• Ел мұраты
  • 27 Мамыр, 2025

БАЛУАН ШОЛАҚ ТУРАЛЫ ӘҢГІМЕЛЕР

 

27 мамырда «Әуезов үйі» ғылыми-мәдени орталығында М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институты мен Ақмола облысы Әдебиет және өнер музейінің ұйымдастыруымен  белгілі этнограф-тарихшы, өлкетанушы Қарта Қаңтарбаевтың «Балуан Шолақ туралы әңгімелер» атты кітабы таныстырылды.

Кітапта халық композиторы, әнші, даңқты балуан Нұрмағанбет Баймырзаұлының өмірі мен шығармашылығы жайында тарихи деректер, халық арасында сақталған аңыз-әңгімелер, ол өмір сүрген заманға қатысты тың зерттеулер, тұлғалық бейнесі мен қазақ қоғамындағы орны жайлы бұрын жарық көрмеген деректер бар. Кітаптың ерекшелігі – оның қолжазбасы Ақмола облысы Әдебиет және өнер музейінен табылғандығында. Қолжазбаны тауып, ғылыми айналымға қосу үшін кітап етіп шығару туралы бастама көтерген осы музейдің ғылыми қызметкерлері Нұрболат Әлменов пен Бақытбек Бекмұратұлы.

2017 жылы Әдебиет және өнер музейінде «Қазыналы қарашаңырақ» атты жоба қолға алынып, сол жоба аясында Қазақстанның халық жазушысы Сәкен Жүнісовтың қызы Гүлмира Жүнісова әкесінің Көкшетау қаласындағы үйіндегі жәдігерлерін музей қорына табыстаған екен. Қарта Қаңтарбаев жинақтаған «Балуан Шолақ өмірі туралы әңгімелер» қолжазбасы осы жәдігерлер арасынан табылыпты. Музей директоры Нұрбек Нұралының айтуынша «... атақты «Ақан сері» дилогиясымен қазақ әдебиетіне олжа салған Сәкен Нұрмақұлы Балуан Шолақ жайлы да сүбелі туынды жазуға ниет қылып, деректер жинаған болуы мүмкін».

Ақмола облыстық Әдебиет және өнер музейінің қызметкерлері бұл кітап жарық көрген соң, автордың көзі тірісінде М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтында қызмет еткенін, сол институтқа Көкшетау аймағынан тарихи-мәдени деректер жинағанын ескеріп, институт басшылығына кітаптың тұсаукесер рәсімін, осы ғылыми мекемеде өткізу туралы ұсыныс айтқан. Өз кезегінде ҚР ҰҒА академигі, филология ғылымдарының докторы Кенжехан Матыжанов бастаған институт қызметкерлері бұл ұсынысты қабыл алып, кітаптың тұсаукесерін ұйымдастырған.

Таныстырылым барысында институт ұжымы өз қорындағы Қарта Қаңтарбаевтың қолжазбаларын тауып, жиынға келушілердің назарына ұсынып, көрмеге қойды.

Кітаптың жарық көруіне «Көкшетау-Энерго» ЖШС бас директоры Досымхан Аралбаев демеуші болып, баспаға ҚР Мәдениет саласының үздігі, Әдебиет және өнер музейінің ғылыми қызметкері Бақытбек Бекмұратұлы дайындаған.

Жиында сыншы, әдебиеттанушы, филология ғылымдарының докторы, профессор Бекен Ыбырайым, ақын, әдебиеттанушы, С.Мұқанов пен Ғ. Мүсіреповтің әдеби-мемориалдық музей кешенінің директоры Әділғазы Қайырбеков, дәстүрлі әнші, өнертанушы Еркін Шүкіман, әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың оқытушысы Ерболат Баят, тарихшы, Абай атындағы ҚазҰПУ-дың профессоры Болат Жұмағұлов сынды ғалымдар сөз сөйлеп, Балуан Шолақтың өмірі мен шығармашылығының зерттелу мәселелері туралы ойларын айтып, пікір алмасты.  

 

Айта кетейік: Қарта Қаңтарбаев 1898 жылы қазіргі Біржан сал ауданына қарасты 5-ші ауылда (Үлгі (Казгородок) ауылдық округының аумағында) туған. 1930 жылдары Степнякта, Еңбекшілдер ауданында, 1937 жылдары Алматыдағы 38-ші мектепте мұғалім болған. 1941 жылдың желтоқсан айында майданға шақырылып, 1942 жылы ауыр жараланып, емделіп, майданда үгіт-насихат жүргізіп, Берлинге дейін жеткен. Кейін Көкшетауда жүріп Әдебиет және өнер институтына өлкеден мәліметтер жинап, Алматыға келіп осы институт қабырғасында қызмет еткен. Қарта Қаңтарбаев туралы кейбір мәліметтер Сәбит Мұқановтың «Өмір мектебі» кітабында кездеседі.  

Назым ДҮТБАЕВА

912 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

AQIQAT №1

30 Қаңтар, 2025

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Дәуіржан ТӨЛЕБАЕВ

«Ақиқат» ұлттық қоғамдық-саяси журналының Бас редакторы