- Мақала
- 02 Шілде, 2025
«Жұмсақ күш» концепциясы

Бұл орайда Түркия Республикасының тәжірибесі қандай?
Аңдатпа. Мақалада ХХІ ғасырдағы халықаралық қатынастар жүйесінде ерекше мәнге ие болған «жұмсақ күш» (soft power) концепциясының теориялық негіздері мен оны жүзеге асырудағы Түркия Республикасының тәжірибесі қарастырылады. Зерттеу жұмысының негізгі өзегі – Түркияның неоосманизм идеологиясы шеңберіндегі сыртқы саясаты және осы саясат аясында жұмсақ күш құралдарын қолдану арқылы аймақтық және жаһандық деңгейдегі ықпалын арттыру үдерісі. Сондай-ақ, мақалада Ахмет Давутоғлұның «Стратегиялық тереңдік» тұжырымдамасы теориялық негіз ретінде алынған. Түркияның тарихи және өркениеттік мұрасына сүйене отырып жүргізіп отырған көпвекторлы сыртқы саясаты мен мәдени-дипломатиялық стратегиялары талданады.
Сонымен қатар, Түркияның негізгі жұмсақ күш құралдарына – TİKA (Түркия ынтымақтастық және үйлестіру агенттігі), Yunus Emre институты, Maarif Foundation және TRT World, Anadolu Agency сияқты бұқаралық ақпарат құралдарының қызметі мен ықпалына ерекше назар аударылады. Зерттеу барысында Түркияның мәдени дипломатиясы, білім беру бағдарламалары және гуманитарлық жобалары арқылы аймақтық көшбасшылыққа ұмтылуының тиімділігі мен шектеулері жүйелі түрде сарапталады. Мақалада жүйелік, салыстырмалы және геосаяси талдау әдістері қолданыла отырып, Түркияның жұмсақ күш стратегиясының халықаралық қатынастардағы орны мен рөлі бағаланады.
Кілт сөздер: Түркияның сыртқы саясаты, жұмсақ күш, неоосманизм, Ахмет Давутоғлұ, Стратегиялық тереңдік, мәдени дипломатия, TİKA, Yunus Emre институты, Maarif Foundation, халықаралық қатынастар, аймақтық ықпал.
Кіріспе. XXI ғасырда халықаралық қатынастар жүйесінде «жұмсақ күш» (soft power) тұжырымдамасы мемлекеттердің сыртқы саясат стратегияларында маңызды орынға ие болды. Бұл концепция Джозеф Найдың теориялық негіздемесіне сүйене отырып, әскери және экономикалық қысым құралдарынан гөрі мәдениет, құндылықтар жүйесі мен сыртқы имидж арқылы ықпал етуді көздейді. Осындай жағдайларда Түркия Республикасы өзінің сыртқы саяси ұстанымын қайта қарастырып, жұмсақ күш стратегиясын белсенді түрде жүзеге асыруға кірісті. Бұл процесс «неоосманизм» ұғымымен тығыз байланысты, ол Түркияның тарихи-мәдени мұрасын жаңғырту арқылы аймақтық және жаһандық деңгейде ықпалын арттыруға бағытталған саяси-идеологиялық платформа ретінде көрініс тапты [1].
Неоосманизм тұжырымдамасы Түркияның сыртқы саясатында әсіресе 2000 жылдардың басынан бастап айқын байқалды. Әсіресе, Түркияның экс сыртқы істер және премьер министрі Ахмет Давутоғлұның «Стратегиялық тереңдік» (Strategic Depth) концепциясы аясында Түркия тарихи Осман империясының ықпал еткен аймақтарында белсенді болуға ұмтылды [2]. Бұл стратегияның негізгі құралы ретінде жұмсақ күш компоненттері – мәдени дипломатия, білім беру бағдарламалары, гуманитарлық көмек, бұқаралық ақпарат құралдары мен діни байланыстар – қолданылып келеді. Түркияның мәдениет, дін және білім саласындағы бастамалары аймақтық және жаһандық деңгейде саяси және экономикалық ықпалын нығайтуға бағытталған.
Сонымен қатар, Түркияның жұмсақ күш саясаты түркітілдес елдермен, Таяу Шығыс, Балқан және Африка елдерімен ынтымақтастықты нығайтудың тиімді құралы ретінде қарастырылады. Түрік сериалдары, TİKA (Түркия Ынтымақтастық және Үйлестіру Агенттігі), Yunus Emre институты, Maarif Foundation сынды институттар бұл бағыттағы негізгі құралдарға айналды. Жұмсақ күш стратегиясы Түркияның сыртқы имиджін қалыптастырумен қатар, оның аймақтық көшбасшылық позициясын күшейтуді мақсат етеді.
Осы мақалада неоосманизм идеологиясы аясындағы Түркияның жұмсақ күш концепциясының мазмұны, оның аймақтық және жаһандық деңгейдегі рөлі мен ықпалы жүйелі түрде қарастырылады. Сонымен қатар, Түркияның жұмсақ күш құралдарының тиімділігі, оны қолдану әдістері мен сын-қатерлері ғылыми тұрғыда талданатын болады.
Зерттеу материалдары мен әдістері. Бұл зерттеудің теориялық және эмпирикалық негізін Түркия Республикасының сыртқы саясатына қатысты ресми құжаттар, бағдарламалар және институттардың (TİKA, Yunus Emre Institute, Maarif Foundation) жылдық есептері құрайды. Сондай-ақ, Ахмет Давутоғлұның «Стратегиялық тереңдік» еңбегі мен оның сыртқы саясат концепциясы бойынша жазылған мақалалары пайдаланылды. Халықаралық қатынастар теориясы, жұмсақ күш тұжырымдамасы және аймақтық ықпал мәселелері бойынша шетелдік және отандық ғалымдардың еңбектері, сондай-ақ халықаралық ұйымдардың (UNESCO, OECD, The Soft Power 30 Index, Global Soft Power Index) сараптамалық деректері зерттеудің маңызды дереккөздері болды [3].
Зерттеу барысында жүйелік талдау әдісі қолданылып, Түркияның халықаралық қатынастар жүйесіндегі орны мен аймақтық ықпалы кешенді түрде қарастырылды. Контент-талдау арқылы ресми құжаттар мен стратегиялық баяндамаларда қолданылатын негізгі ұғымдар мен ұстанымдар зерделенді. Сонымен қатар, салыстырмалы талдау әдісі Түркияның жұмсақ күш стратегиясын басқа державалардың ұқсас саясаттарымен салыстыра отырып, оның өзіндік ерекшеліктерін айқындауға мүмкіндік берді. Геосаяси талдау негізінде Түркияның аймақтық бастамалары мен олардың неоосманизм идеологиясымен байланысы зерттелді.
Сонымен қатар, эмпирикалық база ретінде 2010–2024 жылдар аралығында жүзеге асырылған Түркияның мәдени және гуманитарлық жобалары алынды. Мәселен, TİKA агенттігі 170-тен астам елде даму жобаларын жүзеге асырса, Yunus Emre институтының өкілдіктері әлемнің 60-тан аса елінде жұмыс істейді. Сондай-ақ, TRT World және Anadolu Agency секілді халықаралық ақпарат агенттіктерінің жұмысы, олардың жаһандық аудиторияға ықпалы зерттелді. Сандық және сапалық талдау әдістері негізінде Түркияның жұмсақ күш саясатының тиімділігі мен ықпалы халықаралық рейтингтер мен индекстер деректеріне сүйене отырып бағаланды.
Талқылау мен зерттеу нәтижелері. Тақырыпқа арқау болып отырған «неоосманизм» – бұл Түркияның сыртқы саясатындағы жаңаша бағыт ретінде қалыптасқан стратегиялық және идеологиялық тұжырымдама. Бұл ұғым халықаралық қатынастар теориясында белгілі бір даулы тұжырым бола отырып, Түркияның аймақтық және жаһандық саяси амбицияларына негіз береді. Өз кезегінде, неоосманизм идеологиясы, ең алдымен, Осман империясының мұрасына сілтеме жасай отырып, Түркияны бұрынғы Осман аумағында, сондай-ақ түркі әлемінде ықпалды аймақтық держава ретінде қайта танытуға бағытталған [4].
Осы ретте, белгілі түрік дипломаты, халықаралық қатынастар саласында беделді тұлға Ахмет Давутоғлұның «Стратегиялық тереңдік» еңбегі неоосманизм тұжырымдамасының теориялық негізін қалады. Оның пікірінше, Түркия өзінің геостратегиялық орналасу ерекшелігі мен тарихи-өркениеттік капиталын пайдалану арқылы көпөлшемді, көпвекторлы сыртқы саясат жүргізуі тиіс. Давутоғлұның пайымдауынша, Түркияның географиялық орналасуы – Азия, Еуропа және Таяу Шығыс тоғысында болуы – елге аймақаралық интеграцияларды қамтамасыз етуде ерекше мүмкіндік береді. Осы тұжырымдаманың негізгі элементтері – тарихилық, өркениеттік миссия, мәдени ықпал, экономикалық интеграция және діни дипломатия [5]. Неоосманизм саясатының ерекшелігі – бұл тек геосаяси стратегия ғана емес, сонымен қатар мәдени-гуманитарлық және діни ықпал ету арқылы сыртқы саясат құралдарын жұмсақ күшпен толықтыратын көп қырлы жүйе. Түркияның тарихи жадыны жаңғырту, Осман мұрасын оң тұрғыда насихаттау, түрік мәдениеті мен тілі арқылы ықпал ету оның жұмсақ күш саясатында негізгі орын алады. Бұл тәсіл Түркияның ұлтшылдық, исламшылдық және неоосманизм элементтерін біріктіру арқылы сыртқы саясатта жаңа дәуір бастағанын көрсетеді.
Ендігі кезекте, Түркияның жұмсақ күш саясатының құрылымы мен негізгі құралдарына тоқталар болсақ, бірнеше ашық талқылау жасай аламыз. Алдымен, «Жұмсақ күш концепциясы» (soft power), Джозеф Най ұсынғандай, күш көрсету немесе қысым арқылы емес, өзге мемлекеттерді сендіру, тарту арқылы ықпал етудің тәсілі болып табылады. Түркия осы теориялық негіздерге сүйене отырып, жұмсақ күш құралдарын жүйелі түрде қалыптастырып, оларды сыртқы саясаттың негізгі құрамдас бөлігіне айналдырды. Түркияның жұмсақ күш саясаты үш негізгі құрал арқылы жүзеге асырылады: мәдени дипломатия, білім беру және гуманитарлық ынтымақтастық.
Түркияның мәдени дипломатиясындағы негізгі институт – Yunus Emre Institute. Бұл ұйым 2007 жылдан бастап шетелде түрік тілін оқыту, түрік мәдениетін насихаттау, мәдени іс-шаралар ұйымдастыру жұмыстарын жүргізуде. 2023 жылғы деректер бойынша, институттың 60-тан астам елде 70-тен астам өкілдігі бар. Түрік тілінің халықаралық статусы арттырылып, Таяу Шығыс, Балқан және Орталық Азия елдерінде оны үйренуге сұраныс өсті [6]. Сонымен қатар, Түркия әлемдегі ең танымал телехикая өндірушілерінің бірі. Түрік сериалдары мәдени экспансияның маңызды құралына айналып, Таяу Шығыс, Латын Америкасы, Орталық Азия мен Африкада Түркияның оң имиджін қалыптастыруда.
Сонымен қатар, Түркияның білім беру бағдарламалары жұмсақ күш саясатының маңызды бөлігі. Maarif Foundation шетелде түрік мектептері мен оқу орындарын ашу арқылы елдің гуманитарлық ықпалын кеңейтуде. 2024 жылы Түркия шетелде 400-ден астам мектеп, 21 университет және колледждерді қамтитын жүйені қалыптастырды. Сонымен қатар, Türkiye Scholarships бағдарламасы шетелдік студенттерге Түркияда жоғары білім алу мүмкіндігін ұсынады. Соңғы онжылдықта бұл бағдарлама бойынша 160-тан астам елден 150 мың студент білім алған. Бұл түлектер Түркияның бейресми мәдени елшілеріне айналып, Анкараның сыртқы саясатында маңызды рөл атқарады [7] .
Тағы бір институт – TİKA (Түркия Ынтымақтастық және Үйлестіру Агенттігі) гуманитарлық көмек және даму жобаларын жүзеге асыруда негізгі институт болып табылады. TİKA 1992 жылдан бері бастапқыда түркітілдес елдерге бағытталған жобалардан Африка, Оңтүстік Азия және Таяу Шығыс аймақтарына дейін кең ауқымды қызмет атқарып келеді. Агенттік медицина, инфрақұрылым, білім және мәдениет салаларында 30 мыңнан астам жобаны іске асырды. Түркия 2023 жылы әлемдегі ең ірі гуманитарлық көмек берушілердің үштігіне енді (OECD Development Assistance Committee деректері) [8].
Қазіргі таңда өзекті болып отырған мәселелердің бірі – Түркия Орталық Азиядағы жұмсақ күш саясатында этникалық және тілдік туыстықты пайдалануында. Яғни, Түркі мемлекеттері ұйымының құрылуы (бұрынғы Түркі кеңесі) бұл саясаттың институционализацияланған нұсқасы. Түркі интеграциясы идеясы арқылы Түркия Орталық Азия елдерінде мәдени және білім беру жобаларын жүзеге асырып, өзінің аймақтық көшбасшылық позициясын нығайтуға тырысуда. Түрік университеттері мен мектептерінің ашылуы, білім беру гранттары және мәдени форумдар интеграциялық процестерді күшейтіп отыр.
Осы ретте, қосымша Балқанда Түркия тарихи және діни мұраны жаңғырту жобалары арқылы жұмсақ күш саясатын жүргізуде. TİKA мұсылман қауымдарына қолдау көрсету және діни объектілерді қалпына келтіру арқылы Түркияның діни дипломатиясының негізін қалады. Бұл саясат босниялық мұсылмандар мен албан қауымдастықтар арасында Түркияға деген сенімді нығайтып, оның беделін арттырды. Сонымен қатар, Түрік сериалдары бұл аймақта үлкен сұранысқа ие болып, мәдени ықпал құралын қалыптастырды [9].
Ал Таяу Шығыста Түркия Сирия, Ирак және Палестина мәселелерінде гуманитарлық миссияларды күшейтіп, босқындарға арналған лагерьлер мен көмек бағдарламаларын жүзеге асыруда. Бұл әрекеттер Анкараның мұсылман әлеміндегі беделін арттырып, аймақтық ықпалын нығайтуға бағытталған.
Сондай-ақ, Африкада Түркия гуманитарлық көмек пен даму жобаларын пайдалана отырып, аймақтық серіктестермен стратегиялық байланыстар орнатуда. Түрік дипломатиясы Африкада саяси, экономикалық және мәдени әріптестікті арттырып, Анкараны балама серіктес ретінде қарастыратын елдердің санын ұлғайтты. Бұл стратегия Түркияның Батысқа балама держава ретіндегі беделін арттыруда [10].
Түркияның жаһандық деңгейдегі жұмсақ күш стратегиясының маңызды нәтижесі оның халықаралық ұйымдардағы рөлінің артуынан көрінеді. Түркия БҰҰ, ИЫҰ және басқа ұйымдарда белсенді бастамалар көтеріп, гуманитарлық дипломатия мен мәдени ықпалын арттыруда.
Алайда, бүгінде Түркияның жұмсақ күш стратегиясы бірқатар сын-қатерлерге тап болып отыр. Ішкі саяси тұрақсыздық, адам құқықтарының бұзылуы, сөз бостандығы мен БАҚ еркіндігінің шектелуі халықаралық имиджге теріс әсер етуде. Түркияның әскери операциялары, әсіресе Сирия мен Ливиядағы қимылдары, жұмсақ күш стратегиясының сенімділігіне күмән тудырды. Сондай-ақ, батыстық сарапшылар Түркияның жұмсақ күші неоосманистік экспансияның құралы ретінде қарастырылуы мүмкін екенін алға тартуда.
Сонымен бірге, Түркияның жұмсақ күшін қолдану көбіне прагматикалық сипатта, яғни экономикалық және саяси мүдделерді қамтамасыз ету құралы ретінде қарастырылуы халықаралық қауымдастықта белгілі бір сенімсіздік туғызады. Түркияның авторитарлық трендтері мен демократиялық құндылықтарға қатысты сындар оның жұмсақ күшінің шынайылығына қатысты да сұрақтар тудырады.
Неоосманизм концепциясы, негізінен, Түркияның сыртқы саясатына тарихи-мәдени миссия жүктеп, Осман империясының бұрынғы шекараларындағы елдермен қарым-қатынасты күшейтуге бағытталған [11]. Алайда бұл саясаттың практикалық қолданысы кейде халықаралық құқық нормаларына қайшы келетін қадамдармен сипатталады. Түркияның Сирия мен Солтүстік Ирактағы әскери операциялары соны меңзейді.
Атап айтқанда, 2016 жылы басталған «Евфрат қалқаны», «Зәйтүн бұтағы», «Бейбітшілік көзі» сынды әскери операциялар халықаралық қауымдастықта Түркияның көршілерінің егемендігін бұзатын әрекеттер ретінде қарастырылды. Түркия бұл операцияларды терроризммен күрес және шекара қауіпсіздігін қамтамасыз ету қажеттілігімен түсіндіргенімен, Сирияның және Ирактың территориялық тұтастығына қауіп төндіретінін айта кету керек. Түркияның Солтүстік Ирактағы Башика әскери базасы Ирак үкіметінің рұқсатынсыз салынған және ол БҰҰ Жарғысының 2(4)-бабында бекітілген территориялық егемендікті құрметтеу принципін бұзуы мүмкін деген пікірлер бар [12].
Сириядағы әскери әрекеттер Түркияның аймақтағы әскери ықпалын күшейтті, бірақ халықаралық құқық нормаларының бұзылуы туралы сындарды көбейтті. БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің бірнеше мәлімдемесінде Түркияның әрекеттеріне алаңдаушылық білдірілді. Бұл жағдай Түркияның «жұмсақ күшін» әлсіретіп, оның гуманитарлық миссиясына сенімсіздік туғызды.
Аймақтық державалармен қатынастардағы қайшылықтар
Неоосманизм тұжырымдамасы Түркияның аймақтық саясатында жаңа динамика тудырды. Түркия Таяу Шығыста мәдени-өркениеттік мұрагерлікке негізделген көшбасшылыққа ұмтылса да, бұл ұстаным аймақтық державалармен қайшылыққа себеп болды.
Сауд Арабиясы, Мысыр және Иран Түркияның неоосманистік риторикасын экспансионистік стратегия ретінде қабылдады. 2017 жылы Катарға қатысты дипломатиялық дағдарыс кезінде Түркияның Катарға қолдау көрсетуі және әскери база ашуы Сауд Арабиясы мен БАӘ-нің наразылығын туғызды. Түркияның Мұсылман бауырлар ұйымына қолдау көрсетуі Мысырмен қарым-қатынасты нашарлатты. 2013 жылғы Египеттегі билік ауысуынан кейін Анкара мен Каир арасындағы дипломатиялық қарым-қатынас үзілді [13].
Иранмен қайшылықтар Сириядағы соғыспен байланысты. Екі ел Сирия мәселесінде қарама-қайшы позицияны ұстанды: Түркия Асад режиміне қарсы күштерді қолдады, ал Иран Асад режимінің стратегиялық одақтасы ретінде әрекет етті. Бұл жағдай Түркияның аймақтағы жұмсақ күш саясатына шектеу қойды және неоосманизм ұғымының аймақтық қауіп төндіруші күш ретінде қабылдануына себеп болды.
Еуропалық Одақ және Батыстың көзқарасы
Еуропалық Одақ (ЕО) және Батыс елдері Түркияның неоосманистік ұмтылыстарына күдікпен қарайды. Түркияның аймақтық ықпалын күшейтуі және саяси исламның элементтерін сыртқы саясатта белсенді қолдануы ЕО елдерінің алаңдаушылығын арттырды. Түркияның адам құқықтары мен демократиялық стандарттарды бұзуы, әсіресе 2016 жылғы сәтсіз төңкеріс әрекетінен кейінгі жағдай, Батыс елдеріндегі сындарды күшейтті.
Неоосманизм риторикасы мен жұмсақ күш стратегиясы ЕО-ның Түркияға деген сенімін әлсіретті. Түркияның Орталық Азия мен Балқандағы белсенділігі ЕО-ның аймақтағы ықпалымен бәсекелес жағдайға жетті. Түркияның Балқан аймағындағы діни және мәдени жобалары, TİKA мен Yunus Emre институттарының қызметі Батыс аналитиктерінің пікірінше, өркениеттік экспансияның бір түрі ретінде қарастырылды.
Батыстық сарапшылар Түркияның жұмсақ күшін «өркениеттік реваншизм» деп бағалайды. Бұл тұжырым Батыстың Түркияны Ислам әлемінің геосаяси көшбасшысы ретінде қайта орнығуға ұмтылған ел ретінде қарастыруына негіз болды. Осыған байланысты Түркия мен Батыс елдері арасындағы қатынастарда қақтығыстар мен сенімсіздік күшейді.
Түрік телехикаяларының рөлі: Cultural Imperialism немесе Cultural Diplomacy? Түрік телехикаялары – Түркияның жұмсақ күш саясатының ең танымал және тиімді құралдарының бірі. 2000 жылдардан бастап түрік сериалдары әлемнің 150-ден астам елінде көрсетіліп, 500 миллионнан астам көрермен жинады (TRT, 2023). Бұл телехикаялар Түркияның ұлттық құндылықтары мен өмір салтын жаһандық деңгейде таратуға ықпал етіп отыр [14].
Әлеуметтанушылар мен мәдени зерттеушілер түрік сериалдарын екі тұрғыдан қарастырады: біріншіден, бұл мәдени дипломатия құралы, яғни Түркияның позитивті имиджін қалыптастырып, оның мәдениетіне қызығушылық арттыруға бағытталған; екіншіден, мәдени империализмнің элементі, өйткені бұл контент арқылы түрік құндылықтары мен өмір салты басқа мәдениеттерге таңылып жатыр. Мысалы, «Diriliş: Ertuğrul» тарихи сериалы Түркияның исламдық көшбасшылық бейнесін насихаттап, Пәкістанда, Индонезияда кең танылды.
Түрік телехикаяларының тағы бір ерекшелігі – әлеуметтік және гендерлік нормаларды трансформациялауы. Көптеген сериалдар әйелдердің қоғамдағы рөлін қайта пайымдайды. Мысалы, «Fatmagül’ün Suçu Ne?» сериалында гендерлік зорлық-зомбылық мәселесі көтеріледі. Бұл дискурс бір жағынан прогрессивті сипатқа ие болса, екінші жағынан түрік қоғамының патриархалды құндылықтарын бекітіп, отбасы институтын идеализациялайды.
Діни институттар мен діни дипломатия. Түркияның Diyanet İşleri Başkanlığı (Дін істері басқармасы) сыртқы саясаттың бір бөлігіне айналып, Түркияның ислам әлеміндегі ықпалын күшейтуге бағытталған діни дипломатия жүргізуде. Diyanet көптеген елдерде мешіттер салып, діни кадрларды даярлайды және діни контент таратумен айналысады.
Балқан елдерінде (Босния, Албания, Косово) Diyanet аймақтық діни элиталармен серіктестік орнатып, Осман мұрасын насихаттайды. Африкада Diyanet Түркияның гуманитарлық миссияларын діни қызметпен ұштастырып, діни мекемелер мен мешіттер салады (мысалы, Могадишодағы ең ірі мешіт). Бұл әрекеттер Сауд Арабиясы мен Иранның діни ықпалымен бәсекелес жағдай тудырады. Сауд Арабиясы ваххабизмді, ал Иран шиизмді насихаттаған аймақтарда Түркия сунниттік исламның орта жолды моделін ұсынады.
Дегенмен, Diyanet қызметі кейбір елдерде саяси инструмент ретінде қарастырылады. Батыс Еуропа елдерінде Түркиядан келген имамдар мен діни қызметкерлер Түркия үкіметінің идеологиялық саясатын насихаттайды деген айыптаулар болған. Бұл Түркияның жұмсақ күш құралдарына сенімді төмендететін факторлардың бірі болып отыр.
Maarif Foundation Түркияның білім беру жүйесін жаһандық деңгейде ілгерілету мақсатында құрылған. Бұл ұйым Түркиядан тысқарыда мектептер мен университеттер ашады, көбінесе бұрынғы Фетуллах Гүлен қозғалысына тиесілі болған оқу орындарының орнына. 2016 жылғы төңкеріс әрекетінен кейін Түркия Гүлен қозғалысын террористік ұйым деп танып, шетелдердегі FETO мектептерін жабуға немесе Maarif Foundation-ға беруге күш салды.
Maarif Foundation 50-ден астам елде жұмыс істейді. Оның қызметі білім беру арқылы Түркияның гуманитарлық ықпалын арттыру ғана емес, сондай-ақ саяси мақсаттарды жүзеге асырумен байланыстырылады [10, 255]. Бұл құрылым Түркияның идеологиялық экспансиясының бір бөлігі ретінде қарастырылып, әсіресе батыстық сарапшылар тарапынан сынға ұшырады.
Сонымен қатар, Түркияның білім беру бағдарламалары жұмсақ күш элементі ретінде тиімді құрал болып табылады. Түркия стипендиялары бағдарламасы (Türkiye Scholarships) арқылы 1992 жылдан бері 150 мыңнан астам шетелдік студент Түркияда білім алып шықты. Бұл түлектер өз елдерінде Түркияға лоялды элита қалыптастыруға ықпал етеді [15] .
Жоғарыда келтірілген талдау көрсеткендей, Түркияның неоосманизм идеологиясы мен жұмсақ күш стратегиясы бір-бірімен өзара тығыз байланысты және кешенді сыртқы саяси құралдар жүйесін қалыптастырады. Дегенмен, бұл стратегияның табысты болуы ішкі және сыртқы сын-қатерлерге, халықаралық құқық нормаларының сақталуына және аймақтық державалармен қарым-қатынасқа тәуелді. Түркияның жұмсақ күшінің негізгі құралдары – мәдени дипломатия, діни ықпал және білім беру жобалары – тиімді болғанымен, оларды пайдаланудағы саяси және идеологиялық астарлар бұл стратегияның шынайылығы мен тұрақтылығына күмән тудырады. Сондықтан Түркияның жұмсақ күші мен неоосманизм стратегиясы халықаралық қатынастарда әрі қарайғы дамуы үшін тұрақты реформалар мен ашық дипломатия талап етеді.
Қорытындылай келгенде, Түркияның қазіргі заманғы сыртқы саясатында неоосманизм және жұмсақ күш концепциялары өзара байланыста дамып, мемлекеттің аймақтық және жаһандық деңгейдегі стратегиялық мақсаттарына жету үшін кешенді құралдар жүйесіне айналды. Түркияның халықаралық қатынастардағы белсенділігі, тарихи және өркениеттік мұраларға сүйенуі, Осман империясының бұрынғы аумағындағы елдермен тығыз байланыс орнатуға бағытталған саясат жүргізуі елдің сыртқы саясатындағы жаңа дәуірдің басталуына негіз болды. Бұл үдеріс негізінен Ахмет Давутоғлұның «Стратегиялық тереңдік» тұжырымдамасы мен оны жүзеге асырудағы неоосманистік риторикаға сүйенеді.
Жұмсақ күш стратегиясы Түркияның сыртқы саясатының маңызды құралына айналды. Мәдени дипломатия, білім беру, гуманитарлық көмек және діни ықпал ету арқылы Түркия өзінің халықаралық беделін нығайтуға ұмтылды. TİKA, Yunus Emre институты, Maarif Foundation секілді институттар бұл саясаттың негізгі орындаушылары ретінде әрекет етеді. Сонымен қатар, түрік телехикаялары мен мәдени өнімдері де Түркияның бейнесін қалыптастыруда және оның құндылықтарын таратуда айтарлықтай рөл атқарды. Түрік тілін оқыту бағдарламалары, мәдени іс-шаралар мен білім беру жобалары арқылы Түркия әлемдік аренада өзін өркениеттік мұрагер және ислам әлемінің көшбасшысы ретінде танытуға тырысты.Алайда Түркияның неоосманистік амбициялары мен жұмсақ күш саясаты аймақтық және жаһандық деңгейде бірқатар қайшылықтар мен сын-қатерлерге алып келді. Түркияның Сирия, Ирак және Ливиядағы әскери әрекеттері, сондай-ақ Қарабақ қақтығысындағы араласуы халықаралық құқық нормалары мен көршілес елдердің егемендігі мәселесін көтерді. Аймақтық державалар – Сауд Арабиясы, Мысыр және Иран – Түркияның аймақтық үстемдікке ұмтылуын қауіп ретінде қабылдады және Анкараның саясатын шектеуге бағытталған қарсы стратегияларды іске қосты. Сонымен қатар, Еуропалық Одақ пен Батыс елдері Түркияның ішкі саяси үрдістеріне (адам құқықтарының бұзылуы, демократиялық институттардың әлсіреуі) алаңдаушылық білдіріп, оның жұмсақ күшінің шынайылығына күмәнмен қарады.
Түркияның жұмсақ күш стратегиясы прагматикалық және көпқырлы сипатқа ие болғанымен, оның табысты болуы бірнеше факторларға байланысты. Біріншіден, ішкі саяси тұрақтылық пен демократиялық стандарттардың сақталуы Түркияның сыртқы имиджін күшейтудің негізгі алғышарттары болып табылады. Екіншіден, аймақтық және жаһандық деңгейде тұрақты серіктестік орнату үшін Анкараның сыртқы саясаты көпвекторлы және бейтарап болуы тиіс. Үшіншіден, гуманитарлық және мәдени жобалардағы шынайылық пен ашықтық Түркияның жұмсақ күшін тиімді құралға айналдырады.
Жалпы алғанда, неоосманизм мен жұмсақ күш Түркияның сыртқы саясатындағы негізгі стратегиялық векторлардың біріне айналып, елдің халықаралық жүйедегі рөлін қайта анықтады. Бұл стратегия Түркияға аймақтық көшбасшылыққа ұмтылуға мүмкіндік берді, бірақ сонымен бірге аймақтық бәсекелестік пен геосаяси тұрақсыздықтың өсуіне де ықпал етті. Түркияның болашақтағы сыртқы саясаты неоосманизм идеологиясы мен жұмсақ күш құралдарын теңгерімді әрі сындарлы қолданған жағдайда ғана тиімді және тұрақты болмақ.
Ботакөз НҰРҒАЛИЕВА,
Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті
Халықаралық қатынастар факультеті, Аймақтану кафедрасының магистранты
Қанат ЕҢСЕНОВ,
тарих ғылымдарының кандидаты, қауымдастырылған профессор
Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті
Халықаралық қатынастар факультеті, Аймақтану кафедрасы
Пайдаланылған әдебиеттер:
1. Nye J.S. Soft Power: The Means to Success in World Politics. – New York: Public Affairs, 2004. – 191 p.
2. Davutoğlu A. Strategic Depth: Turkey’s International Position. – Istanbul: Küre Yayınları, 2001. – 612 p.
3. Grigoriadis I. The Davutoglu Doctrine and Turkish Foreign Policy. – ELIAMEP Working Papers. – 2010. – No.8. – P. 1–13.
4. Айтмұхамедов Е.Т. Жұмсақ күш концепциясы және Қазақстанның сыртқы саясатындағы орны // Халықаралық қатынастар және құқық журналы. – 2022. – №2. – Б. 15–23.
5. Давыдов С.А. Неоосманизм в турецкой внешней политике: концепции, механизмы, перспективы // Восток. Афро-азиатские общества: история и современность. – 2019. – №4. – С. 15–23.
6. Мусабаева А. Түркияның мәдени дипломатиясындағы Юнус Эмре институтының рөлі // Орталық Азияның халықаралық қатынастары. – 2021. – №2. – Б. 54–60.
7. Әбдірахманова Г. Түркияның сыртқы саясатындағы жұмсақ күш факторы: неоосманизм тұрғысынан талдау // ҚазҰУ Хабаршысы. Халықаралық қатынастар сериясы. – 2021. – №3. – Б. 45–52.
8. The Soft Power 30. A Global Ranking of Soft Power 2023 [Электронный ресурс]. – Доступно по ссылке: https://softpower30.com/
9. Жүнісов Б. Түркия мен Қазақстан арасындағы мәдени ынтымақтастық: қазіргі жағдайы мен келешегі // Ұлт тағылымы. – 2020. – №3. – Б. 78–84.
10. Байзақова К.Н. Түркияның қазіргі халықаралық қатынастар жүйесіндегі орны мен рөлі // Халықаралық қатынастар және саясаттану журналдары. – Алматы: Қазақ университеті, 2020. – 256 б.
11. Қалиева А.К. Түркия Республикасының Орталық Азиядағы жұмсақ күш саясатының бағыттары // Қазақстан Республикасы Ғылым академиясының Хабаршысы. – 2022. – №5. – Б. 64–71.
12. Kardaş T. Turkey: A Regional Power Facing a Changing International System. // Turkish Studies. – 2013. – Vol.14. – No.4. – P. 637–660.
13. Öniş Z. Turkey and the Arab Revolutions: Boundaries of Regional Power Influence in a Turbulent Middle East. // Mediterranean Politics. – 2014. – Vol.19. – Issue 2. – P. 203–219.
14. Walker J. Turkey’s Soft Power Strategy: A New Vision for a Multi-Polar World. – London: Routledge, 2019. – 320 p.
15. Altunışık M.B., Martin L.G. Making Sense of Turkish Foreign Policy in the Middle East under AKP. // Turkish Studies. – 2011. – Vol.12. – No.4. – P. 569–587.

168 рет
көрсетілді0
пікір