- Мақала
- 02 Шілде, 2025
Ғалымдар Алтай климатын зерттейді

Қазіргі уақытта Алтайдың көз тұндырған тұмса табиғаты ғана емес, шығыстағы бірегей өлкеміздің климаттық жағдайы да ғалымдардың зерттеу нысанына айналды. Жаһандық жылыну салдарынан алақандай ауданды былай қойғанда, тұтастай әлемде климат сан алуан өзгеріске ұшырап отырғаны белгілі. Жылдың төрт мезгілінде үйреншікті болып кеткен ауа райы қазір мың құбылған. Жаймашуақ жазда кенеттен қар жауып, боран соғып кетуі немесе қақаған қыстың аязында нөсерлетіп жаңбыр төгуі таң қалатын жайт емес. Ауа райының өзгерісі тек табиғатқа ғана емес, адамдарға, олардың тұрмысына да әсер етпей тұрмайды. Алысқа бармай-ақ, түнеу жылдары ауданымызда жаз кезінде қуаңшылық болып, тау мен дала, сай-саладағы шөптің бәрі күйіп кетіп еді. Бұған қыстағы қардың аз түсуі, соның себебінен жердің тоң бетінің көктемде жібімегендігі, жаз ортасындағы шіліңгір ыстық пен жауын-шашынның аздығы сияқты климаттық факторлар әсер еткен.
Мінеки, осының салдарынан Алтайдың алты ай қысынан мал басын аман алып шығу үшін катонқарағайлық шаруалар көршілес Үлкен Нарын өңірінен, Ақсу ауылдық округінен мал азығын тасымалдауына тура келген.
Жақында ауданға Германияның Лейпциг қаласындағы Шығыс Еуропа тарихы мен мәдениеті институтының бір топ жас ғалымы іссапармен келіп, Қазақстан Алтайының климаттық жағдайы жөніндегі арнайы жоба аясында зерттеу жұмысын жүргізді. Атап өтерлік жайт, германиялық жас ғалымдар жобасы Өскемендегі С.Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан университетінің ғылыми қызметкерлерімен бірлесе атқарылып отыр. Мамыр айының 26-да Қазақстанға табаны тиген шетелдік ғалымдар екі күннен соң Төр Алтайға жетті. Бұнда оларды ШҚУ «Алтайтану» ғылыми-зерттеу орталығының директоры, PhD Майра Тарлаубайқызы бастап әкелді. Орталық басшысы Әмина Серікқызы, Тимур Елеуов, Ұлту Мұратбекқызы, Аида Жайлаубаева сияқты университеттегі шәкірттерін ерте келді. Алманиялық меймандарды Лейпциг институтының ғылыми қызметкері, тарихшы Андрей Виноградов бастады.
– Өткен жылдың қыркүйегінде өзіміздің елдегі Лейбниц қоры арқылы гранттық жоба алдық, – дейді Андей Виноградов. – Жобаның тақырыбы «Үлкен Алтайдағы еріген таулар, қоршаған орта қоғамы және вертикальді климаттық фронтир» деп аталады. Бұл жоба 2029 жылға дейін жалғасады және профессор Юлия Харцберг жетекшілік етеді. Жоба тақырыбы аясындағы зерттеу жұмысымызбен Қазақстанда айналысқымыз келді, сондықтан, өткен жылдың күзінде Өскемендегі ШҚУ басшылығына бірлескен зерттеу жүргізу туралы ұсыныс-хат жаздық. Қазақстандық ЖОО өкілдері ұсынымызды құп алып, байланысқа шықты. Қазақстанға келе салысымен зерттеу жұмысы аясында «Жазғы мектеп» ұйымдастырдық. Ондағы мақсатымыз – Лейпциг институты мен ШҚУ қызметкерлерін, студенттерін қатыстыру. Осылайша, Қазақстанның Алтайына алғаш рет табанымыз тиіп, зерттеу жұмысымызды бастап кеттік.
А.Виноградов өзімен бірге зерттеу жұмысымен айналысуға 5 адам ертіп әкелген. Олардың қатарында Лейпциг институтының магистранты, қытайтанушы Муштари Мамаюсупова (Өзбекстан тумасы), саясаттану магистранты Антон Фролов, антропология магистранты Юрий Снегирев және геолог-гляциолог (табиғи мұзды зерттейтін маман) Алексей Литвинов сияқты жас ғалымдар бар.
Жоба аясындағы алғашқы күні ғалымдар Катонқарағай ауданының тұрғындарымен жүздесіп, олардан сұхбат алды. Сондай-ақ аудандағы Берел қорғаны, Рахман қайнары сияқты киелі орындарды, петроглифтер орналасқан жерлерді аралады.
– Зерттеу жұмысы аясында 30 сұхбат алынды. Ондағы мақсатымыз – өңірдегі ауа райының өзгерісі турасында қоғам тарапының көзқарасы мен пікірін білу. Сұхбат алған адамдардың ішінде малшылар мен диқандар, білім беру, мәдениет, денсаулық сақтау қызметкерлері, аға буын өкілдері мен қарапайым аудан тұрғындары бар. Бұдан кейін шаруалардың күнделікті жұмысымен таныстық. Жергілікті баспасөз беттерінен өңір табиғатының ескі фотосуреттерін іздестірдік, оларды тауып, қазіргі кезімен салыстыру жұмысын жүргіздік. Байқағанымыз, Қазақстанда орналасқан Алтай аймағы климаттық тұрғыда соншалықты өзгеріске ұшырай қоймаған. Өйткені бұл жақ таулы аймақ болғандықтан, барлық климаттық үдерістер баяу жүреді, – дейді шетелдік ғалымдар.
Зерттеу жұмысының келесі кезеңінде ғалымдар Катонқарағай ауданынан алынған сұхбаттар мен сауалнамаларды зерттеп, талдау жасайды. Жоба аясында шетелдік ғалымдар Алтайдағы климаттық өзгерістер жөнінде арнайы кітап шығарып, деректі фильм әзірлейтіндігін айтты.
Тимур Серікхан
Катонқарағай ауданы

188 рет
көрсетілді0
пікір