- Мақала
- 19 Тамыз, 2025
«Өмір – қымбат, бәрінен өмір қымбат...»
Адамның өз өмірін өз қиюы, яғни өз-өзіне қол жұмсауы, суицидке баруының астарында психологиялық та, әлеуметтік те, тағдырлық та мәселелердің жататыны анық. Суицид – шын мәнінде күрделі тақырып. Санамыздың қабылдауына, түсінуге де өте ауыр. Бірақ, бұл бүгінгі қоғамдық-әлеуметтік өмірдің шындығына айналып отыр. Мұны елемеуге, бұл фактілермен санаспауға болмайды. Әсіресе толғандыратыны – балалар мен жасөспірімдердің осындай қадамға баруы. Өмірді енді ғана бастаған, әлеуметтік қиыншылықтармен бетпе-бет келмеген, тоқшылықта, баршылықта өмір сүріп отырған балалардың дәл осындай әрекетке баруын қалай түсінуге болады?
Ғылым бұл ұғымды, яғни суицидті – адамның өз-өзіне қасақана қол жұмсауы деп анықтама береді. Бұл жағымсыз құбылыс ежелден белгілі болғанымен, қазіргі заманда оның таралуы жаһандық алаңдаушылық туғызып отырғаны жасырын емес. Әсіресе, балалар мен жасөспірімдер арасындағы суицидтің артуы – қоғам үшін үлкен қасірет. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мәліметіне сәйкес, әлем бойынша жыл сайын шамамен 700 мың адам суицид салдарынан көз жұмады екен, ал олардың ішінде жастардың үлесі басым. Әлеуметтанушы Эмиль Дюркгейм өз еңбектерінде суицидті әлеуметтік құбылыс ретінде зерттеп, оны төрт түрге бөлген. Бірінші түрі – эгоистік суицид – қоғаммен байланыс үзіліп, тұлға жалғыздықта қалғанда. Екінші түрі – альтруистік суицид – қоғам мүддесі үшін өзін құрбан ету. Үшіншісі – аномиялық суицид – әлеуметтік тұрақсыздық, ережелердің бұзылуы; Төртіншісі – фаталистік суицид – қатты қысым, қатаң бақылау әсерінен пайда болатын суицид.
Суицидтің бір қиын жері – оны жасаған адамның не себепті ондай шешімді қабылдағанын біле алмаймыз. Соңынан бір жазба қалдырмаса, көп жағдайда себебі анықталмаған күйде қалады. Өйткені адам суицидке бару арқылы өзінің өмір сүруін тоқтатады және өзінің ішкі әлеміндегі құпияларын ашпай кетеді. Тірі адамдар үшін оның шешімі, мұндай жан түршіктірерлік қадамы көп жағдайда жұмбақ күйінде қалады. Біздің ойлайтынымыз тек қана болжамдар. Ал ол болжамдар шындықпен қаншалықты жанасады? Мұны да біле алмаймыз.
Әлеуметтанушы Эмиль Дюркгейм негізінен суицидтің түрлерін дұрыс жіктеп отыр. Бірақ, бүгінгі таңда суицидтің себеп-салдары Э.Дюркгейм айтқан мәселелерден де күрделірек болып кеткен сияқты. Бүгінгі суицидтік қадамдар өзінің «жұмбақтығымен», «жасырындылығымен» қайран қалдыруда. Нақты себептері де айқындалмаған күйде. Э.Дюркгеймнің көзқарасы суицидтің әлеуметтік тамырлары барын көрсетіп отыр. Балалар мен жасөспірімдердің өз-өзіне қол жұмсауына себеп болатын факторларға келесілерді жатқызамыз: Психологиялық: депрессия, күйзеліс, өз-өзіне сенімсіздік; Әлеуметтік: отбасындағы кикілжіңдер, ата-ана бақылауының болмауы, зорлық-зомбылық; Мектеп факторы: буллинг (қорлау), оқудағы қиындықтар, мұғаліммен қатынастар; Интернет пен әлеуметтік желі: кибербуллинг, өзін-өзі өлтіруге итермелейтін топтар (мысалы, «Синий кит»). Қоғамдық: идеалдардың жоғалуы, болашаққа сенімнің болмауы.
Бұл аталған факторлар суицидтің себептерін айқындап отыр және олардың рөлін еш төмендетпес едік. Өйткені, балалар мен жасөспірімдер психологиялық та, әлеуметтік те факторларға тап болып жатады, мектепте буллингке ұшырайтыны да рас, оқудағы қиындықтармен де бетпе-бет келетіні шындық. Интернет пен әлеуметтік желінің де ықпалы басым болуда. Бүгінгі бала жүрегі, санасы, дүниені қабылдауы, ақпаратты қорытуы өзгеше екені ақиқат. Себебі қазіргі балалар ақпараттық ғасырда, технологиялық дәуірде өмір сүріп отыр. Олар әсершіл, эмоционалды, өздерін тез кінәлағыш, жалғыздық күйін кешуге бейім, ортамен араласудан бойын жырақ ұстау да қазіргі балалардың психологиялық ерекшелігіне жатады. Сырласы да, мұңдасы да қолындағы ұялы телефоны болған соң, ақылшысы да, кеңесшісі де ұялы телефоны болып кеткен. Өкінішке қарай, бұл факторларды да жоққа шығаруға болмайды.
Қазақстанда балалар суициді – өзекті мәселеге айналып отыр. Статистикалық деректер бойынша, еліміз ТМД елдері ішінде суицид бойынша алдыңғы қатарда. Мәселен, БҰҰ-ның дерегі бойынша, Қазақстан жасөспірімдер суициді бойынша әлемдегі алғашқы он елдің қатарына енеді. 2023 жылы Қазақстанда 18 жасқа дейінгі 160-қа жуық бала өзіне қол салмақ болған, олардың 40-ы қайтыс болған (ҚР ІІМ деректері). Ата Заңымыздың 1-ші бабында: «Қазақстан Республикасы өзін демократиялық, зайырлы, құқықтық және әлеуметтік мемлекет ретінде орнықтырады, оның ең қымбат қазынасы – адам және адамның өмірі, құқықтары мен бостандықтары» деп жазылған. Осы баптың ішіндегі «Қазақстан Республикасының ең қымбат қазынасы адам және адамның өмірі» дейтін мәселені алатын болсақ, орын алып жатқан суицидтер ең қымбат қазынамыз – адам және адамның өмірін құнсыздандырып отыр. Бұл өте үлкен өзекті мәселе. Адамдардың өз өміріне деген жауапкершіліктің болмауы яки төмендеуі, өз өмірін мемлекетіміздің қымбат қазынасы ретінде бағалай білмеуі сынды факторлар жеке талқылауды қажет етеді. «Өмір қымбат, бәрінен өмір қымбат» деп белгілі бір жақсы әнде айтылатындай, шын мәнінде дүниеде өмірден, өмірдің жарық сәулесінен қымбат не болуы мүмкін. Адамның өмірі – мемлекеттің қымбат қазынасы деп Ата заңымызда тайға таңба басқандай етіп жазылған. Бірақ, бұл мәселеге қарама-қайшы нәрселер болып жатқанда, өмірдің соншалықты құнсызданып кеткені ме деп терең ойға берілесің.
Американдық психолог Кэй Редфилд «Балалардағы депрессия – жасырынып тұратын «үнсіз ауру». Уақытында байқалмаса, ол суицидтік ойларға алып келуі мүмкін» деген тұжырым жасайды. Ал белгілі ғалым Карл Роджерстің теориясы бойынша, бала өзін қабылдамаса және үнемі жағымсыз пікір естісе, онда ол өзін-өзі сүю қабілетін жоғалтады. Бұл суицидтік ойларға итермелеуі мүмкін. Бұл ойлардан шығатын қорытынды әр баланың ішкі әлеміндегі жағдайлар әртүрлі болуы мүмкін. Ең маңызды мәселе – балалар бойындағы суициадалдық көңіл-күйді дер кезінде байқау. Бірақ, бүгінгі уақыттың, заманның қарқыны оған ырық берер емес. Ата-ата отбасын асыраймын деп жұмыстан босай алмайды. Жұмыстан келген соң да балаға жеткілікті көңіл бөле алмайды. Былайша айтқанда, баланың өміріне, қызығушылығына, әуестігіне, дамуына ата-ана тарапынан қажетті деңгейде назар аударушылық жоқтың қасы. Әрине, балаларына тиісті түрде көңіл бөлетін де ата-аналар бар. Қазіргі заманда бұл қуанышты жайт. Шын мәнінде, балалардың өмірін аман сақтау, оларды түрлі қауіп-қатерлерден, соның ішінде суицидтен құтқару – басты мәселенің біріне айналып отыр. Бала суицид туралы ойлағанымен оның қандай ауыр зардаптарға әкеліп соғатынын толық түйсіне бермеуі мүмкін. Оның бойын билеп алатын дүние суицид туралы ой ғана. Оның терең психологиялық астарына үңілетін болсақ, баланың санасын селт еткізетін, бұл тұрғыдан есін жиғызатын қарама-қарсы тосқауылдардың аз болып отырғаны да ойландырады. Әрине, суицидтің қандай қорқынышты дүние екенін балаға ұғындырып, жүрегіне жеткізе білудің де өзіндік мәні бар. Бірақ, бұл бала мен ата-ана арасындағы ашық сөйлесуге, осы тақырыпты ашық талқылауға әкелмейді. Ата-ана да, бала да осы тақырыпты айналып өткісі келеді. Мұндағы ең қауіпті нәрсе – суицид туралы ойлардың баланың санасын жаулап алуы. Ондай ойлардың бала санасын жаулап алуы бара-бара өмірмен қоштасу дейтін мәселеге апарып соқтыруы мүмкін. Асырап, сақтап отырған баласынан мәңгілікке көз жазып қалу қандай ата-анаға болса да, оңайға тимейді.
Қазір мемлекет тарапынан осы кеселдің алдын алуға бағытталған кешенді іс-шаралар жасалып-ақ жатыр. Бірақ, оның барлығы бұл мәселені түбегейлі түрде шешпесі анық. Өйткені суицидтік факторлар жеке қарастыруды қажет етеді. Әр фактінің өзіндік себебі бар және бұл құбылыстың табиғаты, бұл процестің қалайша белең алып кетері де анықтап болжауға да келмейді. Әрине, сарапшы мамандар, психологтер отбасындағы қолдауды, психологиялық қызметті, стресске қарсы тұруды үйретуді, медиа мен интернет бақылауды қолға алуды айтады. Мұның белгілі бір дәрежеде әсерлері болуы мүмкін, бірақ суицидтің мәселелерін ғылыми тұрғыдан терең зерттеп, белігілі бір қорытындылар жасалуы керек. Өкінішке қарай, бұл мәселеде ортақ көзқарас, ортақ ұстаным жоқтың қасы. Өйткені, табиғаты ауыр тақырып болған соң, оның ішкі мәселелерін індете қарастырмауға, жылы жауып қоюға немесе жиі талқыламауға көпшілігіміз бейім тұрамыз. АҚШ-та суицидке барған балалардың 60%-ы мектепте буллингтің құрбаны болған (CDC, 2022). Мектептегі буллинг мәселесі Қазақстан үшін де өзекті. Әлеуметтік желілердегі көріністер осындай ойға жетелейді. Неліктен қазіргі оқушылардың арасында бір-біріне деген агрессия басым? Бұл да зерттеуді қажет ететін тақырып. Өйткені, экзистенциалды дағдарыс – жасөспірім кезеңінде өте қауіпті. Себебі бала өмірдің мәнін жоғалтса, өмір сүруге де себеп таппай қалуы мүмкін.
Тағы да Эмиль Дюркгеймге оралайық. Ол айтады: «Суицид – бұл қоғам мен индивид арасындағы байланыс бұзылғанда пайда болатын құбылыс» дейді. Ал Зигмунд Фрейд «суицидтің түп-төркіні – бейсаналық агрессия» дейді. Бұл адам бойындағы өзін-өзі жоюға ұмтылатын тылсым күш. «Суицид – бұл санадан тыс агрессияның өзіне бағытталуы» дейді З.Фрейд. Тағы бір зерттеуші Эдвин Шнейдман «Суицид – бұл төзгісіз психологиялық ауырсынудан құтылудың жолы» деп баға береді. Осы тақырыпта белгілі бір өзекті тұжырымдар жасаған Томас Джойнер есімді ғалымның айтуынша, адамда суицид жасау үшін үш фактор тоғысуы керек екен. Ол: 1.Өзімді жүк санаймын – (Perceived burdensomeness); 2.Жалғызбын, ешкімге керексізбін – (Thwarted belongingness); 3.Өзін-өзі өлтіруге психологиялық дайындық – (Acquired capability for suicide). Міне, әлемдік деңгейдегі зерттеулерде осындай көзқарастар көп. Әрине, зерттеушілердің көбі дерлік мұның себебін адамның ішкі жан дүниесі мен сыртқы әсерлерден іздейді. Қалай дегенде де, суицид – бұл адамның өз әрекетінен туындайтын оқиға. Ал ол оқиғаға не түрткі болды? Бұл жоғарыда айтқанымыздай, көп жағдайда өте жұмбақ күйінде қалатын құпия.
Осы ретте ашық ақпарат көздеріндегі статистикалық деректерге жүгінейік. 2002 жылы 15–19 жастағы жасөспірімдер арасында Қазақстан әлемдегі ең жоғары суицид көрсеткіштерінің қатарында болды. Қыздар үшін – 1-орында, ұлдар үшін – 2-орында. UNICEF пен басқа дереккөздер бойынша, 2008 жылдан 2014 жылға дейін Қазақстанда жасөспірімдер арасындағы суицид – өлім себептерінің ішіндегі басты қауіпті фактор болды. 2022–2023 жылдары балалар арасындағы суицидтік жағдайлар 25–30% дейін өскен. 2023 жылдың қаңтар-қыркүйек аралығында 169 жасөспірім (5–17 жас аралығында) өз-өзіне қол салған, олардың 28% – 5–14 жас, ал 72% – 15–17 жас (Exclusive.kz+1ResearchGate+1). 2021 жылы жасөспірімдер арасындағы әрекеттердің құжатталмаған көрсеткіші айтарлықтай жоғары болды (The Times Of Central Asia).
Ер балалар суицидке әйелдерге қарағанда 4–5 есе жиі барадыекен (Википедия). 2023 жылы жасөспірімдердің суицидтік әрекеттерінде қыздардың әрекеттері (221) ұлдарға қарағанда (77) көбейген, ал өлім жағдайлары көбіне ұлдарда болған (Exclusive.kz).
«Балаларды зорлық‑зомбылықтан қорғау, суицидтің алдын алу және олардың құқықтары мен саламаттығын қамтамасыз ету» (2023–2025 жылдар) атты кешенді бағдарлама бекітілген. Онда антибуллинг, психологиялық қолдау және пойызды әрекет ету бағыттары қарастырылған. ҚР Білім және Ғылым министрлігі жанында әзірленген «Республика мектептерінде суицидтің алдын алу және оны болдырмау бағдарламасы» пилоттық негізде Қызылорда мен басқа өңірлерде іске қосылып, соңғы 7 жылда суицидтер саны 35%-ға төмендегенін мәлімдеді. Қазір бұл бағдарлама барлық мектептерге таралып жатыр. Әлеуметтік педагогтар мен мұғалімдерге стресс‑менеджмент, суицидтік мінез‑құлықтың алдын алу, эмоционалдық тұрақтылықты арттыру бағытында арнайы тренингтер ұйымдастырылып келеді. Мұндай құралдар елімізде 2011 жылдан бері қолданыла бастады.
Қорыта айтқанда, суицид мәселелері өмірдің өзі көрсетіп отырғандай, бірде азайып, бірде көбейіп отырады. Балалар мен жасөспірімдерден бөлек, ересек адамдар арасында да суицидтік фактілер аз емес. Кейбір адамдар үшін бұл өмірдің қиындықтарынан құтылудың бір жолы іспетті. Басына түскен проблемалардан, депрессия мен үрейден арылудың қадамы сыңайлы қабылданады. Бірақ, адамның мықтылығы сонда, ол кез келген қиындықтардан биік тұратын жаратылысы иесі еді ғой. Басына түскен уақытша қиыншылықтарға морт сынып кете беретін болса, Абай айтпақшы, оның несі адам? Сондықтан онсыз да санымыз көбейе алмай жатқанда, өмірден осылайша баз кешу мықтылықтың белгісі емес, әрине. Қиындықтан шығудың сан түрлі жолдары бар. Біреуі болмаса да, біреуі іске асады, нәтижесін береді. Өмірдің ең соңғы нүктесі – суицид емес. Жаратушы өмірді сыйлаған соң адамға оны өз қалпында алып жүру адамдық міндеті.
Азат БЕКТЕН
166 рет
көрсетілді0
пікір