- Мақала
- 15 Мамыр, 2025
ҒЫЛЫМ – ТЕХНОЛОГИЯЛЫҚ ӨСУДІҢ ҚОЗҒАУШЫ КҮШІ

Алматы қаласында «Energy Frontiers: Ғылым – технологиялық өсудің қозғаушы күші» атты халықаралық конференция өтті. Іс-шараны Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Ұлттық ғылым академиясы мен «Қазақ мұнай және газ институты» АҚ (КИНГ) бірлесе ұйымдастырды. Конференция энергетика, инновация және орнықты даму салаларындағы ғылым мен өндірістің өзара байланысына арналды.
Конференцияны ҚР Президентінің жанындағы ҰҒА президенті А.Қ. Күрішбаев ашып, ғылымның технологиялық прогресті қамтамасыз етудегі рөлі мен ғылыми қызметті дамытудағы басым бағыттарды айқындаудың маңыздылығын атап өтті. Ол ғылым, инженерия, мемлекет және бизнес арасындағы тұрақты байланысты қалыптастыру қажеттігіне ерекше назар аударды. «Ғылым тек білім көзі ғана емес, сонымен қатар экономика мен қоғамды өзгертуге қабілетті, техникалық прогрестің қозғаушы күші. Қазақстанда заманауи ғылыми жүйенің барлық негізгі элементтері бар: құқықтық база қалыптасты, ғылыми-техникалық сараптама орталығы жұмыс істейді, инновацияларға инвестиция салуға дайын бизнес дамып келеді. Түрлі салалар бойынша жұмыс істейтін ғалымдарымыз халықаралық тәжірибеге ие және ғылыми кадрларды даярлау белсенді түрде қолдау табуда. Алайда бұл элементтердің болуы әлі толыққанды жүйе дегенді білдірмейді. Ол үшін айқын қойылған мақсат, басымдықтар мен барлық компоненттер арасындағы тығыз байланыс қажет», – деді ҰҒА президенті А.Қ. Күрішбаев.
«Қазақ мұнай және газ институты» АҚ-ның геология, кен орындарын игеру және ҒЗТКЖ жобалары жөніндегі директордың орынбасары А.Ж. Кенесары қазба байлықтарды тиімді игеру, инженерлік процестерді цифрландыру және салалық технологиялық шешімдерді енгізу бойынша нақты бастамалармен таныстырды. Пленарлық отырыс барысында ҚМГИ мен Ұлттық ғылым академиясы арасында ғылыми-зерттеу және технологиялар трансфері саласындағы ынтымақтастықты күшейтуге бағытталған өзара түсіністік туралы меморандумға қол қойылды. Конференцияға АҚШ-тың Пенсильвания мемлекеттік университеті, РФ М.В. Ломоносов атындағы ММУ, Baker Hughes (Германия), SLB (Schlumberger), «CT Solutions» ЖШС, «Полимерлік материалдар мен технологиялар институты» ЖМ, «Kalamkas-Khazar Operating» ЖШС және басқа да ұйымдардың сарапшылары қатысты. Жиын барысында күрделі өндіруші қорларды (HTRR) игеру және мұнай қайтарымын арттыру; геофизикалық деректерді (ГИС) интерпретациялау және гидродинамикалық модельдеуде цифрлық әдістерді қолдану; ұңғымаларды зерттеуде жоғары дәлдіктегі X-ray micro-CT технологияларын пайдалану; су басу және экологиялық таза шешімдер; ғылыми жобаларды қаржыландыру тетіктері мен саланың негізгі сын-қатерлері қарастырылды.
Форум қорытындысы бойынша ғылым мен өндіріс арасындағы өзара байланысты нығайту, перспективалы ғылыми әзірлемелерді қолдау және ғылыми нәтижелерді коммерцияландыру үшін ұсыныстар әзірленді.
Дина Тазабекқызы

365 рет
көрсетілді0
пікір