• Мақала
  • 02 Маусым, 2025

Ғасыр толған «Ақ желкен»

Биыл қазақ баспасөзінде балалар мен жасөспірімдерге арналған тұңғыш журнал – «Ақ желкен» басылымының шыққанына 100 жыл. Кеңестік кезеңде «Пионер» аталған ол 1980 жылдары мектеп жасында болған біздің буынның да сүйікті журналы болды. Бұл атақты ақын, қоғам қайраткері Фариза Оңғарсынова бас редакторлық еткен тұс. Ай сайын әр санын асыға күтіп, ақпараттық, танымдық, көркем дүниелерді сүйсіне оқыған біздің балалық шағымыздың бір нышаны іспетті журналдың әр буын оқырман өмірінде өзіндік орны бар. 
 

Ұлттық кітапхананың Сирек кітаптар мен қолжазбалар қорында «Екпінді жас» (алғашқыда осылай да аталған), «Пионер» журналының 1925-1930 жылдардағы сарғайған тігінділері сақтаулы тұр. Әуел бастан-ақ басылымның бастауында тұрған тұлғалар қазақ баласының білімін көтеру, ағарту бағытын анық мақсат тұтыпты. Төте жазумен, кейін латын қарпімен шыққан басылымда әңгіме, өлеңдер де, танымдық ақпарат та қамтылған. Әсіресе техника, ғылым саласынан хабардар ететін мақалалар нөмір сайын беріліп отырған. Бұл мақсат «Желдің күшімен жұмыс істету», «Радио мен телепон ауданға не үшін керек», «Дене тәрбиесінің маңызы қандай», «Мұнайдан кәресінді қалай аламыз», «Балалар саяқатын ашыңдар», «Мал саулығы» деген тақырыптардан-ақ менмұндалап тұр. Осы мақалаларды дайындаған Қамза Қалиұлы, Ғазез Дәулетұлы есімді авторлар балаларға барынша түсінікті етіп, әрі қызықты жаза білген. Бұл техника және басқа терминдердің қалыптаса қоймаған кезі, бірақ авторлар ғылым тілін қазақша икемдеп, ыңғайлай білген. Сирек қордағы журналдың әр басылымы тарихи жәдігер болуымен қатар, сол кездегі заман тынысын, халықтың хал-жағдайынан да хабар беруімен құнды. 
Бір ғасыр бойы шығып келе жатқан «Пионер» журналы әр кезеңдегі саясат пен ақпараттық кеңістік талабына сәйкес өз уақытының жаршысы болды. 1980 жылдар – кеңестік цензура сәл де болса жібіген кез еді, ұлттық мазмұндағы журнал мақалаларының көбеюі соның айғағы. Әлбетте, бұл сол кездегі республика баспасөзі басшыларының, редакция қызметкерлерінің азаматтық позициясынан туған батылдық пен көрегендіктің көрінісі десек болады. Соның арқасында кеңестік кезеңде орталықтан бекітілетін білім бағдарламасында қамтылмаған дүниелердің барлығы дерлік республикалық баспасөз, көркем әдебиет арқылы белгілі бір деңгейде халықтың рухани-мәдени сұранысын қанағаттандырып отырды. 
 Қазіргідей интернеттегі көл-көсір ақпарат, әлеуметтік желілер әлемі жоқ заманда газет-журнал «дүниеге білсем, көрсем» деп келетін жеткіншектердің білімге, танымға құштар көңілін сусындатқан бастау-бұлақ болды. Қазақстанның түкпір-түкпіріндегі әрбір елді мекен балаларының оқушы шағында газет-журнал оқымағаны кемде-кем. Журнал редакция­ларына әр аймақтан толассыз келіп жататын хаттар да басылым бетінен көрініс тауып, оған қызметкерлер шын жүректен жауап беріп жататын еді. Оқырман хаттарының тақырыбы қоғам тынысының айнасы іспетті. Кеңестік идеологияның аясында октябрят-пионер-комсомол тізбегімен тәрбиеленетін балалар өмірі «Пионер» журналы сияқты басылымдарда жылнамаша жазылып қалды.  
Ол кезде «Пионер» журналын аты айтып тұрғандай, бастауышты аяқтап, пионер қатарына қабылданған оқушылар оқитын. Бұл 4 сыныптан 9-10 сыныпқа дейінгі жастағы жеткіншектер ғой. Нағыз білімге, айналаны танып-білуге құштар жас. Сондықтан да журнал редакциясы басылым мазмұнын жан-жақты етіп құра білді. Әр нөмірде пионерлер өмірінен бөлек, өлең-әңгімелер, тіл, туған жер, тарих, өнер, спорт тақырыптары кезек-кезегімен жарық көріп жатты. 
Алғаш ақын-жазушы есімдерімен де осы басылым арқылы таныстық. Қадыр Мырзалиев, Тұманбай Молдағалиев, Бердібек Соқпақбаев, Әбіш Кекілбаев, Жарасқан Әбдірашев, Есенғали Раушанов сынды қаламгердердің өлеңдері мен әңгімелері «Пионерде» жиі жарияланатын. Бұл туындылар талай баланың әдебиетке, кітап оқуға қызығушылығын туғызғаны да анық. Журнал беттерінде «Балбұлақ» айдарымен тырнақалды өлеңдері жарияланған оқушылардың арасында қазір танымал ақындар бар. Ал «Өнерпаз болсаң арқалан» деген айдармен еліміздің әр өңіріндегі талантты балаларды таныстырып отырушы еді. 
«Пионер» сонау 1930 жылдары қазақ баласын білім-ғылымға қалай шақырса, 1980 жылдары да журнал бетінен бұл тақырыптар түспеді. Авторлар арасында танымал академиктер, ғылым докторлары мен кандидаттар болды. Академиктер Ахмет Жұбанов, Мұрат Айтхожин сынды тұлғалар туралы естеліктер мен мақала-сұхбаттар тұлғалардың өмірбаянымен таныстырып қана қоймай, балаларды ғылым әлеміне баулыды. Дінге тыйым салынған уақытта ұлтымыздың әйгілі тұлғаларын балаларға таныстырудың жолын таба білгені де тәнті етеді. Мысалы біз әйгілі әулие Мәшһүр Жүсіп Көпейұлы туралы ең алғаш осы «Пионер» журналынан, әдебиетші ғалым Сәрсенбі Дәуітовтың ғұлама туралы мақаласынан оқып білген едік. Белгілі қоғам қайраткері Сәбетқазы Ақатаев, журнал қызметкерлері Әшірбек Көпішев, Мағира Қожахметова, Айсұлу Рүстемованың мақалалары да әрдайым балалардың таным көкжиегін кеңейткен дүниелер болды. 
Ана тіліміздің кеңістігі қолдан тарылып, қазақ тілінде оқыту негізінен ауылды мекендерде жүргізілген уақытта «Пионер» журналы «Ана тілі – асылым» айдарымен оқулықта жоқ қызықты деректер беріп, сөз мағыналарын талдаған тілші-ғалымдардың мақалалары балалардың бойында тілге деген құрметті бекемдегені анық. Бұл бастамалар өскелең ұрпақ ана тілімен, ұлттық дүниетанымымен біте қайнасып өссін деген ниеттен туған еді. 
 Осы жылдары журнал беттерінде этнографтар Базарбек Төтенаев, Дәркембай Шоқпарұлы жүргізген көнеден келе жатқан ұлттық ойындар, қолөнер мен ұсталық туралы айдарлар әлі есімізде. Дәркембай ұста ою-өрнек, сақина-білезік, жүзік сияқты зергерлік бұйымдарды жасау жолдарымен таныстырып, киелі өнерді барынша дәріптеді, олардың қыр-сырымен таныстырды. Оқырмандар болса журнал беттеріндегі оюларды қағазға, мата бетіне түсіріп, сабақта пайдаланып, әсем өрнекте жасырынған ұлттық болмысын бойына сіңіріп өсті. 
Асылында адамның бала кездегі көрген, оқыған дүниесі ешқашан ұмытылмайды, санасында жарқын із қалдырып жатталып, сақталып қалады. Қазіргі «Ақ желкен», біз оқып өскен «Пионер» журналы да осындай ұмытылмайтын басылым. Әр парағы балалық шақ күнделігі іспетті, естелікке толы әсерлі көңіл күйге бөлейді. Журнал жарияланымдары бірнеше ұрпаққа ағартушылық қызмет етті, білімі мен танымын кеңейтті, болашаққа бағыт-бағдар берді. Ғасырлық тарихы бар басылым – «Ақ желкен» алдағы уақытта да жаңа өспірім жеткіншектерді әрдайым алға жетелеп, ақпарат айдынында ұзағынан жүзе берсін дейміз. 

Дина Имамбай
 

 

336 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

AQIQAT №1

30 Қаңтар, 2025

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Дәуіржан ТӨЛЕБАЕВ

«Ақиқат» ұлттық қоғамдық-саяси журналының Бас редакторы