- Мақала
- 02 Шілде, 2025
ҰЛТТЫҚ БИБЛИОГРАФИЯ ЖӘНЕ МІРЖАҚЫП ДУЛАТҰЛЫ

«Қазақ тілінде басылған кітаптар көрсеткішінің» тарихи маңызы
Ертай БІЛӘЛ,
ҚР Ұлттық кітапханасы
Сирек кітаптар мен қолжазбалар бөлімінің қызметкері,
Абай атындағы ҚазҰПУ докторанты
Аңдатпа. Мақала алаш қайраткері М.Дулатұлының 1926 жылы жарық көрген «Қазақ тілінде басылған кітаптар көрсеткіші» еңбегіндегі библиографиялық құрылымды зерттеуге арналған. Мақсаты – М.Дулатұлының «Қазақ тілінде басылған кітаптар көрсеткіші» еңбегінің қазақ кітаптану саласында қандай маңызы бар екендігін анықтау. Ізденіс материалы – «Қазақ тілінде басылған кітаптар көрсеткіші» еңбегінің түпнұсқасы мен қазақ кітабының тарихына байланысты зерттеулер. Тақырыптың өзектілігі «Қазақ тілінде басылған кітаптар көрсеткіші» еңбегіндегі библиографиялық құрылымның өзектілігі мен маңызы толықтай қарастырылмағанында жатыр. Ізденіс мәліметтерін жүйелеу, жіктеу үдерісінде салыстырмалы талдау жүргізу, жинақтау, жүйелеу, бағалау, әдіс-тәсілдері қолданылды. Ізденіс нәтижесінде «Қазақ тілінде басылған кітаптар көрсеткіші» еңбегіндегі библиографиялық құрылым мен библиотәсілдер анықталды, көрсеткіштің қазақ кітаптану саласындағы маңызы дәлелденді.
Эмпирикалық талдаулар нәтижесін ЖОО-да оқытылатын 6B03205 – «Кітапханалық ақпараттық жүйелер» мамандығы бағдарламасының «Кітапхана ісінің тарихы», «Кітапханатану», «Кітапханалық каталог», «Қазақстан және шетелдік библиография», сонымен қатар Міржақыптану саласының әдіснамалық негізі етуге болады.
Кілт сөздер: Міржақып Дулатұлы, кітаптану, библиография, кітаптар көрсеткіші.
Кіріспе. ХХ ғасырдың алғашқы ширегі – қазақ руханияты мен ұлттық сананың дамуында айрықша кезең ретінде ерекшеленеді. Бұл кезең қазақ халқының отарлық бұғаудан арылып, ішкі және сыртқы «тәуелсіздікке» ұмтылуының бастауы болды. Алаш қозғалысының жетекші өкілдері елдің саяси-әлеуметтік, мәдени-ғылыми салаларында елеулі істер атқарып, халық санасындағы ұлттық танымды оятуға күш салды. Аталған кезеңде қазақ баспасөзі кең қанат жайып, «Қазақ», «Айқап», «Сарыарқа», «Абай», «Сана» және т.б. басылымдарда қоғам өмірінің өзекті мәселелері көтерілді. Жазба әдебиетте роман, повесть, драма жанрлары қалыптасып, алаш санаткерлері көркем прозаның негізін салды. Аударма саласы да өркендеп, әлемдік классиканың үздік үлгілері қазақ оқырманына қолжетімді болды. Театр өнерінің дамуына да осы кезеңдегі ағартушылық қызмет пен ұлттық идеялар ықпал етті. Сонымен қатар, усул-жәдидтік бағыттағы жаңа оқу орындары ашылып, заманауи білім беру мазмұнына сай мұғалімдер даярланды. Қазақ зиялылары жаратылыстану, тіл білімі, әдебиет, тарих, математика сияқты түрлі салада оқу құралдарын ана тілінде әзірлеп, ғылым тілі ретіндегі қазақ тілінің әлеуетін арттырды. Нәтижесінде, қазақ ағартушылығының жаңа парадигмасы қалыптасып, ұлттық білім беру жүйесінің негізі қаланды.
Филология ғылымдарының докторы, әдебиетші ғалым Б.Кенжебаев «XX ғасыр басындағы қазақ әдебиеті» еңбегінде: «Қазақ тілінде кітап бастыру ісі бұрынғыға қарағанда XX ғасырдың басында едәуір дами түсті. Егер XIX ғасырда 70-80 жыл бойы 70 шамалы ғана кітап басылса, XX ғасыр басында, 1900-1917 жылдар арасында қазақ тілінде 200 кітап басылды» [1.11] деген мәлімет берсе, библиограф ғалымдар Ү.Субханбердина, С.Есова, Д.Сейфуллина [2], Н.Сәбитов [3], Ә.Жиреншин [4], М.Бөжеев, Д.Қазбекова, К.Бегімбаева [5], Ж.Нүсіпқызы [6], Ж.Шалғынбай, Г.Илиясовалардың [7] еңбектерінде 1879 жыл мен 1922 жылдар аралығында 40-тан аса қазақ тілді оқулықтардың жарық көргені жазылады.
Алаш қайраткері М.Дулатұлының «Қазақ тілінде басылған кітаптар көрсеткіші» еңбегінде: «Төңкерістен бұрын қазақша шыққан кітап аз еді. Енді өмір астананың қазанындай қайнап тұрған төңкеріс дәуірінде. Қазақ даласының ұшы-қиыры жоқ кеңдігі, елінің тараулығы, қатынас жолдарының нашарлығы, қалалы жерлерде қазақтың аздығы, бәрінде бірдей кітап дүкендерінің бола бермеуі бұл күнге шейін қазақша шыққан кітаптардың ел арасына дұрыс тарауына үлкен кедергі болып келді. Оның үстіне елдің көбі қандай кітаптар басылып жатқанын, олардың мазмұнын, бәсін, қайдан аларын, қалай алдырарын біле алмай келді» [8.4], – деп төңкерістен кейінгі қазақ кітаптарының көптеп басылғанын, соның салдарынан біршама еңбектің жүйеленбей жатқанына тоқталады. Бұл жағдай қазақ кітаптарының мазмұны мен таралуы туралы ақпараттың жетіспеушілігіне алып келді.
Бұл тұрғыдан алаш қайраткері М. Дулатұлының 1926 жылы Қызылорда қаласында жарық көрген «Қазақ тілінде басылған кітаптар көрсеткіші» еңбегінің кітаптану саласындағы маңызы зор. Әсіресе, ағартушының библиографтық қызметін саралай отырып, аталмыш еңбектегі библиографиялық құрылымды анықтау зерттеудің мақсаты болып есептелінеді.
Алаш қозғалысының көрнекті өкілі М.Дулатұлының 1927 жылы жарық көрген «Қазақ тілінде басылған кітаптар көрсеткіші» атты еңбегі – қазақ библиографиясы тарихындағы алғашқы жүйелі көрсеткіш ретінде бағалы. Бұл еңбектің авторлығын алғаш анықтап, М.Дулатұлын библиограф ретінде ғылыми айналымға енгізген зерттеуші М.Мамажанов еді. Ғалым 1993 жылы жарық көрген «Асыл мұра: Кітап – дананың қазынасы» атты еңбегінде «Міржақып Дулатұлы – тұңғыш қазақ библиографы» атты мақала жариялап, көрсеткіштің тарихи құндылығын, библиографиялық құрылымын, қамтылған әдеби мұраның танымдық-тағылымдық маңызын терең талдайды [9].
Зерттеуші М.Мамажановқа дейінгі кезеңде аталмыш библиографиялық еңбекке қатысты деректер шектеулі болып, «Жаңа мектеп» журналының қосымшасы ретінде жарық көргені айтылғанымен, оның құрастырушысы ретінде М.Дулатұлының аты атала қоймаған-ды. Бұл – кеңестік идеология шеңберінде алаш қайраткерлерінің ғылыми-шығармашылық мұрасын тасада қалдыру саясатының салдары екені даусыз.
Осы бағыттағы зерттеуді кәсіби библиографиялық тұрғыдан жалғастырған – ҚР Ұлттық кітапханасының ардагер библиографы А.Байбосынова еді. 1998 жылы жарық көрген «Қазақ библиографиясының ардагерлері» атты еңбегінде «Міржақып Дулатов – қазақтың тұңғыш библиографы» атты мақаласын жариялап, көрсеткіштің ішкі құрылымына, мазмұндық ерекшеліктеріне жан-жақты шолу жасайды [10.6]. Оның еңбегі М.Дулатұлы библиографиясының ғылыми тұрғыда жүйеленуіне, әрі тұлғаның тек ағартушылық, әдебиетші, публицистік болмысымен қатар, кәсіби библиографиялық бейнесін де тануға жол ашты.
Ал 1996 жылы белгілі алаштанушы ғалымдар Ғ.Әнес пен А.Мектеп алғаш рет «Қазақ тілінде басылған кітаптар көрсеткіші» библиографиялық еңбегін қазіргі қаріпке түсіріп, «Жұлдыз» журналына жариялайды [11.122-144]. Бұл отандық кітаптану мен библиография тарихы тұрғысынан аса құнды бастама болып саналады.
М.Дулатұлының «Қазақ тілінде басылған кітаптар көрсеткіші» – тек библиографиялық дереккөз ғана емес, ХХ ғасыр басындағы қазақ баспасөзінің, әдебиеті мен ғылымының бағыт-бағдарын танытатын тарихи құжат. Бұл көрсеткішті бүгінгі библиографиялық және деректану ғылымы тұрғысынан қайта зерделеу – ұлттық рухани мұраны толық тану мен бағалаудың маңызды бір тетігі болары сөзсіз.
Зерттеу сұрақтары:
1. Алаш қайраткері Міржақып Дулатұлының «Қазақ тілінде басылған кітаптар көрсеткіші» еңбегіндегі библиографиялық құрылым мен библио-тәсілдер қандай?
2. «Қазақ тілінде басылған кітаптар көрсеткіші» еңбегінің қазақ кітаптану саласында қандай маңызы бар?
Материалдар мен әдістер. Зерттеу мақаласын жазу барысында салыстырмалы талдау жүргізу, жинақтау, жүйелеу, бағалау, пікірлерді қорыту әдістері қолданылды. Дерекнамалық мәлімет жинақтауда жүйелеу, бағалау, пікірлерді қорыту әдістері, ал ғылыми-зерттеу материалдары үшін дереккөз ретінде «Қазақ кітаптарының көрсеткіші» еңбегінің ҚР Ұлттық кітапханасы, Сирек кітаптар мен қолжазбалар бөліміндегі түпнұсқасы пайдаланылды.
«Алаш қайраткері Міржақып Дулатұлының құрастыруымен жарық көрген ҚР Ұлттық кітапханасы, Сирек кітаптар мен қолжазбалар бөлімінде сақталған «Қазақ кітаптарының көрсеткіші» еңбегінің түпнұсқасымен таныссыз ба?» деген сауалға респонденттердің 65,7%-ы (23) «жоқ» деп жауап берсе, 34,3%-ы (12) «иә» деген нәтижені берді.
Сонымен қатар, М.Дулатұлының «Қазақ кітаптарының көрсеткіші» еңбегінің библиографиялық құрылымын зерттеу барысында онлайн сауалнама жүргізілді. Сауалнамаға 35 респондент мамыр-маусым айларында ерікті түрде қатысты. Олардың 60%-ы әл-Фараби атындағы ҚазҰУ, ҚызҰПУ-дың «Кітапхана ісі» мамандығында оқитын студенттер (21), 40%-ы ҚР Ұлттық кітапханасының «Ұлттық библиография» бөлімінің тәжірибелі мамандары (14) болды.
Сауалнамаға «Google Forms» – деректерді жинау, онлайн тестілеуге мүмкіндік беретін онлайн құрал қолданылды. Сұрақтар сипатына қарай 3 бөлімнен, 10 сауалдан тұрды.
Нәтижелер. «Қазақ кітаптану (библиография) саласы бойынша алғашқы библиографиялық еңбек туралы бұрын соңды естідіңіз бе?» деген сауалға респоденттердің 88,6%-ы (31) «жоқ» деп жауап берсе, 11,4%-ы (4) «иә» деген нәтижені берді.
№1. «Міржақып Дулатұлының «Қазақ кітаптарының көрсеткіші» еңбегіндегі алғысөзінде: «Кітаптың қайда, қашан басылғаны, кім шығарғаны, кім аударғаны, көлемі, басы көрсетілді. Баспасөз жүзінде сыналғандары болса, сол сындардың қысқаша қорытындылары да жазылды. Кей кітаптардың қысқаша мазмұны көрсетілді. Бәрінің бірдей мазмұнын баяндауға «көрсеткіш» аса үлкейіп кететін болды. Содан тартындық» деген тұжырымына көзқарасыңыз қандай?» деген сауалға респонденттерден төмендегідей жауаптарды алдық. (Респонденттер №1, 2, 3... нумерациямен шифрланды).
№2. «Төменде берілген Алаш қайраткері Міржақып Дулатұлының «Қазақ кітаптарының көрсеткіші» еңбегіндегі кітаптардың сипаттамасы туралы қандай пікірдесіз?
Кітап сипаттамасы:
«Дулатұлы Міржақып. «Оқу құралы». Бастауыш мектепте екінші жыл оқылатын қирағат кітабы. Орынбор 1924 жыл. 5-ші басылуы. 126 бет. Бәсі 45 тиын».
***
№3. Төменде берілген Алаш қайраткері Міржақып Дулатұлының «Қазақ кітаптарының көрсеткіші» еңбегіндегі журналдың сипаттамасы туралы қандай пікірдесіз?
№4. «Алаш қайраткері Міржақып Дулатұлының «Қазақ кітаптарының көрсеткіші» еңбегіндегі кітаптарға берілген сынға көзқарасыңыз қандай? Библиографиялық еңбекте мұндай сын болуы шарт па? Көрсеткіштің құрылым жүйесіне мұндай сын қалай әсер етеді?»
***
№5. Міржақып Дулатұлының библиографиялық еңбегіндегі библиографиялық құрылымдар туралы бөліскіңіз келетін қосымша пікіріңіз немесе ойыңыз бар ма?
8-кесте.
Көрсеткіште 272 кітаптың 40-ына (14,7%) сын (сипаттама) берілген. Ал сынның басым көпшілігі сол уақыттағы мерзімді әдебиеттерден (19) алынған.
«Қазақ кітаптарының көрсеткіші» еңбегінде берілген сындарды жүйелесек, негізгі критерийлер көбіне кітаптың төмендегі сипаттарына байланысты жазылған:
1. ІШКІ ҚҰРЫЛЫМЫ: аударма сапасы, сөйлем құрылысы, ой жүйелілігі (қазақ танымына сай болуы), тіл түсініктілігі, мазмұндылығы, қызықтылығы, оқытуға қолайлылығы (егер оқулық болса);
2. СЫРТҚЫ ҚҰРЫЛЫМЫ: кітаптың сыртқы сапасы (мұқабасы, суреттерінің тартымдылығы), қолжетімділігі (қайта басылатындығы, таусылғандығы туралы ақпараттың берілуі).
Қорытынды. Зерттеуімізді қорытындылай келе, алаш қайраткері М.Дулатұлының «Қазақ кітаптарының көрсеткіші» кітабының қазақ кітаптану (библиография) саласының қалыптасуындағы алғашқы еңбектердің бірі екендігіне көзіміз жетті. Нәтижелер «Қазақ кітаптарының көрсеткіші» еңбегіндегі библиографиялық мәліметтердің қазіргі кітаптану саласындағы маңызы бар екендігін көрсетеді. Сондықтан да «Қазақ кітаптарының көрсеткіші» еңбегіндегі тұжырымдар мен библиографиялық тәсілдерді қолданудың маңызы жоғары. Десек те, осы орайда бірқатар ұсыныс білдіруге болады.
Біріншіден, зерттеуіміздің нәтижесі көрсеткендей, ағартушының осы еңбегіне алдағы уақытта кешенді библиографиялық талдау қажет;
Екіншіден, «Қазақ кітаптарының көрсеткіші» еңбегіндегі мәліметтерді әлемдік библиография саласының контексінде қарастыру керек;
Үшіншіден, ЖОО-да оқытылатын «Кітапханалық ақпараттық жүйелер» мамандығы бағдарламасының «Кітапхана ісінің тарихы», «Кітапханатану», «Кітапханалық каталог», «Қазақстан және шетелдік библиография» пәндерінің XX ғасырдағы кезеңіне әдіснамалық негіз етуге болады. Өйткені М.Дулатұлының еңбегіндегі библиографиялық тәсілдер мен тұжырымдардың ЖОО-да оқытылуы білім алушылардың салалық тәжірибесін байытуы мүмкін.
ПАЙДАЛАНҒАН
ӘДЕБИЕТТЕР:
1. Кенжебаев Б. XX ғасыр басындағы қазақ әдебиеті. – Алматы: «Мектеп», 1976. – 265 б.
2. Сәбитов Н. Қазақ әдебиетінің библиографиялық көрсеткіші (1862-1917). – Алматы, 1948. – 186 б.
3. Жиреншин Ә. Қазақ кітаптарының тарихынан. Қазақстан. – Алматы, 1971. – 178 б.
4. Есова С., Субханбердина Ү., Сейфуллина Д. Қазақ кітаптары (библ.көрсеткіш 1807-1917). – Алматы, 1986. – 285 б.
5. Бөжеев М., Қазбекова Д., Бегімбаева К. Революцияға дейінігі қазақ тілінде шыққан әдеби кітаптар. – Алматы, 1978. – 170 б.
6. Кәрі Ж.Н. Жиынтық каталог (1806-1917). – Алматы: ҚР Ұлттық кітапханасы, 1998. – 177 б.
7. Шалгынбай Ж., Ильясова Г. Казахская книга в собрании библиотек, архивов и музеев Казахстана и России (XIX начало XX вв): историко-источниковедческие исследования. – Алматы: 2014. – 398 с.
8. Қазақ тілінде басылған кітаптар көрсеткіші. – Қызылорда: «Қазақстан мемлекет баспасы», 1926. – 112 б.
9. Мамажанов М. Міржақып Дулатұлы – тұңғыш қазақ библиографы //Асыл мұра: Кітап дананың қазынасы. – Алматы: «Қазақстан», 1993. – 81-89 б.
10. Байбосынова А. Міржақып Дулатов – қазақтың тұңғыш библиографы. Қазақстан библиографиясының қайраткерлері. – Алматы, 1998. – 6-11 б.
11. Қазақ тілінде басылған кітаптардың көрсеткіші. Дайынд: Ғ.Әнес, А.Мектеп //Жұлдыз. – 1996. №4. – 122-144 б.

411 рет
көрсетілді0
пікір