• Мақала
  • 02 Маусым, 2025

Қазақтың тарихын қазақтың өзі ғана жаза алады

Бақтылы БОРАНБАЕВА, тарихшы ғалым, қауымдастырылған профессор

Биыл Ұлы Жеңістің 80 жылдығы кеңінен атап өтілді. Сонау отты жылдары қан майданда ел үшін, жер үшін жанын беріп, батырлықтың небір үлгілерін көрсеткен ата-бабаларымызға, сұрапыл соғысқа қатысқан күллі жауынгерлерге тағзым ете отырып, Екінші Дүниежүзілік соғыс тақырыбын зерттеп келе жатқан ғалым, М.Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан университетінің қауымдастырылған профессоры, тарих ғылымының кандидаты Бақтылы Боранбаевамен әңгімелескен едік. Сол сұхбатты назарларыңызға ұсынып отырмыз. 
 

– Бақтылы Сансызбайқызы, сіздің Ұлы Отан соғысы тақырыбын, оның ішінде қазақтың жауынгер, батыр қыздарын зерттеуіңізге не түрткі болды? 
– Қазақтың батыр қыздары туралы зерттеу тақырыбымызға келу жолымды айтсам, 1982 жылы Гурьев (Атырау) педагогикалық институтының тарих факультетінің 1 курсында оқып жүрген маған ғылыми жетекшім «Ұлы Отан соғысына қатысқан Қазақстан әйелдері» тақырыбын ұсынды. Мен осы тақырып бойынша төрт жыл ғылыми ізденіс жұмыстарын жүргізіп, студенттердің факультетішілік, республикалық деңгейдегі өткізілген ғылыми-тәжірибелік конференцияларына қатысып, баяндамалар жасадым. Студент кезімде майдангер қыз-келіншектер туралы баспа­сөзде жарияланған мақалалар бойынша «Лениншіл жас» газеті, «Қазақстан әйел­дері» журналының редакцияларына, ау­дандық әскери комиссариаттарға хабарласып майдангерлердің мекенжай­ларын анық­тап, республиканың әр түкпірін­дегі бір­қатар жауынгер аналармен хат арқылы хабар­ласып отырдым. Мәселен, Гурьев (Атырау) облысы Индербор ауылының тұрғыны, майдангер Зинаида Ахметова апаның үйіне қона жатып сұхбаттасқаным есімде.Индер аудандық әскери комиссариатынан соғысты Польша территориясында аяқтаған Сәбила Өтешова (1921 ж.т.), І Украина майданының ефрейтор жауынгері, пулеметші Нағима Смағұлова (1917 ж.т.) т.б. майдангерлер жөнінде мәліметтер алған едім. Бүгінде сол хаттар, кеңестік конверттер жеке архивімде сақтаулы. 
Бұл сөзіміздің дәлелі, 1983 жылы 8 сәуір күні «Орал өңірі» газетінің редакциясының насихат бөлімінің қызметкері Айтқали Нәріков ағамыздан төмендегідей жауап хат келген еді: 
 Б.Боранбаева жолдас!
Редакциядан сұраған көмегіңізді орындау мүмкін болмады. Себебі, әскери комиссариаттар болмаса, газет редакциялары соғысқа қатысқандардың есебін алмайды. Сіз өзіңізге қажетті мәселе жөнінде Орал қалалық және аудандық әскери комиссариаттарымен хабарласып көріңіз. Ал, Әзима Ниязғалиеваға келсек, осындай адам Жымпиты поселкесінде бар. Орал облысы, Жымпиты поселкесі десеңіз хат ол кісіні табуы тиіс. Мүмкін, майданға кеткен құрбылары туралы білетін шығар. Біздің қолымыздан келген көмек осы. 
Сәлеммен насихат бөлімінен:
А.Нәріков.

Сөйтіп, 1983 жылдың тамыз айында Орал облысының Жымпиты ауданынан Қиыр Шығыс майданына қатысқан жауынгерлер Әзима Ниязғалиева мен Мүслима Үмбетованы тауып, екі ардагер ананы ауыл орталығындағы мәдениет үйіне ілестіріп келіп суретке түскен едім Сол тарихи сурет те жеке архивімде бар. Бұдан соң Чапаев (Ақжайық) ауданы Бударино ауылында тұратын Қиыр Шығыс майданына қатысқан десантшы Қаламсия Ермекованы таптым. Жауынгер ана кейін Чапай ауылына, одан соң Орал қаласындағы мемлекеттің өз атына берген бір бөлмелі үйіне көшіп келді. 2018 жылы соңғы сапарға шығарып салғанға дейін ер мінезді, өжет апаның жанында жиі болып, Қиыр Шығыстағы әскери өмірі жайлы әңгімесін көп тыңдадым. 
Ойымызды одан әрі сабақтасақ, жоғарыда айтылғандай, 1983 жылы «Қазақстан әйелдері» журналы редакция­сына жазған хатыма коммунистік тәрбие бөлімінен төмендегідей жауап алған едім. 
Құрметті Бақтылы!
Редакцияға өтініш айтып, хат жолдаған екенсіз. Сіз сұраған адрестерді іздеп тапқанша осынша уақыт өтіп кетті. Садықова Зифа апайдың адресі мынадай:
490008 
 г.Семипалатинск 
Мирорайон 1 а...

Ал Әсия Ғалымованың үйінің адресін таба алмадым. Мақаланы жазған автордың адресі мынадай екен:
480023
Алма-Ата -23
Ул. Водная...
Осы кісімен хабарласып тағы қосымша фактілер алуыңызға болатын шығар.Әйтпесе А.Ғалымованың қызмет орнына Казпотребсоюз, старшему инспектору А. Галимовой деп жазып көріңіз. 
Ізденісіңіз табысты болсын, сіңлім! 
Коммунистік тәрбие бөлімінің қызметкері: К. Алманова. 
Осылайша Алматы қаласында тұратын Қазақ ССР-нің еңбек сіңірген мәдениет қызметкері, КСРО және Қазақстан Журналистер одағының мүшесі, радионың алғашқы дикторларының бірі Тәмті Ибрагимованы таптым. Тәмті апай 1984 жылы 15 ақпан күні маған жазған хатымен бірге өзінің жеке суретін, қолжазбаларын, Подольск Орталық мерген қыздар мектебін бітірген мерген Мәлика Тоқтамышованың әскери суреттерін және оралдық жауынгер қыздар Мәлика мен Әсия Ғалымова туралы жазған өзінің «Мәңгілік алау» атты кітабын жіберген еді. (Т.Ибрагимова Мәңгілік алау: Очерктер мен естеліктер. – Алматы: «Қазақстан», 1983. – 92 б.).
Осы орайда, студенттік шақтан басталған тырнақалды ғылыми ізденістерімізге әдістемелік бағыт берген ғалым ұстаз, тарих ғылымдарының кандидаты Төлентаева Күләш Әбекенқызына шәкірттік алғысымды айтамын. 
Алайда кеңестік кезең ғой, 1986 жылы бесінші курста бұл тақырып бойынша диплом жұмысын қорғауға рұқсат етілмеді. Тақырып шұғыл өзгертілді. Диплом қорғау несібеме жазылмаса да, мен бұл тақырыптағы ізденісімді тоқтатпадым. Отбасылы болғаныма қарамастан, майдангер аналармен кездесуді жалғастыра бердім. Студенттік кезімде қызығушылықпен басталған бұл тақырып, кейін өлім мен өмір белдескен тұста да адамгершілік, адалдық, отаншылдық сияқты адами қасиеттерін жоғалтпаған, жауынгерлік ерлігін айтып ешбір есікті қақпаған, ешкімнен төр, құрмет сұрамаған қарапайым ғана өмір сүріп, белгісіз күйде өмірден озған қазақ қыздарына деген жанашарлық сезімге ұласты. Нәтижесінде, 2015 жылы 17 қазақ қызының өмірі мен жауынгерлік ерлігі туралы «Ұлы Отан соғысына қатысқан Батыс Қазақстан облысының қазақ қыздары» атты монографиялық еңбек жарияладық. Ұлы Жеңістің 80 жылдығына орай жауынгер 21 қазақ қызының есімі жарияланған ғылыми еңбегіміз көпшілікке белгілі. 
– Қазір Ұлы Отан соғысы тақырыбын саясиландырып, бұрмалап жатқан елдер аз емес. Осы жайт туралы пікіріңіз қандай? 
– Иә, өкінішке қарай, соңғы кезде бұл соғысқа қатысты түрлі пікірлер көрініс бере бастады. Адамзат тарихындағы ХХ ғасырдың «қасіретті оқиғасы» саналатын бұл соғыстың тарихын саясиландырып бұрмалау ешбір адамгершілік қасиетке жатпайды және ешқандай абырой әкелмейді деп санаймын. 
– «Ұлы Отан», «Ұлы Жеңіс» деген сөз тіркестері жиі талқыланып жатады. «Ол Отан біздің отанымыз емес» дегендей пікір айтылады. Екінші дүниежүзілік соғыс деп айту керек дейді. Осы туралы көзқарасыңыз қандай? 
– Гитлершіл Германияның тұтқиылдан бастаған соғысы кеңестік халықтардың бірлігі мен достығын үлкен сыннан өткізді. Кешегі алып империя КСРО мемлекеті құрамындағы халықтар үшін ол Ұлы Отан соғысы болды. Ұлы Отан соғысы жылдарында бүкіл кеңес халқы «Бәрі де Отан үшін, бәрі де Жеңіс үшін» деген ұранмен жұмыла күресті. Майданға аттанған миллиондаған ұлдар мен қыздар кеудесін оққа тосып, толарсағынан қан кешіп, қажырлықпен жүргізген шайқастың нәтижесінде ұлы жеңіске қол жеткізіп, Отанды, халықты қорғап қалды. Адам баласының рухы мен қайсарлығы, Отанына адалдығы соғыстағы жеңістің негізгі факторы, қайнар көзі болды. Заман өзгерісі, уақыт ауанына қарай қазіргі кезде бұл соғысты Екінші дүниежүзілік соғыс деп айту керек дейтін пікірлер бар. Жалпы Ұлы Отан соғысы екінші дүниежүзілік соғыстың құрамдас бөлігі. Бұл аксиома. КСРО мемлекетінің құрамындағы халықтар өз Отаны үшін қан төкті. Адамзат баласына туған елді қорғаудың үлгі-өнегесін көрсетті. Сондықтан тарихқа Ұлы Отан соғысы болып енді. Солай болып қала береді деген пікірді ұстанамын. 
– Жеңістің қадір-қасиетін кейінгі ұрпақ қаншалықты құрметтеп, қастерлейді деп ойлайсыз? 
– Жеңістің қадір-қасиеті туралы бұл сұрақты, әсіресе, менің алдыма Қазақстан тарихынан мемлекеттік емтихан тапсыруға келген тарихшы емес мамандықтардың студенттеріне жиі қойып отырамын. Жасыратыны жоқ, қазіргі жастардың бәрі бірдей бұл сұраққа тұшымды жауап бере алмайды. Өйткені студент жастардың Ұлы Отан соғыс тақырыбындағы мәліметі тым аз. Білім алушылардың Ұлы Отан соғысындағы маңызды шайқастар, кеңес одағының батырлары, олардың ерлігі, т.б. қарапайым сұрақтарға жауап бере алмағаны жаныңды ауыртады. Жастарды жазғыруға да болмас, өйткені көп жылдардан бері мектеп бағдарламасында Ұлы Отан соғысы тақырыбына бөлінген сағат саны өте аз. Мұғалім бұл тақырыпты шолып қана шығуға мәжбүр болады. Өзім мектепте сабақ берген ұстаз болғандықтан бұл жайды жақсы білемін. 
– Тарихшы ретінде айтыңызшы, Ұлы Жеңісті мерекелеуде қандай мәселелерді ескермей жүрміз? 
– Біздің бала кезімізде класқа соғыс ардагерлері шақырылатын. Олардың айтқан әңгімелері бала жүрегімізге әсер ететін. Қазір ондай мүмкіндіктер аз. Дегенмен тыл ардагерлері, соғыс жылдарындағы балалардың Ұлы Жеңіске қосқан үлесі туралы деректерді жинау, зерделеу, зерттеу оларды дәріптеу, құрметтеуге көңіл бөлінсе дейміз. 
– Ардагерлеріміздің ерлігін дәріптеудің заманауи қандай жолдарын ұсынар едіңіз? 
– Соғыс ардагерлерінің өмірі мен жауынгерлік ерлігін қазіргі цифрлық техникалық мүмкіндіктерді пайдаланып еліміздегі музейлер сөйлеп тұрса, ұлттық рухты оятудың құралы болар еді-ау. 
– Қазақ жауынгерлерінің Ұлы Жеңіске қосқан үлесін қалай бағалайсыз? 
– Ұлы Отан соғысына қатысқан қазақтың ұлдарымен қатар қыздары да қазақ халқын әлемге жауынгер, батыр халық ретінде танытты, паш етті. Ұлттың, ұлы тұлғаның тарихи ерлігі қашан да бағаланады. 1941-1945 жылдар аралығында Англияның әлемге әйгілі ақпарат құралдары «Санди таймс» газеті мен «Би-би-си» радиосының Мәскеудегі тілшісі болған Александр Верттің 1967 жылы Мәскеуде жарық көрген «Россия в войне 1941-1945 годов» атты еңбегінде қазақтардың соғыстағы ерліктері туралы: «Некоторые из самых стойких солдат Красной Армии были казахи; в целом на протяжении всей войны казахи проявили себя с самой хорошой стороны, а в самом Сталинграде среди лучших солдат были представители среднеазиатских народов...», – деп жазды. Кеңес-герман майданында болып, әр түрлі деңгейдегі әскери қолбасшылармен және жауынгерлермен, тіпті соғыс тұтқындарымен де тілдесіп, тыл еңбеккерлерімен тығыз байланыста болған ағылшын журналисінің іргелі зерттеуіндегі қазақтар туралы айтылған бұл тұжырымның шындық деп қабылданатынын айтқан жөн. 
Ал екінші дүниежүзілік соғысқа қатысқан американдық антифашист суретші Стив Гаррисонның 1977 жылдың қазан айында Мәншүктің анасы Әминаға өзінің жүрек тебіренісімен жазған хатында: «Госпожа Маметова, я являюсь участником второй мировой войны. Я своими глазами видел фашизм и горжусь, что боролся против него. Теперь когда прошло очень много лет, я, взял наконец смелость, осуществить свою мечту, которая зародилась впервые на войне: воссоздать на фреске образ молодого воина. Я помню хорошо, как мы, американцы, были восхищены, когда услышали о мужестве казахской девочки М.Маметовой. Этот листок газеты я сохранил, чтобы показать после возвращения к своим детям, молодежи, которая совсем не знала про Казахстан. Так вот после долгих раздумий я решил сделать героем своей фрески Вашу дочь, потому что она дочь Востока! Это будеть иметь успех, потому что современные молодые американцы будут поражаться, когда узнают как храбро билось с фашистами это казахское чудо – Маметова, которая родилась в степной стране Казахстан, а погибла героически защищая земля России... Для работы вышлите хотя одно ее фронтовое письмо и фото!», – деген сөздері сол бір ақиқатты аңғартса керек. Ал әскери қолбасшы генерал полковник П.Романенко біздің халқымыздың ұлдарына деген сүйіспеншілігін:«Қазақтар – кеңпейіл, ақжарқын, ержүрек, батыр халық. Жауынгерлерім тек қазақтардан құралса, мен әрқашан риза болар едім», – деп білдірген еді. Міне, бұл келтіріліген деректер қазақ халқының жауынгерлік болмысын айшықтайды. 
– Қазақтың батыр қыздары туралы біршама зерттедіңіз. Әлі ашылмаған деректер бар ма? Зерттеулерді жалғастырасыз ба? 
–Ұлы Отан соғысының ерекшеліктерінің бірі қарапайым халық бұқарасының оның ішінде қыз-келіншектердің соғысқа тартылуы. Соғысқа тартылған қыз-келіншектер саны бойынша КСРО мемлекеті алдыңғы орында тұрды. Ұлы Отан соғысына кеңестік 800000 қыз келіншектердің қатысқаны айтылады. Қызыл Армияның кейбір әскери бөлімшелерінде әйелдердің үлес салмағы 8 пайызға дейін жеткен. Алайда жауынгер әйелдер мәселесі Ұлы Отан соғысы тарихнамасындағы өзекті мәселелердің бірі ретінде қалып келеді. Деректерге қарап отырсақ, Кеңес Одағының әскери заңнамалық құжаттарында қажетті жағдайларда әйелдер Қызыл Армия қатарында қосымша қызметтерге тартылсын деген жазылғанмен, жалпы Кеңес әйелдерінің әскери міндеткерлігі болмаған екен. Мемлекеттік Қорғаныс Комитетінің 1942 жылы 25 наурыздағы қаулысы негізінде 1942 жылы 13-23 сәуір аралығынды Кеңес Одағында қыз-келіншектерді майданға, тылдағы өндірістік еңбекке жаппай мобилизациялау басталған. Кеңес Одағы жауынгер әйелдердің физиологиялық, психологиялық, психобиологиялық ерекшеліктерін ескеріп, соғыста олардың жағдайын қалай ойластырды? деген сұраққа келетін болсақ, Кеңестік жауынгер әйелдер арнайы әскери киіммен қамтамасыз етілмеді. Сондай-ақ әйелдердің қажетті гигиеналық жабдықтармен қамтылмауы, медициналық және гинекологиялық қызметтердің көрсетілмеуі, олардың блиндаждарда ерлермен бірге тұруы бұл соғыс шындығы. Осы жерде анықтап айтатын нәрсе, кеңестік әйелдердің соғысқа ерікті түрде өз еркімен аттануы. Оған олардың жеке энтузиазмы, Отанды қорғау, соғысқа аттанып жоқ болып кеткен бауырларының кегін алу міне, осы сияқты факторлар әсер еткен. Алайда, Ұлы Отан соғысы тарихнамасында жауынгер әйелдер мәселесі ғылыми терең зерттеулерді қажет етіп отырған күрделі мәселе. Өкінішке қарай, біз соғысқа қатысқан жауынгер әйелдердің қаншасы майданда шейт болды? Жараланғаны қанша? Ауыр жараланып мүгедек болғаны қанша? Оккупацияланған территорияларда партизан отряды құрамында қанша әйел қызмет етті? Олардың атқарған әскер мамандықтары бойынша анықтау, қанша байланысшы, қанша мерген қыз? Қанша десантшы? – деген сияқты. Сол сияқты олардың ұлттық құрамы да анықталмай келеді?
Тарихшы ғалым М.Қозыбаев өз еркімен майданға сұранып, өтініш жазған қазақстандықтардың 40 пайызы қыз-келіншектер болғандығын жазды. Ал қазақстандық жауынгер қыз-келіншектердің санын анықтау уақыт еншісінде. Қазіргі кезде ақпарат көздерінде әртүрлі мәліметтер жазылып жүр. Ұзақ жылдар бойы жүргізген зерттеуіміз бойынша Батыс Қазақстан облысынан 1200 шамасында қыз-келіншектердің соғысқа қатысқанын анықтап отырмыз. Осыншама жауынгер қыз-келіншектердің ұлтық құрамы, олардың арасындағы қазақ қыздарының саны қанша?. Біз небәрі 21 жауынгер қазақ қызының есімін кітапқа енгізіп отырмыз. Өлкемізден шыққан қазақ қыздарының саны мұнымен аяқталмайды. Бұл тың ізденісті күтіп тұған күрделі мәселе.
– Отандық тарихымыздың зерттеу әдіснамасы, әдістемесі туралы не айтар едіңіз? Кеңестік кезеңдегі әдіснамадан арылдық па? 
– Қысқаша айтқанда, Қасиетті Тәуелсіздік арқасында Қазақстан тарихы ғылымын ұлттық мүдде тұрғысында зерттеу мен оқытуда жаңа мүмкіндіктерге қол жеткіздік. Кеңестік кезеңдегі тар шеңберден шығып, ұлттық тарихымызды зерттеудің әдіс амалдарын жетілдіріп, жалпы адамзаттық құндылықтарды басшылыққа ала отырып, ұлттық мүддеге негізделген жаңа методологияға бағыт алдық. Әлемдік тарих ғылымының озық технологиясын негізге ала отырып, ұлттық тарихымызды өзінің ерекшеліктеріне сай зерттеуіміз керек. Қазақ тарихын қазақтың өзі ғана зерттеп жаза алады. 
– Тарих арқылы азаматтардың бойына қандай құндылықтарды сіңіруге болады? Және оны жүзеге асыру үшін нендей іс-шараларды қолға алғанымыз дұрыс? 
– Кешегі оқиға – бүгінгі тарих. Империялық мемлекеттер басыбайлы отарланушы халықтардың алдымен тарихын жасырып бақты. Өйткені олар тарихты білу азаттық күреске бастайтын негізгі фактор екенін сезді.Төл тарихымызды танып, ата-бабаларымыздың басынан өткізген қасіретін оқып үйренген сайын ұлтыңа, туған еліңе, жеріңе деген отаншылдық, сүйіспеншілік сезім ұлғаяды. Міне, тарих ғылымының құдіретті күші де осында болса керек. Біздің тарихымызда ұялатын ештеңе жоқ. Ұлттық тарихымызда жас ұрпақтың тарихи санасын көтеріп, ұлттық рухты жандандырудың негізгі құралына айналдыра білу керек. 
– Әңгімеңізге рахмет! 
Әңгімелескен 

Дәуіржан ТӨЛЕБАЕВ
«Aqiqat»

 

 

 

225 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

01 Тамыз, 2025

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Дәуіржан ТӨЛЕБАЕВ

«Ақиқат» ұлттық қоғамдық-саяси журналының Бас редакторы