- Мақала
- 05 Маусым, 2025
Биологиялық алуантүрлілікті сақтау - ұлттық қауіпсіздік мәселесі

Алматыда ҚР Президентінің жанындағы Ұлттық ғылым академиясының ұйымдастыруымен «Орталық Азиядағы биоалуантүрлілікті сақтау мәселелері мен перспективалары» атты халықаралық форум өтті.
Форум аясында Орталық Азиядағы биоалуантүрлілікті сақтау және орнықты даму мәселелері; сирек және эндемикалық өсімдіктер түрлерін сақтау; биоалуантүрлілікті қорғауда ерекше қорғалатын табиғи аумақтардың рөлі; Орталық Азияның жануарлар дүниесін сақтау; экотуризм; экологиялық білім беру және ағарту тақырыптары талқыланды.
Іс-шараға Нобель сыйлығының лауреаты Риккардо Валентине (онлайн), Небраска университетінің профессоры Эндрю Зимброфф, Дрезден технологиялық университетінің профессоры Маттиас Крамер, БҰҰДБ, ЮНЕСКО, ФАО сияқты халықаралық ұйымдардың сарапшылары, ҒЗИ өкілдері, жас ғалымдар, экологтар қатысты. Сондай-ақ ғылыми-зерттеу институттары ғылыми-танымдық көрме ұйымдастырды.
Қазіргі таңда биоалуантүрлілікті сақтау, табиғи экожүйелердің орнықты дамуы күн тәртібіне өткір қойылып отыр.
ҚР Ұлттық Ғылым академиясының Президенті А.Қ. Күрішбаев: «Қазақстан үшін биологиялық алуантүрлілікті сақтау дегеніміз - бұл ұлттық қауіпсіздік, орнықты даму және болашақ ұрпақтың әл-ауқатын жоғарылату мәселелерінің негізі. Бүгінгі таңда қазақстандық фауна мен флораның көптеген бірегей түрлері жойылып кету қаупінде тұр. Биоалуантүрлілікті жоғалтудың басты себебі – инфрақұрылымның кеңеюі, тау-кен өндірісінің қарқынды дамуы, урбанизация және басқа да антропогендік жүктемелердің әсерінен өсімдіктер мен жануарлардың тіршілік ортасының жойылуы. Сонымен қатар, климаттың жаһандық өзгерістері бұл мәселені одан әрі ушықтыра түседі: Орталық Азия тауларында мұздықтар жылдам еруде, шөлейттену күшейіп келеді, ауа райының экстремалды құбылыстары жиілеп барады», – дей келе, осы бағыттағы Ұлттық Ғылым академиясының ұстанымын баяндады.
Сарапшылар атап өткендей, Қазақстанда 6 000 сирек кездесетін және жойылуға таяу өсімдік бар. Олардың 387-сі Қызыл кітапқа енгізілген. БҰҰ мәліметтері бойынша, Алатауда, Алматы төңірегінде 1934 жылы 190 гектар жерде жабайы алма өскен. Ал 2004 жылы осы аумақтан 9-ақ гектар қалған. Қазіргі уақытта елімізде 227 жануар жойылып кету алдында тұр, олардың 131 түрі – омыртқалылар, 96-сы омыртқасыз жануар.
Қазақстандағы ең үлкен экологиялық проблеманың бірі – шөлдену.
Елімізде 180 млн гектар шөлді жер бар. 1992 жылдан 2023 жылға дейін шөлді жерлер 25-30 миллион гектарға артқан.
Келесі проблема – мұздықтардың еруі. Қазақстанда 2400 мұздық бар, ауданы – 930 шаршы километр. Олар Тянь-Шань мен Алтай тауларында. Соңғы 160 жылда мұздықтардың 75 пайызы еріп кеткен.
Бұлай жалғаса берсе осы ғасырдың аяғында елімізде мұздық қалмайды дейді мамандар. Форум барысында ғылыми-зерттеу институттарының басшылары баяндама жасады. Жиын нәтижесінде арнайы қарар қабылданып, талқылаулар барысында ұсынылған биоалуантүрлілік мәселелерін шешудің негізгі ұсыныстары, бастамалары мен жолдары көрсетілді.
Дина Имамбай

300 рет
көрсетілді0
пікір