• Мақала
  • 19 Тамыз, 2025

Парақорлық – қауіпті кесел

Сыбайлас жемқорлық – мемлекетке, халыққа, қоғамға зиянын тигізетін қауіпті кесел. Сыбайлас жемқорлық жайлаған мемлекетте ешуақытта даму болмайды. Сол себепті де сыбайлас жемқорлықтың жолын кесу арқылы ғана ел өркендейді. Бұл кеселден арылудың жолы – онымен қоғам болып күресу. Қолы таза, ары таза адамдарды тәрбиелеу. 
Сыбайлас жемқорлық жасайтын адам мемлекеттің қаражатын жымқырып қана қоймай, қаншама адамдардың тағдырына да зардабын тигізеді. Оның салдары – уақытылы салынбаған әлеуметтік нысан, тұрғын үй, мерзімінде жөнделмеген жол, дер шағында жеткізілмеген дәрі-дәрмектер және т.б. Яғни, сыбайлас жемқорлық барлық саланың дамуына, ондағы қордаланған мәселелердің шешілуіне тосқауыл болып, кедергі келтіреді. Және де сыбайлас жемқорлық арқылы байыған, мол дәулетке кенелген адамдардың ұрпақтары да осындай қадамға бармасына кім кепіл? Яғни, бұл дерт онымен айналысқан адамның өзін ғана емес, айналасына да жұғып, вирус тәрізді тарайды. 
Мемлекет тарапынан сыбайлас жем­қорлыққа қарсы іс-қимыл қарқынды түрде қолға алынып келеді. Десек те, заңсыз қаражатты иемденіп алғысы келетіндер, пара алып байып кеткісі келетіндер қоғамда аз емес. Қайткен күнде мемлекеттің қаражатын иемдену, әртүрлі қитұрқы жолдарға бару, «бармақ бастылық, көз қыстылық» әрекеттерді жүзеге асыру сыбайлас жемқорлықтың таралуына негіз болуда. Сыбайлас жемқорлық әрекеттері лауазымы жоғары мемлекеттік қызметкерлердің арасында да баршылық. 
ҚР «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы» Заңында Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимылдың мақсаты нақты жазылған. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл бойынша келесі мақсаттар жүзеге асырылатыны жазылған: 1) қоғамда сыбайлас жемқорлыққа төзбестік ахуалын қалыптастыру; 2) сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылықтар жасауға ықпал ететін жағдайлар мен себептерді анықтау және олардың салдарларын жою; 3) сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл субъектілерінің өзара іс-қимылын нығайту; 4) сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі халықаралық ынтымақтастықты дамыту; 5) сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылықтарды анықтау, жолын кесу, ашу және тергеп-тексеру міндеттерін шешу. 
Сонымен қатар аталған заңда көр­сетілгендей, сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл – заңдылық, адам мен азаматтың құқықтарын, бостандықтары мен заңды мүдделерін қорғау басымдығы; жариялылық пен ашықтық; мемлекет пен азаматтық қоғамның өзара іс-қимыл жасауы; сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл шараларын жүйелі және кешенді пайдалану; сыбайлас жемқорлықтың алдын алу шараларын басым қолдану; сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимылға жәрдем көрсететін адамдарды қорғау және көтермелеу; сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылықтарды жасағаны үшін жазаның бұлтартпастығы қағидаттары негізінде жүзеге асырылады. Яғни, сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимылдардың ауқымы өте кең. Мұндай барлық мәселелер қамтылған деп айтуға болады. Бұл міндеттерді сапалы жүзеге асыру елдегі сыбайлас жемқорлықтың тамырына балта шауып, кеселдің өрістеуіне тосқауыл болатыны кәміл.  
Сыбайлас жемқорлықпен күрес мәселесінде «тәуекел» деген ұғым бар. Яғни, сыбайлас жемқорлыққа жол берілу тәуекелдерінің болуы оның бел алып, көрініс табуына бастайтын дүние. Сол себепті де, сыбайлас жемқорлықтың тәуекелдерін талдауға көңіл бөлу де аса маңызды жайт. Заңның 8-бабында көр­сетілгендей, сыбайлас жемқорлық тәуе­келдерін талдау (ішкі және сыртқы) – сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылықтар жасауға ықпал ететін себептер мен жағдайларды анықтау және зерделеу болып табылады. 
Айта кетейік, ҚР «Сыбайлас жем­қорлыққа қарсы іс-қимыл туралы» Заңында жеке тұлғалар, қоғамдық бірлестіктер және өзге де заңды тұлғалар сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл кезінде қандай шараларды қолданатыны да айқындалған. Мысалы: олар 1) өздеріне мәлім болған сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылық жасау фактілері туралы Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен хабарлайды; 2) сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл мәселелері бойынша заңнама мен құқық қолдану практикасын жетілдіру жөнінде ұсыныстар енгізеді; 3) сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыруға қатысады; 4) сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимылдық басқа да субъектілерімен және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі уәкілетті органмен өзара іс-қимылды жүзеге асырады; 5) мемлекеттік органдардан сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі қызмет туралы ақпаратты Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен сұратады және алады; 6) сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл мәселелері бойынша зерттеулер, оның ішінде ғылыми және әлеуметтік зерттеулер жүргізеді; 7) бұқаралық ақпарат құралдарында түсіндіру жұмыстарын жүргізеді және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл мәселелері бойынша әлеуметтік маңызды іс-шаралар ұйымдастырады.
Бұл шаралардың барлығы да сыбайлас жемқорлықпен күрес мәселесінде өте маңызды рөл атқарады. Бірақ, олардың бәрін жүзеге асыру үшін осы мәселеде барлық азаматтардың ойы, мақсаты мүдделес болуы керек. Яғни, қоғам болып, ел болып атсалысқанда ғана мәселе оңынан шешіледі. Мұндай іс-қимылдар кешенді сипатта болмаса, толымды нәтиже бермейтіні түсінікті. 
Жалпы, «Сыбайлас жемқорлық» дегеніміз қандай ұғым? Оған не жатады? Мұның анықтамасын білу үшін Заңға жүгінеміз. Заң былай дейді: 
«Сыбайлас жемқорлық – жауапты мемлекеттік лауазымды атқаратын адамдардың, мемлекеттiк функцияларды орын­­дауға уәкілеттік берілген адам­дардың, мемлекеттік функцияларды орындауға уәкілеттік берілген адамдарға теңестiрiлген адамдардың, лауазымды адамдардың өздерінің лауазымдық (қызметтік) өкiлеттiктерін және соған байланысты мүмкiндiктерiн жеке өзi немесе делдалдар арқылы жеке өзіне не үшінші тұлғаларға мүлiктiк (мүліктік емес) игiлiктер мен артықшылықтар алу немесе табу мақсатында заңсыз пайдалануы, сол сияқты игiлiктер мен артықшылықтарды беру арқылы осы адамдарды параға сатып алу». 
Байқап отырғанымыздай, сыбайлас жемқорлықты мүліктік игіліктер мен артықшылықтарды заңсыз иеленгісі келетіндер, параға сатып алатындар жасайды. Демек, сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясатты күшейту парақорлардың жолын кеседі. Сонымен қатар сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін азайтуға, қоғамның мемлекеттік органдар қызметіне сенімін арттыруға бағытталған құқықтық, әкімшілік және ұйымдастырушылық шаралардың мән-маңызын арттырады. 
Дархан ДОСЫМ

244 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

01 Тамыз, 2025

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Дәуіржан ТӨЛЕБАЕВ

«Ақиқат» ұлттық қоғамдық-саяси журналының Бас редакторы