• Мақала
  • 19 Тамыз, 2025

Бауырлас елдер байланысының биік белесі

Қазіргі әлемдегі геосаяси жағдай саяси-экономикалық, географиялық, мәдени және басқа санқырлы факторлармен күрделене түсуіне байланысты мемлекеттер арасындағы қарым-қатынас жаңаша сипат алды. Елдің қауіпсіздігін қамтамасыз ету, саяси, экономикалық әлеуетті нығайтуға ұмтылу,  халықаралық ауқымда елдің қауіпсіздігін сақтау және беделін көтеру мақсатын көздеген мемлекеттер әлемдік  саясат субъектілері ретінде өзара ынтымақтастығын жақсартуға тырысады.  Соның ішінде тарихи туыс елдер арасындағы қарым-қатынастың жөні бөлек. Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Түркия мемлекетіне ресми сапары екі ел арасындағы туыстық, ынтымақтастық байланыстың жаңа белесін айшықтап берді. 

Қазақстанның Мемлекет басшысын Анкара қаласының «Есенбоға» әуежайында Түркия Президенті Режеп Тайип Ердоғанның өзі арнайы қарсы алды. Ұшақ баспалдағы алдында құрмет қарауыл сап түзеді. Әуежайдағы ресми қарсы алу рәсімі қонаққа көрсетілген құрмет пен түбі бір, тілі ұқсас, діні ортақ екі ел арасындағы терең бауырластықтың нышаны іспетті. Тарихи-мәдени тамыры терең бұл қатынас Қазақстан тәуелсіздігін жариялағаннан кейін ресми бастау алып, бір кездері үзіліп қалған байланыс қайта қалпына келді. Қазіргі таңда Қазақстан мен Түркия арасындағы қарым-қатынас барлық бағытта қарқынды дамып келеді. Бұл қатынас қазақ жерін Атажұрт санайтын бауырлас ел – түрік халқының елімізге деген шынайы ықыласымен өріліп жатыр. Қазақстан мен Түркия қатынасы 2009 жылы «Стратегиялық әріптестік туралы келісіммен» нығая түсті. Қазақстан тәуелсіздік алғалы бері Мемлекет басшысы Түркияға 20-дан аса ресми сапар жасады. 2019 жылы сайланған Қ.Тоқаев пен Режеп Тайип Ердоған оншақты екіжақты кездесу өткізген екен. Ұлттық мүддені мұрат тұтқан бұл кездесулер қазақ елінің сыртқы саясатта түбі бір туысқан түркі елдерімен қарым-қатынасты дамытуға айрықша басымдық беретінінің айқын дәлелі. Сондай-ақ бұл сапарлар түркі халықтарының бірігуін, күшеюін мақсат еткен Ататүрік пен Мұстафа Шоқай арман-аңсарының жүзеге асқан көрінісі.  
Отыз жылдан астам уақыттан бергі қос мемлекет арасындағы достық пен ынтымақтастықтың нәтижесі екі ел үшін де қомақты. Қазақстан мен Түркия Түркі мемлекеттері ұйымының негізін қалаушы болып, халықаралық деңгейде ұйымның рөлін нығайтуға әрекет етіп келеді. Одан бөлек Түркі мемлекеттерінің парламенттік ассамблеясы (ТҮРКПА), Түркі мәдениетін және өнерін дамыту халықаралық ұйымы (ТҮРКСОЙ), Түркі мәдениеті және мұрасы қоры және басқа мәдени ұйымдар құрылып, еларалық дәрежеде қызмет етуде. БҰҰ, Ислам ынтымақтастығы ұйымы және басқа халықаралық ұйымдардағы аралас-құраластық бір бөлек. Бүкіл түркі халықтары үшін қасиетті қаламыз Түркістанда ашылған Қ.А.Ясауи атындағы ХҚТУ, Астанадағы Халықаралық түркі академиясы, Алматыдағы С.Демирель атындағы университет білім мен ғылым, мәдениет саласында түркі жұртын біріктіріп, игілігін бүкіл бауырлас халықтар көріп келеді. Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Түркия мемлекетіне ресми сапарының бағдарламасы өте ауқымды әрі мазмұнды болды. Сапар ең алдымен осы елдің тұңғыш Президенті Мұстафа Кемал Ататүріктің кесенесіне зиярат етуден басталды. Түркі халықтарына тән ертеден келе жатқан салт-жора жолымен Анытқабір кесенесіне жерленген ұлы қайрат­кердің рухына тағзым еткен Қазақстан Президенті Құрметті қонақ­тар кі­­табына өз қолтаңбасын қалдырды, бауырлас түрік халқының өсіп-өркендеуіне тілек­тестігін жеткізді. 
Анкарадағы Президент сарайында Қасым-Жомарт Тоқаевты Режеп Тайип Ердоған қарсы алды. Қазақстан мен Түркияның мемлекеттік әнұрандары шырқалып, зеңбіректен 21 рет оқ атылды. Ресми сәттерден кейін мемлекеттер басшылары келіссөз жүргізіп, Қазақстан мен Түркия арасындағы стратегиялық серіктестікті одан әрі дамыту перспективасын жан-жақты талқылады. Әсіресе сауда-экономикалық, инвестициялық және мәдени-гуманитарлық ынтымақтастықты нығайтуға баса мән берілді. 
Қазақстан-Түркия Жоғары деңгейдегі стратегиялық ынтымақтастық кеңесінің 5-ші отырысында сөз сөйлеген Қасым-Жомарт Тоқаев Түркияның ежелден бауырлас, тамырлас және түбі бір туысқан ел екенін атап өтіп, ортақ тарихи және рухани құндылықтарға негізделген қазақ-түрік ынтымақтастығы мәңгілік серіктестікті көздейтінін және тұрақты дамып келе жатқанына назар аударды. 
«Біз осы сара жолды жалғастырып, өзара байланысты бүгінгіден де биік белеске көтеруге мүдделіміз. Ықпалдастығымызды кеңейтуге мүмкіндігіміз де, ынта-жігеріміз де жеткілікті. Екі елдің арасында ауқымды шарттық-құқықтық негіз қалыптасты», – деді Қазақстан Президенті. 
 Қазақстан-Түркия Жоғары деңгейдегі стратегиялық ынтымақтастық кеңесінде өзара сауда-саттық көлемін ұлғайту мәселесі талқыланды. 2024 жылы екі елдің арасындағы сауда айналымы 5 миллиард доллар болған. Алдағы уақытта бұл көрсеткіш тек еселене түседі. Түркиядан келетін тауар түрлері артады. Еліміз өз тарапынан Түркия нарығына көлемі 1 миллиард долларға жуық 30-дан аса өнім жеткізе алады. 
Тауар айналымын ұлғайту ісінде көлік-логистика саласының маңызы айрықша. Қазір әлемде қалыптасқан жағдайға байланысты еліміз халықаралық көлік бағдарын дамытуға, әртараптандыруға баса мән беріп отыр. Соның ішінде Транскаспий бағытының өз орны бар. Қазақстан Президенті еліміздің батысында заманауи теміржол, құрлықтағы порттар мен жүк терминалдарын салу және кеме өндірісін дамыту үшін түрік инвестициясын тартуға мүдделі екенімізді білдірді. Бұл тұрғыда ашық әрі сенімді серіктес ретінде түрік инвесторларын қолдауға баса назар аударылады. Мәселен, түрік инвесторларына тау-кен саласы мен табиғи ресурстарды игеруге қатысты тың жобаларды жүзеге асыру ұсынылды. Президент сөзінде айтып өткендей, елімізде 4 мыңға жуық түрік компаниясы жұмыс істейді. Олармен бірлесіп, құны 6 миллиард доллар болатын бірқатар жоба жүзеге асырылды. 
 Сондай-ақ Кеңес отырысында екі ел делегациялары энергетика саласындағы ықпалдастық мәселесін талқылады. Қ.Тоқаев түрік компанияларын Қазақстандағы энергия тапшылығын жоюға бағытталған жобаларға қатысуға шақырды. Оның ішінде «ҚазМұнайГаз» бен Turkiye Petroleum компаниялары арасындағы байланысты жолға қою жөнінде айтылды. 
Экономикасында мұнай экспорты басымдық алатын еліміз үшін өнімді сыртқа тасымалдау мәселесі өте өзекті. Ең басты экспорт жолы – Каспий құбыр консорциумындағы (КҚК) мәжбүрлі үзілістер балама нұсқа іздестіруді, мұнайды тасымалдау бағыттарын әртараптандыруды талап етеді. Сондықтан да Президент Қ.Тоқаевтың Түркия мемлекетіне ресми сапарында Баку – Тбилиси – Жейхан мұнай құбыры арқылы экспорт көлемін арттыру мәселесі қозғалды. Қазіргі уақытта аталған құбыр арқылы жылына 1,4 миллион тонна қазақ мұнайы Түркияға тасымалданады. Қазақстан мұнайын Түркия арқылы әлемдік нарыққа экспорттау еліміз үшін үлкен мүмкіндік.  
Жаһандық климаттың өзгеруі салдарынан әлем елдерінде сапалы азық-түлікке деген сұраныс күннен-күнге өсу үстінде. Қазақстанда өндірілетін дәнді-дақылдың төрттен бірі, мақтаның үштен бір бөлігі Түркияға экспортталады екен. Бұл елде мата және тігін өнеркәсібі жақсы дамығаны белгілі. Ауыл шаруашылығы саласындағы ынтымақтастық түрік кәсіпкерлерінің инвестициялық жобаларымен одан әрі дами береді. Осы саладағы цифрландыру, егін өнімділігін арттыру және өңдеу өнеркәсібін дамыту ісінде Түркияның жоғары технологиясын пайдалану көзделеді. 
Қазақ-түрік қатынастарының ішінде білім-ғылым және мәдени-рухани бағыттар ерекше орын алады. Тарихи тамырдың ортақтығына негізделген бұл байланыс тұрақты сипат алған. 
«Мәдени-гуманитарлық байланыс – қазақ-түрік қатынасының алтын көпірі, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев. – Ұзақ жылдан бері Түркістан төрінде Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университеті табысты жұмыс істеп келеді. Қазіргі таңда біздің 12 мыңнан астам студентіміз Түркияда, ал 300 түрік студенті Қазақстанның жоғары оқу орындарында білім алып жатыр. Осыған қолдау көрсеткені үшін Түркия Президенті мен Үкіметіне ризашылығымды білдіремін». 
Президентіміз өз сөзінде Оң­түстік Қазақстан педагогикалық универ­ситетінің жанынан ашылған Гази университетінің филиалын атап айтты. Түркияның озық білім ошақтарының бірі саналатын оқу орнының негізін 1926 жылы Ататүріктің өзі қалаған. Бүгінгі таңда университет инженерлік іс және технология мамандықтарынан әлем бойынша алдыңғы қатардан орын алады. Академиялық дәстүр мен заманауи білім беру тәсілін үйлестіре білген Гази университетінің филиалы елімізде білікті мамандар даярлау және ғылымды дамыту ісіне үлес қосумен қатар, екі елдің өзара байланысын нығайта түседі. Бұдан бөлек, әлемнің 52 елінде адамзат игілігі үшін ізгі мақсатта қызмет ететін «Маариф» қорының екі мектебі ашылмақ. Астана медицина университетінің негізінде ашылатын Медипол Ыстанбұл жоғары оқу орнының филиалы да игі бастаманың бірі. 
Қазақстан мен Түркия арасындағы достық қатынас екі ел азаматтарының барыс-келісіне оң әсер ететіні сөзсіз. Түрлі саладағы байланыстарды тереңдету және туризмге серпін беру мақсатында Түркия азаматтарына Қазақстан аумағында 90 күнге дейін визасыз болу рұқсатын беру туралы шешім қабылдануы да Президент Тоқаев сапарының бір нәтижесі. Бұл жаңалық саяхаттаушылар мен кәсіпкерлер үшін жаңа көкжиек пен жаңа табысқа жол ашпақ. 
Мән-маңызы ерекше сапар барысында Түркия көшбасшысы Режеп Тайип Ердоған Қасым-Жомарт Тоқаевқа «Екінші отаныңызға қош келдіңіз» деп ерекше ілтипат білдірді. 
«Біз Қазақстанмен арадағы ынты­мақтастыққа ерекше мән береміз. Бүгінде екі ел арасындағы байланыстар стратегиялық серіктестік деңгейіне көтерілді. Осы оң серпінді сауда-саттық, қорғаныс өнеркәсібі, ауыл шаруашылығы, туризм және мәдениет салаларында одан әрі тереңдетуді мақсат етіп отырмыз. Қазақстан – атамекеніміздегі ең ірі сауда серіктесіміз. Сауда айналымын 15 миллиард долларға жеткізу үшін жұмысымызды жалғастырамыз», – деді Түркия Президенті.  
Жоғары деңгейдегі стратегиялық ынтымақтастық кеңесінің бесінші отырысының қорытындысы бойынша Қазақстан Республикасы мен Түркия Республикасы арасындағы бірлескен декларация қабылданды, үкіметаралық және ведомствоаралық 18 құжатқа қол қойылды. Жиын соңынан Қасым-Жомарт Тоқаев пен Режеп Тайип Ердоған БАҚ өкілдері үшін брифинг өткізді.
«Құрметті Президенттің халықаралық сах­надағы салиқалы саясатының ар­қасында Түркия әлемдегі беделді әрі ықпалды, шынайы құрметке ие мемлекетке айналды. Мұның түп негізінде түрік халқының бірлігі, даналығы және қайсарлығы жатыр. Қазақстан Түркияның толайым табысына әрдайым қуанады. Болашағының жарқын болуын тілейді», – деді Қазақстан Президенті. 
Қасым-Жомарт Тоқаевтың Түркия Республикасының ең жоғары мемлекеттік наградасы – «Devlet Nişanı» орденімен марапатталуы қазақ еліне деген құрметтің шынайы белгісі болды. 
«Қымбатты бауырым, Қазақстан Президенті Тоқаев Түркияның жақын досы екенін қызметке кіріскен күннен бастап жасаған батыл қадамдарымен көрсетті. Түркия мен Қазақстан арасындағы бауырластықты нығайтуға қосқан теңдесі жоқ еңбегі үшін оны Мемлекеттік орденмен марапаттадық. Алла ынтымағымыз бен достығымызға береке берсін» деп жазды бұл жөнінде Президент Ердоған өзінің әлеуметтік желідегі парақшасында. 
Мемлекет басшысы марапатты ризашылықпен қабыл алып, Президент Режеп Тайип Ердоғанға және барша түрік халқына шынайы алғысын жеткізді. «Бұл – қазақ-түрік ынтымақтастығы жылнамасындағы мағынасы терең тарихи оқиға. Сіз осы шешіміңізбен бабаларымыздың аманатына берік екеніңізді тағы бір мәрте көрсеттіңіз. Бізге асыл мирас болып қалған баға жетпес мұрамыз – достық пен бауырластық байланыстарды бекемдей түстіңіз» деді Қ.Тоқаев. 
Еліміздің алдында ауқымды әлеуметтік-экономикалық мақсат-міндеттерді жүзеге асыру міндеті тұр. Сыртқы саясатта достық пен  түсіністікке негізделген қарым-қатынастар жалғасын табады. Бұл тұрғыда Қазақстан Түркия еліне ерекше маңыз береді. Анкараға өткен келіссөздер көрсеткендей, бауырластық, өзара сенім және стратегиялық серіктестік рухындағы екіжақты ынтымақтастық жоғары деңгейге көтерілді.   
Туысқан түркі халықтарының берік байланысы – турбулентті жаһандық жағдайда тұрақты дамудың бір факторы. Тарихи тамырымыздың бірлігі екі ел арасын жақындатса, жан-жақты қарым-қатынас мәдени-рухани әлемімізді жаңғыртып, білім-ғылым саласында табысқа жетуге жол ашады, экономикалық байланыс әлеуетімізді арттырады. Президент сапарының нәтижесінде қол жеткен уағдаластықтар осынау іргетасты бекемдеп берді.  

Дина Имамбай, 
«Aqiqat»

 

576 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

01 Тамыз, 2025

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Дәуіржан ТӨЛЕБАЕВ

«Ақиқат» ұлттық қоғамдық-саяси журналының Бас редакторы