- Мақала
- 02 Маусым, 2025
ЭНЕРГИЯ ТИІМДІЛІГІ – КЕШЕНДІ МӘСЕЛЕ

Энергетика саласының бір тізбегі – энергия тиімділігін қамтамасыз ету. Еліміздің әлеуметтік-экономикалық жағдайына байланысты энергия тұтыну жылдан-жылға артып келеді. Бірақ қуат көлемі шектеулі, энергия жетіспеушілігі бар. Сондықтан да электр қуатын өндіретін жаңа көздерді дамытумен қатар, энергия тиімділігін қамтамасыз ету күн тәртібінде тұр. Энергия тиімділігі және үнем қағидасы өнеркәсіп, тұрғын үй секторы, көлік саласы сияқты барлық салада сақталуға тиіс.
Энергия тиімділігі дегеніміз ресурстарды неғұрлым үнемді, дұрыс пайдалану. Энергия тиімділігі туралы білімдер қазіргі қоғамда маңызды болып отыр. Энергетика министрлігінің деректері бойынша, 2024 жылы Қазақстанда электр энергиясын тұтыну 4,3%-ға артқан (2023 жылы бұл көрсеткіш екі есе аз – 2% болған). Елде өндірілетін электр қуаты жетіспейтіндіктен, сұраныс импорт есебінен жабылады. Деректерге қарағанда, электр энергиясының тапшылығы әсіресе кешкі уақытта қатты сезіледі. Бұл адамдардың тұрмыс-тіршілігіне қатысты мәселе. «KEGOC» АҚ мәліметінше, 2024 жылы 8 желтоқсанда энергия тұтыну рекордтық деңгейде тіркелген, көрсеткіш 17 203 мегаватт болған, бұл 2023 жылмен салыстырғанда 3,5%-ға көп. Қуат жетіспеген жағдайда жауапты мекеме көрші мемлекеттерден, соның ішінде Ресейден сатып алады. Мәселен, 2024 жылы осы елден 2,2 миллиард кВт/сағат электр энергиясы импортталған.
Салалық министрлік елімізді электр энергиясымен қамтамасыз етуде бірқатар шараларды іске асыруда. Мысалы жұмыс істеп тұрған электр станцияларының қуатын көбейту, қазандықтарды, құбырларды, сорғыларды, энергоблоктарды жөндеу, жаңартылатын энергия көздерін іске қосу, т.б. Әйтсе де жаңа қуат өндіру ісі тұтынушылар сұранысына ілесе алмай келеді. Сарапшылардың болжамына қарағанда, 2031 жылы елімізде энергия жетіспеушілігі 4,8 ГВт-қа жетуі ықтимал. Бұл барлық электр станциялары өндіретін қуаттың бестен бір бөлігіне тең – 2025 жылдың басында еліміз бойынша жалпы қуаттылық 25,3 ГВт болды.
Мемлекет басшысы Қ.Тоқаев энергияны тиімді жұмсауға және үнемдеуге баса мән беріп, «Қазақстан – әлемде ең көп энергия пайдаланатын елдердің бірі. Біздің ел Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымына мүше елдермен салыстырғанда энергияны 3 есе көп пайдаланады» деген еді. Мамандар тығырықтан шығудың бір жолы ретінде тарифтерді қымбаттатуды ұсынады. «Тарифтер дәйекті шығындарды жабуға және саланың дамуына мүмкіндік туғызуға тиіс» дейді олар. Бұл өнеркәсіп орындарының және жеке тұрғындардың энергияны үнемдеп тұтынуға пайдасын тигізуі мүмкін. Алайда электр энергиясының бағасы жылдан-жылға көтеріліп келе жатса да үнемдеу мәселесі шешілген емес. Көптеген жерлерде электр қуаты босқа ысырап болып жататыны рас.
Энергия шығындары көп болуының тағы бір себебі – инфрақұрылымның тозығы жетуі. Еліміздегі жылу электр станциялары кеңестік кезеңнен бері толыққанды жөндеу көрмей, әбден ескірді. Сол себепті Екібастұз жылу электр орталығында апат болғаны да белгілі. Ресми деректер бойынша, еліміздегі электр станцияларындағы құрал-жабдықтардың 57%-ы тозған, станциялардың үштен бірі 70-90% ескірген. Әсіресе ЖЭС-тер мен ГРЭС-тер жылдар бойы жаңартылмапты. Бұл цифрлар электр өндіретін орындардың апаттық жағдайда екенін білдіреді.
Айта кетер болсақ, 2024 жылғы мәлімет бойынша елімізде 222 электр станциясы жұмыс істеп тұр. Сондай-ақ 65 жылу электр станциясы (ЖЭС) қолданыста. Еліміздегі электр желілерінің жалпы ұзындығы – 470 мың километр, олардың да жағдайы мәз емес. Осыған орай Ұлттық экономика министрлігі ұсынған ұлттық жобада энергетика инфрақұрылымын ауқымды модернизация жасау қажеттігі айтылды. Ескі нысандарды жаңарту, электр желілерін ауыстыру, электр станцияларын жөндеу, жұмыс істеп тұрған станциялардың тиімділігін арттыру, желілердегі кернеуді өзгерту (10 киловольт), т.б. Бұның бәрі электр тиімділігі үшін қажет.
Электр тұтынудың артуының тағы бір себебі – электромобильдер санының көбеюі. Қазір Астана, Алматы секілді ірі қалаларда электр қуатымен жүретін көліктер өте көп. Олардың саны жылдан-жылға артпаса кемімейді, сондықтан да электрмен қамту тұрақтылықты қажет етеді.
Елімізде электр энергиясы негізінен қазба отындарды пайдалану нәтижесінде өндіріледі. 2023 – 2024 жылдары отын түрі бойынша энергия өндіру көрсеткіштері:
Көмір жағатын ЖЭС – 66% (2023 ж.), 63,2% (2024 ж.).
Газ жағатын ЖЭС – 21,2% (2023 ж.), 21,9% (2024 ж.).
ГЭС – 6,8% (2023 ж.), 8,5% (2024 ж.).
Балама энергия («жасыл») – 6% (2023 ж.), 6,4% (2024 ж.). (Энергетика министрлігінің деректері).
Бұл цифрлар электр энергиясын өндіруде көмір көп қолданылатынын көрсетеді. Климаттың өзгеруімен күреске байланысты Қазақстанда «жасыл» энергетиканы дамытуға басымдық берілгенмен де, әзірге көмір мен газ ең сенімді және қолжетімді қуат көзі болып отыр.
Тұрғындардың әлеуметтік жағдайын ескере отырып, жылдар бойы электр қуатының бағасы шектеліп келді. Сарапшылар станциялардың жаңартылмауына бұл мәселе де әсер етті дейді. Қазақстан энергиямен қамту ұйымдары қауымдастығының мәліметінше, алдағы 5-7 жылда елдегі электр энергиясы жыл сайын 20-30%-ға қымбаттайды. Олардың айтуынша, бұл инфрақұрылымды жақсартуға септігін тигізеді.
Қазақстан Республикасының энергия үнемдеу саласын дамыту және энергия тиімділігін арттырудың 2023 – 2029 жылдарға арналған тұжырымдамасында энергия үнемдеу және энергия тиімділігін арттыру саясатының басым бағыттары негізделген. Электр энергиясын ең көп тұтынатын саланың бірі – өнеркәсіп – оған энергия ресурстарының 30,3%-ы тиесілі. Ал бірінші орында – тұрғын үй секторы, өндірілген электр энергиясының 17%-ын және жылу энергиясының 44%-ын тұтынады. Бұл көрсеткіш жылдан-жылға өсіп барады. Энергия тиімділігі және үнемдеу тек қуат тапшылығынан туған іс-шара ғана емес, ең алдымен табиғатқа жанашырлықты білдіреді. Энергия тұтынуды төмендету өндіріс және коммуналдық қызметтер шығынын азайтады. Энергияны үнемдеу – қоршаған ортаға қамқорлық. Бұл парник газдарының шығарындыларын азайтуға, табиғатты қорғауға көмектеседі. Энергия тиімділігі экономиканың тұрақты дамуына ықпал етеді.
Қазақстан Республикасының энергия үнемдеу саласын дамытудың және энергия тиімділігін арттырудың 2023 – 2029 жылдарға арналған тұжырымдамасында барлық жерде «энергия тиімді» мәдениетті қалыптастыру – халықтың барлық жас санаттарының назарын энергия үнемдеуге аударту қажет деп жазылған. Бұл іс әрбір отбасынан басталады, балалар осы әдетті сіңіріп өседі.
Ескі ғимараттардағы ескі жабдықтарды жаңа – энергия тиімді үлгілерге ауыстыру, заманауи жылу жүйелерін орнату да қуатты үнемдейді. Ғимараттардағы жылудың ысырап болуына жол бермеу жылытуға кететін шығынның алдын алады. Мәселен, жасыл энергетика маманы, Дания мемлекетінде тұратын қазақ Қажы Акбар Аюби жуырда елге келген сапарында Астана қаласындағы тұрғын үйлерде қыстыкүні терезе ашық тұратынын, сөйтіп қаншама жылудың ысырап болып жатқанын байқағанын айтады. Энергия тиімділігіне қол жеткізген, жасыл энергияны кеңінен қолданатын, қоршаған ортаның жай-күйіне баса мән беретін Еуропа елдерімен салыстырғанда біздің елде қуат көздерін үнемдеу жағы кемшін екені рас. «Қабырғалар мен терезелерді тиімді, жылу сақтайтын материалдармен оқшауласа, жылытуға кететін шығын азаяды» дейді Қажы Аюби мырза.
Жеке адамдардың өз үйінде энергияны үнемдейтін LED-шамдар қолдану, түрлі заманауи құрылғыларды пайдалану, энергия тиімділігі жоғары тұрмыстық техниканы таңдау, күндізгі уақытта табиғи жарықты пайдалану, су ысыту кезінде тек қажетті мөлшердегі суды пайдалану сияқты қарапайым әрекеттер де қуатты үнемдеумен қатар, табиғатты сақтауға көмектеседі. Үйдегі тұрмыстық техниканы толық сөндіріп жүру де маңызды. Бұл тек коммуналдық төлемдерді азайтып қана қоймай, қоршаған ортаға оң әсер етеді.
Энергия тиімділігін арттырудың тағы бір жолы – жаңа үйлер салғанда энергия тиімділігі жоғары материалдар мен технологияларды қолдану. Мәселен, бұдан былай Ұлыбританияда жаңа үйлер салынып жатқан кезде-ақ күн батареяларымен жабдықталады, бұл талап 2027 жылы күшіне енеді. Үкімет жоспары бойынша, күн батареяларын орнату барлық құрылыс компаниялары үшін міндетті болады. Бұдан құрылыс құны 3000 фунт стерлингтен 4000 фунт стерлингке дейін қымбаттайды, бірақ болашақ қожайындар энергия төлемдерінен жылына 1000 фунт стерлинг үнемдей алады дейді мамандар. Энергия тиімділігі саласында осы секілді шетел тәжірибесін пайдалану да жақсы нәтиже бермек.
Электр энергиясын үнемдеу және тиімді пайдалану – бұл табиғи қазбаларды жағу арқылы өндірілетін қуатты үнемдеу, инфрақұрылымға түсетін жүктемені азайту, ресурстарды үнемдеу ғана емес, сонымен қатар әр адамның, әр мекеменің экологиялық жауапкершілігі, планетаның, өзіміз өмір сүріп отырған ортаның қазіргі жағдайы мен болашағын ойлау.
Дина Имамбай

343 рет
көрсетілді0
пікір