- Мақала
- 02 Маусым, 2025
Ғылым. Жастар. Қамқорлық

Алматыда жас зерттеушілердің тұңғыш форумы өтті
Елімізде алғаш рет жас зерттеушілер форумы өтті. ҚР Президенті жанындағы Ұлттық ғылым академиясы ұйымдастырған ауқымды іс-шарада әр өңірден келген 400-ге жуық жас дарын бас қосып, өздерінің жобаларын таныстырды. Форум барысында мектеп оқушыларының ғылыми және инновациялық жобалары мен әзірлемелерінің көрмесі болды, байқау жеңімпаздарын марапаттау рәсімі жасалды. Ғылымға құштар жас зерттеушілер форумы бұдан былай тұрақты түрде өтеді.
Ғылым әлеміне қызығушылық ең алдымен мектеп жасында басталатыны белгілі. Балалардың қиял көкжиегі кең, олар небір ғажап дүниелер жасауға қабілетті. Тек оларды қолдап, ізденістеріне қанат бітіріп, бағыт-бағдар беру қажет. Елімізде мектеп оқушылары арасында жобалық зерттеулермен айналысатын оқушылар көп. Олар облыстық, республикалық байқауларға қатысып, жүлделі орындар алып жүр. Әйтсе де іргелі ғылыми ұйымдар тарапынан дарынды балаларға көңіл бөлу жетіспей келгені рас. Енді осы олқылықтың орны толатын болды.
ҚР Президенті жанындағы Ұлттық ғылым академиясы ұйымдастырған Жас зерттеушілер форумының мақсаты – оқушылар арасында ғылыми ойлауды дамыту, шығармашылық бастамаларды қолдау және ғылыми білімді кеңінен насихаттау. Ғылымға, зерттеу мен инновациялық қызметке қызығушылық танытқан мектеп оқушыларын қолдау арқылы болашақ ғылыми кадр даярланады. Ұлттық ғылым академиясының жас таланттарды қолдау бағытында атқарған алғашқы қадамдарының бірі – былтыр тәуелсіздік жылдарында тұңғыш рет Ұлттық ғылым академиясы жанынан Жас ғалымдар кеңесінің құрылуы болатын. Енді, міне, мектеп қабырғасынан бастап жас дарындарды ғылымға тарту ісі қолға алынды.
«Ғылым ордасы» ғимаратының екі қабатында өткен көрмеде оқушылар өздерінің ғылыми-зерттеу жобалары мен әзірлемелерін таныстырды. Бұл жұмыстарға академик, Қазақстанның Еңбек ері Асқар Жұмаділдаев, ҚР Ұлттық ғылым академиясы Өмір және денсаулық туралы ғылымдар орталығының басшысы Марлен Есіркепов, әл-Фараби атындағы ҚазҰУ Инжиниринг және ғылымды қажетсінетін технологиялар кластерінің бас директоры Әмірхан Темірбаев, географ ғалым, PhD Шахислам Лайсханов, республикалық «Дарын» орталығының өкілдері және басқа комиссия мүшелері қарап, бағасын берді.
ҚР Президенті жанындағы ҚР Ұлттық ғылым академиясының президенті Ақылбек Қажығұлұлы Күрішбаев Жас зерттеушілер форумына қатысушыларды құттықтап, отандық ғылымды еліміздегі мемлекеттік және қоғамдық дамудың басты қозғаушы күшіне айналдыру жұмыстары қарқынды жүргізіліп жатқанын және бұл шара осы реформалардың құрамдас бөлігі ғана емес, сонымен қатар аға буын өкілдерінің отандық ғылымның болашағына деген қамқорлығының шынайы көрінісі екенін жеткізді.
«Қазақта: «Асыл – тастан, ақыл – жастан» деген аталы сөз бар. Яғни, біздің ғылымымыздың болашағы жастардың қолында. Олай болса, қабілетті жас таланттарды тауып, оларды заман талабына сай тәрбиелеп, білім деңгейін шыңдау – біздің қасиетті міндетіміз. Форум – жай ғана біржолғы басқосу немесе сән үшін жасалған шара емес, бұл ғылым саласын креативті ойлайтын, қабілетті жастармен толықтыруға бағытталған ұзақ мерзімді стратегия. Форум жұмысының нәтижесінде Ұлттық ғылым академиясы жанынан Жас зерттеушілер академиясы құрылып, оның құрылымы мен жұмыс органдары жасақталады.
Жас зерттеушілер академиясының басты мақсаты – ғылымға қызығушылығы бар дарынды мектеп оқушыларын анықтау және қолдау, олардың бойында зерттеу дағдыларын дамыту, заманауи ғылыми жабдықтар мен зертханаларға қол жеткізуін қамтамасыз ету, кәсіби бағдар беру және мектеп оқушылары арасында ғылыми білімді кеңінен насихаттау. Бұл Академияның жемісті жұмыс істеуі үшін Ұлттық ғылым академиясы тарапынан барлық қажетті қолдау көрсетіледі», – деді ҰҒА президенті А.Күрішбаев.
Академия басшысы айтып өткендей, Жас зерттеушілер академиясына ғалым, ҰҒА вице-президенті Дидар Батыршев жетекшілік жасайды. Бұл жұмыс мектеп оқушылары және олардың тәлімгерлері, Оқу-ағарту министрлігі өкілдерімен бірлесе отырып, жолға қойылады.
Форумға жиналған оқушыларға академик Асқар Жұмаділдаев дәріс оқыды. Атақты математик тақта алдында есеп шығара отырып, балаларға ақыл-кеңесін берді. Сондай-ақ жиында еліміздегі ең жас академик Дөрбетқан Сұраған «Ғалым болмай немене, балалықты қисаңыз?» тақырыбында, ҚР Ұлттық ғылым академиясы Өмір және денсаулық туралы ғылымдар орталығының басшысы Марлен Есіркепов «Ғылыми әлеуеттің болашағы: оқушылардың зерттеу дағдыларын қалыптастыру және олардың ғылым жолына бағдарлануы», ал әл-Фараби атындағы ҚазҰУ Инжиниринг және ғылымды қажетсінетін технологиялар кластерінің бас директоры Әмірхан Темірбаев «Кіші ғарыш аппараттарының STEM білім беруді дамытудағы рөлі» атты баяндамалар жасады. Ал іс-шараға Малайзиядағы Тунку Абдул Рахман университетінің (UTAR) Инженерия факультетінің профессоры Гүлназия Исабаева онлайн түрде қосылып, «Ауыл мектептеріндегі білім сапасын жақсарту үшін халықаралық тәжірибені қолдану» тақырыбында сөйледі. Ғалым STEM білімін дамыту жөнінде және Малайзия мен Қазақстандағы ауыл мектептерін салыстыра отырып, осы елдің білім сапасын арттыру тәжірибесін бөлісті.
Бұдан кейін кезек жас дарындарға берілді. Ақтөбе облысы, Алға қаласының Бестамақ орта мектебінің 11 сынып оқушысы Жансая Нағашыбаева «AeroClean: ауаны тазарту үшін сору желдеткіштерін пайдалану» атты жобасы туралы айтып берді. Қостанай қаласынан келген Никита Белашов «Starlite» құрылғысының физикалық қасиеттерін сипаттады. Астана қаласы, Сұлтанбек Қожанов атындағы №64 мектеп-лицейінің 10 сынып оқушысы Азат Жұмаштың да тақырыбы өте қызық: «Көгалдандыруға қолданылатын тік барқытшөп гүлдерінен пайдалы заттар алу» деп аталады. Табиғатқа жанашыр жас зерттеуші Астана көшелеріне әсемдік беріп тұрған гүлді өсу мерзімі біткен соң қоқысқа тастамай, кәдеге жаратуға болатынын дәлелдеді. Азат химиялық әдістер арқылы барқытгүлден адам денсаулығына пайдалы лютеин алған. Сондай-ақ форумда Алматыдағы Ы.Алтынсарин атындағы №159 гимназияның 10 сынып оқушысы Даниял Мұрат өзі жасаған генераторды таныстырды. №178 лицей оқушылары Қажыкелді Жұмабек пен Ералы Аманжол «ZnO наноұнтақтарының синтезі және фотокатализдік белсенділігі» деген тақырыпта жасаған зерттеулерінің нәтижесін ғалым ағаларының алдында қорғады. Оқушылардың барлығы ойларын анық тұжырымдап, тиянақты ізденіс жасағандарын көрсетті.
Жас зерттеушілердің бірінші форумына Qalan.kz компаниясы демеушілік жасады. Марапаттау рәсімінде ҰҒА президенті А.Күрішбаев және демеуші Асқар Болат жүлдегер балаларға ақшалай сертификаттар табыстады, ғылыми-танымдық «Әл-Жәбрдің атасы» журналының топтамасын сыйлады. Іс-шара соңынан оқушылар Qalan.kz компаниясы түсірген «Қожа – жаңа саяхат» фильмін тамашалады.
Ғылым әлемімен танысу мектеп қабырғасынан басталады, әрбір пән, әрбір жаңа білім – таным баспалдағы. «Болам дейтін баланың бетін қақпа, белін бу!» деп халқымыз айтқандай, жас дарындар өздеріне арнап ұйымдастырылған алғашқы форумнан үлкен әсер алды, атақты ғалымдармен жүзбе-жүз сөйлесіп, дәрісін тыңдады, қолдауын сезінді. Ғылым жолында табандылық пен тұрақтылық сияқты қасиеттер керектігін ұғынды. Бұл балалардың көбі болашақта ғалым болып, елге пайдасын тигізгісі келеді.
Дина Тазабекқызы,
«Aqiqat»

343 рет
көрсетілді0
пікір