- Мақала
- 02 Шілде, 2025
ЕЛІМІЗДІҢ ЖАҺАНДЫҚ БАСТАМАЛАРЫ – БЕЙБІТШІЛІК ЖОЛЫ

Дәуіржан ТӨЛЕБАЕВ,
«Aqiqat» журналының
бас редакторы
Тәуелсіз мемлекет болған соң, ішкі және сыртқы саясатымыздың бекем болмағы маңызды мәселе. Халықаралық деңгейде өзге де тәуелсіз мемлекеттермен әріптестік байланыс орнату, экономикалық, мәдени-гуманитарлық, сауда-саттық бағыттарында қарым-қатынасты нығайту даму көрсеткіштерін арттырып қана қоймай, әлемдік рейтингтегі көрсеткіштерімізді де жақсарта түсетіні кәміл.
Қазақстанның сыртқы саясаты тәуелсіздік жылдары ішінде кемеліне келген, төртүкіл дүниемен терезесін тең ұстай білетін сындарлы саясат екенін бүгінгі таңда халықаралық сарапшылардың бәрі дерлік мойындаған ақиқат. Еліміздің бейбітсүйгіштік позициясы, бейбітшілікке үндеген бастамалары, дінаралық татулық, достық мәселелерін ілгерілету жағдаяттары, басқыншылық, соғыс әрекеттерін, лаңкестік оқиғаларды қатаң айыптауы мемлекетіміздің әлемдік саясаттағы өз үні, өз дауысы бар ел екенін танытты. Қазақстанның бастамашылдығымен өтіп жатқан халықаралық беделді жиындар, форумдар, Қазақстан мемлекеті тарапынан күн тәртібіне қойылған жаһандық мәселелердің бірде бірі саясаттанушылардың назарынан тыс қалған емес. Осы уақытқа дейін еліміз бірқатар беделді халықаралық ұйымдар мен платформаларға төрағалық еткені мәлім. Солардың ішінде Шанхай ынтымақтастық ұйымына, Түркі мемлекеттері ұйымына, Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары жөніндегі кеңеске, Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымына, Орталық Азия мемлекеттері басшыларының консультативтік кездесуіне және Халықаралық Аралды құтқару қорына табысты төрағалық етіп, көптеген жаһандық мәселелерді күн тәртібіне қойды. Бұл бастамалар, сөзсіз, еліміздің әлемдік дәрежедегі дипломатиялық мүмкіндіктерін кеңейтті. Қазақстанның Су диломатиясы аясында 2024 жылы Қытаймен, Ресеймен және Орталық Азия елдерімен трансшекаралық өзендер бойынша 35-ке жуық отырыс өткізілсе, былтырғы жыл Орталық Азия мемлекеттерімен көпжоспарлы ынтымақтастықты нығайту тұрғысынан да серпінді жыл болды. Астана процесі аясында Сирия дағдарысы бойынша келіссөздер жүргізілгенде күллі әлемнің назары Елордаға ауды. Бұл да еліміздің әлемдегі бейбітшілікті сақтауға, нығайтуға жасаған қадамдарының бірі де бірегейі.
Қауіпсіздік мәселесі Қазақстан мемлекетінің сыртқы саясаттағы басты ұстанымдарының біріне айналғанын төрткүл дүние жақсы біледі. Қазақстанның көп векторлы саясаты, барлық елдермен бір дәрежеде сөйлесіп, дипломатиялық қарым-қатынас жасаудың өзіндік, бірегей үлгісін қалыптастыра білгеніміз де мамандар тарапына жиі қозғалып, айтылып келе жатқан мәселе. Маусым айының 12-і күні Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Түркі мемлекеттері Парламенттік ассамблеясына мүше елдер парламенттерінің спикерлерімен кездесуінде: «Парламенттік ассамблея – өте маңызды саяси құрылым. Қазақстан бұл Ұйымды барынша қолдайды. Мен өзім он жыл бойы Сенат төрағасы ретінде жұмыс істедім, парламентаралық байланыстарға белсенді түрде қатыстым. Жалпы, Парламенттің жұмысын жақсы білемін, түсінемін. Қазір Парламенттік Ассамблея аясындағы бірлескен күш-жігеріміздің арқасында түркі ынтымақтастығы жылдан жылға нығайып келе жатыр. Бұл – өте жақсы үдеріс, себебі тұтас түркі жұртының халықаралық беделі мен ықпалы да арта түсуде. Ең бастысы, елдеріміздің арасында өзара жақындасуға деген талпыныс бар. Қазақстан алдағы уақытта да түбі бір түркі халықтарының жан-жақты ынтымақтастығын дамыта беруге мүдделі» деді.
Аталған кездесудің түркі ынтымақтастығын нығайтудағы маңызы ерекше болғаны сөзсіз. Яғни, еліміздің халықаралық деңгейде қолға алған іс-шаралары уақыттың үдесінен, халқымыздың мүддесінен туындап отырғаны айдай ақиқат. Сонымен қатар ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев 29 мамыр күні БҰҰ-ның жоғары өкілдерімен өткізген кездесуінде геосаяси тұрақсыздық белең алған кезеңде БҰҰ өзінің әмбебап әрі баламасыз сипатын сақтап, бейбітшілік, қауіпсіздік және дамуды қамтамасыз ету ісіндегі бірегей Ұйым ретінде қала беретініне сенім білдірді. Қасым-Жомарт Кемелұлы Астана халықаралық форумына БҰҰ-ның беделді өкілдерінің қатысуы сан қырлы әрі сындарды диалогтың баршаға ортақ екенін атап өтті.
Қазақстанның сыртқы саясаты – әлемдегі сын-қатерлерді дер шағында ескеріп, соған қатысты өзінің позициясын айқын әрі ашық білдіруі бұл – еліміздің сыртқы саясаттағы, дипломатиядағы нақты қадамдарының бірі. Сыртқы саясаттың, жаһандық дипломатияның қыр-сыры көп екені мәлім. Ол кейде оттың үстінде жалаң аяқ жүргенмен бірдей тәуекелдері бар екенін жоққа шығаруға болмайды. Адамзат баласы жаһандық жаңа дәуірге, бұрын-соңды болмаған геоясаяси текетірестер жағдайында өмір кешуде. Бейбіт әлемді сақтау, жаһандық ынтымақтастықты нығайту, мемлекеттер арасындағы ауызбіршілікті, өзара түсіністікті сақтау күннен күнге қиындап келе жатқан заманда сыртқы саясаттағы әрбір айтылған сөз, қазақ атамыз айтқандай, атылған оқпен тең. Сол себепті де Қазақстанның жаһандық бастамалары өзінің өзектілігімен, өміршеңдігімен, саяси көкейкестілігімен ерекшеленіп келеді.
Сөз реті келіп тұрғанда айта кетейік, Биыл Астана халықаралық форумының Пленарлық сессиясында Мемлекет басшысы әлемде қалыптасып отырған жағдайды «жолайрық, халықаралық қатынастардағы сын сағаты» деп сипаттады. Алдымызда таңдау тұрғанын айтты. «Қандай шешім қабылдаймыз, қандай құндылықтарды қорғаймыз?» деді. Дүниежүзін қақтығыстар мен соғыс өрті жайлап бара жатқанын, былтырғы мәліметке сәйкес, 52 мемлекет қарулы қақтығыс жағдайында тұрғанын, ал осындай қатыгез әрекеттерден келген экономикалық шығын 19 триллион долларға жеткенін, бұл шамамен, әлемдік ІЖӨ-нің 13,5 пайызы екенін тілге тиек етті. Аталған факторлар бейбітшіліктің берік орнауына кедергі келтіруде. Қасым-Жомарт Кемелұлы атап өткендей, әлемдегі осы тектес шиеленістердің жаһанға мүлдем жаңа түсінік пен құндылықтар ұсынып, адамзатты түбегейлі түлеген, бірақ әзірге беймәлім келешекке бастап бара жатқан жасанды интеллектінің даму трендімен еш үйлеспеуі – алаңдаушылық туғызатын дүние. Осы ретте ел Президенті жаһандық қауіпсіздікке төнген қатерге тек геосаяси сипат тұрғысынан қарамау керектігін алға тартты. «Әлемдегі қазіргі ахуал өзгеріп жатыр. Мультилатерализмнің үні құмыққанда, протекционизм өршиді. Осындай бей-берекет кезеңдегі біздің міндетіміз – ынтымақты қатаң сақтау, ыдыраған тұсын қайта қалпына келтіру. Қазақстан қазіргідей алмағайып заманды сындарлы ықпалдастық тұрғысынан қарастырады. Сыртқы саясатта жікке бөлінбей диалогқа келуді, кез келген елдің егемендігін құрметтеуді басшылыққа аламыз. Әсіреұлтшылдық танытып, өзге халықтардың тарихы мен мәдени дәстүрлерін менсінбеуге жол берілмейді. Аз халықтардың ана тілінде сөйлеп, төл мәдениетін дәріптеуіне құрметпен қарау қажет. Сондықтан Қазақстанда «Бірлігіміз – әруалуандықта» қағидатын қатаң ұстанамыз» деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Астанада өткен биылғы форумның тақырыбы – «Ақыл-ой қосу арқылы келешекті бағдарлау» деп аталды. Президенттің пайымдауынша, бұл – біздің үндеуіміз әрі қалтқысыз сеніміміз.
Иә, Мемлекет басшысы орынды айтқандай, жаһандық сын-қатерді жалғыз еңсеру мүмкін емес. Бұл үшін дипломатия ресми протоколдың тар шеңберінен шығып, анағұрлым терең әрі адами қалыптағы қарым-қатынасқа төр ұсынуға тиіс.
Қасым-Жомарт Тоқаев алқалы жиында әлем дүниежүзілік дамудың жаңа кезеңіне қадам басқанын ашық айтты. Демек, адамдар арасындағы сенім, білім-тәжірибені бөлісу және азаматтық қоғамның ынтымақтастығы халықаралық қатынастардың жаңа іргетасын қалайды. Сондықтан ықпалдастықтың аясы кеңейе бермек. Бұл тұрғыда Қазақстан идеяның кені, араағайындық шешімдердің архитекторы және түрлі өңірлер мен мәдениеттердің серіктесі ретінде осы өзгерістерге үлес қосуға дайын екенін жеткізді.
Қазақстанның сыртқы саясаттағы жеңісті де жемісті жолы, әлбетте, тек қана жаһандық мәселелерді шешуге мұрындық болуынан ғана көрініс тауып отырған жоқ. Бұл ең алдымен үйлесімді, ұғынықты, таразының екі басын тең ұстаған сындарлы саясат. Жаһандық саясатта өз орны бар ел ретінде Қазақстан мемлекеті әлемдік дәрежедегі көптеген маңызды шешімдерді жүзеге асыруға мүдделілік танытып келеді. Олардың арасында іске асып, оң нәтиже бергендері қаншама. Қазақстанның өз еркімен ядролық қарудан бас тартып, Семей полигонын жапқаны да әлемдегі бейбітшілікті сақтауға бағытталған саяси ірі қадамы болғаны сөзсіз. Иә, айта берсек, іске асқан, өз мұратына жеткен мұндай бастамалар аз емес.
«Айналаңды таспен емес, доспен қорша» деген қағиданы берік ұстанған ел ретінде Қазақстан саяси ерік-жігерімен бірге өміршең, прогрессивті идеялардың ұйтқысы, татулық пен достықтың жақтаушысы әрі сақтаушысы, ынтымақтастық мәселелерін көздің қарашығындай сақтаушы, әріптестік байланыстардың айнасына қылау түсірмей ардақтаушы ел ретінде маңызды қадамдар жасап келеді. Бүгінгі таңда мемлекеттердің өсіп-өркендеуі сындарлы сыртқы саясатына да тікелей байланысты болып отыр. Сондықтан, халықаралық беделі бар жиындарды ел төрінде өтіп, оған танымал саясаткерлердің, беделді сарапшылардың көптеп келуі – Қазақстан дипломатиясының әлемде кең қанат жайғандығының белгісі. Оның оң әсері, сөзсіз, өз нәтижесін береді.

174 рет
көрсетілді0
пікір