- Мақала
- 02 Маусым, 2025
Ұлтымен үндес, халқымен мұраттас басылым

Биыл республикалық «Ана тілі» газетінің жарық көргеніне 35 жыл толып отыр. Бұл мерейлі белес тек қана газет ұжымы үшін ғана емес, тілін ардақтайтын, дәстүрін ұлықтайтын, салтын қастерлейтін барша қазақ оқырмандары үшін де ұлық мереке деп айтуға болады.
«Ана тілі» ұлт газетінің алғашқы саны 1990 жылдың 22 наурызында оқырманға жол тартса, содан бері үздіксіз шығып, әр нөмірі арқылы өзекті мәселелерді жұртшылыққа жеткізіп, руханиятымыздың берік негізі, іргелі тірегі болып келеді. «Ана тілінің» өзге басылымдардан айырмашылығы бар. Ол ең алдымен газеттің «Ана тілі» деп аталуы дер едік.
Дүниеде әр адам үшін ананың тілінен артық не бар? Ананың тілі арқылы өскелең ұрпақ ұлтының құндылықтарынан сусындайды, ананың тілі арқылы тұтас ұлт қалыптасады, ел көркейеді, мемлекет өркендейді. Олай болса, ана тілінің мәртебесін биіктету, мемлекеттік тілді өз тұғырына қондыру жолында қажырлы еңбек, нәтижелі қызмет етіп келе жатқан басылымның атауы да сәтті қойылған деуге толық негіз бар. Тіліміз өз дамуында түрлі сынақтардан, қым-қиғаш жағдайлардан өтті. Кеңес кезеңінде жойылу қаупі төнген де кездер аз емес. Қазақтілді мектептер жабылып, қазақша кітаптар, оқулықтар саны мүлдем азайып, ана тілін ұмытқан қаракөздеріміздің саны көбейгенде тіліміздің басына төнген зобалаң шақ ұлтымыздың болашағына да қауіп төндірді. Өйткені тіл жойылса, ұлт та жойылатыны белгілі. Тіл мен ұлтты бір-бірінен бөле жара қарауға әсте болмайды. Демек, «Ана тілі» газеті тіліміздің мұңын мұңдап, жоғын жоқтап, ұлтымыздың сана-сезімін, руханиятын түлету үшін дер шағында құрлыған басылым болғаны ақиқат.
Тіл газеті тек қана тілдің мәселелерін қаузап, сонымен ғана шектеліп қалған жоқ. Тіл мен тарихты, тіл мен дәстүрді, тіл мен білімді, шежірені, әдебиетті, мәдениетті тығыз байланыстыра білді. «Ана тілінде» отыз бес жыл ішінде жарық көрген мақалалар ұлттық санамызды оятуға, ұлттық рухымызды көтеруге, елге, жерге деген сүйіспеншілік пен құрметті арттыруға, атамекен тарихын ардақтауға, ұлттық болмысымызды тануға тың серпін берді. Газет, шын мәнінде, ұлттық бірегейлікті ұйыстырушы, қалыптастырушы рөлін атқара білді. Отыз бес жыл ішінде мемлекеттік маңызы бар мәселелерге үн қосып, ұлт сөзінің биік мінберінен көріне білді. Ұлағатты пікір, терең ой, парасатты тұжырым, өткір тіл, уәлі байлам, кесімді сөз қашанда «Ана тілі» газетіне тән болды. Осы мерейлі кезең ішінде «Ана тілі» газетінің ұлт журналистикасындағы бет-бейнесі, жеке дара қолтаңбасы қалыптасып үлгерді. Байыпты да, байсалды ұстаным, отаншылдық пен ұлтшылдық, елжандылық тұғыр газеттің тасын өрге домалатып, шыңдарға жетеледі. Кешегі Алаш заманында «Қазақ» газеті еліміздің қоғамдық-саяси өмірінде қандай рөл атқарса, тоқсаныншы жылдары «Ана тілі» газеті де қазақ мүддесі мен миссиясына сай құрылып, ұлттық рухтың жалаугер басылымына айналып, өз айналасына қазақ мәдениетінің, тарихының, әдебиетінің қаймақтарын, зиялы қауым шоғырын топтастыра білді.
«Ана тілі» белгілі бір дәрежеде елдегі қоғамдық-саяси процестерге де ықпал етті. Өйткені, басылым бетінде жарық көрген өткір сындар, күн тәртібінде тұрған мәселелерді қаузаған мазмұны терең мақалалар жоғары биліктің саяси шешімдеріне әсер етіп жатты. Шенеуніктер, лауазым иелері «Ана тілі» газетімен санасып, басылым бетіндегі материалдар елеусіз, ескерусіз қалмады. Мұның өзі «Ана тілі» газетінің ел арасындағы, билік сатыларындағы абыройын айшықтап, беделін байқатып тұрғаны сөзсіз. Ел Президентінен бастап министрлер, әкімдер, үлкенді-кішілі шенеуніктер «Ана тілінде» жарық көрген мақалаларға әрдайым назар аударып отырды. Бұл үрдіс бүгінгі күнде де жалғасын тауып келеді. «Ана тілі» газетінің ұлтымыздың заманауи өркениетіне, заманауи мәдениетіне қосқан үлесі орасан зор. Басылым бетінде жарық көрген материалдарды ұлт туралы энциклопедия деп айтуға болады. Саяси-әлеуметтік мәні терең басылым әркезде халықтың мүддесіне сай қызмет ете білді.
Отыз бес жыл ішінде «Ана тілі» қалыптасу, даму, есею, өркендеу кезеңдерінен өтті. Қай кезеңде болса да, ұлтының мүддесіне адал болып, өзінің дәстүрлі жолынан ешуақытта айныған емес. Шыны керек, қазір біз «идеология жоқ» деген сөзді жиі естиміз. Бірақ, тереңінен ойлансақ, бүгінгі идеологияның рөлін атқарып отырған бұл «Ана тілі» тәрізді төл басылымдарымыз емес пе!.. «Ана тілін» оқып жүрген адам ұлтының мұрат-мақсатын біліп, ұлтының дүниетанымынан, болмысынан алыстап кетпейді. «Ана тілі» басылымы ата-бабамыздың ғасырлар бойы аңсаған тәуелсіздік құндылықтарымен де астасып жатқан іргелі басылым.
Цифрлы дәуірде, жаңа технологиялар кезеңінде дәстүрлі басылымдар трансформация кезеңінен өтуде деуге болады. Өйткені, цифрлық дәуірдің талаптарымен санаспауға әсте болмайды. Бұл тұрғыдан алғанда «Ана тілі» газеті дәстүрлі басылым ретінде жолын интернет кеңістігімен де ұштастырып әлеуметтік желілердегі парақшалары арқылы да газет бетінде жарияланған мақалаларды насихаттаудың, сол арқылы жаңа буын оқырмандарын тартудың ұтқыр да, ұтымды жолын қалыптастыра алды. Телефон мен гаджетке телміретін жаңа буын жас оқырмандар «Ана тілі» газетінің материалдарымен жете танысып, өздері де газет форматындағы баспасөз құралына қызығушылық танытуда. Ең бастысы интеллектуалдық әлеуеті жоғары басылым жаңа ізденістері арқылы оқырман назарын аударып, ұлттық құндылықтарды тың бағытта насихаттап, дәріптеудің тиімді жолын таба білді. Сан түрлі жобалар, жаңа идеялар мен көзқарастар «Ана тілінің» тамырына қан жүгіртіп, заман көшінің алдында болуға іргетас болып келеді. Иә, отыз бес жылдық белес газет үшін мерейлі кезең екені сөзсіз. Бүгінгі таңда мемлекеттік тілімізге биліктің де, халықтың да көзқарасы жақсарып, тіл мәртебесі жыл санап артып келеді дейтін болсақ, бұл жетістікте әлбетте «Ана тілінің» атқарған үлесі өте зор. Өйткені, «Ана тілі» шын мәнінде тілдің күйіп тұрған мәселелерін батыл көтеріп, тіліміздің тазалығын сақтап, тіліміздің қадірі мен қасиетін қорғау жолында аянбай қызмет етіп келеді. Тіл мерейі – ел мерейі. Ел мерейі үстем болсын десек, біз ең бірінші тіліміздің мерейін үстем етуіміз керек. Міне, «Ана тілінің» негізгі ұстанымы осында жатқаны анық. «Ақиқат» журналының ұжымы атынан «Ана тілі» басылымын мерейтойларымен құттықтап, табысты еңбек, шығармашылық жетістіктер тілейміз!
Дәуіржан ТӨЛЕБАЕВ

334 рет
көрсетілді0
пікір