- Мақала
- 02 Маусым, 2025
Еңбек нарығына қажет мамандықтарды игерген абзал

Ғылым мен техниканың даму қарқыны осы салалардағы кәсіби білімнің маңызын арттырып отыр. Цифрландыру дәуірінің жаңа мамандықтары экономиканың, өндірістің барлық саласына енді. Сондықтан да заманауи ақпараттық технологияларды меңгерген жұмысшы мамандарға сұраныс арта береді. Бұл саладағы білікті мамандар кәсіптік-техникалық колледждерде даярланады. Осындай оқу орнының бірі – Орталық Азия техника-экономикалық колледжінің директоры Жанар Баймұхамбетовамен сұхбатта заманауи мамандар даярлау жөнінде сөз болды.
– Жанар Қуандыққызы, қазіргі уақытта мемлекет тарапынан кәсіби-техникалық білім беруге ерекше мән беріліп отыр. Экономиканың әр саласына білікті және құзіретті мамандар қажет. Президент Жарлығымен 2025 жыл Жұмысшы мамандықтары жылы болып жарияланды. Жуырда Премьер-министр Олжас Бектенов Үкімет отырысында сөйлеген сөзінде: «Экономиканың басты өндірістік қуаты – кәсібін жетік меңгерген жұмысшы мамандар. Қазіргі жұмысшылар жоғары технологиялық жабдықтармен, автоматтандырылған жүйелермен жұмыс істейді. Бұл біліктілікті арттырып, интеллектуалдық әлеуетті және цифрлық сауатты, жеке құзыреттілікті үздіксіз дамытып отыруды талап етеді. Бізге мыңдаған білікті жұмысшы қажет» деген болатын. Түрлі саладағы кәсіби жұмысшылар негізінен кәсіптік-техникалық колледждерде дайындалады. Осы орайда өзіңіз басқаратын колледж тарихына қысқаша тоқталып өтсеңіз.
– Иә, дұрыс айтасыз, қазіргі таңда Қазақстанда кәсіби-техникалық білімге мән беріле бастады. Бұл – еңбек нарығында заманауи, бәсекеге қабілетті және тәжірибелі мамандарды даярлау қажеттілігінен туындаған маңызды бағыт. Өзіңіз айтып өткен Премьер-министр сөзінің біздің колледжге тікелей қатысы бар.
Орталық Азия техника-экономикалық колледжінің (ОАТЭК) тарихына қысқаша тоқтала кетейін. Бұл білім орнының бастауында 80 жылдан астам тарихы бар Алматы кинотехникумы тұр. Ол КСРО Халық комиссарлары кеңесі кинематография істері жөніндегі комитетінің 1940 жылғы 11 қыркүйектегі №405 бұйрығымен құрылды. Кеңес өкіметі кезінде қоғам мен мемлекет сұранысына сай мамандар даярлады. Ал қазіргі таңда ОАТЭК – Қазақстан Республикасындағы және Орталық Азия өңіріндегі компьютерлік технологиялар және ЭЕМ мен желілерді аппараттық қамтамасыз ету, техникалық, инженерлік, экономикалық, кино, теледидар, радиоэлектроника және байланыс, робот техникасы және цифрлы технологиялар саласында білікті мамандар даярлайтын бірден-бір көп бейінді білім беру мекемесі болып есептеледі. Осы уақыт ішінде колледжіміз Алматы қаласындағы сапалы техникалық және экономикалық білім беретін жетекші оқу орнының біріне айналды. Оқу үдерісіне инновациялық технологияларды, модульдік білім беру бағдарламаларын, және дуалды оқыту жүйесін енгізу арқылы үздіксіз дамуға баса мән береміз.
– ОАТЭК еңбек нарығына қажет қандай мамандар даярлайды?
– Колледж заман талабына сай жоғары сұранысқа ие мамандықтар бойынша білім береді. Атап айтатын болсақ, олар:
Бағдарламалық қамтамасыз ету мамандығы: бағдарламашылар, веб және мобильді қосымша жасаушылар. Бұл мамандық IT-компаниялар мен жеке стартаптар үшін аса қажет.
Ақпараттық қауіпсіздік жүйелері. Бұл мамандық ақпаратты рұқсатсыз қол жеткізуден және деректердің жоғалуынан қорғау құралдары мен әдістерін меңгереді, домендік қызметтердің (Microsoft Active Directory), желілік технологиялардың (бағдарлау, коммутация, NAT, ACL CCNA деңгейінде), Cisco ESA (Email Security Appliance, IronPort), MS Exchange қауіпсіздік принциптерін үйретеді, криптографияны (деректерді шифрлеу) зерделейді.
Ал Робот техникасы және ендірілген жүйелер атты мамандық жасанды интеллект элементтері бар ақпараттық-сенсорлық, атқарушы және басқарушы электронды модульдер негізінде роботтар мен жүйелер құруға бағытталған. Әр түрлі операциялық жүйелердегі бағдарламалау негіздерін үйретеді (Arduino микроконтроллерлері, C# және Java).
Өзіңіз жақсы білесіз, қазір барлық салада жүйелік әкімшілер, техникалық қолдау мамандары өте қажет. Есептеу техникасы және ақпараттық желілер мамандығы бағдарламалық жасақтаманы орнатады және конфигурациялайды, жұмыс барысында пайда болатын ақауларды анықтайды және түзетеді. Оны меңгерген мамандар есептеуіш және ұйымдастыру техникасын (планшет, ноутбук, принтер, сканер, көшіргіштер, ДК және т.б.) белсенді пайдаланатын барлық ұйымдарда сұранысқа ие.
Операторлық өнер де әлем бойынша заманға сай дамып жатыр. Бұл маман түсірілген бейнематериалдармен жұмыс істейді. Ол сюжеттерді бір суретке жинайды, қажет емес нәрсені жояды, бейнені сөзбе-сөз айтқанда «желімдейді». Мамандық заманауи технологиялармен тығыз байланысты, оған қоса шығармашылық қабілетке де ие. Мәселен, әрбір фильм мен жарнама роликтері үлкен экрандарға немесе интернетке шықпас бұрын үлкен дайындық пен өңдеуден өтеді. Бейнемонтажерлер түрлі салаларда сұранысқа ие: іс-шараларды ұйымдастыру, сайт толтыру, блог жүргізу, жарнамалық роликтер жасау, кино және теледидар. Міне, бұлардың барлығы қазір танымал мамандықтар. Сондықтан да біздің колледжден білім алып, біліктілікке ие болған жастар жұмыссыз қалмайды.
Айтып өткеніміздей, барлық мамандық шығармашылықты талап етуімен ерекшеленеді. Колледжде білім беру үдерісімен қатар осы жағына мән береміз. ОATЭK бастамасымен жыл сайын шығармашыл және дарынды жастарды анықтау мақсатында колледждер арасында «Техника – жастарға», «IT Open», «Бағдарламашы» байқаулары өткізіледі. Сондай-ақ, колледж студенттері WorldSkills Kazakhstan сияқты кәсіби шеберлік чемпионаттарына қатысып, жүлделі орындарға ие болып келеді, бұл колледждің сапалы білім беруге және заманауи технологияларды қолдануға мән беретінінің дәлелі. Яғни, тек білім берумен шектелмей, студенттерге нақты кәсіби бағыт-бағдар беріп, өндірістік тәжірибеден өтуге, жұмысқа орналасуға көмек және мансаптық өсуге жол ашатын заманауи оқу орны. Мемлекет сұранысына сәйкес, колледж жылдан-жылға сапалы техникалық маман дайындауға бет бұрып, еліміздің индустриялық-инновациялық даму жолында өз үлесін қосып келеді.
– Колледжге оқушылар қай сыныптан кейін келеді? Оқу бағдарламалары жөнінде айтып өтсеңіз.
– Орталық Азия техника-экономикалық колледжіне оқушылар негізінен 9 сыныптан және 11 сыныптан кейін қабылданады. Колледждегі оқу бағдарламалары – Қазақстан Республикасының техникалық және кәсіптік білім беру мемлекеттік стандартына (ТжКБ) сәйкес жасалып, заман талабына сай мамандар даярлауға бағытталған. Бұл бағдарламалар білім алушыларға теориямен қатар, тәжірибелік дағдыларды терең меңгеруге мүмкіндік береді.
ОАТЭК оқу бағдарламаларының ерекшелігі бар. Біріншіден, ол кәсіби бағытталған бағдарлама, яғни оқу жоспары нақты мамандықтың өндірістік талаптарына бейімделген. Оқу барысында тәжірибелік сабақтар мен өндірістік тәжірибе көп үлес алады. Мұндағы басты мақсат – жұмысқа дайын, бәсекеге қабілетті маман дайындау.
Екіншіден, кейбір мамандықтарда модульдік-құзіреттілік тәсіл қолданылады, яғни студент әрбір модульді аяқтаған соң нақты бір кәсіби дағдыны меңгереді (мысалы, веб-сайт құру, желі конфигурациялау, деректер базасын басқару, т.б.).
Үшіншіден, IT және техникалық мамандықтарға сай пәндер өтіледі. Баршаға белгілі, қазір әлем бойынша ІТ саласы – жаңа технологиялар қарқын алып барады, ол барлық салада қолданыста. «Бағдарламалық қамтамасыз ету» мамандығында оқитын студенттер алгоритмдер мен бағдарламалау негіздерін, жоғары деңгейлі тілдерді (Python, C++, Java), деректер базасы және SQL, желілік технологияларды және басқаларын меңгереді.
Сондай-ақ қосымша кәсіби курстар өтеді. Cisco, Microsoft, Adobe секілді халықаралық оқу платформалары қамтылады.
Кәсіптік білім беруде дуалды оқытудың, өндірістік тәжірибенің маңызы зор. Колледж студенттері оқу барысында нақты компанияларда өндірістік тәжірибеден өтеді. Кей мамандықтар бойынша дуалды оқыту жүйесі қолданылады: теория – колледжде, тәжірибе – жұмыс орнында. Дуалды оқыту студентке жұмысқа қажет нақты дағдыларды үйретеді. Бағдарлама аяқталған соң түлек жұмысшы маман ретінде бірден еңбекке араласа алады немесе ЖОО-да оқуын жалғастырады.
– Білім берудің басты шарттарының бірі материалдық-техникалық база екені белгілі. Колледжде бұл мәселе шешімін тапқан ба? Зертханалар, заманауи құрал- жабдықтар бар ма?
– Иә, колледжіміз қазіргі заманғы құрал-жабдықтармен қамтамасыз етілген. Материалдық-техникалық база ұдайы жаңартылып отырады. Колледж 1200 орынға есептелген, кабинеттердің, зертханалардың және оқу-өндірістік шеберханалардың толымдылығы қолданыстағы нормативтерге сай келеді. Міндетті оқу пәндерін оқу үшін колледжде жалпы кәсіптік, арнайы пәндер мен жалпы білім беретін 19 кабинет, 24 зертхана, 3 шеберхана бар. Оқу процесінде қауіпсіздік талаптарына сәйкес заманауи жабдықтар пайдаланылады.
Зертханалық сабақтар колледждің оқу зертханаларының базасында және шеберханаларда өткізіледі. Сондай-ақ зертханалық-практикалық сабақтар өзге ұйымдармен өзара ынтымақтастық туралы шарт негізінде де өткізіледі. Оқу процесін осындай ұйымдастыру колледждің де, кәсіпорындардың да материалдық-техникалық және кадрлық ресурстарын толық пайдалануға мүмкіндік береді. Ірі компаниялар сервер, электр және электр жұмыстарын жүргізуге арналған қосалқы бөлшектерді ұсынады. Оқу орнында интернет желісі қолжетімді, 22 кабинет мультимедия құралдарымен жабдықталған, оқу және тәрбие процесінде қолданылатын портативті интерактивті проекторлар бар. Колледждің барлық аумағында жергілікті, желілік желі және Wi-Fi жұмыс істейді.
– Студенттер меңгеретін білімнің маңызы неде?
–Орталық Азия техника-экономикалық колледжінде оқитын студенттер кәсіби-техникалық құзіреттіліктерге ие болып шығады. Бұл құзіреттіліктер еңбек нарығында сұранысқа ие IT маман болуға, заманауи технологияларды игеруге және цифрлық экономикаға бейімделуге мүмкіндік береді. Мәселен, веб және мобильді қосымшалар жасау, бағдарламалау, желілік технологиялар, компьютерлік графика мен мультимедиа құралдарын қолдануді білетін мамандар әр мекемеге, ұйымға қажет. Қазіргі уақытта интернетті, әлеуметтік желілерді бүкіл адам қолданады, сондықтан цифрлық сауаттылықтың маңызы артып отыр. Желіде зиянды бағдарламалар, теріс пиғылды контент, алаяқтық көріністері көбейді, одан зардап шегіп жатқан адамдар да көп. Цифрлық сауаттылықты меңгерген мамандар компьютерлік бағдарламалармен еркін жұмыс істейді, онлайн коммуникация жасай алады, деректерді өңдеу және ақпаратты қорғау, қауіпсіздік қызметтерімен қамтамасыз етеді. Заманауи қоғамда ақпараттық технологияларды тиімді қолдану – кез келген салада табысты болудың негізгі шарты.
Қазіргі уақытта мамандардан талап етілетін тағы бір дағды – ұжыммен, командамен жұмыс істей білу. Біздің студенттер бірлескен жобалар жасау, кәсіби қарым-қатынас пен көшбасшылық қабілетті дамыту жағынан да білім мен тәрбие алып шығады. Бұл кейін нақты жұмыс орнында ұжыммен бірлесе жұмыс істеуге және жобаларды тиімді басқаруға көмектеседі. Ал кәсіби этика мен еңбек мәдениеті адами қасиеттермен ұштасып жатыр. Жауапкершілік, этикалық нормалар мен тәртіп сақтау, уақытты тиімді басқару қай кезде де өзекті. Бұндай мамандар жұмыс берушілердің сенімін арттырады және мансап жағынан өсуге мүмкіндік алады. Осы құзіреттіліктердің барлығы студенттің тек теориялық білім алып қана қоймай, нақты тәжірибелік дағдыларды меңгеріп, жұмысқа дайын маман ретінде қалыптасуына жағдай жасайды.
– Кез келген оқу орны беретін білімнің нәтижесі түлектердің жұмысқа орналасуымен өлшенеді. Колледж түлектері негізінен қай салаға барады және жұмысқа орналасу жағы қалай?
– Біздің колледжді тәмамдап, диплом алған мамандардың жұмысқа орналасу мүмкіндігі жоғары, себебі оқу орны еңбек нарығы сұранысына сай қызмет етеді. Дуалды оқытудың да бұған септігі мол. Колледж бен жұмыс беруші ұйымдар арасында серіктестік байланыс қалыптасқан, олар – ІТ-компаниялар, банктер, өндірістік мекемелер, мемлекеттік құрылымдар. Студенттер оқу барысында осы мекемелерде тәжірибеден өтеді.
Колледж түлектерінің арасында жоғары оқу орындарына түсіп, оқуын жалғастыратындар да көп. Түлектер негізінен ақпараттық технологиялар саласына, білім беру және тренинг орталықтарына, мемлекеттік және квазимемлекеттік секторға орналасады. Олардың арасында өз жобаларын жүргізіп, шағын бизнес ашатындар да бар, мысалы, веб-сайт жасау, техникалық қызмет көрсету, дизайн студиясы. Әлбетте, еңбек нарығына бейімделген, тәжірибесі бар және сұранысқа ие маман болу – жұмысқа орналасуды жеңілдетеді.
– Қазақ тілінде білім беру үдерісі жолға қойылған ба, оқулықтармен қамту мәселесі ше?
– Ұлттық кадрларды сапалы даярлау мәселесі қазақ тілінде білім беру арқылы жүргізілетіні белгілі. Колледжде тілдік теңдік пен білім алудағы қолжетімділікті қамтамасыз етуге тырысамыз. Орталықазия техника-экономикалық колледжінде (ОАТЭК) қазақ тілінде білім беру ең басты орында. Мемлекеттік тілде оқитын студенттерді оқулықтармен қамту жұмыстары жүйелі түрде жүргізіледі. Қазақ тілінде толық оқытылатын топтарда техникалық және кәсіптік білім беру бағдарламалары бар. Мұнда мемлекеттік тілде сабақ беретін білікті оқытушылар жұмыс істейді. Оқу үдерісі техникалық және кәсіби білім беру стандарттарына сай оқулықтармен қамтамасыз етіледі, қазақ тіліндегі оқулықтар мен оқу-әдістемелік құралдар мемлекеттік оқу бағдарламаларына сәйкес қолданылады. Колледждің кітапханасы мен электрондық ресурстары арқылы қазақ тіліндегі оқу материалдарына қол жеткізу мүмкіндігі бар. Қажетті оқулықтар жетіспеген жағдайда, колледж оқытушылары өздері авторлық әдістемелік құралдар әзірлеп, пайдаланушыларға ұсынып отырады. Сонымен қатар, Цифрлық білім беру платформалары (Platonus, Moodle, Bilimal, т.б.) арқылы қазақ тілінде электронды ресурстар беріледі. Ұлт тілінде білім беру – жастардың рухани және кәсіби дамуы үйлесімді жүруі үшін де маңызды.
– Жанар Қуандыққызы, жаңа технологияларға көбінесе қала балалары қызығып жатады. Ауыл балаларының қызығушылығын туғызу мақсатында іс- шаралар жүргізіле ме?
– Өте орынды сұрақ. Бұрынғы кезде техникалық мамандықтарға көбінесе қала балалары оқуға түсетіні шындық, өйткені білім беру негізінен орыс тілінде жүргізіліп келді. Еліміз тәуелсіздік алғалы бері білім беру саласында қазақ тілі кеңінен енгізіліп, барлық мамандық бойынша топтар ашылды. Бұл үдеріс біздің колледжімізде де жолға қойылған.
Соңғы жылдары ауыл мектептеріндегі балалардың жаңа технологияларға қызығушылығын арттыру үшін нақты іс-шаралар жүргізілуде. Мұндай жұмыстарға мемлекет деңгейінде де, оқу орындарының өз бастамасымен де көңіл бөлінген. Нақтырақ айтсақ, «Цифрлы Қазақстан» бағдарламасы аясында ауыл мектептері мен колледждерінде компьютерлік сыныптар ашылды. Еліміз бойынша робототехника кабинеттері жабдықталды. Интернет инфрақұрылымы жақсартылды. Арнайы жобалар мен байқаулар ұйымдастырылады. «Roboland», «KazRobotics» сияқты робототехника жарыстарына, «Hackathon» сынды инновациялық сайыстарға ауыл балалары тартылады. Ауыл оқушыларына IT, бағдарламалау курстары тегін немесе жеңілдікпен ұсынылады. Ауыл балаларына техникалық мамандықтар бойынша арнайы оқу гранттары бөлінеді, атап айтқанда мемлекеттік білім беру тапсырысының 65%-ы техникалық мамандықтарға бағытталған. Бұның бәрі ауыл жастарының IT саласына деген қызығушылығын оятып, олардың қабілетін ерте анықтауға арналған. Қазіргі уақытта кез келген аймақтан шыққан талапты жастардың өз білімін жетілдіруіне жол ашық.
– Колледжде оқытылатын мамандықтардың маңызы қандай?
– Заманауи мамандықтар цифрлық экономиканың негізін құрайтын салаларға бағытталған. Колледжде оқытылатын мамандықтар еліміздің технологиялық дамуына, өндірістің автоматтандырылуына және ақпараттық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге тікелей үлес қосады. Мәселен қазір түрлі салада, компанияларда, банктердің қосымшаларында кибершабуылдар көбейді, қауіпсіздік алаңдататын жағдайға жетті. Жеке деректердің қорғалуы өзекті болып отыр. Кибершабуылдардың көбеюіне байланысты бұл мамандық иелеріне сұраныс күннен күнге артып келеді. Ал компьютерлік жүйелерді құрастыру, жөндеу, техникалық қызмет көрсету және желілерді басқару мамандарынсыз заманауи компаниялар мен мекемелердің техникалық жұмысы жүрмейді. Робот техникасы да өндірісте, ауыл шаруашылығында, медициналық техникада және өндірістік желілерде қолданылады.
– Колледждің алдағы жоба-жоспарлары қандай?
– Колледждің болашаққа арналған жоба-жоспарлары көп, ең бастысы – білім беру сапасын арттыру, заманауи технологияларды енгізу және студенттердің кәсіби дамуын қамтамасыз ету. Әсіресе оқу бағдарламаларын еңбек нарығының сұранысына сәйкес жаңартып отыруға, оқу үдерісіне цифрлық платформалар мен электрондық оқулықтар енгізуге мән беріледі. Колледж алдағы уақытта заманауи құрал-жабдықтармен жабдықталған зертханалар мен шеберханалар ашуды жоспарлап отыр. Шетелдік оқу орындарымен ынтымақтастық орнату арқылы халықаралық серіктестікті дамыту көзделеді. Бұның бәрі білім беру сапасын арттыру, бәсекеге қабілетті мамандар даярлау үшін қажет. Жастар қазіргі және таяу келешектегі еңбек нарығына қажет мамандықтарды меңгеруге ұмтылуға тиіс.
– Әңгімеңізге рахмет!
Дина Имамбай
«Aqiqat»

365 рет
көрсетілді0
пікір