- Мақала
- 02 Шілде, 2025
АДАМДЫҚ ЫСТЫҚ ЖҮРЕКПЕН

Дидахмет Әшімханұлының публицистикасы хақында
Көрнекті қаламгер, публицист әрі баспагер, «Алаш» халықаралық әдеби сыйлығының иегері Дидахмет Әшімханұлының туғанына биыл 75 жыл толды. Жазушы ұлт әдебиетіне сүбелі үлес қосуымен қатар, баспасөзде ұзақ жылдар бойы белсенді қызмет етіп, соңында мол мұра қалдырды. Журналистік шеберлігі мен көсемсөз саласындағы белсенділігі ұштасқан қаламгердің азаматтық ұстанымынан туған бұл дүниелердің құны уақыт өткен сайын артып отыр.
Қаламгер мерейтойына орай қырық жылға жуық уақыт аралығында газет-журналдарда жарияланған мақалалары мен сұхбаттары жинақталып, «Дидахмет Әшімханұлы. Публицистикалық шығармалары» атты екі томдық кітап жарық көрді. Ұлтымыздың тілі, ділі, жері мен салт-дәстүрін қызғыштай қорып, баспасөз бетінде әлеуметтік, ұлттық, философиялық мәселе көтерген, оқырманға ой салған бұл құнды шығармалар қазақ қоғамының қырық жылдық мерзімдегі шежіресі іспетті.
Әдебиетімізде соқталы із қалдырған ақын-жазушыларымыздың көпшілігі баспасөзде қызмет еткені белгілі. Дидахмет Әшімханұлы да облыстан бастап республикалық басылымдарда еңбек етіп, журналистік-публицистік қырымен де елге танылды. Шығыс Қазақстан облысы Катонқарағай ауданындағы Жаңаүлгі ауылында 1950 жылы дүниеге келген қаламгер 1968 жылы Шыңғыстай орта мектебін бітіреді. Кеңес армиясы қатарында әскери борышын өтеп келген соң бірер жыл құрылыста жұмыс істеп, Қазақ мемлекеттік университетінің журналистика факультетіне оқуға түседі (1972-1978 жж.). 1975-1976 жылдары Шығыс Қазақстан облыстық «Коммунизм туы» газетінде журналистік қызметін бастаған жазушы бұдан кейін республикалық «Лениншіл жас» (1978 ж.) және «Қазақстан пионері» (1978-1980 жж.) газеттерінде тілші болды. Публицистің өміріндегі ең маңызды кезеңдердің бірі – «Қазақ әдебиеті» (1980-1992 жж.) газетінде бөлім меңгерушісі болып істеген тұсы. Бұл жазушы және әйгілі редактор, қазақ көсемсөзінің қолбасшысы, қоғам және мемлекет қайраткері Шерхан Мұртаза бас редакторлық еткен кезең. Бұдан кейін Дидахмет Әшімханұлы «Заман-Қазақстан» (1992-1993 жж.) газетінде бас редактордың орынбасары болса, 1993 жылдан 2015 жылға дейін тапжылмай халықаралық «Түркістан» газетінде бас редактордың бірінші орынбасары қызметін атқарды. «Дидахмет Әшімханұлы. Публицистикалық шығармалары» атты жаңа қос томдыққа осы екі басылымда – «Қазақ әдебиеті» және халықаралық «Түркістан» газеттерінде жазған дүниелері енгізілді.
Қаламгер осы басылымдар бетіндегі әрбір мақаласы мен сұхбатында ұлт мәселесін тереңнен қаузай отырып, қоғам мен мемлекеттің әр саласындағы өзекті тақырыпты арқау етеді. Жинақтың «Әп-бәрекелді, Әшімханұлы!» деп аталатын алғысөзін Абай атындағы мемлекеттік сыйлықтың иегері, филология ғылымдарының докторы, профессор Құлбек Ергөбек жазды. Қаламын қасиет тұтқан жазушының көркем публицистикасы жайында кеңінен толғанған ғалым: «1980 жылдары бір шоғыр дарынды жас қаламын қанжардай жалақтатып баспасөзге – «Қазақ әдебиетіне» келген. Басылымның ыстық-суығын бір кісідей көріп, ой-идея, сөйлеу қуаты, күш-жігерін аямай, қалтқысыз жұмсап қызмет еткен әлгі журналистердің өздері де шыңдалған, рухани өсіп-толысқан. Солардың бірі, бәлкім, бірегейі санатынан табылған азамат – жаны сергек, дарыны ұшқыр, қаламы үшкір журналист Дидахмет Әшімханұлы! Жайсаң жанды Дидахмет достың тамаша жазушы ғана емес, от пен өрттің арасында қанатын күйік шалғанына қарамай, ұлт мүддесі үшін өлуге бар бейілмен қоғамның теріс үдерісін оңға бұру үшін жанын салған жалынды журналист болғанын осы газеттегі қызметінен көріп, білгенбіз. Шерханның ұстахана көрігінде әбден шыңдалған Дидахмет Әшімханұлының араға жылдар салып «Түркістан» газетінде журналистика жалына жармасып еңбек еткені тағы бір жаңа белең. Екі газет. «Қазақ әдебиеті» және «Түркістан». Бірінде алдаспан басшы – Шерхан Мұртаза, екіншісінде айлакер абадан – Қалтай Мұхамеджанұлы. Екеуі қазақ журналистикасында екі мектеп. Дидахмет досты журналистика көрігінде пісірген, шыңдаған – екі газет, екі газетті де абырой биігіне көтерген, көппен бірге көтеріскен – Дидахмет» деп жазады.
Филолог ғалымның бұл сөзін Дидахмет Әшімханұлы кейініректе өзі берген сұхбаттарында: «Мен осы газетте жұмыс істеген он жылда екі гуманитарлық университет бітіргендеймін. Журналистиканың теориясы мен тәжірибесін де осыннан алдым. Үлкен әдеби орта көрдім, Әлкей Марғұлан, Ғабит Мүсірепов, тағы да басқа небір алыптардың алдынан өттім, талайдың алғысын да алған шығармын», – деп айшықтап айтып өтеді. Осындай үлкен мектеп көрген қаламгер-публицистің өзі де бір мектепке айналды десек артық айтпаған болар едік.
Жалпы публицистикалық мәтін – өзіндік ақпараттық өнім, ол БАҚ арналарында таралады және өзіне тән ерекшелігі бар. Публицистикалық туындылар қоғамдағы өзекті де ауқымды проблемаларды қарастырып, нақты фактілерге негізделеді. Бұл дүниелерден әрдайым авторлық позиция айқын аңғарылып тұрады. Болып жатқан жағдайларға сын көзімен қарап, кемшілікті түзеткенде дамуға даңғыл жол ашылады. Сондықтан сапалы публицистика қашан да қоғамның азаматтық ұстанымының көрсеткіші болып саналады. Бұл сала қалам мен қағаз алдындағы жауапкершілікті, азаматтық берік ұстанымды, автор ойының тәуелсіздігін талап етеді.
Публицистика идеологиялық және пропагандалық әсер етудің мықты құралы екені белгілі. Оны заман шежіресі деп те атайды, ол ағымдағы тарихты сипаттайды, қоғамның күйіп тұрған проблемаларын қозғайды. Сондықтан да публицистика қоғамдық сананы қалыптастырудың маңызды тетігі ретінде өзекті жанр болып қала береді. Әлбетте, уақыт ағымына сай журналистикаға қойылатын талаптар өзгеріп жатыр. Әйтсе де сарғайған газет-журналдарда қазақ публицистерінің бірнеше буыны қалдырған құнды мұра өткен уақыттың шежіресі ретінде де, көсемсөздің үздік үлгісі ретінде де маңызын еш жоймайтыны анық. Бұл мұраның ішінде жазушы-журналист Дидахмет Әшімханұлының үлесі де қомақты.
Д.Әшімханұлы қаламынан туған публицистік жарияланымдардың тақырыптық ауқымы кең: саясат, идеология, ұлттық болмыс пен бірегейлік, тарих, мәдениет, білім, т.б. Ол көбінесе сараптама жанрына бейім, тақырыпты тереңнен талдап ашады. Автор оқиғаға өз көзқарасын да жасырмайды, сол үшін де мәтін эмоциялық реңк алады. Сонысымен де оқырманды өзіне иландырып, баурап әкетеді. Қос томдыққа енгізілген материалдар журналистиканың очерк, мақала, сұхбат, рецензия, журналистік зерттеу, сараптама секілді түрлі жанрларында жазылған. Автор өзі көтерген мәселеге орай жанрды шебер таңдай біледі, тақырыпты жан-жақты қамтып, мәніне бойлайды, түйінді тұжырым жасайды. Өз сөзімен айтсақ, «көргенін жаза білумен қатар, көкірекке түйгенін өзінше айта біледі». Осы ретте Дидахмет Әшімханұлы публицистикасының жинақталып, баспаға әзірленуі жөнінде де айта кету ләзім. Көркем шығармалары қандай мінсіз болса, өмірде де сондай ұқыпты болған жазушы газеттерге шыққан мақалаларын арнайы папкілерге жинап жүрген екен. Бұл папкілерде 1970-80 жылдардағы сарғайған һәм тарихқа айналған парақтардан бастап, 2014 жылға дейінгі газет-журнал беттері мұқият жинаулы. Жетпіс бес жылдық мерейтойға орай публицистика жинағын шығару – қаламгердің ұлы Дәулет Әшімханның идеясы, өз бастамасы. Екі томдық жинақты бастан-аяқ әзірлеп, құрастырған – осы жолдардың авторы. Кітаптардың басылуына Шығыс Қазақстан облысының әкімдігі және жазушының ұлы қолдау көрсетті.
Дидахмет Әшімханұлы публицистикасының алтын арқауы, басты өзегі – жер, тіл мен діл, сан мен сапа, ұлттық салт-дәстүр. Бүкіл мақала-сұхбаттар осы төрт тақырып төңірегінде өрбиді. Жазушы ұлттық мүддені әдебиетте қалай түгендесе, баспасөзде де дәл сол ұстанымынан айнымайды. Сондықтан да әр кезеңде күйіп тұрған мәселелерді түп-тамырынан тарта қозғап, болашақтағы салдарынан сақтандырады, елдіктің іргесін бүгіннен бүтіндеуді мұрат тұтады. 2000 жылы 16 маусымда «Қазақ әдебиеті» газетінде «Ақ қағаз – қасиетті дүние» атты тақырыппен берілген сұхбатында айтылғандай: «Ұлтты ұлт ретінде ұстап тұратын төрт қазық бар: тілі, жері, саны, салт-дәстүрі. Бұлар қай ұлтқа болмасын аса қымбат та қастерлі дүние. Дегенмен... қазақ үшін жөні тіптен бөлек. Неге екені белгілі. Ал осы төрт қасиетіміздің қай-қайсысына болмасын, басқа кезеңді былай қойғанда, соңғы ширек ғасырда ғана қаншама рет қауіп төнгенін ұлтым деген ұрпақтың бәрі біледі. Сондай сын сағаттарда кез келген арлы азамат үнсіз, қимылсыз қалуға тиіс емес-ті. Біз де үнсіз қала алмадық». Иә, қоғамдағы маңызды мәселелерде үнсіз қалмау – бұл ұстаным оның бүкіл публицистикасының өн бойынан аңғарылып тұр.
Жалпы Дидахмет Әшімханұлы публицистикасын екі кезеңге бөліп қарастыруға болады, олар: қатаң цензура қыспағындағы кеңестік баспасөздегі қызметі және тәуелсіздік кезеңі. Кеңес кезіндегі журналистік қызметі жинақта негізінен «Қазақ әдебиеті» газетіндегі материалдар түрінде қамтылды. Бұл 1976 жылы жазған «Қарыздармыз» атты мақаладан 1991 жылы 25 қазанда жазған «Саны аз халықтың саналы азаматтарына» атты мақала-манифесіне дейінгі дүниелер. Бұл қазақ елінің тәуелсіздігі жариялануы қарсаңында және ұлтымыз үшін тарихи-саяси маңызды құжат – Қазақ КСР-нің Мемлекеттік егемендігі туралы декларация қабылданған күнге орай жарияланған мақала.
Қаламгердің 1970 жылдары жазған мақалаларының басты нысаны – адам, қарапайым қоғам мүшесі. Автор еңбек адамының келбетін оның кәсібі, арман-мақсаты арқылы бере отырып, қоғам тынысын көрсетеді. Ол мұғалім Мәкен апай, металлург Сибағатолла, автобус жүргізушісі Бейсен, қатардағы сарбаз Әлімжанов, хирург Бимағамбет және тағысын-тағы кейіпкерлер. Автор олардың барлығын күнделікті еңбек үдерісінде сипаттай отырып, жеткен жетістіктерін адами қасиетке әкеп тірейді. Әңгіме іспетті оқылатын бұл дүниелерден адамға деген құрмет сезімі мен жылылық есіп тұрады.
Дидахмет Әшімханұлының аталған газетте 1980 жылы 11 шілдеде жарияланған «Балықтар қалай қырылады» деген мақаласы – нағыз журналистік зерттеудің үлгісі. Мақаланың жазылуына оқырман хаты түрткі болады. Ол хатта Кеген ауданындағы Қарасу өзеніне мал дәрілейтін креолин төгіліп ластанып жатқаны, одан балықтар қырылғаны айтылады. Табиғат десе бейжай қарай алмайтын қаламгер Алматы–Кеген автобусына отырып, «Қызыл ту» ауылына бет түзейді. Ертесі аудан орталығынан екі жарым шақырымдай жердегі қой тоғыту пунктіне жаяу жетіп, Қарасуда балықтың бар-жоғын тексереді. Содан соң қой дәрілейтін креолиннің қайдан шығып жатқанын іздейді. Сонымен химиялық заттың суға төгілетіні, одан балықтар қырылатыны рас болып шығады. Ауылдың мал дәрігерімен сөйлеседі, «бір маусымда совхоздың 80 мың қойы креолинге түссе, олар түсетін ваннадағы лас су Қарасуға құйылса, одан кесек балық күту де қиын ғой» дейді автор. Туған табиғатты аямаудың салдарын ойлап, Кегеннен келген соң астанадағы «Казахрыбвод» басқармасына барады, маманмен тілдеседі. Ол берген деректерді тізбелеп келтіреді. «Шығыс Қазақстан облысындағы «Күршім» совхозы орналасқан төңіректегі Бұқтырма су қоймасында бір күнде 200 мың өлі балық жағаға шығып қалыпты. Ақтөбе химия заводының насос станциясы жұмыс істемей қалу салдарынан мыңдаған балық қырылған. Олардың барлығы амин тұзы мен метафостан уланған» дей келе, автор бұның бәрі айналып келгенде басшылардың қырсыздығынан екенін айтады.
Табиғатты қорғау Дидахмет Әшімханұлының басқа да мақала-сұхбаттарында тасада қалмайды. Мейлі ол бесжылдықтар жоспары, өндіріс туралы жазсын, сұхбаттасының құзыреті шеңберінде қоршаған орта жайын қозғап өтеді. «Табиғатқа зиян келтіру қылмыспен бірдей. Қылмыс дейтін себебіміз: жаңағыдай шаруашылықтың табиғатқа келтірген зияны – адамдарға істелген зияндық, ол – келер ұрпақтардың игілігіне қол сұққандық... Және бір айта кететін нәрсе, табиғат қорғау іcі нұсқау берумен, немесе міндет жүктеумен ғана жүзеге аспайды, адамдардың жоғары саналылығын да қажет етеді» дейді қаламгер. Бұл қазір біз айтып жүрген экологиялық сана мен экомәдениет қой.
Уақыт сарғайтқан газеттерді оқып отырып, Дидахмет Әшімханұлы баспасөзде ұлттық мәдениет, өнер, тарих тақырыбын қаузауы 1980 жылдардың басындағы мақала-сұхбаттарынан басталғанын көреміз. Бұл баспасөздің беделді, қаламның қауқарлы кезі еді. Журналистердің сөзін еститін орындар бар еді. Қаламгер компартияның дәуірлеп тұрған кезінде партия белгілеп берген тақырыптар шеңберінде-ақ ұлтқа қатысты мәселелерді сыналай кіргізіп, астарлап меңзеп отырады. Бұл да қаламгердің ұлтына адалдығы мен журналистік шеберлігі. Соның бір айқын көрінісі – табиғат қорғау мәселесі бойынша Талдықорған облысына барған сапарында өзіне ой салған бір жайт туралы жеке мақала жазуы. Осы сапарда көрген бір отбасындағы жағдай, кішкентай баланың қылығы, жас әке айтқан әңгіме ойын он саққа бөледі, сөйтіп жеке отбасының тағдыры негізінде ұлттық отбасы институтының іргесі бүліне бастағаны туралы түйін жасайды. «Қазақ халқының бір жылдағы орташа өсімі 1959-1970 жылдары 4,6 процент болса, 1970-1979 жылдары 2,6 процентке дейін төмендеді. Өсімнің кемуі, әсіресе, солтүстік облыстарымызда көбірек көрініп отыр. Айталық, 1970-1979 жылдары Шымкент облысындағы қазақтар өсімі 31,3 процент те, Қостанай облысында небәрі 13,5-ақ процент» деп, автор мемлекеттік демография саясатының маңызды мәселесін қозғап өтеді. Жалпы ұлттың саны мен сапасы Д.Әшімханұлының көптеген мақала-сұхбаттарына арқау болған. Сондай-ақ, «Студент болдық, семья құрдық» және басқа мақалаларында жас отбасылардың баспанасыздығы, үйсіздіктің салдары, жалғыз баламен шектелу, балабақша жетіспеушілігі секілді әлеуметтік мәселелерді ұлт келешегімен байланыстыра отырып өрбітеді. Ол жаһандану толқыны әкелген тұтынушылық мәдениет жолындағының бәрін жалмап бара жатқанын, ұлттық салт-дәстүрден айырылудың қауіп-қатерін сезгендіктен, ертерек дабыл қағады. Ертерек демекші, 1990 жылдары сырттан неше түрлі діни ағымдар қаулап келгенде Дидахмет Әшімханұлы алғашқылардың бірі болып оларға тосқауыл қоюға шақырған еді. «Ұлттығымыздың кепілі тек дін болмаса керек» деген тақырыппен («Қазақ әдебиеті». 18 ақпан, 1997 ж.) белгілі журналист Әмірхан Меңдекеге жазған ашық хатында «Ұлттығымыздың кепілі – дінмен қатар атакәсібіміз, салт-дәстүріміз, тіліміз және демографиялық ахуалымыз. Сапа саннан шығады» дей келе, шеттен келген теріс ағымдарға тыйым болмаса, соңында елді жік-жікке бөлетінін жаны ауыра жазады. Бұл тақырыпқа автор 2000 жылдары бірнеше рет оралған. Бас мүфти Әбсаттар Дербісәліге жазған хатында да теріс ағымдар жайын қозғайды.
Дидахмет Әшімханұлы әдебиетте Алтайды қалай жырласа, баспасөзде де туған жерін жадынан бір шығармайды. Екі бөлімнен тұратын, 1982 жылы жазылған «Алтай аңғарларында» атты очеркінде «Катонқарағай» совхозының жылқышысы Солтанбек Әбеков пен тракторшы Балтабайдың өмірі, тыныс-тіршілігі арқылы елден хабар береді. Қазіргі тілмен айтқанда – сторителлинг әдісі. Қаламгердің айналада болып жатқан әрбір іс-әрекеттің астарынан ертеңгі салдарын болжайтын дағдысы оқырманды ойландырмай қоймайды. Мәселен ол осы мақалада: «...Қазір таңертең ауылдан аттанған трактор түн жарымда «жер түбіндегі» Түйіскеннің төрінен бір-ақ шығатын көрінеді. Бұған малшылар өте қуанышты. Бірақ бүгін шынжыр табан жеткен жерге ертеңгі күні кім көрінгеннің қолы жетіп, мына сыңсыған ну орманды шетінен қия бастамасына кім кепіл? Қисын, пайдалансын делік (бәрі де халықтың игілігі үшін), бірақ, анау Тарбағатай жайлауы сияқты біраз жылдың ішінде жұлған тырнадай жұлым-жұлым етпесе болды да» деп алаңдайды. Жазушының 75 жылдық мерейтойы өткен Катонқарағайға сапар кезінде ауданда әуежай салынып жатқанын көрген біз де еріксіз «Алтайдың тұмса табиғатына нұқсан келмесе болды-ау» деген ой келгенін жасырмаймыз. Әйтсе де қаламгер жазып кеткендей, «Алтайды саялай білген жұрт аялай да білетін болар». «Мен экономика, спорт және махаббат тақырыбын жазған жоқпын, жазбаймын да» деп Дидахмет Әшімханұлының өзі айтқандай, ол баспасөздегі қызметінде әлеумет, идеология, білім мен ғылым, мәдениет, салт-дәстүр тақырыптарын жан-жақты қамтып, кеңінен ашып жазды. Әсіресе ол ұлт сапасының тетігі мектепте екенін жетік білді, терең қаузады. Өзі «Тасқала» атаған Өскемендегі мектептердің мәселесі, жас ұрпақ тәрбиесі мен ана тілінде білім беру жөнінде сұхбаттар ұйымдастырады. Республикалық газет тілшісі ретінде Қазақ КСР Оқу министрі Шайсұлтан Шаяхметовпен, министрдің орынбасары Әуезхан Қанафинмен әңгімелерінде жалпы білім саласы туралы айта отырып, мектептердегі қазақ тілі мен әдебиеті пәндері, оқулықтар жөнінде мәселе көтереді. Бұл қазақ тілінің қолданысы кеміп, аясы мейлінше тарылған уақыт. Осы сұхбатта автор қазақ әдебиеті оқулықтарын қайта қарап жетілдіру, әдебиетіміздің орта буын өкілдерінің таңдаулы шығармаларын оқулыққа, хрестоматияға кіргізу қажеттігін алға тартады. Осы жағдайларға байланысты атқарылып жатқан істер жөнінде сұрақ қояды. Сұхбатта: «...бір жерде ұлт мектебі жабылып қалды десе де ең алдымен ата-ананы кінәлау керек. Амал не, кейбір азаматтар осы жауапкершілікті сезінудің орнына мектепті кінәлауға әзір тұрады» деген сөздер бар. Өкінішке қарай, 1984 жылы көтерілген мәселе әлі күнге дейін өзекті.
Қазір Алматыда Ыбырай Алтынсарин атындағы көшені білмейтін тұрғын жоқ. Әуезов ауданындағы осы көшенің атақты ағартушы есімін иеленуіне Дидахмет Әшімханұлының үлес қосқанын көпшілік біле бермейді. Бұл жайында «Қазақ әдебиеті» газетінің 1984 жылы 23 қарашада шыққан санында «Алтынсарин көшесі. Ұзындығы – 100 метр» атты мақаласынан білеміз. Журналист оқырман хатының ізімен жүріп отырып, ағартушы атындағы көшенің халіне Алматы қалалық атқару комитетінің назарын аудартады. Көшедегі көрінген көк аттыдан сұрай-сұрай, Ленин ауданында, Филатов және Успенский көшелері аралығында орналасқанын анықтайды. Бұл бас-аяғы үш үйден тұратын 100 метрлік көше екен. «Әркім өзіне шақ киім киеді, Ыбырай Алтынсарин атамызға да өзіне лайық шапан жапсақ» деп аяқтайды журналист мақаланы.
Мемлекеттік тіл мәселесі, ана тіліміздің тағдыры – Дидахмет Әшімханұлының жазушы, қоғам қайраткері, зиялы тұлға ретінде үздіксіз көтерген тақырыбы. Тек мәселе көтеріп қана қоймай, ана тіліміздің қолданысын кеңейтуге ғұмыр бойы атсалысты, сөзден іске көшудің, нәтиженің үлгісін көрсетті. Кеңес өкіметі кезінде «Тың игеру мен тіл игеру», «Қозғалыс бар, қарқын жоқ» деп, ана тіліміздің аясы шектелуін сынады. Қазақ мектебінің саны мен сапасын арттыру арқылы тіл мәселесі шешілетінін жазды. Қос томдықта бұл тақырыптағы мақалалар көптеп табылады.
Ана тілін айрықша қадірлеп өткен, сөз зергері ретінде көркем мәтін жазудың танымал шебері болған Д.Әшімханұлы тәуелсіздік таңы атқанда мемлекеттік тіл мәселесіне жаңа қарқынмен кірісті. Бұл жаңадан ашылған «Түркістан» халықаралық апталық газетіне қызметке келген тұсы еді. Ол қазақ әдебиеті мен баспасөзінің қаранарларының бірі, жазушы-драматург Қалтай Мұхамеджанов басқарған басылымда өмірінің соңына дейін қызмет етті. «Төрткіл дүниеге танытқан төрт жыл» атты мақаласында (1996 жыл, 12 маусым) тәуелсіздіктің алғашқы бес жылына шолу жасай келе, «Қазақстанда қазақ тілін шын мәніндегі мемлекеттік тіл дәрежесіне көтермей өз мәніндегі ұлттық мемлекетке жету қиын. Ол көп жағдайда басқару органдарында отырған адамдардың қабілет-қарымымен қатар ниет-пиғылына, ұлттық мүддеге адалдығына, патриоттық іс-қимылына байланысты. Біздіңше, ұлттық мемлекетке сай билік буындарында жалпы халықтық мүдделермен қоса, ұлттық мұраттарды шешуге қабілетті нағыз өрелі элита болуға тиісті» деп түйіндейді.
Қаламгер көксегендей, ұлттық мемлекет болудың тағы бір алғышарты – өз территорияң, өз жеріңді көздің қарашығындай қорғау. Жер тұтастығы – Дидахмет Әшімханұлының бүкіл шығармашылығының өзегі. Бұл тақырып баспасөзде де барынша қамтылды. «Жерің – жүрегің» атты мақаласында («Түркістан». 19 тамыз, 1998 ж.) «Жердің шеті бір сөгілмесін! Бір сөгілсе – жібек жіптей ыдырай беруі оңай ғой. Сонда ол қалай сөгіледі? Бұған Алтай жері айқын мысал» деп, Шығыс Қазақстандағы ең сулы да нулы аудан тарихындағы зорлық-зобалаңнан сыр шертеді. Жалпы жазушының туған жері туралы жазған әрбір дүниесінен мұң сезіледі. Бұл қасиетті Алтайдың әрбір тасы мен әр уыс топырағын сүйген перзентінің әуелден келе жатқан жан жарасы.
«Науа дегенді ұмытыңыз» дейді. Қалай ұмытам? Науа – менің бүкіл балдәурен балалық шағым өткен жер еді. Менің ғана емес, ол – әкемнің әкесі, оның бабасы төсінде ат ойнатып, төскейінде мал шұбыртқан жердің төрі, жайлаудың төресі еді. …1990 жылға дейін, елге келген сайын алдымен ат басын бұратын нысаналы биігім де сол Науа болатын. Мен енді оған бара алмаймын. Көріп тұрып... жете алмаймын. Жүрегім қолқа тамырымен қоса суырылып түскендей. Мен өзім – осында, жүрегім сонда қалғандай... Бабалардың: «Жерің – жүрегің, халқың – тірегің» дегені рас екен ғой» деп күйзеледі автор. Қаламгер осылайша туған жеріміздің әрбір сүйемін өз жүрегіміздей сақтап, қастерлеуге үндейді. Әлемде геосаяси тартыстар үдеп, табиғи ресурстар үшін ғаламат күрес жүріп жатқан қазіргі кезде де жер мәселесі күн тәртібінде тұра бермек.
Д.Әшімханұлы публицистикасының бір саласын идеология, ұлттық тарих пен мәдениет туралы мақала-сұхбаттар сериясы құрайды. Автор қай тақырыпты қаузаса да үлкен дайындықпен келеді, тереңнен тартып, мағыналы әңгіме өрбітеді. Сұхбаттасымен тең дәрежеде әңгіме-дүкен құрып, тақырыптың ашылмаған қырын қалдырмайды. Әр материалдың соңын ойлы тұжырыммен, мәселенің шешімін ұсынумен аяқтайды. Қаламгер 2010 жылдары «Түркістан» газеті редакциясында белгілі ғалымдармен, жазушылармен сұхбаттар, дөңгелек үстелдер ұйымдастырып, қоғам мен ұлттың аса өзекті мәселелерін сөз етті. «Біз ұлт болып қалыптастық па?», «Біз «қазақ ұлты» дегенді қалай түсінеміз?», «Ұлт мерекесі ар-ұятты сынға салады», «Мәдени мұра бізге не берді?», «Кремльдің көксегені не?» – тақырыбы айтып тұрғандай, бұл сұхбаттардың барлығы ұлт-мемлекет деңгейіндегі маңызды мәселелер төңірегінде өрбіді. Д.Әшімханұлы осы бағытта «Сiз не дейсiз?» атты авторлық бағдарлама ашып, сұхбаттастарымен ашық пікір алмасты. Белгілі саясаткер, республикалық «Ұлт тағдыры» қозғалысының төрағасы Дос Көшім, тарих ғылымдарының докторлары Талас Омарбеков, Ахмет Тоқтабай, тарихшы Бейбіт Қойшыбай, жазушы-драматург Дулат Исабеков, ақын-журналист Аманхан Әлімұлы, филолог Ақжігіт Әлібеков, т.б. қатысқан бұл сұхбаттар мемлекеттілігіміз бен ұлттық құндылықтарымыз, елдің бүгіні мен келешегін бекемдеу мақсатынан туған және қазір де маңызын жоймаған дүниелер. Жауынгер жанр – көсемсөзді пайдаланып, ел-жердің, мемлекеттің мүддесі үшін қалам шайқасына түскен азаматтардың дуалы ауызынан шыққан әр сөздің бәсі жоғары, мәні өміршең. Екі томдық жинақтан айқын көрініп тұрғандай, Дидахмет Әшімханұлы журналистикадағы алғашқы қадамынан-ақ халықтың сөзін сөйледі, бұл ұстаным ғұмыр бойғы публицистік шығармаларының негізгі өзегіне айналды. Бір сұхбатында айтып өткеніндей, өзінің көркем әдеби туындыларында көпшілікке айта алмайтын нәрселерін, пікірлерін ол кәдуілгі журналист ретінде баспасөз бетінде бере білді. Сонысымен де ол елдің құрметіне бөленді, абыройлы ғұмыр кешті.
Ол әрдайым оқырманмен тіл қатысады, ой бөліседі, пікір айтуға шақырады, мақала-сұхбаттарында осындай элементтер басым. Арасында риторикалық сұрақтар қойып, ойландырады, ой туғызады. Ол оқырманымен әңгімелесе отырып, өз пікірін таңбай-ақ мойындатады.
Иә, Д.Әшімханұлы публицистикасының алтын арқауы – мемлекет, ұлт тағдырын көктей өтетін тақырыптар. Ол нағыз қазақ, өз ұлтын шексіз сүйетін халықтың ұлы бола отырып, ел болашағына алаңдайды. Қоғамда болып жатқан оқиғалар мен құбылыстарды сырттан бақылап үнсіз отырмайды, ішіне кіріп кетіп араласып, жіктеп, талдап, астарын ашып көрсетеді. Деректер, цифрлар, көрсеткіштер – публицист қаламының ұшында сайрап қоя береді. Бұның бәрі Дидахмет-жазушы сияқты Дидахмет-публицист те ұлтына жан-тәнімен қызмет еткен мемлекетшіл, отаншыл азамат екенінің дәлелі. Қос томдыққа енген 130-дан аса мақала-сұхбат тек өзекті тақырыптарға құрылған. Автор ешқашан әншейін әңгіме айтпайды. Әрбір публицистикалық туындысында ол адамдар мен ел тағдырына алаңдайды. Халқымыздың төлтума ұлттық болмысы сақталуын, салт-дәстүрі ұрпақтан-ұрпаққа жалғасуын армандайды. Ол қоғамның, құзыретті орындардың олқылығын көріп тұрып айтпай тұра алмайды. Қанша нарықтық қатынас десек те, адамның адам болып қалуын көксейді. Осы тұрғыдан алғанда ол журналист, қоғам қайраткері, зиялы тұлға ретінде ел алдындағы парызын бір кісідей орындаған адам.
Дидахмет Әшімханұлы жазған дүниелер әлі де өзектілігін жоғалтқан жоқ. Ол журналистің тек ақпарат жеткізуші емес, фактілер мен құбылыстарды түсіндіруші, жіліктеп талдаушы, сараптамашы болуы керектігін көрсете білді. Қырық жылдай баспасөздегі қызметінде айшықты қолтаңбасын қалыптастырды. Ал Дидахмет ағамыздың журналистикадағы ұстаздық қыры бөлек тақырып.
Ұлтына тек жақсылық тілеп өткен, осы жолда аянбай қызмет еткен Дидахмет Әшімханұлының публицистикалық мұрасы мәңгі өміршең көркем шығармаларымен қатар жасай береді. «Дидахмет Әшімханұлы. Публицистикалық шығармалары» атты қос томдыққа енген туындылар журналистика мамандығында оқитын студенттер мен магистранттар, докторанттар үшін алда талай ізденіске арқау болары сөзсіз. Сөз қадірін білетін көзіқарақты оқырманның да бұл жинақтан алары мол.
Дина ИМАМБАЙ,
«Aqiqat»

196 рет
көрсетілді0
пікір