• Мақала
  • 24 Шілде, 2025

«ДІЛМАР» – ДАЛА ДАНЫШПАНДАРЫНЫҢ ДАНАЛЫҒЫН ДӘРІПТЕЙДІ

Қазақтың қаны мен жанына біткен дара қасиеті – шешендік өнері. Ықылым замандардан бері сайын дала төсінде елдік пен кемеңгерліктің үлгі-өнегесіне айналған ділмарлық, шешендік өнердің қадірі мен қасиетін қалай түсініп жүрміз? Шешендік өнердің қоғамдағы, саясаттағы рөлі қандай? Өскелең ұрпақтың шешендік өнерге деген қызығушылығы қандай? Осы тақылеттес сауалдарды арқау ете отырып, Абай атындағы республикалық мамандандырылған дарынды балаларға арналған қазақ тілі мен әдебиетін тереңдете оқытатын орта мектеп-интернатының шешендік өнер пәнінің мұғалімі, республикалық «Ділмар» клубының негізін қалаушы әрі жетекшісі, «Ділмар» шешендік сайыс жобасының авторы Жарқын Сәленұлын әңгімеге тарттық. 

– Жарқын мырза, сөз басында «Ділмар» клубының құрылу тарихына тоқталсаңыз? Оқушыларды шешендік өнерге баулу ісі қалай басталып еді? 

– 2018 жылы Абай атындағы республикалық мамандандырылған қазақ тілі мен әдебиетін тереңдетіп оқытатын мектеп-интернатына «Шешендік сөз үлгілері» пәнінің мұғалімі болып жұмысқа орналастым. Бұл мен үшін жаңа қадам болды. Себебі оған дейін мен журналистика саласында он жыл еңбек етіп, осы саланың қазанында қайнап, отымен кіріп, күлімен шығып, мол тәжірибе жинадым. Түрлі орталарда сауатты сөйлеуге машықтандым. Бірақ, бала кезден бергі арманым – мұғалім болу еді. Кезінде орындалмай қалған арманымның жетегімен мектепке келдім және ұстаздық жолымды оқушыларды шешендік өнерге баулудан бастадым. Баға жетпес бала арманым араға жылдар салып орындалды, мұғалім болдым. Бұл мен үшін өте пайдалы болды. Егер бірден педагогикалық мамандықты меңгеріп, мұғалім болып келгенімде, мүмкін шешендік өнерден емес, қазақ тілі мен әдебиетінің мұғалімі болар ма едім. Құдай мені басқа жолмен осы салаға әкелді. 
Шешендік – қасиетті өнер.Ұлтымыздың осынау бекзада өнері аса бір ұлықталмай, көрнекті деңгейде дәріптелмей, жас ұрпақтың арасында жаңаша үлгіде жаңғырып, жандана алмай жатқан кезде қоламтаны қоздатудың орайы туды. Міне, менің журналистикадан жинаған тәжірибем бала кездегі мұғалімдікті армандаған арманыммен ұштасып, шешендік өнерді дамытуға ден қоюыма себепкер болды. Аталған пәнді оқытуға кірісер алдында шешендік өнерді оқытудың әдістемесі түгілі, оқу бағдарламасы да, күнтізбелік жоспары да жоқ еді. Мен қараған күнтізбелік жоспар әдебиет теориясының негізінде жасалған. Сондықтан бәрін басынан бастауыма тура келді. Ешқандай оқулықтарға, оқу-әдістемеліктерге жүгінбедім. Мақсатым – өзімнің сара жолымды табу, оқытудағы жаңа әдіс-тәсілдерді қалыптастыру болды. Сөйтіп, бірінші күннен бастап тәжірибеге көштім. Бірінші сабақ кезіндегі жағдайды айтайын.11-сыныпқа сабақ беруге кірдім. Ол кезде пән «Шешендік сөз үлгілері» деп аталатын. «Оқушылар, қазір «Шешендік сөз үлгілері» деген сабақты өтемін десем, олар маған жақтырмай қарады да: «Ағай, осы сабақта терезенің шаңын сүртіп алсақ бола ма?», – деді. Сол кезде мен: «Отырыңыздар, сіздердің көңілдерініздегі шаңды мен сүртейін, қалған шаң одан кейін өзі-ақ сүртіледі», – деп жауап беріп, сабағымды бастап кеттім. Себебі олардың бұл пәнге деген ынта-ықыласы мен құрметі болмағанын байқадым және бұл менің ең алғашқы сабағым еді. Көкейімде «Бұл балаларды шешендік өнерді қалай қадірлеуге, түсінуге қалай үйретемін, дағдыландырамын?», – деген үлкен сұрақ тұрды және сол жауапкершілікті бірден сезіндім. Сөйтіп, іске кірістім.
Алғашқы күннен бастап тек тәжірибеге арналған сабақтарды өткіздім. Нәтижесінде бес жыл өтіп, алтыншы жылға аяқ басқанда педагогика ғылымдарының кандидаты, СДУ-дің профессоры, оқу-әдістемелік құралдарының авторы Жұмақаева Береке Дәулетханқызымен бірлесе отырып, шешендік өнердің 7-11 сыныптарға арналған оқу-бағдарламасын жасап, жүйелеп, пәнді оқытуды белгілі бір деңгейге жеткіздік. Бұл пән аптасына 1-ақ рет болады. Сыныпта 30-ға таяу оқушы бар. Ал оларға аптасына 1-ақ рет сабақ өткізу ешқандай нәтиже бермейтінін түсіндім. Әрқайсысынан сабақ сұрап, сөйлетіп боламын дегенше уақыт өтеді. Сондықтан, ойлана келе оқушыларды тереңдете дамытатын қосымша бір бағыт қажет деген байламға келдім. Сөйтіп аталған пәннен сабақ бере жүріп, оқушылардың ішінен сайдың тасындай сайыпқыран мықтыларын іріктеп алып, оларды бөлек дайындап, көшбасшы қалыптастыратын «Ділмар» үйірмесін құрдым. 
Мақсатым біреу болды: шешендік өнерді меңгерген көшбасшыларды қалыптастырсам, басқалар соған қарап бой түзейді деп түйдім. Сөйттім де 2018 жылдың күзінен бастап өзім сол кезде қызмет етіп жүрген «Зейнолла Сәнік» атындағы мәдениет қорына ұсыныс айтып, «Ділмар» шешендік өнер байқауын өткізуді қолға алдым. Мектептің сол кездегі директоры Роза Ербозымқызына байқауды қалалық деңгейде өткізейік дедім. Өйткені, мен республикалық деңгейде оқушылардың арасында іс-шара өткізіп көрген жоқпын, тәжірибем де жоқ. Роза Ербозымқызы: «Біз республикалық мектеппіз, республикалық деңгейде өткізе аламыз, тәжірибеміз бар, демеушісін тапсаң болды», – деді. Сонымен алғашқы іс-шараға 500 мың теңге қаражат бөлген «Зейнолла Сәнік» атындағы мәдениет қорының қолдауымен 2018 жылдың күзінде бірінші республикалық «Ділмар» шешендік өнер байқауын өткіздік. 
Бірақ, сол кездегі дайындаған сұрақтарыма көз жүгіртсем, бар болғаны қатысушының шешендік сөздерді білу деңгейін анықтау ғана болыпты. Екінші жылдан бастап, жыл сайын осы байқауды Береке апай бастаған мамандардың кеңесімен жетілдіріп отырдым. Сұрақтарын күрделендіре түстім, шешендіктің шарттары мен тұпнұсқасына жақындаттым. Нәтижесінде екінші, үшінші республикалық байқаудан бастап біз кәдімгі шешендіктің үлгісін көрсететін оқушыларды іріктейтін сайыстың сауатты үлгісін қалыптастырдық. Атап айтқанда, тақырыптар тек қана сайыстың үстінде беріледі. Шарттар – берілген тақырыпты жан-жақты ашуға бағытталған төрт кезеңнен тұрады: жекпе-жек айтыс сияқты үлкен сайыс түрінде өтеді. Яғни, бір тақырыпты екі жағынан таразылап, қорытынды пікір айтып, соңында бір-біріне сұрақ қояды және ең бастысы әр жекпе-жек шешендік сайыстан кейін кәсіби мамандардан құралған қазылар алқасы барлығына баға береді, пікір айтады, олардың сөзіне, тіпті қажет десе әрбір әріптеріне дейін қателіктерін айтады. Түзету жолдарын ұсынады. Осындай кері байланыс, сын, ұсыныс-пікір, ескертудің нәтижесінде шешендік өнерді түсінуге, қабылдауға, үйренуге оқушылардың ынтасы артты. Бұл арқылы біз мектептің ішіндегі оқушылардың ғана емес, бүкіл республикалық деңгейде оқушылардың шешендікке деген таным-түсінігі мен ой-өрісін жетілдіруге атсалыстық. «Ділмарды» бір-екі жыл өткізгеннен кейін, бір ғана сайыстың бүкіл республикадағы оқушылардың шешендікке құштарлығын арттыруға жетпейтінін біліп, желілік Абай мектептері арасында «Іші – алтын, сырты – күміс сөз жақсысы» деп шешендік өнер байқауын өткізейік деп ұсыныс жасадым. Ең бірінші болып, Абай облысы Абай ауданы Қарауылдағы гимназияның директоры Роллан деген азамат «Қасиетті Абай жерінен бастайық», – деп, қуана келісті. Содан бастап желілік Абай мектептері арасында жылына екі рет көшпелі түрде, ауыспалы түрде өтіп отыратын шешендік сайыс қалыптасты. 6 өңірде 6 сайыс өтті. Бұл сайыс «Ділмардың» баласы сияқты жақсы нәтижеге жол ашты. Осылайша Әділет министрлігінде тіркелген авторлық «Ділмар» шешендік сайыс жобам бойынша жылына үш рет республикалық деңгейде шешендік сайыс өтеді. Осының нәтижесінде күні бүгінге дейін тек қана мектеп оқушылары арасында республикалық деңгейде 13 рет шешендік сайыс өтті. Оның алтауы – «Ділмар» шешендік өнер байқауы, жалпы білім беру ұйымдары арасында өтеді, Қазақстанның барлық мектептері, соның ішінде Назарбаев зияткерлік мектептері де қатыса алады. Екіншісі «Іші – алтын, сырты – күміс сөз жақсысы» шешендік өнер байқауы еліміздің 13 өңіріндегі Абай атындағы 14 мектепте жылына екі рет, жалпы жиыны 6 рет сайыс өтеді. Біреуі онлайн өтті. Сондай-ақ, бұл байқауды студенттер арасында да өткізуді жөн көрдім. «Атамұра» корпорациясының президенті, ұлт жанашыры, белгілі қоғам қайраткері Рақымғали Абрарұлына өтініш айтып, ұсыныс жасап, үш жыл қатарынан студенттер арасында «Ділмар» шешендік өнер байқауын өткіздік. 
Үш рет республикалық деңгейде өткен шешендік өнер байқауына Рақымғали Абрарұлы 6 миллион теңге бөлді. Үшінші жылы өткен байқаудың бас жүлдесі – 600 000 теңге болды. Бұл шешендік өнерді дамыту, насихаттау саласында бұрын-соңды болмаған қомақты жүлде, жақсы жетістік, зор қолдау еді. Сол үшін Рақымғали ағаға алғысым шексіз. Осының нәтижесінде студенттер арасында да шешендікке деген қызығушылық артты. 
Аталған республикалық байқауларға қатысқан «Ділмар» үйірмесінде шыңдалған жас өрендер жалпы жиыны 33 жүлделі орынға ие болды. Бас жүлде алғандарының саны – 9, бірінші орын алғандар – 4, екінші және үшін орын алғандарының саны – 20. Бұл еңбек пен ізденістің жарқын көрсеткіші. 
Дегенмен нәтижені жүлдемен ғана есептемейміз, өткен оқу жылында «Ділмар» үйірмесі өткізген мектептегі сайыс кезінде үйірмеде шыңдалған студенттерді шақырып, қазылық жасаттық. Сонда байқағаным, олардың талдау жасау, сараптау, бағалау деңгейі өте жоғары болды. Себебі олар бірнеше мәрте мектепішілік, мектепаралық, республикалық сайыстарға қатысқан, өздері сол сыни ұсыныс-пікірлерді тыңдаған, соны қортындылаған, қате-кемшілікітерін түзетіп, жақсы нәтижеге бағыттай алған, сөзін өткізіп айта алатын, ойының ұшқырлығы бар, ақыл-парасаты қалыптасқан көшбасшы тұлға болғанын көріп көңілім марқайды.

– «Ділмар» клубы мақсатына жақындап қалған екен ғой... 

– «Ділмар» клубының басты мақсаты – жан-жақты дамыған, ұлтын сүйетін мемлекетшіл, арлы азамат, ұлттық құндылықтарды ұлықтайтын перзент, білімді, тәрбиелі, жан-жақты дамыған көшбасшы тұлға қалыптастыру. Осы мақсатқа жету жолында түрлі бағытта жұмыс істейміз. Көшбасшыға қойылар талап қандай? Көшбасшы деген ол ең бірінші шешен болуы керек. Ал шешен адам деген кім? Шешен адам деген тек қана әдеби тілде әдемі сөйлейтін, сөзді жаттап алып айтатын адам емес. Ол кез келген тығырықтан шыға алатын, адамдармен дұрыс қарым-қатынас жасай алатын іскер азамат, сауатты жаза алатын, орынды, жақсы сөйлей алатын, сауатты іс тындыра алатын ізгілігі мол ұлтын сүйетін азамат, заманауи ақпараттық-технологияларды меңгерген білімді адам, сөзге тапқыр, ойы ұшқыр, ақыл-парасаты кемел тұлға деген сөз. Бүгінгінің шешеніне де қойылатын талап осы, қажет болса мұны біз одан сайын жетілдіре түсеміз. 
Атап айтқанда, кешегі Алаш арыстары сияқты бірнеше тілді жетік меңгеріп, жатық сөйлей алса бұл да олардың басты ерекшелігі болады. Сондықтан «Ділмар» үйірмесі арқылы оқушыларды жан-жақты дамытамыз. Бірінші, шешендік сайыстар мен байқаулар арқылы сөйлеу шеберлігін дамытамыз. Бұл – басты бағыт. Шешендік – сайыстар мен жарыстар арқылы шыңдалады. Сабақ беру, жаттығу мен тапсырма орындау оған дейінгі кезең. Өйткені атам қазақ: «Көре-көре көсем боласың, сөйлей-сөйлей шешен боласың» дейді. Ол іс-тәжірибеде шыңдалуы керек. Екінші бағыт – жазу шеберлігін дамыту. Яғни, сауатты сөйлей алатын адам сауатты жаза алуы керек. Сондықтан біз оқушыларды республикалық «Ұлан», «Ақжелкен», «Мөлдір бұлақ», «Ана тілі» сияқты газет-журналдарға, сайттарға мақала жазуға баулимыз, «Ақиқат» журналына да біздің оқушыларымыздың жазғандары жарық көріп тұрады. Яғни, біз оқушылардың жазу шеберлігін дамытып жатырмыз, осы уақытқа дейін екі оқушы республикалық басылымның жас тілшісі болды. Енді сол жас тілшілер өзінен кейінгі іні-қарындастарының, сіңлілерінің жазу шеберлігін дамытып жатыр. Шәкірттеріміз қанатты сөздер, афоризмдер жазатын болды. Осы арқылы оқушылардың ойлау деңгейі өседі. «Ділмар» үйірмесінде шыңдалған «Ұланның» жас тілшісі Ақерке Ерболатқызы ізбасарларын жазу шеберлігіне баулып келеді. Ақерке – бірінші курстың студенті, соған қарамастан шәкірттерді тәрбиелеуді қолға алды. 
Үшінші бағыт – біз бейне-өңдеу, суреттік хабарламаларды жасауды үйретеміз. Бұл – заманауи қажеттілік. «Ділмар» клубының ең белді, белсенді мүшесі, екі жыл «Ділмар» үйірмесінде тәлім алып Аягөз ауданында 10-сыныпта оқып жүріп аудандық деңгейде шешендік өнер үйірмесін құрып, сабақ беріп, нағыз көшбасшы бола алатындығын дәлелдеген 11 сынып оқушысы Әли Мұхтарұлы осы бағытта арнайы дәріс жүргізеді. Оқушылар өздері подкаст, ойталқы түсіріп, әртүрлі форматтағы жаңалықтарды ұсынып келеді. Міне, сол арқылы біз ақпараттық технологияларды тиімді пайдаланамыз. Жазу шеберлігінен 5 жыл ішінде 3 кітап шығардық. Төртінші кітапты айтыскер ақын Жақсылық Орынбасарұлының демеушілігімен күзге қарай шығаруды жоспарлап отырмыз. 

– Осындай тәжірибелеріңізді еліміздің өзге де мектептерімен бөлісесіздер ме?

– «Ділмар» клубының әлеуметтік желідегі парақшасы арқылы жарияланған пайдалы ақпараттар шешендік өнерге қызығатын мектептерге, мұғалімдер мен оқушыларға пайдалы деп нық сеніммен айта аламын. Оған дәлел, 2024 жылдың 10 желтоқсанында Алматы облысының Ұйғыр ауданына аудандық шешендік сайыс өткізуге бардық. Жаңабай Құдайбергенов атындағы мектепке кіріп келе жатқанымда «Ділмар» шешендік өнер клубы» деген жазуды көріп таң қалдым. Сөйтсем, сол мектептің бұрынғы директоры Бибігүл Байжұмақызы біздің әлеуметтік желідегі парақшаны көріп: «Неге бұл үйірмені ашпасқа?», – деп, осы ғибратты істі қолға алған екен. Кейін өзі Сүмбе орта мектебіне ауысады, сол мектептен де бір үйірме ашқан. Яғни, біз әлеуметтік желіде белсенді болу арқылы басқаларға үлгі көрсеттік. Желідегі парақшамызды бақылап жүрген тағы бір топ азаматтар, атап айтқанда, Жамбыл облысы Қордай ауданы Қаракемер ауылында тұратын Нұрлыбек деген азамат «Осы бір жақсы үлгі-өнегені біздің ауылда да жалғастырайық» деп бастама көтеріп, іске кірісіп жатыр. Тараз қаласының тұрғыны Ерғазы деген ағамыз да өзі тұрған қаладан «Ділмар» орталығын ашуға ниетті. 
Міне, осы нәтижелі жұмыстарымыздың арқасында еліміздің әр өңіріндегі желілік Абай мектептері мен біздің мектепті қоса есептегенде жалпы 14 үйірме құрылды. Олардың барлығы да «Ділмар» үлгісінде жұмыс істеп, үйірмеден алған тәжірибені пайдалануда. 

– Алда тағы да қандай жобаларыңыз бар? 

– «Берекелі дастарқан» деген жобамыз бар. Жылына бірнеше рет үйірме мүшелерімен бас қосып, ақылдасып, ақ дастарқанның басында ғибратты әңгіме айтамыз, әсем ән, күмбірлеген күй тыңдаймыз, оқыған кітаптарымыздан алған әсерімізді бөлісеміз. Дастарқан басындағы құндылықтарды үйретеміз. Мәселен, қазір біз дастарқан басында әңгіме айтамыз ба, бала мен үлкенді дастархан басында 15-20 минут телефон қаратпай ұстаудың өзі мұңға айналды. Ал біз ол жерде телефонды жинап қойып, тек қана дастархандағы дәмнен ала отырып әңгіме айтамыз, талқы жасаймыз. Болашақта олар да отбасы болғанда осы құндылықты насихаттайтын, ұстанатын болады. Бұл жобамыз адамдармен қарым-қатынасты нығайтады, бауырмалдықты арттырады, жақсы әңгіме айтуды үйретеді. Бір дастарханның басында жеті түрлі құндылық бар. Біз соны жас ұрпақтың бойына сіңіріп жүрміз.
Қорыта келгенде мәселе біз қандай тұлға тәрбиелеп жатырмыз деген сұраққа тіреледі? Біз тек қана әдемі, жақсы сөйлейтін, бірақ жағымсыз іс-әрекеттер істейтін тұлға тәрбиелесек, қалай болады? Ертең ол әдемі сөйлеп, елді алдаса ше, алаяқ саудагер болса, өтірік айтатын саясаткер болса ше, жат дінни ағымның насихатшысы болса бүкіл халықты адастырмай ма? Ондай жағдайда біз қоғамға аса қауіпті тұлға тәрбиелегеніміз ғой... Ал біздің мақсатымыз – ізгі жолдағы толық адам дайындау. Сөзі мен ісі сай келетін нағыз адам дайындау. Сондықтан оқушыларды бауырмалдыққа, мейірімділікке үйретеміз. «Берекелі дастарқанды» ұйымдастыру, түрлі іс-шараларға қатысу, театрға бару, тауға шығу, бір-бірімізге қиын сәтте көмектесу, қуанышты сәтте қуанышымызды бөлісу арқылы оқушыларымыз бір үйдің баласындай тату. 
Біз өткізген іс-шараларға ондаған азамат демеушілік жасады, жомарттық көрсетті. Оны көрген үйірменің мүшелері өздері де жомарттыққа бейімделуде. Атап айтқанда, былтыр Көкшетау қаласында өткен 5-ші республикалық «Іші – алтын, сырты – күміс сөз жақсысы» шешендік өнер байқауының бас жүлдесін алған 9-сыныптың оқушылары Айсымбат Тақымбекқызы мен Әмина Смағұлқызы екеуі 100 мың теңге сыйақы алған, соның 20 мың теңгесін маған беріп тұрып: «Ағай, осы ақшаны өзімізден кейінгі ізбасарларға шешендік сайыс өткізіп, соның жүлдесіне берейік» деді. «Ақберен» деген республикалық шешендік өнер байқауында 1-орын алған Гүлшат Доскенқызы және Бердібек Соқбақпаевтың 100 жылдығына арналған шығармашылық байқауда жүлделі орын алған Нұрайым Жасұланқызы, «Ділмар» байқауынан І-орын алған Ақназ Жандосқызы оларға қосылып «Біз де өзімізден кейінгі шәкірттерге көмектесейік, өйткені біз де алдыңғы буынның көмегін көрдік қой». – деді, солардың демеушілігімен сайыс өткіздік. Студенттер арасында өткен екінші республикалық «Ділмар» шешендік өнер байқауының бас жүлдесін алған СДУ-дің студенті Шыңғыс Ерболұлы 500 000 теңгені алған кезде: «Ағай, бұл жетістікке мен алдыңғы буын ағаларымыздың демеушілігімен жеттім ғой, мен де өзімнен кейінгілерге көмектесейін» деп, ол да мектепке келіп арнайы іс-шара өткізіп берді. Жыл соңында өткен «Дарынның ділмарлары» шешендік сайысына Баймұхан Мұхтарұлы деген азамат демеушілікке берген 100 мың теңгелік сыйақыны алған 8 үйірме мүшесі мектебімізде өткен Абайтану олимпиадасына ақшасын толықтай бере салды. Кісілік деген, ізгілік деген осы.
Ендеше біз қайырымдылықтың, жомарттықтың, ізгіліктің дәнін қазірден бас­тап оқушылардың бойына сіңіріп және соның нәтижесін көріп жатырмыз. Демек, «Ділмар» үйірмесінде дайындалған шәкірттер елге қызмет етуді бойына сіңірді. «Ұлт жұмысы – үлкен жұмыс, үлкен жұмысқа көп жұмысшы керек» деген Ахмет Байтұрсынұлының сөзін басты ұстанымы етті. Абай Құнанбайұлының «өзің үшін еңбек етсең, өзі үшін оттаған хайуанның бірі боласын, адамшылық қарызы үшін еңбек етсең, Алланың сүйген құлының бірі боласың» деген ұстанымын басты мақсатына айналдырды. Демек біз тек қана жақсы сөйлейтін тұлғаларды ғана емес, жақсы, ізгі іс істейтін көшбасшыларды қалыптастырдық деп сеніммен айта аламын. Оқушыларымыз үйіне қонақ келсе, қонаққа барған кезде, түрлі тойлар мен іс-шараларда, туған күн кездерінде өздері жаттаған, түсінген аталы сөздерді айтады. Шешен сөйлейді, іс-әрекетімен үлгі болады. Сол арқылы, тіпті үлкен ақсақалдарды да ұялтып, олардың да бата жаттауына ықпал етуде. Олардың да есті сөзді айтуына ықпал етіп, ой салуда. Ендеше біз жастар арқылы қоғамды өзгертіп жатырмыз. Олар ата-анасына ой салып, кітап оқуына себеп болуда. Міне, біздің жас көшбасшылар қоғамның рухани жаңғыруына осылайша қызмет етіп жатыр. Сондықтан да «Ділмар» үйірмесі тек қана республикалық Абай мектебінің қабырғасында емес, бүкіл мемлекетке пайдалы іс істейтін, білім мен тәрбиені қатар дарытатын, дала данышпандарының даналығын дәріптейтін орталыққа айналды. 
Бір сөзбен айтқанда, біз жастарды қолынан ештеңе келмейді, олар телефонға телмірген, басқа ұрпақ деп жағымсыз көзқараспен қараудың орнына оларды ынталандырсақ, шабыттандырсақ, бағыт-бағдар берсек, олардың жүрегіндегі сәулені, кішкентай отты маздатып жаға білсек, біз күткеннен де артық нәтижеге жете алатынымызға көзім жетті. Яғни, осы саналы ұрпақ ертең мемлекетті жаңа бағытта, ұлттық бағытта дамытатын, ұлттық идеологияның қалыптасуына, қазақ халқының құндылықтарының әлемдік деңгейде насихатталуына ықпал етеді. 
Былтыр алғаш рет «Дала данышпандарының даналығы» деген атпен қазақ би-шешендерінің, ақын-жырауларын шешендік сөздерін қазақ-ағылшын тілінде жаттап, түсініп айтудан республикалық жарыс өткіздім. Оған желілік Абай мектептерінен 9 оқушы қатысты. Нәтижесінде олар шешендік сөздерді қазақ тілінде түсініп, айтып қана қоймай, ағылшын тілінде де сауатты айтты. Осы сайысқа қазы болған ақын, ағылшын тілінің білікті маманы, журналист, өзіміздің әріптесіміз Дүйсенәлі Әлімақын соңынан ризашылығын білдіріп, мынадай пікір айтты: «Мен өзімізден кейінгі жастарға күмәнмен қараушы едім, осыдан кейін қатты риза болдым. Олардың ағылшын тіліне аударған аудармасы қандай сауатты, оны жеткізуі қандай керемет», – деді. Сол кезде Дүйсенәлі оларға ағылшын тілінде сұрақ қойып, ағылшын тілінде жауап алды. Осылайша олар бабалар сөзін, бабалар мұрасын, бабалардың даналығын ағылшын тілінде де айта алатын болды. Алдағы күзде «Асылтас» қорының демеушілігімен бұл байқауды екінші рет өткіземіз. Абайдың қара сөздері мен өлеңдерін қазақ және ағылшын тілдерінде түсініп, мәнерлеп, жатқа айтудан жарыс өткізбекшіміз. Абай мұрасын қаншалықты деңгейде түсінді, тереңіне бойлай алды ма, философиясын білді ме деген мәселені анықтауға мән береміз. «Менің бабам осындай даналық сөздерді жазған, осындай керемет ойлар қалдырған», – деген мақтанышпен бабалар сөзін ағылшын тілінде айтып жүрсе несі айып? Жарасып тұрмай ма?.. Біз Платонның, Сократтың және тағы басқа ойшылдардың, ғұламалардың сөздерін жатқа айтамыз, біздің бабалардың сөзін басқалар неге айтпасқа?! Өйткені олардан еш кемдігі жоқ. Сондықтан да біз оқушыларымыз бен шәкірттерімізді осы бағытқа да дайындап жатырмыз. Бұл да «Ділмар» үйірмесінің басты жобаларының бірі. Мұның маңызын шәкірттеріміз де сезініп келеді. Өйткені, ынта-ықылас қойып, атсалысып, үлес қосып келеді. 
 

– Дастархан басындағы жеті түрлі құндылық туралы айттыңыз, ол қандай құндылықтар?

– Бірінші құндылық – дастархан басында түрлі тақырыпта пайдалы әңгіме айту арқылы сөйлеудің әдебін, шеберлігін меңгерту. 
Екінші құндылық – дастарханның басында қонақты құрметтеу, сөзін тыңдау, қонаққа көңіл бөлу. Қазір біз телефонды қолымызға аламыз да бір-бірімізге мән бермейміз, бір-біріміздің сөзімізді тыңдамаймыз, бір-бірімізге құрмет көрсете алмай жатамыз. Дастарханда ас ішу үлкеннің бата беруімен басталатындығын, ас ішудің өзіндік әдебі болатындығын, тіпті кесе алып берудің, тамақты ұсынудың да мәдениеті бар екенін түсіндіру. 
Үшінші құндылық – дастарханның басында сырласу, пікірлесу мәдениетін дамыту. Ән айтып, күй тартып, ұлттық өнер мен өнегені үйретеміз. 
Төртінші құндылық – аталы, шешендік сөзді насихаттаймыз. Дастарханның басында қазір біз қандай әңгіме айтып жүрміз? Көп жағдайда өсекке, ғайбатқа, біреуді жамандауға, болмаса саясатқа беріліп, оның соңы дау-жанжалға ұласып кетеді. Ал біз ғибратты әңгімелерді айту арқылы бабалардың мұрасын дастархан басында насихаттаймыз. Дастархан басы емен-жарқын әңгіме айтатын кез. Мәселенің мәмілемен шешілетін кезі. Біз соны үйретеміз. Біз жай ғана әңгіме айтпаймыз, болашақтың ұлттың, ұрпақтың мәселесін талқылаймыз.
Негізінде ғибратты сөздердің көбі дастархан басында туған ғой, дастарханның басында өмірге келген. Жаудың да, даудың да беті дастарханның басында қайтқан. Сондықтан шешендік сөздерді дастарханның басында насихаттаймыз. Әңгімешілдікті үйретеміз.
Бесінші құндылық – Тыңдау мәдениетін үйренеміз, қонақты, әңгімені, сөзді мұқият тыңдау, саралау, сөзді бөлмеу, сабырлы болуды үйретеміз.
Алтыншы құндылық – дастархан басындағы ғибратты дүниелерді бейнетүсірілімге түсіреміз. Бұл нені көрсетеді? Бейне түсірілімге түсіру дастарханның басында сөйлеуді, өзімізді ұстаудың жауапкершілігін арттырады. Және бейне түсірілімге оқушылар өздері түсіреді, өздері өңдейді, жариялайды, сол арқылы заманауи ақпараттық технологияларды үйренеді.
Жетінші құндылық – осы дүниелерді әлеуметтік желіге жариялау арқылы бүкіл қоғамның, тыңдаушылардың назарын аударып, дастархан мәдениетін қадірлеуге, құрметтеуге, сақтауға шақырамыз. Міне, бір ғана тапсырма, бір ғана берекелі дастархан жобасы адамдарға, оқушыларға, жас ұрпаққа 7 түрлі пайда,7 түрлі құндылық, 7 түрлі ізгіліктің нәрін себеді.
Одан бөлек оқушыларға берілетін «Жақсылық және Жомарттық» деген тапсырмам бар. Оқушылар міндетті түрде жақсылық және жомарттық жасайды. Бұған дейін өзіне жасалған жақсылықтар мен жомарттық жайында әңгіме айтады және тарихи тұлғалардың, ұлтқа қызмет жасаған тұлғалардың жақсылығы мен жомарттығын тауып келіп, әңгімелеп жеткізеді. Жақсы, жомарт, ізгі тұлға болып қалыптасу үшін осындай нақты іс әрекеттер қажет. Демек шешендік өнерді меңгерту жолында түрлі әдіс-тәсілдерді қолданамыз. 

– Кезінде би-шешендердің сөз саптау үлгісі болды ғой, соны біз жаңғырта аламыз ба, әлде әр заманның өз сөз саптауы бола ма?
– Белгілі бір деңгейде жаңғырта аламыз. Оны біз шешендік сайыстарда көріп те жүрміз. Мысалы, 2023 жылғы 5-ші «Ділмар» шешендік байқауы кезінде сайыскерлерге «Бесік жыры» тақырыбы түсті. Сонда біздің «Ділмар» үйірмесінің мүшесі, студенттер арасындағы шешендік сайыстың бас жүлдесін алған Аяулым Айдарқызына бірден бесік жырын айту тапсырмасы берілді. Ойлануға бір-ақ минут берілді. Ол ақын емес, өмірінде өлең шығарып көрмеген оқушы. Десек те, бесік жырының үлгісінде тәп-тәуір, мағынасы бар, мәні бар өлеңді құрап айтты. Сол сияқты студенттер арасындағы «Ділмар» байқауында бірінші орынды алған Жалғас Қазыбекұлына «Бүгінгі жастарды сипаттаңыз» деген тапсырма берілді. Жалғас тапқырлық танытып, бұл тапсырманы мүлтіксіз орындады. 
Суырып салып айтуға дайындауға, әрине, көп уақыт, көп күш, көптеген жаттығу қажет. Біздің дебаттан ерекшелігіміз де сонда, біз жаттап алып, қағазға қарап сөйлемейміз. 
Қазақ сөзін бұзып сөйлеуден ада, тіл тазалығын сақтайтын, ұлттық киім киген, өзін-өзі ұстау мәдениеті бар, байыпты, саналы, сабырлы оқушының жақсы үлгісін көрсетеміз. Яғни, сөйлеп тұрған адамның тыңдарманмен қарым-қатынасы, сөйлеу шеберлігі, сөзін анық, дәл жеткізуі және көркемдік деңгей, тәрбиелік мазмұнның болуы бағаланады. Мұның барлығы шешендіктің шарттары. Әрине, бұрынғы замандағыдай тура сұраққа бірден өлеңдетіп, керемет деңгейде жауап беруге алып келдік деп айта алмаймын, оған әлі біраз уақыт қажет шығар. Дегенмен, бәрібір сол деңгейге жақындаған шығармыз, бүгінгі заманның деңгейіндегі көшбасшыны, сөзінің тапқырылығы бар тұлға қалыптастыра алдық деп айта аламын. 
Шешендік дегеннің өзі сан қырлы талант болу деген сөз. Академик Зейнолла Қабдолов: «Шешендік шексіз білімнен, терең ойдан, асқан парасаттылықтан туады» дейді. Ендеше шешен адамда терең білім болуы керек. Екіншіден, ол асқан парасат иесі болуы керек. Үшінші, терең және ұшқыр ойлы болуы керек. Терең ой болмаса не болса соны айта салады. Шешендік өнерді зерттеуші ғалым Балтабай Адамбайдың «Шешендік көп оқып, көкейге тоқып, жалықпай жаттығу арқылы қол жететін өнер» дейтін сөзі бар. «Көре-көре көсем, сөйлей-сөйлей шешен боласың» деген де өмірдің ақиқаты. Бірақ, көп сөйлегеннің бәрінің шешен болмайтынын ескеру қажет. Сондықтан, көп кітап оқу керек. Дайындық пен жаттығу жасау керек. Түрлі орталарда сөйлеуді үйренуі керек. Бір бағытта дайындаған шешендік сөзіміз екінші бір ортаға жарамауы мүмкін. Сондықтан қай жерде кімге, қалай сөйлеуді білу керек. Сол үшін біз жеке-жеке бағыттар бойынша дайындаймыз. Сол кезде сөйлеуші сөйлейтін ортасына, біліміне, жас ерекшелігіне, тыңдаушының деңгейіне, уақытқа, жағдайға қарай сауатты сөйлейді.

– «Бүгінгі қазақ шешен сөз сөйлеуден қалып барады» деген пікір бар, осы пікірмен келісесіз бе? 

– Келісемін. Бір ғана көрсеткішін айтайын. Бәріміз де тойға барамыз. Үш жүз адам отырған тойда көбіне мән-мағынасы бар, есті сөз айтатын үш адам таба алмаймыз. «Ашық аспан», «қажымас қайрат», «зор денсаулық», «бақыт тілеймін», «бақыттан басқа не тілейін» деген сөздерді жиі естиміз. 
Жүз адам сөз сөйлеуге шығады, барлығы да осы сөздерден ұзап кете алмайды. Демек біз сөз сөйлеуден қалып барамыз. Өйткені, өкінішке қарай, біз сөздің құндылығын, қадір-қасиетін, сөздің тәрбие құралы екенін, сөздегі тағылымның деңгейін бағамдамайтын болдық. 
– Осының себебі неде?
– Мұның сан алуан себептері бар. 
– Біздің біртілді қоғам болмауымыздан ба? 
– Біріншіден, отарлық кезеңнің салдары. Екіншісі, сөздің құндылығы мен қадір-қасиетін білу мен түсінуден алыстап барамыз. Үшіншіден, тілге, сөзге деген енжарлық, немқұрайлық, салақтық. Қалай болса солай сөйлеу. Өзге тілде, орыс тілінде сөйлеуді мәдениеттілік санау. Тіл тазалығы мен байлығын сақтауға ниеттің болмауы. Төртіншіден, мемлекеттік тілге, шешендіктің қадір-қасиеті мен мән-маңызын бағалауға деген жақсы көзқарасы, нақты іс-әрекеті, идеологиялық басымдылығының болмауы. Бесінші, отбасы тәрбиесіндегі олқылықтар. Алтыншы, аралас мектептер мен көптілділік орта, тағысын тағылар. 
Телеарналарда шешен сөйлеуді насихаттайтын, үйрететін бағдарламалар жоқ. Бірнеше жыл «Хабар», «Қазақстан», «Абай» телеарналарына осы бағытта жақсы жоба ұсындым. Алайда ешқайсысы оны іске асыруға құлықты болмады. Есесіне арзан ток-шоу, жеңіл-желпі бағдарламалар, әзілге құрылған дүниелерге орын мен мүмкіндік көп. Осындай жағдайда қандай жақсы нәтиже күтуге болады? 
Әлеуметтік желі пайда болғаннан кейін қысқа ақпараттарды көретін болдық. Ойланатын, ой салатын дүниелерді көруден, ойланудан алыстап бара жатырмыз, оны тіптен бір қиын іс санайтын болдық, бұл өте қауіпті нәрсе. Ақпараттық-идеологиялық алаңда біз жеңіліп жатырмыз. 
Ал той-томалақтың сиқы анау. Арзан күлкі іздеген асабалар ойына не келсе соны істеп, аузына не келсе соны айтып жүр. «Тәк» дейтін саналы қарттар санаулы ғана. 
Негізі ас пен той – тәрбиенің алаңы еді ғой. Сол жерде ақын-жыраулар төкпелеп сөйлейтін, термелеп сөйлейтін, толғанып сөйлейтін, толғатып сөйлейтін, сол сөздерді құйма-құлақ жастар тыңдап, ары қарай тарататын. Мектептерде сауатты сөйлеуге үйрететін «Шешендік өнер» пәні оқытылмаса, мұғалімнің өзі тіл тазалығы мен мәдениетін бұзып салдыр-салақ сөйлесе оқушыны үлгіні қайдан алады? Қаланың жағдайын білесіз. Аралас мектеп – қазақ мектебі емес. Қалада өскен бала аулаға шыққан кезде орысша сөйлейді. Тіл жойылса кінә өзімізде, кімге өкпелейміз? 
Сондықтан сауатты сөйлеуді үйретуде отбасы, балабақша, мектеп, қоғам, мемлекеттік саясат, БАҚ сияқты көпжақты құрылым атсалысуы керек. Мектептерге, жоғарғы оқу орындарына шешендік өнерді арнайы пән ретінде кіргізіп ерте жастан тәрбиелеп, жүйелі түрде оқыту керек. 
Өзім де ас-тойларға барамын ғой, қандай асқа, қандай тойға барсам да, екі-үш минут көлемінде қалай да адамдарға ықпал ететін, әсер ететін, ойландыратын сөз сөйлеуді мақсат етемін. Бабалардың асыл сөзін барынша бүгінгі күнмен байланыс­тырып, сол қуаныштың немесе қайғылы жағдайдың ретіне байланыстырып жүрекке жетер парасатты, пайымды сөз айтып кетуге тырысамын. Нәтижесінде сол ас пен тойдан шыққан адамдар сөзге көңіл бөліп, тыңдап, «осылай сөйлеу керек екен ғой, неге осыны жаңғыртпасқа» деген ойға келеді. Сөзімді сұрап алып жататындар да жоқ емес. Біз «қазір адамдар сөз тыңдамайды» дейміз, бәлки тыңдататын сөз айта алмай жүрген шығармыз. Тыңдатудың тәсілдерін білмей жүрген шығармыз. Егер біз тыңдататындай сөз айтсақ, тыңдайтындай деңгейге жеткізе алсақ, сөз тыңдайтын адам табылады. Егер сіз жақсы сөйлей алсаңыз үш жүз адамның кемінде 80 пайызына ойыңызды, уәжіңізді өткізе аласыз. Сондықтан тыңдата алатын сөз айта білу де маңызды деп санаймын. 

– Қазір шешендікке сұраныс бар ма? 
– Негізінде сұраныс бар. Әлеуметтік желіні қарап қалсақ, көптеген ораторлық курстар жайлы хабарламаны көреміз. Сұраныс болмаса, ондай курстар да болмас еді. Екіншіден, шешендіктің ең бір керемет көрінісі саясат шешен сөзде көрінеді десек, мемлекетті басқару саласындағы мамандар мен басшылардың қалай сөйлеп жүргенін айтқызбай-ақ бағамдап отырған боларсыз? Президенттікке үміткер адам сайлауға түсер кезде тікелей эфирде, халықтың алдында өзінің бағдарламасын, жоспарын, жобасын қорғай ала ма? Ашық пікірсайыстарға түсе ала ма? Оны былай қойғанда, біздің үкімет басшылары, министрлер, әкімдер халықпен кездесуі кезінде, БАҚ-қа сұхбат бергенде қағазға қарамай шынайы, бүкпесіз сұқбат жасай алама ма? Ондай деңгейде сөйлесе алатындардың аз екені айдан анық.
«Қаңтар оқиғасы» кезінде көрдік. Осындай бір қиын сәттерде аталы сөз айтып, халықты жақсы жаққа бұрып, сөзбен тоқтата алатын, тығырықтан алып шыға алатын тұлғаларды таппай қиналдық. Кешегі ғаламдық індет кезінде де басу айтып, сабырға шақыратын тұлғалардың қажет екенін көрдік. Сондықтан халыққа сөзін сөйлейтін, пікірін жоғарыға жеткізетін адам керек болса, ел басқаратын атқамінерлерге халықтың сөзін тыңдайтын, жұртшылықпен емен-жарқын сөйлесіп, пікірлесе алатын, келіссөз жасай алатын, дипломатиялық қарым-қатынас орната алатын тұлғалар қажет. Ал бағанағы ас-тойларда тағылымды тәрбиені ұрпаққа дәріптей алатын, есті сөз айта алатын, дұрыс бата бере алатын ақсақалдар қажет. Отбасында балаға дұрыс сөйлеуді үйрететін саналы, сауатты ата-ана қажет. Мектепте балаға сауатты сөйлеуді, сөздің құндылығын түсіндіруді үйрететін мықты мұғалім қажет. Әрбір мекемеде сол мекемені, ұжымды ұйыстыра алатын, ұйытқы болатын, көшбасшы болатын тұлғалар қажет. Ендеше, сөз сөйлеу, шешендік бүкіл салада қажет. Ғылым саласына да шешендер қажет.
Дәрігерлік, медициналық салада да жақсы сөйлейтін адамдар болса дейсің. Ғаламдық індеттің кезіндегі қиын сәтте халықты пайдалы ақпарат, салмақты сөз арқылы сабырға шақыратын тұлғаларды іздедік. Науқас жанның тәнін ғана емес, ең бірінші кезекте жанын емдейтін жақсы дәрігерлерге мұқтаж екеніміз ақиқат. 

– Бүгінде тұлғалардың арасында шешендер бар ма? Кімдердің сөз саптауы көңіліңізден шығады? 

– Әрине, бар. Мысалы, кезінде жазушы Әбіш Кекілбайұлы атамыз сөйлеген кезде қандай рахаттанып тыңдайтын едік. Әшірбек Сығайдың жасаған баяндамалары мен сөйлеген сөздерінен талай ғибратты дүниелерді көкейге түйдім. Әдебиеттанушы Асқар Егеубаевтың баяндамасын тыңдап, қатты таңғалғаным бар. Мемлекеттік қайраткерлердің арасында Мұхтар Құл-Мұхамедтің жасаған баяндамалары мен сөйлеген сөздері көкейге қонымды әрі әсер етерлік күшке ие. 
Шешендік өнерді зерттеп жүрген Мамай Ахетов ағамыз бар. Ол кісі зерттеуші ғана емес, шешендік өнерді өмірде, іс жүзінде жақсы қолдана алатын азамат. Мамай ағамыз жүргізген ғылыми жиналыс, астардың тәрбиелік мәні зор. Ақын, журналист Бақыт Жағыпарұлы радио хабарын, жиналыс пен бәйгені, ас-тойды жүргізгенде жаның кіріп рахаттана тыңдайсың. ҚР Мемлекеттік сыйлығының иегері, ақын, драматург Нұрлан Оразалин ағамыздың шешендігі қандай керемет. Ол кісінің сөзін тыңдаған кезде кәдімгідей рухтанып, қуаттанып, шабыттанып шыға келеміз. Түркістан облысында тұратын Кенжебай Шал деген ағамыз бар, бабалардың сөзін жеткізуші тұлға. Жәнібек Кәрменовтің шәкірті. Ол кісі ән де салады, әңгіменің де майын тамызып айтады. Айтқан әңгімелерін әлеуметтік желіде бөлісіп едім, мыңдаған адам тыңдап, риза болды. Ақын, ұлт жанашыры Кәмнұр Тәлімұлының әңгімелері қандай тәлімді, тағылымды әңгімелер. Ол кісіні мен ылғи шешендік өнер байқауларына алып келемін. Кез келген тақырыпты жеріне жеткізе отырып айтады, майын тамызып сөйлейді. Адамдардың көңіліне қонатындай есті сөзді жеткізе алады. Мен енді бірін атап, бірін атамай қалып жатқан шығармын. Бірақ, шешен сөйлейтін азаматтар баршылық. Сол азаматтар көбірек ақпараттық әлемге шығуы керек. Шәкірттерді тәрбиелейтін кездесулерге баруы керек. Сонда ғана оларды үлгі етер жас ұрпақ көбейер деген үміттемін. 
Меніңше, қоғамда қозғалыс бар, сауатты, дұрыс сөйлеуге деген талпыныс бар. Себебі менен кітап сұрап, кітап сатып алғысы келетіндердің қатары артты. Арнайы курс ашуымды сұрайтындар көбейді. 
«Біз қандай дана халықтың ұрпағымыз. Қандай керемет пайым мен парасат жасаған халықпыз. Біз білмей жүр екенбіз», – деп хабарласатындар бар. Осындай әңгімені қайдан тыңдаймыз, қайдан оқимыз деп кітаптар алып, оны өзі ғана оқымай, оқушыларына, балаларына да оқытып, жақсы іске қадам бастаған азаматтар көп. Және осы әңгімелерден кейін өзінің баласын біздің Абай атындағы мектепке қолынан жетектеп алып келіп, оқытып жатқан ата-аналар бар. «Шешендік өнер» пәнін оқытайықшы, «Ділмар» үйірмесіне қатыссыншы, баламыз кемел адам болсын дейтіндер көбейді. Демек, қазір ата-аналар да, қоғам да сөздің құдыретін, қасиетін түсінуге бейімделіп келе жатыр. Өйткені сөздің артында жоғарыда айтқанымдай, құндылық жатыр, кісілік жатыр, тәрбие-тағылым жатыр, ғаламды тану жатыр, біз білмейтін терең сыр жатыр. 
«Сөз – адамның айнасы» дейді. Ендеше, айнамызды кірлетпейік, шағып алмайық. Сөзді түсінген адам ғана, түсіндіре алатын адам ғана жақсы тұлға болады. Абай айтқан: «Естілердің сөзін ескеріп жүрген кісінің өзі де есті болады». 
Платон: «Шешеннің парызы – шындықты айту» дейді. Ол тек шындықты айтқанда ғана шешен болады. Кешегі хандардың, би-шешендердің сөйлеу мәнеріне таңданбай қоймайсың, олардың қасына біз барып отыра қалсақ, көп сөзін түсінбей қалуымыз мүмкін. Олардың сөйлеуі қандай жоғары деңгейде. Парасатты сөйлейді, тұспалдап сөйлейді. Сөздің емеурінінен-ақ түсіне қояды. Біз қазір сөздің өзін тікелей ашып, жайып айтып жатсақ та, түсіне алмай жатамыз. Өкінішті-ақ... 

– Бүгінде билер мектебін жаңғыртсақ деп жүрген бір топ азаматтар бар. Осыған көзқарасыңыз қалай? 

– Билер мектебін жаңғыртамыз деп жүрген азаматтардың бір-екі отырысына қатысып көрдім. Меніңше, біз бұрынғы билер кеңесін, билер мектебін дәл бұрынғыдай қалпына келтіре алмаймыз. Бірақ, екінші бір қырынан қарауға болады. Егер билер мектебі отбасылық қарым-қатынастағы, ауыл-аймақтағы, белгілі бір өңірлердегі жекелеген мәселелерді, қақтығыс-қайшылықтарды анықтап, екі жақтың ризашылығына бөленетіндей шеше алса, араздасқанды татуластыра алса, ажырасқанды қоса алса пайдалы емес пе?.. Бүкіл мәселені сотқа ала жүгірмей әділ шешуге ықпал етсе оның несі жаман? 
Мысалы, Алматы облысының бас биі Кәмнұр Тәлімұлы ағамыздың осындай бір мәселелерді сотқа апармай әділ шешілуіне ықпал еткенін білемін. Екіншіден, халықтың маңызды мәселелерін, жеке адамдардың басындағы мәселелерді билікке жеткізе алатын дәнекер болса ол да пайдалы іс болмақ...
– Әңгімеңізге рахмет! 

Әңгімелескен Дәуіржан ТӨЛЕБАЕВ, «Aqiqat»

1230 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

01 Тамыз, 2025

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Дәуіржан ТӨЛЕБАЕВ

«Ақиқат» ұлттық қоғамдық-саяси журналының Бас редакторы