- Мақала
- 02 Шілде, 2025
ОЗЫҚ ЕЛДЕН ҮЙРЕНЕР ҮЛГІ АЗ ЕМЕС

Аңдатпа. Бұл мақала Қазақстан мен Сингапур арасындағы экономикалық ынтымақтастықтың қазіргі үрдістерін, құрылымын және болашақ даму перспективаларын зерттеуге арналған. Зерттеуде екі ел арасындағы сауда, инвестиция, қаржы, көлік-логистика, технология, білім беру және жасыл экономика салаларындағы ынтымақтастықтың негізгі бағыттары қарастырылады. Қазақстанның Орталық Азиядағы стратегиялық рөлі мен Сингапурдың жаһандық қаржы және сауда орталығы ретіндегі маңызы бұл серіктестіктің маңыздылығын айқындайды.
Мақалада екі елдің қарым-қатынасын реттейтін құқықтық негіздер, инвестициялық жобалар, инновациялық шешімдер және ұзақ мерзімді серіктестік мүмкіндіктері жан-жақты талданады. Екіжақты ынтымақтастықтың болашақ даму бағыттары ретінде экономикалық әртараптандыру, цифрландыру, көлік дәліздерін жетілдіру және экологиялық тұрақтылықты қамтамасыз ету мәселелері қарастырылады. Зерттеу нәтижелері Қазақстан мен Сингапур арасындағы стратегиялық серіктестікті кеңейтуге арналған практикалық ұсыныстар жасауға негіз болады.
Кілт сөздер: Қазақстан, Сингапур, экономикалық ынтымақтастық, сауда, инвестиция, қаржы технологиялары, жасыл экономика, логистика, инновация, білім беру, құқықтық негіздер, стратегиялық серіктестік.
Кіріспе. Қазақстан мен Сингапур – Азияның екі экономикалық маңызды орталығы, олардың экономикалық ынтымақтастығы соңғы жылдары тұрақты дамып келеді. Қазақстанның Орталық Азиядағы стратегиялық маңызды мемлекет әрі табиғи ресурстарға бай болуы, ал Сингапурдың халықаралық сауда мен қаржы орталығы ретіндегі рөлі екі ел арасындағы өзара экономикалық байланыстың артуына ықпал етеді. Қазақстан Сингапурды Азия-Тынық мұхиты аймағына шығатын негізгі әріптес ретінде қарастырса, Сингапур Қазақстан арқылы Орталық Азия нарығына ену мүмкіндігін зерттеуде. Осы мақалада екі ел арасындағы экономикалық қарым-қатынастардың қазіргі жағдайы мен даму перспективалары тереңдетіліп талқыланады.
Зерттеу материалдары мен әдістері. Бұл зерттеу Қазақстан мен Сингапур арасындағы экономикалық ынтымақтастыққа қатысты статистикалық мәліметтерді, екі ел үкіметінің ресми құжаттарын, халықаралық сауда ұйымдарының есептерін және сараптамалық шолуларды талдау арқылы жүзеге асырылды. Зерттеу барысында салыстырмалы талдау, сандық және сапалық зерттеу әдістері қолданылды. Сонымен қатар, экономикалық серіктестік бойынша қабылданған халықаралық келісімдер мен екіжақты инвестициялық жобалар қарастырылды. Ақпарат көзі ретінде Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрлігінің, Сингапурдың Сауда және өнеркәсіп министрлігінің, Дүниежүзілік банктің және басқа да халықаралық ұйымдардың деректері пайдаланылды. Зерттеу барысында экономикалық көрсеткіштерге экстраполяциялық және регрессиондық талдау жасалып, елдердің экономикалық серіктестігін нығайтудағы негізгі үрдістер анықталды.
Талқылау мен зерттеу нәтижелері. Экономикалық өсуді зерттеудің өзектілігі ұлттық экономиканың жоғары көрсеткіштеріне қол жеткізу мүмкіндігіне және оны жаһандық экономикаға интеграциялау қажеттілігіне байланысты. Себебі экономикалық өсу ұлттық шаруашылықтың маңызды көрсеткіштерінің бірі және ел халқының барлық әлеуметтік топтарының өмір сүру деңгейін арттыруға тікелей әсер етеді. Лондонда білім алған заңгер, саясаткер Ли Куан Ю 1965 жылы Сингапурды Малайзия Федерациясынан шығарып, елдің тәуелсіздігін қамтамасыз етті. Табиғи ресурстары жоқ шағын мемлекет халықаралық сауда мен логистикаға сүйене отырып, экономикалық серпіліс жасады. Сол кезеңде Сингапурдағы жан басына шаққандағы ЖІӨ 5000 АҚШ долларынан асып, мемлекет әлемдегі төртінші ірі теңіз портына айналды. Сингапурдағы тәртіп қатаң болды. Елде ресми түрде көппартиялық жүйе болғанымен, шын мәнінде оппозиция әлсіз еді. Ли Куан Ю мықты орталық билік құру арқылы экономикалық және саяси тұрақтылықты қамтамасыз етті. Сонымен қатар, ол сыбайлас жемқорлыққа қарсы қатаң күрес жүргізді. Бүгінде Сингапур әлемдегі ең «таза» елдердің бірі саналады. Мемлекеттік қызметкерлерге жоғары жалақы төлеу идеясы 70-жылдардан бері жүзеге асырылып келеді [1].
Сингапур – шағын арал мемлекеті, ал Қазақстан – жер көлемі бойынша әлемде тоғызыншы орында. Екі ел стратегиялық серіктестік және өзара тиімді ынтымақтастық қағидаттарына сүйене отырып, тығыз экономикалық байланыстар орнатуда. Бұл қарым-қатынастар сауда, инвестиция және инновациялық технологиялар салаларында жаңа мүмкіндіктер ашуға және екі ел экономикасының өсуін ынталандыруға бағытталған. Қазақстан мен Сингапур арасындағы экономикалық ынтымақтастық соңғы жылдары едәуір қарқын алып, екі ел арасындағы сауда және инвестициялық байланыстар нығая түсуде. Қазақстан Орталық Азиядағы ең ірі экономикаға ие елдердің бірі болса, Сингапур Оңтүстік-Шығыс Азиядағы жетекші қаржы, сауда және логистикалық орталықтардың бірі [2]. Екі ел арасындағы дипломатиялық байланыстар 1993 жылы орнатылып, содан бері экономикалық қарым-қатынас тұрақты түрде дамып келеді. Бұл ынтымақтастық тек сауда және инвестиция салаларымен шектелмей, қаржы, логистика, технология, білім беру, жасыл экономика және адами капиталды дамыту секілді кең ауқымды бағыттарды қамтиды [3].
Екіжақты экономикалық қарым-қатынастарды дамытудың маңызды аспектілерінің бірі – құқықтық негіз бен екіжақты келісімдер. Қазақстан мен Сингапур арасында сауда мен инвестицияны жеңілдетуге бағытталған келісімдер қабылданды [4]. Олардың қатарында еркін сауда келісімдері, инвестицияларды қорғау және қосарланған салық салуды болдырмау туралы келісімдер бар. Бұл келісімдер екі елдің бизнес қауымдастықтары үшін құқықтық тұрақтылықты қамтамасыз етеді және кәсіпкерлікті дамытуға қолайлы жағдай жасайды [5].
Сингапурдың экономикалық жетістігінің басты факторларының бірі – мемлекеттік басқару жүйесінің тиімділігі мен инновациялық даму стратегиялары [6]. Қазақстан бұл тәжірибені мемлекеттік қызметтерді цифрландыру, инвестициялық климатты жақсарту және экономикалық реформаларды жетілдіру мақсатында зерттеуде. Сингапурдың салықтық жеңілдіктер мен арнайы экономикалық аймақтар құру тәжірибесін Қазақстандағы «Астана» халықаралық қаржы орталығы (AIFC) арқылы бейімдеуге болады. Бұл екі ел арасындағы қаржы секторындағы ынтымақтастықты тереңдетуге мүмкіндік береді [7].
Қаржы технологиялары мен банк секторы саласындағы әріптестік те өзекті бағыттардың бірі. Сингапур – Азиядағы жетекші қаржы орталықтарының бірі, ал Қазақстан AIFC арқылы қаржылық жүйесін дамытып, халықаралық нарыққа шығуға ұмтылуда. Блокчейн, қаржы технологиялары және ислам қаржысы салаларында ынтымақтастық орнату Қазақстанның қаржы жүйесін жаһандық деңгейде бәсекеге қабілетті етуге көмектеседі. Сонымен қатар, екі елдің коммерциялық банктері мен инвестициялық қорлары арасында әріптестік орнату капитал ағындарын оңтайландыруға мүмкіндік береді. Жасыл экономика және экологиялық серіктестік – Қазақстан мен Сингапур арасындағы ынтымақтастықтың жаңа бағыты болып табылады. Сингапур экологиялық тұрақты даму саласында озық тәжірибеге ие, ал Қазақстан 2050 жылға қарай жасыл экономикаға көшу стратегиясын жүзеге асыруды көздейді [8]. Бұл бағыттағы ынтымақтастық жаңартылатын энергия көздері, су ресурстарын басқару және қалдықтарды қайта өңдеу салаларында жүзеге асырылуы мүмкін. Екі елдің экологиялық саясаттағы серіктестігі өңірлік тұрақты даму процестерін нығайтуға ықпал етеді. «Қазір Қазақстан «Бір белдеу – бір жол» бастамасындағы негізгі ойыншылардың бірі ретінде логистика және көлік саласында Сингапурмен әріптестігін кеңейтуді жоспарлауда. Сингапурдың жаһандық логистикалық инфрақұрылымын дамытудағы тәжірибесі Қазақстанның көлік дәліздерін жетілдіруге үлес қоса алады. Бұл ынтымақтастық Транскаспий халықаралық көлік дәлізі арқылы жүзеге асып, Қазақстанды Орталық Азиядағы негізгі транзиттік орталыққа айналдыруға мүмкіндік береді» [9].
Мәселен, 2022 жылы Қазақстан мен Сингапур арасындағы тауар айналымы 1,9 миллиард АҚШ долларына жетіп, 2021 жылмен салыстырғанда 65,1%-ға артты [10]. Қазақстанның Сингапурға экспорты негізінен мұнай өнімдері, қара және түсті металдардан тұрса, импорт құрылымында химиялық өнімдер, құрал-жабдықтар және электроника басым. Сауда байланыстарының өсімі екі елдің экономикалық өзара тәуелділігінің артуымен қатар, Қазақстанның Азия-Тынық мұхиты аймағына шығуға деген стратегиялық ұмтылысын көрсетеді. Инвестициялық ынтымақтастық та айтарлықтай жетістіктерге жетті. Сингапур Қазақстан экономикасына маңызды инвесторлардың бірі болып табылады. 2023 жылдың бірінші тоқсанында Сингапурдан Қазақстанға тартылған тікелей инвестициялар көлемі 92,2 миллион АҚШ долларын құрады, ал соңғы 20 жыл ішінде бұл көрсеткіш 1,2 миллиард АҚШ долларына жетті [5,2 б]. Қазақстанда сингапурлық капиталдың қатысуымен 200 ден астам кәсіпорын жұмыс істейді. Бұл компаниялар инфрақұрылым, көлік және логистика, қаржы технологиялары, ауыл шаруашылығы және жасыл энергетика сияқты салаларда белсенді қызмет атқарады. Қазақстанның «Астана» халықаралық қаржы орталығы (AIFC) Сингапурдың қаржы жүйесінің моделіне негізделген және шетелдік инвесторлар үшін тартымды бизнес-ахуал қалыптастыруда маңызды рөл атқаруда [3, 2 б].
Көлік және логистика саласында екі елдің ынтымақтастығы ерекше маңызға ие. Қазақстан Орталық Азиядағы негізгі транзиттік хаб ретінде өз мүмкіндіктерін кеңейтуді жоспарлауда, ал Сингапурдың PSA International компаниясы қазақстандық логистикалық жобаларға қызығушылық танытуда. «Бір белдеу – бір жол» бастамасы аясында Қазақстан арқылы өтетін транзиттік жүк тасымалының көлемі жыл сайын артып келеді. Бұл бағыттағы серіктестік Транскаспий халықаралық көлік дәлізін дамыту мен Қазақстанның теміржол инфрақұрылымын жетілдіру арқылы нығайтылуда. Сонымен қатар, Ақтау және Қорғас порттарын жаңғырту жобалары аясында сингапурлық инвесторлармен келіссөздер жүргізілуде [11].
Технологиялық және білім беру салаларында да екіжақты әріптестік қарқынды дамуда. Қазақстан мен Сингапур арасында студенттік алмасу бағдарламалары кеңеюде, ал Smart City технологияларын енгізу бойынша бірлескен жобалар жүзеге асырылуда. Сингапурдың озық технологиялары мен цифрлық басқару тәжірибесі Қазақстанның «Цифрлық Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасын іске асыруда маңызды рөл атқарады. Мемлекеттік қызметтерді цифрландыру, жасанды интеллект және блокчейн технологияларын қолдану бағытында екі ел арасында стратегиялық серіктестік орнатылған. Сонымен қатар, Қазақстанның университеттері мен ғылыми-зерттеу институттары Сингапурдың алдыңғы қатарлы жоғары оқу орындарымен тығыз байланыс орнатып, инновациялық жобаларды бірлесіп жүзеге асыруда [12].
Қазақстан мен Сингапур арасындағы экономикалық ынтымақтастық болашақта кеңейе түсуге әлеуеті жоғары. Сауда, инвестиция, көлік, логистика, технология және білім беру салаларындағы әріптестік екі елге де экономикалық пайда әкеліп, олардың аймақтық және жаһандық интеграциясын арттыруда. Алдағы жылдары еркін сауда келісімдерін кеңейту, инвестициялық ахуалды жақсарту және инфрақұрылымдық жобаларды бірлесіп дамыту екіжақты қарым-қатынастардың негізгі басымдықтары болуы тиіс. Қазақстан мен Сингапур арасындағы экономикалық серіктестік болашақта да қарқынды дамып, жаңа стратегиялық бағыттарды қамтитын болады. Сонымен қатар, екі ел арасындағы инновациялық ынтымақтастықты күшейту мақсатында жасыл экономика, цифрлық индустрия және білім беру технологияларын дамытуға ерекше назар аудару қажет [13]. Осылайша, Қазақстан мен Сингапур арасындағы экономикалық өзара әрекеттестік екіжақты ғана емес, аймақтық және жаһандық деңгейде де тұрақты және ұзақ мерзімді серіктестікке айналуы мүмкін.
Осы ретте, Сингапур – стартап экожүйесі мен инновациялық кәсіпкерлікті дамытуда жетекші елдердің бірі. Қазақстан да соңғы жылдары осы бағытта белсенді дамып келеді. Екі ел арасындағы стартап экожүйелері арасындағы ынтымақтастықты күшейту, бірлескен инкубаторлар мен акселераторлар құру инновациялық кәсіпкерліктің дамуына серпін береді. Қазақстандық стартаптарға Сингапур арқылы Азия нарығына шығу мүмкіндігі ұсынылса, Сингапурлық инновациялық компаниялар Қазақстанда жаңа технологиялық шешімдерін сынақтан өткізе алады. Адами капиталды дамыту екі ел арасындағы ынтымақтастықтың маңызды құрамдас бөлігі болып табылады. Сингапурдың адами ресурстарды дамытудағы жетістіктері Қазақстан үшін үлгі болып табылады. Білім беру саласындағы әріптестік студенттік алмасу бағдарламаларын кеңейту, жоғары технологиялық мамандықтар бойынша бірлескен ғылыми зерттеулер жүргізу арқылы жүзеге асырылуы мүмкін. Сингапурдың мемлекеттік басқару мектебі мен Қазақстанның жетекші университеттері арасында тәжірибе алмасу екі елдің білім беру жүйесін жақсартуға мүмкіндік береді.
Агроөнеркәсіптік саладағы ынтымақтастық та маңызды бағыттардың бірі.. Қазақстан мен Сингапур арасындағы агротехнологиялар бойынша тәжірибе алмасу екі елдің ауыл шаруашылығы секторын жетілдіруге мүмкіндік береді. Сингапурдың ауыл шаруашылығында озық технологиялар, соның ішінде вертикалды фермалар, гидропоника және аквапоника кеңінен қолданылады. Бұл технологиялар азық-түлік өндірісінің тиімділігін арттыруға және су мен жер ресурстарын үнемдеуге мүмкіндік береді [8, 1 б].
Қазақстан ауыл шаруашылығында цифрлық технологияларды енгізуді қолға алды. Сингапурлық компаниялармен бірлескен жобалар, атап айтқанда, ақылды фермалар құру, дрондар мен спутниктік мониторингті пайдалану, сонымен қатар ауыл шаруашылығы өндірісін автоматтандыру бағыттарында ынтымақтастық орнату – перспективалы бағыттардың бірі. Қазақстанның экологиялық таза ауыл шаруашылығы өнімдерін Сингапур нарығына шығару және агротехнологиялар саласындағы тәжірибе алмасу екі ел үшін де тиімді болмақ [14].
Сауда теңгерімін жетілдіру де экономикалық қарым-қатынастарды дамытуда өзекті. Қазақстан мен Сингапур арасындағы сауда теңгерімі қандай деңгейде? Қазақстан үшін саудадағы қолайлы жағдайларды жақсарту, экспорттық мүмкіндіктерді кеңейту және екі ел арасындағы тарифтік және тарифтік емес тосқауылдарды жою мәселелерін қарастыру маңызды [3, 3 б].
Болашақ даму сценарийлері екі елдің экономикалық ынтымақтастығының ұзақ мерзімді перспективаларын анықтауға мүмкіндік береді. Болжам бойынша, екі ел арасындағы экономикалық әріптестік алдағы он жылда тауар айналымын екі есеге арттырып, жаңа инвестициялық бағыттардың дамуына ықпал етеді. Бұл серіктестіктің одан әрі дамуы үшін институционалдық реформаларды жүргізу, бизнес ортаны жетілдіру және жаңа технологияларды енгізу қажет [15].
Қорыта айтқанда, Қазақстан мен Сингапур арасындағы экономикалық ынтымақтастық тұрақты даму үстінде және болашақта кеңейе түсуге әлеуеті жоғары. Сауда, инвестиция, көлік, логистика, технология және білім беру салаларындағы әріптестік екі елге де экономикалық пайда түсіріп, олардың аймақтық және жаһандық интеграциясын арттыруда. Алдағы жылдары еркін сауда келісімдерін кеңейту, инвестициялық ахуалды жақсарту және инфрақұрылымдық жобаларды бірлесіп дамыту екіжақты қарым-қатынастардың негізгі басымдығы болуы тиіс.
Қазақстан мен Сингапур арасындағы экономикалық серіктестік болашақта да қарқынды дамып, жаңа стратегиялық бағыттарды қамтитын болады. Сонымен қатар, екі ел арасындағы инновациялық ынтымақтастықты күшейту мақсатында жасыл экономика, цифрлық индустрия және білім беру технологияларын дамытуға ерекше назар аудару қажет. Осылайша, Қазақстан мен Сингапур арасындағы экономикалық өзара әрекеттестік екіжақты ғана емес, аймақтық және жаһандық деңгейде де тұрақты және ұзақ мерзімді серіктестікке айналуы мүмкін.
Нұрайым ЕСКЕРМЕСОВА,
Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті
Халықаралық қатынастар факультеті,
Аймақтану кафедрасының магистранты
Қанат ЕҢСЕНОВ,
тарих ғылымдарының кандидаты, қауымдастырылған профессор
Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті
Халықаралық қатынастар факультеті, Аймақтану кафедрасы
Пайдаланылған әдебиеттер:
1.Қасым-Жомарт Тоқаев. «Очерки дипломата». – Алматы: «Жибек жолы», 2016.-17-18 б.
2.Қазақстан Республикасының Президенті Жарлығы. «Қазақстан-2050» стратегиясы – қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» // ҚР Президентінің ресми сайты. – Астана, 2012. – [Электрондық ресурс]. Қолжетімді: https://www.akorda.kz (Қол жеткізу күні: 24.02.2025).
3.Сингапур Ұлттық университетінің Азия зерттеулері орталығы. Қазақстандағы экономикалық реформалар және олардың аймақтық ықпалы. – Сингапур, 2023. – [Электрондық ресурс]. Қолжетімді: https://www.nus.edu.sg (Қол жеткізу күні: 24.02.2025).
4.Сингапур Сауда және өнеркәсіп министрлігі. Қазақстанмен экономикалық байланыстар: ресми баяндамалар. – Сингапур, 2023. – [Электрондық ресурс]. Қолжетімді: https://www.mti.gov.sg (Қол жеткізу күні: 24.02.2025).
5.Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрлігі. Қазақстан мен Сингапур арасындағы дипломатиялық байланыстар. – Астана, 2023. – [Электрондық ресурс]. Қолжетімді: https://www.mfa.gov.kz (Қол жеткізу күні: 24.02.2025).
6.Ли Куан Ю. «Сингапур тарихы: Үшінші әлемнен бірінші әлемге». – Алматы: «Мектеп» баспасы, 2020. – 560 б.
7.«Цифрлық Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасы. Қазақстан Республикасының Үкіметі, 2018. – [Электрондық ресурс]. Қолжетімді: https://www.egov.kz (Қол жеткізу күні: 24.02.2025).
8.Дүниежүзілік банк. Қазақстанның инвестициялық ахуалы және реформалар. – Вашингтон, 2022. – [Электрондық ресурс]. Қолжетімді: https://www.worldbank.org (Қол жеткізу күні: 24.02.2025).
9.Азия даму банкі. Қазақстандағы инфрақұрылымдық инвестициялар. – Манила, 2022. – [Электрондық ресурс]. Қолжетімді: https://www.adb.org (Қол жеткізу күні: 24.02.2025).
10.Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрлігі. Қазақстан-Сингапур экономикалық ынтымақтастығы туралы есеп. – Астана, 2023. – [Электрондық ресурс]. Қолжетімді: https://economy.gov.kz (Қол жеткізу күні: 24.02.2025).
11.Смит А. «Халық байлығының табиғаты мен себептері туралы зерттеу». – Астана: «Фолиант», 2019. – 472 б.
12.Карлос Госсен. «Азияның экономикалық серпілісі: Сингапур үлгісі». – Лондон: Oxford University Press, 2021. – 428 б.
13.Сингапур Сауда және өнеркәсіп министрлігі. Қазақстанмен экономикалық байланыстар: ресми баяндамалар. – Сингапур, 2023. – [Электрондық ресурс]. Қолжетімді: https://www.mti.gov.sg (Қол жеткізу күні: 24.02.2025).
14.Халықаралық валюта қоры. Сингапурдың қаржы секторы мен экономикалық өсімі. – Вашингтон, 2022. – [Электрондық ресурс]. Қолжетімді: https://www.imf.org (Қол жеткізу күні: 24.02.2025).
15.Сәбден О. «Қазақстан экономикасы: тұрақты даму стратегиясы». – Алматы: «Экономика» баспасы, 2018. – 312 б.

166 рет
көрсетілді0
пікір