- Мақала
- 02 Маусым, 2025
Бітімгерлік –тәжірибе жинаудың жолы

Қазақстан – Біріккен Ұлттар Ұйымының бітімгерлік күштеріне Орталық Азиядан әскер жіберетін бірден-бір мемлекет. Осы міндетті орындауға былтыр наурыз айында Қазақстанның алғашқы ұлттық бітімгерлік контингенті БҰҰ миссиясы аясында Голан жоталарына жіберілген. Биыл сәуір айында олар елге оралды. 14 cәуір күні Ұлттық бітімгерлік контингенттің әскери қызметшілерін Ақордада Мемлекет басшысы қабылдап, бірқатар әскери қызметшілерді марапаттады. Алқалы жиында ел Президенті елімізге жүктелген жауапты міндетті жоғары деңгейде атқарып келген әскерилер ерлік пен батылдықтың озық үлгісін көрсеткенін, сол арқылы Ұлттық армиямыздың, тұтас мемлекетіміздің беделі көтерілгенін атап өтті. Бітімгер болу – бейбітшіліктің елшісі болу екенін тілге тиек етті.
Осы орайда Қазақстанның алғашқы бітімгерлік контингенті Сирияға қалай барып келді, қандай тәжірибе жинады? Бұл туралы «Ақиқат» журналының бірқатар сауалына Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігінің баспасөз қызметі жауап берді.
– 2024 жылы наурызда Қазақстанның алғашқы ұлттық бітімгерлік контингенті (139 әскери қызметкер) БҰҰ миссиясы аясында Голан жоталарына жіберілген еді. Биыл сәуір айында олар елге оралды. Қазақстандық әскерилер ол жақта нақты қандай іс атқарды?
– Қазақстанның әскери қызметшілері бейбітшілік пен қауіпсіздікті қолдау жөніндегі халықаралық міндеттемелерді орындау үшін Біріккен Ұлттар Ұйымының бітімгерлік миссияларына тұрақты түрде қатысып келеді. Соңғы 20 жылда 600-ден астам қазақстандық әскери қызметкер БҰҰ-ның бітімгерлік операцияларына қатысты. Ал 2024 жылдың қаңтарында БҰҰ Қазақстанға тәуелсіз бітімгерлік миссиясын жасақтауға мандат берді.
Қазақстан – Біріккен Ұлттар Ұйымының бітімгерлік күштеріне Орталық Азиядан әскер жіберетін бірден-бір мемлекет.
Қазақстанның алғашқы бітімгерлік контингенті Біріккен Ұлттар Ұйымының миссиясы аясында Сирияның Голан жоталарында бір жылдық қызметін аяқтап, елге аман-есен оралды. Біріншіден бұл миссия Қазақстанның дербес бітімгерлік операциясы ретінде тарихта қалып отыр. 2024 жылдың наурыз айында 139 қазақстандық әскери қызметші, оның ішінде 4 әйел, техника, қару-жарағымен бірге Голан жоталарына аттанған болатын. Бір жыл ішінде олар 557 тапсырма орындады. Оның ішінде 458 мобильді патрульдеу, 66 әскери персонал мен гуманитарлық жүктерді тасымалдау, 15 рет жарылғыш затты залалсыздандыру және 3 рет бақылау бекеттерінің күзетін күшейту жұмыстары бар.
Миссия барысында қазақстандық бітімгерлер Израиль мен Сирия арасындағы атысты тоқтату туралы келісімнің сақталуын қадағалап, жауапкершілік аймағындағы бітімгерлік базалардан әскери персоналды эвакуациялау, бақылаудағы аумақты мобильді патрульдеу, жарылмаған оқ-дәрілерді жою мен басқа да жарылғыш заттардан тазарту, БҰҰ-ның персоналы мен жоғары лауазымды тұлғаларын жауапкершілік аймағында және БҰҰ-ның оның шектеулі аумақтарында алып жүру жұмысын атқарды.
Қазақстандық бітімгерлер Сириядағы шиеленіскен жағдайда жауапкершілік аймағын көтерілісшілердің басып алуына жол бермей, базаны берік ұстауда шешуші рөл атқарды.
Голан жоталарында қызмет еткен кезде контингенттің алғашқы құрамы қойылған барлық міндеттерді ойдағыдай орындап, БҰҰ миссиясы мен Хатшылығының басшылығынан жоғары баға алғанын айта кету керек.
– Бірер күн бұрын Қазақстан бітімгерлерінің екінші құрамы Голан жоталарына аттанды. Бітімгерлікке баратын әскерилер құрамы қалай анықталады? Оларға қойылатын шарттар қандай?
– Ұлттық бітімгерлік контингенттің мамандарын оқыту және даярлаумен Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігінің Бітімгерлік операциялар орталығы (KAZCENT) айналысады.
Бұл орталық 2006 жылы Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігінің Шет тілдер институтында «Бейбітшілік үшін серіктестік» оқу орталығы ретінде құрылған. 2010 жылы орталық Одақтастық Жоғары Трансформациялау Қолбасшылығының (SACT) штаб-пәтері болып танылды. Ал 2019 жылы UNSOC және UNPOC орталығының курстары БҰҰ-ның тиісті сертификатын алды. Бітімгерлер кең ауқымды құзыретке ие. Орталықта олар әскери іс бойынша оқытылады, дайындық БҰҰ-ның көпұлтты миссияларындағы негізгі қарым-қатынас тілі ретінде ағылшын тілін қарқынды үйренуден басталады. Бітімгерлер әртүрлі тілдік бағыттарда оқытылады. 2023 жылы 200-ден астам әскери қызметші ағылшын, француз, түрік және қытай тілдерінде білім алды.
Мамандар «БҰҰ бітімгерлікке кіріспе», «Миссия алдындағы дайындық», «Бітімгерлік операциялардың құқықтық аспектілері», «Қарулы қақтығыстар құқығы», «БҰҰ штабының офицерлері» және «Азаматтық тұрғындарды жан-жақты қорғау» сияқты пәндер бойынша дайындалады.
Әскери қызметшілер бітімгерлік қызметті, миссия мандатымен анықталатын бітімгердің мәртебесі мен міндеттерін, дағдарыс жағдайындағы іс-қимыл тәртібін, сондай-ақ миссияның түрлі компоненттерімен, жергілікті билік өкілдерімен, БАҚ-пен және қақтығысқа қатысатын қарама-қарсы тараптармен өзара әрекеттесуді реттейтін халықаралық заңнаманы зерттейді. Бақылау жаттығулары барысында олар бітімгерлік міндеттер кешенін орындайды, оларды жүзеге асырудың әртүрлі әдістері мен тәсілдерін қолданады. Бұл ретте әскери қызметшілердің әртүрлі тосын жағдайларда шебер әрекет ету, күрделі және күрт өзгеретін жағдайда жүктелген міндеттерді орындау қабілеттері тексеріледі.
Бітімгерлік контингенттің барлық әскери қызметшілері ерікті негізде қабылданды. Кандидаттардың кәсіби және моральдық қасиеттері ескеріледі.
Қазақстандық бітімгерлердің екінші тобы да атысты тоқтату режимін қамтамасыз ету, патрульдеу, блокпостарды күзету, жарылыс қаупі бар заттарды жою, сондай-ақ БҰҰ персоналдарын алып жүру мен эвакуациялау жөніндегі міндеттерді орындайтын болады.
Бір сөзбен айтқанда, бітімгерлік контингентті Голан жоталарында өз бетінше өрістету – Қазақстан Республикасының және оның Қарулы күштерінің әлемдік аренадағы беделінің дәлелі. Халықаралық стандарттар бойынша дайындалған және жарақтандырылған біздің контингент БҰҰ миссиясының мандаты шеңберінде жүктелген міндеттерді орындауға дайын.
– Биыл ақпанда Сенат Қазақстанның бітімгерлеріне арналған өтемақыға қатысты заңды мақұлдады. Бұл Заңға сәйкес өтемақы беру жүйесі қалай жұмыс істейді?
– Әскери бітімгерлер «Бітімгерлік қызмет туралы» Заңның 16-бабына сәйкес бітімгерлік операциясы кезінде үш еселенген жалақы алады. Қызметтің ұзақтығы мен миссия мерзімі жеке есептеледі.
Бітімгерлік операцияға қатысу кезеңінде, сондай-ақ бітімгерлік операциясы аймағына (ауданына) бару және кері қайту кезінде ұлттық контингент Қазақстан Республикасының мемлекеттік бюджеті есебінен азық-түлікпен қамтамасыз етіледі.
Бейбітшілікті қамтамасыз ету жөніндегі операцияларға қатысатын әскери қызметшілер үшін бітімгерлік операциясы аймағында болу мерзімі ұрыс қимылдарына қатысумен теңестірілетінін айта кету керек.
Бітімгерлік операциядан оралғаннан кейін өзі қызмет ететін мемлекеттік органның қаражаты есебінен күнтізбелік 7 күннен кем емес, бірақ 21 күннен аспайтын мерзімге санаториялық-курорттық емделуге жіберіледі және негізгі демалысқа жыл сайын қосымша 14 тәулік қосылады.
– Бітімгерлікке алғаш барған әскерилер қандай тәжірибе жинады? Олар келесі құрамға өз тәжіибесін үйрете ала ма, оның жолы қарастырылған ба?
– Қазақстан Қарулы күштерінің әскерилері мұндай миссияларға қатысу арқылы баға жетпес тәжірибе жинақтап отыр. Бітімгерлік операциялардан жиналған тәжірибе – өте құнды. Бітімгерлер миссияда қызмет атқарғанда олардың өміріне қауіп төнеді. Қауіпсіздікті қамтамасыз ету – әскери қызметшілер үшін негізгі міндеттің бірі. Біз әскерилерді өзін қорғауға, командирді – бүкіл бөлімшесінің қауіпсіздігін қамтамасыз етуге және сонымен бірге жүктелген міндетті мүмкіндігінше аз шығынмен орындауға үйретуіміз керек.
Өзгермелі жаһандық жағдай мен халықаралық тұрақсыздық пен мемлекетаралық жанжалдар көбейіп тұрған уақытта Қазақстанның бітімгерлік күштері БҰҰ-ның бітімгерлік миссияларында айрықша рөл атқарып отыр. Алдағы уақытта осы адалдығынан танбай, халықаралық қауымдастықтың жаһандағы бейбітшілік пен қауіпсіздікті қамтамасыз етуге нақты түрде ықпалын тигізе беретініне сеніміміз мол.
Сұрақ жолдап,
жауапты журналға дайындаған
Назым ДҮТБАЕВА,
«Aqiqat»

339 рет
көрсетілді0
пікір