• Мақала
  • 02 Маусым, 2025

Дананың көзі, баланың досы

Қазақ журналистикасының арғы-бергі жолына көз жүгіртсек, онда еңбек еткен, әлі де еңбек етіп жүрген бірнеше буынның талабын шыңдап, қанатын қатайтқан «Ұлан» газеті екенін ұғынамыз. Басылымның жарық көргеніне биыл 95 жыл толды. Жарық көрген жылдар бойы басылым өзін оқыған әр баланың досы, сырласы болып, жол көрсетуші, жөн сілтеуші, бағыт-бағдар беруші ұстанымынан айныған жоқ. 
Алғашында қазіргі «Жас Алаш» газетінің қосымшасы ретінде шыққан басылым бірден оқырманмен тығыз байланыс орнатып, олардың «бізге жеке газет керек» деген ұсынысымен ірге бөліп шыққан екен. Бұл үрдіс, яғни балалар мен басылым арасындағы осы бір тығыз қарым-қатынас әлі де үзілген жоқ. Заманға сай екі араға жаңа жол салынып, Instagram желісіндегі «Balamendana» парақшасының оқырман саны қазір 13 мыңға жеткен. Газеттің бас редакторының орынбасары Асылан Тілеген «Ana tili» газетінің №19 санында жарық көрген «Ұлан» – елдің ертеңі» атты сұхбатта, редакция мүшелерінің басты ұстанымы санға емес, сапаға жұмыс істеу екенін айтады. Оның айтуынша редакцияның әрбір қызметкері оқырманмен осы парақша арқылы үздіксіз байланыс орнатып, сөйлесіп отырады. 

Дәстүрлі медиа, оның ішінде қағаз басылымдар сөз болғанда ел ішінде оның таралымының азайып кеткені жиі айтылатыны жасырын емес. Алайда, баспа басылымдарының ішінде балаларға арналған жалғыз газет «Ұланның» заман талабына ілесіп, оқырман көңілінен шығып отырғанын оның әлеуметтік желідегі оқырман санынан анық аңғаруға болады. Бұл бір қарағанда өз-өзінен атқарылатын шаруа секілді көрінгенімен, ар жағында оқырман жүрегінен жол тауып, сол жолда жас тілші тәрбиелеп, олардың кейбірін қызметкер етіп жұмысқа алып, қанатын қатайтып, журналистика әлеміне жол ашатын дәстүрді, ұрпақтар арасындағы сабақтастықты сақтаған қажырлы еңбек, маңдай тер жатыр. 95 жастағы басылым бүгінгі жас оқырманның да адал досы. Жаңа заманның әр жетістігін игерген оның тақырып аясы да әр алуан. Газеттің әр санында кем дегенде 4-5 танымдық материал жарық көреді. Олар IT, экология, ғылым-білім, қаржылық сауат, жаңа медиа және басқа да өзекті тақырыптар. Ал кейіпкерлерінің көбі еліміздің әр аймағында тұратын өнер-білімге құштар балалар, олимпиада жүлдегерлері, шетелде білім алып жүрген жастар, спорт пен өнерде жетістіккке жеткен ұл-қыздар. Редакция ұжымы әр кейіпкерін оқырманына үлгі болсын деп асқан кірпияздықпен таңдайтыны аңғарылады. Кейіпкерлердің шынайылығы да басылымның өзіне тән ерекшелігін сақтап тұр. Сәуір айының 1-і мен 29-ы жарық көрген газеттің 13 – 17 санында редакция ұжымы биыл мектеп бітіретін екі түлектен сұхбат алған екен.

Бірі – наурыз айындағы ҰБТ-да 140 бал жинаған Санжар Қуандық, екіншісі – Гарвард университетіне түскен Арман Сабыржан. Санжар: «ҰБТ-ға дайындалып жүрген әр мектеп бітірушіге айтарым, көп уақытты уайым-қайғы, қорқынышпен өткізбей оқу керек... Өзіңе сену – өз еңбегіңе сену», – десе, Арман: «Ең маңыздысы – бастау! Яғни, арманыңыз болса, соған жету жолында ең болмаса ойлай бастаңыз. ҰБТ, IELTS, SAT сияқты маңызды сынақтар тапсыру керек болса, дайындықты қазір бастаңыз, уақыт жоғалтпаңыз. Өзіңіздің сол жетістікке жеткенде қандай болатыныңызды ойласаңыз, шаршамайсыз. Қазір білімге ұмтылу – ең жақсы шешім», – дейді. 

Мұндай шынайы әрі мазмұнды диалогтарды «Ұланның» кез келген санынан оқуға болады. Балалардың өзара әңгімесін оқыған сайын болашаққа деген сеніміңіз артып, жауқазындай жайқалып өсіп келе жатқан ұрпаққа қарап сүйсінесіз. Құдды баспасөздегі балалар әлеміне еніп кеткендей боласыз. Жай балалар емес, талабы таудай, мақсаты айқын, білімге құштар ұл-қыздармен танысып, жаныңыз жадырайды. 

Жақында «Ұланның» жас тілшісі Әбдірахман Қайрат Алматыдағы өзі оқитын №174 мектеп әкімшілігіне газет ашу туралы ұсыныс айтып, оны мектеп директоры Арнагүл Мұсрақызы қолдап, «Ұрпақ үні» атты мектепішілік газет жарық көріпті. Тілшілері – «Ұланның» тұрақты авторлары Әбдірахман Қайрат пен Мейірлі Қайсарқызы. 8 беттік газет айына бір рет жарық көреді. Бұл «Ұлан» таратқан ізгіліктің жемісі екен даусыз. Балалардың досы бола жүріп, оларды балалықтан даналыққа жетелеген басылымның бұдан өзге де игі істері көп. 

Балалар басылымының қызметкерлері тек журналист қана емес, олар қажет кезінде педагог-психолог, педагог-тәрбиеші де болады. Оны «Ұланға» шыққан әр мақаланы оқып отырып байқау қиын емес. Басылымның оқырмандар буыны бірін-бірі жылдам алмастырып отырғындықтан, ол редакцияға артылар жүк өзге басылымдардан ауыр. Себебі «Ұлан» бала-оқырман көңілінен шығу үшін үнемі жаңарып-жайнап, түлеп тұруы керек. 
95 жылдық мерейтойын атап өткелі отырған газеттің бүгінгі редакция ұжымы бұл талапты толық орындап, балаларды балалықтан даналыққа талмай жетелеп келеді. 

Назым ДҮТБАЕВА

348 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

AQIQAT №1

30 Қаңтар, 2025

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Дәуіржан ТӨЛЕБАЕВ

«Ақиқат» ұлттық қоғамдық-саяси журналының Бас редакторы