- Мақала
- 19 Тамыз, 2025
Агроөнеркәсіптік кешен
ғылыми-технологиялық тұрғыдан жаңғыртылуға тиіс
Өңірлерді дамыту – еліміздегі өзекті мәселе. Мемлекет басшысы Ұлттық құрылтайда сөйлеген сөзінде алдағы 10 жыл ішінде Қазақстанды астықты терең өңдеу өнімдерін өндіру және жеткізу бойынша әлемдегі он ірі елдің қатарына қосу, сондай-ақ аграрлық секторды индустрияландыру және өңірлерде ғылым мен инновациялық дамуды жан-жақты қолдау қажеттігін тапсырған болатын.
Осы тапсырмаларды іске асыру мақсатында ҚР Президенті жанындағы Ұлттық ғылым академиясы Қостанайда «Қуатты өңірлік ғылым – қуатты өңір» атты көшпелі отырыс өткізді. Іс-шараға облыс әкімі Құмар Ақсақалов, Сенат депутаты Сергей Карплюк, мемлекеттік органдардың, ғылыми ұйымдардың басшылары, ауыл шаруашылығы және бизнес-қоғамдастық өкілдері қатысты.
Қостанай облысы – ауыл шаруашылығы жер көлемі 10 млн гектардан асатын, еліміздегі ең ірі аграрлық өңірлердің бірі және индустриялық әлеуеті мол аймақ. Өңірдің орнықты дамуы ғылыми тұрғыдан негізделген шешімдерді, климаттық тәуекелдерге бейімделуді, ресурстарды ұтымды пайдалануды, эмиссияны азайтуды және экологиялық технологияларды енгізуді талап етеді. Осы орайда ҰҒА Төралқасының көшпелі отырысының күн тәртібіне Қостанай облысын кешенді дамытудың басым бағыттары енгізілді. Атап айтқанда:
– Ауыл шаруашылығы және мал шаруашылығы өнімдерін терең өңдеуді дамыту, агроөнеркәсіптік кешенде жоғары бөлініс деңгейіндегі өнім өндіру көлемін арттыру;
– өнеркәсіпті дамыту және инновациялар – өңір өнеркәсібін әртараптандыру, жаңа технологияларды енгізу және кәсіпорындардың бәсекеге қабілеттілігін арттыру;
– өңірлік ғылымды қолдау және технологиялар трансфері;
– өндіріс үшін кадр даярлау;
– экологиялық тұрғыдан орнықты технологияларды енгізу – өнеркәсіп пен ауыл шаруашылығында «жасыл» шешімдерді қолдану, қоршаған ортаға теріс әсерді азайту;
– өндіріс пен агросекторды цифрлық трансформациялау.
Академия Президенті Ақылбек Күрішбаев өз сөзінде Қостанай облысында өңірлік ғылымды дамытуға бағытталған бірқатар шараларды атап өтті: «Өңдеу саласында қосымша құн қалыптастырудың пайдаланылмаған зор әлеуеті бар. Бұл – өндіріс тиімділігін одан әрі арттыруға және жүйелі негізде импортты алмастыру мәселесін шешуге мүмкіндік береді. Үш жыл ішінде агроөнеркәсіптік кешендегі өңделген өнім үлесін 70%-ға дейін арттыру міндет. Бұл агроөнеркәсіптік кешенді ғылыми-технологиялық жаңғыртуды, цифрлық шешімдерді енгізуді, үздік әлемдік тәжірибелерді пайдалануды және климаттық өзгерістерге бейімделуді талап етеді», – деді Ақылбек Қажығұлұлы.
Жиында айтылғандай, өңірде ғылыми әлеует тапшылығы байқалады. 2024 жылғы статистикаға сәйкес, Қостанай облысында халықтың жан басына шаққандағы зерттеушілер саны Алматы қаласымен салыстырғанда 8 есе аз. Бұдан бөлек, өңірдегі ғылыми дәрежесі бар ғалымдардың орта жасы – 54 жаста. Сондықтан ғылыми инфрақұрылымды жаңғырту және өңірге жас зерттеушілерді тарту қажет.
2010 жылы республика бойынша бидайдың 40 пайызы өңделіп, Қазақстан ұн экспортынан әлемде бірінші орынға шыққан болатын. Ал қазір бұл көрсеткіш 24%-ға түскен. Қостанай облысында жыл сайын республикадағы бидайдың төрттен бірі өндірілетінін ескерсек, аграрлық саланың мүмкіндігі мол екені көрінеді. Сондай-ақ, мал өсіру, селекция шаруашылығы, мал өнімдері мен оның шикізатын, тері, жүн, сүйек және басқа қалдықтарды қайта өңдеуде де резерв жеткілікті. Бұл міндеттерді іске асыру аймақ экономикасының тұрақты дамуын қамтамасыз етеді.
Отырыс барысында Академия өңірді дамытуға бағытталған шешімдер ұсынды, олар:
1. Өңірлік ғылыми-инновациялық қор құрып, облыстың нақты қажеттіліктеріне негізделген ғылыми зерттеулерді мақсатты қаржыландыру тетігін енгізу.
2.Өңір ұзақ мерзімді, нақты стратегияға ие болуы тиіс. Ол жергілікті жердің бәсекелік артықшылықтарына негізделуі қажет.
3. Қостанай облысында Академияның Кеңістіктік-уақыттық жасанды интеллект және орнықты даму зертханасының базасында өңірлік ғылыми-техникалық бағдарламаны іске асыру ұсынылды. Бұл өңірлік шешімдер қабылдау жүйесін қалыптастыруға негіз болады.
Академия өз тарапынан жобаларды сараптау, кадр даярлау, инвестиция тарту және басқа бастамаларға белсене қатыспақ.
Сондай-ақ көшпелі отырыс аясында ғылыми-инновациялық көрме ұйымдастырылып, облыстағы жетекші ғалымдардың, бизнес және мемлекеттік органдар өкілдерінің қатысуымен форсайт-сессия өтті. Қатысушылар ғылыми қауымдастық пен өнеркәсіп арасындағы өзара іс-қимылдың мүмкіндіктерін талқылады.
Академия Ғылым қорымен өзара ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды.
Көшпелі отырыс нәтижесінде ауыл шаруашылығы өнімдерін терең өңдеу және саланы ғылыми қамтамасыз ету мәселелері бойынша Үкіметке аналитикалық жазба ұсынылады. Сондай-ақ, облыс әкімдігімен бірге өңір ғылымын дамыту жөніндегі бірлескен жоспары әзірленеді.
Дина Халық
194 рет
көрсетілді0
пікір