• Мақала
  • 07 Қыркүйек, 2025

«Qustar» әуені Алматы аспанында қалықтайды

16 – 17 қыркүйекте Алматыдағы Республика сарайында ұлы композитор Нұрғиса Тілендиевтің 100 жылдығына орай әлемдік мультимедиялық шоудың премьерасы өтеді.

«Qustar» – жай концерт емес! Ол – Нұрғиса Тілендиевтің шығармалары негізінде жасалған, қазақ классиктерінің нақыл сөздерімен әрленген бірегей бағдарлама. Көрермен қауым бұл бағдарламада халық аспаптары мен заманауи симфониялық дыбыстар бір арнаға тоғысқан, көрнекі бейнелер бостандық пен қайрат туралы сыр шертетін, бір мезетте музыка, жарық және қозғалыс жарқ етіп көрінетін 55 минуттық ерекше әсерге бөленеді. 

«Qustar» қазақтың көрнекті композиторы Нұрғиса Тілендиев туралы емес, оның құрметіне арналған жоба. Бұл – біздің көрерменге, әсіресе, жас ұрпаққа жаңа бағдар беру жолындағы талпынысымыз. Сондай-ақ ол канадалық композитор Дмитрий Вареластың музыкасы, Symphony Orchestra of India (SOI) Mumbai дыбыстары, пластикалық және бейнелеу театрының пионері Анна Верденің режиссурасы және хореографиясы, Марат Бисенғалиевтің виртуоздық скрипкасы, хор орындауындағы ғажайып үйлесім және дәстүрлі аспаптарда Абзал Арықбаев пен Анар Қасымованың шебер орындаулары үйлесім тапқан тамаша туынды.

Біз жобаны мемлекеттің қолдауынсыз өз бастамамызбен жүзеге асырып отырмыз және идеямызды жүзеге асыруға мүмкіндік берген, сонымен қатар бағдарламаны әзірлеуде шығармаларды пайдалануға мүмкіндік берген Нұрғиса Тілендиевтің қызы – Дінзухра ханымға, бізге деген сенімі мен жобаға қызығушылығы үшін шын жүректен алғыс айтамыз.
«Qustar» бағдарламасы арқылы шығармашылық топ күш салған мағыналарды көрерменнің жүрегіне жеткізіп, музыкалық терапия сеансыныңбір түрін жасағымыз келеді. Егер нәтижеге жетсек, қуанамыз, ең бастысы, көрермен ләззат алса жеткілікті», – деп атап өтті жобаның бас продюсері Қайрат Құлбаев.

Айта кету керек, биыл 20 жылдығын атап өтіпжатқан Symphony Orchestra of India Алматыдағы премьераға алғаш рет келмек. Оның негізін қалаған әйгілі скрипкашы-виртуоз, Қазақстанның ізгі ниет елшісі Марат Бисенғалиев. «Әрине, Нұрғиса Тілендиев – нағыз аңыз! Мен бала кезімде әкеммен бірге оның көптеген концертіне қатыстым, әкем оны ерекше жақсы көретін. Кейін Нұрғиса Атабайұлымен жеке жүздесіп, оның қызы Дінзухрамен де танысу бақыты бұйырды, кейін біз бірге ізгі ниет елшісі атағын алғанбыз. Бұдан бөлек, бұл – Үндістан симфониялық оркестрінің Алматыдағы алғашқы концерті, әрі бағдарлама жазбасына да, осындай үлкен премьераға қатысуға да қолдау көрсеткені үшін мен ерекше ризамын. Мұндай жобада жұмыс істеу мен үшін үлкен мәртебе. Қайрат Құлбаевпен жасаған жұмысымыздың барлығы да үлкен жетістік болды: «Дыбыс энергиясы» мен «Мистер Адам», «Құстар» бір топта болады. Дайындық өте ширақ, бәрі оңай емес, әрине, бірақ нәтиже айқынболатынына толық сенімдімін. Халықаралықмамандар тобымен жұмыс істеу де үлкен үміт күттіреді. Олар ең қызықты идеяларымен келеді, бұл шынымен ерекше дүние болмақ, сондықтан да мен тағатсыздана күтіп жүрмін», – деді жобаның көркемдік жетекшісі.

Ұйымдастырушылардың айтуынша, «Qustar» жобасы жалғасады: альбом жазылып,  студиялық жұмыс аяқталды және ол жуық арада танымал цифрлық платформаларда жарық көреді деп күтілуде. Одан бөлек ұйымдастырушылар винил альбомын шығаруды, сондай-ақ әлемнің бірнеше еліне гастрольдік сапармен баруды жоспарлап отыр. 

Қазақстандағы жобаны қолдау мақсатында ұйымдастырушылар қазақстандық танымал мекемелермен, брендтермен және селебритилермен гастрономиялық әрі fashion-коллаборациялар дайындап жатыр.

Ұйымдастырушылар берген мәліметке сай дайындаған 

Назым ДҮТБАЕВА 

 

220 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

01 Тамыз, 2025

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Дәуіржан ТӨЛЕБАЕВ

«Ақиқат» ұлттық қоғамдық-саяси журналының Бас редакторы