- Мақала
- 02 Мамыр, 2025
Аймақтық театрлардың жай-күйі қалай?

Биылғы Ұлттық құрылтайдың төртініші отырысында ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев еліміздегі театр өнерінің дамуы туралы «Тәуелсіздік жылдарында мәдениет саласында көп жұмыс атқарылды. Классикалық және заманауи музыкаға арналған сәулетті ғимараттар салынды. Көптеген театр ашылды. Қазақстанда театр өнеріне қызығушылық артып келеді. Зал көрерменге толы, қойылымдардың премьерасына билеттер екі-үш апта бұрын сатылып кетеді. Сахна өнеріне құштар жандардың арасында жастардың көп болуы көңілге ерекше қуаныш ұялатады. Қазір Қазақстанда 46 аймақтық театр бар. Алайда, оның көпшілігінің жай-күйі мәз емес. Мысалы, Семейде бір ғимаратта үш бірдей театр сығылысып отыр. Әсіресе, аймақтарда театрларды салуға және дамытуға баса назар аудару керек. Халқымыздың мәдени әралуандығын сақтауға мүмкіндік беретін орыс және басқа да ұлттық театрларды қолдау маңызды. Елімізде өнердің бұл түрі де табыс әкелетінін дәлелдеп жүрген жеке театрлар аз емес. Сондықтан бизнес өкілдерін аймақтағы театрларға белсене қолдау көрсетуге шақырамын», – деген еді.
Мемлекет басшысы айтқан бағыт-бағдарға назар аудару мақсатында 15 сәуір күні «Әуезов үйі» ғылыми-мәдени орталығының мәжіліс залында М.О. Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институты, Т.Жүргенов атындағы Қазақ Ұлттық өнер академиясы, Қазақстан Театр сыншылар бірлестігінің ұйымдастыруымен «Бүгінгі аймақтық театрлардың хал-күйі және даму үдерісі» атты дөңгелек үстел өтті.
М.О. Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының Бас директоры, филология ғылымдарының докторы, ҚР ҰҒА академигі Кенжехан Матыжанов модераторлық еткен дөңгелек үстелде М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институты Театр және кино бөлімінің меңгерушісі, өнертану кандидаты, театртанушы Амангелді Мұқан «Қазақ театрының 100 жылдығы қарсаңындағы ұлттық сахна өнерінің өзекті мәселелері», Т.Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясының профессоры, Қазақстан Театр сыншылары бірлестігінің Президенті, театртанушы Анар Еркебай «Аймақтық театрлардың қазіргі жай-күйі мен дамуын сараптау», өнертану докторы, Т.Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясының профессоры, театртанушы Бақыт Нұрпейіс «Бүгінгі Қазақстан театрларының репертуар мәселесі», Т.Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясының профессоры, өнертану кандидаты Зухра Исламбаева «Абай атындағы Абай облыстық қазақ музыкалық драма театрының бүгінгі даму тенденциясы», Т.Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясының профессоры, Өнертану факультетінің деканы Меруерт Жақсылық «Қазіргі театрдағы көркемдік ізденістер: актерлік өнер, режиссура, сценография мәселелері» тақырыптарында баяндама жасады.Театртанушы мамандар кезек-кезек сөз алып өңірдегі театрлардың жай-күйіне тоқталып, ондағы даму тенденциялары мен құлдырау себептеріне үңілді.
Анар ЕРКЕБАЙ:
Театр туралы Заң қажет
Тақырып – қазіргі таңда жиі көтеріліп жүрген, бірақ әлі де өзектілігін жоймаған мәселе. Соңғы жылдары облыстық театрларға көңіл бөлінуі қуантарлық жайт. Осы орайда министрлік өткізген соңғы жиында ұлттық театрлармен қатар, облыстық театрлардың жағдайы да кеңінен қозғалды. Сол жиында сөз сөйлеп, ең алдымен «Театр туралы» Заңның қажеттілігі туралы өз пікірімді білдірдім.
Бүгінде көптеген шет мемлекеттерде, тіпті посткеңестік елдердің өзінде, театр қызметін нақты реттейтін заң бар. Бұл заңда театрдың қызметі, құрылымы, міндеттері және шығармашылық бағыттары нақты жазылған. Ал бізде бұл мәселе бірнеше жылдан бері көтеріліп жүргенімен, әлі нақты заңдық шешімін таппаған. Сол себепті осы заңды жасау үшін арнайы жұмыс тобын құрып, театр саласының тәжірибелі мамандарын тартып, нақты тапсырмалар беру қажет деп санаймын.
Сондай-ақ, авторлық құқық мәселесі де өте өзекті. Театрларымыз шетелге гастрольдік сапармен шыққанда, сол елдің авторлық құқық жүйесімен бетпе-бет келеді. Біздің елде бұл бағыттағы заңды механизмдер әлі де толық жетілмеген. Бұл да шешілуі тиіс маңызды мәселе.
Мәдениет туралы заңға сәйкес, театрдағы негізгі басшы – директор. Қазіргі таңда директор барлық жауапкершілікті өз мойнына алып, тек әкімшілік емес, шығармашылық бағытта да жұмыс істеуге мәжбүр. Нәтижесінде көркемдік жетекшінің рөлі әлсіреп, екінші қатарға түсіп отыр. Осыған байланысты заңда көркемдік жетекшінің шығармашылық процестерге жауапты тұлға ретінде мәртебесін нақтылау керек деп есептеймін.
Тағы бір мәселе – облыстық театрларда тапсырыспен жазылатын пьесалардың көбейіп кетуі. Көбінесе жергілікті мекемелер белгілі бір тақырыпты сахнадан көргісі келіп, тікелей тапсырыс береді. Мұндай пьесалар көркемдік тұрғыдан сарапталмай, бірден қойылымға айналып кетеді. Бұл – қате үрдіс. Пьесалар алдымен көркемдік кеңестің талқылауынан өтуі тиіс. Әйтпесе, мұндай қойылымдар өткінші, бір-екі рет көрсетіледі де, репертуардан түсіп қалады. Ал бұл жағдайда жұмсалған қаражат та, уақыт та, актер мен режиссердің еңбегі де босқа кетеді.
Тағы бір өзекті мәселе – жалақы мен әлеуметтік жағдай. Облыстық театрлардағы актерлердің жалақысы өте төмен. Мысалы, жас актерлердің айлығы 110 мың теңгеден басталады. Бұл сомамен пәтер жалдау, тамақ, киім және жүріс-тұрыс шығындарын жабу мүмкін емес. Тіпті тәжірибелі актерлердің өзі 250–260 мың теңгеден аса алмай отыр. Сондықтан актерлер қосымша табыс іздеуге мәжбүр болады.
Сонымен қатар, көптеген жас мамандар облыстық театрларға барғысы келмейді, себебі әлеуметтік қолдау көрсетілмейді. Кейбір театрлар ғана пәтер жалдауға көмектеседі, ал көпшілігі мұндай мүмкіндіктен мақұрым. Сондықтан жастарға арналған әлеуметтік пакет жасау қажет деп санаймын. Сонда ғана жастар театрға келіп, тұрақтап қалатын еді.
Облыстық театрлардың дамуы – еліміздің мәдени болашағы үшін стратегиялық маңызы бар бағыт. Бұл салада заңдық, қаржылық, әлеуметтік қолдау тетіктерін нақтылап, шығармашылық еркіндікті қамтамасыз ететін жүйе қалыптастыру қажет.
Меруерт Жақсылық:
Көркемдік сапа – театрдың ең басты бағдары
Құрылтайда көтерілген, осы жиында талқыланып жатқан мәселелер осында отырған барлығымызға, яғни театртанушыларға етене таныс. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың театр туралы арнайы тоқталуы – біз үшін үлкен қолдау.
Бүгінгі жиында мен көтергім келетін мәселе – біздің театр сыншылары айтып жүрген, бірақ ескерусіз қалып жүрген проблемалар. Біз театр мәселелерін кез келген жиында талқылаймыз. Өйткені бұл – біздің жанымызға бататын, жүрегімізбен сезінетін мәселе. Алайда біздің айтқанымыз өңір басшылары мен өңірдегі театрларға жете ме, деген ой мазалайды. Әріптесіміз Анар Еркебай театр сыншылары бірлестігінің президенті ретінде бұл мәселелерді мемлекет деңгейінде көтеріп жүр. Бірақ біз көбіне әлеуметтік мәселелерге тоқталамыз да, көркемдік сапаға уақыт жетпей қалады. Ал көркемдік сапа – театрдың ең басты бағдары: актерлік өнер, режиссура, сценография, драматургия. Бұл салаларда жүйелі жұмыс болмаған жағдайда театр тоқырауға ұшырайды. Бүгінгі таңда сахнада актерлер тұрақтамай, режиссерлер келіп-кетіп, сапасыз қойылымдар қойылып жүр. Бұл – әлеуметтік жағдайдың салдары. Облыстық театрдың деңгейі, ондағы жұмыс сапасы – облыс әкімнің театрға деген көзқарасына да тікелей байланысты. Яғни, әкімі жақсы болса, театры да жақсы. Мысалы, Семей театрындағы жағдай – соның дәлелі. Көркемдік сапаны арттыру үшін «Драматургия – Актерлік шеберлік – Режиссура» үштігіне мән беруіміз керек: Қойылымдарда дәстүрді білмейтін режиссерлер, тарихқа, фольклорға қызықпайтын драматургтер жұмыс істеуде. Бізде мифология да, аңыз-дастандар да көп, бірақ соны сахнаға шығарып жүргендер аз.
Шеберлік сабақтары қажет. Теория мен практиканы қатар алып жүру – әрбір театр актерінің күн тәртібіне енуі тиіс. Бос актерден мықты спектакль шықпайды. Репертуар мәселесі де өзекті. Театрлар бір-біріне ұқсас. Өзгеше қолтаңба жоқ. Театр өзіндік кескін-келбетін қалыптастыруы қажет. Бұл – көркемдік жетекшінің міндеті. Бізде мықты режиссерлер де, актерлер де бар. Фархат Молдағалиев, Дина Жұмабаева сынды азаматтар еңбек етіп жүр. Бірақ қаламақы мәселесі де шешілуі керек. Театртанушылар да кейде тегін жұмыс істеп жатады. Бұл – үлкен мәселе. Қорытындылай келе, бүгінгі айтылған мәселелер біреудің құлағына алтын сырға, біреуге бағыт болса екен деймін. Қазақ театрының әлеуеті бар. Сол мүмкіндікті пайдалану – баршамыздың борышымыз.
Зухра ИСЛАМБАЕВА:
Театр мәдениет қана емес, театр – ұлттық идеология
Менің баяндамам Семей қаласының театр өнеріне арналады. Бұл театрға мен бірнеше рет барғанмын, бірталай спектаклін көрдім. Семей өңірі — қазақ руханиятының қайнар көзі. Мұны театр тарихынан да айқын байқауға болады. Абай, Шәкәрім, Мұхтар Әуезов сынды алыптар туған қастерлі мекен. Біржан мен Сара айтысы қойылған әйгілі Ойқұдық жайлауы да осы өңірде. Мұхтар Әуезовтің өзі алғаш сахналық қойылымдарын дәл осы жерде бастады. Бұл – жай ғана дерек емес, тұтас қазақ театр өнерінің бастауы. 1920 жылдары Семейде Чарский атындағы орыс драма театры болған. Кейін ол басқа қалаға көшкенде, оның барлық құрал-жабдығы мен сахналық декорациялары қазіргі қазақ театрына берілген. 1934 жылы театр ресми түрде ашылып, сол кезеңнен бастап оның тарихы қалыптасты. Бұл туралы ұстазымыз Бағыбек Құндақбайұлы терең зерттеу жүргізіп, құнды еңбектер жазып қалдырды. Сол дәуірдің ұлы актерлері Нұриден Атаханов, Қасен Байырманов, Әбілқасым Жаңбырбаев, Күләш Сәкиева, Бекен Имаханов сынды тұлғалар еді. Біз Бекен ағамыздың көзін де көрдік. Сол кезде театр репертуары мазмұнды болатын.
Алайда, Семей облыс статусынан айырылған жылдардан бері театрдың репертуары қожырап, көркемдік деңгейі төмендеп кетті. Архив те, музей де жұмыс істемейді. Бұл театрдың аға буыны мен қазіргі буынының арасындағы сабақтастықтың үзілуіне әкеп соқты. Актерлік мектеп күрт үзіліп, аға буынның мұрасы ұмыт қалып барады. 2008–2009 жылдары М.Әуезов атындағы театр Семейге гастрольмен барды. Халық бұл шарадан бейхабар болды. Жарнама да, шақыру да жасалмады. Демек, мәдени шараларға деген көзқарас өте формалды. Соңғы жылдары репертуар жергілікті драматургтердің сапасыз пьесаларымен толығуда. Мысалы, Өмірбек Боранбаевтың «Сотанайдың соңғы үйленуі» деген спектаклінің деңгейі өте төмен болды. Айбек Тілеуханның «Ақберен», «Керей мен Жәнібек» пьесалары, Айбек Сапышевтің «Үлкен жүрек» туындылары да көркемдік жағынан кемшін. Әрине, Мұхтар Әуезовтің «Абай», «Еңлік-Кебек» сияқты классикаалық шығармалары бар. Бірақ жалпы репертуар жұтаң. Салыстыра қарасақ, Достоевский атындағы орыс драма театрының репертуары өте бай. Олар Ресейден режиссерлер мен актерлер шақырып, халықаралық деңгейде жұмыс істейді. Бұл тек қаржыландыру көзіне ғана емес, басқару қабілеті мен өнерге жанашыр көзқарасқа байланысты.
Жарық беру – театрдың негізгі компоненттерінің бірі. Алайда сахна жарығы талапқа сай қолданылмайды. Грим мәселесі де алаңдатады: кейде актрисалар сахнаға кәсіби гриммен емес, заманауи бояумен (макияж) шығады. Актерлік шеберлік пен режиссура деңгейі өте төмен. Режиссерлер шақырылмайды.
Кезінде бұл қаладағы үш театрдың әрқайсына 6 млн-нан бөлінген, қазір үш театрға 6 млн бөлінеді екен. Бұл қаржылық қысым театрдың шығармашылық еркіндігін де шектейді. Салыстырмалы түрде алсақ, Достоевский атындағы орыс драма театры – репертуары бай, актерлік құрам мықты, Ресейден режиссерлер шақыртып, кәсіби деңгейін сақтап отырған өнер ордасы. Әкімдік берген қаржымен шектелмей, демеуші табу ісі, театр менеджменті дұрыс жолға қойылған.
Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев Көкшетауда өткен Ұлттық құрылтайдың төртінші отырысында еліміздегі театрлардың даму үдерісіне тоқталып, аймақтағы кәсіпкерлерді театр өнеріне демеушілік жасауға шақырды.
Осы жиында айтылып жатқан өңірлік театрлар мәселесінің басым бөлігі оған бөлінетін әкімдік қаражатының аздығынан болып отырғанын айттық. Егер жергілікті кәсіпкерлер сахна өнеріне демеушілік жасауды қолға алса, кейін кеткен көш алға жылжитын шығар.
Менің ойымша, еліміздегі театрларды жүйелі түрде дамыту үшін мемлекеттік деңгейде кешенді шаралар қабылдануы қажет. Театрларды басқару кәсіби менеджерлерге беріліп, мықты режиссерлер мен актерлер тарту керек. Заманауи ғимараттар салу өте маңызды. Театр – қоғам руханиятының айнасы. Сондықтан да, бұл мәселені тек мәдениет қана емес, ұлттық идеология тұрғысынан қарастыруымыз керек.
Амангелді МҰҚАН:
Аймақтық театрларда кадр тапшылығы өзекті
Бір ғасырлық тарихы бар қазақ театры талай сынақтан өтіп, бүгінгі күнге жетті. Дегенмен, бүгінгі театрдың жай-күйі мен болашағы ойландыратын өзекті мәселелерді алға тартып отыр. Осы мәселелер төңірегінде сөз қозғау – баршамыз үшін маңызды. Қазақстандағы театрлардың қазіргі жағдайына назар аударсақ, бұл салада жүйесіздік пен жоспарсыздық анық байқалады. Театрларды ұйымдастыру, дамыту ісі әлі күнге дейін жүйелі мемлекеттік саясат аясында жүргізілмей келеді. Өңірлік театрлар мәселесі – бүгінгі күннің өзекті тақырыбы. Театр ғимаратын салу, материалдық-техникалық жағдайын жақсарту, кадрмен қамту, жалақы мен әлеуметтік қолдау мәселелері шешімін күтіп тұр. Тәуелсіздік алғаннан бері ел аумағында бірқатар театр және өнер орталықтары салынды. Бірақ, өкінішке қарай, театр ғимараты жоқ өңірлерде де театр ұжымдары жұмыс істеуге мәжбүр. Бір сахнаны бірнеше театр бөлісіп пайдаланатын жағдайлар кездеседі. Мысалы, Семей қаласындағы қазақ, орыс, жастар театрлары бір сахнада кезектесіп, аптасына екі-үш күннен жұмыс істеуде. Бұл – толыққанды шығармашылық үдеріс үшін жеткіліксіз. Кеңестік жүйеден қалған басқару тәсілдері әлі күнге өзгермеген. Бұрынғыдай бюджеттік мекеме ретінде ғана жұмыс істейтін театрлар бүгінгі заман талабына сай дами алмай отыр. Бір кездері өзін-өзі қаржыландыру идеясы көтерілгенімен, ол қоғам тарапынан қолдау таппады. «Өнер өзін-өзі асырай алмайды» деген пікір басымдық алып кетті. Бүгінде елімізде 46 аймақтық театр жұмыс істейді. Бірақ олардың жай-күйі мәз емес. Жалпы, Қазақстандағы театрлардың саны 70-тен асады десек, олардың көпшілігі – Алматы мен Астанада орналасқан мұнда академиялық театрлармен қатар жеке меншік немесе шағын шығармашылық ұжымдар жұмыс істейді. Қалғаны – облыстық деңгейдегі мемлекеттік театрлар. Бірақ олардың жағдайы көңіл көншітпейді. Техникалық база, сахналық құрал-жабдықтар, сахна кеңістігі, көмекші қызметкерлердің жетіспеушілігі – бәрі театр жұмысының сапасына кері әсер етеді. Соңғы жылдары бірқатар театрлар әкімдердің бастамасымен ашылып жатыр. Бірақ, бұл жердегі басты мәселе – олардың материалдық-техникалық жағдайы мен кадрмен қамтылуы есепке алынбайды. Мәселен, Шымкентте опера және балет театры ашылды. Бірақ бұл театрда кәсіби мамандар жетіспейді, репертуар өте жұтаң. Ташкенттік оркестрлер мен өзге қалалардан келген әртістердің арқасында ғана күн көріп отыр. Бір жылдық репертуарын қарасақ, айына екі не үш-ақ спектакль қойылады. Бұл – толыққанды театр үшін тым аз. Аймақтардағы кадр тапшылығы күрделі деңгейде. Облыстық театрлар әкімдіктерге қарайды, ал министрлікке тек Астана мен Алматыдағы он шақты театр ғана бағынышты. Ұлттық немесе академиялық статус алған театрлардың жағдайы біршама жақсы, бірақ қалғандарының болашағы бұлыңғыр. Жалақы аз, әлеуметтік кепілдіктер төмен болған соң, білікті мамандар орталыққа қарай ағылады. Мысалы, Қарағандыдағы мамандардың көпшілігі Астанаға көшіп кеткен. Осындай келеңсіздіктер Жезқазған мен Өскемен қалаларындағы театрлардың жағдайынан да көрінеді. Өскеменде үш театр – қазақ, орыс және «Дариға-ай» театры – бір шаңырақтың астында жұмыс істеп жатыр. Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев сөз еткен Семейде үш театр бір ғимаратта, Таразда да үш өнер ұжымы бір ғимаратта отыр. Ал Жезқазғанда театр құрылысы басталғанымен, әкім ауысқан соң жұмыс тоқтап қалды. Ғимарат орны ғана қалды, ұжым мәдениет сарайын паналауда. Мұның бәрі бір ғана нәрсені көрсетеді: театр саласын жүйелі түрде дамытудың нақты, бекітілген, ұзақ мерзімді жоспары қажет. Жүйелі бағдарлама мен мемлекеттік қолдаусыз бұл саланың толыққанды дамуы мүмкін емес. Президент айтқандай, жергілікті жағдай ескерілсін, бірақ бастысы – жүйелілік болуы керек. Әйтпесе, бүгінгі таңда театрдың тағдыры әр әкімнің қалауына байланып отыр.
Бақыт НҰРПЕЙІС:
Репертуар саясатына өзгеріс қажет
Еліміздегі театрлар репертуарын сараптау барысында бірнеше өзекті мәселе айқындалды. Біріншіден, заманауи қазақ драматургиясының басымдығы байқалады. Соңғы үш жылдың ішінде отандық драматургтердің пьесалары едәуір көп қойылған. Бұл – жағымды үрдіс. Алайда, осының өзінде белгілі бір шектеулер мен қайталану бар екенін жоққа шығара алмаймыз. Репертуардағы пьесалар мазмұнына талдау жүргізгенде, «Тастамашы, анашым», «Кездесу мен қоштасу» сияқты спектакльдердің жиі кездесетінін байқауға болады. Бұл шығармаларда көбіне бүгінгі қоғамдағы әлеуметтік ахуал, ажырасу, ата-ана мен бала арасындағы қарым-қатынас, психологиялық драма, жан күйзелісі сияқты тақырыптар көтерілген. Мәселен, «Кездесу мен қоштасу» пьесасы еліміздің бірқатар театрларында сахналанған. Оның ішінде Жүсіпбек Аймауытов атындағы Павлодар облыстық драма театры, Бикен Римова атындағы Талдықорған драма театры, Жамбыл облыстық орыс драма театры және тағы басқа театрлар бар. Осындай таңдауға қарап, олардың көрермен талғамына сай әрекет етіп отырғанын байқаймыз. Сол сияқты «Тастамашы, анашым» пьесасы да бірнеше театрда сахналанған. Мұндай қойылымдардың көптігі бүгінгі қоғамда адам мен отбасы тақырыбына сұраныс жоғары екенін дәлелдейді.
Алайда, бұл бағытта белгілі бір бірізділік пен жаңашылдық жетіспейді. Айталық, балаларға арналған пьесалар саны өте аз. Бұл – театрлардың репертуар саясатына үлкен сын. Мысалы, Бердібек Соқпақбаевқа арналған былтырғы театр фестивалінде төрт-бес театр ғана «Менің атым Қожа» шығармасын сахналаған. Ал қазіргі заман балаларына арналған жаңа пьесалар мүлдем жоқтың қасы. Бұл – өте өзекті мәселе. Балалар мен жасөспірімдер – театр болашағы. Олардың көркемдік талғамын қалыптастыру театрдың маңызды миссияларының бірі болуы тиіс. Сонымен қатар, туған жер, ұлттық рух, ана тілі, патриотизм тақырыптарында жазылған туындылардың аздығы да алаңдатады. Театр тек әлеуметтік драма емес, сонымен бірге ұлттық құндылықтарды насихаттайтын құрал болуы керек. Қазіргі кезде театрлар репертуар таңдауда еркіндікке ие. Бұл – бір жағынан дұрыс. Дегенмен бұл еркіндік кейде театрды өз бетінше бағытсыз қалдырып қоятындай. Театрлар бір-бірінен көшіріп қойылымдар ала береді. Тақырыптардың қайталануы – соның бір көрінісі. Соңғы үш жылдағы театр сахналарында қойылған пьесаларға жүргізілген зерттеу барысында еліміздің репертуарлық саясаты нақты қалыптаспағаны және бірізділіктің жоқтығы анық байқалды. Сондықтан сахнаға ұсынылатын пьесаларды алдын ала сүзгіден өткізіп, іріктеп отыратын кәсіби театр мамандарынан құралған репертуарлық коллегия құру қажеттілігі туындап отыр. Бүгінде кейбір театрлардың репертуарында тақырыптық және жанрлық теңгерім сақталмай отыр. Мәселен, бір театрда тарихи тақырыптар басым болса, екіншісінде заманауи бағыттағы қойылымдар ғана ұсынылады. Репертуарлық саясаттың бұлайша реттелмей қалуы көркемдік кеңестің сырттан мамандар тартпауының салдары болуы мүмкін. Сонымен қатар, кез келген қойылым сахнаға шығар алдында көркемдік және идеялық тұрғыдан міндетті түрде қатаң сүзгіден өтуі керек. Мәселен, жақында Атырау қаласында қойылған «Қыр баласы» пьесасы көркемдік сапа тұрғысынан әлсіз болып шықты.
Жас драматург Әлішер Рахат бұл бағытта ізденіп жатқаны байқалғанымен, сахнада ол туынды сәтті нәтиже бермеді. Театрдың репертуарында көркемдік деңгейі төмен туындылар жиі орын алып келеді. Бұл жағдай да театрлардың кәсіби тұрғыдан кемелденуіне кедергі келтіреді. Облыстық театрлардың репертуарларын сараптай отырып, қазіргі таңдағы басты мәселе – драматургпен тұрақты жұмыс жүргізілмеуі екені айқындалды. Бүгінгі таңда елімізде жас буын режиссерлер мен драматургтердің саны артты. Дегенмен, олардың спектакльдері көрермен назарына ұсынылмай жатыр. Жүзден астам жаңа буын мамандары бар болса да, сахнада олардың еңбектері көрінбей жатыр. Бұл да репертуар таңдаудағы сараптама жұмысының әлсіздігін көрсетеді. Жас кадрларды даярлау мәселесіне келсек, қазіргі таңда екі ірі өнер ордасы – Т.Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясы мен К. Байсейітова атындағы өнер академиясы жас мамандарды даярлауда. Дегенмен, оларды театрларға орналастыруда жүйелілік жоқ. Театрлар мен оқу орындары арасында келісімшарт жүйесі қалыптаспаған. Бұл – театр мен білім ордаларының байланысын нығайтуды қажет ететін мәселе. Гастрольдік спектакльдердің сапасы да көңіл көншітпейді. Мысалы, Нартай Бекежанов атындағы театрға келген гастрольдік қойылымдардың басым бөлігі сапасыз, мегаполис сахнасына лайық емес деп бағаланды. Бұл да репертуарды іріктеу, сапалы туындыларды елге көрсету ісінде үлкен мән беруді қажет етеді. Сонымен қатар, ұлттық классикалық шығармалардың қазіргі сахналануы үлкен сынға ұшырап жатыр. Мәселен, Сәкен Сейфуллин атындағы Қарағанды облыстық театрында қойылған «Қарагөз» спектаклінде басты кейіпкер нашақор ретінде бейнеленген. Бұл – ұлттық идеяға, дәстүрге қайшы келетін интерпретация. Мұндай қойылымдар көркемдік жағынан мықты болса да, ұлттық болмыстан алшақтап кеткен. Мәселен, Оңтүстік Кореяда ұлттық идеологияға қайшы спектакльдерге мүлдем жол берілмейді. Біз де ұлттық құндылықтарды сақтауға тиіс екенімізді ұмытпауымыз керек. Жалпы, театр сыншылары көркемдік кеңестердің жұмысына міндетті түрде тартылуы қажет. Бұл – репертуардың сапасын арттыру жолындағы маңызды қадамдардың бірі. Қорытындылай келе, бүгінгі театр репертуары – тек қала театрларының ғана емес, аймақ театрларының да өзекті мәселесі. Театрлар заманауи авторларға бет бұрып жатыр, дегенмен, бұл бағытты сапалы мазмұнмен толтыру – баршамыздың ортақ міндетіміз.
***
Дөңгелек үстелде қозғалған мәселе жинақтай алғанда екі бағытты қамтыды. Бірі – әлеуметтік, екіншісі – көркемдік. Әлеуметтік мәселе: өңірлік театрлардың қаржы көзінің шектеулі екендігі, ғимараттардың жоқтығы, қызметкерлердің айлығының аздығы. Бұл өз кезегінде кадр тапшылығына әкеп соқса, кадр тапшылығы көркемдік деңгейді төмендетіп отыр.
Көркемдік мәселе: театрдың ең басты өкілі көркемдік жетекшінің рөлі айқындалмаған. Оны тек шығармашылыққа жауапты маман ретінде бекіту репертуар сапасын арттыруға көп ықпал етеді. Жарық берушілерді даярлау ісін қолға алу, сценографтардың авторлық құқығын қорғау, классикалық туындылардың бұрмалануына жол бермеу, мемлекеттік награда алған мамандардың айлығына қосымша айлық қосу, репертуар саясатын жүйелеп, пьесалардың тақырып аясын кеңейту, ол үшін репертуарлық коллегия құрып, оның құрамына театр сыншыларын қосу, өңірлік театрларда балаларға арналған спектакльдерді көбейтіп, жас көрерменнің театр мәдениетін қалыптастыру.
Ал бұл мәселелерді реттеу мен жүйелеу үшін «Театр туралы» Заң қабылдануы керек. Басқосуда сөз алған Анар Еркебайдың айтуынша бұл заңның жобасын Театр қайраткерлері одағы жобалап жазуды бастаған, ендігі жұмыс соны жетілдіріп тиісті ведомствоға ұсыну.
Дайындаған
Назым ДҮТБАЕВА,
«Aqiqat»

408 рет
көрсетілді0
пікір