- Мақала
- 19 Тамыз, 2025
Дінаралық диалог – парасат жолы
Дәуіржан ТӨЛЕБАЕВ,
«Aqiqat»
Дін – адамзатпен біте қайнасып, көне замандардан бері жасасып келе жатқан мәні зор ілім. Дін болмаса, осынау жер бетінде өмір сүріп жатқан адамзат баласының өмірі мен тағдырын, тіршілігін, өркениеті мен мәдени дамуын көзге елестетудің өзі қиын. Дін адам баласының жүрегін, жан-дүниесін ізгілікке тәрбиелеп, адами-адамгершіліктің қалыбын сақтап өмір сүруді үйрететін даналық жолы екені де белгілі.
Жаһандану заманында дін мәселесі, соның ішінде дінаралық түсіністік мәселелері аса зор мәнге ие болып отырғаны жасырын емес. Әлемдегі тұрақтылық, бейбітшілік мәселелері де қазіргі таңда геосаясаттан бөлек, дінаралық түсінісумен де байланысты болып отыр.
Бұл ретте еліміздің әлемдік дінаралық диалог мәселелеріне көп көңіл бөліп келе жатқаны да жайдан жай емес. Соның дәлелі – Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшылары съезі. Бүгінгі таңда Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшылары съезі – дінаралық диалогтың заманауи және өркениетті диалог алаңына айналғаны сөзсіз.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Әлемдік және дәстүрлі дін көшбасшыларының VII съезінің ашылуында сөйлеген сөзінде «Қырғи-қабақ және өзара сенімсіздік жағдайы халықаралық қатынасқа қайта оралып жатыр. Заманауи сын-қатерлерге нені қарсы қоюға болады? Тарих бұған бір ғана жауап береді. Ол ізгі ниет, диалог және ортақ күш-жігер. Табысқа жетудің басқа кепілі жоқ. Қазақстан кез келген даулы мәселені БҰҰ Жарғысына сәйкес тек қана келіссөз үстелі арқылы шешуді үнемі айтып келеді. Туындаған қайшылықтарды күшпен, қорқытумен немесе санкциялармен реттеу мүмкін емес екеніне сенімдіміз. Мұндай сәттерде гуманистік идеалдарға жүгіну аса маңызды. Олардың басты қайнар көзі дәстүрлі діндер екені даусыз» деп нақты атап өтті. Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының съезі бүгінде жаһандық деңгейдегі өркениетаралық диалог алаңына айналғанын атап өткен болатын. Президент өз сөзінде қазақ жері ғасырлар бойы Батыс пен Шығыстың арасындағы көпір болып келе жатқанын, ұлы дала төрінде небір алып көшпелі империялар өмір сүргенін, діни ұстамдылық – олардың бәріне ортақ сипат екенін тұжырымдаған болатын [1].
Шын мәнінде, діни ұстамдылық, дінаралық диалог мәселелері – заман талабынан туындап, күн өткен сайын өзекті бола түсуде. Өкінішке қарай, әлемде геосаяси себептермен қатар діни себептердің де әсерінен болып жатқан түрлі қақтығыстар, алауыздақтар аз емес. Мұның астарында діннің рөлін ізгіліктің жаршысы ретінде емес, алауыздықты тудырушы ретінде бағамдау басымдау болып бара жатқаны да алаңдатпай қоймасы анық. Әлдебір адамды, кез келген ұлтты немесе халықты яки мемлекетті діни көзқарасы мен ұстанымдары үшін айыптау, жазалау, мансұқтау сияқты жағымсыз тенденциялар пайда болып кеткен заманда дінаралық диалогтың қаншалықты маңызды екені айтпаса да түсінікті.
Бұл тақырыпты зерттеу барысында белгілі ғалым Найля Сейсеннің орыс тіліндегі «Этнос. Религия. Толерантность» атты ғылыми монографиясы назар аудартты. Найля Сейсен өз кітабында: «Бүгінгі жаһандану дәуірінде, қоғамдық өмірдің стандартталу белгілері айқын көрініс тауып жатқанда әлем бөлшектеніп, ол жатырқаушылыққа, алауыздықтарға ұласуда. Монотеистік конфессиялардың ішінде де қарама-қайшылықтар ушығуда. Дін зорлық-зомбылық пен конфронтацияға әкеліп соғатын алауыздықтың қайнары ретінде қабылдануда» деп жазады. Ғалымның пайымдауынша, «діниаралық диалогқа деген назардың күшеюіне қазіргі әлемнің тұрақсыздығы, сондай-ақ әлемнің алдында туындап отыр жаңа және аса күрделі сын-қатерлер, екіншіден, адамдардың конфликтілі жағдайлардың түйінін тарқатуға, бейбітшілік және келісімді орнықтыруға деген ұмтылысы себеп болуда. Заманауи кризисті жағдайлар көп ретте діни қарым-қатынастың, диалогтың болмауынан».
«Діниаралық диалог» термині заманауи ғылыми және саяси лексиконда жалпы қолданыстағы терминге жатады. Алайда, кейбір зерттеушілер аталған терминнің төңірегінде пікірталас бар. Мәселен, Н.Сейсен зерттеуші В.К.Шохиннің әртүрлі дін өкілдері арасындағы діни диалогтың соңғы мақсаты прозетелизмге әкелетіні, яғни, екінші тарапты өз дініне бет бұрғызу, тиісінше, мұндай диалог кезінде тараптардың келісімге келу деген өзара ынта-ықыласында теңқұқықтық болмайтыны жөніндегі пікірін келтіреді. Сонымен қатар Н.Сейсен «діниаралық диалог» терминіне байланысты күмән келтіретін көзқарасқа назар аудара отырып, libed.ru сайтындағы: «Дінаралық диалог негізінен діни көшбасшылар арасында ғана жүргізіледі. Сол себепті бұл жерде әр діни көшбасшылардың артында тұрған діни жамағаттардың пікірлері қамтыла бермейді, оның үстіне мұндай діни жамағаттар біртекті емес және қайшылыққа толы. Сондықтан бұл терминді нақтылағанда «діни элиталардың диалогы», «дін өкілдерінің диалогы» деп белгілеуге болады» деген тұжырымға мән берген. [2, 151 б]. Расымен де, «дінаралық диалог» терминінің қолданысқа енгеніне де көп уақыт өте қоймаса да, ол белгілі бір дәрежеде ақпараттық-идеологиялық алаңда, халықаралық конференцияларда, форумдарда кең ауқымда қолданылып келеді. Жоғарыда келтірілген екі пікірдің де көкейкестілігін жоққа шығару қиын. Дегенмен, әлемдік діндер арасында сұхбаттастықтың бар екені белгілі. Мұндай сұхбаттастық, дін қайраткерлерінің, көшбасшыларының арасында ғана емес, сонымен қатар екі бөлек дін өкілдерінің арасында да орын алып жатқаны сөзсіз. Бүгінгідей алмағайып заманда діни түсіністіктің, діни сұхбаттастықтың маңызы айрықша болып келеді. Өйткені, діни сұхбаттастықтың концептуалды идеясы, негізгі тұжырымдарының бірі – әртүрлі дін өкілдерінің ықпалынан туындап жатқан әлемдегі тұрақсыздықты, алауыздықтардың, түрлі қақтығыстарды тоқтату. Шын мәнінде, кінә – діннің өзінен емес, бұл дінді өз мүдделерін іске асыруға пайдалану жолындағы саяси құралға айналдырып алған топтардың іс-әрекеті болып отырғаны ақиқат. Осындай мәселелерді «дінаралық диалог» арқылы шешуге қадам жасаудың маңызы зор екенін, әлбетте, жоққа шығаруға болмайды.
Бұл орайда Найля Сейсен дінаралық диалогтың принциптері бар екенін толеранттылық, теңқұқықтық, қатысушылардың ашықтығы, конструквтитілік, позитивті нәтижеге қол жеткізуге деген мақсаттылық ұстанымдар арқылы уәждейді. Аталған құндылықтар дінаралық диалогтың мазмұны мен сипатын айқындап тұрса, демек, дінаралық диалогтың түпкі мәні – дін өкілдерінің арасында туындап жататын мәселелерді мәмілегерлік, түсіністік жолымен шешуі екені ақиқат.
Зерттеуші өз еңбегінде А.А.Нуруллаевтың көзқарасына назар аударады. Мәселен, А.А.Нуруллаев дінаралық диалогтың тағы бір принципі ретінде – діни-уағызшылдық мәселелерді сыни талқылаудан бас тарту дегенді айтыпты. «Әлдебір діни ілімнің басымдығы мен кемшілігі туралы полемикаға кірісу – діни сұхбаттың аяқталғанын білдіреді». Шын мәнінде, А.А.Нуруллаев мәселенің мәнісін дөп басып тұр. Өйткен себебі, діни ілімдердің бір-бірінен артықшылығы мен кемшілігін таразы басына салу ешқандай дінге опа бермейді. А.Нуруллаев бұл мәселе дінаралық сұхбаттың жолына тосқауыл қоятынын айтып отыр. Мұның арты бітпес дау-дамайға, тартысқа ұласып кетеді. Асылында, діни ілімнің артықшылығы мен кемшілігін алға тарта отырып әңгіме өрбітудің өзі діннің табиғатына қарама-қайшы келетін дүние. Өйткені, дін – адамзатқа ортақ құндылық. Ол әлдебіреулердің меншіктеп алғаны емес. Өзінің ұстанып отырған дінінің артықшылығын айтып, екінші дін өкілінің дініне тіл тигізіп, мансұқтау, дәрежесін төмендету үрдістері көбейіп кеткен заманда жалпы кез келген діннің атқарып рөлін өз дәрежесінде дұрыс бағамдай білу де аса маңызды [3, 152 б].
Дінаралық диалогтың маңызды бір мәселесі – өркениеттер диалогымен де ұштасып жатқандығы белгілі. Өйткені, өркениеттер зерттеушісі С.Хантингтон әлемнің басым бөлігінде діннің өмірге келуі осындай мәдени айырмашылықтарды күшейте түсетінін жазады. «Мәдениеттер өзгеріске ұшырауы мүмкін, олардың саясат пен экономикалық дамуға ықпал ету табиғатының түрлі тарихи кезеңдерде айырмашылықтарды болуы ықтимал. Соған қарамастан, өркениеттердің саяси және экономикалық дамуындағы басты айырмашылықтардың тамыры мәдениеттердің ерекшеліктерінде екені даусыз. Шығыс Азияның экономикалық жетістігі шығысазиялық мәдениетпен тығыз байланысты; шығысазиялық елдердің тұрақты демократиялық жүйелерді құруда кезіккен қиындықтарының да себебі сонда жатыр. Мұсылман әлемінің басым бөлігінде демократия орнату ісінің құрдымға кетуі көп жағдайда ислам мәдениетінен болып отыр. Шығыс Еуропада және бұрынғы Кеңес Одағы кеңістігінде посткоммунистік қоғамдастықтардың дамуын өркениеттік бірегейлік айқындайды. Батыс христиандығы тамырлы елдер экономикалық даму мен демократия орнату ісінде табысты келеді: православтық елдердегі экономикалық және саяси даму көрінісі бұлыңғырлау; мұсылман елдеріндегі көрініс тіпті нашар» деп тұжырымдайды [3, 33-34 б.].
Дінтанушы, имам Алтынбек Ұтысханұлы «Дінаралық диалог – бейбітшілік кепілі» атты мақаласында кез келген өзгеше сенім мен түсінікке, мәдениет пен дәстүрге, дүниетанымға ашықтық және түсіністік аса қажет екенін айтады. Дінаралық диалог арқылы бейбітшілікті күн тәртібінде ұстау қақтығысқа жол бермейтінін жазады. Христиан әлемінде Католик шіркеуінің бастамашылдығымен дінаралық диалог жұмыстары жандана бастады. Дегенмен, Католик әлемі дінаралық диалогқа ХХ ғасырда бастама көтергенмен, ислам діні әу бастан дінаралық диалогқа дұрыс қараған. Догматтық деңгейде дінаралық диалог жүрмейді, яғни қалыптасқан сенімін ешкім де өзгертуге құлықты емес. Жалпы, дінаралық диалог өз сеніміңнен бас тарту я болмаса, прозелитизммен айналысу емес. Яғни дінді насихаттау, дін өкілдерінің өз сеніміне өзгелерді тарту әрекеттеріне жатпайды. Бұндай әрекеттерге дінаралық диалог жүргізудің қалыптасқан талаптары жол бермейді. Ендеше, дінаралық диалог жұмысы арқылы дін өкілдерінің ортақ қоғамдық не әлемдік мәселелерге шешім іздеуі күн тәртібінде тұрған мәселе. Бүгінгі күні барлық мәселе өзара жақын келу, сөйлесу, тілдесу, бір-бірін жақыннан тану, пікірлерін ашық айту, көзқарастарын анық білдіру, бірге талқылау арқылы ғана шешілетіні белгілі. Қазақ «Бармасаң-келмесең, жат боларсың» дейді. Біреумен жақын араласқанда ғана барып, оны жақыннан тануға, ол туралы дұрыс пайым тұжырымдауға болады. Ендеше, әрқашан диалогқа ашық болған дұрыс» деген пікір айтады [4].
Исатай Бердалиев «Дінаралық диалог – ислам сеніміне қайшы келмейді» деген мақаласында: «Диалог дегеніміз – екі немесе одан да көп адамдардың бір-бірімен сөйлесуі. Ал терминдік мағынасы болса, түрлі нәсілдер мен мәдениеттердің, түрлі нанымдар мен пікірлердің, түрлі саяси түсініктегі топ өкілдері бір шаңырақта бас қосып, бір-бірімен мәдениетті түрде сөйлесуін білдіреді. Елімізде төрт жылда бір рет өтетін Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің Съезі, яғни «Діндер арасы диалог» жер бетіндегі, оның ішінде Қазақстан Республикасының әрбір азаматы қандай дінді ұстанса да өз еркіндігі бар екеніне негізделген. Қазақ даласында кеңінен тараған ислам дінінің қасиетті кітабы Құран Кәрімнің «Бақара» сүресінің 256-аятында «Дін таңдауда қысым жоқ» деген қағида бар. Яғни ислам діні адамдарға дін таңдауда еркіндік берген. «Бақара» сүресінен бөлек, «Кәһф» және «Юнус» сүрелерінде де адамдар дін таңдауда ерікті екені жайында айтылған. Ислам дінін ұстанатын мұсылмандардың басқа дін өкілдерімен мәмлелері және қарым-қатынастары кез келген мәдениеттен үстем болған және тарихи тәжірибені орнықтырған. Бұл өнегелі тәжірибенің теориясын тағы да Құран Кәрімнен алды десек артық айтпаған болар едік. Құран Кәрімде «Мумтахин» сүресінің 8-аятында: «Алла дін тұрғысынан сендермен соғыспағандарға және жұрттарыңнан қуып шығармағандарға жақсылық жасауларыңа және оларға әділдік етулеріңе тыйым салмайды. Шын мәнінде Алла әділдік етушілерді жақсы көреді» деп мұсылмандарға ескерткен. Конфессияаралық диалог тұжырымдамасы мен Дінаралық диалог кеңесі Ватиканнан шыққан.
Сонымен қатар, бұл терминді миссионерлік қызметтің құралы ретінде қолданылуы мен кейбір діни және саяси топтар, діни диалогқа қатысты күмән тудыратын пікірлер таратты. Алайда, арам ниетсіз шынайы диалогты зерттеудің нәтижесінде пайдалы және қажет екенін көрсетті» деп жазады. И.Бердалиев атап өткеніндей, Отанымыз бен әлемнің тыныштығы және адамзаттың мәселелерін шешу үшін, бейбітшілік пен келісім үшін, мәдениетімізбен өркениетіміз үшін, жарқын болашақ үшін, рухани-әлеуметтік дамуымыз бен қауіпсіздігімізді сақтау үшін өзге дін өкілдерімен сұхбаттасу – діндердің, оның ішінде исламның негізгі қағидалары мен сеніміне нұқсан келтіруді білдірмейтін әрекет [5].
Дінтанушылардың, ғалымдардың жоғарыдағы ой-пікірлері мен тұжырымдары дінаралық диалогтың маңызын осылайша жеткізеді. Қазақстан Республикасының «Діни қызмет және діни бірлестіктер туралы» Заңында Қазақстан Республикасы өзін демократиялық, зайырлы мемлекет ретiнде орнықтыратынын, әркiмнiң ар-ождан бостандығы құқығын растайтынын, әркiмнiң дiни нанымына қарамастан тең құқылы болуына кепілдік беретінін, ханафи бағытындағы исламның және православиелік христиандықтың халықтың мәдениетінің дамуы мен рухани өміріндегі тарихи рөлін танитынын, Қазақстан халқының рухани мұрасымен үйлесетін басқа да діндерді құрметтейтінін, конфессияаралық келісімнің, діни тағаттылықтың және азаматтардың діни нанымдарын құрметтеудің маңыздылығын танитынын негізге алатыны айқын жазылған [6]. Демек, дінаралық диалог өзара келісім мен құрмет, тең құқықтылық, ар-ождан бостандығы секілді мәңгілік құндылықтар да жүзеге асырылады. Бұл ретте, діни мәселелерді тар шеңберде түсінуге болмайтынын да айтқымыз келеді.
Өйткені, бағзы замандардан келе жатқан діндердің адамзаттың өмірінде алатын орны өте жоғары екенін пайымдай білуіміз керек. Діндердің көзге көрінбейтін шекаралары болса да, діннің негізгі миссиясы – адамның адамдық құндылығын жоғалтпауына, ізгі мақсаттарды ұстануына, жақсылық пен жамандықты ажырата білуге, адамның рухани кемелденуіне, жағымсыз нәрселерден бойын аулақ ұстауына ықпал етуінде жатқаны ақиқат.
Пайдаланылған әдебиеттер:
1.Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының VII съезінің ашылуында сөйлеген сөзі // https://www.akorda.kz/kz/memleket-basshysy-kktokaevtyn-alemdik-zhane-dasturli-dinder-koshbasshylarynyn-vii-sezinin-ashyluynda-soylegen-sozi-148153
2.Сейсен Н.Б. Этнос. Религия. Толерантность: Монография. – Алматы: Ғылым, 2017. – 360 с.
3.Хантингтон С. Өркениеттер қақтығыс және әлемдік тәртіпті қайта құру. – Алматы: «Мазмұндама баспасы», 2023. – 600 бет.
4.Ұтысханұлы А. Дінаралық диалог – бейбітшілік кепілі //https://www.muftyat.kz/kk/articles/islam-and-society/2023-08-01/42560-dinaralyk-dialog-beibitshilik-kepili/
5.Бердалиев И. Дінаралық диалог – ислам сеніміне қайшы келмейді // https://muslim.kz/article/dinaralyq-dialog-islam-senimine-qayishy-kelmeyidi (қаралды 25.07.2025).
6.Қазақстан Республикасының «Діни қызмет және діни бірлестіктер туралы» Заңы // https://adilet.zan.kz/kaz/docs/Z1100000483
286 рет
көрсетілді0
пікір