- Мақала
- 02 Маусым, 2025
Әлеуметтік өмірдің бағдары қандай?

Сайын БОРБАСОВ,
Ш.Ш.Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтының бас ғылыми қызметкері, саяси ғылымдар докторы, профессор
Адамзат қоғамының тиімді дамуы әлеуметтік саланың дұрыс ұйымдастырылуына тәуелді екендігі ақиқат. Әлеуметтік мәселелердің шешілуі қоғам мен мемлекетті, халық пен билікті өзара жарасуға бастайтын шешуші құбылыс. Қоғамдық қатынастардың қандай кезеңдерінде де әлеуметтік мәселелердің шешіліп отыруы мемлекеттік биліктің назарында болуы заңдылық. Әрине, әлеуметтік өмір динамикасы экономика мен саясаттың, мәдениет пен рухани салалардың дамуымен байланысты. Дегенмен социумның, әлеуметтің ықпалы қоғамдық өмірдің негізгі салаларының қозғаушы күші екені ақиқат. Әлеуметтік саланың негізгі сегменттерінің бірі – әлеуметтік әділеттілік принципінің басшылыққа алынуы.
Әлеуметтік әділеттілік аса құнды парадигма. Ол орын алған елдер міндетті түрде өркениеттің алдыңғы шебіне шығып отырады. Әлеуметтік әділеттілік бұзылса немесе өрескел бұрмаланса билік пен халық арасында қайшылықтар басталады. Мұндай құбылыс міндетті түрде дағдарысқа, саяси теке-тірестерге алып келеді. Әлеуметтік әділеттілік туралы ұрандатқан, ал нақты өмірде оны шындыққа айналдыра алмаған мемлекеттер де халықтың сенімінен айырылып, стагнацияға, тоқырауға ұшырайды. Бұлай болуын кеңес одағының әлеуметтік тәжірбиесі нақты дәлелдеді. КСРО-да дұрыс ұрандар, жақсы идеялар, тартымды әлеуметтік бастамалар көп болды. Бірақ та, өкінішке қарай, олар қоғамдық тәртіптердің шындығына айналмады. Бос сөздер, құрғақ уәделер ретінде қалды. Кеңес одағы осылай дағдарысқа ұшырады, алып империя тарих аренасынан түсіп қалды.
Өткен ғасырдың 90-шы жылдарының басында қазақ журналистері АҚШ-тың атақты сарапшысы, әлемдік геосаяси ахуалдың білгірі Збигнев Бзежинскиге «Кеңес одағының ыдырауының негізгі себептері қандай?» деген сұрақ қойған екен. Сонда Бзежинский «КСРО-да қандай жиын болмасын жеткен жетістіктер мен табыстар туралы айтылады. Ал, АҚШ-та барлық жиындарда қандай кемшіліктер мен қателіктер жібердік деп айтылады. Тек мақтаумен айналысқан КСРО құлады, ал АҚШ әлемдегі бірінші мемлекетке айналды» деп жауап беріпті. Демек, әлеуметтік өмірді, жалпы қоғамды дамытудың жолы – шындық, ұдайы кемшіліктеріміздің, қателіктердің, қайшылықтардың себептерін талдау, ашу. Солай болған жағдайда ғана мемлекет дамудың даңғыл жолынан шығып қалмайды.
Әлеуметтік шындықтың материалдық негізі экономикалық шындық. Сондықтан ғылыми-саяси ойда ұдайы әлеуметтік-экономикалық даму, қатынастар, жағдай деген ұғымдар қолданылады. Әлеуметтік парадигманың бірінші тұруы тегін емес. Себебі ол адамдардың мүддесі мағынасымен орайлас келеді. Экономика әлеуметке қызмет ететін құбылыс. Экономиканы ұйымдастыратын да, оны жүргізетін де адам, тұлға. Сондықтан «алдымен экономика, одан кейін саясат» емес. Керісінше «алдымен адам, әлеумет одан кейін экономика мен саясат» деген нарратив қазір бірінші кезекте деген пікірдеміз. Сөз жоқ, бұл құбылыстар өзара тәуелді, диалектикалық байланыста жұмыс істеп отырады. Мемлекеттік билік өз халқының әлеуметтік капиталына неғұрлым көп көңіл бөлсе сол елдің дамуы, тынысы кеңейеді. «Әлеуметтік капитал ұйымдық ресурс ретінде экономикалық даму мен демократияға дем беріп жәрдемдеседі» деп есептейді белгілі әлеуметтанушы Фрэнсис Фукуяма.
Дамыған мемлекеттер қол жеткізген әлеуметтік шындықтарды Қазақстан қоғамы да іске асыруы керек. Қазақстан Республикасы тәуелсіз мемлекет ретінде әлемдік қауымдастықтан орын алғанымен әлеуметтік жаңару үдерісін жолға қоя алмай келеді. Қазақстан мемлекеті «демократиялық, зайырлы, құқықтық және әлеуметтік мемлекет» деген стратегиялық міндетті толық іске асыруға тиіс.
Қазақстан қоғамының дұрыс дамуы, әлеуметтік жаңару мақсатында қазіргі кезеңде еліміз қандай даму негізінде, сатысында тұрғанын түсіну маңызды. Неміс экономисі, социологы Клаус Шваб батыстың дамыған мемлекеттері төртінші индустриялық революцияны басынан кешіруде деп есептейді. Мұндай қоғамның басты ерекшеліктері дамыған экономика жасаған әлеуметтік инфрақұрылымның жетістіктерін сол мемлекет халқының басым көпшілігі пайдалануға қол жеткізіледі. Дамыған елдердегі шешуші әлеуметтік топқа орта тап айналады. Орта тап халықтың 40-60% құрған жағдайда қоғамда тұрақты әлеуметтік-экономикалык даму орын алады. Себебі орта тапта кәсіптік дағды, білім, ақша, мүлік бар. Ол болашағына, демек, мемлекетіне сенеді. Олар денсаулыққа, балаларының біліміне ақша бөле алады, ішіп-жеммен отбасыларын тарықтырмайды. Осындай бай-қуатты азаматтары көп елдерде әлеуметтік татулық, болашаққа деген оптимизм күшті. Орта тап заң диктатурасының, әлеуметтік әділеттілік принципінің, адам құқықтары мен бостандықтарын қорғайтын демократиялық саяси жүйенің перманентті түрде нығая беруіне мүдделі. Орта таптың әлеуметтік потенциалымен билік те, олигархиялық топтар да, зиялы қауым да есептесіп өмір сүреді.
Қазақстанның Ата заңында белгіленген стратегиялық әлеуметтік мемлекет болу міндеті жоғарыда айтылған эталонға жауап беретін қоғам орнату. Өкінішке қарай, Қазақстанда орта әлеуметтік топ шешуші рөл атқаратын қоғам әлі де орнатылған жоқ. Демек, Қазақстан қоғамы қазіргі кезеңде өзінің дамуындағы өтпелі, транзиттік сипатын сақтауда. Нарықтық капитализм орнады. Бірақ та ол олигополиялық, олигархиялық сипат алып әлеуметтік қоғамға ұласпай қалды. Жаңа Қазақстанның мақсаты осы олқылықты толтырып әлеуметтік қоғам орнату болмақ.
Қазақстандағы нарықтық қатынастарда монополистік сипат күшейіп кетті. Экономиканың әртараптануы іске асырылмағандықтан күшті орта тап қалыптаспай қалды.Қазақстанның әлеуметтік құрылымында қазір орта таптың үлес салмағы 4-6% ғана. Орта тапқа отбасындағы әр адамға 700 мың теңгеден табысы барлар кіреді. Олар тым аз. Ортадан төменгілер халықтың 94%; оның ішінде кедейленгендері 45%; ал тым кедейлері 5%-ға жуық болып отыр. Мысалы, 2022 жылы кедейлік деңгейі Түркістан облысында 9,7% болса ел астанасында 2% болған. Демек, Қазақстанда әлеуметтік мемлекет құру мәселесінің өткірлігі күшейіп тұр. Аталған деректерді елдегі ресми мекемелердің ашық ақпараттары беруде. Сондықтан «Жаңа Қазақстан» құрудың, елдің алдындағы конституциялық мақсаттарды орындаудың зәрулігі арта түсетіні ақиқат. Тәуелсіздіктің бастапқы кезеңіндегі алға қойылған стратегиялық міндеттерді орындау маңызды. Дамыған мемлекеттер моделіндегі «халықтық капитализм» орнату міндеттерін шешу әлі де күн тәртібінде. Осындай әлеуметтік-экономикалық, саяси шындықты мойындап, мәселелерді шешудің түбегейлі жаңа принциптеріне ден қоймасақ, еліміз дамудың сара жолына түсе алмайды. Қазақстан әлемдегі басым державалардың шикізат базасы болып қала береді. Ол үшін елдің экономикалық, технологиялық ақпараттық мүдделерін батыл қорғау саясаты басым болғаны абзал. Сонда ғана елдегі әлеуметтік жаңару үдерістеріне жан бітеді.
Мемлекеттік билік Қазақстанда бәсекеге қабілетті, әлеуметтік қоғам орнату жолында келесі міндеттерді шешу керек деп есептейміз:
Бірінші кезекте, экономиканың олигархиялық, олигопиялық сипатын жеңу. Олигархтар халықтың жауы емес, досына айналғаны маңызды, пайдалы. Олар өздерінің мыңғырған байлықтары Қазақстанның табиғаты, жер қойнауы мен халқының күшімен жасалғанын мойындап, мол табыстарының қомақты мөлшерін ел бюджетін толтыруға бағыттауы әділдік болмақ. Сонда халықтың отандық байларға деген сенімі артып, әлеуметтік татулық күшейетіні ақиқат. Ал командалық рух пен бірлік бар жерде табысты жұмыс болатыны белгілі. Билік елде «әл-ауқат экономикасын» жасауды күшейтуге беруге міндетті. Себебі, еліміз әлі де кедейлік пен жұмыссыздықты жеңе алмай келеді. Ресми деректерде елдегі жұмыссыздар еңбекке жарамды халықтың 4,7 % құрайды. Олардың саны 470 мыңнан астам. Ал нақты жұмыссыздар тым көп екендігі белгілі. Сондықтан Қазақстан БҰҰ-ның 2022 жылғы Тұрақты даму туралы есепте әлемнің 146 елінің ішінде 65 орынды иеленді. Бұл орташа көрсеткіш. Халықтың жан басына шаққандағы ЖІӨ 14 мың доллар шамасында. 2010-2013 жылдардағы көрсеткіштерден сәл жоғары. Демек, 10-12 жылдай Қазақстан экономикасы қарқынды дамуға қол жеткізе алмай келеді. Қазақстан экономикасына шешуші ықпал жасап отырған шетелдік, ұлттық компаниялар мен холдингтар әлі де өз қожайындары, олигархтарға қызмет жасап отыр. Қазақстандағы барлық ірі компаниялардың табысы ел бюджетіне құйылып әлеуметтік бағдарламалар мен қауіпсіздік мәселелерін шешуге бағытталуы тағдырлық мәселеге айналды. Батыста ірі компаниялар табысының 60-70 % өз мемлекеттерінің бюджеттеріне құяды. Бізде бұл көрсеткіш тым төмен. Көптеген ірі компаниялар табыстарын шетелдерге шығарып, елге пайдасын тигізбейді. Шетелге заңсыз кеткен барлық табыстарды елге қайтару шаралары басталғаны белгілі. Соңғы 3 жылда 2 трлн. теңге қайтарылған екен. Сарапшылар бұл ақша шетелге кеткен ақшаның 1,5% деп есептеуде. Яғни, әлі де 300 млрд. доллар көлемінде елдің ақшасы шетелде жүр деген сөз. Оның қайтарылуы халықтың әлеуметтік дамуының тынысын ашпақ. Қазақстан халқының билікке сенімі күшейіп, әлеуметтік әділеттілік салтанат құратын жағдай қалыптасар еді. Қазақстандық ірі компаниялар нарықтық қатынастардың ажырамас бөліктері. Тек ірі компаниялар әлеуметке бет бұрыс жасап, заң шеңберінде халық пен мемлекет мүддесіне бағынуға тиіс. Себебі олардың байлығы халықпен, жермен, елмен жасалды. Әлеуметтік мемлекет жасаудың шешуші факторына айналса компаниялардың беделі де, байлығы да арта беретіндігін әлемдік нарық дәлелдеп отыр.
Екіншіден, әлемдік экономикалық тәртіптерден әр ел өз орнын, үлесін табуы қиын шаруа. Сондықтан 30 жыл қалыптасқан нарративтерден бас тартуымыз қажет. Біз барлық тауарларды өндіре алмаймыз. Қазақстан тікұшақ, ұшақ, автомашина, күрделі станоктар жасай алмайды. Оларды жасасақ сапа жағынан бәсекеге қабілетті бола алмайды. Ақырында көп шығын шығып іске қосқан кәсіпорындар банкрот болып жабылып жатады. Сондықтан қолымыздан келетін тауарларды ғана шығарып, басқаларын сатып алып отыру аса пайдалы. Мысалы, әлемдік нарыққа ет, ұн, макарон, сүт өнімдерін, құрт, ірімшік, кәмпит май шығарсақ, ұтымды болмай ма? Тамақ барлық елге керек. Қазақстанда жүнді, теріні өңдеуді жолға қойып, зор табысқа кенелуге болады деп есептейміз. Елде миллиондаған мал сойылады. Соның терісі, жүні іске аспай жатыр. Олардан таза, табиғи киім-кешек, аяқ киімдер тігуге болады ғой. Үкімет осы істі жолға қойса миллиондаған доллар табыс келіп, ауылдағы жұмыссыздық азаяр еді. Қытай, Пәкістан, Иран, Ауғанстан, Үндістан нарықтарына құрлық жолдарымен осы тауарларды экспорттауға мүмкіндік бар.
Үшіншіден, Қазақстанның болашағы – агроөнеркәсіп кешенді дамытуда. Ауыл шикізаты қалаларға жеңіл өнеркәсіпті, тамақ өндірісін нығайтатын тригерге айналатынына сенімім мол. Осылай болғанда ғана елде азық-түлік тауарлары арзандайды, халық мүддесіне негізделген «әлеуметтік әл-ауқат экономикасы» қалыптасады. «Болашағы жоқ ауылдар» формуласынан бас тартатын мезгіл жетті. Бос қалған аймақтар болмауы мемлекеттік қауіпсіздіктің кепілі. Тіптен Мойынқұмның құмында миллиондаған қой өсіріп таза жүнді экспортқа шығарсақ табыс көзі молаятындығы ақиқат. 1970 жылдары Қазақстан КСРО жүнінің 60% өндіретін. Осы зор потенциалды қалпына келтіру елдегі жаңа экономикаға тірек болар еді. Тамақ, жүн, тері, мақта әлемдік нарықта қымбаттай беретін тауарлар қатарында. Алдағы уақытта мұнай, газ, уран, түсті металлдардың орнын осы әлеуметтік тауарлар алмастырса Қазақстан индустриалды дамуды жаңа сапалық деңгейге көтереді деп есептейміз. Себебі, ауыл экономикасы жеңіл өнеркәсіпті дамытуға көмектеседі. Ауылдар мен қалаларда нақты тауарларды өңдейтін кәсіпорындардың көбеюі шағын және орта бизнесті дамытады. Миллиондаған адамдардың әртараптаған экономикаға қатысуы бай-қуатты орта таптың үлес салмағын арттырады деп білеміз.
Қазақстанға урбанизация процессі әзірше көп пайда әкелген жоқ. Ішкі миграция салдарынан ауылдардан қалаға ағылған халық мегаполистердегі жұмыссыздықтарды көбейтті. Люмпенденген әлеуметтік тап қалыптасып протесттік, наразылық көңіл-күйді күшейтіп жіберді. Сондықтан ауылдарды көркейтудің маңызы арта түсуде. Ел халқының 39% ауылда өмір сүруде, олардың басым көпшілігі қазақтар. Халықта мал, бау-бақша, жұмыс және әлеуметтік инфрақұрылым болса 3-4 жылда ауыл халқы Қазақстанды азық-түлікпен толыққанды қамтамасыз ете алатынына сенім зор. Мәселе, аграрлық қатынастарды дұрыс, тиімді іске асыратын жаңа тұрпатты аграрлық саясаттың жасалуында болып тұр.
Төртіншіден, экономиканы әртараптандыру арқылы шикізат экспортын неғұрлым азайту міндеті тұр. Мұнайдың өзін емес бензин, химия өнімдерін сату ондаған есе көп пайда әкеледі. Сондықтан жаңа 2-3 мұнай өңдеу зауыттарын салу күн тәртібінде деп есептейміз. Олар елге мұнай қоры таусылғанша қызмет етеді. АЭС салудың зәрулігі ақиқат. Оның неғұрлым қауіпсіз болуын қамтамасыз етуге Үкімет аса мүдделілік көрсетуге тиісті. Мұнай, газ секторы ЖІӨ 19,5% беріп отыр. Бұл өте үлкен үлес. Табиғат ресурстарын болашақ ұрпақтарға қалдырып, инновациялық-адам факторына, жасанды интеллектіге, ақпараттық ағынға негізделген экономика жасамай елде болашақ болмайды. Әлемге шикізат өнімдерін емес сапалы аграрлық, өнеркәсіп тауарларын, киімдерді ұсынатын елге айналсақ әлеуметтік өмірдің гүлденуіне қол жеткіземіз.
Бесіншіден, демократиялық саяси жүйеге ауысатын мезгіл жетті. Авторитарлық кез келген билік тоқырауға, дағдарысқа ұшырап, халықтың әлеуметтік өміріне зор қауіп төндіретінін тарих толық дәлелдеп отыр. Демократиялық жүйе жасаған мемлекеттердің барлығында дерлік халықтың әлеуметтік жағдайы жақсы. Азия мен Африканың көптеген елдерінде авторитаризм диктатураға, одан тиранияға ұласып, үлкен трагедияларға алып келгенін әлемдік қауымдастық біледі. Оған Ливия, Ирак, Сирия, т.б. мемлекеттердің саяси тағдырлары әбден дәлел.
Адамзат заңға бағынып, заң әрбір азаматтың құқығын қорғап, билікті шектеп, халыққа жауапты етіп қойғанда ғана, «әлеуметтік әл-қуат экономикасы» жасалатындығы белгілі болды. Қазақстан саяси жүйесінің билік тармақтары бөлінген, бірін-бірі бақылайтын, бірін-бірі шектейтін модельге өтуі ләзім. Адамзат өркениетінің сара жолы осы. Өкінішке қарай саяси билік үшін бәсекелестікте халықтар білместіктен авторитарлық саяси қайраткерлерді басшы етіп сайлап алып жатады. Ондай жағдайда демократия артқа шегінуге мәжбүр болады. Бірақ та, демократияның жаңа толқыны авторитаризм мен диктатураны қайтадан ығыстырады. Саяси өмір шындығы осы құбылыстың қайталанып тұратындығын дәлелдеп отыр. Болашақ пен дамудың тірегі, іргетасы демократия екендігін дамыған елдер жетістіктері айқын дәлелдеп келеді.
Алтыншыдан, елдегі әлеуметтік қатынастарды демократиялық қоғам талаптарына сәйкестендіру үшін елдегі этносаясат жаңа мазмұнға ие болуы міндетті. Тәуелсіздік кезеңдегі Қазақстанның этнодемографиялық картасы түбегейлі өзгерді. Егер, 1991 жылы Республика халқының 39,8% ғана қазақтар болса қазір мемлекетжасаушы халықтың үлесі 72%-ға көтерілді. 21 млн. қазақстандықтың 14,3 млн. қазақтар. Қазақстан біртіндеп моноұлттық мемлекетке айналып келе жатыр. Сондықтан, қазақ ұлтының тілдік, мәдени, рухани құндылықтары басымдылық алуға тиісті. Әлемдік брендтер дәрежесіне тек қазақи құндылықтармен ғана көтерілеміз. Димаш Құдайберген сияқты феноменнің бастауы, қайнар көзі ұлттық рух пен мәдениет екендігі ақиқат. Сондықтан, ұлттық рухани құндылықтардың әлемдік мәдени кеңістікті байытатын зор потенциалы бар екендігін біліп, осы негізде жұмыс істеу маңызды. Қазақ тілі ғана, мәдениеті мен құндылықтары ғана барша Қазақстан халқын топтастыратын, ұйытатын мемлекетті қорғауға шақыра алатын рухани феномен екендігін білу, осы бағытта қоғамды қозғау жаңа социумды қалыптастыруда шешуші рөл атқармақ.
Бір мақала шеңберінде Қазақстандағы әлеуметтік өмір динамикасына ықпал жасайтын құбылыстар мен факторларды талдап шығу тіптен мүмкін емес.
Діни татулық, отаншылдық топтастырушы идеялогия да ел халқының әлеуметтік жаңаруына ықпалы зор құбылыстар. Демек, Қазақстан әлемдік саяси тәжрибесінің озық моделдерін қабылдай отыра, ұлттық мүдделер негізінде ғана алға баса алады. «Қазақстандағы әлеуметтік саясаттың тарихи динамикасы ХХ ғасырдың 20-80-ші жылдары» атты жоба аясында жазылып отырған бұл мақаламызда біз әлеуметтік өмір динамикасына қатысты тұжырымдарымызды жан-жақты жеткізуге тырыстық. Алдағы уақытта осы айтылған мәселелер төңірегінде «Ақиқат» журналы бетінде ой-пікір алмасу бола жатар деген үміттеміз.

341 рет
көрсетілді0
пікір