• Мақала
  • 02 Мамыр, 2025

Ел назарын аударған тарихи күн

Сәуір айының 15-і күні «Орталық мемлекеттік архив» республикалық мемлекеттік мекемесі мен әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың бірлесе өткізуімен «Қазақ жерінің тұтастануы мен «қазақ» атауының қайтарылуына 100 жыл» атты республикалық ғылыми-тәжірибелік конференция ұйымдастырылды. 
Іс-шараны тарих факультетінің деканы Досбол Байғонақов жүргізді. Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ ректоры Жансейіт Түймебаевтың конференция қатысушыларына арналған құттықтау хаты оқылды. Жиынға белгілі тарихшы ғалымдар қатысты. Атап айтқанда, академик Берекет Кәрібаев «Қазақ этнонимінің мәні мен мазмұнының эволюциясы», тарих ғылымдарының докторы Мұрат Әбдіров «Қазақ/казах/казак терминдерінің этимологиясы туралы», К.Карасаев атындағы Бішкек мемлекеттік университетінің кафедра меңгерушісі Дөөлетбек Сапаралиев «Ресейдің тарихи дереккөздеріндегі қазақ пен қырғыздың этникалық атауы», «Әділет» тарихи-ағарту қоғамы төрағасының орынбасары, жазушы Бейбіт Қойшыбаев «Тұтас Қазақстан Кеңестерінің тұңғыш съезіне бір ғасыр» тақырыбында сөз сөйледі. 
Орталық мемлекеттік архив директоры Сәбит Шілдебай сол замандағы тарихи құжаттар мен қаулыларға, өзге де маңызды деректерге шолу жасап, республика атауы Қырғыз болып көрсетілгенімен, қазақша құжаттарда, негізінен, «қазақ» деп жазылғанын атап өтті. Ресми басылымдардың бәрінде «қазақ» атауы «қазақ» қалпында жазылып жатқанын айтты. Қазақ өлкелік партия комитетінің 2-хатшысы Сұлтанбек Қожанов сөзін келтірді. Ол сөз мынадай: «Осы уақытқа дейін бізде бір түсініспеушілік бар; киргиз өзін қазақ деп атайды. Олар мұны орыс казактарынан қабылдамады, олардан әлдеқайда ертеректе қазақ деп аталды. Көшпелілердің алғашқы одағы қазақтар деп аталды, сондықтан орыс казактары бұл атауды қабылдады деп ойлауға болады. Қазір киргиз «қазақ сөзі орыс тілінде киргиз дегенді білдіреді» деп санайды. Декларацияда «Киргиз Республикасы» туралы айтылады, ал жолдас Тоқжігітов «Қазақ Республикасы» деп атайды, сондықтан бұл аударма. Мұның бәрін тексеру керек, өйткені бұл ескінің қалдығы екенін білеміз. Мүмкін, аудармашылар отарлаушы күштерді қолдай отырып, қазақты осылай атаған (күлкі), сондай-ақ қырғызды «кара киргиз» деп атайды. Бірақ бұлар кара киргиз емес, оларды орыстар солай атады. Біз жай ғана қазақпыз, қырғызды қазақтан ажырату үшін оларды кара киргиз немесе қара қырғыз деп атады. Енді болашақта киргизды қазақ деп және республиканы Қазақтікі, яғни Қазақстан деп атау үшін заңдастыру қажет. Мен киргиздарға осы атауды қайтаруды және бұрынғы жосықсыз таңбаны жоюды ұсынамын. Кеңестердің 5-ші Бүкілкиргиз съезі киргиз халқы үшін «қазақ» деген атауды және Киргиз Республикасы үшін «Қазақстан» деген атауды заңдастырсын» (С.Қожанов). 
С.Шілдебай өз баяндамасында «қазақ» атауына байланысты тарихи деректерді жан-жақты талдады. 
Жиында сөз алған Қ.А.Ясауи атындағы ХҚТУ-дің Еуразия ғылыми-зерттеу институтының және ОМА-ның аға ғылыми қызметкері Алмас Жүнісбаев «Болмаған шегара: Орта Азияның межеленуі кеңестік саяси инженерия ретінде» деген тақырыпта баяндама жасады. 
– Межелеу Кавказ елдерінде де, КСРО-ның Еуропа бөлігінде де, Сібірде де жүрді. Ресей империясының Ғылым академиясының құрамында екі үлкен комиссия құрылады: «Ресейдің тайпалық құрамын зерттеу комиссиясы» (КИПС) және «Өндіргіш күштерді зерттеу комиссиясы (КЕПС). Осы екі комиссия билікке келген большевиктерге ұлт мәселесін шешуде және территориясы мен әкімшілік бірліктерін құруда үлкен зерттеулер жасап береді, – деді А.Жүнісбаев. 
Ғалым республикаларды бөлгенде ұлттардың тілдік иерархиясы да алдын ала анықталып, арнайы жіктелгенін атап өтті. Ұлы ұлт (орыс тілі), үлкен ұлттар (украин, белорус, грузин, армян, әзербайжан), орта ұлттар (қазақ, өзбек, түрікмен, тәжік, қырғыз, Ресейдің ұлттары), кіші ұлттар (еврей, қарақалпақ, адыгей, алтайлық, қарашай, шеркес, хакас, саха, коряк, эвенк), мәртебесі жоқ ұлттар (алеут, эскимос, дұнған, сыған т.б.) деген иерархияға бөлініп, тіл шекарасы да арнайы көрсетілгенін жеткізді. 
Конференцияның қарарында «Қазақ жерінің тұтастығы бойынша ағартушылық қызметті жандандыру; Қызылорда қаласының астаналық кезеңінің тарихын зерделеу мен насихаттау жұмысын тереңдету; Қазақ жерінің тұтастығы мен ұлттық мүдде жолында күрескен ұлт қайраткерлерінің еңбегін жас ұрпаққа жеткізу, т.б. міндеттер көрсетілді. 

Дәуіржан ЖҰМАЖАНҰЛЫ

307 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

AQIQAT №1

30 Қаңтар, 2025

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Дәуіржан ТӨЛЕБАЕВ

«Ақиқат» ұлттық қоғамдық-саяси журналының Бас редакторы