- Мақала
- 19 Тамыз, 2025
Су ресурстары: Екі жылдағы елеулі өзгерістер
1 қыркүйекте Су ресурстары және ирригация министрлігінің құрылғанына екі жыл болады. Бұл министрлік – су қорын пайдалану және қорғау, сумен жабдықтау, су бұру және ирригация аясындағы бақылау салаларындағы мемлекеттік саясатты қалыптастыруда және іске асыруда, басқару процестерін үйлестіруде басшылықты жүзеге асыратын Қазақстан Республикасының мемлекеттік органы. Онда Су шаруашылығы және Су ресурстарын реттеу, қорғау және пайдалану атты екі комитет жұмыс істейді.
2023 жылдың 1 қыркүйегінде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың ұсынысымен құрылған министрлік ең алдымен Су ресурстарын басқару жүйесін дамытудың 2024-2030 жылдарға арналған тұжырымдамасы мен жаңа Су кодексінің жобасын әзірлеуді қолға алған еді.
Биыл 10 маусымда министрлік әзірлеген жаңа Су кодексі күшіне енді. Бұл туралы Су ресурстары және ирригация министрлігі хабарлады. https://www.gov.kz/memleket/entities/water/press/news/details/1014215
Кодекстегі ең негізгі ұғымдардың бірі – «су қауіпсіздігі». Су қауіпсіздігі – су тапшылығының алдын алу мен су көздерін ластанудан сақтауда, трансшекаралық су ресурстарын қорғауда Қазақстан мүддесін қамтамасыз ету дегенді білдіреді. Құжаттағы тағы бір ұғым – су көздерінің тартылып кетуінің алдын алуға бағытталған «экологиялық ағын» – ұғымы. Экологиялық ағын – өзен, көл, теңіздердің экожүйесін сақтау үшін қажетті ең төменгі су деңгейі.
Жаңа қабылданған кодекс су ресурстарын басқарудың бас жоспары мен бассейндік жоспарын әзірлеуді көздейді. Жоспарда судың болашағы мен оған қатысты болжамдарға сай нақты мақсаттар, міндеттер мен шешу жолдары белгіленеді.
Су ресурстарын басқару жөніндегі шешімдерді қабылдауға қарапайым тұрғындардың қатысуы да көзделген. Енді су бассейндері бойынша құрылған кеңестер су пайдалануды шектеу, су тасқыны мен қуаңшылықтың алдын алу, жергілікті биліктің қателіктерін түзету туралы ұсыныстар айта алады.
Су нысандарын қорғауға қатысты талаптардың ауқымы кеңейтіліп, күшейтілді. Талапта шағын өзендер мен көлдерге жіті назар аударылған. Енді шағын өзендерге тұйық бөгеттер салуға болмайды, сулы-батпақты алқаптар мен мұздықтар да арнайы қорғауға алынады. Ал жергілікті атқарушы органдар екі жыл ішінде барлық елді мекендегі су қорғау аймақтары мен белдеулерін айқындауы тиіс.
Кодекстегі жеке тарау климаттың өзгерісіне бейімделу шараларына арналған. Оған өзен, көлдерді тазалау мен тереңдету, су деңгейі жоғары болғандағы су нысандарының шекарасын анықтау, елді мекендер мен инфрақұрылымды қорғау үшін арнайы инженерлік жүйелерді жасау кіреді. Сонымен қатар, тасқын және еріген суды жинап, құрғақшылық кезінде пайдалану үшін сақтау, ауыл шаруашылығында тазартылған немесе тұщытылған теңіз суын қолдану қарастырылған. Сонымен бірге, егін айналымын ұйымдастырып, су үнемдейтін жаңа технологияларды пайдалану да маңызды.
Орталық және жергілікті биліктің су тасқыны мен құрғақшылыққа қарсы күрес бойынша міндеттері нақты бөлінді. Саладағы ашықтықты қамтамасыз ету үшін Су ресурстары және ирригация министрлігі жыл сайын ресми сайтында Қазақстанның су ресурстарын пайдалану туралы Ұлттық ақпараттық есепті жариялап отырады. Бұдан былай су пайдаланушылар ауылшаруашылық қажеттіліктері үшін еріген қар суын өз бетінше және арнайы рұқсатсыз жинай алады. Ол үшін көлемі 2 млн текше метрден аспайтын тоған, су қоймасы немесе басқа да қойма салып, нысанды тіркеу үшін бассейн инспекциясына хабар беруі қажет. Жаңа Су кодексінің тағы бір ерекшелігі гидротехникалық құрылыстардың қауіпсіздігі мәселесін жеке тарау етті. Онда гидротехникалық құрылыстардың тізімін қалыптастыру және жүргізу, оларды пайдалану, сондай-ақ қауіпсіздік декларацияларын әзірлей отырып, көпфакторлы тексеру жүргізу мәселелері жүйеленген.
Жерасты суын іздеу, бағалау, бақылау және қорғау мәселелері де министрлікке жүктелді. Бұл жұмыспен Су ресурстары және ирригация министрлігі құрамындағы «Қазгидрогеология» ұлттық гидрогеологиялық қызметі айналысады.
Бассейндік су инспекцияларының мемлекеттік бақылау функциясы күшейтілді, ендігі жерде олар судың «көлеңкелі нарығымен» күресте жедел әрекет ету шараларын қабылдай алады.
Жаңа кодекс аясында Азаматтық, Жер, Кәсіпкерлік, Орман және Экология кодекстеріне, сондай-ақ 13 заңға өзгеріс енгізілді. Жер кодексінің елді мекендердегі су объектілерінің жерін пайдалануды реттеу бөлігіне түзетулер енгізілді. Экология кодексі су қорғау аймақтарында қызметті жүзеге асыру жөніндегі талаптарды регламенттейтін нормалармен толықтырылды. Депутаттардың бастамасымен Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодекске және Жерасты қойнауы және жер қойнауын пайдалану туралы кодекске де түзетулер енгізілді. Атап айтқанда, Әкімшілік кодекс су саласындағы бұзушылықтар үшін жауапкершілікті қатаңдатуды көздейді, ал Жер қойнауы және жер қойнауын пайдалану туралы кодексте Каспий теңізінде көмірсутектерді барлау және өндіру, жерасты суын барлау және өндіру, сондай-ақ іздестіру, тұз және емдік балшық өндіру туралы баптар өзгертілді.
«Ақиқат» журналының тілшілері тақырыпты тарқату мақсатында Сәтбаев университеті У.М.Ахмедсафин атындағы Гидрогеология және геоэкология институтының жауапты хатшысы Данияр Серікұлына «Су ресурстары және ирригация министрлігі ашылғалы бұл салада қандай ілгерлеу бар?» деген сауал қойған еді.
«Қазгидрогеология» қызметі – ілгерілеудің негізгі қадамы
Қазақстан Республикасының Су ресурстары және ирригация министрлігі су қорын пайдалануды және қорғауды жүзеге асыратын мемлекеттік орган, ал су ресурстарының бір бөлігі – жерасты сулары. Жерасты сулары – маңызды пайдалы қазбалардың бірі және су қауіпсіздігінің стратегиялық ресурсы, оларды зерттейтін ғылым – гидрогеология.
Министрлік жерасты суларының маңызын терең түсінгендіктен Жерасты сулары департаментін және «Қазгидрогеология» ұлттық гидрогеологиялық қызметін ашты. Мұны министрлік ашылғалы бергі ілгерілеудің айқын көрінісі деп толық айта аламыз. Бұл мекемелердің алдына үлкен міндеттер қойылып отыр: жерасты суларының жағдайы мен пайдаланылуын бақылау, оларды сарқылудан, ластанудан сақтау, қоршаған ортаға теріс әсерін болдырмау және оларды ұтымды пайдалануда Қазақстан халқының гидрогеологиялық танымын арттыру.
Жүктелген міндеттердің сапалы орындалуын қамтамасыз ету үшін бірінші кезекте тиісті салалық заңдарды, нормативтік-құқықтық актілерді және әртүрлі әдістемелік нұсқауларды жаңартып, бекіту қажет. Бұл бағыттағы алғашқы жетістік - Қазақстан Республикасының Су кодексінің жаңа нұсқада құрастырылып бекітілуі.
Бірінші қыркүйекте Су ресурстары және ирригация министрлігінің құрылғандығына 2 жыл болады. Бұл салалық министрліктің жұмыс нәтижесі жайында қорытынды жасауға қысқа мерзім, дегенмен, осы қысқа уақыт ішінде көптеген игі бастамалар қолға алынды.
Атап өтсек, У.М.Ахмедсафин атындағы Гидрогеология және геоэкология институты 2020-2022 жылдары Геология комитетінің тапсырмасы бойынша егеменді еліміздің тарихында алғашқы рет Қазақстанның гидрогеологиялық карталар атласын жасап шығарды. Мемлекеттік және орыс тілдерінде басылған атласқа сәйкес Қазақстан аумағында 4 мыңнан астам жерасты су кенорыны мен учаске бойынша мемлекеттік баланста тәулігіне 44 млн текше метр жерасты су қоры бар, оның 45%-ы ауызсумен қамтамасыз етуге, 48%-ы суғаруға, 6%-ы өндіріске арналған. Бұл көлем гидрогеологиялық іздеу-барлау жұмыстарының негізінде толық дәлелденген әрі қолдануға дайын. Бізде бар мағлұмат бойынша қазір бұл қордың 10%-ға жетпейтін мөлшері ғана пайдаланылып жатыр. Атап өткен су қорының 70%-ы Оңтүстік және Шығыс Қазақстан аумақтарында орналасқан. Қордың ең аз мөлшері Атырау, Маңғыстау, Солтүстік және Батыс Қазақстан, Қостанай және Ақмола обыстарында. Тұщы жерасты суларының республика аумағында әркелкі таралуы геологиялық құрылымға, гидрогеологиялық және климаттық жағдайларға байланысты. Бекітілген қорлардан да басқа жерасты суларының ресурсы бар. Институттың мәліметі бойынша Қазақстан аумағында тәулігіне 176 млн текше метрді құрайтын жерасты су ресурсы бар, оның 63%-ы немесе тәулігіне 111 млн текше метрі тұщы сулар деп болжанған. Демек, осы кезге дейін су ресурстарының 25%-ы зерттелген. Сондықтан кейбір аумақтарда гидрогеологиялық іздеу-барлау жұмысын жалғастыра беру керек, ал үлкен қалалар мен ауызсу тапшы облыстарға суды құбыр арқылы тасымалдауға болады деп ойлаймыз. Мысалы, Атырау облысына Көкжиде кен орнынан (400 км), Маңғыстау облысына Солтүстік Айшуақ кен орнынан (800 км), Астана мен Солтүстік Қазақстан облысына Павлодар облысындағы бірқатар кенорындарынан (400+380 км – Петрапавлға дейін), Қарағанды облысына Ақсу, Молалы, Қаратал кенорындарынан (900 км) ауызсу тартуға болады. Қазір Атырау облысына Көкжиде кен орнының қоры қайта бағаланып су тарту үшін жобалық-сметалық құжаттар дайындалып жатыр.
Қорытындылай келсек, жерасты суларын зерттеуде перспективалар көп, олар экологиялық тұрғыдан ұтымды – жер бетінен біршама қорғалған, су деңгейі мен сапасы әдәуір тұрақты. Сондықтан жаңа салалық министрліктің алдында ауқымды әрі жауапты жұмыстар көп.
Су ресурстары және ирригация министрлігі құрылғалы бері маман даярлау ісі де қарқын ала бастағаны белгілі. Былтыр Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес Су шаруашылығы және ирригация университеті құрылып, онда «Су шаруашылығы және мелиорация», «Геодезия және картография», «Су шаруашылығындағы гидротехникалық құрылыс», «Сумен қамтамасыз етудің инженерлік желілері», «Су шаруашылығындағы инновациялық технологиялар» және тағы да басқа білім беру бағдарламалары ашылған. Биыл осы оқу орнының 10 түлегі «Қазсушардың» Жамбыл облысындағы филиалына тұрақты жұмысқа орналасатын болды.
Ал 2025-2026 оқу жылына гидрогеология және гидрология сияқты пәнаралық мамандықтарды есептемегенде су саласы мамандықтарына 1052 грант бөлінді. Былтыр бұл мамандықтарға 618 грант бөлінген.
Дайындаған Назым ДҮТБАЕВА
1558 рет
көрсетілді0
пікір