- Мақала
- 24 Шілде, 2025
Мақсатымыз – түрлі аудиторияға бейімделу
Биыл Қазақстандағы тұңғыш кәсіби қуыршақ театрының ашылғанына 90 жыл. Осы уақыт аралығында қалың тарихы қатталған өнер ұжымының бүгінгі тынысы туралы білу үшін театрдың директоры Алмат Амангелді мырзамен әңгімелестік.
– Көкшетау қаласында өткен Ұлттық құрылтайдың төртінші отырысында мемлекет басшысы «...Елімізде өнердің бұл түрі де табыс әкелетінін дәлелдеп жүрген театрлар аз емес», – деді. Сіз басқарып отырған қуыршақ театры табыс таба ма?
– Бүгінде өнердің табыс көзіне айналуы – заман талабы. Қуыршақ театры көпшілікке тек балаларға арналған мәдени ошақ ретінде ғана емес, көркемдік әлеуеті зор, түрлі аудиториямен жұмыс істей алатын өнер ордасы ретінде танылып келеді. Біз басқарып отырған Мемлекеттік қуыршақ театры да соңғы жылдары өзінің шығармашылық жетістіктерімен қатар, қаржылық тұрғыдан да бірқатар табыстарға қол жеткізіп отыр. Әрине, біздің басты мақсатымыз – тек табыс табу емес, көрерменді рухани әсерге бөлеу. Мемлекеттік қолдаумен қатар, өзіміз де табыс тауып отырмыз, оған мүмкіндігіміз де бар. Бұл – стационарлық және көшпелі қойылымдардан, гастрольдік сапарлардан, түсетін қаржы. Сонымен қатар, біз жаңа медиа форматтарды пайдалануды да жүзеге асыруды жоспарлаудамыз. Осының барлығы театрдың шығармашылық еркіндігін кеңейтіп, техникалық базамызды жаңартуға, актерлік құрамды қолдауға және жаңа қойылымдар әзірлеуге мүмкіндік береді. Демек, қуыршақ театры да қазіргі таңда табыс әкелетін, әрі мәдени миссиясын адал атқаратын мекемелердің бірі деп нық сеніммен айта аламын.
– Театр тарихынан белгілі бұл еліміздегі тұңғыш қуыршақ театры. Ол ашылған жылдардағы Алматы қаласының тұрғын саны мен қазіргі қала тұрғын саны салыстыруға келмейді. 2 млн-нан аса тұрғынға бір қуыршақ театры жетеді деп ойлайсыз ба?
– Бұл өте орынды әрі маңызды сұрақ. Алматыдағы Мемлекеттік қуыршақ театры – еліміздегі тұңғыш кәсіби қуыршақ театры. Ол ашылған 1935 жылы қала тұрғындарының саны бүгінгімен салыстырғанда әлдеқайда аз болатын. Ал қазіргі таңда Алматы – Қазақстанның ең ірі мегаполисі, тұрғын саны 2 миллионнан асып жығылады, оның ішінде жасөспірімдер мен балалардың үлесі де айтарлықтай жоғары. Осы тұрғыдан қарасақ, бір ғана қуыршақ театрының мұндай ауқымды аудиторияға толыққанды қызмет етуі оңай емес. Қаладағы мәдени сұраныс жылдан-жылға артып келеді. Бүгінгі балалар – аса зерек, цифрлық кеңістікке бейімделген, сапалы контентті қажет ететін жаңа буын. Олардың рухани дамуына, эстетикалық тәрбиесіне үлес қосатын қуыршақ театры секілді өнер ордаларының көбеюі – уақыт талабы. Біз, әрине, барынша көп көрерменді қамтуға, мобильді театр форматын дамытуға, жаңа сахналық алаңдармен жұмыс істеуге тырысып келеміз. Көшпелі қойылымдарымыз арқылы театрға келуге мүмкіндігі шектеулі мекемелерге арнайы барып, спектакльдер сахналап балалардың рухани азық алуына үлес қосамыз. Сондай-ақ, бізден бөлек көптеген сұраныстың нәтижесінде қалада жеке меншік қуыршақ театр алаңдары да жұмыс істеп жатыр. Дегенмен, қаланың әр ауданында балаларды қуанышқа бөлейтін осындай шығармашылық орталықтардың көбірек болғанын қалаймыз. Бұл балалардың өнерге жақындауына ғана емес, отбасылық мәдениеттің дамуына да оң ықпал ететіні сөзсіз.
– Жалпы көрермен сіздерге қалай келеді? Алматы қаласы әкімдігіне қарағандықтын Білім басқармасы арқылы мектеп оқушыларын сынып-сыныппен әкелесіздер, одан бөлек өз еркімен келетін көрермен саны анық па? Статистика жүргізіле ме?
– Театр көрерменінің келу арнасы әртүрлі. Біз Алматы қаласы әкімдігіне қарасты мәдени мекеме болғандықтан, Білім басқармасына қарасты мектептер және мектепке дейінгі ұйымдармен тығыз байланыстамыз. Осы бағытта мектеп оқушыларын сыныппен ұйымдастырып әкелу – балалардың театрмен танысуының ең тиімді жолдарының бірі. Бұл жұмыс жүйелі түрде жоспарланып, оқу жылының кестесіне сай жүргізіледі. Екіншіден, өз еркімен келетін көрермендеріміздің қатары жылдан-жылға артып келеді. Ата-аналар балаларының эстетикалық тәрбиесіне ерекше мән беріп, демалыс күндері отбасымен келетіндер саны көбейді. Сонымен қатар, туристер мен қала қонақтары да біздің театрды тамашалауға қызығушылық танытады. Соңғы 3 жылдағы көрсеткіштен көрерменнің театрға деген қызығушылығының артқанын аңғаруға болады. Мәселен, 2023 жылы – 83200, 2024 жылы – 92000 адамды құрады. 2025 жылға 95000 көрерменді қамтуды жоспарлап отырмыз. Әзірге қаңтар-мамыр айларының аралығында 40613 адамды құрап отыр. Қысқаша айтқанда, біздің көрерменіміз – тек мектеп оқушылары ғана емес, түрлі жастағы және әлеуметтік топтағы қала тұрғындары. Театр баршаға ортақ мәдени кеңістік ретінде жұмыс істеп келеді.
– Репертуар саясаты қай бағытты негізге алады, Мәдениет министрлігі болмаса қаланың мәдениет басқармасы бекіткен ереже немесе белгілі бір бағыт бар ма?
– Біздің театрдың репертуар саясаты бірнеше маңызды бағытқа негізделеді. Біріншіден, бұл – көркемдік және тәрбиелік құндылық. Яғни, біз балалар мен жасөспірімдерге арналған қойылымдарда ұлттық рухты, адамгершілік қасиеттерді, жалпы адами құндылықтарды насихаттауға баса назар аударамыз. Сонымен қатар, әлемдік және отандық драматургияның таңдаулы үлгілерін сахналау арқылы көрерменнің эстетикалық талғамын дамыту да – басты ұстанымдарымыздың бірі. Театр репертуарын театрдың көркемдік кеңесінің ұсынысы негізінде қалыптастырамыз. Бұл кеңес құрамында тәжірибелі режиссерлер, актерлер, өнертанушылар бар. Олар жаңа қойылымдардың көркемдік деңгейі мен тәрбиелік мәніне ерекше мән береді. Ал қабылданған ұсыныстар Алматы қаласының Мәдениет басқармасымен келісіліп, сол мекеме бекіткен соң ғана жүзеге асады. Біздің жұмысымызда шығармашылық еркіндік пен әкімшілік жауапкершілік үйлесім тапқан деп толық айта аламыз. Жалпы репертуар саясаты – бұл бір сәттік шешім емес, ұзақмерзімді стратегия. Ол көрермен сұранысы, заман талабына сай көркемдік ізденіс және мәдени саясатпен сабақтаса отырып құрылады.
– Репертуарларыңызды қарап отырсам, 18+ санатындағы қойылымдар, «Медея», «Мен бір жұмбақ адаммын», «Ана-Жер-Ана» секілді бала қабылдауына ауыр спектакльдер бар екен, психологиялық моноспектакльді де көзіміз шалды. Бұл Қуыршақ театрына не үшін қажет болды?
– Иә, мұндай сұрақтар жиі қойылады, бұл – өте орынды мәселе. Дегенмен қуыршақ театры тек балаларға арналған мекеме деген түсінік бүгінде біртіндеп сетінеп келеді. Қазіргі заманда қуыршақ – тек ойыншық емес, көркем ойды жеткізудің қуатты құралы. Ол арқылы күрделі философиялық, әлеуметтік және психологиялық мәселелерді де терең әрі әсерлі жеткізуге болады. Біз театрдың шығармашылық аясын кеңейтіп, тек балалармен ғана шектеліп қалмай, ересек көрермендермен де кәсіби деңгейде жұмыс істеуді мақсат еттік. Себебі театр – рухани кеңістік. Ал бұл кеңістікте әр жастағы көрермен өзіне қажет әсер мен ой түйе алуы керек. Театр репертуарындағы «Медея», «Ана-Жер – Ана», «Мен бір жұмбақ адаммын... Абай», «Ромео мен Джульетта», «Макбет», «Шал мен теңіз», «Шекпен» сияқты қойылымдар – қазіргі қоғамдағы күрделі тақырыптарды қозғайтын, көркемдік тұрғыдан биік туындылар. Бұл спектакльдер қуыршақ театрының тек балалар аудиториясымен шектелмей, жаңа формалар мен бағыттарды игеруге дайын екенін көрсетеді. Сонымен қатар, бұл – актерлердің де шығармашылық өсіміне серпін береді. Олар тек классикалық ертегілермен ғана емес, терең психологиялық материалдармен де жұмыс істей отырып, өз кәсіби шеберлігін шыңдайды.
– Драматургтермен жұмыс істеу жүйесі қалай қалыптасқан. Оларға қаламақы төлеуде авторлық қоғаммен келісіліп, заңды түрде жасалған шарт бар ма? Мұндайда қай заңды негізге аласыздар?
– Драматургтермен жұмыс істеу – театрдың шығармашылық процесіндегі ең маңызды міндеттің бірі. Біз жаңа пьесаларды таңдау, тапсырыспен жаздыру және оларды сахнаға бейімдеу жұмыстарын жүйелі түрде жүзеге асырамыз. Бұл бағытта театрдың көркемдік кеңесі үлкен рөл атқарады – ол ұсынылған драматургиялық материалдардың көркемдік деңгейін, мазмұн тереңдігін сараптап, қабылдайды. Авторлық құқық мәселесіне келсек, біз бұл жағынан заң талаптарын қатаң сақтаймыз. Қойылымға пайдаланылатын кез келген драматургиялық шығарма үшін автормен немесе оны ұсынушы ұйыммен (мысалы, авторлық қоғамдармен) міндетті түрде заңды шарт жасаймыз. Бұл шартта қаламақы мөлшері, авторлық құқықты пайдалану мерзімі, қойылым саны, авторлық роялти (ақшалай сыйақы) сынды маңызды тармақтар нақты көрсетіледі.
Біз жұмысымызда ҚР «Авторлық және сабақтас құқықтар туралы» Заңын басшылыққа аламыз. Сонымен қатар, Мәдениет және ақпарат министрлігінің, Алматы қаласы Мәдениет басқармасының нормативтік құжаттарын да негізге аламыз. Егер шығарма авторлық қоғам арқылы ұсынылса, онда ол ұйыммен де келісімшарт жасалып, барлық төлемдер заң аясында рәсімделеді. Біздің мақсат – драматургтің еңбегін әділ бағалау, авторлық құқықты қорғау және театр мен қаламгер арасында ұзақмерзімді шығармашылық серіктестік қалыптастыру. Бұл – өнердің сапасы мен заңдылықтың кепілі.
– Қуыршақ театры өзінің ерекшелігіне сай, пьеса табудан қинала ма? Қиналса оған не себеп, тарқатып айтып беріңізші?
– Қуыршақ театры – табиғаты ерекше, көркемдік тілі өзгеше өнер түрі. Сондықтан кез келген классикалық немесе заманауи драматургиялық мәтінді алып, қуыршақ сахнасына бейімдей салу мүмкін емес. Бұл жанрдың өзіне тән заңдылығы, ритмі, визуалды мүмкіндігі бар. Міне, сондықтан да қуыршақ театрына арналған пьесалардың тапшылығы – нақты шығармашылық кедергілердің бірі. Біріншіден, қазақ театр кеңістігінде қуыршақ жанрына арнап жазатын кәсіби драматургтер өте аз. Көптеген авторлар бұл саланың спецификасын терең түсіне бермейді.
Ал қуыршаққа арналған пьеса жазу үшін тек қызықты оқиға емес, сахналық әрекет пен көркем бейнелерді пластикалық және визуалды тұрғыдан да дәл есептеу қажет. Екіншіден, балалар аудиториясына арналған туындыларда тіл өте үлкен рөл атқарады. Сөйлеу стилі, оқиғаның қарапайым әрі әсерлі берілуі – бұлар ересек көрерменге жазылған драмалардан өзгеше талаптар қояды. Кейде қолымызда жақсы идея болса да, оны балаларға лайықтап жеткізу оңайға соқпайды. Үшіншіден, біз қазіргі балалардың ақпараттық кеңістікте өмір сүріп жатқанын ескеруіміз керек. Олар анимация, мультфильм, 3D форматтар арқылы дамып жатыр. Сондықтан тек мәтінмен емес, сахнадағы әрекетпен, жарықпен, музыкамен және қуыршақ бейнесімен әсер ету – драматургияға да, режиссураға да жаңа міндеттер жүктейді.
Сол себепті біз кейде шетелдік пьесаларды бейімдеп аударамыз. Жас драматургтермен жұмыс істеу арқылы бұл олқылықтың орнын толтыруға күш салып келеміз. Қуыршақ театрына арналған драматургия – әлі де даму мен қолдауды қажет ететін сала. Бұл бағытта мемлекеттік және шығармашылық ынталандыру тетіктері қажет екені анық.
– Көрермен жинау үшін олардың не көргісі келетінін білу маңызды. Бұл орайда көрермен талғамын қалай зерделейсіздер?
– Көрерменнің талғамын түсіну – қазіргі театр менеджментінің ең басты қағидаларының бірі. Әсіресе балалар аудиториясымен жұмыс істейтін театр үшін бұл аса маңызды. Себебі балалар көрермені – өте адал, ашық әрі талапшыл. Олар сахнадағы дүниені шынайы қабылдайды, ұнатпаса – бірден байқалады, ұнатса – риясыз қуанады. Сондықтан олардың не қалайтынын алдын ала зерттеп, шығармашылық жоспарды соған бейімдеу – біздің басты міндеттеріміздің бірі.
Театрға келген әрбір көрерменмен, әсіресе ата-аналармен, мұғалімдермен, балалармен кері байланыс орнатуға тырысамыз. Көрермен пікірін талдау – мұның бәрі репертуарлық және ұйымдастырушылық шешімдерімізге тікелей әсер етеді. Сонымен қатар біз мектептермен, балабақшалармен, педагог-психологтармен байланыста жұмыс істейміз. Олар балалардың жас ерекшелігіне, мінез-құлықтық дамуына, қызығушылығына байланысты өз ұсыныстарын айтып, жолдап отырады. Дегенмен болашақта балалардың көркемдік талғамын, заманауи қызығушылығын ғылыми тұрғыдан жүйелі зерттеу – театрдың стратегиялық бағытына айналуы тиіс. Бұл үшін кәсіби әлеуметтанушылармен, балалар психологиясы саласындағы мамандармен бірлесе жұмыс атқарамыз. Өнер – біржақты үдеріс емес. Көрерменмен үндесу, оның сұранысын түсіну – шынайы шығармашылықтың бастауы.
– Қазір сіздің театрдағы ең басты мәселе қандай?
– Әр кезеңнің өзіне тән өзекті мәселелері болады ғой. Қуанышқа орай, соңғы жылдары Алматы қаласының әкімдігі мен Мәдениет басқармасының қолдауымен көптеген маңызды мәселелер өз шешімін тауып жатыр. Соның ішінде ең бастысы – материалдық-техникалық база. Бұл сахналық жарық, дыбыс, мультимедия құралдары, сондай-ақ қуыршақ жасау цехының заманауи құралдармен жабдықталуы секілді тетіктерді қамтиды. 2023 жылдың қарашасы мен 2024 жылдың қаңтар айлары аралығында театрда жүргізілген күрделі жөндеу жұмыстарының нәтижесінде техникалық база толықтай жаңартылды. Бұл – шығармашылық процестің сапасын арттыруға зор мүмкіндік беріп отыр.
Алайда әлі де өзекті мәселелер жоқ емес. Соның бірі – қуыршақ жасаумен айналысатын білікті мамандардың тапшылығы. Қуыршақ жасау – өте күрделі әрі ерекше кәсіп. Өкінішке қарай, бүгінде республика көлемінде осы сала бойынша мамандар даярлайтын арнайы білім беру мекемелері жоқ. Сондықтан театрда бұл істі жүрегімен сүйіп, өз ынтасы мен ізденісі арқылы кәсіби деңгейге жеткен мамандар еңбек етуде. Қазіргі міндетіміз – сол тәжірибелі шеберлердің ізін басар жас мамандарды тәрбиелеу. Бұл бағытта біз жастардың қызығушылығын оятып, кәсіби оқу орындарымен тығыз байланыс орнатуға күш салып жатырмыз.
Айта кету керек, биыл – театр үшін ерекше жыл. Қуыршақ театрына 90 жыл толып отыр. Бұл мерейтойға орай көптеген шығармашылық жобалар мен жоспарларымыз бар. Алдағы уақытта көрермендерімізді жаңа қойылымдармен, түрлі халықаралық жобаларымызбен қуантуды мақсат етіп отырмыз.
– Әңгімеңізге рақмет, мерейтой құтты болсын!
Сұхбаттасқан Назым ДҮТБАЕВА
1183 рет
көрсетілді0
пікір