- Мақала
- 24 Шілде, 2025
«Манас» эпосы – қырғыз мәдениетінің алтын діңгегі
Нұрлан СӘРСЕНБАЕВ, этнограф, жазушы
Ұлы далада жасаған ежелгі түркі тілдес халықтардың сан ғасырлық кәрі тарихына зер сала қарасақ, адамзат баласына өшпес мәдениет қалдырып кеткенін ешкім жоққа шығара алмайды. Өйткені, ұлы даланың «қазанында қайнаған» көшпенді халықтардың арасында түрлі нәсілдер, тілдер, тайпалар, діндер өзара мәдениет арқылы тоғысып, өркениеттің «алтын бесігін» қалыптастырды.
Ұлы даладағы көшпенді елдің өмір жолы кескілескен шайқастар мен жорықтарға толы аса ауыр тағдырды бастан кешірген ірі-ірі тарихи құнды оқиғалармен сабақтасып жатты. Ежелгі көшпенді елдің ішінде бірге жасап келген түркі халқы алмағайып зар заманды бастан кешірсе де өздері қалыптастырған Ұлы дала өркениетінің отын өшірген жоқ.
«Дала өркениетінің этникалық сипаты әртүрлі болды, ол бір халықпен (этноспен) жәні бір дінмен шектелмеді. Көшпенділер алуан түрлі тілде (түркілер, моңғолдар, парсылар) және түрлі нәсілге жататын (моңғолоидтар, еуропоидтер және аралас нәсіл түрлері) халықтардан құралады. Олардың ұстаған діні де әртүрлі (тәңіршілдік, зороастризм, буддизм, ислам) болды. Оларды «туыстастырған» және біріктірген ұлы дала мен көшпенді малшаруашылығы еді» (З.А.Джандосова. «Қазақстан тарихы», 10-сыныбына арналған оқулық, Алматы, «Мектеп» баспасы, 2019 ж. 28-бет). Міне, осыдан Ұлы даладағы көшпенді халықтардың құрамы сан алуан екенін байқау қиын емес.
Қазір ғалымдар Орталық Азияның саяси-географиялық аймағы ретінде Қазақстан, Өзбекстан, Түрікменстан, Қырғызстан, Тәжікстан секілді бес мемлекетті жатқызады. Орталық Азия елдерінің тарихы мен мәдениеті туралы Ресей, Қытай, Иран, Араб және түркі халықтарынан шыққан ғалымдардың жазбаларында мол мәліметтер кездеседі. Тарихи деректерде Орталық Азия өркениетінің ежелгі тоғыз ошағы болғаны туралы айтылады. Олар: Маргут (Маргиандық), Бактрия, Хорезм, Соғды, Ферғана, Шаш, Сырдария жазирасы, Жетісу және Шығыс Түркістан. Бұл өркениет одақтары сан ғасыр бойы Ұлы далада өмір сүрген көшпенді халықтардың өзара мәдениет алмасуына, сауда айырбас жасауына, тіл табысуына, тіпті ежелгі Шығыс өркениеттерімен байланыс орнатуына алтын көпір рөлін атқарды.
Біз сөз етпекші болған Орталық Азияның ежелгі тұрғыны болған қырғыз халқының маңдайына біткен, әлем ауыз әдебиетінде маңызды орын алған «Манас» эпосына қарай атбасын бұралық. Ол тек қырғыз халқының ұлттық құндылығы ғана емес, Ұлы дала көшпенділер тарихында бақ жұлдызы жарқырап, күллі әлем өркениетінің биік төрінен орын алған түркі халықтарының тарих, шежіре, салт-дәстүр, тіл, дін секілді жақтардан жан-жақтылы мағлұмат беретін энциклопедия тектес теңдессіз мұра.
Аумалы-төкпелі алмағайып заманда өмір сүрген қырғыз халқының тарихы тым арыда жатыр. Олардың ежелгі атамекені оңтүстік Сібірдің батыс бөлігіндегі Енисей өзенінің жоғары өңіріндегі жерлер болған. Қытай жылнамаларында «қырғыз» этнонимі туралы алғашқы дерек біздің заманымызға дейінгі ІІІ ғасырда кездеседі.
Сан ғасырды бастан кешірген қырғыздардың тарихы сонау көне замандағы Орхон-Енисей ескерткіштерінде, түркі тілді тарихи жазбаларда, ескі шежірелерде, Қытай жылнамаларында жиі кездеседі.
«Қырғыздар «заманымыздың ІІІ ғасырларында, олар шығыста Байқал көлінің батысы, батыста Балқаш көлінің солтүстігі, оңтүстікте Жоңғар ойпаты мен Баркөлдің солтүстік өңірлері, солтүстікте Енисей өзенінің орта аңғарындағы кең байтақ далада көшпенді мал шаруашылығымен шұғылданған. Кейін олар Енисей қырғыз хандығын құрып, өз мәдениетін дамытып, Орта Азия тарихында өшпес із қалдырады» («Манас», Шыңжаң халық баспасы, сәуір, 2014 жыл. 1-бет).
Қырғыздар тарих сахнасынан ерте бой көрсеткен батыр да, ер жүрек халық. «Шиң патшалығынан бұрынғы Хан, Таң патшалықтары дәуірлерінде Енисей өзенінің жоғары аңғары мен Алтай тауларында жасап жатқан қырғыз тайпасы, Үш патшалық дәуіріне келгенде «үш түмен қолы бар» құдыретті тайпаға айналған еді. Олар ежелден Қытайдың Орта жазығымен тығыз байланыста болған. 840 жылы ұйғыр хандығы құлайды да қырғыз хандығы құрылады. Таң патшалығымен тығыз қатынас сақтайды. Сол шақта 10 түмен халқы, 8 түмен қолы бар, территориясы шығыстан Енисей өзенінің ең үлкен тармағы Ангара өзенін, оңтүстікте бүгінгі Жемсарының батыста солтүстігімен Алтайдың батысын, батысы Күшарды, солтүстігі Жемсарыны шекара еткен үлкен хандық болған» (Жұңго ұлттары», 2017 жыл, 2-сан, 53-бет).
Қырғыз ұлтының тарихына назар аударған ғалымдар «қырғыз» атауы түрік сөзінен келіп шыққан деп қарайды. Әр дәуірде өмір сүрген ғылымдар мен зерттеушілердің көзқарасына талдау жасай отырып, «қырғыз» сөзінің мағынасын мына бірқатар түйіндерге жинақтауға болады.
Бірінші, «қырғыз» деген атау «қырық жүз» деген сөзден келіп шыққан. Мұндағы «жүз» сөзі ру деген мағана берсе, «қырғыз» деген сөзді «қырық ру» немесе «қырық рулы ел» деп атауға әбден болады.
Екінші, Қытайдың тарихи шежірелерінде «қырғыз» атауы қырдағы оғыздар деген мағына білдіретін болып «қыр оғыз» деген сөзден келіп шыққан деп қарайды да, арғы тегін Оғыз ханмен байланыстырады.
Үшінші, аты әйгілі Әбілғазы Баһадүр ханның «Түрік шежіресі» мен татар халқынан шыққан көрнекті тарихи-шежіреші Құрбанғали Халидидің «Тауарих хамса» («Шығыстың бес тарихы») атты кітаптарында: «Оғыз ханның Қырғыз атты немересі болған» деген дерек айтады. Бұл екі тарихты «қырғыз» сөзін Оғыз ханның немересі деп ашалап түсіндіреді.
Төртінші, «қырғыз» атауы «қыр оғыз» деген сөзден келіп шыққан деседі, мұнда «қыр» сөзі ежелгі қырғыз тілінде тау деген мағынаны, ал «оғыз» сөзі үлкен өзен деген мағынаны білдіреді екен. Қырғыздардың арасындағы «қырғыздың атасы – тау, анасы – су» деген сөз осының айқын дәлелі болады деп қарайды кей ғалымдар.
Бесінші, «қырғыз» атауы «қыр кес» деген сөзден келіп шыққан дейді. Мұндағы «кес» сөзі парсы тілінде кісі дегенді білдіреді, осы екі сөздің қосындысынан «қыр кісісі» деген мағына келіп шығады.
Алтыншы, «Қырғыз» атауы «қыр кез» деген сөзден келіп шыққан дейді, бұл тау кезіп жүргендер немесе тау адамы дегенді білдіреді. Өйткені өмір бойы ат құлағында ойнаған көшпенді қырғыз халқының сайын далада тау-тасты кезіп өмір сүретін жауынгер екені талассыз шындық. Қырғыз ұлты талай-талай ғасырдың белін аттап, зар заманды бастан кешірсе де тарих шежіресін, тілін, салт-дәстүрін, мәдениетін жоғалтпаған өркениетті халық. Орталық Азияның ежелгі тұрғыны болған аты әйгілі осы халыққа кәрі «қырғыз» деген есімді сыйлайды.
«Манас» эпосын танудың алтын арнасы Қырғыздар – Орталық Азияны мекендеген түркі тілдес байырғы халықтың бірі. Олар негізінен Қырғызстанда тұрады. 2022 жылғы санаққа қарағанда Қырғызстандағы әр ұлт халқының жалпы саны 7 миллионнан асқан. Мемлекетінің астанасы және ең ірі қаласы – Бішкек. Қырғыз ұлтының бір бөлігі Ресей, Өзбекстан, Қытай, Қазақстан, Тәжікстан, Түркия, Ауғанстан, т.б. елдерге бытырай қоныстанған.
Орталық Азияда жасаған көшпенді халықтар әлем өркениетінің дамуына орасан зор үлесін қосты. «Олардың қару-жарақтарын, сауыт-саймандарын және әскери әдістерін жаулары да, отырықшы көршілес халықтар да ерекше бағалады. Баспаналары мен жерлеу құрылыстары, әскери және жүк арбалары, қарулары мен сауыттары, тоқыма өнері, кілем тоқу үлгілері, еңбек құралдары бар дала мәдениеті техника мен өнердің жоғары деңгейде дамығанын көрсетті. Орталық Азияның ежелгі қалалары сәулет өнері мен қалалық өмірдің даму деңгейімен таңғалдырады» (З.А.Джандосова. «Қазақстан тарихы» жалпы білім беретін мектептің 10-сыныбына арналған оқулық. Алматы. «Мектеп баспасы», 2019 жыл, 61-бет).
Орталық Азияда жасаған көшпенді халықтар мыңдаған жылдар бойы «Ұлы дала өркениетін» ұрпақтан ұрпаққа жалғап, адамзат тарихында өшпес із қалдырды. Соның дәлелі қазіргі Алматы облысының Есік қаласынан табылған «Алтын адам» күллі әлем халықтарының таңдайын қақтырып, тамсандырған өркениеттің озық үлгісі деуге әбден болады. Есіктен табылған «Алтын адам» киімі аң стиліндегі өнермен жасаған. Оның киімінде бұлан, жолбарыс, арқар, ертедегі аңыз-әңгімелерде айтылатын хайуанаттар бейнесі берілген.
Есік қорғанына жерленген бұл жас жігіт ақсүйек әулетінен шыққан ханзада екенінде дау жоқ. «Оның үстінде теріден тігілген тар шалбар, биік етік және жеңі тар бешпет болады. Етік пен бешпетте жапырақшалар түріндегі, ал жағасы мен жеңінде барыс басы бейнеленген жапсырмалар орнатылған.
Бас киімі биік, үшкір ұшты, ою-өрнектермен, таңбалармен, алтын жебелермен және басқада алтын әшекейлермен безендірілген» («Қазақстан тарихы», Алматы, «Мектеп» баспасы, жалпы білім беретін 10-сыныбына арналған оқулық, 2019 жыл, 60-бет).
Ол үстіне 4 мыңға жуық алтын әшекеймен безендірілген, алқызыл күдері киім киген. Бас киіміндегі қанатты аттың кескіні күн күймесі деп те түсіндіреді. Бүркіттің кескіндері де күн құдайын бейнелейді екен. Мұнда «Бас киімнің әшекейлері үш қабатқа бөлінген. Бас киімнің жиегі айналдыра тау және ағаш бейнелерімен көмкерілген. Таудың етегіне жолбарыстар, ешкілер бейнеленген. Ал төбесіне құстар мен қанатты барыстар бейнесі бекітілген. Таулар – әлемдік жоталар. Олар әлемді барлық жағынан қоршап жатыр деп санаған. Бас киімнің төрт жағына да аңдардың бейнеленуі дүниенің төрт бұрышын қорғаушы жануарлардың нышанын білдіреді. Бас киімнің алдыңғы жағында – күн таңбасы, төрт қанатты ат және төрт алтын жебе орналастырылған. Бұл – әлемнің үш қабаты мен дүниенің төрт бұрышына билік құрудың белгісі» (З.А.Джандосова. «Қазақстан тарихы», жалпы білім беретін мектептің 10-сыныбына арналған оқулық, Алматы, «Мектеп» баспасы, 2019 жыл, 66-бет). Міне, бұл «Алтын адам» қазақ халқының баға жетпес жәдігері ғана емес, Орталық Азияда жасап жатқан қырғыз, өзбек, түрікмен, тәжік халықтарының да ортақ мақтанышы.
«Алтын адам» туралы археологтар мен тарихшылар екі түрлі көзқарас білдіріп келеді. Бірі – «Алтын адам» сақ дәуірінің ханзадасы десе, енді бірі – үйсін дәуірінің ханзадасы деген пікірді айтады.
«Алтын адам» туралы тарихшы-ғалым, академик Мәмбет Қойгелдиев «Алтын киімді Бекзада елі» атты мақаласында. «Есік қорғанында, яғни өз атамекенінде мәңгі тыныштық тапқан алтын киімді Бекзада – үйсін қоғамына тән адам, ал Есік қорғаны – тарихи ескерткіш ретінде Үйсін елінен бізге жеткен мәдени мұра. Ол біздің дәуірімізге ІІІ-І ғасырларда Жетісу жерін мекендеген үйсіндер қоғамының өз уақытында экономикалық және мәдени өрлеу кезеңін басынан кешіргенін айғақтайды. Ал үйсіндер болса біздің ұлы ата тегіміз еді» («Қазақ тарихы» журналыны, №2, 2006 жыл, 16-бет) деген таразы басын басатын құнды көзқарасын айтқан еді. Мен осы пікірге келісемін. Жинақтап айтқанда «Алтын адам» Үйсін елінің аса жоғары мәртебеге ие ханы немесе ханзадасы екенінде дау жоқ.
Ал, енді қырғыз халқының даңқын аспандатқан, әлем елдерінің асыл қазынасынан ойып орын алған, теңдесі жоқ шоқтығы биік рухани мұраға айналған «Манас» эпосына қайта оралайық. «Манас» эпосы үлкен сегіз бөліктен құралады. Аса ірі көлемді дастан «Манас», «Семетей», «Сейтек», «Кененім», «Сейт», «Асылбаша – Бекбаша», «Сомбілек», «Шігетай» болып жалғасады. Дастанға Манас батыр және оның үрім-бұтағының қытай мен қалмақтарға қарсы қиян-кескі шайқасы арқау болады.
Манас – қырғыз халқынан шыққан өз дәуірінде аты аңызға айналған алып батыр. Көне шежірелер мен халық арасындағы құйма құлақ қарттардың әңгімелерінде Манас батыр туралы алуан түрлі аңыз-әңгімелер айтылады. «Манас « атауы жөнінде «Манас шежіресі» атты кітапта бір аңыз былай баяндалады: «Ежелгі солтүстік Жібек жолының бойында Манас өзені, Манас қаласы, Манас көлі деп айтылатын жер-су аттары бар. Аңызда айтылғандай, бұл өңір қырғыздардың ат бәйгесін өткізетін жері екен. Осы жерде Жақып атты қырғыз қарияның әйелі жүкті болып он екі ай құрсақ көтергеннен кейін босанып бір кесек ет табады. Ашуланған қария: – Осынша уақыт көтергендегің бір кесек ет пе?! Бұл албасты болып жүрмесін, ұзаққа апарып көміп таста, – дейді. Әйелі: – Бойымыздан пайда болған бір кесек ет қой, ішінде не барын көрмейміз бе? – деп жарып көрсе, еттің ішінен ай мен күндей бір ұл бала шығыпты. Қатты қуанған жұбайлар ел-жұртын жиып, той жасап баласына Манас деп ат қояды. Манас тоғыз жасқа келгенде ат құлағында ойнап мал бағады. Ержете келе арыстандай айбатты, жолбарыстай жүректі болады. Жоқшылық көргендерге үйінен ішер ас, мініс көлік береді. Баласының бұл әрекетін көрген әкесі әйеліне: – Мен саған айтпадым ба? Бұл бала туғанда өзгеше еді, енді қылығы да басқаша болды. Малымызды да шашып құртатын түрі бар, – деп үйінен қуалайды. Сонымен Манас сергелдең күн кешеді. Жиырма жасқа шыққанда қол жиып қырғыздарға ұзақ уақыт үстемдік жүргізген Кермақ дегенді жояды. Қатар-қатар жеңісті соғыстар ашып, жұрт көңілінен орын алады. Манас өлгеннен кейін халық оны есте сақтау үшін ол жүрген жерлердегі өзен, қала, көлдердің аттарын оның атымен атаған. Сөйтіп Манас аты бүгінге жеткен» (Манас шежіресі», Шыңжаң университеті баспасы, 1993 жыл, 438-бет).
Ұзақ уақыттан бері ғалымдар мен зерттеушілер Манас батырдың туған жері мен қайтыс болған жеріне байланысты алуан түрлі, таласты ойлар айтты. Біз енді сол көзқарастарға назар аударалық.
«Жүсіп Мамай Манас батырды Алтайдың Бурылтоғай деген жерінде туып, 63 жасында Талас тауында қайтыс болып сүйегі құпия жерленген дейді. Жоғарыда айтылған Манас батырдың өзіне қастық қылған Көкшекөзді іздеп келген жері: Бесбалық облысы қазіргі Жемсары ауданының солтүстігіне орналасқан» («Шыңжаңның қысқаша тарихы», 1-кітап, Шыңжаң халық баспасы, 1982 жыл. 197-бет). Осы көзқараста айтылған Бесбалық – орта ғасырлардағы көне түркі қаласы. Орны қазіргі Қытайдағы Шыңжаң ұйғыр автономиялы ауданына қарасты Жемсары ауданының солтүстігінде 12 км жерде. Қытай деректеріндегі ақпар бойынша, қаланың алғашқы негізі ғұн, үйсін заманында қаланған.
Ал, енді бір зерттеушілер Манас батыр Текес өңірінде дүниеге келген деген көзқарас айтады. Қытайдың көрнекті манастанушысы Лаң Иің «Манас Текесте туып, «Манас» эпосы тұңғыш рет Текесте қалыптаса бастаған» деген тың көзқарасты ортаға қояды. Осыдан кейін Шинхуа агенттігінің тілшісі Жаң Шиянго беделді «Манас» зерттеушілердің осы жөніндегі материалдарын зерттеу негізінде «Қытайдағы аңыз әдебиетін зерттеу мамандары мен ғалымдары әйгілі эпос «Манасқа» ұзақ жылдар бойы зерттеу жүргізу арқылы Тәңіртау баурайындағы Текес айдынын «Манас» эпосының ең алғашқы қалыптасқан жері, Манастың байырғы жұрты екенін білдіреді» («Шыңжаң қоғамдық ғылым мінбесі», 2009 жыл. 1-сан, 81-бет) деп хабарлайды. Міне осында Манас батырдың туған жері мен қайтыс болған жері туралы зерттеушілер әлі де ортақ пікірге келген жоқ. Бұдан кейін бұл мәселе жөнінде жан-жақты ізденіс жасау, ортақ пікір бірлігіне келу, терең зерттеу манастанушылардың алдағы міндеттерінің бірі болса керек.
Әлемге даңқы кеткен Манас батырдың өскен ортасы, шайқас жасаған жерлері, қарсылас ата жауын ер жүрек батырлығы мен соғыс жасау өнері, қиын-қыстау кезде шешім жасау ақылдылық, асқан ерлігі туралы алуан түрлі аңыз-әңгімелер, тарихи деректер хатқа түсірілген.
Қырғыз халқының асыл жауһары болған дәстүрлі «Манас» эпосы әр дәуірдің ұлы манасшылары ұрпақтан-ұрпаққа жалғап, жолықтырып, жаңалап, кемелдендіріп отырды. Ал, енді біз Жүсіп Мамай айтқан «Манас» эпосының «Жыр басы» деген нұсқасына құлақ түрелік:
«Е...е...е...ей,
Толғайын батыр Манасты,
Аруағы оның қолдана,
Айтқаным жалған болмаса,
Кейі өтірік, кейі шын,
Жарандардың көңілі үшін,
Қасында тұрған кісі жоқ,
Жалғанымен ісі жоқ,
Жамырата жырласақ,
Тыңдаған көптің көңілі жоқ.
Кейі өтірік, кейі шын,
Дүйім жұрттың көңілі үшін,
Көріп тұрған кісі жоқ,
Көбейткенмен ісі жоқ,
Бұрқыратып жырласақ,
Көпшіліктің көңілі жоқ» («Манас», қырғыз тілінен тәржімалаған: Тәпей Қайысқанұлы, Толқын Тұрдыұлы. Шыңжаң халық баспасы, Шыңжаң ғылым техника баспасы, сәуір, 2014 жыл, 1-бет), – деп жыр меруертін төгіп-төгіп жіберіп оқырмандарын өзіне баурай жөнеледі.
Тағы да:
«Бабамыздан келген сөз,
Бәрін жеңген балуан сөз,
Өрмектей әсем өрген сөз,
Бәйшешектей көркем сөз,
Ұлылардан келген сөз,
Ұрпағы жиып алған сөз,
Өркендеп өсіп өнген сөз,
Қастерлеп халқым келген сөз,
Ғұламадан ұққан сөз,
Одан бізге жұққан сөз,
Қарттарым айтып берген сөз,
Қалдырмай бірін терген сөз,
Қанша ықылым өтсе де,
Жалғасып бізге жеткен сөз.
Содан бері қарата,
Тау мұжылып жер болды,
Заңғар шөгіп бел болды,
Жер айырылып сай болды,
Сай үгіліп саз болды,
Атамыз Манас сияқты
Жатталып келгені аз болды!
Сазың балқып көл болды,
Көл сарқылып шөл болды.
Адырлы жерлер құм болды,
Ақ мұзарттар бұзылды,
Арыстан Манас ертегі,
Қазірге дейін созылды» («Манас», Шыңжаң халық баспасы, Шыңжаң ғылым-техника баспасы, сәуір, 2014 жыл, 1-бет), – деп атадан-балаға жалғасқан жыр айту дәстүріне мұрагерлік етіп сұлу сөзден өрнек түйеді.
Өз дәуірінің ұлы елбасы Тоныкөк: «Қағаны батыр, ақылгөйі кемеңгер елдің бағы жанады» деген ұлағатты сөзін айтқан екен. Мемлекет пен ел басына екіталай күн туған кездерде Ұлы даладағы көшпенді халықтан шыққан Тоныкөк, Күлтегін, Білге қаған, Манас секілді ел көсемдері ел мен жердің тұтастығын қорғау үшін өздерінің ақыл-парасатын, кемеңгер саясаткерлігімен, ерлігімен есімдері аңызға айналып, тарих бетінде өшпес із қалдырды. Өз заманында тарыдай шашылып кеткен халқының басын бір шаңырақтың астына біріктіруді армандаған ұлы қағандар туралы тас бетіне ойып жазылған жырлар бар. Мысалы, Білге қаған жаздырған Күлтегін ескерткішінде:
«Түркі халқы үшін,
Түн ұйықтамадым,
Інім Күлтегінмен бірге,
Өліп-тіріліп жерді ұлғайттым» деген сөздер ел тағдыры үшін күрескен ауыр заманды бейнелейді.
Әр халықтың сан ғасырға жалғасқан ұлы көш-керуеніне назар сала қарасақ ел мен жерін ата жаудан қорғаған, аты аңызға айналып, есімі еліне ұранға айналған керемет жаужүрек батырлар өткені белгілі. Өткен кәрі тарих қырғыз халқына ғана емес, тұтас түркі халқының мақтанышына айналған, ұлы көшбасшы, теңдессіз ер жүрек батыр Манасты сыйлапты.
Уақыт тарихтың әділ таразысы. Манас есімі әлемдегі кей елдердің де тарихында кездеседі. «Қытайда Манас шаһары, Манас бұлағы, Жапонияда Семетей қаласы, «Маньсю» атты дастан, Латын Америкасында, Испанияда Манас қаласы, Үндістанда «Манас» деген эпос бар. Ал Манастың қазық тасы Өзгенде, Манас жайлауы Қазақстанда, Манас шоқысы Кореяда, Манас мүйісі Қырымда, Манас ауылы Венгрияда. Әлемге аты кеткен Манас, оны тудырған қырғыз ұлты қандай бақытты!...»(«Ғасырлар айрығындағы сырласу», Алматы, «Келешек», 2016 жыл, 338-бет).
«Манас» эпосының ғұлама ғалым Шоқан Уәлиханов жазып алған нұсқасында:
«Бауыры шұбар, сырты көк
Көкала жалды ер еді.
Батыр бір Манасты сұрасаң,
Көкжал арлан бөрі еді», – деп Манастың батыр бейнесі мен ерлігін ерекше суреттейді.
«Манас» эпосындағы жан алысып, жан беріскен қиян-кескі қанды шайқас жасаған оқиғаларда жер-су, адам аттары көп кездеседі. «Манас» эпосындағы жер аттары Азияның ұлан байтақ өңіріндегі қазіргі және тарихтағы жер аттарымен ұқсас болып, шығыста Қытай территориясының қазіргі Шыңжаң аумағындағы Тұрпан, Жемсары алқабынан батысқа Каспи теңіз жағалауынан тартып Үргеніш, Бұқара, Самарқан, Әндіжан төңірегіне дейін, солтүстікте Хангай, Саян, Алтай таулары, Енисей, Ертіс бойынан тартып, оңтүстікте Қашқар, Памыр (Памир), Алой тауларына дейінгі Жоңғар даласы, Орталық Қазақстан, Іле, Ыстықкөл, Сыр өлкесі, Талас, Шу бойы қатарлы өңірлерді қамтиды» (Мүбәрак Әлиев. «Манас» эпосының дүниеге танылуы және оның тарихи төркіні жайлы», «Іле педагогикалық институты ғылыми журналы», 1990 жыл. 2-сан, 71-бет). Міне, бұл дастанда осыншама жер-су, қала, адам аттарының кездесуі Манастың жай ғана батыр емес, әлемдік деңгейдегі Баһадүр батыр екенін дәлелдейді.
«Манас» дастанының «Бірінші аңызында»:
«Енисей елін билеген,
Қалматай деген хан болған.
Хан болғанда Мамайдың,
«Қал» лақамы жойылып,
Хан Мамай деген ат қонған.
Хан Мамай өзі ер екен,
Айтқан сөзі ем екен.
Сол бір тұста дұшпаны,
Теңесіп оны жеңбеген» деген шумақтарынан Қырғыздар Енисей бойында сән салтанатты хандық құрып, Мамай деген ханы болғаны туралы ел аузында айтылып жүрген аңыз оқиға баяндалады. Айтылған аңызда да ақиқат бар. Тарихи деректерде қырғыз қағандығының билігі Моңғолия мен Шығыс Түркістанға түгел жүргені жазылады. Қырғыз қағандығы 840 жылдан 924 жылға (қара Қытайлар Моңғолияны жаулап алғанға) дейін гүлденіп, дәурендеген.
«Манас» эпосы әлем өркениетінің алтын төрінен орын алған классик туынды
Әлемдегі халықтардың ауыз әдебиетіне назар алсақ «Манас» эпосының көлеміне ешбір туынды тең келмеген. Дүниеде алып туынды саналған әйгілі Гомердің «Илиада» мен «Одиссеяның» екеуін қосқанда көлемі жағынан «Манас» 20 есе көп екен, ал үнді халқының даңқты шығармасы «Махабхаратаның» көлемінен қырғыз эпосы екі еседей көп.
Дүниеге танылған арабтың «Мың бір түні», қытайдың «Су бойында», «Батысқа сапар», «Үш патшалық қиссасы», «Қызыл сарайдағы түс», қырғыздың «Манасы» секілді шоқтығы биік классик шығармалар ұлттық, салт-дәстүрге терең тамыр тартып, таңғажайып шытырман оқиғаларды баян етіп жазылғандықтан әлі де өз құнын жоймай, оқырмандар жүрегіне өркениеттің мәңгі өшпес күн сәулесін жарқыратып келеді.
«Манас» эпосы қырғыз халқының алтын ескерткіші, 1000 жылдан астам тарихты бастан кешірген, дүние мәдениетінің асыл жауһары аталған теңдессіз алып туынды. Онда Ұлы далада жасаған көшпенді елдің талай-талай ғасырды басынан өткізген оқиғалары баяндалған тарлан тарихының тағдырлы шежіресі жазылған.
Қырғыз халқының ұлы классикалық туындысы «Манас» жырында бір ұлттың тарих-шежіресі, салт-дәстүрі, әдет-ғұрпы, тіл-әдебиеті, экономика, астрономия, әскери іс, дін, тәлім-тәрбие т.б жырмен қамтыған. Ғалымдар мұны қырғыз халқының тарихы мен мәдениеті қамтылған ұлы энциклопедия деп атап жүр.
«Манасты» алғаш рет қырғыздардан жазып алып, әлемге танытуға жол ашқан ұлы ғалым Шоқан Уәлиханов (1835-1865) болды. Ол 1855 жылы Орталық Азияны зерттеу мақсатында Орталық Қазақстан, Жетісу мен Тарбағатайды аралап, қазақ халқының тарих-шежіресі, салт-дәстүрі, тілі, діні туралы мол материал жинады. Осыдан кейін 1856 жылы Шоқан қырғыз елін зерттеу экспедицияна қатысып, қырғыз халқы мен ұлы жүз қазақтарының тарихы, этнографиясы жайында құнды материал жинаумен бірге ауыз әдебиеті нұсқаларын хатқа түсіріп алады. Белді академик, шоқантанушы Әлкей Марғұлан өз еңбегінде: «Шоқан Ыстықкөл мен Орталық Тянь-шань тауларын саяхаттай жүріп, қырғыз ауылдарында болып, Бұғы, Сарбағыш, Сокту руларының тұрмысымен танысады. Шоқан олардың арасында ұзақ тұрып, қырғыздың өткен тарихын жақсы білетін адамдармен әңгімелесіп, қырғыз жыршыларының жырлары мен әңгімелерін тыңдап, тарихи аңыз және шежіре әңгімелері мен дастандарды жазып алып отырады. 1857 жылы ол Алатауды мекен еткен қырғыздар арасына тағы сапар шегеді. Тянь-шань тауларында болған уақытта қырғыз халқының өмірі мен тұрмысы жайлы мәлімет жинауды жалғастырып, қырғыздардың тарихы мен этнографиясын, халық поэзиясын терең зерттейді» («Мұра» журналы, 2015 жыл, 1-сан, 84-бет), – деп жазады.
Шоқан Уәлиханов 1857 жылы Алатау қырғыздарына барған екінші сапарынан кейін төрт-бес жыл ішінде «Жоңғария очерктері», «Қырғыздар туралы жазбалар», «Ыстықкөлге барған сапардың күнделігі», «Қырғыздың көші-қоны», «Қырғыздардағы шамандық қалдықтар», «Қырғыз-қайсақ зираттары», «Қырғыздың «Манас» эпосы мен ақындарын жүйелеуі және саралауы» секілді қырғыз халқының тарихы мен мәдениеті туралы құнды еңбектер жазды. Бұл еңбектердің бір бөлімдері ағылшын, неміс, француз тілдеріне тәржімаланып жарияланады. Шоқан 1861 жылы қырғыздардан жазып алған «Манастың» бір бөлігі «Көкшетай ханның ертегісі» деген жырын орыс тіліне тәржімалап жариялайды. Бір өкініштісі, Шоқан жазып алған бұл жырдың түпнұсқасы әлі табылған жоқ. Шоқаннан кейін түрколог-ғалым В.В.Радлов алғаш рет 1862 жылы Шу өзенін өрлеп Ыстықкөлге асып түсіп Қарақолға дейінгі қырғыз жерін аралап «Манас» жырын хатқа түсірген.
Ол 1869 жылғы екінші сапарында Ыстықкөлдегі жыршылардан «Манас» эпосының көлемді нұсқасын, сонымен бірге «Алманбет», «Жолай» жырларын жазып алған. Көп жыл «Манас» жырын жинаумен айналысқан ғалым В.В.Радлов 12 мың жолдық «Манас» жырын қамтыған «Солтүстік түрік тайпаларының халық әдебиет үлгілері» деген арнайы кітабын баспадан шығарады.
«Манас» эпосына ілгері-кейінді көптеген ғалым, оқымыстылар ерекше қызығу танытып, құнды еңбектер жазды. Солардың бірі Мағжан Жұмабаевтың (1893-1938) манастануға қосқан үлесін ауызға алуға әбден татиды. Оның 1923 жылы жариялаған «Қырғыздың ауыз әдебиеті» деген еңбегінде «Манас» эпосы туралы жан-жақтылы талдау жасалған.
Әсіресе, Шоқан Уәлихановтан кейін қазақтың бетке ұстар ғұлама ғалымдардан Мұхтар Әуезов пен Әлкей Марғұланның манастануға қосқан үлесі ерекше зор. Ал, Мұхтар Әуезов Ленинградта аспирантурада оқып жүрген кезінен-ақ манастануға ерекше қызығушылық танытқан еді. «Манас» жырын зерттеуге шынайы ден қойған ғылым сонау 1934 жылы «Қырғыздың батырлық эпосы Манас» атты кесек монографияның алғашқы нұсқасын жазып болған еді. Кейін Халықаралық түркі академиясы М.Әуезовтың туғанына 125 жыл толуына орай ғалымның «Манас» жырына қатысты шоқтықты зерттеулерін топтастырып жинақ етіп баспадан шығарды.
Кеңес одағы дәуірінде «Манас» эпосы туралы кей ғалымдар, бұл эпос феодал дәуірдегі хандық билікті көксеген, қарапайым халыққа жат, бай-манаптарды дәріптеген, көне қоғамды аңсаған кертартпа туынды, – деп қараламақшы болады. 1952 жылы Фрунзе (қазіргі Бішкек) қаласында «Манас» эпосына арналған Бүкілодақтық конференция өтті. Сол кезде Мұхтар Әуезов мінбеге көтеріліп: «Манаста» бай-манапты мақтайтын тұстары бар шығар. Бірақ бұл бүкіл бір хандықтың елдігі мен ерлігінің, рухани байлығы мен ұлы мәдениетінің ұрпақтан ұрпаққа саф поэзия тілінде жатқа айтылып, жалғанып келе жатқан көркем кестеленген тарих ғой. Ендеше, қырғыз халқының өмірінен Манасты аластау бұл бүкіл бір ұлттың тілін кесумен бірдей емес пе? Шаш ал десе, бас алуға тұра ұмтылатын адырақбай мінез біздің қоғамнан қашан қарасын жояр екен?..Конференция жабыла берген сәтте, сырттан «Сүйінші!», «Сүйінші!», «Манасты аман алып қалдық!», «Мұхтар, қайда, сені тапқан анаңнан және бүкіл қазақ елінен айналдық!», «Ақсарбас, ақсарбас» деген айғай көтеріледі. Қуанысқан, құшақтасқан, көзіне жас алған жұрт сеңдей соғылысты» (Шыңғыс Айтматов, Мұхтар Шаханов. «Ғасыр айрығындағы сырласу», Алматы, «Келешек» баспасы. 2016 жыл. 73-74-бет). Әне осындай қылышынан қан тамған заманнан сескенбеген ұлы М.Әуезов «Манас» эпосының қыл үстінде тұрған тағдырын арашалап алған екен.
Мұхтар Әуезовтың шығармашылығы – күллі қазақ әдебиетінің ең биік шыңы есептеледі. Оның «Абай жолы» роман – эпопеясы жазушының көзінің тірісінде классик шығарма болып танылған. Ғалым бүкіл өмірінде Орталық Азия халықтарының әдебиетін зерттеуде көшбасшылық рөл атқарып келді. Оның қырғыз әдебиетінің дамуына қосқан үлесі өз алдына бір төбе. Жазушы қазақ пен қырғыз достығына, мәдениет алмасуына да ерекше көңіл бөлген. Соның бір мысалы, ұлы жазушы Мұхтар Әуезов пен шашасына шаң жұқпаған манасшы Саяқбай Қаралаев екеуі араларынан қыл өтпестей дос болыпты. Мұхтар көп рет Саяқбаймен сұхбат жасап, «Манас» жырын хатқа түсіріп алған. Мұхтардың достыққа адалдығына, ұлтжандылығына, аса білімділігіне қатты разы болған заңғар манасшы Саяқбай Қаралаев: «Мұхтардай жомарт адам бір ғасырда бір туады. Өзі қазақ болса да, қырғыздың «Манасын» көзінің қарашығындай сақтап қалу үшін өз кезінде жан аямай күресті», – деп тебірене айтуы аумалы-төкпелі замандағы көп нәрсені аңғартып тұрғандай.
Мұхтар Әуезов «Манас» эпосын зерттеу үшін бар күшін салды. Атақты Манасшы Сағымбай Оразбақовтан, Алмамбеттен де қырғыз жыры «Манасқа» қатысты көптеген құнды дүниелер жазып алған. Жазушы өмірден өткен көп жылдардан кейін бұл қолжазбалар Сағымбайдың, Алмамбеттің айтуынша, жеке-жеке кітап болып баспадан шыққан. Сондықтан М.Әуезов есімі манастанушылар арасында ерекше құрметпен аталып келеді.
Қырғыз бен қазақ тарихы мен әдебиетін, этнографиясын зерттеуде, сонымен бірге Шоқан мен «Манасты» тануда Әлкей Марғұланның сіңірген еңбегі өте зор. Ол 1958 жылдан бастап Шоқанның толық шығармалар жинағын шығару жұмысына басшылық етті. Он неше жыл қажырлы еңбек ету арқылы Шоқан Уәлихановтың әдеби мұраларынан 5 томын баспадан шығарады. Бұл 5 томдық шығармалар жинағын көрген академик Рахманқұл Бердібаев «Ірі іргелі зерттеу еңбек» деп өте жоғары баға берген екен.
1971 жылы Әлкей Марғұлан «Шоқан және Манас» атты көлемді монографиясын жазып шоқантану ғылымын тіпті тереңдете түсті. Халқымыздың біртуар ғалымы Әлкей Марғұлан көп жыл қажырлы ізденіс жасау арқылы «Манас» эпосының бір бөлігі – «Көкетай ханның ертегісінің» Шоқан жариялаған орыс тіліндегі нұсқасы мен қырғыз тіліндегі түп нұсқасымен салыстыра отырып қазақшаға көркем тілмен өте сәтті тәржімалап шыққан. Сөзіміздің дәлелі ретінде Ә.Марғұлан тәржімалаған нұсқасын оқырман назарына ұсынып көрелік:
«Алтын ердің қасы екен,
Атажұрттың басы екен,
Күміс ердің қасы екен
Түн түскен қалың көп ноғай
Жұртының басы екен
Көкетайдай хандардың,
Алдынан өтпек болыпты.
Сары ноғай баласы -
Жайма кекіл жас Айдар,
Мәнекеріңді міне көр,
Қалың бір қара көп ноғай
Жағалап оны көре көр
Үйсіндерге Әметке айт,
Әмет құлы Жайсанға айт.
Қарны салқы биіне айт,
Үлкен құрсақ байын айт.
Сары сақал, тік мұрт,
Айыр сақал, кіші мұрт,
Бәрін бірдей айта көр.
Батпан аяқ бал ішкен
Батпансыған мырзаға айт,
Аяқ-аяқ бал ішіп,
Алшаңдаған мырзаға айт.
Түн түскен қалың ноғайға айт:
«Көкетай жаман болды», – деп.
Байдың ұлы Баймырза,
«Көкетай жаман болды», – деп,
Бар ноғайға, қарыға айт», – деп Көкетай ханның әл үстінде жатқанын, алда ел іргесі сөгіліп, хандық тақтың шайқалу алдында тұрғанын көркем сөз өнерімен кестелеп жеткізеді.
«Манас» эпосы қырғыз халқының ғасырлар бойы ауызша жырлап, ұрпақтан-ұрпаққа жалғастырып келген, ұлттық салт-дәстүрге бай, баға жетпес халықтық мұра. Әлем таныған жазушы Шыңғыс Айтматов: «Қырғыз елінің байырғы ата мұрасының ең биік шоқысы – ұлы «Манас» эпосы» деген сөзді тектен-тек айтпаған. Қырғыз халқына «Манас» жырын айту көнеден жалғасып келген дәстүр. Халық манасшыларды ерекше қастерлеп төрінің төбесіне шығарып, малын сойып, барынша сый көрсетіп құрметтеген.
Өйткені халық «Манаста» кие бар деп қараған, ал кие кез келген адамға қонбайды, бойында қасиеті бар адамдарға ғана қонады. Ұлы манасшыларға «Манастың» киесі қонғаны туралы халық ішінде алуан түрлі аңыз-әңгіме тараған.
Қырғыз халқының «Манас» жырын ауызша айту тарихында ілгері-кейінді Сағымбай Оразбақов, Саяқбай Қаралаев, Шаабай Азизов, Тоғалақ Молдо, Сейдана Молдокеева, Жүсіп Мамай сияқты аузынан алтын жыр төгілген ұлы манасшылар дүниеге келді.
Қырғыз халқының 1000 жылдан астам тарихы бар «Манас» эпосы Шоқан Уәлиханов, В.В.Радлов зерттегеннен бастап бір жарым ғасырдан астам өтседе Ресей, Қытай, Америка, Жапония, Түркия, Еуропа елдерінің ғалымдары әлі де қызығушылық танытып, ерекше назар аударып, манастану ісін жалғастырып келеді.
«Манас» эпосының Қытайда
зерттелу барысы
«Манас» – алмағайып замандағы кескілескен шайқастар мен жорықтар туралы туралы тарихи оқиғаларды баяндайтын батырлық дәуірдің елдігі мен ерлігі жырланған ұлы далада жасалған көшпенді халықтың алтын шежіресі. Қытайда баға жетпес асыл жауһар ретінде қырғыздың «Манасы», тибеттің «Гесары», моңғолдың «Жәңгірі» ерекше ауызға алынып, мәдени мұра ретінде қорғалып келеді.
«Манас» эпосы қырғыз халқының сан ғасырды бастан кешіру барысында қалыптастырған тарихы мен мәдениетін өлеңмен өрнектеп жазып қалдырған зәулім ескерткіш. «Манасты» айту қырғыз сынды бүкіл бір халықтың дәстүріне айналып, ханның да, қараның да көңілін толқытып, тыңдаушыларының жүрегіне терең тамыр тартып кетті.
Қытайда қырғыздар – жан саны жағынан ең аз халық. 2010 жылғы халық санағына қарағанда, Шыңжаңдағы қырғыздардың саны 186 мың 708 адам болған. Олар негізінен Қызылсу қырғыз автономиялы облысы, Іле қазақ автономиялы облысы (Іле, Алтай, Тарбағатай аймағы), Ақсу, Қашқар, Құмыл аймақтарында, Санжы дүнген автономиялы облысы, Үрімжі қаласы секілді жерлерде қоныстанған.
Бұдан басқа Хилоңжаң сияқты Қытайдың шығыс солтүстік өлкелерінде бытырай қоныстанған аз қырғыз тұрады.
Біз енді Қытайдың Шыңжаң өңіріндегі қырғыз, қазақ зерттеушілерінің Манастану барысындағы еңбектеріне аз аялдай кетейік.
«Манас» эпосын жинау, реттеу, зерттеу жұмысы Шынжаңда 1960 жылдардың басынан басталды. Бұл құнды мұраны ел ішінен жинауға белсене ат салысқан «ХХІ ғасырдың Гомері» аталған әйгілі манасшы Жүсіп Мамай (1918-2014) болды. Ол 1961 жылдан бастап жиын-топтарда Манас жырын айта бастаған. Алаш жұртына таныла бастаған манасшы ұзақ жылдар ізденіп, қырғыз халқының алып жыры «Манас» деп аталған эпостың «Манас», «Семетей» (Манастың ұлы), «Сейтек» (Манастың немересі), «Кененім» (Манастың шөбересі), «Сейіт», «Асылбаша-Бекбаша», «Сомбілек», «Шігетай» сияқты сегіз бөлімін 1961 жылдан 1983 жылға дейін жаңғыртып қайта жырлаған. Қарт манасшы жырлаған, жинаған, «Манас» жыры 223 мың 500 жолдан асқан екен. Ол жырлаған «Манас» эпосы он сегіз том болып баспадан шығып, қырғыз ауыз әдебиетінің гүлденіп өркендеуіне мол үлес қосыпты.
1995 жылы Біріккен ұлттар ұйымының (БҰҰ) арнайы шешімімен сол жыл «Халықаралық Манас жылы» болып белгіленеді. Қырғызстан мемлекеті осы жылы «Манас – 1000» атты халықаралық ғылыми конференция өткізді. Сол кезде Қытайдан «Бұл конференцияға «Манас» зерттеу қоғамының сол кездегі төрағасы Шаршабек Сыдықұлы, әйгілі манасшы Жүсіп Мамай, «Манас» зерттеуші ғалым Лаң Иің қатарлы адамдар қатысты. Сол кездегі Қырғызстан президенті Асқар Ақаев Жүсіп Мамай ақсақалға алтын медаль, Шаршабекке естелік бұйым тарту етті. Жүсіп Мамай Асқар Ақаевқа өзі айтып, баспадан шығарған он сегіз томдық «Манас» эпосын ұсынғанда, тебіренген президент: «Өмірімде қолыма тиген ең бағалы сыйлығым осы болды» депті» (Ысқақбек Бейшенбекұлы. «Қырғыз фольклорының құзар шыңы – «Манас», «Шыңжаң қоғамдық ғылымы», 2009 жыл, 4-сан, 83-бет).
«Еңбегің қатты болса, татқаның тәтті болады» дегендей Жүсіп Мамайдың атақ-даңқы қытай, қырғыз, қазақ еліне кеңінен таралды. Ұлы манасшының еңбегін ерекше ескерген Қырғыстанның бұрынғы президенті Алмазбек Атамбаев 2014 жылы Жүсіп Мамайға «Қырғыздың ұлттық батыры» атағын беріп, «Ақ Шумкар» орденімен марпаттаған еді.
Шыңжаңда Жүсіп Мамай бастаған манасшылардың саны сексеннен асып, «Манас» эпосын айту, жинау жұмысы ХХ ғасыр шеңберінде елу жылдан астам уақыттан бері тың өреге көтерілді.
Қырғыз халқынан шыққан қазыналы манасшылардың бірі Сатыбалды Әліұлын (1933-2006) ерекше атаған жөн. Қытайдың Текесіндегі Манасшы ақсақалдар Сатыбалдының дүниеге келуі туралы мынадай қызықты аңыз-әңгімелер баяндайды. Манасшының әкесі мен шешесі бір шикі өкпеге зар болыпты. Олардың алдыңғы он перзенті де шетінеп кетіпті. Он бірінші перзенті дүниеге келерде әкесі жоғалтқан малын іздеп алысқа кетеді. Иен қыстауда жалғыз әйел толғақ азабынан құлындағы даусы шығып жатқанда, ақ боз ат мінген аппақ сақалды қария үйге кіріп келіп, қолындағы тобылғы сапты қамшысымен жерді үш тартқанда бала жерге түсіп аман-есен босанады. Қарсы алдында тұрған қария: «Балам, бойыңа қайрат жи, дүниеге жаңа көзін ашқан перзентіңізді жақсы тәрбиелеп қатарға қос, ең жақсысы, ата-бабаларымыздың дәстүрлі жолы бойынша баланы басқаларға үш күн немесе үш ай беріп, онан кейін қайтадан ырымдап сатып алыңдар», – депті. Жаңа босанған әйел қарсы алдында тұрған әулиеге қарап: «Ата, сіз кім боласыз?», – деп таңдана сұрапты. Сонда әулие кісі: «Құлағыңа құйып ал, мен Байдың ұлы Бақаймын, – деп жауап беріп көзден ғайып болыпты. Байдың ұлы Бақай деген кісі «Манас» эпосындағы кемеңгер, абыз әулие екен.
Балаға зар болған ата-ана баласын жақын, дос ағайыны – Сусарбай деген кісіге апарып береді. Үш айдан кейін ырымын жасап баланы қайта сатып алады. Осылайша, балаға азан шақырып «Сатыбалды» деген ат қояды.
Сатыбалдының шешесінің аты Гүлбарым. Нағашы атасы Ешімбай Есенқұлұлы. Әйгілі манасшы Ақылбек пен Есенқұл бір әкеден туған ағайынды кісілер екен. Әкеден жас қалған Сатыбалды шеше тәрбиесінде өседі. «Гүлбарымның қолында қырғыздың ХХ ғасырдың басындағы әйгілі манасшы – Ақылбек жырлаған «Манас» эпосының қолжазбасы сақталған. Бірақ, бұл қолжазба Сатыбалдының Қырғызстанға кеткен Тұрсынбай атты нағашысының қолынан жоғалған» (Ысқақбек Бейшенбекұлы. «Сатыбалды Әліұлы жырлаған «Манас» эпосының байырғы нұсқасы туралы», «Шыңжаң қоғамдық ғылым мінбесі», 2009 жыл. 1-сан, 82-бет).
Текес өңірі – қазақ пен қырғыз ауылы аралас, қойы қоралас өткен ән мен жырдың мекені. Сатыбалды осындай «Манас» жырының киесі қонған өлкеде дүниеге келген. Оның жыр айту өнерінің жетілуіне Ақылбек айтқан «Манас» эпосының қолжазба нұсқасы үлгі болады. Ал енді, Сатыбалдының нағашысы болған Ақылбек манасшы туралы айтып көрелік.
«Халықтық әдебиеттерді жиюшы Ыбырайым Абдрахманов «Мен өзімді бақыттымын деп сенемін, Ыстықкөлдің атақты манасшыларының жетеуін көрдім. Жетеуінің де аузынан «Манасты» естідім. Міне, осы манасшылардың мықтыларының бірі Ақылбекті бірінші рет 13 жасымда көрдім. Мен жиырма сегізге шыққанша Ақылбектің «Манасын» көп оқыдым. Ақылбек Текесте жылқышы болып жүрген кезде «Манасты» қалмақтардың ішіне кіріп барып, қалмақтардың да айтып жүрген» («Іле газеті», 6 қаңтар, 2012 жыл).
Тарихи деректерде жазылғанына қарағанда заңғар манасшы Ақылбек кейінтінде Қырғызстанның Ыстықкөл облысына қоныс аударып, сол жерде дүниеден өткен. Текес өңіріндегі көптеген тынымалы манасшылар ұлы манасшы Ақылбектен тәлім алған. Іле өңіріндегі қырғыз, қазақ халқы өз жерінде Ақылбекті ерекше қастерлейді екен. Қырғыз елінің Текестегі тұңғыш ақылақшысы (болысы) – Тоқтасын Сәкеұлы Манасшы Ақылбектің «Манас» айту өнеріне ерекше разы болып, оған ат мінгізіп, тон жапқан екен. Ақылақшы Ақылбекті қасынан тастамай ертіп жүріп, думанды той-томалақта «Манасты» жырлатқан екен.
«Қырғызстандағы әйгілі манасшы Сағымбай Оразбақов былай жырлайды:
«Назар менен Нармантай,
Келдібек, Балық, Тыныбек.
Барлығынан байқасам,
Артық екен Ақылбек».
Манасшы Саяқбай Қаралаев: «Атақты манасшыдан Ақылбекті көрдім. Тоғыз перзенті мен қадірлі бәйбішесі түгел дүние салып, өзі сексенге келіп селкілдеп отырса да, «Манасты» әлі тебінді түрде жырлап тұрған кезі екен», – деп еске алады» («Шынжаң қоғамдық ғылым мінбесі «2009 жыл, 1-сан, 83-бет).
Атақты қырғыз әдебиетінің классигі, ақын әрі жыршы Тоғолоқ Молдо (1860-1942) ұлы манасшы Ақылбек туралы:
«Ұрығы қытай Ақылбек,
Рудан шыққан ақын деп.
Ақындығы халыққа,
Алыс емес жақын деп.
Бала кезде естігем,
Айтқанындай бар екен,
Жырлаған жыры сара екен.
«Манас» айтса Ақылбек,
Елге әйгілі жан еді.
Дауысы тұнық саңқылдап,
Қыран құстай қалықтап.
Айтқан сайын үдейді,
Тоқтай бермей шарықтап», – деп Манасшы Ақылбекті ерекші жоғары бағалапты.
Тағы бір деректе айтылуынша, өз дәуірінің атақты ақыны Арыстанбек (1824-1878) «Манасты» айтқанда тоқтамай айтатыны, тыңдаушылары әсерленгенде көзіне жас келетіні жазылған.
Сатыбалды елге даңқы кеткен манасшы Ақылбектің жыр айту дәстүріне мұрагерлік етіп, ұзақ жыл ел ішінде тараған «Манас» жырын жинау, реттеуде жемісті еңбек етті.
Манасшы Сатыбалдының жинаған көлемді мұрасы Текес ауданының әкімі Қызыргелді Әбдірахманұлының қолдауымен «Манастың бабалары» атты 873 беттік көлемді кітап 2010 жылы Шыңжаң халық баспасынан шықты.
(Жалғасы келесі санда)
Мақаланы дайындаған Назым ДҮТБАЕВА
1487 рет
көрсетілді0
пікір