• Мақала
  • 24 Шілде, 2025

Ойға түйгендерім...

Отанымыздың қай өңіріне барсақ та, адам шоғыры мол, маңызды орындардың көрнекті жерлеріне, үлкен әріппен жазылған «біз ашылдық» деген жазуды жиі кездестіреміз. Өзімнің талдауымша, бұл сөздің түпкілікті мағынасы, бодандықтан бостандыққа ие болдық, рухани, мәдени, ғылыми, техника, тіл еркіндігі, ұлттық дәстүріміз қалпына келді. Барлық жақтан теңдік алдық. Енді Қазақ елімізді көркейтуге жол ашылды деген сөз деп түсінемін. «Ашылдық» деген сөздің мәні әрдайым осылай болсын! Әрі осы арман-тілегіміз қабыл болсын, жүзеге ассын деп тілеймін. Ашыла берейік, жабылудан Құдай сақтасын.

Үстірт айтсам кешіріңіздер, қазіргі жалпы қоғамдық беталысқа зер салып қарағанда, кейбір жақтан ашылғамыз жоқ, басылып бара жатқандаймыз. Кейбір жақтан ашыламыз деп шашылып барамыз. Бұған дәлел: бірінші, әлемді Алла жаратты десек, сол дайын әлемдегі табиғатты өзгертетін, дамытатын, түзейтін, сол арқылы адамзатқа бақыт жарататын құдыретті күш – ғылым ғана. Олай болса, еліміздің ғылым техникасы әлі де дамытуды қажет етенінін ғылым сүйетін есті азаматтардың қай-қайсысы да мойындайды. Бұл олқылықты жойып, елімізді әлемдегі дамыған елдердің қатарына жеткізу үшін ең алдымен оқу-ағартуды дамытуға баса мән беру керек. 
Қазір біздің оқу-ағартуымыз жүйе­ленбей отыр. Оқушылардың шынайы білім алуына тұсау болып отырған кедергілер күрделі, мұның басты себебі: кейбір мұғалімдердің кәсіптік өресі талапқа сай келмейді. Өйткені, білімді, ғылымды шынайы сүймейді. Сонымен қатар оқу-ағартуды дін құрсаулап отыр. Дін құрсауламаған болса, қыздардың арасында мектепте басын бүркеніп баратындарды қалай түсінеміз. Мен өз басым, қалыпты мұсылманшылықты құрмет етемін. Өйткені, шынайы шариғатта ғылым баса дәріптелген. Ғылым, әрине, діни сенімнің алдында тұруға тиіс. Алайда, қазір Қазақстанда ғылымнан гөрі имамды құрмет тұтатын үрдіс бар екенін жасыруға болмайды. Ал молдасымақтар жаратушыға алақан жайып, тілек тілеуден басқа, мемлекет тағдыры, ұлт болашағы жөнінде қаперіне алып жүрген жоқ. Ұзағанда «еліміз аман, жұртымыз тыныш болсын» дегеннен әрі барғанын көрмедім. Шынын айтқанда, бастысы – ғылым-білім үйреніп, отанымыздың көркеюіне үлес қосайық деп уағыз айтқан молданы күні бүгін естімедім. Айтатындары, жаратушыға сыйыну, барлығын беріп жатқан бір Алла, бес күндік жалған дүниеде о дүниелік азық жинау, қажыға бару, ораза ұстау, намаз оқу дейді. Бұл дүниеде әлі де күйзеліп жүрген халықта жұмысы жоқ, ел аспанға шығып жатса, олар жер астына азық жинап алып, хор қызын құшпақшы-мыш. Мен бір жолы, бір молданың шариғат жайын сөйлегенде «жастар ашық-шашық киініп, университет оқығанша, медресе оқуы керек» деген уағызын естіп, жүрегім шайлықты.
Тіл жағындағы шұбарлық оңалмай келеді. Өткен жылы, бір қаладағы билік ұстап отырған азаматтың номерін тауып, қоңырау шалсам, ол орысша жауап беріп тұрып алды. Номерді шатастырып алдым ба деп қысылып:
– Кешіріңіз, сіз Абай емессіз бе? – десем, шімірікпестен:
– Да, да, Абаймын, – дейді. Тағы да орысша сөйледі. Қаным басыма шығып кетті. Осындайларға қор болған қайран бабамыздың есімі-ай! «Жаман иттің атын бөрібасар қойған» деген осы-ау деп, тұтқаны тастай салдым. Біз басқа ұлттың тілін үйренбеу керек деп отырғамыз жоқ. Қайта өзге ұлттың тіл жазуын өзіндей, тіпті өзінен артық игерсек, олармен ғылым-мәдениет жағынан теңелсек, бұл, әрине, ұлтымыздың мақтанышы ғой! Айтпағымыз, өзге тілді үйренгенде өз тілінен жеру қандай намыссыздық?! Осынымыз «ашылғандық» бола ма? Басқа ұлттардың қыз-жігіттері қазақшаға судай зырлап тұрғанда, өз елінің мемлекет тілін білмей, білсе де, жеріп жүрген тоғышарларды жөнге салуға үкіметтің құдыреті жетпей отырған жоқ. Бастаудың көзі тұнбай тұр. 
Қазақстанда не көп, өнер жұлдыздары көп. Біздің қазақ, ән айтып, домбыра шертіп, би билеп, той тойлағанын «мәдениетіміздің дамығаны» деп масаттанып жүр. Біреу ақша тапқанына мәз болса, біреу ақша шашқанына мәз. Ел қамын ойлап, ұлт тағдырына бас қатырып жүргендер шамалы. Отанның гүлденіп, көркеюі үшін ми жұмсасақ, ұлт үшін нақтылы іс тындырсақ, нағыз рухани мәдениет сонда жаратылатын болады. Шетелдің бір ғалымы: «Бір ұлтты бодандастыру үшін, оның әдебиетін, көркемөнерін еркіне қоя беру керек. Сонда ол басқа жетістіктен мақұрым қалады да, ашсаң алақаныңда, жұмсаң жұдырығыңда болатын күйде қалады» деген еді. 
Көл-көсір той жасап, астатөк ас беріп, ұлтымыздың дәстүріне жараспайтын, қажетсіз мерекелер өткізуді салтқа айналдырып жүргендер де көп. Жоқ-жітікке көмектесіп, мемлекеттің мүддесін қорғайтындар аз болып тұр. Мемлекет, Отан, ұлт үшін басын бәйгеге тігіп, игілікті іс істеп, жұмыс тындыратындар аз, сөз жадылар көп болып жүр. Азаматтарымызда мемлекеттің, ұлттың абыройымен санасатындар кемшіл, ненің шынайы мәдениет, ненің мәдениетсіздік екеніне мән беретіндер жоқтың қасы. 
Медицина саласының басқарылу тәртібіне мән берілмей отыр. Ойлап көріңіздер, ауырған науқас емханаға барса, кезек күтуге тура келеді. «өлім болжау­сыз», «толғақ болжаусыз» деген бар, тосыннан ауырған адамды кезекке тұрғызу неткен күлкілі іс?! Оның үстіне, сенбі, жексенбі күндері, бүкіл емхана жабық болатын түзім бар. Сонда, ауыратын адам, алдын болжап, жұмыс күндеріне туралап ауырған жөн бе? Дамыған елдерде емхана құдайдың 360 күнінде күндіз-түні 24 сағат ашық тұрады. 
Мұның сыртында бүкіл Қазақстанда аптасына бір күн базар жабық болатын тәртіп бар. Бұл күні дүкен ашып, тірлік жасағысы келетін еңбекқорларға, тағы да сол адыраңбайлар жол қоймайды екен. Сонда бұл халық қайтіп жан бағады? Үкімет қызметі емес, жеке жан бағу бас еркіндікке тосқындық жасаудың өзі адамдық құқыққа қол сұққандық болмай ма? Халық тұрмысын жақсартып, мемлекетті көркейтудің ең кішкентай шарты болған, осы іске ақылы жетпей отырғандардың қылығына қайран қаламын. Ол ол ма, шын-өтірігі беймәлім, жуықта кәсіпкерлердің айлық кірісі үшжүз мың теңгеден асқандар тексеріледі екен деген сөз шығып жүр. Рас болса, осы мәселені ойлап тапқан адамды не дейміз? Айына үш жүз мың емес, үш миллюн теңгенің саудасын жасай алмаған кәсіпкер дүкен ашып не қылады?! Айына үш миллион теңгенің саудасы сатылса, ұзағанда бір миллион таза пайда қалар-ау. Халықтың жағдайының жақсаруына қарсы тәсілді ойлағанша, ұлтымыздың тұрмыс деңгейін жоғарылататын жол іздесек, қанеки. 
Осы жайлы мұқият зер салуға тиісті мынадай бір кінәраттың қалыптасып отырғандығын да айта кетуге тиіспіз. Халықтың әл-ауқатының оңалмай отырғандығын үкіметтен көре беруге болмайды. Халық арасында кеңес дәуірінен қалған жатыпішерліктің сарқыншақ уы бар. Осының зардабынан, жалқаулық, суық қолдылықтан арыла алмай келе жатқандар баршылы. Мәселен, табан ет, маңдай терімен жан бағатын мына заманда, машақат тартпай көтеріле алмайсыз. Ол үшін жалқаулық, үкіметке иек арту ауруынан айығуымыз керек. Қазір кейбір дүкен ашушылардың шала бүлініп «дүкеннің ашылатын уақыты келмеді, қазір түскі ас мезгілі» дейтінін қайтерсіз. Мұндай керанаулық істегенше, кергімей, бір теңге болса да кіріс тапқаны жақсы емес пе. Бұл заманның дамуына сәйкесіп, «ашылғандық» емес, дәуірдің алға басуына ілесе алмағандық.
Ұланғайыр еліміздің жер беру мәселесінде бір таршылық сезіледі. Мысалы, қалалы жерді айтпағанда, елдімекендердегі халықтың өзі қарадай қыспақта отырғанына қайран қаласыз. Бұл таршылық қайдан келді десеңіз, үй салатын жерді сатудың өзінде де жемқорлардың жем түсіріп, аралықтан жер қалдырмауынан болып отыр. Адамның көптігінен халқын сыйдыра алмай отырған Қытай үкіметінің өзі ауылды жерлерден үй салу үшін әр үйдің жан жағынан елу метр жер қалдыру деген заң белгілеп тастаған. Ал бізде жер кең болғанымен пиғыл тар болып тұр. 
Осындай келеңсіздіктерде түбегейлі жою үшін, озық елдердің тәжірибесін ескере отырып, ғылым, білім, техникасын, еңбекқорлығын үйрену арқылы, ашылғанымызды шынайы дәлелдесек деген тілегімді білдіремін.
Кәкен Қасымханұлы
 

357 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

01 Тамыз, 2025

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Дәуіржан ТӨЛЕБАЕВ

«Ақиқат» ұлттық қоғамдық-саяси журналының Бас редакторы