағаттандырылсын, деген қаулы қабылданды.92
КСРО ОАК-ті «еңбекші халықтардың еркін ерікті білдіруі ең жоғарғы заң болып табылатындығын» нақтылады және «КСРО ОАК төралқасына Орта Азияның жаңадан құрылған республикаларын осы республикалар кеңестерінің съездерінің шешіміне сәйкес құруды жүзеге асыруды тапсырды».93 «КСРО ОАК сессиясының осы қаулысы Орта Азияда ұлттықмемлекеттік межелеуді аяқтады және жаңадан құрылған ұлттық республикалар мен облыстарды құруды түпкілікті заңдастырды немесе оны заңды күшіне ендірді. Осыдан кейін жаңадан құрылатын Орта Азия республикаларын тікелей қалыптастыру қолға алынды. Түркістан, Бұқар және
Хорезм республикаларының орнына мынадай жаңа республикалар мен облыстар құрылды: Өзбек Кеңестік Социалистік Республикасы, Түркімен Кеңестік Социалистік Республикасы, Өзбек КСР-ы құрамындағы Тәжік Автономиялы Кеңестік Социалистік Республикасы, РКФСР құрамындағы Қарақырғыз Автономиялы облысы, Қазақ АКСР-ы құрамындағы Қарақалпақ Автономиялы облысы, Түркістан республикасының Жетісу және Сырдария облыстарының қазақтар мекендеген басым бөлігі Қазақ АКСР-ы құрамына өтті.
Осы жаңа республикалар мен облыстардың құрылуына байланысты Түркістан АКСР-ы, Бұқар КСР-ы және Хорезм КСР-ы кеңестерінің сессиялары 1924 жылы 18 қарашадағы біріккен қаулысымен бұл республикалардың өз қызметін тоқтатқанын жариялады.94 Осылай бұл республикалар тарих сахнасынан өз еріктерімен кетті, басқаша айтқанда жойылды. Олардың сессиялары билікті жаңадан құрылатын республикалар мен облыстарды құратын революциялық комитеттерге (ревкомдарға) берді. Ол ревкомдар болса таратылған республикалардың сессияларында құрылды. Жетісу және Сырдария облыстарыңдағы қазақ жерлері туралы ревкомды Қазақ АКСР ОАК-ті құрды.
КСРО ОАК төралқасы 1924 жылғы 5 қарашада Өзбек КСР-ы Ревкомы және Түркімен КСР-ы Ревкомы құрамын бекітті. Тәжік АКСР-ы Ревкомы да құрылды. Өзбек КСР-ы Ревкомы төрағасы болып Ф.Хожаев, Түркімен КСР-ы Ревкомы төрағасы Н.Айтақов болды. Сондай-ақ осының алдында 1924 жылы 13 қазанда РК(б)П ОК-нің Ұйымдастыру бюросы Өзбекстан Компартиясының және Түркіменстан Компартиясының Ұйымдастыру бюроларының құрамын бекітті.95
Бұл ревкомдар аз ғана уақыт ішінде РК(б)П ОК Ортаазбюросының Аумақтық комиссиясымен келісе отырып, жаңа республикалар мен облыстарды құрды. Ревкомдар уақытша үкіметтер рөлін атқарды. Ревкомдардың басшылығымен жаңа республикалар мен облыстардың аумағы, халқы анықталды. Жаңа республикалар мен облыстардың құрылтай съездері даярланды. Ревкомдарға бұрынғы жергілікті облыстық, уездік, округтік, ауылдық кеңес органдары, шаруашылық нысандары, кәсіпорындар мен мекемелер тікелей бағынды. Хорезм мен Бұқар республикаларындағы ескі жергілікті билік органдары уақытша сақтала тұрды. Өзбек және Түркімен КСР-ы Ревкомдары КСРО заңдарын уақытша басшылыққа алды. Қырғыз автономиялы облысында және Қарақалпақ автономиялы облысында да арнайы ревкомдар қызмет етті.
1925 жылғы 8 ақпанда Бұқар қаласында Өзбекстан Компартиясының I съезі ашылды. Онда Өзбекстан Компартиясы құрылды. Ұзамай 1925 жылы 13-17 ақпанда Өзбек КСР-ы Кеңестерінің I құрылтай съезі өтті. Съезд Өзбек КСРының құрылғанын заңды түрде бекітті. Өзбек КСР-ның жоғарғы мемлекеттік органдарын құрды. Съезд «Өзбек Кеңестік Социалистік Республикасын құру туралы Декларация қабылдады».96
1925 жылғы ақпанда Түркімен Компартиясының I съезі және Түркімен КСР-ы Кеңестерінің съезі өтіп, онда Түркімен КСР-ның жоғарғы партия, кеңес органдары құрылды. «Түркімен КСР-ын құру туралы Декларация» қабылданды. Түркімен КСР-ның құрылғандығы заңдастырылды.97
1924 жылғы қазанда Қарақырғыз (Қырғыз) автономиялы облысы кеңестерінің Пішпекте өткен құрылтай съезінде Қарақырғыз автономиялы облысының құрылғаны заңдастырылды. Сондай-ақ съезде Қырғыз автономиялы облысын Қырғыз автономиялы республикасына айналдыру туралы өтініш айтылды. Бұл өтініш БОАК-ке жеткізілді. Қырғыз халқының еркін қолдай отырып, БОАК төралқасы 1926 жылы Қырғыз автономиялы облысын Қырғыз автономиялы республикасына айналдыру туралы қаулы қабылдады.
1927 жылы наурызда өткен Кеңестерінің Бүкілқырғыз құрылтай съезі Қырғыз автономиялы облысының Қырғыз автономиялы республикасына айналғанын заңдастырып, оның жоғарғы мемлекеттік органдарын құрды.98 Қырғыз автономиялы облысы, одан кейінгі Қырғыз Автономиялы Кеңестік Социалистік Республикасы РКФСР құрамына енді.
1925 жылғы 12-19 ақпанда Төрткөл қаласында Қарақалпақ автономиялы облысы кеңестерінің құрылтай съезі өтті. Съезд Қарақалпақ автономиялы облысының Қазақ АКСР-ы құрамында құрылғанын заңдастырды, автономиялы облыстың атқару комитетін, тағы басқа органдарын құрды. Қазақ АКСР-і Кеңестерінің 1925 жылы 19 ақпанда өткен V съезі Қазақ АКСР Халкомкеңесіне Қарақалпақ автономиялы облысының Қазақ АКСР-ы құрамына кіруін аяқтауды тапсырды.99
Осылай Орта Азиядағы Түркістан, Бұқар және Хорезм республикаларын ұлттық-мемлекеттік межелеу іс жүзінде 1924 жылдың қазан-қараша айларында аяқталып, одан соң бұл аумақты басқару үшін құрылған ревкомдардың жұмыс жүргізу нәтижесінде жаңадан құрылған Өзбек КСР-ы, оның құрамындағы Тәжік АКСР-ы, Түркімен КСР-ы, РКФСР құрамындағы Қырғыз автономиялы облысы, Қазақ АКСР-ы құрамындағы Қарақалпақ автономиялы облысы 1925 жылы ақпан-наурыз айларында өздерінің кеңестерінің құрылтай съездерінде жаңа мемлекеттік бірлестіктер ретінде құрылып бітті немесе толықтай заңдастырылды.
Сондай-ақ осы кезеңде Түркістан республикасының Жетісу және Сырдария облыстарының қазақтар мекендеген негізгі басым бөлігі арнайы құрылған Қазақ ревкомының жүргізген үлкен жұмыстары нәтижесінде Қазақ АКСР-ы құрамына өтті. Қазақ жерлері, қазақ халқы бірыңғай Қазақ АКСР-ы құрамына бірікті.
Ұлттық-мемлекеттік межелеудің нәтижесінде Орта Азия мен Қазақстан тарихындағы үлкен бір кезең аяқталып, мүлде жаңа бір тарихи дәуір басталды. Бұл шараларды Орта Азия мен Қазақстандағы ұлттық-мемлекеттік межелеуді біртекті ұлттардан тұратын Орта Азия мемлекеттері мен біртұтас Қазақстанның қалыптасуының бастау алар көзі деп бағалаған жөн. Орта Азия мен Қазақстандағы ұлттық-мемлекеттік межелеуді оның ұйымдастырушыларының бірі И.Варейкистің: «Болашаққа қақпа. Біз өзімізге болашаққа қақпа аштық. Біз тарих қабырғалары ішінен өзіміздің жолды бұзып-жарып салдық»100, – деп мақтанышпен жазған пікірі мемлекеттік маңызы зор шаралардың жүзеге асқан сол дәуірге, дүбірлі кезеңге берілген әділ баға деп түсінуге болады. И.Варейкистің бұл тұжырымы тарихи шындыққа сай келеді.
(Соңы. Басы өткен санда)
Ғаппар МАЙМАҚОВ,
тарих ғылымының кандидаты, құқықтану доценті
Пайдаланылған әдебиеттер:
54 Гордиенко А.А. Создание советской национальной государственности в Средней Азии...С.158. (Бұл дерек Өзбекстан КП ОК-нің архивінен алынған. 14-қор, 1-тізбек, 1, 708-1С-708, 25-б. алынған)
55 Варейкис И., Зеленский И. Национально-государственное размежевание Средней Азии. С.52-53
56 Бұл да сонда, 53-б.
57 Бұл да сонда, 59-б.
58 Турсунов X. Национальная политика Компартии в Туркестане. С.337.
59 Бұл да сонда.
60 Туркестанская правда, 1924 г. 2 сентября.
61 Туркестанская правда,1924 г. 5 сентября.
62 Туркестанская правда, 1924 г. 7 сентября.
63 Туркестанская правда, 1924 г. 21 августа.
64 Турсунов X. Национальная политика Компартии в Туркестане...С.345.
63 Туркестанская правда, 1924 г. 9 сентября.
66 Бұл да сонда.
67 Гордиенко А.А. Создание советской национальной государственности в Средней Азии. С. 177-178
68 Бұл да сонда.
69 Турсунов X. Национальная политика Компартии в Туркестане...С.339-340.
70 Бұл да сонда, 340-б.
71 Бұл да сонда, 340-б.
72 Бұл да сонда, 340-б.
73 Бұл да сонда, 347-б.
74 Бюллетень 3-й Чрезвычайной сессии ТуркЦИКА Ташкент, Туркизд. 1924 г.С.32
75 Туркестанская правда. 1924 г. 19сентября
76 Бюллетень 3-й Чрезвычайной сессии ТуркЦИКА..С.32-33
77 Туркестанская правда, 1924 г. 16 сентября.
78 Туркестанская правда, 1924 г. 16 сентября.
79 Туркестанская правда, 1924 г.21 сентября.
80 Туркестанская правда, 1924 г. 23 сентября
81 Туркестанская правда, 1924 г. 25 сентября.; Путь Бухары и Хивы к социализму (История Бухарской и Хорезмской народных советских республик) Москва, 1966. С.24.
82 История Хорезмской Народной Республики. 1920-1924 г.г. Сборник док-тов. Ташкент, 1976.С.345.
83 Бұл да сонда, 345-б.
84 Бұл да сонда, 346-б.
85 Бұл да сонда, 346-б.
86 Бұл да сонда., 346-б.
87 Турсунов X. Национальная политика Компартии в Туркестане... С. 349.
88 История Коммунистических организации Средней Азии...С.750.
89 Народное хозяйство Средней Азии. 1924 г. №4.С.206; Гордиенко А.А. Создание советской национальной государственности в Средней Азии..С.182.
90 Турсунов X. Национальная политика Компартии в Туркестане...С.350
91 Бұл да сонда...351-б.
92 Сборник законов СССР. М.1924. №9.С.187.
93 Бұл да сонда...187-б.
94 История Узбекской ССР в 4-хтомах.Т.3. Ташкент. 1967.С.396-397; Хакимов М.Х. Партия и советская национальная государственность.С.70-71
95 Хакимов М.Х. Партия и Советская национальная государственность...С.70.
96 История Узбекской ССР...Т.З.С.405.
97 Хакимов М.Х. Партия и Советская национальная государственность...С.72.
98 Нурбеков. История государства и права Киргизской ССР.Ч.ІІ.Фрунзе.1970.С.88-89.
99 Съезды Советов СССР. Сб-к документов. 1924-1937 г.г.ТІV.М., 1962 г.С.781.
100 Варейкис И. Ворота в будущее. Туркестанская правда, 1924. 17 сентября.

299 рет
көрсетілді0
пікір