- Мақала
- 02 Мамыр, 2025
Ұлттық құрылтай: сапалы ұлт мәселесі, тіл құндылығы

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың қатысуымен Ұлттық құрылтай биыл төртінші рет өткізілді. Ұлттық құрылтайда Президент елімізді түбегейлі жаңғырту үшін ауқымды реформа жасалып, үш жылдың ішінде Қазақстан жаңа тұрпатты ел болғанын тілге тиек етті. Саяси реформалар жан-жақты өзгерістер жасауға мүмкіндік бергенін, жалпыхалықтық референдум арқылы Ата заңға түзетулер енгізілгенін, Парламенттің құзыры кеңейгенін, Үкіметтің жауапкершілігі артып, адам құқықтарын қорғау жүйесі жақсарғанын, Конституциялық сот құрылғанын атап өтті. Шешім қабылдау үдерісіне азаматтардың белсене қатысуына жол ашылғанына тоқталды. Басқа да бағыттарда маңызды реформалар жасалып, жергілікті билік түбегейлі жаңғыртылғанына мән берді. Президент Ұлттық құрылтайда бірқатар мәселені қозғады. Соның бірі – сапалы ұлт болу мәселесі. Осы орайда сапалы ұлт болудың қағидалары жөнінде ой толғап көрсек.
Ең бірінші қағида – білімді дамыту. Білім болғанда да ұлтымызды өркендетуге, мемлекетімізді дамытуға мүмкіндік ашатын білім.
Білім қай кезде де, қай заманда да аса зор, бағалы құндылық. Ал ХХІ ғасырда білімнің ағартушылық рөлі ғана емес, сонымен қатар ұлтты кемелдендіруші, мемлекетті дамытушы, қоғамды қалыптастырушы, ділімізді шыңдаушы ретіндегі бағыттары да арта түсуде. Білімнің негізгі мақсатының бірі – адамды сауаттандыру, көзін ашып, көкірегін ояту болса, екіншіден – адамның бұл өмірде өз жолын табуына, яғни белгілі бір саланы игеруіне, маман иесі атануына, қоғамға, елге пайдалы тұлғаға айналуына септігін тигізу.
Бұл мәселе жөнінде Абайға жүгінсек, ұлы ойшыл «Жетінші қара сөзінде» білім мен ғылымды игеруде мынадай тұжырым жасайды: «Ақыл кіргенде, орнын тауып ізденіп, кісісін тауып сұранып, ғылым тапқандардың жолына неге салмайды екенбіз...Сол өрістетіп, өрісімізді ұзартып, құмарланып жиған қазынамызды көбейтсек керек, бұл жанның тамағы еді. Тәннен жан артық еді, тәнді жанға бас ұрғызса керек еді» дей келе: «Жан бізді жас күнімізде билеп жүр екен. Ержеткен соң, күш енген соң, оған билетпедік. Жанды тәнге бас ұрғыздық, еш нәрсеге көңілменен қарамадық, көзбен қарамадық, көңіл айтып тұрса сенбедік. Көзбен көрген нәрсенің де сыртын көргенге-ақ тойдық. Сырын қалай болады деп көңілге салмадық. Оны білмеген кісінің несі кетіпті дейміз. Біреу айтса да, ұқпаймыз. Біреу ақыл айтса: «Өз білгенің – өзіңе, өз білгенім – өзіме», «кісі ақылымен бай болғанша, өз ақылымен жарлы бол» деген дейміз, артығын білмейміз, айтып тұрса ұқпаймыз» дейді [2, б.21-22].
Абай айтқан тұжырымды қаперге алсақ, бір нәрсеге көңілмен қарау, сырына үңілу, айтқан ақылды қаперге ілу, қорытынды шығару, көкейге түюді – сапалы ұлт болудың екінші қағидасына жатқызар едік.
Үшінші қағида бұл – адам капиталын дамыту. Философ Амангелді Айталы, адам капиталының бірнеше өлшемдері болатынын жазып еді: «Демографиялық, әлеуметтік, құқықтық, отбасылық. Мәселен, демографиялық өлшемді алайық. Елдегі халықтың саны мен сапасы. Бұл, сөз жоқ, үлкен капитал. Мысалы, Қытай үшін халық санының өсуі Қытай экономикасының дамуына үлкен қиындық туғызса, ал Қазақстан секілді мемлекетке адам санының өсуі – ол тек жақсылық. Демек, әр елде демографиялық капиталдың жағдайы әртүрлі. Сондай-ақ адам капиталы – сол адамның бойындағы білімнің, тәжірибенің, даналықтың, құндылықтардың көрінісі. Қоғамның, жеке адамның жан азығы. Жеке адамның бойындағы сол адам капиталын, мемлекеттегі азаматтардың бойындағы адам капиталын қоғамдық өлшеммен айтқанда ешкім ұрлап ала алмайды, ешкім оны сатып ала алмайды. Ол елді өрге бастайды. Ол, сонымен бірге, білім мен тәрбиені, адамдардың парасаттылығын арттырады. Сондықтан адам капиталы немесе білім, тәрбие, оның пайдасы көзге көрінбеуі мүмкін. Көрінбейді де. Десек те, бұл ең бастысы, қоғамның дамуына әсер етіп отырады. Сол себепті білікті адам, өзіне-өзі сенетін адам көптеген жағдайда қоғамды дүниеқоңыздықтан, жемқорлықтан қорғайды. Білімді, парасатты адам бірінші кезекте өзінің бойындағы қасиетіне сенеді. Жеке басқа табынбайды. Ұрлықтан аулақ болады» [3, б.233].
Бүгінде біздің қоғамға жетпей тұрған негізгі сапалы қасиеттің бірі – осы. Білімді, парасатты адамдардың шоғырын қалыптастыру. Сонда қоғамның да мәдениеті көтеріледі, мемлекеттің де ісі алға басады.
Жазушы Мұхтар Әуезов «Қазақ қашан жетіледі?» деген мақаласында «Қазақтың рухы, мінезі, талабы, жігері қандай?» деген сұрақ қояды. «Мәдениетті Европаға, тез жетілген Японияға қазақтың мінезі жанаса ма? Европа адамы табанды. Жабысқақ, ісшіл, зерек, ерінбейтін жан себіл келеді. Япония да сондай тірі, пысық, жігерлі жұрт. Біздің қазақ ше? Өзімізден озық жұрттарда жоқ «жақсы» мінездің бәрі бізде: керенау, кежір жалқау, салқам, табансыз, басын бастап, аяғын тастап жүре беретін, жуырда селт етіп ұмтылмайтын, өзіне-өзі сенбейтін, өлі сүйектік, ездік – бәрі біздің ауылда, қайтіп үміт қыларсың?» дейді [4, б.115]
Әуезовтің қойған сұрағын бүгін қайта қойсақ, қандай жауап табар едік. Қазақтың рухы, мінезі, талабы, жігері қандай?. Өзгеріс бар ма? Әуезов айтқан міндерден арыла алдық па? Сана сарабына салып көрсек, бұл міндерден ілгері кетіп, алыстай қоймаған сияқтымыз. Сондықтан сапалы өзгерістер әлі де керек. Рухымызды шыңдайтын, мінезімізді баптайтын, талабымызды қайрайтын, жігерімізді жанитын тәлім-тәрбиелік дүниелерді – сапалы ұлт болудың төртінші қағидасына жатқызар едік. Ол, әлбетте, төл мәдениетімізден бастау алатын ұлттық құндылықтарымыз.
Мемлекет басшысы Ұлттық құрылтайда мынадай ой айтты: «Қазір әлеуметтік желіде адамға тіл тигізу, ар-намысын аяққа таптау көбейіп кетті. Жалған мәлімет таратушылар да бар. Мұндай келеңсіз үрдістерді тыю жолын қарастыру керек». «Әлеуметтік желіде адамға тіл тигізу, ар-намысын аяққа таптау...». Бұл да бір мін. Әлеуметтік желідегі жауапсыздық, мәдениетсіздіктің туындауы айналып келгенде адамның ниет-пиғылынан, көзқарасынан. Бірақ, жауапкершілік болуы керек. Байқасақ, әлеуметтік желіге көпшілігі құмар, әсіресе жастар. Оң-солын танып үлгермеген, өмірдің мәні мен парқын терең түсіне қоймайтындар сөз сілтеудің жөні осы екен деп мәдениетсіздікке жол алдырады. Әлеуметтік желі – адамзат ақыл-ойының жемісі (Аманхан Әлімұлы). Оны дұрыс пайдалану жағы, өкінішке қарай, бізде кемшін соғып тұр. Бұл орайда бұқаралық сана мәдениетін дұрыс жолда дамытуды қарастырып отырған мәселемізді бесінші қағида ретінде атауға болады.
Ұлттық құрылтайда Президент: «Тәуелсіз Қазақстанда жоғары қызмет атқарған азаматтардың өзі кеңес дәуірінің қайраткерлерін, соның ішінде ашаршылықты ұйымдастыруға қатысы бар адамдарды әсіре мадақтаумен айналысып жүр. Бұл – өкінішті әрі түсініксіз нәрсе. Жалпы, бұл жұмысты ретке келтіру керек. Ел тарихында айрықша рөл атқарған әйгілі бабаларымыздың есімі көптеген елді мекендер мен көшелерге берілген. Енді осымен тоқтайық. Өткен заман қайраткерлерінің атын ел жадында сақтау мәселесіне мейлінше салмақты көзқараспен қараған жөн. Қалалар мен көшелердің атауынан халқымыздың төл тарихы көрініс табуы қажет. Біз әдемі жер-су атауларын және халық ішінде кең таралған дәстүрлі атауларды толық пайдаланбай жүрміз» [1] деді Қ.Тоқаев.
Кезінде әдебиеттанушы Рахманқұл Бердібай ескі топонимдерді қалпына келтіру мәселенің мәніне барынша байыпты қарауды қажет ететінін айтқан болатын. «Әйтеуір өзгерткеннің жөні осы екен деп, асығыс шешімдер қабылдай берсек, тағы да бір шығанға шығып кететін түріміз бар. Ондай ауытқушылық қазірдің өзінде байқала бастады. Сол үшін осы проблемаға қатысты бірер пікір айтуды жөн көрдік. Біздіңше атауларды жаңарту барысында екі түрлі жаңсақтыққа жол беріліп отырған секілді. Соның біріншісі – бір кезде бізге еріксіз телінген есімдерде өзгерткенде сол өңірдің немесе мекеннің бұрынғы атын іздестірмей, көбінесе кісі аттарын қоюға бет алушылық. Екіншісі – бір қойылған адам атын әр уәлейеттер, әр аудан мен ауылда жаппай қайталауға орын берушілік. Бұл асығыстық дағдыға айналып кетсе, жуық арада Қазақстанның топонимдері адам танымастай болып өзгереді, тарихқа жаңа қиянат жасалады. Сол үшін, мүмкін болғанынша, адам аттарын тізе беруді мейлінші азайтып, белгілі бір аймақтың ежелден бергі қалыптасқан атауын қалпына келтірген дұрыс. Тіпті жаңадан атама табу қажет болған күнде сол атыраптың табиғатына сәйкес келетін сөздерді тапқан жөн ғой» [5, б.87].
Байқап қарасақ, Рахманқұл Бердібай қауіп еткен нәрсе келді. Қазақстанның топонимдері адам танымастай өзгеріп, адам аттары тізіле беретін болды. Ал ең дұрысы – белгілі бір аймақтың ежелден бергі атауын қалпына келтіру еді ғой. Бірақ, әлдебір пысықайлар ата-бабаларының есімін ауылға, ауылдағы көшеге берумен әуестеніп кетті. «Елге еңбегі сіңген қайраткерлерге міндетті түрде көше, елдімекен атауын беру керек» деген заң қайдан шыққан? Осы бір көзқарасты өзгертетін уақыт жеткен сияқты. Ол үшін ұлт мұратын көбірек ойлап, бірлігімізді нығайтып, соның тұғырын биіктетуге күш салуымыз керек. Мұстафа Шоқай: «Өзінің ішкі бірлігін нығайта алған халықтар ғана тәуелсіздігіне қол жеткізе алады. Және оны қорғап қала алады. Өз ішінде бірлігі жоқ мұратсыз ұлтты сырттағы күш, ол тіпті қандай жанашыр болса да құтқара алмайды» [6, б.107] деген екен.
Жалпы, өмірдің өзі сапалы өзгерістерді қажет етіп отыр. Сондағы ең биік асыл ұғым – ұлттық мұрат, мемлекетшілдік стратегиясына деген ұстанымдарымыздың беріктігі де маңызды. Мұны сапалы ұлт болудың алтыншы қағидасына жатқызар едік.
Бұл орайда белгілі академик Оразалы Сәбден соңғы уақытта әлемнің өзгергені соншалықты кейде алдағы уақытта бізді не күтіп тұрғанын көру қиын екен жазады «Абай және қазақ елінің болашағы» кітабында.
Ғалымның пайымдауынша, «ең өзектісі – дағдарыстан қалай шығу, ғаламдық теріс өзгерістерден адамзатты қалай құтқару мәселесі тұр. Олар: әлемдік климаттың жылынуы, су және азық-түліктің жетіспеуі, миграция, әлеуметтік-экономикалық және саяси шиеленістер, т.б. әртүрлі келеңсіз өзгерістер, апаттар және теріс үрдістер. Адамзат алдында бұрын-соңды болмаған осындай әлемдік мәселелер бұған дейін шешімін таппаған еді. Сол себепті әлі күнге дейін АҚШ, ЕО, БҰҰ, G8-нің қай-қайсысы да дұрыс шешім қабылдауға қауқарсыз болып отыр, тіпті Украиндағы мәселеге де. Тек санкциялар арқылы мұндай ауқымды мәселені шешуге болмайды. Ал Таяу Шығыс пен Африка елдерінде, т.б. аймақтарда жағдай ушығуда. Мұның себебі экономикалық заңдардың сақталмауынан, табиғат заңдылықтарының орындалмауынан, сондай-ақ циклді дамуда басқару заңдылықтарын бұзу салдарынан болып отыр» дей келе тығырықтан шығудың екі жолын ұсынады. «Біріншісі – тұтас біріккен күш, идея керек, әлемде интеграциялық даму қажет. Екіншісі – уақытында қоғамдық трансформация жасау, жаңа түбегейлі өзгерістерге бару жолы» [7, б.14-15]. Академик атап өтіп отырған мәселе де бүгінгі өзгерістерге, қоғамдық трансформацияға байланысты. Қоғамдық трансформация қатып-семіп қалған ұғым-түсініктерді өзгертіп, жаңа ойлардың келуіне түрткі болады деген сенім береді.
Президент айтқандай, біз ұлттық мүддемізді қорғау үшін алдағы уақытта да ұтымды әрі байыпты әрекет етуіміз қажет.
– Әлеуметтік масылдық пен саяси таяздыққа мейлінше жол бермеуге тиіспіз. Шектен шығып, тым асыра сілтейтін көзқарастарға барынша тосқауыл қойған жөн. Өйткені бұл дүние ақ пен қарадан ғана тұрмайды. Кез келген мәселеде өзгелерді айыптап, қара бұлтты төндіре беруге болмайды. Қоғам санасындағы осындай құбылыстар ұлтымызды идеологиялық және мәдени тұрғыдан әлсіретеді. Тіпті, еліміз қазіргі қатігез әлемде өзгелерге жем болуы мүмкін. Бір сөзбен айтсақ, біздің ұлттық ой-санамыз мықты болуы керек. Жаһанды белгісіздік жайлаған бұлыңғыр заманда бәсекеге барынша қабілетті болу үшін барлық жағынан кемел ұлт болуымыз қажет. Бұл – өркениетті, икемді, мақсатшыл жұрт болу деген сөз. Біз үшін ешкім елімізді дамытып, көркейтіп бермейді. Қазақстан өз азаматтарымызға, яғни бізге ғана керек. Біз өз мүмкіндігіміз бен күш-қуатымызға арқа сүйеуіміз қажет. Сондықтан ұлт ретінде алға басуға не кедергі болса, соның бәрінен арылып, сапалы ұлт болуға тиіспіз. Елімізді жаһанға жайылып келе жатқан өзгерістерге дайындап, Қазақстанды кез келген сын-қатерге төтеп бере алатын қуатты мемлекет етуіміз керек, – деді Қасым-Жомарт Кемелұлы.
Жалпы, ел азаматтарының жүрегінде, ой-санасында Отаншылдық, патриоттық сезім көбірек орнығуы керек. Бұл ретте журналымыздың авторы Асқап Жанқараның мына бір пікірімен келісуге болады: «Біз күллі қазақ баласы «тек Отан үшін!» мақсатын бағытқа алып жұдырықтай жұмыла отырып, еңбектену арқылы өз басымызға бақытты өзіміз жаратамыз. Ұрпағымызды ұрлық-қарлыққа, жемқорлыққа емес, еңбекшілдікке, отаншылдық рухқа тәрбиелейміз. Құдыретті Отаныңның мәңгілік болуы – бақыт. Сол Отанда бейбіт өмір сүру – бақыт. Адал еңбекпен келген ырыздық – бақыт. Қайғысыз, еркін өмір – бақыт. Денсаулық – бақыт. Ұрпақ – бақыт. Біздің бір кемшілігіміз – мемлекетті билеп жатқан жан бар. Мемлекеттің жұмысына менің қандай қатысым бар? Ол менің қай күніме керек?» деген ұғыммен өмір сүруіміз. Бұл, сөзсіз, қате түсінік. Осыдан арылуымыз керек» дейді. Иә, мемлекетіміздің бүгіні де, келешегі де қоғамның әрбір саналы азаматына байланысты болмақ. Олай болса, сапалы ұлт болудың жетінші қағидасын – мемлекет ісінен, қоғамның жауапты міндеттерінен тыс қалмау қағидасымен сабақтастыруға болады.
Сегізінші мәселе бұл – тіл құндылығы. Бүгінгі таңда ұлтты ұйыстырып, мемлекет мүддесін бір арнаға тоғыстыратын басты құндылықтың бірі де бірегейі – тіл құндылығы екені ешқандай талас тудырмайды. Сондықтан тіл құндылығына мән беру, оның мәртебесі мен қолданыс аясын жыл сайын арттырып отыру алдымыздағы маңызды міндет. Тіл құндылығы – сапалы ұлт болып қалыптасуымыздың негізі дер едік.
Дәуіржан ТӨЛЕБАЕВ,
«Aqiqat»
Пайдаланылған әдебиеттер:
1.Мемлекет басшысы Қ.Тоқаевтың Ұлттық құрылтайдың төртінші отырысында сөйлеген сөзі / https://www.akorda.kz/kz/memleket-basshysy-kasym-zhomart-tokaevtyn-ulttyk-kuryltaydyn-tortinshi-otyrysynda-soylegen-sozi-14242
2. Абай. Қара сөз: Поэмалар. Алматы: «Ел», 1993. – 272 б.
3. Айталы А. Ұлт пен дін – тәуелсіздік арқауы (мақалалар мен сұхбаттар). – Алматы: «Арыс» баспасы, 2013. – 328 бет.
4. Әуезов М.Шығармаларының елу томдық толық жинағы. – Алматы: Ғылым, 1997. – 472 б.
5. Бердібай Р. Ел боламыз десек… – Алматы: ЖШС «Қазақстан» баспа үйі», 2000, 400 бет.
6. Шоқай М.Таңдамалы. – Алматы: Қайнар. – Т.2. – 1999. – 520 бет.
7. Сәбден О. Абай және қазақ елінің болашағы. – Алматы, 2016, 362 бет. Б.14].

291 рет
көрсетілді0
пікір