• Мақала
  • 24 Шілде, 2025

Қадірлі азаматтың өнегесі

КСРО Мемлекеттік сыйлығының лауреаты Сақ Мәуленқұлов туралы сыр-толғау

Қазір елімізде еңбек адамының мәртебесін көтеруге, жұмысшы мамандықтарының мерейін үстем етуге бағытталған іс-шаралар жүріп жатыр. Бұл әбден орынды. Өйткені, еңбек адамы – елді өркендетеді, мемлекет дамуының негізін қалайды. Иә, өмірде барлық мамандықтың қадірі бөлек. Солардың ішінде адал еңбегімен, адамгершілік ұстанымдарымен, кісілік келбетімен, азаматтық ажарымен, үлгі-өнегесімен ғибрат болған тұлғалар аз емес. Осы ретте мен елге танымал ардақты азамат Сақ Мәуленқұловтың ғибратты да, тәлімді ғұмыры жайында сөз қозғауды жөн көрдім. Өйткені, Сақ Мәуленқұлов нағыз еңбек адамы еді. Еңбегімен даңққа бөленген, адал қызметімен сатылап өскен, майталмандығымен көзге түскен бірегей, қайраткер тұлға еді...

Түркістан облысы Кентау қаласының әкімдігінде жұмыс істеу және Сақ Мәуленқұлов туралы кітап жазуға қатысу барысында мен ол кісімен әріптес болған азаматтармен біршама кездесіп, сұхбаттасып, ой-пікірлерін тындауға мүмкіндік алдым. Нәтижесінде бір ойға келдім. Еліміздің ардақты тұлғасы Дінмұхамед Қонаев «Өзіңнің айналаңа жағымпаздарды емес, ақыл-ой бере алатын, кеңес айтатын азаматтарды жина» деген екен. Мақаламыздың кейіпкері – Сақ Мәуленқұлов та Димекеңнің осы сөзін өмірлік принцип ретінде ұстанған деп ойлаймын. 
 Өмір жолынан деректер келтіретін болсам, Сақ Мәуленқұлұлы 1926 жылдың 15 маусымында Түркістан облысының Кентау қаласы Хантағы ауылында қарапайым шаруа отбасында дүниеге келген. Шымкенттегі тау-кен металлургия техникумын тәмамдап, кейін білімін Алматы қаласында жалғастырады. Жоғарғы оқу орнын тау-кен саласы бойынша бітіріп, еңбек жолын «Ащысайтүстіметалл» комбинатында бастайды. 
«Ащысайтүстіметалл» комбинатының Байылдыр, Шығыс Мырғалымсайда учаскелік маркшейдер, Шығыс Мырғалымсай және Қарасай кеніштерінің басшысы болады. «Аралсульфат» комбинатының (Қызылорда облысы) директоры болады. Оңтүстік Қазақстан Совнархозында ауыр өнеркәсіп басқармасының тау-кен металлургия өнеркәсіп орындары бөліміне (Шымкент қ.), «Ащысайтүстіметалл» комбинаты Батыс кенішіне жетекшілік жасайды. «Ащысайтүстіметалл» комбинатының бас инженері, директоры лауазымын атқарады. Қоғамдық жұмыстарға белсене араласып, Кентау қаласының, Оңтүстік Қазақстан облыстық мәслихатының депутаты, Қазақ КСР-інің Коммунистік партиясы XIV-XV съездерінің делегаты, КСРО Коммунистік партиясының XXIV және XXVI съездерінің делегаты, Қазақ КСР-інің Жоғарғы Кеңесі төрағасының орынбасары (1985-1989) болып сайланады. Елеулі еңбектері үшін КСРО және Тәуелісіз Қазақстанның мемлекеттік наградаларымен марапатталған. КСРО мемлекеттік сыйлығының лауреаты (1970), КСРО Министрлер Кеңесі сыйлығының лауреаты (1977), КСРО Түсті металлургия министрлігінің Құрметті кеңесшісі, Қазақ КСР-інің Еңбек сіңірген кеншісі, «Еңбек Қызыл Ту», «Октябрь Революциясы» және Тәуелсіз Қазақстанның «Отан» ордені мен көптеген медальдардың иегері және Кентау қаласының, Оңтүстік Қазақстан облысының Құрметті азаматы секілді жетістіктерге жетеді. 
Бар өмірін кен өндіру ісіне, Кентау қаласының қалыптасуына арнаған Сақ Мәуленқұлов «Ащысайтүстіметалл» комбинатын абыроймен басқарған он жеті жыл «Кентаудың жұлдызды жылдары» аталады. Осылайша, Кентау аңызына айналған тұлға шаһардың өркендеуіне өлшеусіз үлес қосты. 
Өз естелігінде былай дейді: «Ащысайтүстіметалл» комбинатына қарасты кеніштер өндірітен кен өнімдерінің құрамында кейінгі жылдары қорғасынның мөлшері азая түсті. Горизонттар төмендеп ұзарған сайын шығын да көбейе бастады. Уақытпен есептеспей, қиындықтан шығу жолдарын іздестіруге тура келді. Республика көлемінде бой көтеріп, жаңадан ашылып жатқан кен өндіріс орындарымен іскерлік кездесулерге шықтым. Себебі, жаңадан ашылып жатқан кен орындарының өндірілген рудаларын өңдеуден өткізіп, соңғы өнімді алатындай мүмкіндігі, яғни фабрикалары жоқ еді. Бірақ олардың өндірген рудаларының құрамында қорғасынның мөлшері «Ащысайтүстіметалл» комбинатында өндіріліп жатқан рудадан екі-үш есе артық болды. Іскерлік кездесулерден соң, біздің рудамен араластырса, екі жаққа да пайдалы болатынын есептеп шығаруды комбинат мамандарына тапсырып, аяқтау мерзімін өздерімен келісе отырып белгілеп бердім.

 Дінмұхамед Қонаевпен жүздесу сәті


Мамандардың есептеуі бойынша, жол шығыны, руданы арту, түсіру, соның ішінде қыс мезгіліндегі қиындықтарды қоса есептегенде, Қарағайлы, Жәйрем кеніштері Кентаудан қашық болғанына қарамастан, жақсы табысқа жетуге мүмкіндік бар екеніне көз жеткіздік. Ең қиыны – барлық дәлелдемелер мен есептеулерді біліп, анықтап алған соң оны жүзеге асыру болды. Жергілікті жерде, облыстық басшылық пен министрлікте бұл бастаманың өз шешімін таба алмайтыны белгілі. Сондықтан ары ойланып, бері ойланып, Қазақстан Республикасы Компартиясының Бірінші хатшысы Д.А. Қонаев ақсақалдың алдына баруға әбден дайындалып алдым да, Алматыға жол тарттым. Ойлағанымдай, Қонаевтың қабылдауына кіру оңай болған жоқ. Көмекшісіне жолығып, өзімді толықтай таныстырып, мемлекет көлемінде шешілетін мәселе екенін түсіндіріп, басшының қабылдауына кіруіме көмектесуін сұрадым. Мекенжайымды, телефон нөмірлерімді қалдырып, хабарласуын сұрадым.
Көп ұзамай Дінмұхамед Ахметұлы Қонаевтың қабылдауында болу бақыты бұйырды! Комбинаттың табысты еңбек ету тағдыры шешілуі тиіс сын сағатта өз ынта-жігерімді салып, тиісті құжаттар мен талдауларды, екі жақтың тиімді жолдарын жан-жақты баяндап айтып бердім. Менің сөзімді бөлмей, ыждағатпен тыңдап алды да, өзім күтпеген өзекті сұрақтарды қойып, мәселені пысықтап алды, тағатсыздана күткен жауабымды алдым, үлкен кісі комбинаттың болашағына табыс тілеп, барлық құжаттарды түгелдей көмекшісіне өткізуді тапсырды, барлық жауапты қызметкерлеріне тікелей тапсырма беретінін айтып, ризашылығын білдіріп, орнынан тұрып шығарды салды. Аз ғана уақыт кездесуде ол кісінің жоғары мәдениетті, білімді, кішіпейіл, алдындағы адаммен ашық, тең дәрежеде сөйлесетін, бойынан ізгілікпен жылылықтың лебі есіп тұратын адам екенін байқадым. Мамандығы металлург болғандықтан да, тау-кен саласы бойынша мол тәжірибесі бар екенін де байқап қалдым», – дейді. 
Сақ Мәуленқұловтың осындай іскерлік қасиеттерін байқаған Дінмұхамед Қонаев өзінің «Ақиқаттан аттауға болмайды» деген кітабында «Ірі өндіріс ошақтарында өздерінің білімін, іскерлігін көрсеткен, яғни сыннан өткен өндіріс қолбасшылары Мәуленқұлов, Кұленов, Қобдабергенов және басқалардың ісі кейнгі жастарға үлгі өнеге» деп атап өтіп Сақ Мәуленқұловтың еңбегіне жоғары баға бергенін айта кеткеніміз жөн. Көрнекті тұлғаның замандасы әрі әріптесі Нұрғали Ақаевтың естелігіне назар аударсақ, былай деп жазады: «Комбинат директоры Сақ Мәуленқұлов айына бір рет рудник, учаске және тағы да басқа комбинаттың бөлім басшыларымен жиналыс ұйымдастырып отыратын, жиналыс жүргізу барысында барлық басшыларды тыңдап, комбинаттың жалпы жағдайы туралы, оның ішінде жаңадан технологиялар енгізу нәтижесінде комбинаттың өнімі 17 пайызға артқанын айтып өтті. Жалпы, мен ол кісінің жиналысына ай сайын қатысып,ол кісінің әр қадамын өзіме сабақ ретінде қабылдап үйреніп отырдым. Ол кісі жиналыс өткізген кезде барлық учаске, бөлім басшыларының есебін мұқият тыңдап барып, сіз қалай ойлайсыз деп, ой-пікірлерін біліп, ақылын тыңдап, өз ойын қорытындылап отыратын. Қаншама жиналысына қатысып, бірде-бір рет дауыс көтеріп сөйлегенін көрген емеспін. Әрдайым өзінен лауазымы төмен кісілердің ой-пікірлерін мұқият тыңдап, ойларын біліп отыратын. Қарамағындағы кісілерге кісімшілік көрсеткенін көрген емеспін. Ол кісі жағдайды түсіндіріп, сіз істей аласыз ба деп сұрайтын. Иә, істей аламын десең, онда ертең кешке есеп-қисабын, қажетті техника, адам күшін есептеп келіңіз дейтін. Ол кісі түнге дейін жұмыс істеп, осындай қосымша сұрақтар бойынша кешке жұмыстан соң қабылдап отыратын.
 Жалпы, Сәкең Кентау қаласының қалыптасуына орасан зор еңбек сіңірді. Екі оқиғаны айтып өткім келеді. Жұмыс барысында әрдайым жаңа технологиялар енгізіп отыратын. Комбинатта дүниежүзінің ең үздік технологиялары қолданылатын. Мекемеге дәріс алу үшін экономикасы дамыған шетелдердің өкілдері келіп, атқарылып жатқан жұмыстарымызға таңқалатын. Мен өзім неше түрлі елдерден келген кісілерге дәріс оқып отырдым. 
Бұрынғы КСРО кен орындарында болып тәжірибие алмастым. Бірақ біздің комбинаттағыдай жаңа технологиялармен бірге маманын да дайындап үлгеріп отырған өндіріс орнын көрген жоқпын. Ол шындық. Бізден үйрену үшін ең үздік кен орындарының мамандары келетін. Сақ Мәуленқұлұлы маман даярлауға да көніл бөлетін. Сол кездері шахтерлерді оқыту үшін арнайы оқу орны ашылып, шахтерлер жұмыстан кейін сабаққа барып, білім алатын. 
Сақ Мәуленқұлов 1980 жылы АҚШ-қа КСРО делегациясы мүшесі ретінде іс-сапарда болып қайтты. Сол кезде олар бірнеше штатта болып, мәдениет саласының өкілдері өздерінің концерттерін беріпті. Қазақстаннан Ахмедияров деген жас домбырашы барып, домбырамен вальс орындайды. АҚШ азаматтары бір домбырамен осындай өнер көрсеткен Ахмедияровқа таң қалып, сый-сыяпат көрсеткен екен. Сол іс-сапардан оралғаннан кейін Сақ Мәуленқұлов бізге былай деп ақыл айтқан болатын: «Сендер байқайсыңдар ма, қарапайым қазақ азаматы, домбырамен вальс орындап, барлық қатысушылардың ыстық ықыласына бөленді. Әр уақытта, естеріңде болсын. Сені ешкім мақтап көтермейді, сен өзіңді өзің еңбегіңмен, өнеріңмен көтересің, тірліктеріңе еге болыңдар» дейтін. 
1983 жылдары комбинат өндіріп жатқан кен орындарының қорғасын құрамы 2 пайыздан 0,7 пайызға дейін түсіп кеткен екен. Комбинатқа дотациялық мекеме болу қаупі төнеді. Бұл деген сөз жалақы, жұмысшылардың қысқаруы, әлеуметтік құрылыстардың жүргізілуіне кері әсерін тигізеді деген сөз. 
Нұрғали Ақаев өз естелігінде бұл туралы былай дейді: «Сақ Мәуленқұлұлы осы жағдайдың алдын алу мақсатында басқа кен орындарды игеруге тырысты, Сонымен қатар Алматы, Мәскеу қалаларына мемлекет, министрлік басшыларына барып, жобаны қорғап, жаңа, дүниежүзінде теңдесі жоқ кен байыту фабрикасын салдырып іске қосқызды. Сол кездері Кентау кен байыту фабрикасы жылына 5 млн тонна руда байытатын. Сол жұмыстардың іске асырылуының нәтижесінде комбинаттың экономикасы көтеріліп, жалпы жұмысшылардың жалақысы, саны көбейді. Қалада көптеп әлеуметтік нысандар салына бастады. Сонымен қатар комбинаттың жұмысшылары демалуы үшін Сарыағашта, Кентауда, Қызылкөлде сауықтыру профилакторийлері салынды».
Осылайша С.Мәуленқұлов өзін білікті басшы ретінде қиын сәттерде көрсете білген. Нұрғали Ақаевтың айтуынша, жер сілкінісінен кейін бұрынғы Хантағы ауылының өзені арнасын өзгерткен. Бұрынғы өзен арнасы сақталып қалған. Олар Хантағы жақта орналасқан бай кен рудасын игеру мақсатында забой жүргізіп жатқан екен. Бір күні бұрынғы өзеннің арнасы анықталып, шахтаны су алу қаупі төніпті. Үлкен судың нәтижесінде көкжиекті су басқан. 37 күн еңбек етіп, шахтаны су алудың қаупін жойған. Сол 37 күн ішінде Сақ Мәуленқұлов та үйге бармай қауіптің алдын алғанға дейін әріптестерімен бірге еңбек етіпті. Осылайша қаланы аман сақтап қалған. 
Бірде Алжир мемлекетінде КСРО ның белгілі бір басшыларының туысы еңбек етіп жүріп, жаңадан өзгеріс енгізем деп құны 1 млн доллар тұратын шахтаның руда көтеретін лифтіні бұзып қояды. Алжир мемлекеті тарапынан бірқатар КСРО азаматтары үйқамаққа алынып, лифтіні жөндеп беруді немесе шығынды өтеуді талап етеді. КСРО түрлі-түсті министрлігінің сол кездегі басшысы Ломако Сақ Мәуленқұловқа хабарласып, білімді маман жіберуін сұрапты. Сақ Мәуленқұлов Алжирге Нұрғали Ақаевты жіберіпті. Осылай екінші рет ұзақ мерзімге Алжир мемлекетіне іс-сапарға аттаныпты. Сол елде еңбек етуінің нәтижесінде француз, араб тілін жетік меңгереді. 
«Осылай ұшақпен келгеннен кейін мені күтіп алып, қонақ үйге орналастырды. Күтіп алған кісі «Осындай күні шахтаның басшылары сізді қабылдайды, есеп-қисабыңызды жасаңыз» деді. Мен ертесіне шахтаға барып лифтінің құжаттарын алдырып, не болғанын түсіну үшін толық зерттеп шықтым. Белгіленген күні мені Польша, Франция және тағы да бір мемлекеттің өкілдерін жинап, шахта басшылығы есеп-қисаптарды тыңдады. Польша мемлекетінен келген бір мықты, ғылыми дәрежесі бар маман, барлық есеп-қисабын жазып көрсетіп, жиналған басшыларды істей алатынына көндіргендей болды. Жұмысты орындау үшін қандай техника, қосалқы заттар керек деген кезде шетел мемлекетінен техника мен қосалқы заттар алғызу қажеттігін айтты. Бұл ойды шахта басшылары құптамады. Қалған екі кісінің де жобаларын құптамай қойды. Ең сонынан мен өз есеп-қисабымды жасап, көрсетіп айтып шықтым. Ал енді қосалқы заттар бойынша не істейсіз деген сұраққа: «Мен осы Алжир мемлекетінде бізден 200 шақырымда орналасқан зауыт бар екенін, сол жердегі мамандарға тапсырыс беріп лифтіні жөндеп шығам дедім. Осылай шахта басшылары менің есебімді құптап, іске асыруға келісім берді. Ертесіне маған көлік беріп, мен кешегі айтқан қалаға барып, зауытқа сызбаларымды өткізіп, тапсырыс бердім. Зауыт басшылығы бір араб жігіт екен, өзі Мәскеуде оқыған, орысша біледі екен. Ол кісі мамандарын шақырып, мен сызбаларымды көрсетіп, не істеу қажеттігін тағы да түсіндіріп өттім. Зауыт басшылығы «Кешке таман тапсырысыңыз орындалып қояды, әзірше демала беріңіз» деп мені қайтарды. Кешке келсем, барлық қосалқы заттарды әкеліп, дайындап қойған екен. Қосалқы заттарымды шахатаға алып барып, монтаждау жұмыстарына басшылық жасап, мен сол лифтіні жүргізіп бердім. Осылай мен Алжир мемлекетінде бірнеше уақыт болып, еңбек етіп қайттым. Жалпы сол кезде менің байқағаным, комбинатта жұмыс істеген мамандардың білімділігі. Бұл жерде мен өзімді мақтап отырған жоқпын, жалпы басқа да мамандар шетелге, КСРО елдеріне жіберіліп, басқа мамандар істей алмаған жұмыстарды орындап жүретін» деп жазады. 
Сақ Мәуленқұлов ірі өндіріс орнын ғана басқарып қоймай, сонымен қатар мықты инженерлік мамандардың өсіп-өнуінің басты себепкері болды десек, артық айтқандық емес. Сақ Мәуленқұловтан кейін «Ащысайтүстіметалл» комбинатын басқарған Марат Битімбаев өз естелігінде: «Ащысайтүстіметалл» комбинатын инженер-шахтерлері дүние жүзінің ең үздік тау-кен кәсіпорындарында жұмыс жасап жатыр, бір Норильск қаласында орналасқан шахтада Кентаудан шыққан 500-ге жуық инженер-шахтерлар жұмыс жасайды» деп жазғаны комбинат мамандарының бәсекеге қабілеттілігін көрсететін бірден-бір маңызды фактор. 
«Ащысайтүстіметалл» комбинатында заманында үздік технологияларды өндірісте қолданып, оларды дамытуға бағытталған арнайы бөлімі болған. Мысалы, «Кентау» газетінің 1972 жылы жарық көрген санында комбинатта сол жылдары шахтерлардың қауіпсіздігін сақтау үшін 50 метр алыстан отырып басқарылатын бұрғылау құралдары сынақтан өтіп жатқаны туралы жазылған, ал «Youtube» әлеуметтік желісінде жарияланған «Ащысайтүстіметалл» комбинаты жұмысы туралы түсірілген бейнефильмде 1989 жылы комбинаттың автоматизация бөлімінің қызметкерлері автоматтандырылған роботехникалық құралды сынақтан өткізіп жатқаны көрсетіледі. Мұның барлығы комбинаттың инженерлік-техникалық қызметкерлерінің сол кездегі дүниежүзінің технологиясы дамыған ең үздік мемлекеттердің өндірістерінен кәсіби құзырлығы кем еместігін дәлелдейді.
Әлі есімде, 1992 жылдары 14 жасар бозбала кезімде Шымкент қаласында ақша төлеп видеомагнитофон арқылы «Терминатор» киносын көріп, болашақта осындай роботтар болатынына сеніңкіремеген едім. 2021 жылы Кентау политехникалық колледжін басқарып жүріп, жаңадан «Робототехника» мамандығын ашамыз деп Швеция мемлекетінде жасалған «робот қолды» алдырған болатынмын. Ал 2023 жылы «Ащысайтүстіметалл» комбинаты туралы 1989 жылы түсірілген бейнефильмді көріп, осыдан 36 жыл бұрын «Ащысайтүстіметалл» комбинатының автоматизация цехының инженерлері сол робот қолдарды сынақтан өткізіп, болашақта өндірісте қолдануға әрекет жасап жатқан бейне жазбаны көріп, сол заманғы комбинат инженерлерінің қаншалықты озық ойлы болғанын түсіндім. Расында да Кентау қаласының байлығы жер астында емес, осындай заманауи технологияларды меңгерген азаматтарында екенін сол кезде түсінгендей болдым.
Осындай технологиялық жетістіктердің артында тұрған Сақ Мәуленқұловтай дара да, дарынды тұлғаның есімі ұрпақтар жадында мәңгі сақталады деген сенімдеміз. 

Қанат БАҚБЕРГЕН

Кентау қаласы
Түркістан облысы

 

1312 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

01 Тамыз, 2025

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Дәуіржан ТӨЛЕБАЕВ

«Ақиқат» ұлттық қоғамдық-саяси журналының Бас редакторы