• Мақала
  • 02 Шілде, 2025

Тарихи география ел шекарасын шегендейді

Мемлекеттің тарихи дамуы мен дербес территориясының қалыптасуы өзара тығыз байланысты ұғымдар. Жер бетіндегі әрбір тәуелсіз елдің өз территориясы бар және бүкіл билік пен оның институттарының қызметі осы аумақта іске асырылады. Әлеуметтік-экономикалық даму, қоғамның тыныс-тіршілігі, мемлекеттің болашағы  осы аумақ шеңберінде анықталады. Сондықтан да қазіргі таңда тарихи география зерттеулері өзектіленіп отыр. Бұл бірнеше ғылымның басы тоғысқан күрделі сала. Тарихи география ел тарихын географиялық кеңістік пен уақыт аясында – нақты территория негізінде зерттейді. Алматы қаласындағы Ұлттық кітапханада Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінің Еуразия ғылыми-зерттеу институты ҚР Президенті жанындағы Ұлттық ғылым академиясының қолдауымен өткізген «Орталық Азияның тарихи географиясы: уақыт, кеңістік, жады» атты ІІ Халықаралық ғылыми конференцияда ғалымдар тарихи география саласындағы жаңа зерттеулерді талқылап, тың деректерді ортаға салды.  
 

Халық пен оның географиялық территориясын бірлікте зерттеуді мақсат тұтатын тарихи ғылым саласы елімізде көп жыл бойы кенже қалып келді. Қазіргі уақытта осы олқылықтың орны тола бастады. Мемлекеттің тарихи шекарасы қалай қалыптасты, ежелде бұл жерді кімдер мекендеді – бұның бәріне тарихи география зерттеулері жауап береді. Дереккөз ретінде көне карталар, шежірелер, жылнамалар, саяхатшылардың жазбалары, археологиялық және филологиялық мәліметтер алынады. Осы орайда «Орталық Азияның тарихи географиясы: уақыт, кеңістік, жады» атты ІІ Халықаралық ғылыми конференцияда ғалымдар орта ғасырлар мен жаңа заман кезеңіндегі көне тарихи карталар, картографиялық және тарихи-географиялық деректер негізіндегі Орталық Азияның географиялық кеңістіктегі саяси, әлеуметтік-экономикалық, рухани-мәдени өзгеруі мен дамуы, тарихи-мәдени және географиялық ландшафттар эволюциясының бейнеленуі, қоршаған орта туралы түсінік пен білім, тарихи географияның дәстүрлері мен жаңа зерттеу бағыттары жөнінде ой-пікір бөлісті. Іргелі ғылыми бағдарлама шеңберінде өткізілген конференция жұмысына Иран, Чехия, Түркия, Жапония, Ресей, Әзербайжан, Қырғызстан, Тәжікстан, Өзбекстан және басқа елдердің белгілі ғалымдары мен жас зерттеушілер қатысты. 
Ғылыми конференцияны Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінің ректоры Жанар Темірбекова ашты. «Орталық Азияның тарихи географиясына арналған жоба осы аймақтың тарихы мен географиясын зерттеп жүрген жетекші ғалымдарды біріктірді. Тарихи географияның заманауи бағыттары, Орталық Азияның картографиясы, тарихи-мәдени мұра және этникалық кеңістіктер, көне сауда жолдары және интеграция, сакральді география мен діни ландшафтар, жады мен бірегейлік мәселелері – жаңа технологиялар мен географиялық ақпараттық жүйе (ГАЖ) қолдауымен зерттеу нысанына айналды. Осы тектес жобалар арқылы Орталық Азияның тарихы мен мәдениетін тереңірек танып білуге мүмкіндік аламыз, жаңа ғылыми бағдарларға, тың идеялар мен нәтижелерге, ізденістерге жол ашылады», – деді ХҚТУ ректоры Жанар Темірбекова. 
Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетіне қарасты Еуразия ғылыми-зерттеу институтының директоры Суат Бейлур өз сөзінде «Орталық Азияның тарихи географиясы» жобасы институт қызметіндегі маңызды бастама екенін және жоспарға сәйкес биыл аяқталатынын жеткізді. 
«Бүгінгі конференция тарихи географияның негізгі элементтерін қамтиды. бұл элементтер Орталық Азия контексінде өте маңызды, өйткені трансформация­лар, мәдени байланыстар мен географиялық ығысу бұл аймақтың бірегейлігін қалыптастыруға ықпал етті. Тарихи география уақыт ағымына сай кеңістік эволюциясын, уақыт пен халық жадын түсінуде маңызды рөл атқарады. 
Орталық Азияда ғасырлар бойы халықтардың орналасуы, мәдени ландшафтар, империялар мен шекаралардың өзгеріп отыруы дұрыс интерпретация жасауды қажет етеді. Сондықтан да бүгінгі конференцияға 15 елдің ғалымдары қатысып отыр. Бұл Орталық Азияның кеңістіктік тарихына жаһандық қызығушылықтың көрінісі», – дей келе, Суат Бейлур мырза конференцияға қатысушыларға сәттілік тіледі. 
Айтулы іс-шара аясында Қожа Ахмет Ясауи атындағы ХҚТУ және ҚР Президенті жанындағы Ұлттық ғылым академиясы арасында меморандум түзілді. Құжатқа ҚР ҰҒА вице-президенті Абай Серікқанов және ректор Жанар Темірбекова қол қойды. Меморандум мақсаты – ғылым мен білім саласындағы ғылыми қызметтің тиімді дамуына және нәтижелілігін арттыруға, оның мемлекеттің, экономиканың және Қазақстан қоғамының сұранысын арттыруға жәрдемдесу үшін тараптардың жемісті ынтымақтастығын ұйымдастыру. Сондай-ақ екі тарап ғылымды насихаттауға ықпал жасау және Қазақстанда ғылым мен технологияларды насихаттау әдістемесін әзірлеу жөнінде уағдаласты. Бұл келісімдерді іске асыру ғылымды насихаттау ісіне де серпін берері сөзсіз. 
Конференция барысында ғалымдар төрт негізгі секцияға бөлініп, кең ауқымды тақырыптарды талқылады, олар: тарихи картография, ұлттық бірегейлік, ұлттық жады, геосаяси өзгерістер, экономикалық география, тарихи топология және т.б. 
Тарих ғылымының кандидаттары Зибагүл Ильясова және Меңдігүл Ноғайбаеваның жоба аясындағы зерттеуі «Орта ғасырлық араб деректеріндегі Маңғыстау және Үстірттің тарихи географиясы» деп аталады. Тарихшы әрі араб тілінің маманы Зибагүл Ильясова өз баяндамасында Х ғасыр шамасында жазылған араб зерттеушілерінің еңбектеріндегі Маңғыстау, Үстірт өңірінің тарихы жөнінде маңызды деректер келтірді. 
«Әл-Балхидың «Жеті ықылымның бейнесі» (920 жылдары жазылған), әл-Истахридің «Китаб әл-масалик уә мамалик» (961 ж.), ибн Хаукалдың «Жер келбеті» еңбегінде қазіргі Маңғыстау «Сияһ-Куһ» (парсыша Қара тау) деп аталған және мұнда түркі тайпалары мекендейді деп жазылған. Йақұт әл-Хамауи «Елдер сөздігі» деген еңбегінде «Манқашлағ» деген қамал атауын келтіреді. Бұл қамал Хорезм, Саксин және орыстар елінің арасында, Жейхун өзені құятын теңіздің төңірегінде орналасқаны айтылған», – дейді тарихшы З.Ильясова. 
Конференция кезінде «Орталық Азияның тарихи географиясы» жобасын іске асырып жатқан ғалымдардың бірі – белгілі тарихшы, картограф, Абай атындағы ҚазҰПУ-дің «Шығыс қолжазба мұрасы» халықаралық деректану орталығының қызметкері Нұрлан Кенжеахметке бірнеше сұрақ қойған едік. 

«Қазақстанның үш мың жылдық территориясының  шекарасын көрсететін еңбек әзірлейміз»

– Нұрлан Кенжеахметұлы, Қазақстан мен Орталық Азияның тарихи географиясына арналған жоба несімен өзекті? 
– Жалпы Қазақстан мен Орталық Азия үшін қазіргі таңда тарихи географиялық зерттеулердің маңызы зор. Аталған жобаны іске асыру үшін біз Ғылым және жоғары білім министрлігінің мақсатты қаржысын ұтып алдық. Бұл екі жылдық жоба. Негізгі идеясы – Қазақстан мен Орталық Азияның ежелден бергі тарихи-географиялық аумағын ғылыми түрде дәлелдеу. Мемлекет шекараларын тарихи дерек, архивтер мен көне карталар арқылы анықтауға болады. Әсіресе тарихи карталардың маңызы ерекше. Жалпы дүние жүзінің әр елінде сақталған көне карталарда қазақ жері туралы деректер көптеп кездеседі. Мәселен АҚШ-та Орталық Азия бойынша 13 мыңнан астам карта бар. Еуропада сақтаулы V– XVI ғасырлардағы карталарда қазақ даласындағы топонимдер бар. Ибрагим Мютеферрика басып шығарған Орталық Азияның алғашқы осман картасында Ұлытау өңіріндегі Болған ана, Талмас ата атаулары және басқа топонимдер жазылған. 
Біз жоба жұмысы кезінде Австриядан Орталық Азияға қатысты латын және Батыс Еуропа тілдерінде жазылған бірнеше картаның көшірмесін алып келдік. Тайваннан Қазақ хандығына қатысты көне қазақ тілінде жазылған құжат табылды. Бұл – 1883 жылы Барлық қазақтары туралы жазылған келісімшарт.  
Біз жоба аясында ғылыми зерттеулерге негізделген интерактивті карта әзірледік, ол үшін көне тарихи карталарды қазіргі Google картасымен бірлестіріп, көне жер атауларын енгіздік. Мысалы Тараз қаласын алсақ, қазіргі елді мекеннің жанына сол өңірдегі көне атауларды білдіретін белгілер қойылады. 
– Сіздер қарастырған көне карталар қай кезеңдерді қамтиды? 
– Біздің жобамызда ХІ ғасырдан ХІХ ғасырға дейінгі карталар қамтылды. Бұл Қараханидтер кезеңінен Қазақ хандығы заманына дейінгі тарихи уақыт. Шетел архивтерінде, кітапханаларында сақтаулы карталарда осы аймақ туралы маңызды деректер бар. 
Интерактивті картаны әзірлеуге Түркияның Технология университетінің мамандары атсалысты. GS технологияларының көмегімен әзірленген кәсіби интерактивті карта көлемді және жан-жақты ақпаратты бейнелі түрде көрсетіп береді және мәліметтерді жылдам, автоматты талдау жасауға болады. 
– Бұл зерттеулер Қазақстанның жер аумағы туралы жат пиғылды пікірлерге нүкте қоя ала ма? 
– Қазір кейбір елдерде тарих ғылымын саясат үшін пайдаланады, тарихи шындықты бұрмалап жазады. Ондай көріністер расымен де бар. Тарихи география көне картографиялық деректерді негізге алады және бұл нақты дәлел болып есептеледі. Бұндай зерттеулер тарихи деректану, картография салаларын қамтиды және шекара туралы оғаш пікірлерге тойтарыс береді. Мен қазір Орталық Азияның біздің дәуірімізге дейінгі ІІІ ғасырдан бергі тарихи географиясын зерттеп, ғылыми еңбек жазып жатырмын. Тарихта бәрі дәлелге, дәйекке құрылады, сондықтан кез келген тұжырым ғылымға негізделуі керек. 
– Сіз бір сұхбатыңызда қазіргі «Қазақстанның шекарасы Абылайхан тұсында көрші елдер тарапынан мойындалған» деген едіңіз. Кейінгі зерттеулер бұл жөнінде не дейді? 
– 1766 жылы Қытайдың Чянлуң дейтін патшасы Пекинде Еуразия картасын сыздырған. Қазақ хандығы мен Чиң (Цинь) империясы арасындағы шекара сол картада анық көрсетілген. Демек Қазақстанның қазіргі шығыс шекарасы Абылайхан тұсында шегенделген. Бұған ешкімнің таласы жоқ. Одан бұрынғы Алтынорданың аумағы туралы деректер де бар. Оның алдындағы Қыпшақ мемлекеті, кимектер Ертіс өзені бойын алып жатты. Арғы ата-бабаларымыз – көк түріктер, ғұндарға жалғасып кете береді. Олар мекен еткен жердің шекарасын дәлелдеу де қиын емес. Ғұндардың территориясы тіпті сонау Инган тауларына дейін жеткен. Ол тарихи факт. Енді соның бәрін жүйелеп, ғылыми айналымға түсіріп, атлас шығару керек, тарихи идея ретінде санаға сіңіру керек. Біз осы бағытта Қазақстанның үш мың жылдық территориясының шекарасын көрсететін еңбек әзірлеп жатырмыз. Қазақстан мен Орталық Азияның тарихи географиясына арналған зерттеулер жалғасады. 
– Әңгімеңізге рақмет!
                              

  Дина ИМАМБАЙ,
«Aqiqat»

 

 

182 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

AQIQAT №1

30 Қаңтар, 2025

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Дәуіржан ТӨЛЕБАЕВ

«Ақиқат» ұлттық қоғамдық-саяси журналының Бас редакторы