- Мақала
- 19 Тамыз, 2025
Бүгінгі ғылым әлемдік деңгейде ойлануды талап етеді
Жеңісбек Төлен,
ҚР Президенті жанындағы ҰҒА Білім және қоғамды дамыту ғылыми орталығының жетекшісі:
Қазіргі заманда кез келген мемлекеттің даму көрсеткіші ғылымның деңгейімен өлшенеді. Ғылым нәтижелері барлық саланың табыстылығын айқындайды. Бұл тұрғыда ғылыми кадр мәселесін айналып өту мүмкін емес. Жуырда ҚР Президенті жанындағы Ұлттық ғылым академиясының академиктері ғылыми кадрларды даярлаудың сапасы мен тиімділігін арттыру жөніндегі ұсыныстарын жариялады. Сараптамалық жазбада елімізде халықаралық деңгейде бәсекеге қабілетті зерттеуші мамандардың жетіспейтіні көрсетіліп, салада қалыптасқан жағдайдың себеп-салдары талданған және түзету жолдары ұсынылған. ҚР Президенті жанындағы ҰҒА Білім және қоғамды дамыту ғылыми орталығының жетекшісі, саясаттанушы, PhD Жеңісбек Төлен осы ұсыныстардың жай-жапсарын түсіндіріп берді.
– Жеңісбек Мұратбекұлы, академиктердің мұндай ұсыныс жасауына не түрткі болды және сараптамалық жазба қандай зерттеулерге сүйеніп әзірленді?
– Біздің академиямызда Ғылыми сараптама және ғылыми-техникалық даму орталығы бар, онда білікті мамандар жұмыс істейді. Мамандар ғылыми ұйымдардағы зерттеушілердің, докторанттардың арасында тұрақты түрде сауалнама жүргізіп отырады. Міне осы зерттеу нәтижелері Қазақстанда кадр даярлау процесінің қандай деңгейде екендігін көрсетті. Әрине, мұндай сараптамалар бұрын да жасалған. Ел Президентіне жыл сайын ұсынылатын Ғылым жөніндегі ұлттық баяндама бар, онда да сала туралы толық ақпарат беріледі. Бірақ бұл баяндамада ғылыми кадр даярлау бойынша негізінен динамиканы көруге болады. Ал Академия аясында жүргізілген біздің сауалнама жалпы саладағы проблемаларды ашып көрсетті.
Әлбетте, динамика жоқ емес, бар. Ғылымды дамыту мемлекет саясатындағы ең маңызды бағыттың біріне айналды. Президент жанында Ғылым және технологиялар жөніндегі ұлттық кеңес құрылды. Соңғы үш жылда Үкіметтің ғылымға бөлетін қаржысы бірнеше есе артты. ҒЖБМ мәліметінше, бюджеттен ғылымға 2023 жылы – 158,6 миллиард, 2024 жылы – 244,2 миллиард, 2025 жылы – 240,2 миллиард теңге бөлінген.
Алайда елімізде ұзақ жыл бойы ғылымға баса назар аударылмауына байланысты шешімін таппай жатқан мәселелер аз емес. Бұны Президент Қ.Тоқаевтың өзі ұлттық кеңес отырысында атап айтты. Расымен де бюджеттен бөлініп жатқан қаржының тиімділігі төмендігін осы Ғылыми және ғылыми-техникалық даму аналитикалық орталығының сауалнамасы көрсетіп отыр. Осының негізінде академиктер сараптамалық жазба дайындады.
– Академиктер көтерген маңызды мәселе – докторанттардың қорғау мерзімінің ұзақтығы. Аналитикалық жазбада «Ғылыми дәреже беру жылы мен әр түрлі ғылыми салалар бойынша докторантураға түсу жылы арасындағы жылдардың медианалық саны 5 жылдан 6 жылға дейін ауытқиды, бұл докторантурада оқу ұзақтығынан (3 жыл) және докторантурада шәкіртақы алу арқылы докторантураға мемлекеттік қолдау көрсетуден 1,5-2 есе көп. Дамыған елдерде докторанттарға қолдау көрсету ұзақтығы әдетте 4 жылды құрайды» деп жазылған. Докторанттардың уақтылы қорғай алмауы неліктен? Кадр жетіспеушілігінің басты себебі осы емес пе?
– Докторантура бағдарламасы бойынша оқу процесі 3 жылға жоспарланған, соған сәйкес 3 жылға бюджет бөлінеді. Яғни, докторанттар үш жыл шәкіртақы алады. Ал орташа қорғау көрсеткіші – 5-6 жыл. Көпшілігі үш жылда қорғай алмайды. Төртінші, бесінші жылға қарай олардың қорғау көрсеткіші тағы төмендейді. Өйткені шәкіртақы алмайды, мемлекеттен қолдау көрмейді. Базалық қамтамасыз ететін тетік жоқ, сондықтан көптеген жастар ғылымнан кетіп қалады. Докторантурада оқығандардың 40 пайызы ғана зерттеу тақырыбын қорғап, ғылыми дәреже иеленеді. Оқуын бітірген соң екі жылдан кейін қорғау ақылы болады.
Елімізде ғылыми кадр даярлаудың басты жолы – докторантура. Болон процесі бойынша бұл жүйе бакалавриат-магистратура-докторантура сатысынан тұрады. Яғни ғылымға апаратын жол – докторлық (PHD) қорғау. Оны оқығандардың басым көпшілігі қорғай алмай, тастап кетсе ғылыми кадр қалай қалыптасады? Сондықтан докторанттар даярлауды әлемдік тәжірибе бойынша төрт-бес жылға дейін созу қажет. Соған сәйкес мемлекеттік бюджеттен қаржылық қолдау көрсетілуі керек.
– Докторанттардың бірден қорғай алмауы олардың ғылымға даярлықсыз, мақсатсыз келуінен емес пе? Кейбір магистранттар оқуын аяқтай салысымен бірден докторантураға түсіп жатады. Мына тақырыпты зерттеймін деген саналы көзқарас бірден пайда болмайды ғой. Мамандығы бойынша тәжірибе жинап, ғылыммен, зерттеулермен айналысуы керек емес пе.
– Қазір докторантураға түсу талаптарының ішінде соңғы тоғыз айда еңбек өтілі болуы керек деген шарт бар. Министрлік кезінде бұл мәселені де ескерген, ережеге енгізген. Бірақ оны әлі де нақтылау керек. Мысалы сол сала бойынша ғылыми-зерттеу мекемесінде немесе университетте жұмыс істеуі керек, ғылыми машық-дағдылары, бейімі болуы керек.
– Болашақ ғалым үшін тоғыз ай тәжірибе аз емес пе?
– Егер ол үміткер ғылымға шынымен бет бұрған жас ғалым болса, онда жеткілікті. Неге? Өйткені ол осы бір жылда ғылыми зерттеудің негіздерімен танысады, біледі. Докторантура дегеннің өзі ғылыми зерттеудің бастамасы ғой. Түсе салысымен ғылыми зерттеуді жалғастырып кетсе, бір жыл тәжірибе де жеткілікті.
Әйтсе де Батыс елдерінде, Америкада мектепті бітіріп, колледжге немесе университетке түсер алдында түлектер Gap year – бір жылдық үзіліс алады. Бұл өтпелі кезең іспетті, жас талапкер қай бағытты таңдаймын, ғылымға барам ба, өндіріске барам ба деп ойланады. Ал докторантура дегеніміз, яғни PHD Америка, Еуропа елдерінде саналы түрде ғылымға баратын жол. Бізде де осындай мәдениетті, осындай түсінікті жетілдіру керек сияқты. Әйтпесе кейбір адамдардың шәкіртақы үшін магистратура мен докторантураға түсетіні жасырын емес.
Жалпы қоғамның да, азаматтардың да ғылымға көзқарасы өзгеруі керек. Сен докторантураға түстің бе – демек ғылымға бет бұрдың. Ал ғылымға бет бұру деген ғылыми ізденіс, зерттеулер жасау арқылы мемлекеттің дамуына үлес қосамын деген сөз.
– Жауапкершілікті сезіну керек дейсіз ғой.
– Иә, азаматтардың көзқарасы жақсарса, білім мәдениеті қалыптасса, ғылым-білім саласындағы реформалар да табысты, сәтті болады. Ғылымның тиімділігі де содан шығады.
– Жеңісбек Мұратбекұлы, сіз Қазақстанда ғылыми ортада жүрсіз және жақында «500 ғалым» бағдарламасы бойынша шетелде білім жетілдіріп, тәжірибе алмасып келдіңіз. Әлемдік және отандық ғылымдағы ахуалмен жақсы таныссыз. Академиктердің аналитикалық жазбасында бәсекеге қабілетті зерттеушілер даярлау деген басты мәселе бар. Жалпы осы бәсекеге қабілетті зерттеушілер деген кім?
– Мына ХХІ ғасырдағы жаһандану үрдісі ғылымдағы шекараны алып тастады. Қазір өткен ғасырдағыдай томаға-тұйық, оқшау даму мүмкін емес. Жаңа үрдіс мүлде бөлек. Ақпараттық қоғамда кез келген ғалымның ғылыми еңбегі әлемдік деңгейде айналымға түседі, оған сілтеме жасалады. Сондықтан отандық ғылым бәсекеге қабілетті болуы үшін ең әуелі әлемдік ғылыми интеграцияға кіріге алатын ғалымдар шоғыры бар болуы керек. Қазіргі ғалымдарымыздың көпшілігі кеңестік кезеңде қалыптасты, ол мүлде басқа ғылыми жүйе болатын. Ал бүгінгі ғылым әлемдік деңгейде ойлауды талап етеді. Тек Қазақстанның ғылыми ареалында мойындалу жеткіліксіз. Сіздің ғылыми еңбектеріңіз Америкада, Еуропада, Азия елдерінде оқылуы керек және талқылануы керек. Бәсекеге қабілетті болу деген сол. Сонда ғана ғылыми жаңалықтар нақты бір нәтиже алып келеді. Әрине жергілікті деңгейдегі салалар да бар. Мысалы ұлттық мәдениетті дамыту, қазақ тілін дамыту деген сияқты. Бірақ олар да шетелдік озық тәжірибені негізге алмайынша нәтижеге жете алмайды. Локальды емес, әлемдік тәжірибеге сүйеніп, басқа елдер ғалымдарының зерттеулерін салыстырып талдаған кезде ғана сапалы жұмыс болады.
Бәсекеге қабілетті болу үшін жаһандық деңгейде ғылыми ізденістер жасайтын, беделді журналдарда жарияланымдары бар ғалымдар болуы керек деп есептейміз. Ғылым интеграциясы деген осы. Қазір зерттеушілерден Web of Science, Scopus базаларындағы беделді басылымдарда мақаласы болуын талап етеді. Бұл түсінікті де, егер сіз ғылыми еңбек немесе жоба дайындасаңыз, сол жобаңыздың нәтижелері әлемдік ғылымға үлесін қосуы керек. Сонда ғана жаһандық базада Қазақстан ғылымының көрсеткіші жақсарады. Ал жергілікті ғылыми басылымдармен шектеліп қалсақ, оқшаулансақ, онда ғылыми интеграция іске аспайды, бәсекеге қабілеттілік көрсеткіші төмендейді. Сондықтан біз қаласақ та, қаламасақ та жаһандану заманында әлемдік ғылыми салаға интеграциялануымыз керек. Ғалымдар да соған үйренуі керек.
– Қазақстан Болон жүйесіне қосылғалы біраз уақыт болды. Әйтсе де бұл жүйе толыққанды жұмыс істейді деп әлі де айта алмаймыз. Кейбір ғалымдарымыз шетелде жарияланудың керегі не деп сынап жатады. Жалпы осынша уақыт ішінде шетелдік ғылыми басылымдарда мақала жариялаудың қыр-сырын игермеудің себебі неде? Осы базаға кіретін өзіміздің журналдар бар ма?
– Отандық журналдардың деңгейін шетелдік басылымдарға жеткізу үшін бізге әлі біраз еңбектену керек. Жаратылыстану салаларында, химия, математика бойынша жақсы басылымдар бізде бар. Бірақ әлеуметтік-гуманитарлық салада ондай журнал жоқ. Өйткені әлеуметтік-гуманитарлық сала кеңестік елдерде іргелі ғылым ретінде емес, көп жағдайда идеологияның, пропаганданың құралы ретінде қолданылғаны рас. Мысалы тарихқа, әдебиет пен мәдениетке көзқарас солай болды. Алдағы төрт-бес жылда жақсы басылымдар болып қалар деп ойлаймыз.
– Сіз тағылымдамадан өткен Америка университетінде жағдай қалай?
– Мен барған Джордж Уашиңтон университетіне қарасты Еуропа, Ресей және Еуразиялық зерттеулер институты осы аймақ елдерінің саясатын, экономикасын, тарихы мен тілін, мәдениетін зерттейтін ең үлкен институттың бірі. Институттың өзінде үш журнал бар: Central Asian Affairs, Journal of illiberalism Studies және Demokratizatsiya. Үшеуі де Web of Science, Scopus базасына кіретін халықаралық беделді басылымдар. Бұл журналдардағы ғылыми мақалалардың жазылу стилі, құрылымы нақты сипатта. Барлық мақала авторының өз зерттеу объектісі бар, бәрі де зерттеу нәтижесімен түйінделеді. Бізде авторлар көбінесе жалпылама сипаттау, баяндау сарынында береді. Сол себепті олар посткеңестік елдерден келген мақалаларға сын көзімен қарайды: құрылым сақталмайды, нәтиже бұлыңғыр дегендей. Біздің докторанттардың мақала жариялай алмай қиналатыны содан. Қиялмен, шабытпен жазылған, сілтемесіз мақаланы шетелдік журналға шығару мүмкін емес.
Батыс елдерінде, Америкада халықаралық стандарттармен жазуды талап етеді. Құрылымы, рәсімделуі ережеге сай, жаңалығы бар ғылыми еңбек қана мақала деп қабылданады. Бізде де қазір осы стандарттарға сәйкестендіріліп, WoS және Scopus базаларына ұсынылып жатқан басылымдар бар.
Шетелдік беделді басылымдарда академиялық этика қатаң сақталады. Рецензенттердің сын ескертпелерін өзің түзеп, толықтырып қайта жолдайсың. Оларда бір ғылыми сапалы мақала жазып жариялау үшін бір жарым-екі жылға дейін уақыт кетеді.
– Жас ғалымдармен әңгімелескенде, әсіресе жаратылыстану ғылымдары бойынша заманауи зертханалардың, құрал-жабдықтардың жетіспейтінін алға тартады. Академиктер де жазбада бұл жөнінде атап айтқан. Ғылымға қаржы бөлінгенмен, инфрақұрылымның артта қалу себебі неде?
– Жай университеттерді айтпағанда, зерттеу университеттерінің өзінде инфраструктуралық база толық қалыптаспаған. Негізі зерттеу университеті мәртебесін алу үшін соған сай материалдық-техникалық база болуы керек, бұл басты критерийдің бірі. Заңнамада бұл мәселе қарастырылғанмен, іске асыру тетігі жетіспей жатады. Бұл проблема басқа салаларда да бар.
Расында да ғылыми зерттеулер зертханада жүргізіледі. Ол болмаса нәтиже де жоқ. Бәлкім, зерттеу университеттеріне осы мақсатта бөлек гранттар бөлу керек шығар.
– Докторанттар сапасына қатысты тағы бір проблема ғылыми консультанттардың жеткіліксіздігі екен. Қазақстанда ғылыми кадрлар кеңес одағы кезінен бастап қалыптасты ғой. Сол кезде қорғаған докторлар, кандидаттар, академиктер бар. Олардың біліктілігі жетіспей ме, әлде саны аз ба? Ғылыми консультант тапшылығының сыры неде?
– Елімізде әлемдік деңгейдегі ғалымдар бар. Аға буын – профессорлар, академиктеріміз баршылық. Бірақ соңғы 30 жылда ғылымға мемлекеттік деңгейде жүйелі тұрғыда көңіл бөлмегендіктің зардабын қазір тартып отырмыз. «Балапан басымен, тұрымтай тұсымен кеткен» 1990 жылдардағы өтпелі кезеңде, 2000 жылдардағы дағдарыста бүтін бір буынның ғылымға келетін жолы жабылды деуге болады. Сол себепті орта жастағы ғалымдардың саны аз. Жас ғалымдар енді қаулап өсіп келе жатыр. Осы аға буын мен жастардың аралығында орта буынның орны ойсырап, байқалып тұр. Ғылыми консультанттар жетіспеушілігінің бір себебі осында.
Ғылым деген прогресс, әрдайым дамып отыратын процесс. Алдыңғы буынның кейбірінің қазіргі трендті түсінбеуі кездеседі. Заманға сай жұмыс істеп жатқан ғалым аға-апайларымыз да бар. Олар халықаралық беделді басылымдарда белсенді жарияланымдар жасап жүр. Әйтсе де әлеуметтік-гуманитарлық ғылымдарда бұл жағы кемшін. Оның себебін жоғарыда айтып өттік.

– Академиктердің жазбасында айтылғандай, университеттер докторант даярлауға қызықпайды. Бұл қаржылық жағынан тиімсіз дейді, неге?
– Ол рас. Магистр мен докторлармен салыстырғанда бакалавр даярлауға қатысты теңгерімсіздік бар. 2024 жылы жоғары оқу орындары студенттерінің бітіру көрсеткіші 147 мың адам болса, бұл докторантураны бітіргендерге қарағанда 104 есе көп. Мәселен, АҚШ, Ұлыбритания және Германия елдерінің бакалавр мен PhD дәрежелерінің арақатынасын салыстырсақ – 35:1, 17:1 және 9:1 шамасында. Қаржы жағынан да солай. Яғни бізде әлемдік орташа көрсеткіштен көп төмен. Мемлекетіміз демографиялық өсімге байланысты ЖОО-ларға бөлінетін грант санын көбейтті, оны түсінеміз. Елу мыңнан тоқсан мыңға дейін гранттар бөлінетін болды. Әлеуметтік мемлекет үшін бұл дұрыс та. Бірақ мұның тағы екінші қыры бар. Жаппай жоғарғы білім беру қаншалықты тиімді және не үшін қажет? Шет елдерде мемлекеттік грантты көптеп беру практикасы жоқ. Олар университетке түсу дегенді академиялық ортаға бару деп есептейді. Белгілі бір мамандықты колледжден алып шығуға болады.
– Біздің қоғамда колледжде оқуды төмен дәреже санау бар, бұрынғыдай мектепте нашар оқитындарды жіберетін кәсіптік-техникалық училище сияқты көретін болса керек.
– Иә, сондай бір таптаурын пікір бар, оны бұзу керек. Кәсіп үйрену, мамандық алу үшін университет бітіру міндет емес. Жұмыс орындары да университет дипломын талап етуді қоюы керек. Мысалы, Еуропа елдерінде халық санына шаққанда студенттердің саны көп емес. Керісінше, университетте оқыған адамның көбісі ғылымға барады, айталық, АҚШ-тың кейбір жетекші университеттері жыл сайын 800 немесе одан да көп докторлық дәреже иегерлерін шығарады.
Сондықтан біздің зерттеу университеттерінде студенттер мен докторанттардың арақатынасын реттеуді талап ету керек. Зерттеу университеті мәртебесін алған соң сәйкесінше ғылымға басымдық бергені жөн. Әрі зертхана, құрал-жабдық мәселесі шешіледі. Ғылыми-зерттеу институтттары да өзінің әлеуетін дәлелдей алса, докторант дайындауға үлес қосуы керек.
– Бәсекеге қабілетті зерттеуші мамандардың жетіспейтіні университеттердің оқу бағдарламаларының кемшіндігінен делінген жазбада. Бұл жөнінде қандай ұсыныс жасалды?
– Жалпы оқу бағдарламасын әрдайым жаңартып отыру керек. Қазір жасанды интеллект шықты, білім мен ғылым жылдам дамып, ақпарат тез тарап жатыр. Сондықтан үш жылға, бес жылға оқу бағдарламасы бекітілді, болды деген дұрыс емес. Біздің ұсынысымыз – оқу бағдарламасы жыл сайын кемінде отыз пайыз жаңартылып отырсын.
– Академиктердің ұсынысындағы қазақ тіліне қатысты тармақ көңілімізді көншітпеді. Ол мынау:
«9) Докторантураға түсетін және соңғы 3 жылда Web of Science және (немесе) Scopus-та индекстелетін журналда кемінде бір мақала немесе шолу жариялаған адамдардан мемлекеттік тіл бойынша емтихан тапсыру туралы ресми сертификатты (ҚАЗТЕСТ) және шет тілін меңгергенін растайтын сертификатты талап етпеуге міндетті. Бұл жаңалық докторантураға шет және мемлекеттік тілдерді нашар меңгергеніне қарамастан, ғылымның дамуына үлес қоса алатын адамдарды тартуға мүмкіндік береді».
Қазақ фольклоры, ұлттық музыка бойынша қорғайтын докторанттардан шет тілін талап етпеу орынды шығар. Ал өз елімізде туып-өскен ғалымдардан мемлекеттік тілді талап етпеу қай қисынға келеді? Қазақ тілін ғылым тіліне айналдыру – ҰҒА-ның бір міндеті емес пе?
– Бұл жерде қазақ тілін білмеу болашақ талантты ғалымның жолына шектеу болмасын деген принциптен туған ұсыныс қой. Мұнда тек қазақ тілі емес, ағылшын тілі де айтылып жатыр. Кейбір ғалымдардың сапалы зерттеу еңбектері болуы мүмкін, бірақ академиялық ағылшын тілін меңгермеген. Бұл әсіресе біздің әлеуметтік-гуманитарлық салада кездеседі.
Қазақ тілінің ғылым саласындағы қолданысын кеңейту – біздің міндетіміз. Академияның стратегиясын қарайтын болсаңыз, ол жерде негізгі басымдықтардың бірі ретінде Қазақстанда қазақ тілін ғылым тілі ретінде қалыптастыру деп жазылған. Сондықтан бұл қазақ тілін ғылыми талаптардан алып тастайық деген сөз емес.
– ҰҒА академиктерінің ғылыми кадрларды даярлаудың сапасы мен тиімділігін арттыру жөніндегі ұсынысы ҰҒА сайтында, әлеуметтік желілердегі парақшада жарияланды. Енді бұл ұсыныстар жүзеге асырылуы және белгілі бір іс-шаралар қабылдануы үшін Үкіметке, тиісті орындарға жеткізіле ме?
– Орынды сұрақ. Аналитикалық жазба Қазақстан ғылымындағы өте өзекті мәселелерді қозғады және дер кезінде жарияланды. Ең алдымен Ғылым және жоғары білім министрлігіне, Үкіметке, тағы басқа құзыретті орындарға ұсынылады. Президенттің ғылым бойынша кеңесшісі бар, ол кісі де өз тарапынан назар аударады деп ойлаймыз. Алдағы уақытта Президент жанындағы Ғылым және технологиялар жөніндегі Ұлттық кеңес отырысында талқыланса, Ұлттық Құрылтай жиынында ғылыми кадрлар туралы сөз қозғалса құба-құп. Ең бастысы, ұсыныстар берілді, ары қарай тиісті органдар бұл мәселелерді қаншалықты жүзеге асырады, ол Үкіметтің және уақыттың еншісінде.
ҚР Президенті жанындағы Ұлттық ғылым академиясының басты мақсаттарының бірі – отандық ғылым саласының дамуындағы түйткілді мәселелерді анықтау, ұсыныстар дайындау, Үкіметке ұсыныс енгізу. Соған сәйкес Академия жұмыс атқаруда.
Айта кеткім келетіні, ғылыми кадр даярлау тек ғылым министрлігіне немесе Академияға ғана тиесілі іс-әрекет деп қабылдамау керек. Бұл барлық министрліктерге қатысты проблема. Білікті кадрлар әзірлеген ғылыми зерттеулерге сүйенгенде ғана жұмыс нәтижелі болады. Менің ойымша, Үкіметтен бастап барлық министрлік ғылыми кадр даярлауға кәдімгідей алаңдауы керек. Ол мәселелер шешілмесе, әр салада ғылыми негізді жұмыс жүргізілмесе, күрделі жағдайларда «өрт сөндіретін» әрекетпен отыра береміз. Бұны былтырғы су тасқыны көрсетіп берді ғой.
Кезінде Қаныш Сәтбаев басқарған академия аймақтарда көшпелі отырыс өткізетін. Бұл отырыстарда ғалымдар сол аймақтың проблемаларын бүге-шүгесіне дейін зерттеп, оларды шешу жолын, тетіктерін дайындап ұсынатын. Соған сәйкес Үкімет бюджет бөлетін. ҚР Президенті жанындағы Ұлттық ғылым академиясы Ақылбек Қажығұлұлының басшылығымен қазір осы үрдісті тірілтіп, көшпелі отырыстар өткізіп жатыр. Жамбыл облысы, Қарағанды, Атырау, Қостанай, т.б. аймақтарда әр сала бойынша көшпелі отырыстар өткізілді және бұл жұмыс жалғасын табады.
Негізі ғылым деген бірден жеміс бере қоймайды. Оның нәтижесін бірнеше жылдан немесе төрт-бес жылдан кейін көруіміз мүмкін. Бұл стратегиялық сипаттағы сала ғой. Академиктердің ұсынысы іске асырылса, нәтижесін бүкіл қоғам көретін болады.
– Әңгімеңізге рақмет!
Сұхбаттасқан Дина ИМАМБАЙ
1821 рет
көрсетілді0
пікір